207
Мұхаммед (с.а.у.):
"Осы төртеуі менен соң ұлы істің басы-қасында болмақ", - деп жауап
береді. Сөйтіп, атақты пайғамбар мешітінің іргетасының алғашқы кірпішін
мүбәрак қолымен Аллаһ Расулының өзі қалап, онан соң Хазіреті Әбу Бәкір,
Хазіреті Омар, Хазіреті Осман және Хазіреті Әли кезектесе қыш өреді.
Пайғамбарлар сардары мешіт құрылысында да өзі бас болып, ағаш тасып, тас
қалап, өзге мұсылмандарды да ықыласпен оң іске жұмылдыра білді.
"Арқалаған жүгіміз - қайырлы жүк. Уа, құдіретті Аллаһ Тағалам! Бізді
ақыретте алдымыздан жарылқа, муһажир мен әнсардың қолдаушысы Өзің
болғайсың!" деген сынды дұғалармен мұсылмандарды қайрай түсті.
Ізгі ниетпен аянбай істелген еңбектің нәтижесінде пайғамбар мешітінің
құрылысы аз уақытта тәмамдалды. Төрт қабырғасы кірпіштен қаланған,
қарапайымдылығымен қасиетті бұл ғибадатхананың төбесі әдейі ашық
күйінде қалдырылады. Пайғамбар мешіті тек намаз оқуға арналған
ғибадатхана емес, мұсылман жұртшылықтың алқа қотан жиналып имани
мәселелерді талқылайтын, діни мұқтаждықтарын өтейтін орны болған. Діни
оқулар, ру-тайпа басшыларының әр түрлі дәрежедегі кездесулері осында
ұйымдастырылатын.
Мешіт құрылысы аяқталғаннан соң ғибадатханамен жапсарлас екі
бөлмелі үй салынды. Қабырғасы кірпіштен қаланып, төбесі құрма ағашының
діңімен, ұзынша бұтақтарымен жабылған бұл бөлмелер пайғамбарымыздың
құрметті зайыптары - Хазіреті Сәуда мен Хазіреті Айшаға арналған-тын.
Артынан Аллаһ Расулының басқа әйелдерімен некесі қиылған сайын
бөлмелер саны арттырылып отырған. Төбесі құрма ағашының бұтақтарымен
жабылған тоғыз бөлменің төртеуі қолдан құйылған қыштан, бесеуі тастан
қаланған. Мешіт жанынан өзіне арналған үй салынған соң Пайғамбарымыз
Хазіреті Әюб Әл-Әнсаридің үйінен көшіп, өз шаңырағына келіп орнығады.
Достарыңызбен бөлісу: