Детективті хикаят



бет4/7
Дата20.06.2023
өлшемі1,02 Mb.
#102574
1   2   3   4   5   6   7

ҮШIНШI БӨЛIМ




I


Суыт жүрген төртеуi үшiншi күнi Қамшық асуынан асып, Бiршiмулла қыратына жеттi. Бұл жерде де әлi қар жаумапты. Бiр түн қырат етегiндегi қалың долана ығында түнеп шыққан соң, Құмсан арқылы Шарбақты айнала өтiп, Өгем аяғындағы Құлпытас ойпатына түстi. Содан Өгем өзенiн жағалай жүрiп, бесiншi күнi Терiсбұлақ маңына тұяқ iлiктiрдi. Мұнда жеткенде қас қарайды.

    • Бүгiн осында түнейiк. Ертең сәске мезгiлiнде аттанып, алдымыздағы Заңғар қиясынан ассақ, Бадам бастауының тура үстiне тап боламыз. Ары қарай бiздiң ел таяқ тастам жерде, — дедi Сүлеймен.

    • Осы уақытта бұл өңiрдi қалың қар басып жатушы едi. Биыл бұл жақта да қыс кешiгiп жатыр екен-ау. Әйтсе де мұнысы тәуiр болды. Әйтпесе, ой-шұқыры көп тау iшiнде омбы қар кешiп, әбден қиналар едiк.

    • Иә, Төрекелдi, бұл да Құдайдың бiзге бiр қарасқаны шығар. Қане, аттан түсейiк. Мына топ аршаның түбi бiзге бiр түн пана болатын сыңайлы, — деп Сүлеймен жерге түстi.

Сол күнi топ аршаның түбiне түнедi. Ертесiне күн төбеден ауғанда, Бадам бастауының басына келдi. Одан өтiп, Майлыошақ жотасына шыққан кезде алдарынан кең сайды бойлай орналасқан ауыл көрiндi. Ауыл көрiнгенде Сүлеймен атының басын тежедi.

    • Ойпырмай, мына ауылға не болған?

    • Бұл қай ауыл?

    • Қоңырбөрiк деген ауыл. Апыр-ау, бiр үйден түтiн шықпайды. Мұнысы несi? Жүдә, тым-тырыс. Қыбырлаған жан да көрiнбейдi. Көшiп кетiп, қаңырап қалған ел сияқты ғой мынау. Жүрiңдер, менiң түп нағашымның үйiне барайық.

Шынында, ауыл арасы меңiреу тыныштық. Құдды бiр ауыл адамдары бұлардан қорқып, үй-үйлерiне тығылып алғандай. Көше-көшеде үрген ит, ойнаған бала болсайшы. Жұрттың бәрiн оба келiп, қырып кеткендей. Бұлар шеткi үйге жеткенде, алдарынан әбден ашығып, бұралқы күйге түскен бiр ит шықты.
Үрмейдi. Үрейiн деп едi, аузын кере ашқанымен даусы шықпады. Сосын басын жоғары көтерiп ұлығандай дыбыс шығарды. Ит болса да, бiр жаманшылықтың белгiсiн бiлдiргiсi келдi-ау, әстi. Бiрақ иттiң ұлығанын жаман ырымға балаған Аязбек:

    • Тәйт әрi, хайуан! Кiсiнi көрiп тұрып ұлиын дей ме. Е, қара басыңа көрiнгiр, албасты мақұлық, — деп оған қамшысын сiлтей айқайлады.

Ит оның айқайынан сескенбедi. Қайта басын төмен сала, телмiрген кейпiмен бұларға жақындай бердi. Сiрә, қу тамағына сеп болар бiрдеңе дәметкенi болар, құйрығын әзер бұлғаңдатып, көзiн аттылардан алмайды.

    • Мынау әбден ашыққан ит қой, — дедi Ажан. — Ойпырмай, Қоқанда жүрiп естiгенiмiздiң бәрi рас болайын дедi-ау.

    • Ойбай-ау, қараңдаршы. Жан-жағымыздағы үйлердiң бәрiнiң есiктерi ашық. Адамдары қайда сонда? — дедi Ажан.

Төртеуi осылай аңтарылып келе жатқанда, ауылдың пәс жағындағы үйлердiң арасынан бiр кемпiр көрiндi. Кемпiр бiр құшақ шөп пе, отын ба, құшақтап алып, еңiске қарай кетiп барады.

    • Анау кiсiден жөн сұрайық, — дедi Төрекелдi.

Бәрi аттарын желдiрттi. Ат тасырынан артына бұрылған кемпiр құшағындағы отынын тастай салып, ары қарай қашты. Қашты деген аты ғана. Жүгiре берiп, тоңқалаң асты. Тұра сала, тағы жүгiрмек болып едi, әлi жоқтығынан ба, теңселiп кетiп, бiр қырынан құлады. Байғұс тыпырлай қозғалып, тұруға әрекеттенгенiмен орнынан тұра алмады. Содан жан-дәрмен еңбектей алға жылжыды.

    • Мына сорлы бiзден неге сонша үрiктi? — дедi Сүлеймен оның бұл қылығын көрiп.

    • Қайдам, тазыны көрген түлкiдей болып барады ғой өзi.

    • Мұнда бiр сыр бар, Төрекелдi. Күлудi қоя тұр.

Жерде төрт тағандап еңбектеген кемпiрге жете бергенде ол керi бұрылып, шоқиып отыра қалды да:

    • Үйде ештеңем жоқ, ештеңем жоқ. Кәлхуздан бидай ұрлаған емеспiн. Жазда жинап алған алғының тамырын талқан етiп қойып едiм. Соны қайнатайын деп отын әкеле жатырмын, — деп жылай бастады.

Ә дегенде төртеуi оған не дерiн бiлмедi. Не дерiн бiлмей емес, оның не айтқанын түсiнбедi.

    • Әнеукүнi ғана үйдi тексерiп кетiп едiңдер ғой. Тағы келдiңдер ме? Айттым ғой “ештеңем жоқ” деп. Анау шал да iсiнiп кеттi. Өлейiн деп жатыр, — деп ол тағы еңкiлдей жөнелдi.

    • Апа, не айтып тұрсыз? “Тексерiп кеттiңiздер” дегенiңiз не? Бiз мұнда ендi келiп тұрмыз. Ауылдың жұрты қайда кеткен? Мен анау датқа ауылдағы Мәменнiң баласымын. Өзiңiз кiмнiң кемпiрiсiз?

Кемпiр осы кезде ғана барып жылауын тиды да, көз жасын сүртiп, бұларға бажайлай қарады.

    • Мәменнiң деймiсiң? Қайсы баласысың?

    • Сүлейменмiн.

    • Ойбүй, бауырым-ай. Баяғы орыс побын жер құштырып кеткен сен бе едiң? Сенi мына жұрт өлдi деп жүр ғой. Әй, мен ауылыңдағы Қойшықара атаңның қызымын. Бiрақ ол кiсiнi танымауың мүмкiн. Кейiн туған баласың. Ал мен әке-шешеңдi жақсы бiлетiнмiн. Қайдан жүрсiң мұнда? Әлде сен де басқа жақта өкiметтiң белсендiсi болып жүрсiң бе? Жұрттың бәрiн аштан қырған бұл не өкiмет өзi? — деп кемпiр таға да кемсеңдедi.

    • Мен белсендi емеспiн. Сонау Қоқан жақтан келем. Ауыл жағдайын жыламай, жөндеп айтыңызшы. Жұрты қайда кеткен бұл ауылдың?

    • Е-е, менiң жөндi әңгiме айтатын қайбiр ақылым бар дейсiң? Қырылып қалдық қой, қырылып. Жейтiн нәрсе жоқ. Анау жүруге әлi келмей қалған жездең “ит ұстап алып келсеңшi” дейдi. Ит те әккi болған. Ұстатса, адамның жеп қоятынын бiледi. Бiрақ ауылда ит те қалмады. Бағана жоғарыдағы Кәмештiң бұралқы итiн ұстап алайын деп едiм, еш ұстатпайды. Шақырғанға да келмейдi… Ойбуй, астымнан сыз өтiп кеттi. Өзiм өлейiн деп жүргенде суықтап қалармын. Ауылда мен секiлдi кемпiрлер мен шалдар ғана қалдық. Қалғандары кеттi қаңғырып, басы ауған жаққа. О, құдай, балаларымды алғанша, мына менi неге алмай жүрсiң?! — деп кемпiр әзер көтерiлiп, бүкшеңдей үйiне беттедi.

    • Апа, тоқтаңыз. Үйдегi шалыңыз сөйлей ала ма? Жағдай сұрайын деп едiк.

    • Жағдай дейдi. Қандай жағдай мына заманда? Сендер жағдай сұрағанша, анау көмусiз қалып, ит пен құсқа жем болған адамдарды көмсеңдершi.

    • Аязбек, қоржында аз-маз нан-пан, ет-пет қалды ма?

    • Иә, қоржын түбiнде әлi бiраз азық бар.

    • Алып жүрiңдер, кемпiрдiң артынан үйiне кiрейiк.

Төртеуi аттарын есiк алдындағы ағашқа байлап, кемпiрдiң үйiне ендi. Кемпiр кiре сала пеш түбiне сұлапты. Төргi жақта қырылдай демалып, бет-аузы домбығып iсiп кеткен бiр шал жатыр. Күрк-күрк жөтелiп қояды. Сүлеймендi көргенде, ол әбден нұры қашып, сөне бастаған жанарымен сүзiле қарады да, тiлiмен ернiн жалап-жалап қойды.

    • Ассалаумағалейкум!

Шал басын изегендей болды. Сөйлеуге дәрменi қалмапты. Екi жерде қауқарсыз күйде жатқан екi бейбақты көргенде Сүлейменнiң жүрегi шымырлап, көңiлi босады.

    • Апа, тұрыңыз. Сiздерге нан, ет берейiк.

Осыны естiгенде шал да, кемпiр де елең етiстi. Кемпiр басын көтердi:

    • Нан деймiсiң? Қарағым-ау, шынымен-ақ нан бермекпiсiң?

    • Иә, апа. Қанша күннен берi нәр татпадыңыздар?

    • Тоя тамақ iшпегенiмiзге жылдан асты. Маған азғантай нан да жетедi. Көбiн мына шалға берiңдершi.

Сүлеймен көп күннен берi қоржын түбiнде жатып, сағырдам болған қоқан тандыр нанының бiр бөлiгiн шалға, бiр бөлiгiн кемпiрге ұстата бергенде:

    • Тоқта, Сүлеймен! Бұларға бiрден көп нан беруге болмайды. Жұқалтып-жұқалтып берейiк. Әйтпесе, қарпып жеген нан аш өзегiне түсiп кетсе, екеуi де көтере алмай, өлiп кетедi, — деп Аязбек оның қолынан нанды тартып алып қойды.

Мұны көрген шал, нанды тiптi бермей қоя ма дедi ме, ыңырси “әкел, әкел” дегендей, иегiмен жалынышты ишара белдiрдi.

    • Асықпаңыз, көке. Жайлап, аптықпай шайнап жеңiз, — деп Аязбек оған кiшкене ғана үзiк нан бердi. Кемпiрге де солай ұсынды. Шал байғұста нан шайнайтын күш те қалмапты. Аузына

салған нанды ары-берi қаужағанымен, тiстерi оны майдалай алмай, әбден қиналды.

    • Апа, су әкелiңiз. Шалға нанды жiбiтiп берейiк, — дедi Сүлеймен оның мұнысын байқаған соң.

    • Шал екеумiздiң таңдайымыз нан дәмiнiң қандай болатынын ұмытқалы қашан. Құдай-ай, жылан жылғы тақырда да бұлай ашықпаған едiк. Ендi бүгiн Тәңiрдiң рахымымен нан беретiн бiреулер келiп, қайырым-садақа жасағысы келiп едi… Алла-ай, артынша нандарын қайта тартып алғандары несi. О, жасаған, “көрешегiңдi көрмей, көрге кiрмессiң” деген. Тәуiр адам қалмаған ғой бұл күнде. Нан бередi де, оны қайта тартып алады. Бұл қай мазақтары. “Су әкел” дей ме? Суды сендер сұратпай- ақ iшiп жатырмыз ғой. Құдайға шүкiр, оны ешкiм тартып алған жоқ. Жұтаған iшек пен ұлыған қарынға, сазған жүрекке құры қара су талғажу бола алмайды екен бiрақ… Әй, осы, мен не сандалып кеттiм? Жаңа ғана қолыма бiр үзiм, аузыма бiр шайнам нан түскендей болып едi… Е, “су әкел” деп, қайта алып қойған екенсiңдер-ау. Алжи бастаппын. Атаңа нәлет қу аштық алжытты. Үйде су әкелетiн не табақ, не ожау жоқ. Белсендiлер бәрiн алып қойған. Баяғыда осы ауылға келiн болып түскенде артымнан қыз жиһазбен бiрге келген жездi табақ бар-ды. Қайбiр жылы соны ескiрдi деп, итаяқ қылғанбыз. Өкiмет малмен қоса, үй-мүлiктердi де сыпырып алғанда, сол итаяқ табақты құммен ысып, жуып- тазалап, әрi қазан, әрi тостақ етiп жүрмiн. Уһ, сұраған суларыңды әкелейiн сонымен, — деп кемпiр әрдеңенi шатып-бұтып орнынан тұрды.

    • Мына жазған шынымен алжиын деген екен. Әлде аштықтан осындай күйге түскен бе?

    • Иә, жорамалың оңды, Ажан. Мен де солай ойлап отырмын. Бiраз азық берiп, тезiрек есiн жиғызайықшы өзiнiң. Содан соң елдегi жағдайды бiз сұрамай-ақ айтар.

Үйге қалтаңдап кемпiр кiрдi. Iлмиген арық қолдары су толы табақты әзер көтерiп тұрғандай, дiр-дiр етедi. Ендi болмаса, оның суды төгiп алар халiн көрген Сүлеймен ұшып тұрып, оның қолынан табақты алды.

    • Апа, ендi отыра берiңiз. Бiз сiздерге қазiр нан жiбiтiп беремiз.

    • Анау шалға берiңдершi. Тума-тумысынан тiрi қалған жалғыз — осы. Қазiрше өлмей-ақ қойсыншы…

Аязбек жарты нанды суға турап салды да, тезiрек жiбiсiн деп үзiктердi саусақтарымен аударыстырды. Аз-кем отырыстан кейiн шал мен кемпiрдiң ауыздарына суы сорғалаған нан үзiктерiн салып, жегiзе бастады. Бiрақ шал да, кемпiр де екi-үш үзiк нанды жұтқан соң ары қарай жеуге шамалары келмей, сұлқ жатып қалды. Шалдың маңдайынан шып-шып тер шығып, демалысы жиiлеп бара жатты. Мұны көрген Ажан:

    • Жiгiттер-ау, мыналарға не болды? Өлтiрiп алған жоқпыз ба өздерiн? — дедi.

    • Құдай сақтасын, өле қоймас. Көптен берi ашығып жүрген адам, алғаш ас жегенде осылай әлсiреп қалады. Баяғыдағы “жылантақырда” мұндайлардың талайын көрдiк.

    • Мына шал неге iсiнiп кеткен?

    • Мұндайды бұрын көрмегенсiң бе, Ажан? Жұт жылдары ашыққан адамдар қатып, семiп емес, iсiнiп өледi. Өйткенi кез- келген нәрсенi жей берген соң, кейбiр улы азықтар тамыр мен еттердi iсiндiрiп жiбередi. Сендердi қайдам, мен талай сойқанды басымнан өткерсем де, олар дәл мынадай болып, көңiлiме ауыр тиген жоқ едi.

Үйге кiргелi сөзге араласпаған Төрекелдi осының алдында ғана далаға шығып кеткен. Сүлейменнiң әлгi сөзiнен соң ол алқынып кiрiп келдi.

    • Мен жаңа далаға шыққанда, ауыл басынан екi аттылы көрiнiп едi. Там айланып келсем, сол екеуi тура осы үйге таяп қалыпты. Бiрiнiң астында — бозғыл жорға ат. Екiншiсiнде дәу төбел. Сiрә, өкiметтiң адамдары-ау.

    • Қай жақтан келе жатыр? Бiз келген жақтан ба?

    • Жоқ. Шығыс жақтан.

    • Олар белсендiлер болуы әбден мүмкiн. Әйтпесе мынадай кезде жәй адам бозғыл жорға мен дәу төбел мiнуi неғайбыл. Сыртқа шықпай, есiк саңылауынан аңди тұрайық. Анық бiздi дiттеп келген болса, олар шақырмай-ақ үйге кiредi.

Бәрi тұра салып, тоқал тамның есiгiнен сыртқа сығалады. Әлгi екеу там алдындағы ағашта байлаулы тұрған аттарға жақындап келдi.

    • Ойпырмай, бәрi жарау айғырлар ғой. Мына бiр қарагердiң жөнi бөлек екен. Тау асып келген қарақшылар емес пе? Бiрақ қарақшылар болса, өлiгi сасыған бұл үйге түсiп несi бар, — дедi бiрi.

    • Сен де былжырап, әрдеңенi соғады екенсiң. Қандай қарақшы? Ұрылар ғой бұлар. Белдiң арғы жағындағы колхүздiң малын мiнiп келгендер де. Әйде, кәне, үйге кiр! Кiм болса да желкесiнен сүйреп, шығар берi! Итжеккенге айдатып, сорын қайнатайын, — деп кiсiмсiнiп сөйледi боз жорға үстiндегiсi.

    • Ойбай, Тәке, жалғыз кiруге қорқам. Екеулеп кiрейiкшi. Мынадай ат мiнiп келгендер, Құдай бiледi, осал адамдар болмас.

    • Сен сужүректi қашанғы батылдыққа үйретем. Кеңестiң бiлдей белсендiсi болсаң да, өмiрi көлеңкеңнен қорқуды қоймайсың. Менен, сенен қорықпайтын жан бар ма, қазiр? Кiр деген соң кiр үйге!

    • Iшiм сезiп тұр, iште баскесерлер отырған сияқты.

    • О, әкеңнiң аузын… қорқақ неме. Менiң түрiм түгiлi, артымның желiн естiгенде кiрерге көр таппай кететiн мына жұрттың арасынан баскесер шығады дегенiң қай сандырағың? Тура осы сөзiң үшiн ертең абақтыға жаптырып тастайын ба?

    • Үйге кiре бергенде, бiреуi шап берсе, қайтемiн? Аш адамдардан бәрiн күтуге болады. Өткен жолы өзiңiз болмағанда, екi кiсi менi жеп қоя жаздаған жоқ па едi. Мына үйде адамдар көп сыңайлы. Бiреуiмiз қарауылдап, бiреуiмiз ауданнан мiлиса шақырып келейiк те.

    • Өшiр үнiңдi, жетесiз неме! Қорықсаң, жүр менiмен! Бұл жердiң Құдайы да, мiлисасы да — мен. Тез аттан түсiп, ер соңымнан! Бұл кiмнiң үйi едi? — деп боз жорғадағы жерге түсе салып, қамшымен етiгiн сабалай, үйге қарай жүрдi.

    • Кiмнiң үйi дейсiз бе? Ошандiкi ғой. Кеше ғана кемпiрiн көргем. Әлi тiрi жүр екен, — деп анау да оның соңынан ердi. Келгендердiң анық белсендiлер екенiн бiлген Сүлеймендер есiк жанына тығылып тұра қалды. Iште кiм болса да қырып жiберердей болып кекiрейiп келген алдыңғысы оларды байқамай төрге озып кеттi. Iшкi бөлмеде жатқан шал мен кемпiрдi көрдi де:

    • Сабаш-ау, мына екi өлiмтiктен басқа ешкiм жоқ қой үйде,

  • деп артына бұрыла берiп, есiк босағасында тұрған төртеудi көрдi де, қолындағы қамшысын түсiрiп алды.

    • А-а-а, кiмсiңдер-ей? — дедi сосын дiрiлдей. Екiншi кiрген Сабаш жүгiрiп барып, оның артына тығылды.

    • Бiздi көре сап неге дiрiлдеп кеттiң? Далада тым батыр болып тұр едiң… Алдымен өзiң кiм екенiңдi айт, — деп Сүлеймен оған жақындады.

Бойы тоқал тамның төбесiне сыймай, еңкейiп тұрған алып денелi Сүлеймен өзiне жақындап келгенде, анау шынымен-ақ тiл-ауыздан айырылардай күйге түстi. Ал қолындағы мылтығын байқағанда тiптi есiнен айырылып, артында тұрған Сабашты астына ала, шалқасынан құлады.

    • Аязбек, екеуi әдейi талып қалды-ау деймiн. Бiр-екi рет тоқпақтап, естерiн жиғызшы. Жо-жоқ, өзiм-ақ сөйлетейiн бұларды.

Екi қолымен екеуiнiң желкесiнен көтерiп, сiлкiп-сiлкiп жiбердi. Темiрдей қолдарда қуыршақтай сiлкiленген екеуi көздерiн бiр ашып, бiр жұмып тұрды да, әзер тiлге келдi.

    • Мен, мен, осы колхүздiң бастығымын. Атым — Тәңкi. Мынау — Сабаш. Бұрынғы ауылнай. Қазiр есепшi… Сiздердi ұрылар екен деп… Жiберiңiзшi… Ойбай, желкем үзiлiп барады.

    • Ұрылар болсақ қайтпексiң? Сендер, бастық пен есепшi, екеуiңнiң қарындарың тоқ екен-ә. Мұнда жұрт неге аштан қырылып жатыр?

    • Бiз кiнәлi емеспiз оған. Жоғарыдан, райкүмнан келгендер, бұлардың малдарын тартып алған…

    • Олар тартып алып жатқанда сен неге елге болыспадың?

    • Қайдан, қайдан. Атып тастайды олар…

    • Атылудан қорқасың-ә, тағы. Ауылда адамдар бiрiн-бiрi жеп жатыр дегенi рас па?

    • Рас, рас, — дедi Сабаш Тәңкi үндемей қалғанда. — Ондайды өз көзiмiзбен көрдiк.

    • Сен адамдардың бiрiн-бiрi жегенiн оғаш, жан сыздатар уақиға еместей, тым жайбарақат айтасың ғой, жүдә. Қараңдаршы, мына кемпiр мен шал тым аш. Жейтiн ештеңелерi жоқ. Қазiр екеуiңдi оларға сойып беремiз.

Жаңа ғана тiлi шыққан Тәңкi мен Сабаш осы сөзден кейiн одан бетер дiр-дiр етiп, Сүлейменнiң аяғына құлады.

    • Ойбай, көке, бiздiң еш жазығымыз жоқ.

    • Шыбын жанымызды қия көрiңiзшi.

    • Әлгiнде ғана сен, Тәңкi, далада тұрғанда мына Сабашты “қорқақсың” деп қуырып жеп едiң. Нағыз қорқақ өзiң екенсiң ғой. Бұл түрiңмен қалай ел басқарып, белсендi болып жүрсiң?

    • Өкiмет қой, белсендi қып сайлап қойған. Содан амал жоқ, еш болмаса қарнымыз тоқ болсын деп, осы жұмыста жүргенiмiз. Сүлейменнiң тiзе тұсында тiзерлеген екi белсендiнiң еңiреп, боздаған дауыстарына елең еткен кемпiр басын көтердi. Дәл

қастарында жиналып тұрғандарға үңiле қарады:

    • Ой-бүй, көтек. Мына отырған белсендi Тәңкi ме? Сабаш итаршысы да осында екен ғой. Қайдан келiп қалды бұлар? Аулақ, аулақ! Ендi сен алатын, мен беретiн бұл үйде ештеңе жоқ.

Кемпiрдiң бұл жерде не болып жатқанын түсiнбегенiн ұққан Сүлеймен:

    • Апа, осылар ма сiздерге қысым көрсетiп жүрген? — дедi.

    • Ауылды бiр жылдан берi қан қақсатып жүрген осы екеуi. Жандарында кәмисәмiз деп тағы бiреулер жүрушi едi. Бәрiнен бұрын осы Тәңкiнiң қорлығы өттi. Залымдығының қайсыбiрiн айтайын. Жазда егiн орағы бiткен кезде ауылдағы iлдәлап жүрген кемпiр-шалдар мен бала-шағалардың нәжiсiне дейiн темiрмен шұқылап тексергенi бар. “Колхүздiң бидайын ұрлап жеп жүрсiңдер. Бидай нәжiспен бiрге бiтеу түседi. Қайсыңның үйiңнiң маңынан бидай аралас боқ көрсем, асып өлтiремiн” деп зiркiлдедi. Бiз түгiлi бұл өз ет-тума жақындарын да қаңғытып жiбердi… Неменеге көзiнiң сорасы ағып отыр бұл қарабеттiң. Балам-ау, сен бұдан мықты белсендiмiсiң?

    • Мықтымын, мықтымын. Жаңа айттым ғой, бiрақ белсендi емеспiн. Тәңкiңiз момын елге тiзе батырып, нағыз пiрiн танымай жүрген бiреу екен. Қазiр мұны сойып берейiн. Етiн жейсiз бе, апа?

    • Тәйт әрi. Адам етiн жеп, не көрiнiптi маған. Басқаларға ұқсап жесем, жатыр ғой далада өлiк шашылып, — деп кемпiр шошып кеттi.

Түрлерi қорқынышты мына төртеудiң өздерiн шынымен сойып тастай ма деп ойлаған екi белсендi бұларға жалынып,
тағы да боздай түстi. Әсiресе Сабашта жан жоқ екен. “Көкежан, көкежан” деп әркiмнiң аяғына бiр жығылады.

    • Зарлай бермей, тиыңдар көз жастарыңды! Одан да маған осы аштық неден басталып, қалай болғанын айтыңдаршы.

Жылауын сап тиған Тәңкi ашаршылықтың қалай басталғаны туралы әңгiмелей жөнелдi. Көп әңгiмеледi. Өкiметтiң қара халыққа жасаған қысастығын естiгенде, шыдай алмай кеткен Сүлеймен:

    • Тоқта ендi. О заманда, бұ заман қыста қойдың жүнiн қырыққызатын ба едi, есi түзу адам. Мұны шығарып жүрген өкiметтiң қай бассыз бастығы? Адамдардың көрер көзге малы мен дүниесiн тартып алып, аштыққа ұшыратқан қандай залым? Сен болсаң “Жоғарыдан келген бұйрықты орындадым” дейсiң. Көнбегендердi “аттық, астық” дейсiң. “Итжеккенге айдаттық” дейсiң. Ал өзiңдi ататын, асатын ешкiм жоқ деп ойладың ба? Қазiр мен сенi… — деп Тәңкiнiң алқымынан ала бердi де: — Жоқ, онсыз да қауқарсыз жатқан кемпiр мен шалдың көзiнше сенi өлтiрмей-ақ қояйын. Жазаңды басқа жерде беремiн. Апа, ауылда қыбырлап жүргендердiң бәрiн осында шақырып келiңiз. Мен оларға ет таратамын.

    • Ет деймiсiң? Қайдағы ет, қарағым-ау?

    • Иә, ет. Кәдiмгi семiз жылқы етi. Ендi тезiрек барып, айтқанымды орындаңыз. Анау сыртта тұрған жылқылардың бiрiн сойып, сiздердi азыққа қарық етемiн.

Екi белсендiнi тiзерлетiп, иманын ұшырған Сүлейменнiң оңай кiсi еместiгiн кемпiр ендi түсiнде ме:

    • Қазiр, қазiр. Ауылда адамдар да көп қалған жоқ қой, — деп тысқа беттедi.

    • Ажан, қазiрше мына екеуiн байлап таста. Қалғандарымыз сыртта тұрған аттарының бiрiн сояйық.

Ажан демде екеуiн бiр-бiрiне қосақтап байлады. Iсiн бiтiрiп, тысқа шықса, Сүлеймендер Тәңкi мен Сабаштың аттарының жанында “қайсысын соямыз?” деп ойласып тұр екен.

    • Мына бозжорғаны танып тұрмын. Бұл баяғы Ордабек болыстың аты болатын. Нәлетiлер, тек сейiл мен той-жиынға мiнетiн жорғаны күнделiктi мiнiске пайдаланып жүр екен ғой.

Жорғаны бiреуiмiз мiнiп алайық. Төбелдi соялық. Етi қоңды екен, — дедi Сүлеймен.
Төрекелдi одан ерiн алды да, төрт аяғы шырмап байлады. Одан соң оны гүрс еткiзiп, бiр-ақ өзi жықты. Бес қаруы сай қарақшылар әп-сәтте төбелдiң ту-талақайын шығарып, боршалап тастады. Бұл кезде ауыл жұрты да жиналып қалды. Бәрiнiң өңдерi пәс, жүдеу. Жылқының қып-қызыл етiне қарап, жұтынып-жұтынып қояды. Кейбiрi “расымен бiзге ет берер ме екен?” дегендей, анадай жерде үрпиiсiп тұр.

    • Апа, ауылдың бар адамдары осы-ақ па? — дедi Сүлеймен жан-жақтағы он-он бес қаралы топқа қарап.

    • Е, осылардың қалғандарына шүкiр де.

    • Көбектiң үй iшiне бiреу-мiреу бар ма?

    • Түгел қырылған.

    • Қарағым, өзiң қай баласың? Жұрттан ерек тұлғаңа қарағанда датқа ауылдағы Мәменнiң баласы емеспiсiң? — дедi бiр iлмиген шал.

    • Иә, иә, Сүлейменмiн ғой.

    • Апыр-ау, жұрт сенi “қарақшы болып жүрiп, өлiп кеткен” деп жүрушi едi. Аман екенсiң ғой.

    • Аманмын. Сiздерге көмектесуге келдiм. Ал ендi қарап тұрмай, еттен көтергендерiңiзше әрқайсыңыз үйдi-үйлерiңiзге жеткiзiп алыңыздар. Бұл үшiн бiреу сiздердi жазалайтын болса, сазайын өзiм берем. Алыңыздар, қорықпаңыздар. Ет жеп, әл жинаңыздар.

Жиналғандар тегiн азыққа тап болғандарына әлi де сенiңкiремей тұрғандай, етке жақындай қоймады.

    • Неғып қарап тұрсыздар?! Алыңыздар дедiм ғой!

Бұл жолы бәрi етке жабыла кеттi. Тiптi бiреулерi шикi майды қомағайлана асай бастады.

    • Бұлай жемеңiздер, — деп айқайлады Төрекелдi. — Үйге апарып, қайнатып, алдымен сорпасын iшiп, содан соң еттi жеңiздер. Әйтпесе, көтере алмай құлап қаласыздар.

Оның сөзiне ешқайсысы мән бермедi. Ет кiмнiң қолына қалай iлiнсе, солай көтерiп, үйдi-үйiне жүгiре жөнелiстi.

    • Көмектесемiз деп осылардың бiразының ажалына сеп болмасақ жарар едi, — дедi Төрекелдi олар тарағасын. — Осы мен, көптен берi аш жүрген адамның бiрден тоя тамақ жегенiнен қорқам.

    • Құдай сақтасын. Өз жайларын өздерi де ойлайтын шығар,

  • дедi Аязбек.

    • Әй, қайдам.

Бәрiнен бұрын бұл үйдiң кемпiрi қу болып шықты. Мана жұртты шақырып жүрiп, бiр жерден кiшкене қазан олжалап келiптi.

    • Апа-ау, бұны қайдан алдыңыз? — дедi Ажан.

    • Өскенбайдың шөбiнiң астында қарайып көрiнiп жатыр екен. Өздерi бастары ауған жаққа кетiп бара жатып, жасырып кеткен-ау, шамасы.

