178
"Ей, құрайыштар! Неге мүлгіп жатырсыңдар? Мұхаммед пен
аталарының дінінен безген мәдиналықтар сендермен шайқасудың жайын
кеңесуде".
Мұсылмандар әп-сәтте сапырылысып қалады. Дауыстың нақ кімдікі
екенін ажырата алмағанмен Мүнәббих ибн Хажжаждікіне ұқсатты.
Пайғамбарымыз (с.а.у.):
"Бұл Ақабаның шайтаны", - деді де мәдиналық мұсылмандарға:
"Жылдам өз орындарыңызға барып жайғасыңыздар!" - деп бұйырды.
Сол кезде мәдиналық Аббас ибн Убада:
"Уа, Расулаллаһ! Рұқсат етсең, таңмен таласа қылышымызды қайрап,
Мина халқына шайқас ашып, құдайларын естеріне түсірсек", - деді.
Бірақ Расулаллаһ сабырлы қалпынан айнымаған күйі:
"Жо-жоқ, бізге мұндай әрекетке кірісу әмірі әлі берілмеді. Әзірше
шапшаң жатар орындарыңызға қайтыңыздар", - деп, мұсылмандарды
қайтарады.
Таң алагеуімнен бір нәрседен сезіктенген мүшріктер болған оқиғаның
шындығын үйрену үшін тіміскілене бастады. Бірінші өздері сияқты пұтқа
табынатын мәдиналықтарға сұрау салды. Мардымды жауап ала алмаған соң
мәдиналық мұсылмандардың тынышын алды.
Алайда олар ештеңе білмегенсіп, үндемей құтылды.
Құрайыш мүшріктері мұнымен де қалмай, қайтадан Абдуллаһ ибн
Үбайдан сұрайды. Ол болса:
"Сендердің айтып отырғандарың үлкен шаруа. Мұндай нәрсе болған
жоқ. Жерлестерім менімен мұндай мәселені кеңескен емес. Олар Мәдинада
менімен кеңеспей ештеңе істемейтін еді", - деді.
Осыдан соң құрайыш мүшріктері мәдиналық пұтқа табынушылардың
бұл мәселе жөнінен бейхабар екенін түсінді...
Егер Пайғамбарлар Сұлтаны (с.а.у.) болған жайды тіс жарып ешкімге
айтпауларын ескертпегенде, істің ақыры насырға шаппасына кім кепіл?!
Мәдиналық мұсылмандар елдеріне кеткеннен соң мұсылмандар
арасындағы келісімнің анық-қанығына көз жеткізген мүшріктер сандарын
соқты. Кәпірлердің кейбіреулері өлерменденіп мәдиналықтардың ізіне түсіп,
қуғын салды. Абырой болғанда, мұсылмандар едәуір ұзап кеткен еді. Тек
Саад ибн Убада мен Мүнзир ибн Амр қолға түсіп қалады... Мүнзир айла
шарғысын асырып, құтылып кетеді де, Саадты құрайыш қаныпезерлері
Меккеге алып келіп, азаптайды. Ақыры, не керек, бір кездері Мәдинада
үйінің төрінен орын беріп, қонақ етіп күткен екі мүшрік оны танып, аман
алып қалады.
Еліне оралған мәдиналық мұсылмандар енді екі көздері төрт болып,
Хазіреті Мұхаммед пен меккелік муһажирлердің келуін күтеді.
Достарыңызбен бөлісу: