РЫДУАН СЕРТІ Хазіреті Османның мүшріктер қолынан "өлгенін" естігенде Расулаллаһ
(с.а.у.) қатты қайғырады. Құрайыштың бұнысынан соң үндемей қалу мүмкін
емес-ті. Пайғамбарымыз олармен қырқысуға бел буады.
Бейбіт келісімді қостамағаны былай тұрсын, елшінің қанын жүктеген
деген не сұмдық!
Пайғамбарымыз асхабына:
"Аллаһ Тағала маған серт беру қажеттігін бұйырды," - деді де Аллаһ
елшісі Мұхаммед (с.а.у.) «Рыдуан» аталатын ағаштың астына барып тұрды.
Мұсылмандар жеке-жеке сол жерде серт берді. Олар шайқастан бас
тартпайтындықтарына, Аллаһ және Расулаллаһ жолынан өлсе айнымауға ант-
су ішті. Тек біреуі ғана мунафиқ - Жәдд ибн Қайс серт беруден бас тартты.
Ант беру рәсімі муһажирлерді батылдандырып, жігерлендірді. Қатты
толқығандары сондай тезірек мүшріктермен шайқасуды тіледі.
Аллаһ Тағала осы рәсімге қатысқан мұсылмандардан разы екендігін
Фәтх сүресінің 18-19 аяттарда білдірген:
"Расында, Аллаһ муминдерден ағаштың астында саған серт берген
сәтте, разы болды да олардың жүректеріндегіні біліп, оларға жан
тыныштығы, сенімділік салды. Сондай-ақ оларға таяуда іске асатын бір жеңіс
және кенелетін мол олжалар сыйлады. Аллаһ - тым ғазиз әрі хикмет иесі".
Аллаһтың ризалығына бөленуге себеп болған осы серт кейіннен
«ризашылық, алғыс серті» деп аталады.
Ардақты Аллаһ Елшісі бір хадисінде бұл турасында: "Ағаш астында
ант бергендердің ешбірі жәһаннамға кірмейді", - деген.
Серт беру рәсімі туралы хабар құрайыш мүшріктеріне жеткен сәтте
олар үш күн қамауда ұстаған Хазіреті Османды босатып қоя берді.
Хазіреті Осман қапастан шыққан бойда Пайғамбарымызға жетуге
асықты. Оның сау-саламат екенін көрген мұсылмандар қатты қуанды. Алайда
шайқасуға серт беріліп, болар іс болған-ды.
Хазіреті Османға Меккені бір көруге ынтық муһажирлердің бірі:
"Қағбаны тауап еткен шығарсың...", - дейді.
Хазіреті Османның жауабы да ғибратты:
"Уаллаһи! Меккеде бір жыл қалсам да, Расулаллаһ Худайбияда отырса,
Ол Қағбаны зиярат еткенге дейін мен жалғыз өзім тауап етпес едім!"