    • Сен, Ажан, бұған қазан көтеруге көмектес. Ас-суын дайындас. Ал бiз анау белсендiлерден жауап алайық, — деп Сүлеймен арықтағы суға қолын жуып, iшке кiрдi. — Тәңкi, — дедi iшке кiрген соң, — Өкiмет жұрттан жиып алған малдарды қайда ұстап отыр?

    • Жалғандықтан үстiңгi жағындағы пермеде үш жүзден аса сиыр, жүз шақты жылқы, үш отар қой бар. Ал Тоғыстағы, Ленгiрдегi, Көксәйектегi мал қотандарында олардың есебi жоқ. Негiзi, көп малдарды өкiмет етке өткiзiп жiберген.

    • Сенiң жаңағы Жалғандықта деп айтып отырғаныңның бәрi Ордабек болыстың малынан кем ғой. Жұрттан тәркiленген басқа малдар қайда?

    • Кәмпiс кезiнде өкiмет байлардың малдарын кедейлерге таратып берген. Кейiн оларды өздерi тартып алды да, бiразын осында қалдырып, бiразын басқа жаққа айдап кеткен.

    • Бiздiң ауылдың белсендiсi кiм?

    • Сiздiкi қай ауыл?

    • Датқа ауыл.

    • А-а-а, сiз… Сүлеймен қарақшы… ой, Мәменнiң Сүлейменi емессiз бе?…

    • Жұрт менi “қарақшы” деуiн әлi қоймаған ба? Мейлi, десе дей берсiн. Жаңағы сөзiме жауап бер тезiрек.

    • Қазiр датқа ауыл бiр колхүз. Жалғандық өз алдына. Қонысбай, Зағамбар, Ниязбек те бөлек-бөлек. Жоғарғы Қосағаш пен Қапалдар да әлденеше бөлiк-бөлiк колхүз. Сұлтанрабаттағы сарттар да өздерiнше бiр ұйым. Бәрiмiз қазiр Бадам деп аталатын ауданға қараймыз. Сiздiң ауылдың белсендiсi — Қошан. Мен айтқан әлгi колхүздердiң белсендiлерiнiң үстiнен қарайтын бiр уәкiл бар. Ол Ақайдардағы Жайқынбайдың Құлтаны. Оның ақ дегенi — алғыс, қара дегенi — қарғыс. Ордабектiң де, Ноғайдың да, Нарымбеттiң де, әйтеуiр бұрынғы ел жақсыларының бәрiнiң түбiне жеткен — сол. Өзi ауылдан қатырып тұрып, түнiкелi там салған. Түнiкенi Ордабектiң тамын бұзып алды.

    • Жә, жетер. Сол Құлтан күнде үйiнде бола ма?

    • Бiр жаққа кетiп қалмаса, күнде үйiнде.

    • Нәлетi, баяғыда қолыма түспей кетiп едi. Осы жолы бiр түсiрермiн уысыма… Жалғандықтағы мал пермесiнде қарауылдар бар ма?

    • Малшылардан басқа үш-төрт қарауыл бар. Онсыз бола ма? Әйтпесе, аш құрсақтанған жұрт малдардан дым қойсын ба. Бұдан басқа күндiз екеу, түнде екеу мылтығы бар мiлисалар тұрады.

    • Қазiр сол Жалғандыққа бiзбен бiрге жүресiңдер.

    • А-а, онда не iстеймiз?

Өзiнiң әзiрше тiрi қалатынына қуанғандай, Тәңкiнiң даусынан бiр түрлi қуаныштың лебi сезiлгендей-дi.

    • Барған соң көресiң.

Ет пiскенше Сүлеймен одан ел жайында тағы көптеген нәрселердi сұрап бiлдi. Ет дайын болғанда кемпiр мен шалға жылы-жылы сорпа iшкiзiп, өздерi де бiраз ауқаттанып, орындарынан тұрды.

    • Екеуiң менiң қарагерiме мiнгесiңдер, — дедi Сүлеймен далаға шыққасын Тәңкi мен Сабашқа қарап. — Бозжорғаға мен мiнейiн.

Бозжорға қарагердей дәу емес. Сүлеймен мiнгенде белi бүгiлiп, үстiндегi салмақтан құлап қалардай төрт тағандап, әзер тұрды.

    • Қой, Сүлеймен. Бұл саған мiнiс болмайды екен. Оны

маған бер де, өзiңдiкiне мiн. Менiң атыма Тәңкi мен Сабаш мiнсiн, — дедi Ажан.

    • Жануардың жорғалығын бiр көрейiн деп едiм. Белi мен

аяқтары осал екен. Шынында бұл маған жарамайды.
Қарақшылар қайтадан ат ауыстырып мiнiстi.

    • Қарақтарым-ау, аттанып бара жатырмысыңдар? — дедi осы кезде үйден шыққан кемпiр. — Ажал тырнағынан құтқарғандарың үшiн Құдай жастарыңды ұзақ қылсын! Ендi бiзге ешкiм тиiспей ме?

    • Қорықпаңыз, апа. Бұдан былай ешкiм тиiспейдi. Екi- үш күннен кейiн тағы азық әкелiп беремiз. Ендi бидай мен ұн әкелемiз.

Кемпiр кемсеңдеп қала бердi.

    • Айтпақшы, Тәңкi, колхүздерiңде бидай, ұн ұстайтын қоймалар бар ма? — деп сұрады Сүлеймен жолай.

    • Әлбетте, бар. О түгiлi, Жалғандықта мәгәзiн де бар. Мәгәзiн де, қойма да пiркәншiк Досболдың үйiнде.

Суыт жүрген салтаттылар көп кешiкпей Жалғандықтың шетiне iлiктi. Мұнда Қоңырбөрiкке қарағанда үй мол. Үй мол болған соң ел де көп болуға тиiс. Бiрақ бұл жерде де түтiнi түзу шыққан үй сирек. Ауылдың сиқы қашқан. Қыбырлаған пенде аз. Ауыл шетiндегi бiр тамның басына шығып алған жалба- жұлба киiмдi екi-үш бала бұларды көрiп, секiрiп-секiрiп түстi де, мысықты көрген тышқандай жым-жылас болды.

    • Ересектер түгiлi аттылыны көрсе, балалардың да зәресi ұшатын халге жеткiзiпсiңдер-ау, нәлетiлер.

Сүлейменнiң суық түсiне қарауға дәтi шыдамаған Тәңкi басын төмен салды.

    • Баяғының балалары ауыл шетiнен аттылыны көрсе, алақайлап алдынан шығатын едi. Тәңкi, тек шыныңды айт, пермедегi мылтықты мiлисалардан басқа ауылда бiзге қарсылық көрсететiн адам жоқ па?

    • Е, қазiр колхүздiң бес-алты жандайшаптарынан басқа сiздерге қарсы шығатын кiм бар дейсiз? Көп мiлиса әкелу үшiн бiр шабарман ауданға бару керек.

    • Сорлы, өзiнiң жандайшап екенiн бiлмей, бiреудi жандайшап дейдi-ау. Текке сөйлеп, босқа уақыт өткiзiп не қыламыз. Елдiң аш, белсендiлердiң зор екенi онсыз да белгiлi. Зорын көрсетейiк оларға. Былай етiңдер, Тәңкi. Егер жан керек болса, Сабаш екеуiң ауылдағылардың бәрiн мешiттiң жанына жинаңдар. Жаяу жүрiп

жинаңдар. Ажан, сен бұларды қарауылдап жүр. Қит ететiн болса, екеуiн де атып тастай сал. Ал бiз перме жаққа барайық.

    • Сонда не iстеймiз, Сүлеймен? — дедi Төрекелдi.

    • Не iстейтiнiмiздi сұрамай-ақ ұқпайсың ба?

    • Ә-ә, ендi түсiндiм.

    • Түсiнсең, кеттiк. Ажан, белсендiлердi аттан түсiр де, ол атты жетегiңе ал. Мылтығыңнан жұрт қорқып жүрмесiн. Тақымыңа ма, қоржын астына ма, тығып ал. Тағы тапсырамын, мыналардан айырылып қалма.

    • Ой, Сүке, қашпаймыз ешқайда. “Елдi жина “дедiңiз бе, мешiтке? Болды, жинаймыз, — деп Тәңкi жағымпаздана сөйлеп, аттан түстi.

Ажан оларды алдына салып, ауылға кеттi. Сүлеймендер қырға қарай бұрылды. Тәңкiнiң айтуынша, перме қыр үстiндегi қарауылтөбе маңында. Ол жерде бұрын Дөңбай байдың тас қорасы болатын. Мал ұстауға ыңғайлы қора. Әрi ықтасын тұста. Жан-жағының бәрi жота да, бергi еңiс жағы ғана ашық, тегiс. Қарауылтөбе маңына жақындағанда, Сүлеймен бүй дедi:

    • Алдымыздағы жотаны ассақ, тура перменiң үстiнен түсемiз. Қарауылдары мен малшыларына қандай хайла қыламыз? Бiздiң мақсат — олардың бәрiн сiлейтiп салып, малдарды айдап шығу.

    • Мiлисалары болмаса, бiзге малшы сорлылар қарсылық көрсете қоймас. Мылтықты аспанға бiр атсақ, етпеттей жата қалатындарына мен кепiл. Тек оған дейiн мiлисаның бiр амалын табу керек, — дедi Аязбек.

    • Сендер жотадан асып келiңдер. Ал өзiм қораға ашық жақтан кiрейiн. Мiлисасы болса да, малшысы болса да қарсыласқанын ұрып-соғып, бiрдеңе қылармыз. Мылтық атып, бiреуiн жазатайым мерт қылып жүрмейiк.

    • Жарайды, Сүлеймен. Өзiң де сақ болғайсың.

Үшеуi екi жаққа бөлiнiстi. Сүлеймен еңiске жеткенде, алдынан бiр отар қой көрiндi. Тас қораның бергi шетiндегi тегiсте екi адам арбамен оларға шөп шашып жүр. Қораға кiре берiстегi ашық алаңқайда ұзын шапан, маңдайында қызыл жолағы бар сүйiр қалпақ киген бiреу мылтық асынып тұр. Қоқанның мiлисалары да осындай киiм киюшi едi. Сондықтан да Сүлеймен оның қарауыл мiлиса екенiн бiрден таныды. Таныды да “алдымен осыны бiр жақты етейiн” деп ойлады.
Денесi алпамсадай, астына мiнген аты да зор Сүлейменнiң тегiн адам емес екенiн бiлгендей, мiлиса арқасына iлiнген мылтығын апыл-ғұпыл қолына оңтайлады:

    • Кiмсiң-ей? Жөнiңдi айт. Әйтпесе басып саламын.

Деуiн дегенмен Сүлейменнiң сұсты жүзiнен қорқып қалды ма, қолымен қоса мылтығы да дiрiлдеп кеттi.

    • Ой, әкеңнiң… Бесiктен белiң шықпай жатып маған мылтық кезенуiн қара. Мылтық ұстауға лайық емес екенсiң.

Мылтығын тартып ала берем дегенде, анау сасқалақтап тұрып шүрiппенi басып жiбермесi бар ма. Гүрс еткен мылтық даусы жер-дүниенi кернеп кеткендей болды. Оқыс шыққан дауыстан қарагер үркiп кетiп, Сүлеймен сусып жерге түсiп қала жаздады. Түсiп те қалар ма едi, егер бiр қолымен қарагердiң жалына жармасып қалмағанда. Сөйте тұрып, бәрiбiр ананың қолынан мылтықты жұлып алып үлгердi. Не iстерiн бiлмеген мiлиса жiгiт қораға қарай қашты. Оның қылығына ашуланған Сүлеймен атын тебiнiп қалып, қуып кеп бердi. Анау ұзай алмады. Ә дегенде-ақ оған жеткен Сүлеймен оның желкесiнен ұстай алып, көтерiп ер алдына бiр-ақ өңгердi.

    • Ойбай, көке! Өлтiрмеңiзшi, өлтiрмеңiзшi!

    • Менiң кiм екенiмдi бiлмей жатып, неге кезенесiң мылтықты-ә?! — Сүлеймен оның желкесiнен бүрiп-бүрiп жiбергенде мiлиса баланың жандаусы шықты. — Сенен басқа мiлиса бар ма бұл жерде?

    • Бар, бар. Жаңа ғана ол түзге шығуға кеткен.

Осы кезде қораның арғы шетiнен шыға келген екiншi мiлиса оң жақтағы тамға қарай жанұшыра жүгiрiп бара жатты. Сүлеймен солай шапты. Жердi дүрсiлдете шауып келе жатқан қарагерден бұрын тамға жете алмасын бiлген ол, кейiн бұрыла сап, киiз шапанының ұзын етегiне сүрiне, қораның екiншi шетiне жүгiрдi. Қораны айнала бергенде, алдынан Төрекелдi мен Аязбек шықты. Қолдарында мылтығы бар оларды көргенде, мiлиса сорлы кейiн шегiндi де, қораның дуалына сүйенiп, жүрелей отырды. Оның жанына тез жеткен барған Сүлеймен алдында өңгерулi жатқан мiлисаны сырғытып түсiрдi.

    • Қайда қашып бара жатыр едiң сен?!

Ол сорлы “бұлар қайдан келген адамдар?” дегендей, үшеуiне жалтақ-жалтақ қарап, ентiгiн баса алмай бiраз отырды:

    • Ертең ауданнан көп мiлиса келсе, сiздердiң сазайларыңызды бередi.

    • А, не дейдi? Мынау қорқудың орнына маған айбат көрсетпекшi ме? Мылжа-мылжаңды шығарып жiберейiн бе қазiр?

Темiрдей қолдар өзiн езiп жiберердей болғанда анау мұның кiм екенiн түсiндi.

    • Ойбай, иығым. Жетер, жетер, көке. Не айтсаңыз да iстейiн.

    • Қорада сендерден басқа кiмдер бар?

    • Екi малшы қойларға шөп шашып жүр. Қалғандары демалып жатыр.

    • Айран-сүт, құрт-май бар ма?

    • Жейтiн болсаңыздар тауып беремiз. Сүттi азанда атарбамен ауданға алып кеткен. Ал май мен айран көп.

    • Үйдегi малшыларыңды оят. Өздерiң киiз шапандарыңды шешiп, айран, майды көтерiп жүрiңдер. Ал малшыларың қойларды айдайды.

    • Сонда қайда барамыз?

    • Бәрiн ашыққан елге таратамыз.

    • Ойбай, көке, олай етсек, ауданнан келген уәкiл бiздi қаматып, аттыртып тастайды ғой.

    • Қазiргi уәкiл — менмiн. Шеш деймiн үстiңдегiнi.

Шапаныңнан жұрт қорқып қалып жүрер.

    • Шапан емес, “шинель” дейдi мұны. Күн суық. Жаурап қалсақ қайтемiз.

    • Өлмейсiң. Жұрт жаурағанда жаның ашыған жоқ емес пе?

Ай, бол тез! Әйтпесе сүйектерiңдi бiр-бiрлеп сындырамын.
Амал жоқ, екi мiлиса шинелдерiн шештi. Бастарындағы қызыл жолағы бар сүйiр қалпақтарын да жерге тастады. Сөйтiп дiрдек қаққан екi сорлыны үйге айдап келдi. Үй iшiнде үш жiгiт ұйықтап жатыр екен. Оларды тұрғызып, үш-төрт терi ыдыстағы сары майды көтерткiзiп, сыртқа шығарды. Екi мiлисаға екi ағаш бөшкедегi ұйытылған айранды арқалатты. Қой жаққа жете
бергенде, алдарынан бағанағы шөп шашып жүрген екi малшы кездестi.

    • Арбаларыңды тастаңдар. Бiр ауыз сөз айтпай, керi бұрылыңдар да, қойларды ауылға, Жалғандыққа қарай айдаңдар,

  • дедi Сүлеймен мылтығын жоғары көтерiп қойып.

Адам түрiнен мылтықсыз-ақ сескенетiн мұның айтқанын аналар екi етпедi. Арбадан түсе қап, қойларға жаяу беттедi.

    • Көке, мыналарды арбаға артып алайық та, — дедi бөшкенi иығына мықшыңдай көтерген бiр мiлиса.

    • Үнiңдi шығармай, жүр осылай. Сөйлей берсең, арбаны да артып қоям мойныңа.

Қорадағылардың бiреулерiне бөшке, бiреулерiне терi ыдыстарды көтертiп, ал малшыларға қойларды айдатқан үш қарақшы Жалғандықтағы мешiттiң жанына келгенде Ажандар бiраз жұртты жиып тұр екен. Мешiт айналасындағы жұрттың жүздерi үрейлi. Белсендiлердiң зорлығынан әбден зәрезап болған олар “бұл жолы тағы қандай қасiретке тап болар екенбiз” дегендей, Сүлеймендер жақындағанда, сол үрейлi һәм аштықтан әбден арыған жүздерiн төмен салып, отыра-отыра кетiстi. Тек iштерiндегi жас балалар ғана бұларға қарап, тiке тұра бердi.

    • Оу, халайық! — деп айқай салды Сүлеймен жұртқа таяп келiп. — Көтерiңдер бастарыңды! Мына бөшкелерде сары май, анау терi ыдыстарда айран бар. Алыңдар бәрiн талап! Ал мына қойларды қайсысың қаншауын айдап кетуге шамаларың келсе, соншасын айдап кетiңдер! Үйлерiңе апарып, сойып жеңдер.

Мешiт түбiнде әйел-еркегi аралас үрпиiсiп отырған елу- алпыс адам осы сөзден кейiн бастарын көтерiп, жан-жақтарына қарасып, өзара күбiрлестi. Бiрақ ешқайсысы орындарынан тұрмады. Табан астында келген олжаға сенбей отырған сыңайлы. Балалар қойларға қарай жүгiре берiп едi, екi-үш әйел оларды ұстап қап, жандарына қайта сүйреп әкелдi.

    • Неге тұрмайсыңдар?! Өз малдарыңды өздерiң алуға қорқып тұрсыңдар ма? Қорықпаңдар ешкiмнен!

Осы жолы Сүлейменнiң даусы әсерлi шыққаны соншалық, тiзерлей отырған жұрт дүр етiп, бiрден орындарынан тұрды да, малшылар мен мiлисалардың жанында тұрған ыдыстарға
бассалды. Бiрi терi ыдыстың аузынан айранды төге-мөге сылқылдатып жұта бастаса, ендi бiреулерi ағаш бөшкедегi майды қарпып асап жатты. Одан кейiн қойларға қарай жүгiрiстi. Аштықтан әбден титықтаған олар қойларды шикiлей жеп қоярдай, бiр-бiрлеп ұстап алып, үйлерi жаққа дедектете сүйредi. Сүлеймен бұлардың ендi ештеңеден тайынбайтынын сездi:

    • Ей, бiр-бiр қой не болады сендерге?! Әлдерiң жеткенше топ-тобымен айдасаңдаршы, түге. Айтпақшы, Тәңкi, бағана айтқан Досбол пiркәншiгiңнiң үйi қайда? “Мәгәзiн, қойма бар” деп едiң ғой сонда. Баста бiздi соған! Ал, жұртым, бiраздарың үйлерiңе қой айдаңдар! Қалған бiразың бiзге ерiңдер! Қоймадағы ұнды керегiмiзше бөлiсiп алайық!

Әп-сәтте айналаны азан-қазан қылған адамдардың бiразы Сүлеймендерге ерiп, мәгәзiн-қоймаға келдi. Ергендердiң iшiнде әсiресе балалар көп. Олар да бiледi, мәгәзiнде тәттi қант пен кәмпит бар екенiн.
Тәңкi мен Сабашты алдына салып, қоймаға жеткенде Сүлеймен Ажанға бұрылды:

    • Бiрдеңенi ұмытыппыз-ау. Сен дереу бұрыл да, мешiтке шап! Анау екi мiлиса мен малшылар бiзден қалып кетiптi ғой. Нәлетiлер жұртты үркiтiп жүрмесiн. Бәрiн айдап, осында әкел!

Осы кезде күйдiрген қыштан соғылған мәгәзiннiң iшiнен бiреу шыға келдi:

    • Не қылған шу бұл? Өңкей жалаңаяқтар неғып жиналып қалған мұнда?! Тәңкi, жаныңдағы ат үстiндегiлер кiмдер?

Құрт, артыңдағы тобырдың бәрiн көздерiн мөлитпей!

    • Бұның кiм? — дедi Сүлеймен Тәңкiге.

    • Пiркәншiк Досбол — осы.

    • Аязбек, жаман әңгiдей ақырып тұрған неменiң мойнын бұрап алшы. Есi кiрсiн.

Досбол аттылардың кiмдер екенiн аңғарып үлгергенше, Аязбек оған жетiп барды да желкесiнен бүрiп, басын тақымына басты. Ол екi қолымен Аязбектiң санын сабалап, қиқылдап- шиқылдаудан басқаға мұршасы жетпедi.

    • Ендi мәгәзiнге кiрiп, iштегi заттардың бәрiн талаңдар!

Жұрт iшке лап қойды. Аздан соң қолдарына iлiккен заттарды әйелдер етектерiне, балалар қойны-қоныштарына толтырып, ер кiсiлер бiр-бiр қап ұн арқалап, тарасып жатты. Қайран, ашыққан жұрт, өздерiн бiр күнде мұндай ырзыққа тап қылған мынау аттылардың кiмдер екенiн сұраған да жоқ.
Жалғандықтың адамдарын мәгәзiннен түк қоймай талапайға түсiрiп болған кезде екi мiлиса мен төрт малшыны желкелеп, Ажан келдi.

    • Мал айдағандардың бiреуi көрiнбейдi ғой, — дедi Төрекелдi.

    • Оның қайда кеткенiн бiлмеймiн. Ал мына төртеуi жолға түсiп, күнгейге беттеп барады екен. Сiрә, Ленгiрге кетпек болды- ау. Менi көрiп, төртеуi төрт жаққа қашпаққа әрекеттендi. Мылтық атып, әзер қайырдым.

    • Аязбек, Досболды босатшы, Сорлының шынымен-ақ мойнын үзiп тастарсың.

Аязбек тақымына басып тұрған Досболды босатты. Ол желкесiн ауырсына басып, отыра кеттi.

    • Әй, тұр орныңнан. Мәгәзiннiң құлпы бар ма едi?

    • Бар ғой, Сүке, бар. Құлып болғанда қандай. Ешкiм бұзып, аша алмайды, — дедi Тәңкi ол үшiн жауап берiп.

    • Онда Тәңкiден басқаңның бәрiң кiрiңдер мәгәзiнге. Сен, Тәңкi, бұларды сыртынан құлыпта.

    • Досбол, құлып қайда? — деп құрақ ұшты Тәңкi өзiнiң қамауға түспейтiнiне қуанып кетiп. — Бол, тап тезiрек! Әйтпесе, Сүкеңдер аямайды өзiңдi.

    • Құлып iште едi ғой, — деп ыңырсыды анау.

Мәгәзiнге лып етiп кiрген Тәңкi аздан кейiн дәу қара құлыпты алып шықты.

    • О-о-ой, Сүке. Заттары қат-қатымен жинаулы тұратын мәгәзiннен түк қалмапты. Жұрт бiр тiстем нәрсе қалдырмай, сыпырып әкетiптi.

    • Бәрiң кiрiңдер мәгәзiнге! — деп бұйырды Сүлеймен. — Бүгiн осында түнеп шығасыңдар.

Қарсы сөз айтуға шамалары жоқ екi мiлиса мен малшы және Досбол үн-түнсiз мәгәзiнге кiрдi. Тәңкi есiктiң сыртына құлып салды.

    • Кiлттi кiмге берейiн. Әлде өзiмде бола берсiн бе?

    • Атаңның басы. Әкел берi! — деп Сүлеймен одан кiлттi алды. — Аязбектiң жанындағы бос атқа мiн. Бiздi Ақайдардағы Құлтанның үйiне апарасың. Бiз онда жеткенше күн де батады. Қараңғылықты пайдаланып, үстiнен басамыз.

    • Ақайдар ауылы қазiр “Алғабас” деп аталады. Өкiмет солай ұйғарған, — дедi Тәңкi атқа мiнiп жатып.

    • “Алғабас” бүгiн түнде Құлтан үшiн “Артқабас” болады.

Бесеуi Бадамды кешiп өтiп, Зағамбар тұсындағы қырдан асқанша күн де батты. Тағы бiраз жүрiп, Ақайдар етегiндегi сайға жеткен уақытта Тәңкi айтты:

    • Сүке, Құлтанның есектей итi бар. Түн баласы бөтендi үй маңына жолатпайды.

    • Алдап нан берсек ше?

    • Наныңыз түгiлi етке де қарамайды. Хайуанның түрi де жаман. Жаяу болсаң, тура мойныңа, атта болсаң, тура бетiңе секiрiп, алып түседi. Оның үстiне Құлтан наганын басына жастанып жатады.

    • Ол кәпiрде наган бар ма?

    • Болмай ше. Бүкiл Қазығұрт етегiндегi елдi бiр шыбықпен айдап отырған адам оңай деймiсiз.

    • Үйiне жақындап барайық. Итiнiң де, өзiнiң де бiр мәнiсiн табармыз. Күллi халықты ашықтырып қойып, иттерi мен өздерiнiң қарнын тойдырып жүрген ондайлардың аяқтарын аспаннан келтiрiп, тобаларынан жаңылтпайынша, мен бәрiбiр тыныштық таппан.

    • Аттарды осында қалдырып, үйiне дейiн жаяу барғанымыз оңды емес пе? — дедi Аязбек. — Есiк алдында алғыр итi, жастығының астында наганы бар адамды айлакерлiкпен алмасақ, өзiмiзге қауiп төнiп жүрер.

    • Сонау Қоқан мен Алайда менi таппаған оқ пен ала алмаған жау, ендi өз елiмде өзiмдi жайратар деймiсiң. Бұқпантайлап баратындай, қапелiмде бас салатындай, Құлтан деген кiм? Атақты қарақшы, қаһарлы құрбашы ма едi, тәйiрi. Тура осы атыммен тура есiгiнiң алдына шейiн барып, абалаған итiнiң де, дәусiнген өзiнiң

де өкпесiн суырып алмасам, несiне Сүлейменмiн?! Тайсақтамай, соңымнан жүре берiңдер!
Iңiр қараңғысында бес салтатты тасырлата ауыл iшiне кiргенде, бейсауат жүрген бiр адамның сұлбасы көрiнбек түгiлi, арсылдап үрген иттiң де даусы шықпады. Адамды қойшы, қараңғы болысымен үй-үйлерiне тығылар. Ал иттерге не көрiнген? Әлде, бұл ауылдың иттерi де, адамдары секiлдi белсендiлерден ығып, үн шығармайтын болған ба? Жоқ, олар да егелерi сияқты аштықтан бұралып, дыбыс шығаруға әлдерi келмей, таса-тасада бұғып жатыр ма? Әйтеуiр түн құшағы бауырына алған ауыл iшi тым-тырыс.

    • Құданың құдыретi, мына ауыл тура бiр мола сияқты ғой. Терезелерден жалтыраған от та көрiнбейдi. Түгел қырылып қалғаннан сау ма өздерi? Еш болмаса шәуiлдеген иттiң де даусы естiлмейдi.

    • Бағана көрдiк қой, Сүлеймен. Ауылдардың күндiзгi сиқы анадай болғанда, түнгi кейпi қай оңсын. Мына Тәңкiлер бұл жердiң тұрғыны тұрмақ, иттерiн де қаңғытып жiберген-ау шамасы.

    • Қойыңыз, Аяке, олай демеңiз. Бұл ауылға менiң түк қатысым жоқ, — деп мәймөңкеледi Тәңкi.

    • Iлгерiде түнгi ауылдың итi үрiп, жылқысы кiсiнеп, бұзауы мөңiреп жатушы едi. “Ел ауып, жұрт тозды” деген осы ма, әлде? Аспан ашық, жұлдыз жарқырап тұрса да, ауыл үстiндегi тамұқтың төрiндей шусыз қапас тыныштық көңiлiме жайсыз тиiп тұрғанын қараңдаршы. Елде еңсе көтерер арда азаматтың шынымен бiрi қалмағаны ма, — деп күрсiндi Сүлеймен. — Тәңкi, Құлтанның үйi осы маңда емес пе едi?

    • Тура келе жатырмыз. Әне бiр алдымызда қараңдап көрiнген еңселi үй соныкi.

Айнала қараңғы болса да, жан-жақтағы қамыспен жабылған шошала үйлер мен тоқал тамдарға қарағанда, шынында, Құлтанның үй-жайы еңселi көрiнедi-ақ екен. Бергi жақтағы екi терезесiнен де шамның жарығы көрiнедi. Бұлар сол үйге таяғанда алдарынан арсылдап, бiр ит шыға келдi. Тәңкi өтiрiк айтпапты. Иттiң дәулiгi бiр-екi жасар тайқарға жетеғабыл. Даусы да жуан.
Күрк-күрк етiп үрген күйi жүгiрiп келдi де, алдағы Сүлейменге атылды. Сүлеймен аяғын үзеңгiден шығарып, иттi бiр тептi. Бiрақ тепкi оған тимедi. Ит тағы секiрiп атылғанда қарагер солға кiлт бұрылып айналды да, оны бiр тептi. Ат соққысы дүңк етiп қабырғасына тидi. Ит аунап түстi. Артынша қайта тұра келiп, қисаңдаған қалпы жанындағы Тәңкiге жармасты. Тәңкiнiң астындағы ат үркiп, кейiн шегiндi. Ал ит ер үстiндегi Тәңкiнiң аяғына жармасқан күйде айрылмай, атпен бiрге сүйретiлдi.

    • Ойбай, аяғым, аяғым. Мына пәле аяғымнан тiстеп алды. Тәңкi бақырып, иттiң басын қамшысымен сабап жатыр.

Алайда оның сабауын анау ит елең қылмай, аяғынан айрылар емес. Аттылар оған не дауа қыларын бiлмей, бiр сәт тұрысып қалысты. Тәңкiнiң жаны көзiне көрiнiп, ат үстiнде тыпырлап, айқайын одан сайын үдеттi.

    • Өй, әкеңнiң… — деп Сүлеймен бiр ақырды да жөңкiп келiп, Тәңкiнiң аяғына жармасқан иттiң желкесiне жармасты. Сол күйi иттi тартып алып, мойнын тақымына қысты. Ит тектi арланның тұқымы ма, қыңқ деп дыбыс шығармады. Сүлеймен оны тақымына қысқан бойы есiк алдына дейiн сүйретiп барды. Осы кезде үйден бiр әйел, артынан денелi бiр еркек шықты.

    • Ой, оңбаған, көргенсiз нәлетi. Менiң үйiмнiң алдына атпен ойқастап келетiн қайсың бұл?! Нәзия, үйдегi наганда алып шықшы! Бiр атып, атын да, өзiн де жайратып тастайын, — деп ақырды еркек.

Оның анық Құлтан екенiн бiлген Сүлеймен тақымындағы иттi тастай салып, атынан секiрiп түстi. Есiк алдында тұрған еркек не болып жатқанын аңғарғанша, жанына жетiп барып, Құлтанды жағадан ала кеттi.

    • Өй, өй, кiмсiң-ей, сен?! Тоқта деймiн. Менiң кiм екенiмдi бiлесiң бе? Өй, атаңа нәлет! Тарт-әй, қолыңды! Түрмеде шiриiн деп жүрген бiреу ме, мынау, — деп Сүлейменнiң бiлектерiне жармасып, өктемсiп айқайлады.

    • Әлi танымадың ба менi, сұмырай?

