Дыбыс, әріп және фонема. Сөздің айтылуы бар да‚ жазылуы бар. Әдетте мынадай көзқарас кездеседі: шын тіл – жазылған (көзбен көріп отырған) тіл‚ яғни сөзді қатесіз жазу‚ жазылуындай етіп оқу. Ал айту (сөйлеу) соның шылауында кете береді. Тілдің фонетикалық құрылысын дұрыс меңгеру үшін алдымен осындай қате түсініктен арылу керек.
Дұрысы‚ жазудан гөрі айту әлдеқайда маңызды. Басқаны айтпағанда‚ әрбір адам алдымен сөйлеуді үйренеді де‚ содан соң жазуға көшеді. Күнделікті өмірде де адамның сөзді жазуынан гөрі айтуы‚ оқуынан гөрі тыңдауы көп орын алады. Тіпті үндемей ойлау‚ оқу‚ жазудың өзі де дыбыстарды іштей айтумен байланысты. Олай болатыны‚ сөздің өмір сүру формасы – дыбыс. Әріп – сол дыбысқа берілген шартты таңба. Бір ғана дыбысты әртүрлі (мәселен‚ д‚ d, т.б.) өрнектей беруге болады. Өзімізге мектептен таныс қағида: дыбысты айтамыз және есітеміз‚ ал әріпті жазамыз және көреміз. Әріпті оқу‚ айналып келгенде‚ дыбысты айту болып шығады.
А. Байтұрсынов өзінің алғашқы «Тіл – құрал» деп аталатын еңбегінде (1914 ж.) осыны айырықша қадағалап айтқан: «Дыбыс пен қарып екеуі екі басқа нәрсе. Біріне-бірін қатыстырып‚ шатыстырмасқа тиіс. Дыбыс естілетін‚ көзге көрінбейтін нәрсе‚ қарып көрінетін‚ естілмейтін нәрсе». Содан бері 100 жылдан асты. Алайда осы бір қарапайым да аса қажетті қағиданы әлі күнге пайымдай алмай келеміз. Фонетика оқулығының өзінде әріп пен дыбыс бірінің орнына бірі талғаусыз қолданылып жүр.
Әріп пен дыбысты шатыстыруға әсте болмайды. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе (мәселен‚ о‚ ө‚ ұ‚ ү)‚ кейде бір әріп (мәселен‚ ю‚ я) бірнеше дыбыстың қосындысын (йұу‚ йүу‚ йа) өрнектейді. Керісінше‚ кейбір әріптердің (ь‚ ъ) дыбыстық мәні жоқ.
Әріп пен дыбыстың бір-біріне ылғи да сәйкес келе бермеуі сөздің жазылуы мен айтылуының арасында ала-құлалық тудырады. Мәселен‚ адам‚ ана‚ жер‚ кісі‚ ойла‚ ат‚ қара‚ қызыл‚ кел‚ ескер‚ сент.б. сөздердің жазылуы мен айтылуы бір-біріне жуық. Ал оқы‚ ойланба‚ тонға‚ басшы‚ көзсіз дегендер айтуда оқұ‚ ойламба‚ тоңға‚ башшы‚ көссүз түрінде болады. Әңгіме дыбыс туралы болған кезде әр кез сөздің айтылуы ескеріледі. Фонетика үшін сөздің жазылуы емес‚ айтылуы маңызды.
Тіл дыбыстары – адамның дыбыстау мүшелерінің қызметінің жемісі. Дыбыс жеке тұрып дыбысталады‚ бірақ мағынасы жоқ. Ал олардың белгілі бір тілде қалыптасқан тіркестері мағыналы сөздерді білдіреді. Олай болса‚ дыбыстар тілдің мағыналы бөлшектері сөз бен морфемаларды (сөз бөлшектерін) құрастыратын материалдар қызметін атқарады.
Сөздер мен морфемаларды құрастыру үшін әр тіл өзінде бар толып жатқан дыбыстардың ішінде санаулы ғана дыбыстар типтерін (түрлерін) пайдаланады. Дыбыстық құрамының арқасында бас‚ көз‚ жер‚ су‚ адам‚ үй‚ қоян‚ сиыр‚ ауыл‚ қала сияқты сөздерді бір-бірімен шатастырмай‚ мағынасын дұрыс түсінеміз. Олай болатын болса‚ дыбыстар (дыбыстар типі) сөзді тануға қызмет етеді.
Қазақ тілінен хабары бар әрбір адам бал‚ мал‚ қал‚ жал‚ сал‚ тал; жай‚ жақ‚ жап‚ жар‚ жас‚ жат‚ жау; бар‚ бер‚ бор‚ бүр‚ бұр‚ бір сияқты дыбыс тіркестерінің әртүрлі сөздер екенін бірден ажыратады. Өйткені бұларда бір-біріне ұқсамайтын дыбыстар бар. Егер бір ғана сөзді (мал) тіліміздің заңына сәйкес түрлендіретін болсақ‚ дыбыстар оларды бір-бірінен ажыратуға тағы да тірек болады (малдың‚ малға‚ малды‚ малы‚ малда т.б.).
