Қимақ (Кимек) қағанаты.
Шығыс және Орталық Қазақстанда IX ғасырдың ақыры – XI ғасырдың басында болған ертедегі мемлекет.[1] Мемлекеттің орталығы Ертістің орта алабында болған. Қимақтар VII ғасырда Алтайдың солтүстігіне, Ертіс жағалауына орналасып, Батыс Түркі қағанатының құрамына кірген.VIII ғасырда қимақ тайпалары Ертістің орта ағысын мекендеді. IX ғасырдың алғашқы жартысынан Жетісудың солтүстік-батысындағы Алакөл аймағына қоныстана бастады. Олардың батыс шекарасы Оңтүстік Оралдың шығыс бөлігі мен Арал жағалауларына дейін жетті. X ғасырдың ортасында қимақтар шығыстан батысқа қарай ойысты. Олар Оңтүстік Орал тауының оңтүстік және оңтүстік-батыс бөктерінде, Каспий жағалауында көшіп-қонып жүрді. X ғасырдың ақырында қимақтардың бір тобы Сырдария жағалауына қарай жылжып, Түркістанның мұсылман облыстарымен араласты. XI ғасырда Орталық Азия тайпаларының батысқа қарай ойысуы нәтижесінде қимақтардың орналасу картасы өзгерді. Махмұт Қашқаридың имақтар (қимақтар) туралы деректері (XI ғасыр) осы уақытқа саяды. «Диуани лұғат ат-түркте» берілген картада имақтар өздері бір тұтас топ болып тұрған Ертістің жағалауындағы жерлерде ғана көрсетілген.
656 жылы Батыс Түрік қағандығы тарағаннан кейін қимақтар өз алдына бөлініп шықты. 840 жылы Турфан қағандығы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы эймур, баяндур, татар тайпалары қимақтарға қосылды. Қимақ тайпалары федерациясының қалыптасуы осы кезге сай келеді. Гардизидің баяндауынша, қимақтардың тайпалық одағы алғашында жеті тайпадан: эймур, имақ, татар, баяндур, қыпшақ, ланиказ, ажлад тайпаларынан құрылған. Шамамен, IX ғасырдың ортасы мен ақырында қимақтар оғыз көсемдеріне қаңғар-печенег тайпалары мекендеген Сырдария алабы мен Арал жағалауларын жаулап алуға белсенді көмек көрсетті. Қимақтар тоғыз оғыз және Енисейдегі Қырғыз мемлекеттеріне әскери жорыққа шығып, VIII-IX ғасырлардың екінші жартысында Орталығы Ертістен Жоңғар қақпасына дейінгі аймаққа бекініп алды. Сөйтіп, Қимақ мемлекетінің құрылуына қадам жасалды. Қимақ қағанаты туралы алғашқы деректер IX ғасырдың ақыры мен X ғасырдың бас кезіндегі араб тілдеріндегі тарихи геогр. шығармаларда кездеседі. «Түркістан мен түріктер, – деп жазады әл-Якуби (IX ғасыр), – бірнеше халықтар мен мемлекетке бөлінеді, соның ішінде қарлұқтар, тоғыз оғыздар, қимақтар және оғыздар бар. Түріктердің әр тайпасы жеке мемлекет және бірімен-бірі соғысып тұрады». Қимақ қағанаты құрылған күннен бастап олардың патшалары ең жоғарғы түрік атағымен хакан (немесе қаған) деп аталды. Ол жабғу атағынан екі дәреже жоғары. Қимақ қағанаты үлестік-тайпалық құрылымда болды. Елді хакан мен оның аймақтардағы он бір мұрагері (әмір) биледі. Ел билеушілері бір жағынан әскери көсемдер болды да, хаканнан тиісінше үлес алды. Әрбір иеліктер хаканға белгілі көлемде әскер беріп тұрды. Бұл мемлекетте салық жиналған, көне түркі жазуы болған.