    • Ойбай, Нәзия, менi “сұмырай” дейдi-әй, мынау. Жүгiр, әкел шапшаң наганды! Бойы көк тiреп тұрған албастының

маңдайынан бiр атып, сiлейте салайын. Қанша дәу болса да, оққа айла табар ма екен.

    • Ойбай, көтек, Сүлеймен ғой бұл. Мұны өлдi дегендерiң қайда? — деп әйел шар етiп, үйге зып бердi.

    • А-а-а, шынымен Сүлейменбiсiң? Апырау, бауырым, аман- есен бармысың өзi? — деп Құлтан дереу даусын жұмсарта, момақанси қалды. Бiр жағы қатты қорқып қалғаны да бiлiнгендей.

    • Ойпырмай-ә. Қашаннан берi бауырым деп қалдың? Баяғыда менi түрмеге тыққаның есiңде ме? Сондағы қысастығың үшiн, қазiргi елге iстеп жатқан зорлығың үшiн кек алуға келдiм сенен.

    • Қой, қой, Сүке. Ескi нәрсенi қозғап, не қыласың? Одан да үйге кiрiп, қонақ бол. Ә, жаныңда серiктерiң бар екен ғой. Кiрiңдер бәрiң. Өй, мынау Тәңкi ме? Тәңкi, жiгiттердiң аттарын байласайшы, — деп демнiң арасында басқаша сөйледi.

    • Үйiме кiргiзiп, жақсылап сыйлап жiберсем, құтыламын деп тұрсың ба, менен? Сен түлкiнiң мiнезiн бiлем мен. Сен айтпасаң да, бүгiн осында қонақ боламыз. Саған көресiнi ертең жұрттың көзiнше көрсетем.

Сүлеймен оның жағасынан жiбермеген қалпы үйiне итерiп кiргiздi. Үйi екi-үш бөлмелi, кең, әрi жасаулы екен. Төрде екi жерде үлкен орыс шырағы жанып тұр. Еденде қалың қалы кiлем. Қос-қос көрпешелер жаюлы жатыр.

    • Айналаңдағы жұрттың күйi — анау. Ал өзiң болыс үйiндей там салып, төбе бидей өмiр сүресiң. Осы үй-мүйiңмен қосып, өртеп жiберейiн бе?

    • Қой, Сүке. Үйдiң мүлкi жақсы болса, ол өкiметтiң арқасы да. Жұрт маған ұқсап, жұмыс iстейдi деймiсiң. Осыдан да олар, жалқаулығынан деймiн де, күн көре алмай жүргендерi…

    • Не оттап тұрсың?! Жұмыс iстеп, адалдығыңмен байығыш болсаң, кешегi Ордабектiң кезiнде неге осындай тұрмысқа қол жеткiзе алмадың? Елдi тонап, атып-асып, қорқытумен, бiреудiң еңбегiн пайдаланып жинаған дәулетiңдi қалай өкiмет пен жұмыстың арқасы деп айтып тұрсың? — деп Сүлеймен желкесiнен қойып қалды.

Құлтан серейген күйi мұрны жер сүзе құлады. Қатыны: “ойбай, өлтiрдiң, өлтiрдiң”, — деп сыңси жылап, оны сүйемелдеп, көтеруге талпынды.

    • Төрекелдi белiңдегi арқанды шешiп, Тәңкi екеуiнiң арқаларын тiрестiрiп, қосақтап байла. Түнде қашып кетiп жүрмесiн. Сен, қатын, сыңси бермей, тұр да, бiзге ет ас. Жаңа байың айтты ғой, “қонақ болыңдар” деп. Қалың көрпешенiң үстiнде жатып, қонақ болайық. Ажан, мына қатын далаға шықса, сен де шық. Үйге кiрсе, сен де кiр. Бiр елi жанына қалушы болма. Бiзге жақсылап қызмет қылсын.

Қорқып кеткен Нәзия ас қамына кiрiстi. Төрекелдi Тәңкi мен Құлтанды қосақтап байлап тастады. Содан ас дайын болғанша, төртеуi байлаулы екеудi әбден мазақ қылып, келемеж етiп отырысты.

    • Байланып, амалсыз қалған қандай қиын-ә, Құлтан. Жұртты қинаудың азап болатынын ендi түсiнген шығарсың. Айтшы, оқу қуып, өсейiн деп ойлаған бас көтерер жiгiттердi неге “халық жауы” деп ұстатып жiбере бересiң? Қанша азаматтың обалы бар мойныңда? Бәрiнен де бұрын Ордабек болыс пен Нарымбет байды, мiлиса бастығы болып жүрген Ноғайды, тiлмәш Тәжiбай мен Сыдықты, Естеместiң Мәуленiн қайда айдатып жiбердiң?

    • Сыдықты НКВД-ның адамдары ұстаған. Тәжiбай мен Ноғайды, Мәулендi солар қудалаған. Ал Ордабек пен Нарымбеттi Оралға жер айдатқан да мен емес — өкiмет.

    • Құралбайды он жылға, Есенбектi жетi жылға соттатқан, Абылайды ату жазасына, кестiрген, Тұрлыбектi “мiлисаға қол көтерiп, мылтығын тартып алмақ болды” деп татар солдатына атқызған, одан қалса, қаншама жiгiттердi көпе-көрнеу жазаға тартқызған да, сен емес шығарсың. Бәрiн айт та, бiрiн айт, өз ауылдастарың мен жамағаттарыңның малдарын тартып алуға қалай дәтiң барды? Бала-шаға, кемпiр-шал аштан өлiп жатқанда, мынадай үйде тұрып, тамақ iшуге қалай арланбайсың?

    • Елдiң малын алған да мен емес. Өкiмет солай бұйырған. Мына Тәңкi бiледi, жұрттың малдарын сонау Шымкенттен, Кеөргiптен келген солдаттар тартып алған.

    • Ештеңе мойындағың келмейдi екен сенiң. Кiм екенiңдi азанда жұрт көзiңе айтар. Ал бiз қазiр жатып демаламыз. Қоқаннан шыққалы берi көрпеше үстiнде керiлiп жатып көрмеппiз. Сен екеуiң осылай қосақтаулы түрлерiңмен ұйықтап шығыңдар. Қалған сөздi ертең айтармыз.

Нәзия асқан еттен жақсылап тамақтанған қарақшылар қарауылдыққа Ажанды қалдырып, өздерi көрпеше үстiне сұлады.

    • Аязбек, түннiң жарамында Ажанды ауыстырарсың, — дедi Сүлеймен ұйқыға батар алдында. — Бүгiнгi қарауылдықты екеуiң атқарыңдар.



II


Мезгiз жәдiнiң ортасы. Аспан күнде бұлтты болып, қыс ызғарын сездiрген өкпек жел оқтын-оқтын соғып тұрса да, әлi қар жаумаған. Ал бүгiн ауада бұлт та, жел де жоқ. Күн шайдай ашық. Таңертең қыстың кеш шыққан күнiмен таласа тұрған Сүлеймен, жанындағы серiктерiмен Құлтан мен Тәңкiнi қосақтаулы күйлерiнде далаға сүйреп шығарып, есiк алдындағы далия өскен кәрi өрiкке байлады.

    • Бiз шайланып алғанша, осы түрлерiңдi жұрт көре берсiн.

Бiраздан соң оларды жинап, екеуiңнен жауап аламыз.
Ол екеуiнiң түндi ұйқысыз өткергендерi көрiнiп тұр. Көздерi қып-қызыл. Ауыздарын ашып, есiнеп-есiнеп қояды. Өрiкке байланғанша бiр сөз де айтпады. Тек Сүлеймен жаңағы сөздi айтқанда:

    • Ой, Сүке, жұртқа таба қылатын болдың-ау менi, — деп күрсiндi Құлтан. — Мұндай қорлықтан гөрi өлтiре салғаның да тәуiр едi.

    • Өлуге асықсаң, оны да көрерсiң. Бiрақ сен өлiмдi нағыз еркектей қарсы алар ма екенсiң? Ажан, шекесiнен дәлдеп бiр атшы.

Ажан мылтығының құлақшасын тартып, ұңғысын Құлтанға қаратып көздедi:

    • Қай жерiнен атайын?

    • Шекесiнен атсаң, қиналмай бiрден өле кетедi. Жаны бiраз көзiне көрiнсiн, балтырынан ат.

Мыналардың ойнап тұрмағанына ендi көзi жеттi ме, әлде мылтықтың суық ұңғысы жанын тiтiркендiрiп жiбердi ме, осы кезде Құлтан:

    • Әй, әй, қойыңдар. Әзiр өлгiм келмейдi. “Қой” дешi, Сүке, мынауыңа, — деп дiрiлдей үн қатты.

    • Айттым ғой жаңа. Нағыз қаһармандай болып өлу де келмейдi сенiң қолыңнан. Қоя тұр, Ажан. Сәлден соң тек қана залымдық бiткен мұның кеудесiн бала-шағаға таптатып, көкiректiгiн мұқалтайық. Жүрсiн содан, жұртқа өктемдiк қылмақ түгiлi бiреудiң бетiне қарай алмай.

Осы кезде арғы жақтағы тоқал тамның бұрышынан сүйретiлiп бiр кемпiр шықты. Бүгжеңдеген күйi бұларға қарап тұрды:

    • Ойбай, бетiм-ау. Мынау байлаулы тұрған белсендi қайным ба? Талайды осылай байлатып, мiлисаға айдатушы едi. Ендi өзi айдалайын деген бе? Көтек, өрiкке шандып тастапты ғой. Бетiң күйгiр қарабет, зауал ендiгi өзiңе жеткен екен-ау.

    • Берi келiңiз, апа, берi келiңiз. Өздерiңiзге нақақтан-нақақ зәбiр көрсетiп жүрген бұдан кек алғыңыз келе ме? Онда осы ауылдағы кәрi-жастың бәрiн жинап келiңiз. Аяқтарыңызға жығылдырып, кешiрiм сұратайын.

    • Е, айналайын. Бұл залым аяғымызға бас ұрғанымен, қырылған балдар мен итжеккенге кеткен боздақтар орала қояды деймiсiң. Бiрақ бұл да iстеген iсiне пұшайман жеп, бiрауық өкiнсiн де. “Жина” десең, жинайын жұртты. Айтпақшы, бетiм- ау, “жинайын” деймiн, өздерiң кiм боласыңдар? Ауылда қалған аз ғана қалбалақтаған шал-кемпiрлер мен ашқұрсақ балаларды алдап жиып алып, төбемiзге жай түсiрiп жүрмеймiсiңдер?

    • Жоға, апа. Бiз қайта сiздерге көмектескелi келдiк. Сiз жұртты жинап келiңiз. Содан соң Құлтанның үйiндегi бар дүние- мүлiктi өздерiңiзге таратып беремiз.

Кемпiр Сүлейменнiң сөзiне сенер-сенбесiн бiлмегендей, аңтарылып бiраз тұрды. Сөйттi де бұрылып:

    • А-ю-ю, Күлшәт, Есенкүл... анау жүгермектiң аты кiм едi... И-ху, Жақаш, Ботабек, берi келiңдер. Мына бiр дәу бала Құлтанды байлап қойыпты. Белсендiнiң үйiнен сендерге, ойбай, жоқ, бәрiмiзге “нан әперемiн” дейдi. А-ю-ю, шығыңдар үйлерiңнен.

Жүре алатындарыңның бәрiң келiңдер мұнда, — деп айқайға басты. Айқайлап-айқайлап алды да Сүлеймендерге қарады: — Айтқан сөздерiң рас болса, маған тап қазiр осы үйден нан алып шығып берiңдершi. Өзiме емес, үйдегi екi кiшкентайыма. “Нан, нан” деп шырылдағандарына неше күннiң жүзi болды.
Ажан жүгiрiп үйге кiрдi. Аздан соң оншақты таба нан оралған үлкен дастарханды көтерiп шықты.

    • Алыңыз, апа.

Бұлар байқамапты. Кемпiрдiң жаңағы айқайынан кейiн үйлерiнен жүгiрiп-жүгiрiп шыққан ауыл адамдары ашық көрiнуге қаймығып, әр тамның тасасынан сығалап тұр екен. Ажан дастарханды далаға шығарып, жерге қойғанда, бәрi тұс- тұстан атып шықты. Әсiресе балалар дастархан үстiне құлай кетiп, таласа-тармаса нандарды қойындарына тығып жатыр. Кейiн жеткен үш-төрт шал мен кемпiрлерге дым да тимей қалды.

    • Балалар, тоқтаңдар, — деп айқайлады Сүлеймен. — Нандарды аталарың мен апаларыңа бөлiп берiңдер. Онсыз да бүгiн қарындарың жақсылап тояды.

Көптен берi нан көрмеген байғұс балалар жаутаң-жаутаң етiсiп, қойындарындағы нандарды шығарып, кәрiлерге ұсынды. Бiрақ ұсынардан бұрын өздерi наннан қарпып-қарпып, асап алысты. Қолдарына нан тиген кәрiлер де олардан қалысар емес. Ауыздарына түскендi шайнамай-ақ жұтып жатыр. Бiр кемпiр тiптi түйiлiп, дем жетпей етпетiнен түстi. Төрекелдi оны арқасынан қағып, әзер епке келтiрдi. Ал шеткi екi әйел бiр нанға таласып, жұлыса кетiстi. Олар жұлысып жатқанда, бiр бала жүгiрiп барып, жерде жатқан нанды ала қашты.

    • О, көктей солғыр, жүгәрмек. Сол нан тамағыңнан өтпей, қақалып өле қал, — дедi бiрi.

    • Сен сайқал болмағанда, нан өзiмiзге бұйыратын едi ғой, — деп шаптықты екiншiсi оған.

Бiр жаман тымақты, жыртық шапан киген шал жанындағы баланың ернiне саусағын тығып, аузындағы нанды тартып алмақ боп, әуреге түсiп жатыр. Бала басын ары алып та, берi алып та қашып, берiлмейiн-ақ дейдi. Бiрақ аштықтан көзi қарайған шал қояр емес. “Әкел деймiн-ә, әкел! Сен, пәтшағар,
мендей болғаныңша не жеймейсiң”, — деп қояды. Бұлардың жанындағылардың кiмдер екендiктерiне де қарамай, нан үшiн өзара алысып-жұлысқан тiрлiктерiне қарап, Сүлейменнiң күлкiсi келдi. Келдi емес-ау, күлiп те жiбердi. Бiр жағы осыншама халге түскен адамдарға қарап, жүрегi езiлiп, көңiлi жасыды. Алайда мұнысын жанындағыларға бiлдiрмей, дереу өзiнiң қатал кейпiне ендi.

    • Жә, нан үшiн таласып, алысып-жұлыспай-ақ қойыңдар. Құлтанның үйiнде не бар болса, соның бәрi сендердiкi болады. Ал әзiрге өздерiңдi осындай күйге түсiрген Құлтан мен Тәңкiден еселерiңдi алыңдар. Осылай тұрған жерiнде сабаңдар.

Осы сөзден кейiн жым-жырт болған жұрт жалт етiсiп, Құлтан мен Тәңкiге қарады.

    • Екеуiнiң де әкелерi момын жандар едi. Әсiресе Тоғанбай қария жақсы адам-тын. Тәңкiнiң әкесiн айтам да. Ал жұрттың қанын ағызбай iшетiн, тамызбай соратын бұл екеуi қайдан туылды екен, ә? Шешелерiң де ел терiс айналмас адамдар едi. Соларға сөз тигiзесiңдер-ау, сендер. Екеуiңнiң қылықтарыңды еске алсам, сол кiсiлердi жадыма алмай-ақ, сойып тастағым келедi өздерiңдi, — дедi бiр шал.

    • Бала үшiн әке жауапты емес. Сондай жақсы жандарға сөз келтiрiп жүрген бұларды несiне аяйсыңдар. Қазiр бұл екеуiнiң аяқтарынан керiп, бастарын төмен салбырата, өрiкке байлап қоям. Ал сендер қолдарыңа не түссе, сонымен сабаңдар екеуiн,

  • дедi Сүлеймен.

    • Байла, байла, балам…

    • Бұларға обал жоқ…

    • Кесiрi кiмге тимедi сұмырайлардың.

    • Тезiрек аяқтарынан асып қойыңдаршы. Айызымыз қанғанша, шыбықтап тастайық, — десiп шуласты жиналғандар.

Төрекелдi мен Аязбек қосақтала байланған екеуiн ажыратты да, жеке-жеке байлады. Аяқ-қолдарын денесiмен бiрге шандып, өрiктiң көлденең ағашына бастарын төмен қарата асып қойды.

    • Нанға көзiмiз қызып кетiп, етқызумен сендердiң кiм екендiктерiңдi де сұрамаппыз. Екi белсендiнi әдейi байлап, бiздi

алдап тұрған жоқсыңдар ма? Ертең осы күнiмiзге де зар болып қалмайық, — дедi бағанағы шал.

    • Мен — датқа ауылдағы Мәменнiң Сүлейменiмiн. Жұрт менi “қарақшы” деп жүр екен ғой. Бiрақ мен қарақшылығымды кiмге iстейтiнiмдi бiлемiн. Қашан да момын жұртқа жақпын, озбырға өшпiн. Егер осы екеуiн сабағандарың үшiн бiреу сендерге көз алартатын болса, онымен алдымен өзiм есеп айырысамын. Ал ендi сабаңдар екеуiн.

Бұл сәтте Құлтан мен Тәңкi: «Ойбай, басым айналып кеттi».
«Iшек-қарным ақтарылып, аузыма келдi». «Аяғымды арқан қиып барады», — деп зарлап тұрған.
Осы кезде қобыраған шашы қураған шөптей әппақ болып кеткен тарамыс бiр кемпiр Құлтанға жақындап барды:

    • Әй, менiң Абылайымды ату жазасына кестiретiндей не жазып едi саған? — Сосын екi көзiнен аққан жасты сүрттi: — Қарғыс атсын сенi, оңбаған, — деп бетiне бiр түкiрдi.

Одан соң бiр бала жүгiрiп барып:

    • Менiң көкемдi қайда айдатып жiбердiңiз? — деп сұрады.

  • Бiрақ ол кемпiрге ұқсап, бiр түкiрумен шектелмедi. — Қайда, қайда деймiн көкем? — деп зар етiп жылады да, қолындағы талдың жас шыбығымен Құлтанның басына сабай жөнелдi. Зарлаған бала сабауын бiраздан соң әзер тоқтатты.

Бұл кезде басқа бiр-екi бала қызық үшiн бе, әлде оған деген iшкi есептерi бар ма, әйтеуiр Тәңкiнi таяқтап жатты. Оларға қосылып шеттегi әйелдер де екi белсендiнi жұла бастады.

    • Өле қал осы күйiңде!

    • Сендерден кек алатын күнге жеткiзген Құдайға ризамын. Өлә, мынау ыңырсиды ғой, тағы. Баяғыда менiң шалымды ат құйрығына байлатып, сүйреткенiңде оның жанайқайына құлақ та асқан жоқ едiң ғой. Мә саған, залым! Мә, саған! — десiп, екi әйел Құлтан мен Тәңкiнiң шаштарын жұлды. Беттерiн шапалақтап соқты. Одан кейiн екеуiн әткеншектей ары-берi шайқалтып, жандарын көздерiне көрсеттi.

Күйеуiнiң көрiп жатқан азабына шыдамаған Нәзия үйден атып шықты:

    • Үйбай, шешейлер-ау, өлтiрдiңдер ғой. Қойсаңдаршы, — деп сыңси жылап, Құлтанды қорғаштап, құшақтай алды. Екi әйел ендi:

    • Ә, салдақы! Бұл албастың бiздiң байымызды өлтiргенде жаның ашыған жоқ емес пе? — деп Нәзияға жабыла кетiстi.

Бар ашулары бойларынан шығып, қаһарланған екi әйел Нәзияны жерге құлатып, тепкiнiң астына алды. Лезде Нәзияның бетiн қан жуды.

    • Мына қатындарды ажыратшы, — дедi Сүлеймен Ажанға. — Нәзияны үйге апарып тық. Әйтпесе байына кектенген мыналар сорлыны өлтiрiп қояр.

Ажан Нәзияны сабаған әйелдердiң екеуiн екi жаққа итерiп- итерiп тастады. Сөйттi де Нәзияны қолтықтап, үйiне жеткiздi.

    • Неге әкетесiңдер оны? Ол да байымен бiрдей қорлық көруi керек едi. Оның да бiзге көрсетпегенi жоқ.

    • Зорлықтың бәрiн Құлтан бастап жүр де. Сондықтан о байғұсты ұрудың қажетi не. Ендi мен сендерге бiр қызық нәрсе көрсетейiн. Асулы тұрған екi белсендiнiң арттарын жалаңаштап берейiн. Солқылдақ шыбықпен сол жерлерiн сабап-сабап алыңдар, — деп Ажан қонышынан екi жүздi ұзын қанжарын шығарып, Құлтан мен Тәңкiнiң шалбарларын тiлгiлеп-тiлгiлеп тастады. Жоқ, тiлгiлемедi. Майлы жерлерiнiң тұстарын ойып кесiп тастады. Бұл көрiнiске балалар күлiсiп, мәз болысты. Ал әйелдер жағы:

    • Үйбай, бетiм-ау, екеуiнiң де арттары тура қатындардiкi сияқты әппақ, әрi жап-жалпақ екен-ау, — деп беттерiн шымшып, терiс қарасты. Балалар болса қолдарындағы шыбықтарымен Құлтан мен Тәңкiнiң сол жалаңаш жерлерiн соға бастады.

    • Қара, құйрығы тiлiнiп, қанап кеттi, — дедi бiрi.

    • Ал мынанiкi қатты ма, шыбықтың iзi батпайды, — дедi екiншi бала.

    • Ойбай, Сүке, өлдiм! Қой деңiзшi мыналарға. Жүрегiм сығылып кеттi. Өкпем таңдайыма кептелдi, — деп байлаулы екеу қарлығыңқы дауыспен айқайлады. Көздерiнен парлап жас ақты.

    • Бұлар қазiрше осылай тұра берсiн, — дедi Сүлеймен ауыл адамдарына қарап. — Балдар, сендер ұруды қоя тұрыңдар. Ендi бәрiң Құлтанның үйiне кiрiп, жарамды заттардың барлығын қолды қылыңдар. Одан кейiн анау ақырдағы байлаулы семiз мiнiс атын сойып алыңдар.

Жиналғандар үйге лап қойды. Әп-сәтте олар қолдарына iлiнгендерiн көтерiп, тарасып жатты.

    • Әй, киiз бен кiлем, ыдыс пен мата сендерге азық бола ма? Көрпе-төсектi не қыласыңдар? Одан да анау айғырды союға әрекет етпейсiңдер ме? О, жылтырағанның бәрi көздерiне таңсық көрiнген, жұтаған немелер.

    • Бұл жазғандарды бұлай кiнәлап не қыласың, Төрекелдi? Есi ауып, күйiнiштiң шегiне жеткен сорлы адамдарға қазiр не болса да — олжа. Айғырды өзiң сойып бер. Оны союға бұларда қандай қауқар болсын.

    • Сүлеймен жөн айтады. Екеулеп торы айғырды бауыздап тасталық, — дедi Аязбек.

Қарақшылардың осы сөзiн естiген ауыл адамдары қолтықтарындағы заттарын жерге қоя салып, тұра қалысты. Манағы Нәзияны төбелеген екi әйел: “бiзге Құлтанның үйiнен алған өлi ет те жетедi. Еттерi сүрленiп, майы бетiне шығып, бабына келiп қалған екен”, — деп ақ қапқа ораған ескi еттi қолдаса көтерiсiп, шеттей бердi. Бiрақ оларға ешкiм назар аудармады. Жұрттың бәрiнiң назары Аязбек ақырдан шешiп әкелген атқа ауды. Құлтанның мiнiс етiп жүрген торысы қарагер секiлдi аттың төресi екен. Етi қоңды. Сырт терiсi жылтырап тұр. Аязбек оны әдеттегiдей төрт аяғынан бiр-ақ өзi байлады да, жерге гүрс еткiзiп құлатты. Содан соң аз уақыттың iшiнде етiн боршалап, жиналғандарға таратып жiбердi.

    • Әр ауылдың аш адамдарына бiр-бiр жылқыдан сойып бере берсек, бәрiн тышқақ қылармыз, — деп күлдi Аязбек iсiн бiтiргесiн.

    • Қайта өзiмiз жас еттен қуырдақ жеп, күптi болып, тоқ жүремiз де. Төрекелдi, Нәзияға айт, iш май мен жал-жаядан дереу қуырдақ жасасын. Соны жеп, басқа жаққа аттанайық.

Беттерi тырналып, көздерi көгерген Нәзия Төрекелдiнiң айтқанын тез орындады. Мол қуырдақ пен шайға тойынып алған төртеуi өз аттарын ерттеп, жолға жиналды.

    • Ендiгi бағытымыз қайда? — дедi Ажан.

    • Бiр күнде бiр ауылды емес, кемiнде үш-төрт ауылды тойдырайық та. Алдымен Ленгiрдегi өкiметтiң мал жинап қойған қотанын шабайық. Қорадағы малды босатып, Ленгiрдiң

көше-көшелерiне айдап жiберейiк. Аштықтан тышқан терiп жеп жүрген адамдар оларды өздерi-ақ ұстап алсын.
Бәрi аттарын ерттеп, ерге қонды.

    • Белсендiнiң үйiндегi жарма жем мен шөпке тойып, аттарымыз да қоңданып қалыпты. Жануарлар жем жемегелi қа-а- шан, — дедi Аязбек атының жалын сипалап тұрып. — Аттарымыз да бiз сияқты. Бiрде тоқтыққа, бiрде аштыққа әбден үйренген. Ай, Ажан, кешеден берi боз жорғаға тақымың әбден үйренiп қалды ма? Өз атыңа мiнгiң келмей қалыпты ғой.

    • Құдай қаласа, осы жорға өзiмдiкi бола ма деп жүрмiн.

    • И-и-иа, — деп қинала айқайлады осы сәт Құлтан. — Бiздi шешiп кетсеңiздершi. Өлетiн болдық қой.

    • Көке... көкелер, босатып кетiңiздершi, Құдай үшiн, — деп оған Тәңкi қосылды.

    • Осындай күйде болсаңдар да, тiрi қалғандарыңа қуаныңдар.

Өлтiрiп кетсек, қайтер едiңдер?
Аяқтарынан асылып тұрса да, тiрi қалғандары үлкен қуаныш екенi ендi саналарына жеттi ме, әлгi сөзден кейiн екеуi де жым болды. Тек көздерiнен бырт-бырт аққан жастарын тыйған жоқ.

    • Осы, Сүлеймен, бiз мына ауылдың адамдарының обалына қалып бара жатқан жоқпыз ба? Байлаудан босаған соң бұлар өздерiн сабаған бала-шаға мен қатын-қалашты қырып жүрмесiн.

    • Иә, Ажан. Оның үстiне мiнiс атын да сойып бердiк, — деп оны қостай сөйледi Төрекелдi.

    • Ол құртатын адамдардың бәрiн құртып болған. Ендi кәрi мен балаға тiзе батыра қоймас. Екi-үш күннен соң осында қайта соғамыз. Бiреуден шағым естiсем, тура басын кесiп кетемiн. Ой, жаңа осы жайын оған ескертiп кетпеппiн-ау.

    • Ленгiрге дейiн қанша уақыт жүремiз, Сүлеймен? — деп сұрады Төрекелдi.

    • Әне, анау өркеш-өркеш екi жотадан ассақ болды. Ары кетсе, жарты сағатта Ленгiрдiң дәл төбесiнен түсемiз.

Ленгiрге төте жолмен тартқан Сүлеймен тобы бесiн ауа Момынай асуына iлiктi. Осы асудың етегiндегi өзен бойындағы сайдың екi жақ шетiне Ленгiр орналасқан. Осыдан он алты-он жетi жылдай бұрын орыстар осы Ленгiрдiң Көксәйек жағындағы
төбелер астынан көмiр қаза бастаған-ды. Сүлейменнiң естуiнше, оны “шахта” деп атайды екен. Шахта жұмысы әлi жүрiп жатыр ма, етектегi дәу жоталардың табанына үлкен-үлкен төбе болып үйiлген қап-қара көмiр қалдықтары сiресе қалыпты. Қала да бұрынғыдай емес. Шет-шетiне үйлер қосылып үлкейген. Ирелеңдеген қисық көшелерде машиналар пайда болыпты. Шымқаладан келетiн темiр жолдың үстiнде бiрнеше вагонды пойыздар қара түтiндерiн будақтатып, ерсiлi-қарсылы жүр.

    • Мен көргенде Ленгiрде пойыз жол жоқ едi. Қашан салып үлгерген десеңшi. Қала халқы ауылдардағы сияқты аш емес- ау, тегi. Бiрақ қалалықтардың да құрсақтары қайбiр тоқ дейсiң. Анау қоршаулы қотандағы малдарды шығарып, жартысын қалаға, жартысын Момынай мен жоғары Қапалдарға қарай айдап жiберемiз, — дедi Ленгiрдiң Алатау жақ бетiндегi төбенiң үстiнде тұрған Сүлеймен.

    • Тәңкi айтқан аудандық мiлиса осы жерде ме? — дедi Аязбек.

    • Аудан орталығы он шақырымдай жердегi Көксәйекте. Оны “Кеөргiп” деп атап алыпты ғой қазiр.

    • Жаңа өзiң қала деп атаған мынау Ленгiрiң шынында да үлкен екен. Сонысына қарағанда, мұнда да бiр шоғыр мiлиса әтрәдi болуы керек. Қотанды шабуылдап болған соң сол мiлисахананы тарпа бас салайық та, әтрәдтi қарусыздандырып тастайық. Әйтпесе түбi олар соңымызға түсуi мүмкiн.

    • Кеше қашып кеткен бiр малшы бiз жайлы ендiгi бiраз жерге хабар таратып та үлгерген шығар. Қай жерге шабуыл жасасақ та, бұдан былай шалт қимылдап әрекет етейiк те, дереу орын ауыстырып тұрайық.

    • Олай болса, уақытты текке өткiзбей, қимылдайық. Кешегiдей қотанға екi жақтан бөлiнiп жақындайық. Ажан, сен менiмен жүр. Төрекелдi мен Аязбек бiрге жүрсе үнемi жолдары болады. Бiз қотан iшiне бiрiншi кiремiз. Сендер арт жағынан келiңдер. Қарсыласатындар табылса, аспанға мылтық атып, үрейлендiрейiк. Шектен шыққан қаһармандар болса, оны да көремiз.

Төбенiң үстi жазық. Күнгей жағы егiстiк дала да, Момынайға құлар қия ойпатта аумағы ат шаптырым қотан тұр. Аттарына
қамшы басқан Сүлеймендер аз ғана уақыттың iшiнде қотан қақпасына таяды. Қақпа ұзын-ұзын екi терекпен көлденең жабылып қойылыпты. Оның жанындағы тастан қаланған науа жанында үш жүздей сиыр тұр. Сиырлардың ар жағындағы жағалай бастырмаларда бiрнеше жылқылар байлаулы. Ал майда ағашпен қоршалған қора iшiнде есепсiз қой-ешкiлер қамалыпты.
Малшылар бұларды бiрден байқамады. Осы сәттi пайдаланып қалайын дегендей, Сүлеймен айтты:

    • Аспанға бiрнеше рет оқ атып, үрейлерiн ұшырайық. Сөйтiп дереу-дереу малдарды тысқа қарай қуып шығайық.