Қысқасы‚ тіл дыбыстары сөздер мен морфемаларды құрастыруға (жасауға)‚ тануға (түсінуге)‚ ажыратуға қызмет етеді. Бұл дұрысы‚ фонемалардың негізгі функциясы (гр. орындау‚ атқару)‚ қызметі.
Фонема (гр. phonema – дыбыс) – сөздер мен морфемаларды құрастырып‚ оларды бір-бірінен мағына және форма жағынан айыруға септігі бар тілдің ең кішкене функциялық бөлшегі немесе сөздер мен олардың дыбыстық формаларын ажырататын, ары қарай бөлшектеуге келмейтін дыбыстық единица.
Тілде‚ әдетте‚ біз ойланғаннан әлдеқайда көп әртүрлі дыбыстар бар‚ олар әрбір жеке тілде сөздердің мағыналары мен формаларын ажырата алатындай санаулы ғана дыбыстар типіне‚ фонемаларға топтастырылады. Мәселен‚ ат‚ ет‚ от‚ өт деген сөздерде біздің түсінігімізше бір-ақ т дыбысы бар. Біл деген сөздің біле, біліп, білсе және тағы басқа формаларының әр басқа формалар екендігі олардың мағыналары мен дыбысталуындағы айырмашылықтар арқылы белгілі бола алады. Бұл мысалдардан тіл дыбыстарының сөз құрамында келіп, бір-бірінен сөздерді ғана емес сонымен бірге, сөздің формаларын және иорфемаларды ажрататындығын көреміз.
Шынтуайтқа келгенде‚ дауысты дыбыстардың әсерімен ол (т дыбысы) бірде жуан (ат‚ от)‚бірде жіңішке (ет‚ өт)‚бірде еріндік (от‚ өт)‚ бірде езулік (ат‚ ет) болып‚ біршама ауытқу‚ ерекшеліктермен немесе әртүрлі реңмен айтылады да‚ қызметіне қарай бір-ақ фонема деп танылады. Бір дыбыстың айтылуындағы мұндай аукытқу‚ рең тіл білімінде аллофон (гр. allos – басқа) делінеді. Сондықтан сөз дыбыс емес‚ фонемадан құралады десе де болады.
Тіл білімінде фонема туралы ұғымның сыр-сипатын ашып айқындау фонетиканың тарихында жаңа үлкен белес болды және оның мазмұнына тіл дыбыстарын лингвистикалық аспектіде қарастыратын ілім – фонологияны енгізіп, фонетиканың шеңберін кеңейте түсті.
Фонемаларды зерттейтін фонология мен тіл дыбыстарын зерттейтін фонетика екеуі екі түрлі пән емес, тіл туралы ғылымның бір түтін саласының екі түрлі жағы. Сонымен, фонема деген ұғым сөз мағынасын, сөздің жігін және морфемаларды ажырататын дыбыстар деген ұғымен байланыстырылады.
Фонема дегеннің ұғымы мен тіл дыбыстары дегеннің ұғымы әр уақытта бірі-бірімен сәйкес келе бермейді. Фонема бір дыбыстан ғана емес, сонымен бірге екі дыбыстан да құралуы мүмкін. Керісінше, кейде екі фонема бір дыбыс түрінде айтылады. Мысалы, орыс тіліндегі детский деген сөзде т мен с фонемасы бір ғана ц дыбысы түрінде айтылады.
Фонемалардың саралап ажыратушы қызметі тілдің өзінің табиғатынан, оның бүтіндей жүйесінен келіп туады. Тілдегі дыбыстардың бір-бірінен ажыратылуы қаншалықты қажет болса, морфемалардың да жігі ашылып ажыратылуы, сондай-ақ сөзтіркестерінің де шегі айқындалып өз ара ажыратылуы, - тілдің табиғатына тән және қажетті нәрсе. Фонемаларды саралап ажыратушы қызметі бүтіндей тілдің жүйесінен, оның атқаратын қызметінен келіп туады дейтініміз де осыдан.
Фонема сондай-ақ морфема туралы ілімнің алғаш (1870) негізін салған – орыс және поляк тілін зерттеуші И.А. Бодуэн де Куртенэ. Осы уақытқа дейін түркологияда‚ соның ішінде қазақ тіл білімінде де фонема сөзі өз қолдауын тауып келеді. Тіліміздің дыбыстық жүйесін тыңғылықты зерттеп жүрген Ә. Жүнісбеков осы ұғымның түркі тілдерінің табиғатына аса үйлесімді еместігін түркологтардың ішінде алғаш аңғарды. Ол үндіевропа тіліндегі фонемаға оңтүстік-шығыс тілдерінде тонема сәйкес келетінін‚ ал құрылым-жүйесі бұлардан мүлдем бөлек‚ түркі тілдерінде бұған сингармема тіпті синема деген атаудың лайықты болатынын айтады. Бұл атаулар сингармонизмнен туындайтынын аңғару қиын емес.