Байланысты: Дәріс тақырыбы Физика тарихы курсына кіріспе-emirsaba.org (1)
Дәріс тақырыбы: XVIII ғ дамулар
Дәріс жоспары:
1. XVIII ғ. молекулалық физика және жылу
2. XVIII ғ. Электромагнетизм
3. XVIII ғ . Оптика
XVIII ғасырдағы механика Ньютонның «Бастамасы» қиын геометриялық тілмен жазылған болатын. XVIII ғасырда механикада дифференциальді және интегралды есептеу тәсілдері пайда болады. Эйлердің «Механика» атты еңбегі 1736 жылы Петербургте үлкен екі томдық кітап болып шықты. Бұл кітаптың жалғасы, яғни үшінші том 1765 жылы «Қатты денелердің қозғалу теориясы» атымен шықты. Ньютон кезеңінде механика жай машиналардың тепе-теңдігі туралы ілім болса, бірінші болып Эйлер механиканы қозғалыс туралы ғылым екенін айтты.
Жердің пішіні және де Деркарт пен Ньютонның әлем жүйелері үлкен дискуссияға айналды. 1735 жылы меридианның доғасын экваториальді зонада өлшеу мақсатында Париж академиясы Перуге ғылыми экспедиция ұйымдастырды. Экспедиция 15 айдан соң, яғни 1737 жылдың қыркүйегінде Ньютон теориясының дұрыс екеніне көз жеткізіп қайтты. 1743 жылы шыққан Клероның «Жер тұрпатының теориясы» атты классикалық еңбегі Жер туралы теорияның дамуы болып есептелінді.
Ньютонның теориясы экспедицияларда, астрономиялық зерттеулерде, математикалық есептеулерде тексеріліп, философиялық және ғылыми дискуссияларда талқыланып, оқулықтар мен монографияларда баяндалды.
1744 жылы механикада Даламбер және ықтималды орын ауыстыру принциптері пайда болды. Осы принциптерге негізделіп Лагранж аналитикалық механиканың жүйесін құрды.
Жозеф Луи Лагранж 25 қаңтарда 1736 жылы Туринде дүниеге келді. 1766-1787 жылдар аралығында Берлин ғылым Академиясының президенті болды. 1797 жылдан бастап Париждегі Политехникалық мектептің профессоры. Ең маңызды еңбектері вариациялық есептеуге, аналитикалық және теориялық механикаға арналған. Вариациялық есептеудің негізгі ұғымдарын жетілдіріп, варияциялық есепті шешуге арналған аналитикалық әдісті ұсынған. Жозеф Луи Лагранж 1788 жылы шыққан «Аналитикалық механика» атты класикалық еңбегінде барлық статиканың негізіне «ортақ формуланы» – ықтималды орын ауыстыру принципін, ал динамиканың негізіне – ықтималды орын ауыстыруы принципі мен Даламбер принципінің үйлесімі болып табылатын «ортақ формуланы» алды. Ол жалпыланған координаталар ұғымын енгізді. Лагранж математикалық анализ, сандар теориясы, алгебра, дифференциалдық теңдеулер, интерполяциялау, математикалық картография, астрономия т.б. бойынша аса маңызды зерттеулер жүргізді. Математикалық анализді алгебралық тұрғыдан негіздеуге талаптанды.
XVIII ғасырдағы молекулалық физика XVIII ғасырда механика жаратылыстану облысында анықталған ғылым ретінде есептелінсе, жылу туралы ғылым енді ғана қалыптасып келе жатты. Жылу құбылыстарын зерттеуде жаңалықтар XVII ғасырдан басталды. Оған мысал ретінде, Фарангейттің, Делилдің, Ломоносовтың, Реомюрдің және Цельсийдің термометрлерінің бір-бірінен құрылымдық ерекшеліктерімен көзге түсуі.
1730 жылы француз жаратылыстанушысы Реомюр Реомюр шкаласын жасаған. Реперлік нүктелері: 0 Р - мұздың еру температурасы , 80 Р - судың қайнау температурасы . 1742 жылы швед астрономы және физигі Цельсий Реомюрдің термометрін тексерді. Нәтижесінде жаңа термометр пайда болды, қазіргі кездегі Цельсий термометрі атымен әйгілі. Реперлік нүктелері: 0 С - мұздың еру температурасы, 100 С - судың қайнау температурасы.
Әмбебап-физик болып табылатын Даниил Бернулли газдардың кинетикалық теориясы, гидродинамика және аэродинамика, серпімділік теориясы саларындағы білімдерді толықтырды. Ол ең алғаш рет газдардағы қысымның себебі молекулалардың жылулық қозғалысы деген пікірді пайымдады. Өзінің классикалық «Гидродинамика» еңбегінде Даниил Бернулли сығылмайтын сұйықтықтың стационарлық ағысының теңдеуін қорытып шығарды (Бернулли заңы). Бұл теңдеу сұйықтықтар мен газдар динамикасының негізі болып табылады. Ол Бойль — Мариотт заңын молекулалық теория тарапынан түсіндіріп берді.
XVIII ғасырдағы оптика Жылу туралы ілім XVIII ғасырда химия және оптикамен тығыз байланыста дамыды. Жарықтың физикалық табиғаты және түсі жайлы сұрақтармен Ньютон, Гук, Ломоносов және Эйлер айналысты. Эйлер өзінің түстердің резонанстық тоеориясын ұсынды.
XVIII ғасырда жарықты өлшеулерге аса қатты қызуғушылық артты.
Фотометрияның негізін қалаушысы Пьер Бугер болды. 1729 жылы «Жарық градациясы жайлы тәжірибе» атты еңбектің авторы болып есептелінеді. Фотометрияның негізін салушылардың бірі Ламберт болып табылады. Ол 1760 жылы жарық көрген «Фоторметрия» атты кітаптың авторы. Бугердің «Оптикалық трактатында» фотометрияның негізгі ұғымдары енгізілді, мысалы, «нүктелік жарық көзі», «жарық ағыны», «жарықталыну».