Ажан “венчестерiн” аспанға қарата басып-басып қалды. Мылтықтың жан шошытарлық үнiнен қора iшiндегi жылқылар осқырынып, қойлар маңырап, адамдар шулап, демде азан-қазан болды.

    • Ойбай, бандылар келiп қалды!

    • Ойбай, қайда бiздiң сарбаздар?!

    • Кiмдер-ей бұлар? — десiп, кiреберiсте тұрғандар қатан шетiндегi үйге қарай қашты.

Сүлеймендер үйге лап қойған адамдардың алдына кесе- көлденең тұрды.

    • Сiздер кiмсiздер? — дедi ұзын бойлы бiр малшы аттың шылауына жармасып. — Бiз тек малшылармыз ғой. Не қыл дейсiздер? Не iсте дейсiздер? — деуден басқа сөз айтуға шамасы келмей, тыпырлады да қалды.

    • Мына малдардың бәрiн босат та, айда, жартысын Ленгiрге, жартысын Момынайға қарай. Бәрiн бiр-бiрлеп, өз қолдарыңмен жұртқа таратып бересiңдер. Шығар, анау үйде отырған басқаларды. Айтқанымды iстемесеңдер, шеттерiңнен жайратып саламыз.

Сол-ақ екен, малшылардың бәрi сыртқа шығып, Сүлейменнiң айтқанын iстеуге кiрiстi. Алдымен сиырларды шығарды, одан соң қойларды босатты.

    • Әрқайсы бiр-бiр атқа мiнiп алыңдар! — деп айқайлады Сүлеймен. — Малдарды қатты, қуа айдаңдар!

Ұсақ мал мен жылқы айдауға оңай көндi. Ал сиыр жануар жайтабандау ғой. Мыңғырған мал қора шетiне шыққанда, қойлар
далаға қарай лап қойды. Талай уақыттан берi байланып, iштерi пысқан жылқылар да ары-берi шапқылап, беталды ойқастап кеп бердi. Сиырлар болса, марғау қалыптарынан жазбаған күйi танауларын көкке ерiне көтерiп, баяу қимылдайды. Жас тана- торпақтар ғана бiр-бiрiмен сүзiсе ойнақ салды.
Жетi-сегiз атқа мiнген малшылар “ендi не iстеймiз?” дегендей, жан-жаққа жайылған малдарға қарап, бiр жағы Сүлеймендерге жаутаң-жаутаң етiсiп, анадай жерде шоғырлана қалыпты.

    • Ау, неғып онда иiрiлiп тұрсыңдар?! Үш-төртеуден бөлiнiп, айдаңдар қой мен жылқыны көрiнген ауылдарға қарай!

    • Сиырларды айдамай ма сонда?

    • Қойшы, Төрекелдi, табандап қалғырлардың жүдә жүруi қиын, — дедi Сүлеймен қолын бiр сiлтеп. Сосын манағы ұзын бойлы малшыны шақырып алды: — Осы екпiндерiңмен қойларды қуалап, Момынайға жеткiз! Әр үйге екi-үш қойдан үлестiрiп бер! Мен осында қалып, сенiң не iстеп жатқаныңды бақылап тұрам.

    • Болды, көке, болды. Айтқаныңызды iстеймiз. Ал бiрақ өкiмет…

    • Сендер сенiп жүрген өкiметтiң құлағанына екi күн болды.

Қазiргi өкiмет — бiзбiз.. Әйдә, орында айтқанымды!
Малшы анда-санда жердегi қураған шөптен бiр тiстеп қойып, самал ығымен зуылдап, жан-жаққа бытырай жайылған қойларға қарай серiктерiмен шаба жөнелдi. Лезде бытыраған қойларды жиып, Момынайға түсетiн ылдиға бұрды. Олардың қойларды қуа айдағаны соншалық, әп-сәтте екi-үш отарды ауыл арасына кiргiзiп те үлгердi.

    • Әне бiр салтаттылар кiмдер? — дедi осы сәт Ленгiр жаққа мойнын бұрған Аязбек. — Жүрiстерi суыт. Ой, мыналар қарулы мiлисалар ғой. Сiрә, бiз жайында оларға бiреулер хабар берген- ау.

Бәрi солай жалт қарасты.

    • Екi күннен берi елдiң iшiнде қылған қылықтарымыз бұлардың құлағына тимей қойсын ба? Қап, әттең-ай, аналар жұртқа қойларды таратып үлгерер ме екен?

    • Олар тарата берсiн. Бiз мiлисалардың жолын тосайық.

    • Қалай тосамыз? Мiлисалар оқ ата бастаса ше?

    • Олар атса, бiз де атайық.

    • Былай етелiк, — дедi Сүлеймен. — Анау қалың жиденiң ығына барып тұрайық та, аттарын дәлдеп атайық. Аттарын жарақаттап болған соң тауға кетемiз. Әйтпесе бұлардың беттерi қайтпайтыны хақ.

Төртеуi батыс тұстағы қалың жидеге шапты. Мұны көрген пәстегi мiлисалар да бағыттарын өзгертiп, сол бетке бұрылды. Жиде тасасына ертерек жеткен қарақшылар аттарын ағашқа байлай сап, мiлисаларды нысанаға ала бастады. Олардың саны

  • оншақты. Алда есiк пен төрдей кертөбел мiнген бiреу. Бәрiнiң иықтарында мылтық. Сүлеймен бұйырды:

    • Арамызды жиырма-отыз қадамдай етiп, шеп құрып алайық. Сосын аттарды көздеп ата берiңдер. Алдағы кер-төбел — менiкi.

Сүлейменнен басқалары жүгiре басып, жан-жаққа тарасты. Мiлисалар елу қадамдай жақындап қалған кезде Сүлеймен кертөбелдiң қақ шекесiнен дәлдеп тұрып бiр атты. Ат омақаса құлап, үстiндегi мiлиса жерге екi-үш аунап түстi. Осы замат ана жақтан Ажандар да ата бастады.
Олар мiнген аттар бұрын мылтық даусына үйренбеген ашқұлақ болса керек. Үстерiндегi иелерiне бой бермей, тулап, тебiне тоңқып, шат-шәлекейлерi шықты. Осы себептi мiлисалардың алғашқыда мылтық атпақ түгiлi, қаруларын қолдарына алулары да мұң болды. Оның үстiне үстiн-үстiн атылған оқтан мiлисалардың өздерi де қорқып кеттi ме, аттарынан секiрiп-секiрiп түсiп, жерге жата-жата қалысты. Оқ тимеген жылқылары Ленгiрдi беттеп, беталды шапты.
Әлден соң ес жиған мiлисалар өлген аттардың тасасына тығылып, Сүлеймендерге оқ жаудырды. Тұтасқан жиденiң селдiр бұтақтары арасынан зу-зу етiп өтiп жатқан оқтардан басқа аттар сескенбесе де, Тәңкiден тартып алған бозжорға тебiне үркiп- тулап, ақыры жiбiн үзiп, айдалаға құйғыта шауып кеттi. Ол да оқ дауысына үйренбеген жануар да.

    • Қап, бозжорғадан айырылып қалдық-ау, ә, — дедi Ажан жерге бiр түкiрiп.

    • Қан майдан көрген бiздiң аттар сияқты деймiсiң оны?

Сен амалдап аттарды ойға қарай түсiр. Жазатайым оқ тиiп жүрмесiн, — деп дауыстады Сүлеймен.
Осыны айтып, аузын жапқанша болмады, бергi шеттегi байлаулы қарагер гүрс етiп жерге құлады. Құлағанмен жануар жан-дәрмен қайта атып тұрды. Бiрақ төрт аяғына iлiге алмай, қайта жантайды. Дiр-дiр етiп, аяқтарын ары-берi төрт-бес мәрте сермедi де, тынши қалды.

    • А-а-а! — деп бүкiл дүниенi басына көтере айқайлады мұны көрген Сүлеймен. — Қарагерiм, Қарагерiм!

Ол қарагерге жүгiре бергенде, оқ Төрекелдiнiң атын сұлатты.

    • Жат, жат, Сүлеймен! Бұлар аттарды дәлдеп ата бастады. Кейiн қайтып, еңiске жет. Бiз қалған аттарды сонда жеткiземiз,

  • дедi Төрекелдi.

Сүлеймен тыңдамады. Бар екпiнiмен алға жүгiре бердi. Жиде қанша қалың болғанымен жапырақсыз ғой, бергi бетi арғы бетiне жақсы көрiнедi. Сүлейменнiң тұра сап жүгiргенiн байқаған мiлисалар ендi аттарды емес, мұны дәлдеп, оқ боратты. Қара санның алдыңғы етiн жұлып әкеткен бiр оқ оны ақыры тоқтатты. Жүруге шамасын келтiрмей, етпетiнен түсiрдi.

    • Аяқ… аяғыма оқ тидi.

Аязбек еңбектей жылжып келдi. Шалбарының сан тұсын пышақпен кесiп көрдi.

    • Қан қатты ағып жатыр. Әйтеуiр сүйегiң сау сияқты. Оқ еттi көбiрек жұлып әкетiптi.

    • Қап, Құдайдың ұрғаны-ай… Қарагерге оқ тиген соң ет қызумен жүгiре берiппiн.

    • Ай, мыналар аттарды шетiнен қырып бара жатыр ғой.

Аязбектiң атына оқ тидi ендi, — деп айқайлады Ажан.

    • Атқа мiнiп те үлгере алмадық-ау!

    • Басымызға бұдан да қиын iс түскенде мұнша таусылмаушы едiк. Анау атты әкелiңдер. Сүлеймендi артып, тауға таман жылжиық.

Алайда Аязбек ол атқа да жетiп үлгермедi. Жаңбырша жауған оқтың бiрi оны да тапты.

    • Бiздi жаяу қалдырып, қаумалап ұстаймыз дей ме екен, иттер! Ендi өлiспей берiспеймiз! — деп ақырды Аяз

бек.
Бұл кезде Ажан Сүлейменнiң жарасын таңып болған едi.

    • Ендi қалай? Жүре аласың ба?

    • Қайдам… Жарақат жүргiзбейдi-ау.

    • Қараңғы болғанша амалдайық. Қараңғы болған соң сытылып кетермiз. Оқ-дәрiлерiмiз бiраз бар ма?.

    • Шамалы-ақ қалды.

    • Анда-санда бiр атып қойып, олардың басын көтеруге шамасын келтiрмей отырсаңдар болды. Ендi тағы да жан-жаққа тарап, аналарды әр жерден нысанаға алыңдар.

Бастарындағы қарабаласпен жүрiп байқамапты, Аязбек бағанағы орнына барайын деп жылжи берiп едi, көзi батыс жақтағы тегiсте тiзiлiп келе жатқан мiлисаларға түстi. Қарулы жиырмашақты сарбаз жаяулата жан-жақтан қоршап келедi екен.

    • Аналарды қараңдар, — дедi ол аузына басқа сөз түспей.

    • Әттеген-ай! Аттарымыз сау болғанда ғой...

Төрекелдi оларға қарата мылтығын екi рет басып-басып жiбердi. Қаз-қатар тiзiлiп келе жатқан мiлисалар жерге жата-жата кеттi.

    • Шеттерiнен жүректерiнiң жоқтығын қара тағы.

    • Жүректерiнiң жоғын қайдам, қызыл сарбаздар бiздi айнала қоршамақ боп, шашырай бастады. Әлден соң толық қоршауда қалмақпыз.

Бiрге болғалы берi ешқашан дәл мұндай шарасыз халге түсiп көрген емес-тi бұлар. Осы себептi ме, әйтеуiр әркiм өз ойымен болып, бiразға дейiн ешқайсысы сөйлемедi.

    • Амал не? — дедi әлден соң Сүлеймен. — Қаша жүрiп, атысып құтылып кетулерiңе мен кедергi болдым-ау. Ендi әлде де болса, сытылып кетуге әрекет жасаңдар. Анау Алатаудың қойнауына бiр кiрсеңдер, сендердi ешкiм ұстай алмайды. Ал мен бiр өзiм қолға түсейiн. Бәрiмiз қамалғанша, осыным жөн болар.

    • Не айтып тұрсың, Сүлеймен?! Сенi жалғыз тастап, бiздi жын ұрып па? Қолға түссек, бiрдей түсемiз. Өлсек те, бiрдей өлемiз. Серiгiн жау ортасына тастап кететiн әдет бiзде болған ба?

    • Бiздiң арамызда қалыптасқан тәртiптiң де, байлаулы серттiң де кейде өзара келiсушiлiкпен бұзылатын кезi бар, Төрекелдi.

Сондай кездiң бiрi бүгiн келдi деп ойлаңдар. Қолға мен-ақ түсейiн. Сендер бас амандық амалдарыңды қылыңдар. Сай-саймен қаша атысып, тау етегiне бiр iлiксеңдер болды.

    • Олай етсек, бiздiкi достық емес, Сүлеймен. Әуелден басымыз бiр қазанда. Бұдай былай да не көрсек, бiрге көремiз.

    • Әй, бандылар! — деген дауыс естiлдi осы кезде мiлисалар жақтан. — Қаруларыңды тастап, қолдарыңды көтерiп, бiр-бiрлеп орындарыңнан тұрыңдар. Әйтпесе анау аттарыңа ұқсатып, өздерiңдi де теңкитiп-теңкитiп тастаймыз.

    • Бұлар бiздi қанатымыздан айырып алып, ендi жанымыздан айырып тастамақ па?! Неге кеш батпай кеттi? Орнымызды сипатып кетер едiк! — деп тiстендi Аязбек.

Мiлисалар айқайын тыйар емес. Тiптi бұларға бағыттап төрт- бес мәрте мылтық та атты. Бiрақ қарақшылар олардың шарттарын орындай қоймады.

    • Берiл, Сүлеймен! Өз еркiңмен берiлсең, жазаң да жеңiл болады, — дедi тағы бiр дауыс.

    • Мiлисалар менiң атымды да бiлiп алған ба?

    • Сiрә, олар кешегi бiз барған Жалғандық пен “Алғабас” жақтан келген болар.

    • Өкiнiш өзегiмдi өртеп барады. Қарагерiмнен бiр айырылып, бостандығымнан тағы айырылсам, Сүлеймен атым қайсы?! Санаңдаршы, қанша оғымыз қалыпты? Соңғысы таусылғанша атысып, жастығымызды ала өлейiк!

Әрқайсысы оқшантайларындағы оқтарын санап шықты. Төртеуiнде бар-жоғы оншақты ғана оқ қалыпты. Ал анау жақтан мiлисалар әлi айқайлап жатыр.

    • Соңғы рет ескертемiз! Егер бес минуттың iшiнде қолдарыңды көтерiп шықпасаңдар, бiз шабуылды бастаймыз!

    • Бастай берсiн. Қол көтерiп шығатын бiз оларға қорқақ қарсылас емеспiз.

Айтқандарындай бес минуттай уақыттан кейiн мiлисалар жан-жақтан оқ атып, жақындай түстi. Төртеуi төрт бағытқа қарай жатып алған бұлар да жауап оқ ата бастады. Мiлисалар қарақшылар оқтарын әбден босқа шығындасын дегендей, анда-санда әр жерден бас қылтитып, болмаса қалпақтарын
мылтықтарына iле жоғары көтерiп, қулыққа көштi. “Құралайды көзге атқан мерген” дейтiн Аязбектiң өзi бiр де бiр рет нысанаға дөп тигiзе алмай, мүлт кетiп жатты.
Ақыры бұлардың оқтары таусылды. Мiлисалар сақтық жасап, ана жерден, мына жерден бiр көрiнiп, аңысын аңдып ұзақ торуылдады. Соңында қарақшылардың шынымен оқтарының бiткенiне көздерi жеткен соң, айнала тұра қалып, бiр мезгiлде атойлап лап қойды. Өңкей қарулы мiлисаларға қарақшылар қолма-қол төбелес те сала алмады. Олар келе сала әрқайсысына бес-алтаудан жабыла кетiп, аяқ-қолдарын байлап тастады. Араларында кешегi Сабаш бар.

    • Осылар! Осылар ғой, колхоздың бар малын жұртқа таратқан. Осылар ғой, бiздiң зәремiздi ұшырып, аттарымызды тартып алған. Мәгәзiндi де елге тонатқан осылар! Уһ, қаны бұзылған бандылар! Кеңес өкiметiнiң тұзағынан құтылып кетем деп ойладыңдар ма?! Желкелерiңдi үзiп алар өкiмет. Әсiресе мына дәудi аямаңдар! Бәрiн бастап жүрген — осы, — деп тақылдап сөйлеп жүр.

Мiлисалар өзара бiраз ақылдасып, қарақшылардың аяқтарын шешiп, Ленгiрге қарай айдады. Жарақаттанған Сүлеймендi атқа өңгерiп алды. Аса бiр қауiптi бандыларды қолға түсiргендей масаттанған мiлисалар төртеуiн қауқылдаса айдап, Ленгiрдегi мiлисахананың алдына келiп бiр-ақ тоқтады.
Мiлисахана — темiр торлы терезелерi көп, ұзын там екен. Есiк алдында бiрталай мiлиса тұр. Айдап келушiлердiң бiреуi жүгiрiп барып, олардың бiрiне қолын шекесiне қоя, әлденелердi баяндады. Оны тыңдап болған әлгi:

    • Әрқайсысын әр камераға, бiр-бiрлеп қамаңдар. Анау жаралысына фельдшер көмек көрсетсiн. Сотқа дейiн қансырап, өлiп қап жүрмесiн. Төрт-бес күн ешқайсысына ас та, су да бермеңдер. Жатсын қаталып. Өкiметке қарсы шығудың қандай екенi саналарына сiңсiн. Ой, мынау бiреуi сұмдық дәу ғой! Адам ба өзi? Бұрын мұндай денелi адамды көрсем, көзiм шықсын. Әй, мейлi, қама апарып! Арыстан қанша дәу болғанымен, ақымақ келедi. Мұндайлардың ой-өрiсi он жасар баланың есi сияқты болады. Жанындағылар мұны алдап жұмсап жүрген ғой, — дедi.

Қолы бос болса, Сүлеймен осы сөзi үшiн оның аузын айырып жiберер едi. Бұғаулы болып, мысы құрыды.

    • Қолым бос болғанда көрер едiм әуселеңдi! — дедi оған алара қарап.

    • Туһ, найсаптың түсiнiң суығын-ай! Ашуланса әзiрейiлдей болып кетедi екен, — дедi әлгi жүзiн төмен тайсақтатып.

Ұзын тамның дәлiзi де ұзын екен. Коридорда жағалай орналасқан есiктердiң бәрi темiр торлы. Қарақшылардың әрқайсысын әр бөлек қамады. Сүлеймен кiрген камерада екi кiсi отыр. Олар мұны көрiп, ұшып тұрды. “Сүке, Сүке” деп жағдай сұрап, iшi-бауырына кiрiп барады. Сүлеймен оларды танымады. Осыны сезгендей:

    • Бiздi танымадың ба, Сүлеймен? — дедi бiреуi.

    • Көрген адамдарым емес сияқтысыңдар.

    • Қосағаш ауылынанбыз ғой. Баяғыда, бала кезде Бадам жағасында сен Көбек екеуiң бiзбен төбелесiп, шетiмiзден аттан құлатып кеткенсiң.

    • Одан берi қанша заман өттi. Шынымды айтсам, онда кiмдермен төбелескенiм есiмде қалмапты.

Үшеуi қайта танысып, өткен-кеткендi әңгiме қып отырғанда, камераға үш мiлиса және жәй киiнген бiр адам кiрдi. Жәй киiнгенi

  • доқтыр екен. Келе сала, Сүлейменнiң жарасын қарап, жуып, тазалап, дәрi жағып, таңып тастады.

    • Сүйегi аман. Оқ қара санның етiн жұлып әкеткен. Екi күннiң бiрiнде дәрi жағып, жаңалап таңып тұрсақ, он бес-жиырма күнде жазылып кетедi.

Жарасын таңғанымен, Сүлейменге төрт күнге дейiн не су, не тамақ бермедi. Бесiншi күнi жауапқа алып барды. Жауап алған — сұп-сұр жүздi, қатқыл, жiңiшке келген татар. Өзiн “Шымкенттен келген ОГПУ-дiң қызметкерiмiн” деп таныстырды да, бiрден бастырмалатып, сұрақтың астына алды. Сұрағымен бiрге небiр жалаларды жауып жатыр. Оның айтуынша, бұл төрт мiлисаны атып өлтiрiптi. Жалғандық пен “Алғабастағы” қойманы өртептi. Құлтан мен Тәңкiнiң құлақтарын кесiп алыпты. Қотандағы малдарды қырыпты...

    • Болған нәрсенi айтсайшы, оттай бермей! — деп бақырып кеп бердi Сүлеймен. — Өтiрiгiңмен мезi қып жiбердiң ғой адамды!

Сүлейменнiң бақырғанынан татар тергеушi шошып кетiп, үстелiнен құлап қала жаздады. Бiрақ есiн тез жиды.

    • Қарауыл! Қарауыл! — деп айқайлады сосын. Иықтарына мылтық асынған екi мiлиса жетiп келдi. — Әкетiңдер мынаны камераға! Мұны тергеусiз, сотсыз ату жазасына кесе саламыз! Содан Сүлеймендi қайта жауапқа апармады. Ол көршi камерадағы достарынан да хабарсыз күйде бiр айдай жатты. Бiр

айдан кейiн сотқа шақырылды.
Сот дегенi үш-ақ адам. Ортада былшиған беттi, қарынды келген бiр орыс отыр. Қазақшаға судай. Алдымен кiмдер екендiктерi және не iстегендерi туралы Сүлейменнен сұрады. Ол ашыққан халыққа болысқанын айтты. Бiрақ сот: “Сен халықшыл емес, нағыз баскесердiң өзiсiң”, — дедi. Бұл тағы бiрдеңе айтуға ұмтылғанда сот сөйлетпей тастады.
Ол басқаларды да солай қаралады. Қаралап болғасын, өздерi де, бұларды да орындарынан тұрғызып қойып, үкiм оқыды. Үкiм бойынша төрт қарақшының әрқайсысы жиырма бес жылға кесiлiп, өтеу жазасы Сiбiр қалаларының бiрiндегi түрмеде өткiзiлсiн деп шешiлдi. Сүлейменмен бiр камерада отырған екi кiсi колхоз қоймасынан бiр килә бидай ұрлағандары үшiн он жылға кесiлдi.

III


Соттан кейiн сол жерде тағы екi күн жатты. Үшiншi күнi қарулы мiлисалар бәрiн айдап тысқа шығарды. Далада қалың қар жауып қалыпты. Үскiрiк жел соғып тұр. Мiлисалар алтауын есiк алдындағы төрт ат жегiлген биiк шарабалы шанаға отырғызды. Бәрiнiң қолдарын бiр-бiрiне қосақтап байлады. Шана алдына жәй киiмдi кiсi жайғасып, божыны қолына алды. Ат шана орнынан қозғалған кезде екi жақ қапталдан екi, арт жақтан үш мiлиса ердi. Олар атта, әрi қарулы.

    • Бiздi қайда апара жатырсыңдар? — деп сұрады жолай Сүлеймен олардан.

    • Қайда апара жатқанымызда шаруаң қанша? Барған соң көресiң де, — деп шаңқ еттi аттыдағылардың бiрi.

Екi сағаттай өткенде атшана Шымкентке келдi. Аздан соң қала шетiндегi вокзалға жеттi. Вокзалда бұларды басқа мiлисалар күтiп алды. Бәрiн шанадан түсiрiп, қолдарының байлауын шешiп, бiр биiк мұнаралы тамға қамады. Там iшiнде адам тола. Бәрi сотталғандарға ұқсайды. Шана үстiнде әбден жаурап келген Сүлеймендер мұнда да жылу таппай әбден тоңды.

    • Бiздi мұнда неге қамап қойды екен? — дедi Аязбек жанындағы бұрыннан отырған бiреуге бұрылып.

    • Түрмеге әкететiн пойызды жасақтап жатқанға ұқсайды ғой мiлисалар. Сол дайын болғанша, осында отырсақ керек.

Қамалғандар сол жерде үш күн отырды. Үш күнде үш-ақ мәрте бiр-бiр желiм кесемен жылы су, екi-екi үзiмнен нан бердi. Төртiншi күнi таң ата там есiгi айқара ашылды. Ар жақтан топырлаған қарулы сарбаздар көрiндi. Сырт киiмiнiң тiп-тiк екi қатырма жағасында бiр-бiр жұлдыз қадалған бiреуi қолындағы қағазға қарап, отырғандардың барлығының аты-жөндерiн айқайлап атай бастады. Бәрiнiң түгел екенiне көзi жеткен соң:

    • Бiр-бiрлеп шығып, анау тұрған вагонға мiнiңдер. Қарсыласатын болсаңдар, қашуға әрекет етсеңдер, ешбiр ескертусiз ата саламыз. Айда, шығыңдар кезекпен! — деп айқайлады.

Мына жерде отырып, әбден мезi болған тұтқын байғұстар вагонға кiрсе, тура бiр жұмаққа тап болатындай сыртқа лап
қойды. Сыртқа лап қойған соттаушыларды қолындағы таяғымен ұрып-соғып: “Мақұлықтар, құлақсыз хайуандар, бiр-бiрлеп шық дедiм ғой сендерге”, — деп бағанағы мiлиса сыбап жатыр. Осыдан кейiн қамалғандар сабаға түсiп, бiрiнiң соңынан бiрi шыға бастады.
Адамдардың ортасын ала Сүлеймендер де шықты. Далада аяздың бетi әлi сынбапты. Қақап тұр. Там мен вагон арасын екi жақтама қоршап, қару кезенген солдаттар тұр. Кейбiр терезелерiнде әйнек те жоқ, бiрақ жуан темiрлермен құрсауланған вагон iшi де суық. Сотталғандар жағалай отырысып жатыр. Сүлеймен де өз серiктерiмен бiр бұрышқа жайғасты.

    • Ал, туған ел, әзiрше қош, — дедi әлдекiм.

    • Тiрi оралсақ игi едi, — дедi екiншi бiреу.

    • Құдай алдымыздан жазсын, — деп күбiрледi тағы бiрi.

Қамалғандар жайғасқан кезде вагонның темiр есiгi сарт жабылды. Бес минуттан кейiн пойыз орнынан жылжыды. Өмiрi тек еркiндiк пен бостандықта, өз дегенiмен жүрiп үйренген Сүлеймен осы сәт өзiнiң шын қапасқа түскенiн сезгендей болды. Сезгендей болды да, қыран жүрегi, қырғи көңiлi мынау тас қапаста iшқұса күйге түсiп, запылықтан жарылып кетпесе екен деп қауiптендi. Сол қауiппен вагон қабырғаларын быт-шыты шыққанша тепкiлеп тесiп, жерге түсе беталды қаңғып кеткiсi келдi. Бiрақ бұл ойы — тек әурешiлiк болатынын тез ұқты. Сөйтiп, iштегi өкiнiш қаншалықты өзектi жара аһ ұрғызғанымен басқа түскенге көне тұруға тура келетiнiн аңғарды. Аңғарды да, мына отырғандардың ешқайсысымен қатты сөзге барып қалмауға, ешкiммен ерегiспей бейбiт күн кешуге бел буды. Бiрақ...
Пойыз мимырт жүрiсiмен жарты күннен аса жүрiп, Әулиеатаға жеттi. Бұл жерде ұзақ аялдады. Бiр кезде темiр есiк ашылып, солдаттар iшке iрi-iрi денелi жетi орысты айдап кiргiздi. Iшiндегi бiреуi тiптен дәу екен. Олар кiре салды да, вагонның ық жағында отырған оншақты қазақты орындарынан жұлып-жұлып алып, берi қарай тулақша лақтырып, өздерi жайғасып алды. Сорлы қазақтардың оларға қарсы тұрар бiрi табылмады. Аналар бiр- бiрiне айқайлай сөйлесiп, жайлы орынға жайғасып жатқанда, мiлисалар “каждому по три куска” деп, нан тарата бастады.
Вагон iшiндегiлердiң таласа-тармаса нан алып жатқанын көрген дәу орыс жанындағыларға бiрдеңе деп күбiрледi. Сол-ақ екен, екi орыс тұрып, қазақтардың нандарын тартып ала бастады. Өздерi аш болса да, тағы да оларға дау айта алмаған байғұстар нандарын орыстарға ұстата бердi. Орыстар нанмен қатар қазақтардың үстiндегi жылы киiмдерiн де шешiп алды. Киiмдердi үшiншi бiреу жинап жүр.

    • Әй, мыналар тым басынып барады ғой, — дедi Аязбек.

    • Үндемей отыра бер. Бiзге жақындасын, — деп Сүлеймен үш үзiм нанын жемей, етегiне қойды. — Нандарыңды әзiрше сендер де жемеңдер.

Бұл уақытта орыстар өздерiне жақындап қалған. Сүлеймен нанын жемей, етегiне қойып отырғанын басқаша ойласа керек: “Ох, какой хороший здоровый казах. Хлеб для нас сохранил. Бык хороший”, — деп бiреуi алдындағы нанды ала бергенде, бұл ол оның бiлегiнен шап берiп ұстай алды. Қапелiмде мұндайды күтпеген орыс екi көзiн бажырайта: “Ой, что ты?” — деп қолын тартып алмақ едi, алайда тырп етуге шамасы келмедi. Ашуланып кеткен ол екiншi қолымен мұның қақ төбесiнен құлаштай перiп қалды. Сүлеймен қолын тосып үлгердi. Бiлегi мұның көлденең тосқан қолына сарт ете қалғанда, анау бақырып жiбердi. Осы сәт атып тұрған Сүлеймен, оның бетiне басымен қойып қалды. Орыс вагон ортасына шал-қасынан түстi. Сөзге келместен, екiншiсiн құлаштай соқты. Ол жағалай отырғандардың аяқтарын құша, етпеттей құлады. Қолына жылы киiмдердi жиып алып, сәл арырақ тұрған үшiншiсi төрдегi серiктерiне қарай қаша жөнелдi. Екi серiгiнің көздi ашып-жұмғанша сiлейiп қалғанын көрген төрдегi дәу орыс орнынан атып тұрды. Орысша әлдененi айтып айқайлап-айқайлап алды да, үстiндегi қалың шекпенiн шешiп, бұрышқа лақтырып, ортаға атып шықты. Ортада отырғандар шетке ысырылды. Бәрiнiң әлгiден үрейлерi ұшып кеткен сияқты. Шынында, ананың түрi жаман. Қараңғыда қарсы кездесiп қалса, жүрегi нашар онша-мұншаның сол заматта өлiп кетерi хақ. Әрi, дәулiгiн айт. Әрбiр бiлектерi орта жiгiттiң балтырындай. Мойны семiз бұқаның желкесiне парапар. Жалпиған бетiн анау-мынау
жiгiттiң екi алақаны жаба алмастай. Ауызы, танауы, Құдай салмасын, кiшi-гiрiм тананыкiндей. Бойы да көк тiреп тұр.

    • Кел берi! — дедi ол саусағымен белгi жасап. — Желкеңдi үзiп тастайын.

Сүлеймен де шекпенiн сыпырып, ортаға шықты. Вагон iшi тым-тырыс. Екi алыптың қайсысы жеңер екен дегендей, жұрттың көзi ортаға қадалған. Құтырынып, аласұрған орыс алғаш соққы жасады. Соққы дарымады. Сүлеймен еңкейiп қалған. Орыс өз екпiнiмен өзi теңселiп, айналып кеттi. Ол қайта түзелемiн дегенше, Сүлеймен қақ желкеден бiр қойды. Анау шетте отырғандардың үстiне құлап түстi. Сонша салмақтың үстерiне құлап түскенiне шыдай алмаған бiр-екi адам бақырып жiбердi. Тұрмаққа әрекеттенгенде, бұл жетiп барды да, жаңағы желке тұсынан аямай екi ұрды. Қарсыласы да мықты екен. Сонша соққыны елемей, тағы тұруға әрекеттендi. Үшiншi жолы құлақшекеден дәлдеп ұрды. Орыс басын бұғып үлгердi де, соққы қақ төбесiне тидi. Мұндай ауыр соққыны бұрын көрмесе керек, ол екi қолымен төбесiн ұстап, отыра кеттi. Сосын: “Подожди, подожди”, — дедi үнi әрең шыға. Өздерiнiң дәулерiнiң таяқ жеп қалғаны жандарына батып кетсе керек, “Ой, откуда взялся такой хулиган” деп төрде отырған екi орыс өре түрегелдi. Олар да осал емес екен. Дене бiтiмдерi аса дәу. Олардың бiрi кiжiне тiстенiп, таяп келгенде Сүлеймен iшiнен бар күшпен тiке ұрды. Анау екi бүктетiлдi. Мұны оңай жайғаған соң екiншiсiнің жағасынан ала кетiп, еңкейтiп алды да, тiзесiмен бетiне оңбай тепкiледi. Онысы шарасыз халде екi мұрнынан қан сорғалай, серiгiнiң үстiне гүрс еттi. Бұл үшеуi осылайша алысып жатқанда, ес жиып қалған ортадағы дәу орыс ақырып, тағы тұра келдi.
Сол бойда Сүлеймендi құлаштай қойып жiбергенде, бұл
екi-үш рет айнала теңселдi. Осы соққыдан кеудесiнiң терең түкпiрiнде онша-мұншаға бас көтере бермейтiн ашу-ызасы көтерiлiп кеттi. Сол ашу-ыза тұла бойындағы бар күштi сыртқа тептiрiп, мұны ендi ешкiм ұстап тұра алмастай халге жеткiздi. Өзiне екiншi рет төнген ананың тура бетiнен ышқына ұрды. Дәу кейiн қарай тәлтiректедi. Екiншi рет ұрды. Анау тағы да кейiн теңселiп кеткенiмен, құламады. Диюдай болып теңселiп тұрған
неменiң ақыры құлайтынын бiлдi ме, оның артында отырғандар орындарынан тұра-тұра сап, шетке ысырылды. Үшiншi рет ұрғанда, дәу орыс бос қалған вагонның қабырғасына соғылып, кесiлген теректей еденге сылқ еттi. Өзiнен шығып, жынданған Сүлеймен оның өлi-тiрiсiнде жұмысы болмай, қасына жетiп барып, сақалынан ұстай алды да, басын вагон еденiне төрт- бес мәрте оңбай соққылады. Тек анау талып қалған кезде ғана сақалынан қолын босатып, берi айналды. Ол айналғанда, бағанағы таяқтан ендi ғана ес жиған басқалары: “Болды, болды, биз женилдик”, — деп бәрi бiр ортаға жиналып, қолдарын көтере жүрелей отырысты. Әлi де ашуы басылмаған Сүлеймен:

    • Шетiнен буындырып өлтiрейiн бе? — деп тiстенiп келе берiп едi:

    • Жетер, Сүке, жетер. Ендi бұлар бiздiң айтқанымызды iстейтiн болады, — деп Төрекелдi жолына кесе-көлденең тұрды. Төрекелдi Сүлеймендi тоқтатқанда, жан-жақтағы қазақтар: “Нәлетiлер пiрiн танымай жүрген екен”, “Е, айналайын, арысым, бар екенсiң ғой”, “Е, бәсе, бұларға қарсы тұрар, қазақта ер тумап па?!”, “Кәпiрлердi бiз де бiраз сабап алайық”, — деп өре тұра келдi де, қолдарын көтерiп, жүрелей отырғандарға жабыла кеттi. Ұрғандары былай тұрсын, үстерiндегi шекпендерiн де шешiп алып, жалаңаш қалдырды. Бұлай ете берсе, оларды өлтiрiп қояр

дедi ме:

    • Тоқтатыңдар дереу! Асау өгiзге бiр-екi рет дүре тисе, жуасып қалатынын бiлмеушi ме едiңдер? Жеңiлгендерiн мойындап, қол көтерiп отыр емес пе. Болды, жетер. Тоқтат деймiн сендерге! — деп Төрекелдi айқайлап бердi.

Қазақтар ұруын сап тиып, өз орындарына отырды. Оңбай таяқ жеген дәу жайлап көтерiлдi де, бет-аузының қанын да сүртуге шамасы болмай, басын ауырсына қысып бiраз отырды. Сөйттi де еңбектеген күйi өз серiктерiне жақындады. Серiктерi оның қанын сүртiсiп, киiмiн жөндеп, көмектесуге қазақтардан қаймықты ма, ешқайсысы жақындамады.

    • Хайуанның қанын судай шашып жiбергенiмде болар ма едi, Төрекелдi.

    • Онсыз-ақ әбден сазайын тартты ғой.

Серiктерiнiң жанына жақындаған дәу етпеттей жатқаннан көпке дейiн қимылдамады. Аналар оны көтерiп, жарақатын сүртiсiп, көмектесуге ұмтыла қоймады. Әрқайсысы өз денелерiне тиген соққыларды ауырсына ыңыранысты. Ал қазақтардың бәрi “өздерiне осы керек” дегендей, оларға кекесiнмен қарап отыр. Әлден соң дәу қимылға келiп, әзер дегенде вагонға арқа сүйедi де жанындағы төбелеске араласпаған сау серiгiне Сүлеймендi иегiмен нұсқап, әлдене айтты. Онысы басын изеп, қазақтарға қарады. Қазақша жетiк бiледi екен:

    • Туысқан, сiздiң атыңыз кiм болады?

    • Оның саған не қажетi бар?

    • Сұрауымның себебi, бiздiң Аркаша атаманымыз “Бұдан былай осы вагонға сiздi атамандық қылсын” дейдi. “Мен жеңiлдiм” дейдi.

    • Жеңгеннiң бәрi атаман бола беру керек пе? Вагонда оның керегi не? Маған тиiспесе, мен ешкiмге тимеймiн.

    • Жоқ, сiз түсiнбедiңiз. Сiздер бұрын түрмеге түсiп көрмегенсiздер. Ал Аркаша атаман сонау патшаның кезiнде де екi-үш рет түрмеде отырған. Бiздiң бәрiмiз де отырғанбыз. Сондықтан түрменiң, лагерьдiң жағдайын жақсы бiлемiз. Түрме мен лагерьдiң өз заңы бар. Мұнда өңкей бұзықтар жиналғандықтан...

    • Әй, қоя тұр бұзықтарыңды... Ләгiр дегенiң не пәле?

    • Лагерь деп сотталғандар жататын жердi айтады. Онда бiздi жұмысқа салады. Уақтылы жатқызып, уақтылы тұрғызады. Тамағы жартымсыз. Қит етiп, артық тiрлiк iстей алмайсың. Онда жағдай өте қиын. Әлi жеткендер әлсiздердi түтiп жеп қоюы мүмкiн. Сотталғандар бәрi бiр жерде өмiр сүргендiктен олардың арасында небiр қилы оқиғалар болады. Осыған байланысты лагерьдегi тұтқындардың өзара талас-тартысын реттеп отыратын бiр адам керек. Оны бұрындары “атаман” деушi едi, қазiр “пахан” дейдi. Пахан өте күштi, әрi ақылды болуы керек. Ендi түсiндiң бе, атаманның не екенiн? Аркаша бұрындары барлық жерде атаман болып келген. Ендi жасы қырық беске келiп қалды. “Сенi менен күштi екен, ендi атаман сол болсын” дедi. Аркаша айтқандай, бүгiннен бастап бәрiмiз лагерь-зонаға жеткенше вагондағы

атаман — сенсiң. Қарап тұрсақ, мына қазақтардың iшiнде де сенен мықты жоқ сияқты. Ендi сен не айтсаң да, бiз үшiн — заң.

    • Сонда қалай? — дедi ананың әңгiмесiнiң астарын толық ұқпаған Сүлеймен, — атамансыз-ақ бәрiмiз тату-тәттi қарым- қатынас жасап, жететiн жерiмiзге дейiн тыныш барсақ болмай ма?

    • Атыңды кiм дедiң жаңа? Сулейман дедiң бе? Вот, Сулейман, слушай ендi менi...

    • Қазақшаға судай ағып тұрып, менi Сулейман дегенiң не?

Сүлеймен десейшi.

    • Ә, Сүлеймен дейсiң бе? Онда тыңда, Сүлеймен. Бiздi Сiбiрдiң қай жерiне апаратыны белгiсiз. Жолда қанша жүремiз, еще неизвестно. Осы отырған бәрiмiздi бiр қалаға, не бiр зонаға апармасы анық. Бiразiмiздi жол-жолдағы түрмелерге тастап кетуi де мүмкiн. Ал олардың орнына жолай басқа сотталғандарды мiнгiзедi. Ондайлардың арасында да настоящий головорездер болады. Олар вагонға кiре сала, бәрiмiздi бiрден билеп, нанымызды, киiмдерiмiздi тартып алмаққа әрекеттенедi. Сондайда оларға қарсы тұра алатын достойный мужик керек. Әйтпесе ол бұзақылар бiзге күн бермейдi.

    • Ондай бұзықтарға бәрiмiз бiрдей қарсы тұрсақ ше? — дедi Төрекелдi.

    • Баланың сөзiн айтпа. Сүлеймен болмағанда, Аркашаға бiреуiң қарсы тұра алмайтын едiңдер ғой. Ал Аркаша сияқты қанша атамандар бар. Зонада, то есть лагерьде оңдайлардың әлi талайын көресiңдер. Тiптi лагерьге дейiн де көрулерiң мүмкiн. Естуiмiзше, Шамалғанда Осман конокрад сотын күтiп жатыр екен. Егер оны осы вагонға тығатын болса, ай, бiлмеймiн, бәрiмiзге конец болатын шығар. Аркаша, жоқ, бiз бәрiмiз де сол Османмен бiр вагон, бiр зонаға түспесек екен деп тiлеп едiк. Осман конокрадты есiтiп пе едiңдер?

    • Конокрад дегенi не екен? — дедi Сүлеймен жанындағы бiр

қазаққа бұрылып.

    • Атақты ұры мен барымташыны бұлар солай атайды, — дедi ол. Сосын орысқа қарады: — Ай, мұжық, Осман дегенiң тiптi мықты адам ба?

    • Уай, уай, уай. Ол бүкiл Семиречьенi шулатып жүрген баскесер. Өкiметiңе, партияңа пысқырмайды да. Одан мiлисалардың өздерi қорқады. Нағыз бас алғыш. Бiрақ ол Сүлеймен сияқты дәу емес. Но өте шапшаң. Қолдары темiрдей. Бiр атылса, кез келген дәудiң алқымын жұлып түсiредi.

    • Қазақ па өзi?

    • Ұйғыр.

    • Өздерiң осынша дәу бола тұра, одан қорқасыңдар ма?

    • Осман дәу болмаса да сондай құдiреттi адам. Одан сескенбейтiн атаман жоқ. Бiр жолы сегiз адамды жалғыз-өзi-ақ бауыздап кеткен.

    • Е, Құдай, сондай жауыздардан өзiң сақтай гөр, — деп күрсiндi шетте отырған бiр қазақ.

    • Атаңа нәлет өкiмет-ай! Бiр тоқтыға бола менi жетi жылға кесiп... О, Алла-ай, қандай ортаға тап болдық десейшi, — деп аһ ұрды екiншiсi.

Осман туралы орыс айтқан әңгiменiң өзi-ақ олардың үрейiн ұшырып жiбергендей. Осыған iштей намыстанды ма, Аязбек сөйледi:

    • Ой, бауырлар-ай! Түрiн көрмей жатып, әлдекiмнiң атынан үрейленiп не көрiндi сонша сендерге? Нағыз сужүректiң өзi екенсiңдер де. Одан өткен қарақшылар орталарыңда келе жатыр ғой. Мына Сүлейменнiң өткен тарихын айтсам, жүректерiң бiрден тоқтап қалатын шығар.

    • Е, қайтемiз ендi. Бұрын-соңды адам өлтiргiш кiсiлердi кiм көрiптi. Осы бауырымыздың ортамызда болғанына да шүкiр, — деп мiңгiрледi аһ ұрған қазақ.

Бұдан кейiн ешкiм сөйлемедi. Далада қараңғы түсе бастады. Вагон iшi де алакеуiм тартты. Пойыз тау етегiн ала тақылдап, шабан жүрiсiн үдетер емес. Аздан соң айналаны көрдей қараңғылық тұмшалады. Вагон iшiндегi тыныштықты орыстардың бағанағы Сүлейменнен алған соққыдан қиналып, анда-санда ыңырси шығарған дауыстары ғана бұзып келедi. Бiр-бiрiне жақындаса, тығылысып отырған Сүлеймендер қалғи бастады. Бiр кезде Төрекелдi айтты:

    • Бiз еш қауiпсiз қалғып келемiз. Мынадай қараңғылықта аналар бiлдiрмей келiп, шетiмiзден бауыздап жүрмесiн. Бағана Сүлейменге “атаман болдың” дегенi де жәй алдау болмасын.

    • Бауыздай қоятын қоныштарында қанжарлары дайын деймiсiң.

    • Кiм бiледi, Сүлеймен. Бiр ұйықтасаң үстiңнен арба өтсе де бiлмей ұйықтайсың. Шын қастық ойлаған адамға бiреуге ажал құштырудың амалы көп емес пе?

    • Онда құс ұйқылы Аязбек бәрiмiзге қарауыл болсын. Есiттiң бе, Аязбек? Жан-жақтың ау-жайын байқап отыр...

    • Жарайды, Сүке. Вагон тақылынан естiмей қалмасам, әудем жердегi құс қанатының сусылын құлағым шалушы едi. Мен бiлсем, бұлар ендi тырп ете алмайды.

    • Тағы бiрдеңенi шығаратын болса, жұлындарын жұлып, миларын шашып тастаймын.

Бiр айдан аса уақыттан берi қапас өмiрге көндiге бастаған Сүлеймен, ештеңе айтпай, беймарал ұйқыға кiрiстi. Ертеректе қыр мен сайдың төсiнде бауырына тоқым жайып, басына ер қоя салып, ұйықтап жүрген жан емес пе. Сондай шыңдаудан өтiп, бөрi мен қырандай тағы өмiр сүрiп үйренген оған вагон iшiнде қабырғаға арқа сүйеп, аяғын жаза отырып ұйықтау мамық төсектен кем соқпады. Осылай отырып-ақ ұзақ ұйықтады. Ешкiм оятпады. Бiр кезде көзiн ашып қалса, вагон iшi жап-жарық. Пойыз тоқтап тұр. Айналадағылардың бiразы әлi ұйықтап, ал бiреулерi өзара күбiрлесiп, жәй сөйлесiп отыр. Кешегi қазақша бiлгiш орыс мұның оянғанын көрдi:

    • Қалай, атаман? Жақсы демалдың ба? Мiне, кешегi айтқан Шамалғанға да келiп тұрмыз. Осы жерде үстiмiзге тағы бiреулердi кiргiзбесе болғаны.

Сүлеймен оның жанындағы серiктерiне қараса, кешегi өзi ұрған орыстардың бет-аузынан түк жоқ. Мұның басы тиген әне бiреуiнiң жалпақ бетiне бет қосылып кеткендей, мұрны мен көздерi iсiктен көрiнбейдi. Бiреуiнiң қастары айырылып кеткен бе, көзiнiң үстiнде кiшкене-кiшкене алмадай екi iсiк iлiне қалыпты. Үшiншiсiнiң ернiнiң домбығып кеткенi соншалық, мұрын астына үлкен басты айғырдың аузын тiгiп қойған секiлдi. Ал дәу орыстың ұзын шаштарының ұштары мен жағасына қатқан қан iрi-iрi жара сияқты, көзге қораш көрiнедi. Өзi басын қос қолдап сығып, қиналып отыр. Соққыдан миы шайқалған-ау
байғұстың, аракiдiк “ой, голова” деп қояды. Ойбайламай қайтсiн? Темiр еденге соққыланған бастың мылжасы шығып кетпей, аман қалғанын қарасайшы тағы.
Сүлеймен оларды аяп кеттi. “Нем бар едi сонша ұрып? Ай, бiрақ бұлай етпесем, бұлар менi осындай күйге түсiрер едi-ау. Сорлылар, арттарына қарамай тиiсiп несi бар?”
Сақырлап вагонның ауыр темiр есiгi ашылды. Есiк алдында топырлаған қарулы солдаттар көрiндi. Бастықтары болса керек, ұзын бойлы арық бiреуi қолындағы қағазға қарап, отырғандардың бiразының аты-жөндерiн атап шықты.

    • Аталған сотталушылар, бiр-бiрлеп сыртқа шығыңдар! — дедi сосын.

Аттары аталғандар аһылап-уһiлеп, кезек-кезекпен далаға шықты.

    • Бұларды қайда апарар екен? — дедi Төрекелдi дауыс-тап.

    • Осындағы түрмеде қалатындар ғой. Жолдары болғыш екен. Бiзге ұқсап Сiбiрге бармайтын болды, — дедi оны естiген қазақша бiлгiш орыс.

Солдаттар он бесшақты кiсiнi алып кеттi де, қалғандарына екi үзiмнен нан таратты. Үлкен шелекпен су бердi. Шелекпен қоса ұстағышы бар кiшкене ыдыс ұсынды. Оны орыстар “кружка” дейдi екен. Нандарын апыл-ғұпыл ауыздарына тығып, сол кружкамен бiр-бiрлеп су iштi. Су қайнатылған ба, қайнатылмаған ба, белгiсiз. Жылымшы. “Әйтеуiр мұздай болмағанына шүкiр” деп бiреулер шүкiршiлiк қылып жатыр.
Солдаттар шелек пен кружка босаған соң қайта алып қойды.

    • Күнiне екi үзiм нан жеп, бiр күрiшке су берсе, жететiн жерiмiзге дейiн аштан қатып қалармыз, — дедi Ажан. — Бәрiнен де ауқатты қасқырша жеп үйренген дәу Сүлейменге қиын болды- ау.

    • Қиыны — қиын. Амал не, шыдармыз.

    • Зорлық пен төбелестiң басы осы аштықтан басталады, — дедi әлгi орыс. — Әзiрге жақсы, екi-үш кусок болса да, күнiне нан берiп түр. Кейде екi-үш күн бойы түк бермей қояды.

    • Кешеден берi сенiң атыңды да сұрамаппыз. Ныспың кiм өзiңнiң?.

    • Менi Микай деп атай берiңдер.

    • Өзiң бұрын сотталған екенсiң, Микай. Айтшы, бiздi дiттеген жерлерiне апарған соң не iстетедi?

    • Кеше айтып едiм ғой. Азаннан кешке дейiн қара жұмыс iстетедi. Сiбiрге барсақ, ағаш кесемiз. Темiр жол саламыз. Әр он сотталушыға бiр қарулы солдаттан қарауыл болады. Командирдiң айтқанын орындамасаң, табанда атыласың. Болмаса, орындығы мен кереуетi жоқ сыз жертөлеге қамап қояды. Жалпы, ол жерде сотталғандар көпқырылады. Бiреуi — аштықтан, бiреуi— аурудан,

  • деп Микай лагерь жайын ұзақ әңгiмеледi. Сотталушылардың арасындағы тәртiп туралы да ұзақ айтты. Айыпты болғандарды паханның шешiмiмен өлтiрiп тастайтынын да сөз еттi.

    • Кiмде-кiм қорқақ болса, оған күн жоқ. Күштi жiгiттер жанына өз жерлестерiн жиып алып, екiншi бiр топтан қорғанады. Жеке-жеке жүргендер ол жерде күн көре алмайды, — деп аяқтады ол сөзiн.

    • Жекпе-жек төбелес көп бола ма?

    • Бiр мықты бiр мықтыны мойындамаса, төбелеске шығады. Жеңген адамның абыройы көтерiлiп, жеңiлгенi соның айтқанын iстеуге тиiс. Жеңiлген мықты көпшiлiктiң көзiнше жеңгенге қол берiп, оны мойындауы керек. Егер мойындағанын бұзып, қалтарыс сәтте, болмаса қапелiмде оған опасыздық жасап, зиянын тигiзсе, ол кешiрiлмейтiн күнә болып саналады. Кейде мықтылар төбелес үстiнде бiрiн-бiрi өлтiрiп те қоюы мүмкiн. Ондайда өлтiрген борыштар емес...

Микайға қазақтар әр түрлi сұрақтар жаудырып жатты. Сұрақтардың бәрi сол лагерь төңiрегiнде. Микай да бiлгiш екен. Барлық сұраққа жауап бередi.
Азанда Шамалғанға тоқтаған пойыз жүрмей көп тұрды. Қанша тұрғанын қамалғандар дәл бiлмедi. Ешкiмде сағат жоқ. Уақытты күнге қарап бағдарлайын десе, аспан бұлтты. Қамалушылар кешегiдей тұнжыраулы емес. Бәрi басқа сал-ғанға көнген сыңайлы. Сол сыңаймен кеуделерiндегi уайым мен күдiктi ұмытып, Микайдың әңгiмесiн қызыға тыңдап отырды. Әрi өзара қауқылдаса сөйлесiп, әңгiме көрiгiн қыздыра түстi.
Бiр уақытта вагон есiгi сақырлап, қайта ашылды. Есiк алдында топырлап солдаттар тұр. Бұл жолы олар нан тарататын кездегiдей есiк түбiндегi текпiшекке шықпады. Ва-гонға тақала қойылған атшанадан оншақты адамды түсiрiп, вагонға айдап кiргiздi. Iшке алдымен орта бойлы болғанымен сүйектерi iрi, төртбақ денелi, басы қазандай бiреу кiрдi. Түсi суық. Вагонға қабағын түйген күйi кiрдi де, отырғандарға жағалай көз тастап аз-кем тұрды. Кейiн кiргендер оның артында топырлап тұр. Ешқайсысы оның алдын орап, берi өтпедi.

    • Ой, Усман, привет, — дедi Аркаша орнынан әрең қозғалып, басын көтере.

Қалған серiктерi ұшып-ұшып тұрды да, шеттерiнен барып қолын алды.

    • Анау неге тұрмай жатыр? — дедi төртбақ Аркашаны нұсқап.

    • Тұра алмайды. Қатты таяқ жеп қалған, — дедi Микай.

    • Кiмнен? Мiлисалардан ба?

Микай басын шайқады. Сосын орысша сөйлеп, оны өздерi отырған жаққа қолтықтап әкеттi. Осман Аркашаға жақындаған кезде оның тiзесiн екi алақанымен қысып тұрып, бiрдеңе айтты да, санына бiр теуiп, ар жақтағы бос орынға жайғасты. Содан кейiн вагон ортасында әлi тұрған өзiнiң серiктерiне “отырыңдар” деп, қолымен белгi жасады. Олардың бәрi оның жанына барып жайғасты. Өз орындарын оларға берiп қойған орыстар төртбақтың алдын орай, ортаға отырды.
Сүлеймен қарап отыр. Кiргендер орыстармен орысша сөйлескенiмен, мұсылман сияқты. Араларында үш-төрт қазағы да бар. Ал анау төртбақтан бастап, басқалары сартқа ұқсайды. Микайдың кешегi айтқан Османы осы-ау деп шамалады. Расында, орыстар оған жалынышты кейiпте бiр әңгiмелер айтып отыр. Ол болса, қабағын түйген күйi Сүлеймендер жаққа әлсiн-әлсiн көз тастап қояды.
Микай оған әлденелер жайында ұзақ айтты. Не айтып жатқанын қазақтар түсiнбедi. Орысша екi ауыз сөз бiлмейтiн бұлар оны қайдан түсiнсiн? Бiрақ Сүлеймен Микайдың өздерiн жамандап отырғанын ұқты. Жамандамаса да, шағымданып отыр- ау деп топшылады. Мұның осы ойын дәлелдегендей, төртбақ
Аркашаға бұрылып, қызу сөйлей бастады. Аракiдiк қолдарын сермеп-сермеп қояды.
Аркаша бiр нәрсенi дәлелдегiсi келiп, қиналса да жауап қатып жатыр. Оған шекесiнде екi алмадай iсiгi бар кiсi қосылды. Төртбақ оны бiр ұрды. Ол бiрден үнiн өшiрiп, кейiн жылыстады.

    • Орыстарға мынаның алдында құрдай жорғалап не көрiндi?

  • дедi Аязбек.

    • Кешегi айтқан Османы осы бiлем ғой.

    • Мұның адам қорқатындай ештеңесi жоқ сияқты.

    • Кейбiреулер аса дәу болмағанмен, жаужүрек болады.

Сондайдың бiрi шығар бұл.

    • Бiзге тиiсетiн болса, сен емес, мен-ақ шығайыншы төбелеске.

    • Өзiмiзше тимейiк. Алда-жалда тиiссе, көре жатармыз. Бiрақ Осман да, серiктерi де бейбiт отырды. Кеш батты.

Осман екi орыстың шекпенiн шешiп алып, бiрiн төсенiш, бiрiн жамылғы еттi. Анау сорлылар дiрдектеп, шапаны барлардың қолтығына тығылды. Түн түстi. Екi күннен, екi күннен емес- ау, нешеме тәулiктен берi қамауда жатып, ұйқыдан басқаны бiлмейтiн сотталушылар бiрден ұйықтай қоймайды. Әркiм жанындағысымен күбiрлесiп, уақыт өткiзедi. Бүгiн түнде де солай болған. Түн түсiсiмен әр бұрыштан өзара сөйлескен дауыстар тағы шыға бастады.

    • Өшiрiңдер дауыстарыңды! Ұйқы берiңдер! — деген қатқыл үн шықты Осман жақтан. — Егер ендi кiмде-кiм сөйлесе, өлдiм дей берсiн.

Ақырған Осман ба, жоқ бiр жандайшабы ма, ешкiм бiлмедi. Бiр анығы — Микайдың даусы емес. Бiрақ осыдан кейiн әр жерден шыққан дауыстар сап тиылды. Ал көп сөйлемейтiн Сүлейменге бәрiбiр. Алайда қасақана сөйлегiсi келдi.

    • Аязбек, анау жақтан бiр айғыр кiсiнегендей болды ма?

    • Қайдам. Менiң құлағыма биенiң даусы келгендей болды.

    • А, мен айғыр ма десем, бие ме едi...

Бұл сөзге Османдар тарапынан жауап болмады.

    • Неге тым-тырыс? — дедi Аязбек.

    • Бiлмедiм. Бiр ойлағандары бар шығар. Әлде қазақша түсiнбей ме?

“Кiм сөйлесе, өлтiрем” деушiлер тағы үнсiз.

    • Жарайды. Ендi үндемей-ақ қоялық. Мен ұйықтаймын. Ал, сен, сақ жат.

    • Жақсы.

Сүлеймен оянса, пойыз тағы тоқтап тұр. Терезеден күн сәулесi құйылып, вагон iшi жап-жарық боп кетiптi. Күн ашық болғанымен, аяздың бетi сынбаған тәрiздi. Вагон сыртында жүргендердiң қарды қырт-қырт басқандары осыны аңғартады.

    • Қай жерге келдiк? — деп сұрады Ажаннан.

    • Итiм бiлiп пе, мұның қай жер екенiн. Тұрғанымызға бiр сағаттай болды.

Сүлеймен сыртқа көз тастады. Терезеге қарама-қарсы тұрған бiр үйге әскери киiнген адамдар кiрiп-шығуда. Әскерилердiң денi орыс. Әлден уақытта үш солдат қолы байлаулы бiр ұзын бойлы арық қазақты вагон жаққа алып келдi. Олардың артынан қап көтерген бiр солдат та келдi.
Солдаттар вагон есiгiн ашты да, әлгi қазақтың қолын шешiп, iшке кiргiздi. Ол кiре салысымен жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Бiр кезде көзi Османға түстi:

    • О, Осман байпатша отыр ғой мұнда. Ассалаумағалейкум, Осман-еке! Аман-сау барсыз ба? — деп жүгiрiп барып, қолын ұсынды.

Вагон қабырғасына сүйенiп отырған Осман, оған қол берудiң орнына аяғын ұсынды. Бұрын Османның алдында кiнәлi болған ба, әлде одан шын қорқа ма, кiм бiлген, ұзын қазақ оның аяғын қос қолдай ұстады да, маңдайын тiзесiне тигiздi.

    • Сiздi сау көргенiме бек ризамын, батыр-еке. Өткен жолғы сотталудан тез құтылып едiңiз. Ендi мына иттер тағы ұстаған ба?..

    • Сау көргенiме ризамын деймiсiң. Немене, менi бiреу өлтiрдi деп есiтiп пе едiң? — деп Осман оның сөзiн бөлiп жiбердi. — Сенi Құдай қолыма жүдә әдемi түсiрдi. Өткендегi сатқындығың үшiн көресiнi ендi көресiң. Аяғымды сүйiп, артымды жаламасаң, не болатыныңды өзiң бiлесiң. Сол үшiн де жететiн жерiмiзге дейiн

маған қатынша қызмет етiп барасың. Бiрақ оған дейiн әлi талай күн жүрермiз. Сондықтан да маған қалай жағымпазданып, қалай қызмет ететiнiңе вагон iшiндегiлер неше куә болады. Ал қазiр шекпенiңдi шеш те, аяғыма жап. О, мақта шалбарың бар екен ғой. Түнге қарай оны да шешiп берерсiң. Қатынның жұмысын iстейтiн еркекке шалбар киiп керегi не? Әй, шапаныңмен аяғымды қымтап жапсайшы. Тымағыңды да әкел, астыма басып отырайын.
Ұзын қазақ намыссыз екен. Османның айтқандарын лезде орындады. Ол киiмдерiн шешiп, Османға жауып жатқанында, есiк алдындағы бiр солдат күндегiдей нан таратып болған едi. Бұл жолы әр тұтқынға екi-ақ тiлiмнен нан тиген.

    • Ендi бар да, анау дәу қазақтан бастап, мына орыстарға тақасып отырғандарға дейiн түгел нандарын жиып әкел! — деп бұйырды Осман Сүлеймендi саусағымен нұсқап. — Бiреуi бiрдеңе десе, тура аузына теп. Ал орыстарға тимей-ақ қой. Өзiмiздiң адамдар ғой.

Ұзынтұра құп деп қос қолын кеудесiне қоя иiлiп бұрыла сап, жанындағы қазақтың қолынан нанын тартып алды. Ол сорлы түк iстей алмаған күйi Сүлейменге жалтақ-жалтақ қарады.

    • Бұлардың бәрi мықтылықтарын нан тартып алудан бастайды екен де, — дедi Ажан. — Барып, ұзынның дап-даласын шығарайын ба?

    • Бар.

Ажан атып тұрып, жағалай отырғандардың нанын тартып ала бастаған әлгi ұзынға жетiп барды. Со бойда оның белiнен құшақтап алып, вагон еденiне сылқ еткiздi. Күтпеген жерден өзiн бассалған Ажанға түк iстей алмаған ол, жерде жатқан күйi аяқ-қолдарын тыпырлатып, тұрып кетуге әрекеттендi. Алайда Ажан оны бас-көз демей, сабай жөнелдi. Ажанға нанынан алғаш айырылған қазақ та қосыла кеттi. Мұны көрген Осман серiктерiнiң бiрi ұшып тұрып, Ажанға жабысты. Ажан оны да жықты. Дегенмен Османның үшiншi серiгi келiп, Ажанды бiр ұрып, ұшырып түсiрдi. Өз досының құлағанын көрген Төрекелдi мен Аязбек тұра сап, оған жабыла кеттi. Сол-ақ екен, Османның барлық жiгiттерi, оның iшiнде орыстар да өре түрегелiп,
Төрекелдi мен Аязбекке атылды. Осы сәт Сүлеймен жақта отырған қазақтардың бiрi:

    • Ай, бауырлар! Жаңа келгендердiң бәрi осылай басына бере ме?! Тұрыңдар орындарыңнан! Мына пәлелердi сабасына түсiрiп қояйық, — деп айқайлап, тұра келдi.

Оған бiрталай қазақ қосылып, Османның жiгiттерiне бассалды. Сөйтiп кiмдi кiм ұрып жатқаны белгiсiз, вагон iшi лезде қан майданға айналып жүре бердi. Төбелеске қатыспай шеттеп қалғандарға да жұдырық тиiп жатты. Сүлеймен орнынан тұрмаған-ды. Бiреу шекесiнен бiр қойды. Алдында ығы-жығы төбелесте кiмнiң кiмнен басым түсiп жатқанын байқап отырған оған мына соққы оңбай тидi. Тiптi көзiнен от жарқ еттi. Жоғары қараса, Микай екiншi рет ұруға оқталып тұр екен. Тұра салуға мұршасы болмаған бұл аяғымен оның тобығынан қаға тептi. Микай мұз үстiнде құлаған адамдай бiр қырына жамбастай сұлады да, төрт аяқтап, жан-дәрмен ары қашты. Сүлеймен перiп қалғанда соққы оның сегiзкөз тұсынан сақ еттi. Микай сорлы қиралаң етiп, еденге жабысты да қалды.
Осы кезде бiреудiң вагон қабырғасын гүрс-гүрс етiп соққан дауысы шықты. Қараса, Осман қолына iлiккен адамдарды ұрып құлатып, шетке лақтырып жатыр.

    • Тоқтатыңдар! — деп ақырды Сүлеймен тұра кеп. — Тоқтатыңдар! Ең мықтымын дегенiң менiмен төбелеске шығыңдар!

Оның вагон iшiн кернеген даусынан төбелесушiлер жанжалдарын сап тиып, шетке қарай ығысты. Ортада орындарынан тұра алмай Микай және үш-төрт қазақ жатты. Iштерiнде Ажан да бар. Төрекелдi мен Аязбек оны сүйреп, орнына әкелдi. Қалғандарын басқа жiгiттер әкеттi. Орта босаған кезде:

    • Атаман боламын деп ойлаған сен бе? — дедi Осман Сүлейменге саусағын қадап. — Оның саған бұйыруы қайда?! Шық берi, ортаға!

Кеудесiн намыс қатты буғаннан Ажанға қарауға да мұршасы жетпей, ортаға жетiп барды. Осы жолы ашуланғаны соншалық, көзiне Османнан басқа ешкiм көрiнбедi. Осман да оңай жау емес
екен. Әйтпесе мұны жекпе-жекке шақыра ма? Сүлеймен өзiне таяй бергенде, атылып кеп, алқымнан ала түстi. Жоқ алқымға жабыспады. Өңештi жұлып түспек боп, бiр қолымен қыса шетке тартып жiбердi. Бұл оның әрi соққысы, әрi қарсыласын оңай жайратудың жолы болса керек. Алайда сәл кейiн шегiнiп үлгердi. Осман қапы кеттi. Соның өзiнде бiр сәт тынысы тарылып, жұтқыншағы қатты ауырды. Мұның аз-мәз сәт тұрып қалғанын пайдаланған Осман екiншi рет арт жақтан секiрiп кеп, мойнынан қапсыра құшақтап, қылғындырмаққа әрекеттендi. Сүлеймен мойнына орала кеткен оның қос бiлегiн ұстай алғанда, анау аса шапшаңдықпен босап кеттi. Содан артына бұрыла салып, оны ұрайын дегенiнде, Осман тағы да жылдам қимылмен мұның арт жағынан бiр-ақ шықты да, екi қолымен қос бүйiрден бiрден ұрды. Пәле қандай жылдам болса, соққысы да сондай қатты екен, еңкейiп барып, құлап қала жаздады. Осындай қапылысты тағы да пайдаланған Осман Сүлейменнiң желкесiнен ұстай алып, солға қарай итерiп жiбердi. Желкедегi қолды қағып жiберiп, бойын түзеп, көтерiле бергенде, Осман қолын екi бұттың ортасына жүгiрттi. Ойы белгiлi, жанды жерден шап бермек. Тәңiр қолдағанда, Сүлеймен оның шынтақ тұсынан бiр пердi.
Соққы қатты тисе керек, Осман ойбай деп бақырып, артқа
шегiндi. Найсапты қабылан дерсiң. Шегiнiп барды да, көз iлеспес жылдамдықпен тағы секiрiп, Сүлеймендi бар денесiмен соқты. Оның басы мұның тура мұрнына тидi де, қан сорғалай жөнелдi. Одан кейiн Осман басымен iштен соқты. Өмiрiнде мұндай соққыны көрсешi. Iшегi түйiлiп, көзi қарауытып, теңселiп кеттi. Осыны байқаған Осман жеңiс менiкi деп ойласа керек: “Қанша дәу болсаң да, шөккен түйедей сұлатып саламын!” — деп бақыра тағы ұмтылды.
Бағанағы ашуы ашу ма, ендi бар дүниенi ұмыта, өз-өзiнен шыққан Сүлеймен оған қарсы шапты. Сәтiн салғанда, қолдары Османның жағасына iлiге кеттi. Содан ай-шайға қарамай оны тiк көтерiп алды да, еденге мыжғылай ұрды. Көтерiп алып, тағы ұрды. Содан соң бастан бiр перiп, шетке лақтырып жiбердi. Ес- түссiз Осман қабырғаға барып сарт еттi. Ендi оны тастай салды да, бiр бұрышта тұрған Османның серiктерiне атылды. Олардың
бiр де бiрi бұған қарсылық көрсете алмады. Шетiнен ұрып құлатты. Аналардың бiрi бақырып, бiрi қой-қойлап, Аязбектер жаққа қашты. Сонда да қарсыластарын қуалай жүрiп сабады. Басын көтере бергендердi теуiп, қайта сiлейттi. Осы бойда бәрiн о дүниелiк қылып тастар ма едi, егер Төрекелдi мен Аязбек қолына жармасып, әзер баспағанда. Екеуiнiң сөзінен кейін зорға дегенде өз-өзiне келіп, жан-жағына көз тастаса, Құдай салмасын, вагонның бiр жағында отырған Османның серiктерi мен орыстар түгел қирап жатыр. Микай сорлы әлгiндегi орнынан әлi қимылдамапты. Османда тыныс та, дыбыс та жоқ. Аркаша бiреудiң артына басын тығып алыпты. Бағанағы жағымпаз қазақтың бет-аузы қан-жоса. Етектерiмен беттерiн сүртiп, тағы бiр топ отыр анадай жерде.

      • Сүлеймен, отыр ендi. Осы қиратқаның да жетер, — дедi

Аязбек. — Таяқ жеп қалған Ажанның есесiн қайтардың.
Ажанға қараса, әзер демалып жатыр.

    • Сүйектерiң аман ба, әйтеуiр? — дедi оған үңiлiп.

    • Осман пәленiң қолдары болаттай екен. Үш-төрт қабырғамды сындырып жiбердi-ау деймiн. Ал басқа сүйектерiм аман сияқты.

    • Қабырға болса, ештеңе емес. Сүлеймен болмағанда, мыналар бiздi тiрiдей түтiп жiберер едi.

Ашуы әлi тарқамай, сызданған Сүлеймен оған әлдене айтайын деп басын бұрып едi, көзi құйрығынан айырылған жаралы жылан сияқты төрге қарай ирелеңдей еңбектеген Микайға түстi. Қанша қан майдан мен алыс-жұлысты көрiп жүрсе де, оқыстан әлдекiмнiң таяғын жемеген бұл Микайдың әлгi қылығына тағы жыны шығып, өзi тұруға шамасы келмей жатқан сорлының жанына жетiп барып, желкесiнен бүре тiк көтердi.

    • Ойбай, Сүлеймен, өлдiм. Өлдiм деймiн, Ойбай, белiм!

Жiбершi менi. Рахым ете көр. Ай-ай-ай, жаным!

    • Кеше сен “түрмеде атаманға опасыздық жасаған адам кешiрiлмейдi” деп едiң ғой. Осы тұрысыңда сүйектерiңдi бөлшектеп, еттерiңдi үзiп тастайын ба? Ай, сен әлi ешкiм менiң бетiме жұдырығын тигiзбегенiн бiлесiң бе? Кеше ғана маған бағынғандығың қайда? Сатқын сүмелек, мә, саған, — деп ақыра оны Аркашаның үстiне қаңбақша лақтырды. Сосын орыстарға бұрылды: — Микай ғана емес, сендер де сатқын екенсiңдер. Анау Османға ұқсатып тастайын ба бәрiңдi?

Айып өздерiнде болғасын орыстар сөз айта алмай, денелерiнiң жарақат жерлерiн сипалап, көздерiн төмен тұқыртты. Бiр нәрсенi ойласа, дегенiне жетпей қоймайтын Сүлеймен:

    • Тiлдерiң байланып қалды ма? Неге үндемейсiңдер?! — деп одан бетер шүйлiктi.

Бастарын төмен салбыратқан аналарда әлi үн жоқ. Олар үндемеген сайын бойын ашу бұрынғыдан да керней түскен Сүлеймен шетте отырғанның бiрiн нұқып қалды. Анау “ой” деп иығын ауырсына бiр қырына жантайды.

    • Екi-үш күннен берi бiр тыныштық бермедiңдер ғой бiзге.

Ендi мен сендерге маза бермеймiн.
Осыны айтты да, басы бiреудiң артында, ал денесi серiктерiнiң ортасында қалып, талыстай боп жатқан Аркашаға таяп барды.

    • Әй, Аркаша, тұр! — дедi.

Аркаша тұрмады. Сүлеймен Османның жанында ыңқылдап жатқан Микайға қарады.

    • Микай, айт мынауыңа! Тұрсын! Әйтпесе мұның да аяқ- қолдарын сындырып тастаймын.

Микай қиналып жатса да, Аркашаға Сүлейменнiң сөзiн аударып бердi. Аркаша сонда да тұрмады. Есесiне оның бетiн арқасымен жауып отырған серiгi берi жылжыды. Бас-көзiнен түк жоқ Аркаша қинала әзер демалып жатыр. Қинала, тiлi күрмеле бiрдеңелердi зорға айтты.

    • Оның қимылдауға шамасы жоқ. “Кешiр, ендi тынышталсайшы. Бiз толық жеңiлдiк” деп жатыр саған, — дедi Османмен бiрге келген қазақ.

    • Ә, әкеңнiң... Мен мыналармен әуре боп, сендер жайында ұмытып кетiппiн ғой. Бағана осыларға болысып, неге бiзге қарсы шығасыңдар? Өздерiңдi де бiр тәубеге келтiрiп қояйын. Бұдан былай қайдағы бiреулерге жақтаспайтын боласыңдар, — деп әлгi қазақты бiр қолымен, жанында отырған бiреудi тағы бiр қолымен ұстап тұрғызды да екеуiн бiр-бiрiне соғып, сiлейте салды. Одан соң қан-жосаға бөккен жағымпаз, ұзын қазақтың жағасынан ала тiк көтердi: — Османның аяғын жалап, сен хайуанға не көрiндi? Сендей намыссыз жер басып жүргенше, қара жердiң астында жатқаны абзал. Буындырып өлтiре салайын ба, осы?!

Қорыққанынан қалшылдап кеткен анау сорлы Сүлейменнiң аяғына жабысты:

    • Көкежан, құлың болайын. Тек өлтiре көрме. Осман менi

жанындағы баскесерлерiмен қосылып, әбден қорқытып қойған. Бiр рет ұрлыққа бiрге қатысып, ұрланған жылқылардың үшеуiн жоғалтып алып едiм, мойныма соларды өмiр бойы қарыз етiп iлiп қойды. Қатынымды да тартып алды. Жо-жоқ, тартып алмады. Көзiмше зорлады. Қит етсем, “өлтiрем” дедi. “Ұрланған малдарды саған артып соттатып жiберемiн” дедi. “Бала-шағаңды қырам” дедi. Жаңа көрдiңiз ғой, өзiнiң қандай қабылан екенiн. Сiзден де қорықпай, төбелеске шықты. Ал бiздердi ол оп-оңай жайғай салады.

    • Ой, жетесiз. Осынша қорлыққа шыдағанша, оған пышақ салып өлтiре салмайсың ба? Османға қосылып, саған әңгi есектей ақырып жүрген мыналардың қайсысы? Тап қазiр кегiңдi алып берейiн.

    • Олардың көбiсi мұнда жоқ. Екеуi бар. Бiрақ ол екеуiнiң жаңа ғана дап-даласын шығарып тастадыңыз. Ендi жiберiңiзшi жағамды, көкежан. Бүгiннен бастап сiзге қызмет етейiн.

    • “Сiзге қызмет етейiн” деп өз намысыңды өзiң аяққа таптама. Кiммен болса да, кеудеңдi тең ұста. Берi кел, Осман мен жаңағы екеуiн аяғыңа жығып, кешiрiм сұратайын.

Сүлеймен оның жағасынан сүйреп, бiр-бiрiне соғысып, есеңгiреп отырған екi қазақтың жанына алып келдi.

    • Сен екеуiң мынаның... әй, атың кiм едi? Жаманбай дейсiң бе? Осы Жаманбайдың аяғына жығылып, рақымшылық сұраңдар! Бол деймiн сендерге! Маған қарап неге бажыраясыңдар? Ақыры әлсiзге әлiмжеттiк көп жасайды екенсiңдер. Ендi мен сендерге күштiлiк көрсетейiн. Әй, жығылыңдар аяғына! — деп екеуiн қойып-қойып жiбердi.

Зiл батпандай қол бастарына тигенде, екеуi соққыны ауырсына көздерiн жұмып, Жаманбайдың аяғына құлады.

    • Қатем болса кешiр! — дедi бiрi.

    • Сенiң мұндай қамқоршыңның барын бiлмеппiз. Өткен зорлық-зомбылығыма рахым еткейсiң, — деп мiңгiрледi екiншiсi.

Екеуiн Жаманбайдың аяғына жығып берген соң Османға келдi. Ол әлi ес-түссiз жатыр.

    • Қозғап көршi. Тiрi ме өзi? — дедi Сүлеймен.

Жаманбай Османды ары-берi қозғады. Осман ыңырси көзiн ашты да, қайта жұмды. Сосын ыңқылдай, басы мен денесiн сипап, “уһ” деп бiр күрсiндi.

    • Тiрi екен, — дедi Жаманбай.

    • Онда көзiн ашқыз да, бетiне бiр түкiр. Сөйт те, табаныңмен бетiн басып, кегiңдi ал.

    • Көкежан-ау, бұл Осман ғой...

    • Қайтем, Осман болса! Мұны айтып тұрған менiң кiм болғаным сонда?!

    • Ә, көкежан, дұрыс, дұрыс. Ендiгi мықтымыз — сiз екенсiз- ау, — деп Жаманбай сұқ саусағымен Османның көзiн ашты. Ашып тұрып: “Тiфә, қарабет жүзiңе”, — деп бетiне былш еткiзiп бiр түкiрдi. Түкiрiп болған соң етiгiнiң табанымен бетiн мыжғылап- мыжғылап алды.

    • Ендi Аркашаның адамдарын аяғыңа жығылтам. Жүр!

    • Ойбай, көкежан, олар маған ештеңе iстеген жоқ қой.

    • Бұлар сенiң жауың — Османның достары. Ал жауыңның досы — сенiң де жауың. Жаңа айтқанымды iстеймiн деп едiң, ә? Олай болса, iсте айтқанымды. Әйтпесе сенi де осылардың қатарына жатқызып тастаймын. Алдымен мынау алдымыздағы Микайдан бастайық...

Жаманбай вагон дуалына сүйенiп отырған Микайдың кеудесiне бiр тептi. Микай сорлы үн шығармаған күйi бiр жамбасына сылқ түстi. Жаманбай оны қоя сап, жанындағысының басынан қойып қалды. Осы кезде вагон есiгi ашылды да, арғы жағынан бiр топ солдат көрiндi.

    • Өй, мыналар неге қирап жатыр? — дедi олардың алдарындағы қазақ офицер.

    • Ей, бiр-бiрiңдi өлтiрiп тастағаннан саусыңдар ма? Ойбай, мынау жатқан Аркаша ма? Осман бұзық та сiлейiп қалыпты ғой. Бұларды кiм жайратты?

Қазақ офицер осыны айтып, вагон iшiне кiрдi. Аркаша мен Османды түртiп-түртiп көрдi де сырттағы солдаттарға:

    • Бастыққа хабар берiңдер. Мұнда сұмдық төбелес болыпты.

Содан соң зембiл әкелiңдер. Мына екеуiн түсiрiп алмасақ болмас, — деп айқайлады.
Солдаттар зембiл әкелдi. Бiрнешеуi жабылып, Аркаша мен Османды оған салып, сыртқа әкеттi.

    • Кiм төбелестi бастаған? — деп ақырды әлгi офицер. Сосын Сүлейменге қарады. — Сен-ау деймiн бәрiн қырып тастаған. Жүр, бастықтың алдына барамыз.

Бұл кезде вагон есiгiнiң алдына басқа бiр қазақ офицер келiп, iшке қарап тұрған. Сiрә, ол бастық болса керек. Сүлейменге сөйлеген қазақ офицер оған орысша тiлмен әлденелердi айтып бердi. Сосын:

    • Жүр! Түс алдыма! — дедi Сүлейменге наганын соза.

    • Алдымда сен жүр. Мен артыңнан жүремiн.

Әскери қазақ бастығына бiр, Сүлейменге бiр жалтақ-жалтақ еттi.

    • Қасымов, бiр рет осының айтқанын iстесейшi. Сен түсшi алдына. Артыңнан жүрмесе, бұрыла сап ата саласың. Мұндай дәу қазақтың еш болмаса, денесiн сыйлайық. Күллi Жетiсуды шулатқан Осман мен ешкiмге дес те, бас та бермейтiн Аркашаны кемтар қылып тастаған мұның дегенiне бүгiнше көнейiкшi. Қане, Қасымов, түс алға! — деп бастық қазақ бұйыра сөйледi.

Үлкен кiсi айтқан соң Қасымовтың Сүлейменнiң алдына түсуден басқа амалы қалмады. Оның соңынан Сүлеймен ердi. Қызыл кiрпiштi үйдiң алдына келгенде бастық қазақ:

    • Баяғы батыр ата-бабаларымыздан неге аса iрi жiгiттер қалмады деп кейде ойлаушы едiм. Бар екен-ау, сондай жiгiттер. Бiрақ аз. Олардың өзi қарақшылық, болмаса ұрлық жасап, үкiметке қарсы шығып, сотталып кетедi. Еһ, қазақтың бәрi Қабанбай мен Бөгенбайдай немесе Қажымұқан мен осы жiгiттей болса ғой,— дедi күрсiнiп. — Содан төмен қарап бiраз ойланып тұрды: — Неғып қалшиып қалдың? Iшке кiрейiк. Сенен вагондағы төбелестiң мән-жайын сұрайын.

Артынан Сүлеймен кiрдi. Кiре берiстегi темiр торлы есiгi бар үлкен бөлмеде бағана вагоннан түскен сотталушылар отыр. Аркаша мен Осман зембiлде жатыр. Оларға қарап тұрған Сүлейменге солдаттар:

    • Бұл жерде тұрмай, ары қарай өтiңiз, — дедi. Дәлiз бойымен жүрген Сүлеймен ашық есiкке тiрелдi. Есiк аржағындағы үстел басында жаңағы кiсi тұр.

    • Берi кiр, Сүлеймен, — дедi ол. Сосын солдаттарға бұйырды:

  • Ұзап кетпей, есiк алдында тұрыңдар!

Сүлеймен оның қарсысына келiп отырды. Бастық қазақ бұдан не үшiн сотталғанын және вагон iшiнде нелiктен төбелескенiн сұрады. Сөзге сараң Сүлеймен болған жайттарды қысқа-қысқа қайырып айтты.

    • Иә, бiр бұлар емес, зонаға барғаныңда, мұндайлардың талайы кездеседi әлi саған. Қазақсың ғой, қазақ болғанда қандай мықты жiгiтсiң. Сол үшiн де сенi сыйлап отырмын. Әйтпесе, осы тiрлiгiң үшiн артыңнан қағаз жазып, жазаңды одан бетер ауырлатып тастар едiм. Ал мен ондайға бармаймын. Сен — сотталушы, мен — милиционер болсам да айтайын. Ешқашан ешкiмге есеңдi жiберме. Содан соң мынау есiңде болсын. Барған түрмеңнiң паханын ұрып жықсаң, сол жердегi қожайын өзiң боласың. Бiрақ ешкiмге өздiгiңнен тиiспе. Ал өздерi тиiссе, мынау Аркаша мен Османға ұқсатып, аямай сiлiкпесiн шығарып таста.

    • Маған жаны ашып, сыр айтып отырған мiлисаны бiрiншi рет көрiп отырмын. Ақыры сыр айтып қалдың ғой, анау Аркаша мен Османның жағдайы не болады ендi?

    • Бiр сарбазды көршi стансадағы доқтырды алып келуге жұмсадым. Екеуiнiң жағдайы — сол келгеннен кейiн белгiлi болады. Оны неге сұрадың? Саған бәрiбiр емес пе.

    • Тегi сұрап жатқаным да.

    • Иттер қанша сотталса да, босанып кететiн едi... Жатсын ендi осылай. Қазiр пойыз жүредi. Ешкiммен ерегiспей вагонға кiр. Мен саған адамгершiлiк жасадым. Сен де маған жаса. Қолымда билiк болса, сенi босатып-ақ жiберер едiм. Бiрақ амалым жоқ.

    • Ниетiңе рахмет, бауырым. Айтшы, бiздi қандай жерге апара жатыр?

    • Сiбiрде Новосiбiр деген қала бар. Соның түбiндегi орманда үш лагерь бар. Сенi және достарыңды сол лагерлердiң бiрiне апарады.

    • Ұзақ жүремiз бе?

    • Жиырма күндей. Ал, Сүлеймен, бар ендi. Жаңағы айтқан сөзiмдi ұмытпа. Қарауыл, әкетiңдер мынаны!

Шығып бара жатқанда Сүлеймен оған бұрылды:

    • Айтпақшы, менiң бiр досымның қабырғалары сынып, орнынан тұра алмай жатыр. Соны...

    • Әй, оған менiң көмектесер шамам жоқ. Оны алып қалып, лазеретке жатқызатын пәрмен де жоқ менде. Жететiн жерлерiңе дейiн амалдаңдар. Одан соңғысын көрерсiңдер.

Сүлеймен вагонға келгенше оны “қазақ үшiн жаны күйетiн жiгiт екен-ау. Әйтпесе, мiлисалардың талайын көрiп жүрмiн ғой. Бiреуi қамалғандарды адам орнына санамайды. Әсiресе, мынау Қасымов сияқты жаман текедей бақылдағыш әумесерлер мiлиса боп жүргендерiне мәз. Адамшылық сана, бiр мейiрiм болсайшы бұларда” деп ойлап, есiктен аттай бергенде, оған ала көзiмен бiр қарап едi, ол:

    • Ендi доқ қылсаң, атып тастай салам. Кiр, кiр тезiрек! — деп тағы наганына жармасты.

Сүлеймен оған сөйлегiсi де келмедi. Вагонға лып етiп кiрiп кеттi.

    • Дәу болса да, мысық сияқты жылдам-ә, — дедi анау есiктi жауып жатып.

    • Қызыл үйдiң iшiне кiргiзiп алып, не дедi мiлисалар? — дедi Төрекелдi бұл орнына отырғанда.

    • Бастығы жақсы адам екен. Бiраз ақыл айтты. “Дәулерге есеңдi жiберме”,— дедi.

    • Ой, шiркiн, нағыз қазақ екен-ау!

Аз уақыттан соң пойыз жылжыды. Содан бiр түн тоқтамай жүрдi. Таң ата бiр жерге тоқтады. Одан соң тағы жүрiс. Не керек бiр тоқтап, бiр жүрген пойыз әнеукүнгi мiлиса бастығы айтқандай, жиырма күндей жүрiп, орман iшiне келiп тоқтады. Сүлеймен терезеден сыртқа көз тастап едi, қырғын қарулы солдаттар мен қос аттан жегiлген бiрнеше үлкен-үлкен шана- арбаларды көрдi. Бiрнеше күн бойы вагон iшiнде отырып, әбден ығыр болғандардың бәрi мұнымен таласа терезеге жармасып: “Қай жерге келдiк? Туу, орман деген осы екен ғой!” — десiп таңырқасып жатыр. Жүруге жарап қалған Микай терезеден бiр қарады:

    • О-о, жеттiк-ау әйтеуiр жететiн жерiмiзге. Қазiр бәрiмiздi анау шаналарға мiнгiзiп, түрмеге апарады. Бұрын бұл жердi көрмегенсiңдер ғой, ә? Бiздiң елдiң суығы бұл жердiң суығына қарағанда түк емес. Қазiр март айы ғой-ә. Бiз жақта көктем

шығып қалды. Ал мұнда күн әлi суық. Түрмедегi казармаларға жеткенше бiразыңның мұрын, құлақтарың үсiп кетпесе болғаны. Аздан соң адам құлағына жайсыз тиетiн дыбыспен шиқылдап, вагон есiгi ашылды. Бұрын стансаларда тоқтап, мiлисалар нан таратқанда, қарауыл солдаттар онша көп болмайтын. Ал мына жерде олар өте көп. Елушақты бар-ау. Оған оншақты офицерлердi қосыңыз. Вагон есiгiнiң тура алдында тұрған офицер бiр қолындағы қағазға қарап, сотталушылардың аты-жөнiн атай бастады. Аты аталғандардың бәрiнiң түгел екенiне көзi жеткен соң ол бiрдеңе деп айқайлады. Сүлеймендер оның орысшасын түсiнбегендiктен Микайға қарады. Микай бұлардың көзқарасын
бiрден түсiндi:

    • Бiр-бiрлеп түсiңдер деп жатыр.

Вагондағылар түсе бастады. Түскенiн түскендей солдаттар қолдарын артына қарата байлап, шанаға мiнгiздi. Сүлеймен түскенде, қолында қағазы бар жаңағы айқайлаған әскери адам бiр сәт аңтарылды. Сосын басын бiр шайқады да, жанындағыларға күбiр еттi. Бойлары Сүлейменнiң иығынан ғана келетiн екеуi Сүлейменнiң қолын байлап, шанаға отырғызды. Сүлеймен ендi байқады. Айнала қоршап тұрған қарулы солдаттардан басқа атты солдаттар да көп екен. Олар анадай жерде қаз-қатар тiзiлiп тұр. Бәрiн шанаға мiнгiзiп болғанда, аттылы солдаттар жақындап келiп, көлiктердi қоршай тұрды. Төр-бес шананың әрқайсының алдына бiр-бiр қарулы солдаттан отырды. Бағанағы әскери адам “Марш!” деп бұйрық бергенде, алдында отырған солдаттар божыны қақты. Шаналар сырғи жөнелдi. Шаналардың жан-жағы
мен соңынан атты солдаттар iлестi.
Суыт жүрген шаналар лезде қалың орманның iшiне кiрдi. Жаңа вагоннан шыққанда байқамапты, күн шынында аса аязды, суық екен. Орман iшiне кiргенде соттаушылар қалтырап, бiр- бiрiне тығылды. Қолдары артына байлаулы олар бiраздан кейiн тiптi шыдай алмай, қозғалақтай бастады. Бiрақ қылар айла, iстер амал жоқ. Микай айтқандай, лагерьдегi казармаға жеткенше шыдау керек.

IV


Жолай Сүлеймен жан-жағына көз тастады. Айналаны бiр- бiрiне жанаса өскен биiк ағаштар қоршап тұр. Ағаштар ауылдағы сияқты емес. Аса жуан да емес. Бұтақтары басына шыққан, түп- түзу қоңыр, ақ түстi ағаштар. Ал қар онша қалың емес сияқты көрiндi. Шана да, жан-жақтағы аттардың тұяқтары да, оған батпай келедi.
“Итжеккен деген осы-ау” деп ойлады. Баяғыда ауылда бiр кiсiнi өлтiрiп қойып, итжеккенге барып келген бiр кiсi бар едi. Онда жастау болатын. Ол кiсi итжеккен туралы небiр қорқынышты әңгiмелер айтатын. Сол әңгiме есiне түскен Сүлейменге мынау орман түк қорқынышты көрiнбедi. Қайта бұдан әр жырасы мен әр құзы қауiпке толы тау он есе қорқынышты.
Солдаттар орман iшiндегi ұзыннан-ұзақ созылған дәлiз секiлдi тар жолмен бiр сағаттай жүрдi. Бұрын мынадай қытымыр, сары аязды көрмеген қазақтардың беттерi мен құлақтары үсуге айналды. Егер шана үстiнде қозғалыссыз отырған оларды тағы бiр сағаттай айдағанда, Құдай бiледi, бәрi құлақтарынан айрылар едi. Бет-ауызды қарыған аязға шыдамай, тiстерi тiстерiне тимей қалтырай бастаған кездерiнде сырғып келе жатқан шаналар кiлт тоқтады. Бурыл атқа мiнген алдыдағы қылыш таққан бiр әскери арттағыларға бұйыра, қысқа ғана сөз айтты.

    • Не дедi анау? — деп Микайға қарады. Микай мана бұлармен бiр шанаға отырғызылған-ды.

    • “Шанадан түсiңдер” деп жатыр.

    • Айналада ештеңе жоқ қой. Әлгi айтқан ләгiрлерi қайда?

    • Лагерьге әлi ұзақ. Ары қарай шана жүре алмайтындықтан, бiздi ендi жаяу айдайды.

Бұл уақытта алдыңғы шанадағылар жерге түсе бастаған. Оларға қарап отырған Сүлеймендер не отыра берерлерiн, не жерге түсерлерiн бiлмедi. Тапжылмай отырған оларды көрген бiр солдат атын ойқастата шауып келдi:

    • А ну, слезьте все из саньки! — деп ұзын қамшысымен отырғандарды салып-салып жiбердi.

Қамшы тиген Микай мен үш-төрт қазақ аунап-аунап шанадан түстi. Олардың арттарынан басқалар да асығыс-үсiгiс түсе
бастады. Қабырғаларын әлi ауырсынатын Ажан да заматта жерге секiрiп кеттi. Ал Сүлеймен асыққан жоқ. Шана артына қарай құйрығымен жайлап жылжыды да шетiне iлiнiп, аяқтарын жерге салбырата түсе бергенде, жаңағы қамшы сiлтеген солдат мұның жайбарақаттығына жыны келiп кеттi ме:

    • Почему ты так медленно шевелишься?! — деп қолындағы дойырмен Сүлейменнiң басына тартып-тартып қалды.

Соққы қалың тымағынан өтпегенiмен, аяз қарыған бетiне ұшы сарт еттi. Аяздың әсерiнен қамшы ұшы түгiлi сәл нәрсе тиiп кетсе үзiлердей боп жаураған беттiң етiне ол сарт еткенде, жаны шыға ақырып жiберiп, атты солдатқа ұмтылды. Ат тұяғын көтерiп тұрған қалың қар мұны көтере алмай, екi аяғы оған тiзеден батты. Алайда қардың қалыңдығын елемей, анаған қарай ентеледi. Өзiне орман қара аюындай атылған Сүлейменге солдат тағы қамшысын сiлтедi. Бiрақ онысы мұны тоқтата алмады. Екi қолы бос болса ғой, оны аттан жұлып, бiрақ мыжа салуы кәдiк-тi. Бiрақ бойын ашу кернеген кезде қандай жағдай болса да, тоқтауды бiлмейтiн Сүлеймен емес пе? Атының ауыздығын тарта кейiн шегiнген солдаттан өш алмай қоймайтындай тағы да ақырып, алға ентеледi. Кейiн шегiншектеген солдаттың атының құйрығы бiр ағашқа тiрелдi. Солдат сасқанынан бiр қолымен атының басын бұрып, бiр қолымен иығындағы мылтығын алуға әрекеттендi. Ат оңға бұрыла бергенде басымен аттың бұғана тұсын бiр соқты. Ат жамбастай құлады. Атпен бiрге сiлейген солдатты тепкiлеп тастайын деген оймен құлаған атты айналып өткенде, екi атты шауып келдi. Не болғанын лезде түсiнген олар мылтықтарын кезедi.

    • Назад! Назад!

Екi солдаттың айтқанынан ес жиған бұл аттыларға бiр, құлаған атқа бiр қарады да кейiн бұрылды. Сол кезде алдағы бурыл ат мiнген кiсi де шауып жеттi. Ат астында қалып, қарға малтыққан анау солдат оған болған оқиғаны түсiндiре бастады. Бурыл атты бiр сөз айтып, қолын сiлтедi.

    • Сүлеймен, бiздiң жанымызға кел, — дедi Микай. — Анау бастық: “Лагерге барған соң көрермiз мұны” дедi. Ендi ерегiспе. Әйтпесе сұраусыз атып тастай салады.

Өзiн ашуландырған бiреудi бiр сiлейтсе, райынан қайта қоятын Сүлеймен екпiнi басылып, серiктерiнiң жанына келдi. Солдат орнынан көтерiлiп, үстi-басын қағып, атына қайта мiнгенде, солдаттар соттаушыларды қоршай алға айдады. Бағана шана үстiнде келе жатқанда қардың қалыңдығы онша бiлiнген жоқ едi. Тұтқындар жаяу жүргенде байқады, қар тiзеден асады екен. Мана жолай солдаттардың аттары да қарға батпаған едi. Ендi аттар да қарға батып, әзер жүрiп келедi.

    • Жаяу жүргеннен өлмеспiз. Ал шана үстiнде отыра бергенiмiзде, сөз жоқ, құлақ-мұрыннан айырылар едiк, ә, — дедi Төрекелдi.

    • Солдаттар сенi “шана үстiнде отыра берсе, үсiп қалады” деп әдейi жаяу айдады деймiсiң. Бұдан ары қарай шана жүре алмайтын болғандықтан түсiрдi бiздi, — дедi Микай.

    • Бағаналы берi қар үстiнде сырғып келе жатқан шаналар ендi неге жүре алмай қалды екен?

    • Орманның табиғатын түсiнбейсiң ғой, Төрекелдi. Айналаңа қарашы, ну орман ендi басталды. Ал ну орманның iшi ағашы аздау жердегiден жылылау болады. Сондықтан қар қатты қатпайды. Шананың табаны батып кетедi. Ендi түсiндiң бе, неге бiздi жаяу айдағанын?

    • Шынында, Микай, бұл жер жылы сияқты. Бұрын орман деген пәлеңдi кiм көрген. Мұнда да күн райы бiздегi тау мен жазықтағыдай әр түрлi болады екен-ау. Бiрақ мен түсiнбеймiн, ләгiрдi бұлар неге сонша ну орманның iшiне салған? Пойыздан түскен жерiмiзге сала салса болмай ма?

    • Елге, пойыз жүретiн жолға жақын салса, сотталғандар қашып кетедi деп қорқады өкiмет. Ал мынадай жерде қашып

көр.

    • Микай, анау бурыл аттағы бастық ләгiрге барғанда маған не көрсетпекшi?

    • Жолда “солдатқа шабуыл жасады” деп лагерь начальнигiне жалоба айтады да. Ол қылығың үшiн сенi бара салып подвалға қамап қоймаса болғаны. Бiрақ сенiң қандай құдiретiң бар екенiн бiлмеймiн. Қанша нарушение жасасаң да, бiреуi бiрдеңе демейдi. Бұрындары бiреу қит етсе, атып тастай салатын. Ой, боже, ондай

сұмдықтардың талайын көрдiм ғой. Ал сенi бiлмеймiн, Құдай қағады-ау деймiн бар пәледен. Әйтеуiр сенде бiр нәрсе бар. Сенен қанша таяқ жесем де, қасыңнан бiр елi қалмай келе жатқаным жоқ па? Сен тек өзiңдi ғана емес, бiздi де талай сұмдықтан қорғауға шамаң келедi...

    • Сен бүйтiп былжырама. Түрмеде менен мықты бiреу шықса, соның артын жалай кететiн сатқынсың ғой.

    • Жо-жоқ, Сүлеймен. Сендердiң қазақтарыңда “ер шекiспей бекiспейдi” деген сөз бар ғой. Алдымен шекiстiк. Ендi бекiсейiк. Барған соң түрме жайының бәрiн түсiндiремiн. Адал дос боламын бұдан былай. Тек сен бiздi қорғасаң болды.

    • Мұнда саған қас бiреулер бар ма?

    • Именно маған емес. Аркашаға қастар толып жатыр мұнда.

Ал менiң Аркашаның тобында болғанымды бiлсе, мен бiттiм.

    • Шын дос бола алсаң, қорғауға бармын.

    • Ризамын саған, Сүлеймен. Кеудең қандай кең болса, мiнезiң де сондай кең. Онша-мұншаны кек тұта бермейдi екенсiң. Нағыз батыр осындай болады. Бұл шын сөзiм. Жағымпаздығым емес.

    • Сен түлкiге сену қиын, — дедi Төрекелдi. — Бiрақ ендi сөзiңде тұрмасаң, басыңды кесемiн.

    • Ендiгәрi сендерге сатқындық жасасам, не iстесеңдер де ерiктерiңде. Мен бiлсем, бiздi төртiншi зонаға әкеле жатыр. Егер ойым дұрыс болса, бiз қара Иванның қолына түсемiз. Тфу, нем бар едi, Аркашаның тiлiн алып, ұрлық жасап. Соның айдауымен небiр қылмыс iстеп, сотталамын да кетемiн. Содан соң жүремiн әр атаманнан бiр қорқып.

    • Ибан деген де атаман ба?

    • Уай-ай, Сүлеймен, ол дегенiң бүкiл Сiбiр түрмелерiнiң қожайыны ғой. Оған мiлисалар да бата алмайды. Небiр мықтыларды заматта ата салатын совет өкiметi оларды неге жоқ қыла салмайтынын бiлмеймiн. Олар дегенiм — Иван және сондай тағы екеу. Совет түрмесi басқаларды құл қылып жұмсап, ең соңғы адамдай қорлап, итше тепкiлеп, қара жұмысқа салса, оларды семiртiп, бағып отыр.

    • Сен Ибанды көрiп пе едiң? Түрменiң оны бағып отырғаны қалай?

    • Мен төртiншi лагерьде болған емеспiн. Бiрақ олар туралы есiткенмiн. Ондағы пахан-атамандардың өмiрiн қазiр айтсам, сенбейсiңдер. Қысқасы, оны барғанда көресiңдер...

    • Прекратить разговоры! — деп айқайлады осы кезде қапталдағы атты солдат. — Идите тихо!

Микай жым болды. Сүлеймен оның сөзiне түсiнбесе де не айтқанын ұғып, ашуы келдi.

    • Немене, Микай. Бiзге сөйлеме дей ме? Қолымызды байлағанымен, тiлiмiздi байлаған жоқ қой. О несi-ай, кәпiрдiң...

    • Шамалары келсе, тiлiмiздi де байлап қоймақшы. Жарайды, сөйлемей-ақ қояйықшы.

Әр күн сайын айдаудың нешеме қиыншылықтарымен ендi- ендi таныса бастаған Сүлеймен солдаттар “сөйлеуге тиым салады” деп ешуақытта ойлаған емес-тi. “Құдай-ау, адамды азаттық пен ерiк-бостандықтан айырғаны былай тұрсын, сөйлесуiне де кедергi келтiредi екен-ау. Тiптi түзге де уақтылы шығармайды. Айдау мен қамаудың азабы — тар торға қамап қойғанында емес, осылайша адамның қалыпты нәрсесiне тежеу салуда екен. Иә, мен сияқты түз бөрiсi мен тау қыраны iспеттес еш тәртiп пен қалыпқа сыймайтын тежеусiз адамның да мойнына қамыт киiлетiн уақыты болады екен де. Амал не? Қол байлаулы. Желкеңе мылтық кезенген көп айдаушының дегенiне әзiрше көнбеуден басқа шара жоқ...”
Сотталушылар орман табанын жапқан жұмсақ қарға малтығып, үш сағаттай жүрдi. Бiр кезде алдарынан тiкенектi сымдармен қоршалған лагерь де көрiндi. Лагерьге кiре берiс қақпада мылтық асынған бес-алты солдат тұр. Бурыл атты қақпаның алдына тұтқындарды тұрғызып қойды. Өзi күзетшiлермен сөйлестi. Онымен сөйлесiп болған күзетшiнiң бiрi қақпаны ашты. Бурыл атты сотталушыларға “Марш!” — деп бұйырды да, өзi алға түстi. Айдалушылар соңынан ердi. Қақпадан өтiп, лагерь iшiне кiргенде айдалғандар тiзеден келген қалың қардан құтылғандай болды. Өйткенi лагерь iшiнде адам жүретiн жолдардағы қар күрелiп тасталыпты. Күрелген қар екi жақта да тау болып үйiлiптi. Үйiлген қардан жан-жақтағы ағаштар да көрiнбейдi.

    • Құдай сақтай көр. Мына қарды кiм үйдiрген сонша? Төбеге қарай қалай лақтырған өзi? — дедi Төрекелдi таңқала.

    • Осындағы жатқандардың бiразына қар күретедi. Бiразына ағаш қырыққызады. Одан басқа не жұмыс бар дейсiң мұнда.

    • Қары бар болсын, Микай. Ал мен тура таудағы тар шатқалда келе жатқан сияқтымын.

Күрелген қар iшiндегi ойма жол солға бұрылғандарында алдарынан ағаштан соғылған ұзын үй шықты. Үйдiң екi шетiнде биiк ағаш мұнара тұрғызылыпты. Олардың бастарында мылтықтарын көлденең ұстаған солдаттар тұр. Үй алдында да бiрнеше қарулы әскерилер бар екен.

    • Уһ, жеттiк-ау әйтеуiр. Бiздi ар жаққа жiбермей мына баракта бiраз ұстайды. Осында он шақты күн “адаптироваться” етуiмiз керек.

    • Түсiнбедiм, не етуiмiз керек дейсiң, Микай? Одан соң мына үйдi барақ дедiң бе? — деп сұрады Аязбек.

    • Барақ емес — барак. Сотталушылар жататын үйледi мұнда барак деп атайды. Осында бiраз жатқызып, келгендердi түрме өмiрiне үйретедi. Содан соң арғы жақтағы барактарға орналастырады. Нағыз лагерьге кiргенiмiз жоқ әлi. Ол анау шарбақтың арғы жағында.

Қазақтар ендi байқады. Алдарындағы ұзын казарманың
екi шетi жаңағы өздерi кiрген қақпаның жанындағы торлы шарбақ сияқты тағы қоршалған екен.

    • Өкiмет те қызық, шарбақ iшiне шарбақ жасап...

    • Қызықты әлi көрген жоқсың. Бұл шарбақтың iшiнде тағы шарбақ бар. Жалпы, бұл лагерь үш-төрт айналма шарбақтан тұрады.

    • Қашатын адам мына казарманың ағаш дуалдарын бұзып-ақ қаша бермей ме?

    • Қашып бопты. Дуалдардың арасының бәрi темiрмен торланған.

Осы кезде барак маңындағы солдаттар бiр-бiрiнен бес-алты қадамдай алшақтап, қаруларын оңтайлай ұстап, тiзiлiп тұра бастады.

    • О, аналарға команда берiлдi. Қазiр бiздi солардың алдына тiзiп қояды да қолдарымызды босатып, iшке кiргiзедi. Туһ, тезiрек кiрсек екен баракқа. Бел жазып, беймарал жатар едiк.

Микайдың айтқаны дұрыс шықты. Әскерилер сотталушылардың аттарын атап тексерiп алды да, қолдарын шешiп, iшке кiргiздi. Барак iшi қуыс-қуыс бөлме екен. Әр бөлменiң есiгi торлы темiр. Сүлеймен, Микай, Төрекелдi үшеуi сегiз адаммен бiр камераға қамалды. Аязбек пен Ажан бөлек кеттi. Камерада оннан аса ағаш кереуеттер қойылыпты. Көрпе- жастығы да бар. Бiрақ ескi. Жыртылып, мақталары шығып кеткен.

    • Ал, Сүлеймен, сен атамансың. Көрпе-жастығы бүтiндеу кереуеттi өзiң таңда. Бұл жерде ендiгi қожайын өзiңсiң.

    • Мен анау шеттегi кереуетке жайғасайын. Бергi жаныма Төрекелдi жатсын. Ал, қалғандарың қалаған жерлерiңе жата берiңдер.

    • Жарайды, атаман. Бiрақ ол кереуеттiң көрпесiн тексерейiк те. Атаманның жыртық матрацқа жатқаны ұят. Ұят емес-ау, бүтiн матрацқа жатып, қалыңдау көрпе жамылу положено, — деп Микай төрдегi кереуеттiң көрпе-жастығын тексере бастады. Сөйттi де тағы да сөйлеп жүрiп, оның матрацын басқа кереуеттiң матрацына ауыстырды. Жастықты да алмастырды. Тура бiр Сүлейменнiң қатынындай қызмет етiп жүр.

    • Әй, болды. Несiне бәрiн ауыстырып жатырсың? Кiм қандай төсекке тап болады, оны талқысынан көредi де. Маған салсаң, қу ағашқа да жата беремiн.

— Болмайды, Сүке, болмайды. Атаманға жайлы жағдай жасауға осы тұрған бәрiмiз мiндеттiмiз. Кейiн лагерьдiң iшiне кiргенде көресiң, қара Иванға тюремщиктер қалай жағымпазданып жүретiнiн.
Неше күннен берi бел жазып жатпаған Сүлеймен, аяқ-қолдарын көсiлте бiр жатуға асықты. Сыртқы қабы сау болғанымен iшiндегi мақтасының ұйпа-тұйпасы шығып, бiр-ақ уыс болған жастықтың үстiне шекпенiн орап қойды да, жата кеттi.
Жатқанымен ұйқысы келмедi. Басқалар қорылға басқанда бұл ары аунап, берi аунап, көз iлiндiре алмады. Жаңа осында кiргенде ұзақ жол жүрiп, денесi қызып келген соң байқамапты, камера iшi суық екен. Жаурай бастады. Жамылғы көрпенiң түк жылуы жоқ, жұқа. Басындағы шекпенiн алып, үстiне жамылды. Содан денесi бiраз жылынды. Бәрiбiр ұйқы келмедi. Сөйлесер
адам болмаған кезде кiсi ойына нелер келiп, кетпейдi десейшi. Есiне сонау Қоқанда қалған Дилда түстi. Қамалғалы берi ол жайында көп ойланған. Бiрақ дәл бүгiнгiдей қатты ойлаған жоқ- ты. “Байғұс-ай, қалай күн көрiп жүр екен? Бәрiнен бұрын не туды екен? Маған кектенгендер бiр зияндық iстеп жүрмесе игi едi оған. Пұсырманқұл бас-көз боп жүрсе жарар едi. Ауылдағы Балдықызымның, Құлажанның жағдайы нешiк? Елге келгенде Тәңкi мен Құлтаннан, жұртты аштыққа ұшыратқан өкiметпен алысам деп жүрiп, қолға түсiп, олар-ға жолыға да алмай қалдым. Әттең-ай, азаттықтың бағасы биiк екен-ау. Ендi жатысым мынау, бiрi — ер, бiрi — кер, бiрi — төр, бiрi — көр сотталушылардың арасында. Ендi елiмдi, балаларымды қашан көрермiн?!”
Әсiлi, Сүлеймен өз тағдыры жайында көп ойламайтын. Оның қатал мiнезi пендешiлiк ойларға аса сирек жол беретiн. Езiле сағынуды, елжiрей аңсауды ол жек көретiн. Бүгiн де елi мен Балдықызды, Дилданы бiраз ойлап жатты да, оларды лезде жадынан шығарды.
Осы баракта бұлар жиырма күндей жатты. Әжетханасы да, жуынатын жерi де iшiнде. Жуынатын жерi дегенде, кең бөлмелi монша емес. Бұрышта — күндiз-түнi бiр тоқтамай ағып тұратын кiшкене құбырлы су. Үнемi кең дала төсi мен тау-қыраттардың етегiнде бұрқырап ағатын өзен-суларға жуынып, адам көзiнен сәл қашықтау тұсқа дәрет сындырып үйренген қазақтарға мына тар қапас қамаудан бұрын — осы екi нәрсе жүдә қиын соқты. Дегенмен “адамға үш күннен соң, көр де жат емес”. Бұған да бойлары үйрендi.
Алғашқы күннiң ертесiне қамалушылардың барлығын бiр-бiрлеп түрме бастығы шақыртқан. Орысша бiлмейтiн қазақтарға Микай перәуәдшiк. Алғашында: “Сендердi түрме бастығы шақырып, сөйлесетiн болса, мен переводчик болам”,

  • деген Микайдың сөзiнен кейiн, әрi қазақтар орыстармен сол арқылы сөйлескен күннен соң бәрi оны “перәуәдшiк” деп атай бастаған. Сүлеймен түрме бастығының алдында Микаймен бiрге бiрнеше мәрте болған-ды. Алдында өздерiн күнiге неге шақырта беретiндiгiн ұқпаған бұлар кейiнгi күндерi оның көңiлiнде бiр пиғылдың жасырынып тұрғанын сезе бастаған. Ол сонысын кеше анық бiлдiрдi.

    • Так, Маменов, садись, — дедi бастық бұл кiргенде түсiн жылытып.

Сөйттi де, жүн басқан саусақтарын алдындағы үстел үстiне жайып салып, күндегi әдетiнше шалқая отырды. Тура орман аюына ұқсас, апайтөс, төртпақ денелi бастықтың бетiнде қанша күлiмсiресе де, залымдықтың табы кетпейтiн. Кеше де солай болған. Микай екеуi алдына жайғасып болғанша, шалқая күлiмсiреген ол, лезде қайта тiктелiп отырды. Папирос алып, тұтатты. “Осы пәле менен күнде не сұрай бермекшi екен? Онсыз да басымнан өткен оқиғалардың барлығын айтып бiттiм ғой. Бұл жақтың орыстары қазақтарға қарағанда тым iрi болады екен. Бәрi бiздiң таудағы қабандар сияқты. Жүздерi де суық”. Түрме бастығы гүж еттi. Сүлейменнiң қазiргi тiлi — Микай. Бастық гүж еткенде, Микай: “Халдерiң қалай?” деп жатыр, — дедi.
Бұл — күндегi алғашқы сұрақ. Бiрақ әңгiме ары қарай басқа арнаға ауысты.

    • Сүлеймен, мен сенiң ел жағыңнан өзiң туралы көп дерек алдым. Мықты жiгiт болғансың. Әлi де мықтысың...— деген бастық шылымын бұрқарата сорып отырып үнсiз қалды. Сосын қалың ойға шомғандай кейiп танытып, тағы бiраз отырды. — Саған мына Микай ана түрменiң iшiндегi бар хал-жағдайларды ендiгi түсiндiрiп те қойған болар-ә? Иә, иә, түсiндiрсе, ондағы өмiр қиын. Ай, қиын. Ондағы барлық тәртiптi бiз үнемi қадағалап отыра алмаймыз. Ерегiскен тюремщиктер бiр-бiрлерiн өлтiрiп жатады. Ал кiмдi кiм өлтiрдi, ол жағын бiзге олар айтпайды. Олардың өз заңдары бар. Сорлы еркектер көтек болып күн көредi. Бұл патша заманынан берi бар нәрсе. Онда жақсы өмiр сүру үшiн мықты атаман болуың керек...

Осында, сен әлi табалдырығынан аттамаған ана шарбақтың iшiнде үш мыңдай адам отыр. Сол үш мыңның қожайыны — үш алып адам. Бiрақ олар бiз үшiн алып та, қожайын да емес. Көздерiн бiр-бiр оқпен жайрата саламыз. Оларды өлтiргенiмiзбен, сондайлар тағы шыға бередi, шыға бередi. Өңкей баскесерлер мен қарақшылар отырған жерде қандай тәртiп болсын. Олар өздерiне- өздерi тәртiп орнатады. Қысқасы, көп сөйлей бермей түсiндiрiп айтсам, былай: Сен мына жаңа келгендердiң iшiндегi ең дәуiсiң. Ал жаңағы iште жатқан қожайындар бiрден сенiң сағыңды сындырып тастауға тырысады. Бұның себебiн өзiң түсiнесiң. Бәлкiм, олар сенiң жолдағы екi атаманды сiлейтiп салғаныңды
ендiгi естiп те қойған болар. Мысалы, мен ол оқиғаны сен мұнда жетпей тұрып естiп отырдым емес пе? Ендеше маған да, оларға да бар нәрсенi жеткiзiп тұратын “құлақ” көп жол-жолда. Қожайындардың құлағына сенiң күштiлiгiң туралы жетiп қалса, олар өзiңдi мiндеттi түрде сұраққа алады. Егер оларға мықтылық көрсетем деп ойласаң, онда өлдiм дей бер. Өлмей қалсаң, үшеуiнiң шұлғауын жуып, аяқтарын сүртiп жүресiң... Жалпы, қалай ойлайсың? Оларға басымдық қыла аласың ба?

    • Өзi тиiспесе, мен өзiмше ешкiмге тиiспейтiн жанмын.

    • Ох, Сүлеймен! Әлi көп нәрсенi түсiнбейдi екенсiң-ау. Жарайды, ертең iшке кiрген соң түсiнерсiң. Алайда менiң не айтпақ болғанымды ұғып ал. Егер ол үшеуiн жеңе алсаң, сенi елiңе қайтарамын. Бұл — түрме бастығының сөзi.

Сүлеймен аңтарылып қалды. Түкке түсiнбей, Микайға бiр, бастыққа бiр қарады. Бастық басқа сөз айтпай, есiктiң арғы жағында тұрғандарға: “Алып кетiңдер мыналарды!” — деп айқайлады.
Өзi үшiн жаңағы сөздiң тосын әрi таңқаларлық болып естiлгенi сондай, Сүлеймен қамау бөлмеге жеткенше асықты. Жоқ, асықпады. Ойының әңкi-тәңкiсi шығып, басына әртүрлi қиял келiп, коридор бойымен ентелей жүрiп, қамау бөлмедегi кереуетiне келiп, бiр-ақ құлады.

    • Ох, ох, Сүлеймен, — деп Микай қолымен басын қыса қасына отыра кеттi. — Түрме бастығы бекер айтпайды. Бiрақ… бiрақ ол қиын жұмыс. Күллi Сiбiрдi шулатқан қара Иванды жеңу... О, боже мой, оны жеңбек түгiлi, адам бетiне қарай алмайтын айбат қой. Ойбай, сен онымен дос болуың керек едi.

Әлгi сөзден еш болмаса ойша нәтиже шығаруға мұршасы болмаған Сүлеймен оның мына зарына күйiнiп кеттi.

    • Кетшi әрi-әй, зарламай! Османды да Құдай етiп көрсетiп едiң ғой. Одан да бастық маған ол сөзiн неге айтты? Соны түсiндiршi.

    • Ей богу, не ойы барын бiлмедiм бастықтың. Тұра тұршы, жаман ақылыммен бiр нәрселердi шамалап көрейiн, — деп Микай қолдарын басынан жiбермеген күйi төмен қарап, ойланып қалды.

Бөлмеде жатқандардың Төрекелдiден басқасы бұл екеуiнiң не айтқандарын ұқпады. Себебi, қазақша түсiнбейдi. Сондықтан болар, жандарына бiрiншi болып Төрекелдi жеттi.

    • Не болды? Түрме бастығы не айтты?

Сүлеймен оған болған әңгiменiң бәрiн айтып бердi:

    • Ендi сен ой тезiне салшы. Бұл оның қай сөзi? Әлде менi ана жаққа кiрген кезде-ақ оларға тиiссiн деп әдейi жаманшылыққа итерiп отыр ма? Айтысы жаман, дәулер мен секiлдi үлкендердi кiрген сәтте-ақ басып тастамақ боп, әрекет етедi екен. Егер айтқандарына көнбесем, басым алынуы тиiс екен. Әйтпесе көтек болмақпын. Мен ондай болсам қара аспан қақырап жерге түсер. Жеңген күнiмде түрме бастығы менi елге қайтара ма? Мәселе сонда боп тұр ғой. Күндегi әңгiмесiнде осы тақылеттес әр нәрселердi айтып отырушы едi. Бүгiн лақ еткiздi. Санам сан- саққа шашырап жатқаны ендiгi.

Төрекелдi де ештеңе айта алмады. Осы кезде Микай ұшып тұрды:

    • О, мен жобалап тұрмын оның ойын. Түрме бастығы қара Иваннан құтылғысы келiптi. Мұны дәл қазiр емес, бұрыннан ойлап жүрген.

    • Құтылғысы келсе, ата салмай ма?

    • Жоқ. Бастықтар кейде түрме iшiндегiлердiң өзара қарым- қатынастарын басқа жолмен де реттеп отырғылары келедi.

Сүлеймен мен Төрекелдi Микайдың сөзiнiң астарынан түк те ұқпады.

    • Сонда қалай?

    • Қысқасы, ертең iшке кiргенде көремiз, — дедi Микай бұларға iшiне бұққан сырын бiлдiргiсi келмегендей. Сосын дереу Сүлеймендi көңiлдендiрейiн дедi ме, күндегi жағымпаздықпен:

  • Түрме бастығының сөзiне несiне қобалжисың? Сенiң басың не көрмеген бас, — дедi күлiп.

“Иә, мына кәпiр дұрыс айтады. Шынында да, бұл бас не көрмей келе жатыр. Ендi басқа не түссе де көремiз”.
Ертесiне мұнда жатқандардың бәрiн iшкi зонаға кiргiздi. Зона iшi кiшi-гiрiм шаһардай. Тұтқындар жататын отызшақты барактармен қатар қырық-елудей қосалқы үйлер бар. Бұларды
тұратын баракқа айдап келгенде, әрқайсысына етегi қысқа бiр- бiр шапан үлестiрген. Сүлейменге шапан тарлық қылды. Бiрақ басқа амал жоқ. Тырыстырып киiп алды.
Әнеукүнгi пойызбен келгендердiң бәрiн бiр баракқа жайғастырды. Ендi Ажан да, Аязбек те топқа қайта қосылды. Төртеуi барактың орта шенiне орналасты.
Төр жақтағы бұрынғы жатқандардың iшiнде оншақты қазақ бар екен. Сүлеймендер барған күнi-ақ солармен шүйiркелесiп, табыса кеттi. Олардың арасында Сүлеймен секiлдi қапсағай денелi бiр кiсi өзiн “Қаппармын” деп таныстырып, қалғандарының да аттарын атап шықты. Өзi Сүлеймендi сырттай жақсы бiледi екен.

    • Мен жайлы қайдан естiп едiң?

    • Өзiңдi көрмесек те, сыртыңнан талай естiгенбiз, Сүлеймен.

Әкем рахметтiк сен жайында көп айтатын.

    • Әкең кiм едi?

    • Мен Қазығұрттағы шегiр Естемес бидiң баласымын. Мынау — Бекмырза, Ұлтанбек байдың баласы. Ал анау жаныс Қосшығұлдың Айтбайы...

    • Әй, әй, тоқта! Естемес бидiң қолынан талай дәм таттық қой. Баяғыда Билiкөлдегi Шымыр Керiмбай болыстың тойына да бiрге барған едiк. О кiсi қашан қайтты өмiрден?

    • Алты жылдай болды. Елге бәлшебектер кәнпiс жасағанда, бәрiмiздi “бай-құлақтың баласы” деп жазықсыздан-жазықсыз соттап жiбердi. Алдында екi жылдай Оралда болып едiк, былтыр осында айдап келдi.

    • Естуiмше, Естеместе мал көп болмайтын дейтiн...

    • Бай баласы ретiнде сотталған мынау — Бекмырза. Менi би- болыс баласы деп соттады.

Содан сонау қиыр Сiбiрдегi орман iшiнде өз жерлестерiмен жолыққан Сүлейменнiң көңiлi бiр сәт көтерiлiп қалды. Сол күнi өткен-кеткендi әңгiме етiсiп, жерлестер ұзақ сөйлестi. Әсiресе Бекмырза әңгiмешiл адам екен. Басына түскенге мойып, жүнжiп кетпептi. Қайта жан-жақтағылардың бәрiн күлдiрiп, небiр қалжың әңгiмелердiң тиегiн ағытты.
Бiр күн өткен соң Сүлеймендер барлық сотталушылар сияқты жұмысқа шықты. Микай дәл айтқан екен. Солдаттар
сотталушыларға күн ұзақ ағаш кескiзедi. Мұнда кешке тамақ бермейдi екен. Азанда жұмысқа айдар кезде бiр және түсте бiр рет екi-үш тiлiм нанмен қоса қара сорпа мен шай бередi. Ал кешке аштан өлсең де, ештеңе жоқ. Талайлар суықтан, аштықтан өлiп жатыр. Сүлеймен екi күннiң iшiнде үш-төрт өлiктi көрдi. Солдаттар сотталғандар-ға бiр шеттен жер қаздырады да өлген адамдарды көмдiре салады. Қыңқ етсең, сен де солардың кебiн киесiң. Күнi бойы тiзеден қар кешiп, ағаш кесу де оңай емес. Кешке қоныштан қар құйылып, әбден су болған етiктi кептiрiп алатын да жер жоқ. Казармаға от жағылмайды.
Арада төрт-бес күн өттi. Бiр күнi жұмыстан қайтып келе жатқанда Бекмырза:

    • Сүлеймен, саған жолда ешкiм Қара Ибан туралы айтқан жоқ па? — деп сұрады.

    • Е, айтқанда қандай. Бiрақ сол Қара Ибандарыңды қанша күн өтсе де көрмеймiн ғой өзi?

    • Мана орыстардан естiп қалдым. Қара Ибан сен туралы сұрастырғанға ұқсайды. Егер осы сөз рас болса, ертең, тiптi бүгiн кешке сенi шақыртуы мүмкiн.

    • Шақырғанда не қылмақ? Сен алдымен оның қай казармада тұратынын айтшы. Қара Ибан, Қара Ибан дейсiңдер. Мына орыстардың қайсысы Қара Ибан? Бәрi дәу ғой бұлардың.

    • Анау шеткi казарманы көрiп тұрсың ба? Сол барактың iшiндегi бұрыштан Қара Ибан өзiне кiшкене етiп бөлме жасатып алған. Бөлмесiнiң iшiнде пешi бар. Кереуетi бiздiкi сияқты жалаң ағаш емес. Көрпе-жастығы жаюлы. Жанында өзi секiлдi тағы екi адам бар. Кейбiр сотталғандар оларға кәдiмгi қатындарша қызмет қылады. Ауқаттарын да алдарына апарып бередi. Ал ендi “менi неге шақыртпақ?” дейсiң ғой. Пойыз үстiндегi атамандарды нелiктен ұрғаның жайында, өзiң жайында сұрайды. Ол осында жаңа келгендердiң бәрiн өзiне шақырта бермейдi. Тек сен сияқтыларды...

    • Мынау Қаппардың да денесi менен кем емес. Мұны да шақырды ма?

    • Мен дәу болғаныммен сен секiлдi атым шықпаған. Сондықтан ол менi не қылсын. Өзiң орысша бiлмегендiктен

байқамайсың да. Әйтпесе дәл қазiр сен туралы әңгiме түрме iшiнде гулеп тұр, — дедi Қаппар.

    • Қалай ойлайсыңдар? Қара Ибан менi бiрден төбелеске шақырар ма екен?

    • Олай ете қоймас. Саған өзi тиiсуден бұрын, итаршыларының бiрiн жұмсауы да мүмкiн. Қалай болғанда да, қорықпауың керек. Әйтпесе итше қорлап, пәле болады.

    • Менi итше қорлаймын деп көрсiншi. Қолында өлермiн.

    • Жә, сабыр сақта, Сүлеймен. Оның әлi не дейтiнi де белгiсiз ғой.

Сол күнi кешке Бекмырза айтқандай-ақ, Қара Ибаннан шақыртушы келдi. Құлақшындарын баса киген ұзын-ұзын екеу баракта отырған бұлардың жанына жақындап:

    • Сүлеймен деген кiм? — дедi шылымдарын бұрқыратып тұрып.

    • Сенi сұрайды, — дедi Микай реңi қашып.

    • Не бiлгiлерi келедi екен? Сұрашы. Микай Сүлейменнiң сөзiн аударып бердi.

    • “Сенi Қара Ибан шақырып жатыр” дейдi.

    • Түсiндiр бұл екеуiне. Қара Ибаның керек болса, өзi келсiн.

Мен оны танымаймын да.

    • Ойбай, Сүлеймен, тура осылай айтайын ба? Менi де қоса өлтiрiп қояды ғой, — деп Микайдың жаны қалмады. — Құрысын, айтпаймын бұлай.

    • Сен айтпасаң, мен-ақ айтайын, — дедi анадай жерде отырған Қаппар.

Сөйттi де аналарға бұрылып, Сүлейменнiң сөзiн түсiндiрiп бердi. Оны естiген анау екеуiнiң көздерi атыздай болды. Содан соң қолдарын бiресе Сүлейменге, бiресе Қаппарға қарата сiлтей, тез-тез сөйледi де, бұрылып жүре бердi.

    • Не дедi мыналар?

    • Не деушi едi. “Қара Иванға тура осы сөзiңдi жеткiзiп барамыз. Бүгiн түнде басыңды алып кетедi ол” деп кеттi. Ойбай, шынымен қазiр Қара Иванның өзi келiп қалса не iстеймiз? О, Құдайым, сақтай көр, — деп Микай алақ-жұлақ еттi.

    • Расында, бара салуың да керек пе едi. Ар жағын көре жатар едiк, — дедi Қаппар.

    • Неге барамын? Мен керек екенмiн, Ибанның өзi келсiн.

    • Қазiр көресiң, ол тағы бiреулердi жiбередi. Ал егер оған да бармайтын болсаң, ерiгiп отырған неме, бар нөкерiн ертiп, өзi-ақ келiп қалуы ғажап емес. О, нағыз қантөгiс сонда болады. Былтыр осындағы бiреу оның шақыртуына бармай қойып, Құдай бетiн аулақ қылсын, кейiн Ибанның өзi келiп, жұрттың көзiнше мойнын бұрап өлтiрген.

    • Түрi тым жаман ба өзiнiң?

    • Қалай айтсам екен. Бойы бiздей бар. Бiрақ бiзден әлдеқайда жалпақ. Ал ендi түрi шынында да жаман. Қолына бiр түссең, әй, Құдай бiледi, сытылу оңай емес-ау. Баяғыда ауылда бiр асау бура бар едi. Соған ұқсатамын со пәленi.

    • Ондай бураның қаншауы кездеспедi маған. Ол сұмырай менi алдына шақыртатындай не кiнә тапты екен менен? Қанша алып болса да, шақыртты екен деп, алдына жүгiрiп баратын қорқағың мен емес.

Сүлеймен етiгiн шешiп, жата бергенде бағанағы екi орыс тағы келдi. Бұл жолы қатарына екi адамды қоса келiптi. Олар да осал емес. Еңгезердей-еңгезердей дәу. Келе салды да әлденелердi айтып, Сүлеймендi жұлқылай бастады.

    • Әй, әй, не керек сендерге?

    • “Алдымызға түсiп жүр” деп жатыр, — дедi арғы шеттегi Ажанның арқасына тығылған Микай.

    • Не дейдi? О, әкеңнiң... — деп ұшып тұрды Сүлеймен орнынан. — Менi зорлап апармақшы ма? Мә, нәлетi!

Өмiрi өзiне ешкiмдi басындырмайтын әдетіне басып, иығынан тартқылағанды бiр ұрды. Анау жанындағы кереуеттен ары тоңқалаң асты. Оны көрген екiншiсi “О-о-о” деп жақындай бергенде, оны тура тұмсықтың астынан соқты. Онысы мұз үстiнде құлағандай, екi аяғы жерден көтерiлiп барып, артқа сылқ еттi. Екi серiгiнiң лезде жер құшқанын көрген үшiншiсi: “Ах, твою мать!” деп жұдырығын түйе жақындады. Оның кеудесi мен ауынан ұстап алды да жоғары тiк көтерiп, анадай жерге лақтырып жiбердi. Ол сорлы бес-алты қадамдай жерде тұрған
кереуеттiң үстiне гүрс етiп соғылып, бiрден ес-түссiз қалды. Қара Ибанның төртiншi итаршысы мұның мұнша жылдамдығы мен күштiлiгiне қайран қалып, көзiн жыпылықтата: “Кончай, кончай” деуге мұршасы әрең жеттi.
Оған ақыра ұмтылғанда, ол ары қарай зып еттi. Қанша жылдамдық қылса да бәрiбiр, оның шапанының артқы етегiнен шап берiп ұстады. Анаған жан керек екен, етегiн тартып қалғанда, шапанын сыпыра шешiп тастап, есiкке қашты.
Сосын “Шеттерiңнен қылғындырып өлтiре салайын!” — деп орнынан тұра алмай жатқан үшеуге ұмтылды. Өзiне шын қауiптiң ендi төнгенiн сезген бергi жақтағысы жандәрмен кереуеттiң астына тығыла беріп еді, аяғынан ұстап берi тартты да, желкесiнен қойып жiбердi.
Бұл кезде анадай жердегi кереует үстiне құлағаны белiн ұстап орнынан әзер көтерiле берген. Сүлеймен кереуеттердiң үстiмен аттап-аттап өтiп, оған жетiп барды. Анау екi қолын жоғары көтерiп: “Сдаюсь, сдаюсь”, — деп тiзерлей отыра кеттi. Оның не айтқанын түсiнбесе де, жеңiлгенiн мойындап тұрғанын бiлдi. Сол үшiн де қаһарынан қайтып, оны ұрмай, берi бұрылды.

    • Осы таяқ жегендерi де жетер. Қой ендi, Сүлеймен, — дедi Қаппар осы кезде.

Жаңағы орыс екi қолын көтергендi көргенде-ақ, есiн жиып үлгерген. Казарма iшiндегiлердiң барлығы тым-тырыс күйде бұған қарап қалыпты. Бәрiнiң жүздерiнде үрей.

    • Неменеге үндерiң шықпай қалған бәрiңнiң? Қара Ибан түгiлi, басқасы келсе де, көресiнi көрсетем! Айда, мыналарды жабылып далаға сүйреп тастаңдар! Жүре алса, жетер баратын жерлерiне. Жүре алмаса қалсын, аязға қатып! — деп айқайлап бердi. — Сөзiн қазақтар түсiнгенiмен, орыстар түсiнбедi. Сондықтан болар ешкiм селт еткен жоқ. — Микай, қайдасың? Әй, қайда кеткенсiң? Түсiндiр сөзiмдi бауырларыңа!

Жауап болмағасын Сүлеймен оны iздеп жан-жаққа қарады. Бекмырза бiр кереует астына еңкейiп алып, бiреуге: “Шықсайшы, шық-ей”, — деп отыр.

    • Ол пәле кереует астына тығылып алған ба?

    • Иә, тығылып алып, шықпай жатыр. Бұл сорлы кiмнен қорқады екен-ә?

    • Тура мыналар секiлдi күйге түскiң келмесе шық берi, Микай!

Микай сорлы сүйретiлiп, кереует астынан шықты.

    • Неге тығылып жатырсың?

    • Ойбай, қорқам. Қара Иванның адамдарын бұлай ешкiм ұрған емес. Ендi өзi келiп, шетiмiзден қырады-ау. Олар келсе, “қазақтарға жақтасып жүр екенсiң” деп бiрiншi маған тиiседi.

    • Тиiссе, маған тиiседi. Сенде несi бар? Жаңағы айтқанымды жеткiз отырғандарға. Сөйт те, өзiң бас болып, мына жатқандарды далаға шығарып тастаңдар.

Қара Иваннан жүрегi қанша ұшса да, Сүлейменнiң айтқанын iстемеуге амалы қалмаған Микай, төрт-бес сотталушыны шақырып, сұлап жатқандарды демеп, далаға шығарды.

    • Ешкiмнен меселдерi қайтпай, әбден құтырып кеткен итаршылардың сазайын бiр бердiң. Бiрақ ақыры не болар екен?

  • дедi Қаппар Микайлар әлгiлердi далаға алып кеткен соң.

    • Не болса, ол болсын. Осындағы он бiр қазақ бiрiгiп, кiм келсе де қарсы тұрамыз, — дедi Ажан. — Айтпақшы, Бекмырза, сендер бiлуге тиiссiңдер ғой, Қара Ибан қазiр бар нөкерлерiн ертiп сау ете қалса, қолдарына пышақ, таяқ сияқты бiрдеңелердi ала келмей ме?

    • Олардан бәрiн күтуге болады. Сен, осы, бұл нәрсенi дұрыс айттың. Уақыт өткiзбей жарамды таяқ-паяқ тауып, қамданып алайық, — дедi Бекмырза. — Олар келiп, сойқан салатын болса, ажыратып алатын түрме қарауылдары да болмайды түн iшiнде. Өзiмiздi өзiмiз қорғамасақ болмас.

    • Қара Ибан қанша адамды ертiп келуi мүмкiн?

    • Құдай оған сабыр берсiн. Көкiректiгiне салынып, сенi “өзiм-ақ жайғаймын, болмаса жекпе-жекке шығамын” деп келсе, өз айналасындағыларды ғана ертер. Ал егер қаһарланып: “Бәрiң соңымнан ерiңдер!” — десе, күллi түрмедегiлер соның артынан iлесiп келерi хақ.

    • Мен бiлетiн Қара Ибан болса, бiр Сүлейменге бола күллi түрменi көтермес. Дегенмен жаңа Бекмырза айтқандай, қолға түскенмен қаруланып отырайық.

Бәрi Қаппардың сөзiн дұрыс көрiп, Сүлеймен мен Бекмырзадан басқа қазақтар төбелеске жарамды таяқ тауып келу үшiн далаға кеттi. Осы кезде аһылеп-уһiлеп Микай келдi.

    • Ой, аналар оңбай таяқ жептi. Барактарына қарай әрең жүрiп кеттi. Жоқ, өздерi зорға жүрген екеуi үшiншiсiн сүйреп әкеттi. Қазiр Қара Иван келедi осында. Мен сендердiң жандарыңда отырмай-ақ қояйын. Анау тамырларымның жанына барайын, — деп арғы шетте отырғандарға қарай жылыстады.

    • Осы сүмелектiң осыншама сужүректiгiн қайтерсiң. Жаңа күлген жоқ едiм, мана кереуеттiң астына тығылып жатқанына ендi күлкiм кеп отыр. О, Құдай-ай, бұл кiмнен қорқады-ай, ә?

    • Кiмнен қорқады дейсiң, Бекмырза. Өзiн қазақтармен бiрге жүредi деген сөз Қара Ибанға жетiп қалмасын деп қорқады да. Бұл қоянжүрек маған перәуәдшiк ретiнде ғана керек болып жүр. Әйтпесе мұның нағыз қорқақ, сатқын екенiн әлдеқашан бiлгенмiн.

Осыны айтып болғанда, далаға таяқ iздеп кеткен серiктерi келдi. Әрқайсысының қолында бiр-бiр шоқпар.

    • Әзiрге тапқанымыз осы болды, — дедi Төрекелдi. — Бүгiнгi төбелеске осылар да жарар. Ал ертең ағаш қырқып жатқанда, сойыл дайындап алармыз.

Содан қазақтар Қара Иванды қалай қарсы алу керектiгiн ойласып, едәуiр отырды. Бiрақ күткен жау келмедi. Сағат оннан асқанда жанына төрт-бес қарауылын ертiп, күзетшi офицер келдi.

    • Барлық бiлте-шамдарды өшiрiп, жатуға дайындалыңдар! Сендер неге бiр жерге жиналып алғансыңдар? А ну, давай, все по местам! — деп әкiрең-әкiрең еттi қазақтарға.

Әркiм өз кереуетiне жылжыды. Он бiр қазақ қатар жататын. Ең шеткi кереует — Ажандыкi. Ал оның жанында Микайдың төсегi. Микай бүгiн өз төсегiне келмей, есiк жақтағылардың арасына жатты. Қара Иван мен қазақтардың арасы бiр жақты болғанша, қазақтарға қосылмайтын сыңай танытқаны ғой мұнысы. Бәрi өз орындарына жайғасып, бiлте-шамдар өшiрiлген кезде:

    • Қайсымыз болсақ та, қатты ұйықтап қалмай, сақ жатайық,

  • дедi Бекмырза.

    • Бiраздан кейiн ұйықтап қалуымыз кәдiк. Бiрақ мынау Аязбек құс ұйқылы. Ұйықтап жатып тышқанның жорғалағаны мен шыбынның ызыңынан да оянып кететiн әдетi бар. Ал Аязбек, қорып жат бәрiмiздi, — дедi Төрекелдi.

Алайда Аязбекке сенiп бәрi бiрден ұйықтай қоймады. Күбiрлесiп, ұзақ уақыт ояу жатты. Ал Қара Иван келмедi. Күте- күте жалыққан Сүлеймен бiр кезде қор еттi.
Түн тыныш өттi. Өз адамдары алдына таяқ жеп барса да, не ойлағанын кiм бiлсiн, Қара Иван түнде қарсы шара қолданбады. Таңертеңгiлiк астарын iшiп, жұмысқа кетiп бара жатқанда Бекмырза айтты:

    • Түнде Қара Ибанның тым-тырыс қалғаны тегiн емес. Бiр нәрсе ойластырған болуы керек. Не болса да қауiптi бүгiн күтейiк. Бәлкiм ол iнiнен шығып, артымыздан жұмыс орнымызға келер.

    • Келсе келсiн, тар барак iшiнде төбелескенше, кең орман iшiнде алысқан жақсы.

    • Ойпырмай, Сүлеймен, еш қорықпайды екенсiң-ау.

    • Әр нәрседен бiр қорқатын болсам, жүрер едiм ғой, өз ауылымда тып-тыныш.

    • Түрме iшi қауiп-қатерге толы. Сонда да сақ болғайсың.

Бiраздан соң сотталушылар өзен жағасына жеттi. Осы жерде олар күнде ағаш қырқады. Қырыққан ағаштарын өлшеп-кесiп, буып, өзенге ағызып жiбередi. Сүлейменнiң естуiнше, топ-топ буылып, ағызылған ағаштарды өзеннiң аяқ жағында бiреулер тоқтатып, жағаға тартып алады екен. Әрi қарай ол ағаштарды неге жарататынын өкiметтiң өзi бiледi...
Жұмыс басына келген соң бәрi бiрден жұмысқа кiрiстi. Қарақұрым адам тұтаса өскен ағаштардың түбiне екеу-екеуден тұра қалып, аралай бастады. Сүлеймен Ажан екеуi бiр ағашты құлатып, екiншiсiн аралап жатқан. Ара ағаш дiңiнiң ортасына жеткен кезде Ажан:

    • Ойбай, Сүлеймен, абайла, арт жақта... — деп бақырып жiбердi де, өзi бiр шетке қарай ыршыды.

Бiр қауiптiң келгенiн заматта сезiніп, Ажан секiрген жаққа
аунады. Осы сәт бiр дәу шоқпар бұлар қырқып жатқан ағаштың түбiне келiп сарт еттi. Тағы бiр аунап, ағаш жаққа қараса, құлақшынын баса киген дәу бiреу шоқпарын тастай салып, қашып барады екен.

    • Кiм-ей бұл? Кiм бұл?! — дедi аузына басқа сөз түспей.

    • Екеумiздi Құдай сақтады. Қара Ибанның адамдары ғой бұлар. Қапыда бiр ұрып, сiлейтiп тастап кетпекшi де. Ойпырмай, мына шоқпар басыңа тигенде, әй, аман қалуың екiталай едi.

    • Қайда қашты сүмелек? Қап, қолыма түссе ғой!

Жан-жақта күдiктi бiр жан жоқ сияқты. Жұрттың бәрi жұмыс iстеп жатыр. Ағаш-ағаштың арасынан тасалап, қашып бара жатқан ешкiм көрiнбейдi. Оның кiм екенiн танымаған соң бiреудi тап басып ұстау да қиын. Оның үстiне сотталушылардың бәрi бiрдей киiнген. Қашқынның да бұлардан айырмашылығы жоқ.

    • Тфу, иттiң кiм екенiн, қайда кеткенiн де бiлмей қалдық- ау, — деп Сүлеймен жерге бiр түкiрдi. — Тфу, қара Ибан нағыз ез екен. Менi алдына алып келуге жандайшаптарын жұмсайды. Одан қалса, тасадан қару кезенетiн сатқындарын тағы жiбередi. Еркек болса, өзi келмей ме айқасуға.

    • Е-е-е, бұл түрмеде бiз әлi түсiнбейтiн көп нәрсе бар-ау.

    • Ерегiскенде бүгiн кешке өзiм барсам ба екен алдына? Қапелiмде шоқпар сiлтейтiн содырыңды жұмсағанша, өзiң жекпе-жекке неге шықпайсың деп бассалайын ба?

    • Бiздi бiреудiң ұрғанын қалай дәлелдейсiң? Әрi мұны ешкiм көрген де жоқ. Бiрлi-жарымы көргенiмен Қара Ибаннан қорыққанынан куәлiкке жүре қоймас. Қой, алды-артымызды абайлап, әзiрше жұмыс iстей берейiк. Кейiн не iстейтiнiмiздi басқа жiгiттермен ақылдасып көрермiз.

Сүлеймен үнсiз араға жармасты. Шынында, Қара Ибанға өз аяғымен барса, оған мойынсұнғаны немесе кiшiрейгенi-нiң белгiсi емес пе? Оның үстiне Ажан айтпақшы, Қара Ибанның “қапияда өлтiрiп кел” деп адам жұмсағанын қалай дәлелдемек? Екеуi жұмысқа қайта кiрiстi. Бiрақ түс кезiнде карауыл солдаттар дауылпаздарын соғып, ысқырып, тамаққа барар уақыттың болғанын бiлдiргенше, бағанағы қаскөй қайта келмедi. Сотталушылардың бәрi бiр сапқа тiзiлiп, алдында асхана орналасқан орталық баракқа бет алды. Әдеттегiдей барлық қазақтар бiр топқа жиналып келе жатты. Ажан бағанағы оқиғаны
айтқан кезде Бекмырза:

    • Иә, осындай бiр қастандықтың боларын iшiм сезгендей едi. Аман қалғандарыңа шүкiр. Ұрған адам өз маңдарыңда iстеп жүрген бiреу болуы керек, — дедi.

    • Әп-сәтте қайда тығылып үлгергенiн бiлмеймiн. Жан- жақтағылардың бәрi алаңсыз ағаш кесiп жатқан адамдар сияқты болды.

    • Иә, жұмсаған адамының мүлт кеткенiн естiсе, иә, ендiгi естiп те қойғаны ақиқат, Қара Ибан қарап жатпас. Бiр сойқанды бүгiн бастайды ол.

Бәрi орталық барак маңындағы асханаға келдi. Алдыңғы лектегi топ асханаға жете бергенде кiдiрiп қалды. Ол кiдiрген соң арттағы саптағылар да тоқтады.

    • Солдаттар бiздi кезекпен кiргiзетiн болды ма, немене? — дедi Бекмырза. — Мұндайлары жоқ сияқты едi ғой.

Осы кезде алдыңғы жақтан: “Ух, блин, Черный Иван сидит на кухне!” — деген сөз гуiлдеп кеттi.

    • Не деп күбiрлесiп жатыр мыналар?

    • Қара Ибан асханада отыр дейдi. Ойпырай, ол мұнда тегi келмеушi едi. Түрмедегiлермен бiрге тамақ iшудi ұят санайды дейтiн. Ананы қара, әшейiнде асхананы қоршап тұратын қарауыл солдаттардың бiрi де жоқ. Қара Ибаннан олар да қорқатын болғаны ма?

    • Не дейдi? Қара Ибан отыр дейдi ме? Мәссаған, мiне, бұл тосын жайт, — дедi Қаппар да асхана жаққа мойнын созып-созып қойып. — Иә, расында отыр-ей. Жанындағы екi дәуiмен қосыла отыр. Ал қарауыл солдаттардың бiрi көрiнбейдi. Мұнда бiр гәп бар. Бiздi айдап келген қарауылдар да кейiн қайтып жатыр.

    • Сүлеймен, көрiп тұрсың ба? Қара Иван асханада отыр. Жан-жақта қарауыл солдаттар жоқ. Мұның себебiн түсiндiң бе? Бiреу әдейi осылай ұйымдастырып қойған. Қара Ибан күллi түрмедегiлердiң көзiнше сенiң сазайыңды бермекшi, — дедi артқы топтағы Микай жүгiрiп келiп. — Мен кеттiм артқа... Ал, Сүлеймен, это твой решающий момент. Чуть қорықсаң — бiттiң… Ойбай, ананың көзiне түскiм келмейдi.

Ол қалай жылдам келсе, солай жылдам кеттi. Оның сөзiн қазақтардың ешқайсысы ары қарай жалғап, ештеңе демедi. Бәрi үнсiз. Сүлеймен өкшесiн соза алға көз тастады. Төр жақта бiреулер құжынап жүр. Қара Ибан көзiне түспедi.

    • Қаппар, сендер оны қай жерден көрдiңдер? Төр жақта кәдiмгi сотталушылар топырлап жүр. Отырған ешкiм жоқ сияқты.

    • Сол тобыр — Қара Ибанның қызметшiлерi. Солардың тасасынан көрмей тұрсың да оны.

Алдыңғы лек баяу жылжып, асханаға кiре бастады. Сүлеймендер де iлбiп басып, бос табақтар қойылған үстелге
жеттi. Әр сотталушы бiр-бiр табақ алып, үлкен темiр ошаққа кезекпен жылжып, жақындай түстi. Темiр ошақтағы қазан басында бүгiн тамақты бөтен адам құйып тұр. Сабы ұзын ожауын ары-берi сiлкiлеп, кезектегiлерге айқайлап-айқайлап қояды. Сүлеймен ошаққа жақындағанда, төр жаққа көз тастады. Төрдегi үстел үстiнде түрi бөтен үшеу отыр. Құдай салмасын, пойыздағы Аркашаның дәулiгi мыналардың жанында түк емес. Үшеуi де қауға сақалды. Әрқайсысының иықтарына екi кiсi мiнгендей. Жандарында тұрған бiреулердiң бойлары отырған олармен бiрдей-ау. Сүлеймен iрi денелi кiсiлердiң қаншауын көргенiмен, дәл мыналардай ерекше жаратылысты адамдарды көрген емес. Ойпырай, осындай да дәу адамдар болады екен-ау. Оған қоса түрлерiн айтсайшы. Адам емес, бет-аузын түк басқан қорқынышты жын-шайтанға көбiрек ұқсайды.
Олар отырған үстел үстi күнде жалаңаш болатын. Бүгiн мата төсеп қойыпты. Әлгi үшеу алдарындағыны қарпып жеп отыр. Үлкен-үлкен сүйектердi жұлмалап, асап жатыр. Жанындағы бiреулер олардың сүйектерi мен шай-суларын ауыстырып, әлекке түсуде.
Күнде бұл уақыттағы тамақ кезiнде асхана iшi айқай-шуға, дабырласа сөйлескен дауыстарға толушы едi. Бүгiн бәрi тым- тырыс. Сораптап iшiлген сорпаның дыбысынан басқа ештеңе естiлмейдi. Тамақ құюшы кiшкене бойлы адам ғана анда-санда шаңқ-шаңқ етедi. Қара Ибанның мысы басып тастағандай, қазақтардың да бiрде бiрi дыбыс шығармайды.
Қазақтар тобының алдындағы Сүлеймен екiншi лектiң соңынан тамақ құюшыға жақындап келiп, бос табағын ұсынды. Тамақ құюшы сорпаның тек суын ғана құйды.

    • Әй, қоюын қоса құй, — дедi Сүлеймен қазан түбiн нұсқап.

  • Ей, Микай, Бекмырза, қайда кеттiңдер? Түсiндiрсеңдершi мынаған. Қоюын құйсын.

Ешкiм сөзiн аудармады. Сүлеймен ары-берi қарады да:

    • Әй, нәлибай. Қоюын нәлибай, — дедi тағы тамақ құюшыға бұрылып.

Анау Сүлейменнiң айтқанын осы жолы ұқты ма, бас бармағын екi саусағының арасына тығып, бұған қарата безеп-безеп қойды
да, бiр қолымен Қара Ивандарды көрсете, айқайлап бердi. Сүлеймен табағына құйылған сорпа суын қазанға төгiп жiбердi:

    • Әй, тағы айтам. Нәлибай!

Ауқат құюшы бас бармағы тығылған саусақтарын тағы көрсетiп, “кет әрi” дегендей, ұзын ожаумен мұның iшiнен түрттi. Бұған қорланған Сүлеймен сөзге келмей, қолындағы табақпен ананың қақ төбесiнен құлаштай бiр соқты. Сонша ауыр соққы тиген анау сынып түскен қазықтай, жерге шаншыла құлады.
Заматта жер құша құлаған оның басынан аққан қан өне бойын лезде жуып, ақ қарға тамып жатты. Тамақ кезегiн күтiп, айнала тұрғандар мына көрiнiске шошып кетiп, гуiлдесе кейiн шегiндi. Ал үстел үстiнде ауқаттанып отырғандар тамақ құйғыштың кейпiне қарауға дәттерi шыдамай, бастарын төмен тұқыртқан күйлерi тым-тырыс. Тыныштықты Сүлейменнiң өзi бұзды.

    • Қап, Құдай-ай, бұлай ұрғым келген жоқ едi сорлыны, — деп терең бiр күрсiнiп, қолындағы бос табақты анадай жерге лақтырды. — Әттең-ай, өзiнен болды-ау. Сәл ғана соққыға қата қалғанын қарашы.

Айналадағылар тырп етер емес. Тiптi бiр сөз айтуға жарамай, өз орындарында қалшиып қалыпты. Осы кезде төрде отырған Қара Иван бiрдеңе деп гүж еттi. Алдында отырғандар дүр етiп, орындарынан көтерiлдi де, екi шетке ысырылды. Сүлеймен солай қарай көз тастады. Бағаналы берi адамдардың тасасынан жөндi көрiнбей отырған Қара Иванның бет-әлпетiн ендi анық көрдi. Бұқаның танауындай болып көрiнетiн кең танауы салбырап, алақандай екi көзi шатынап бұған қадалып отыр екен. Аузына апара берген сүйектiң етiн не жерiн, не тастап жiберерiн бiлмей қатуланған ол, Сүлейменмен көзi түйiсiп қалғанда тағы да баж еттi. Сол-ақ екен, оң жақтағы отырған бiр серiгi тұра келiп, үстiндегi қара күпiсiн шешiп, берi қарай жүрдi. Бет-аузын қалың сақал басқан пәленiң жүзi зәрдей суық. Бойы бұдан биiк. Тiстене, екi қолын ысқылай аюша қорбаңдап, бұған жақындады. Оның алп-алп басқан қадамынан үрейлерi ұшқан бергi жақтағылар да кейiн ысырылды. Бiр сәтте мыжғылап тастай салатындай болған анау, кейiн ысырылғандардың iшiнен бойы кiшкене келген бiреудiң желкесiнен шап берiп ұстай алды. Ол сорлының
үнi шықпай, босанбақ ниетпен ананың қолына жармасты. Бiрақ қарсыласқанын шопақ құрлы көрмеген дәу, оны көтерiп алды да, бұған қарай лақтырып жiбердi. Қаңбақша лақтырылған сорлы Сүлейменге бар денесiмен сарт еттi. Бұл екi қолын тосып үлгерген. Қағып алуға мұршасы келмедi. Ол сылқ етiп, қазандағы ыстық сорпаға түсiп кеттi. Артынша жандаусы шығып, қазаннан секiрiп шығып, қарға аунай бақырып жатты. “Екi түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледi” дегендей, байғұс бекерден- бекер сорпаға түсiп, күйiп қалды. Нақақтан-нақақ жазым болған оны аяп кетiп, орнынан көтере бергенде, анау бұған таяп келiп, ошақтың басында жатқан ұзын ожауды ала салды да, Сүлеймендi қойып жiбердi. Бұл бiр шетке қарай жалтарып үлгердi. Ауа құшқан ұзын ожау жанына күйiгi батып, жерде бақырып жатқан әлгi жазғанның иегiне тидi. Оның заматта үнi өштi.
Бостан-босқа ажал құшқан оған қарап, жүрегi езiлiп кеткендей болды. Оны өлтiрген ананы ендi тiрi қоймастай қаһарланып, ақырып барып қолындағы ұзын ожауға шап бергенде, дәу кейiн шегiндi. Алайда қолындағысын ұстап тұруға амалы болмады ма, әлде Сүлейменнiң жұлқа тартқан ерен күшiне шыдас бермедi ме, әйтеуiр ожаудан оп-оңай айырылды. Сүлеймен ақырып тұрып, оның басынан ожаумен салып қалды. Анау мандайына шоқпар тиген бұқадай екi көзiн жұма, басын шайқап-шайқап тұрды. Сосын дәу денесiн екi аяғы ұстап тұра алмай, тiзесi бүгiлiп, шөге бердi. Сүлеймен ожаумен бастан тағы бiр соқты. Осының бәрi көздi ашып-жұмғанша уақытта болды. Сүлеймен екiншi рет ұрғанда, ожаудың жуан сабы сынып түстi. Дәу ақырын шөккен бурадай, дыбыс шығаруға әлi келмей, әбден аяққа тапталып, мұз қатқаққа айналған қарға тұмсығымен етпеттей құлады.
Қаумалай тұрғандар осы сәт гу етiстi. Өз серiгiнiң серейгенiн көрген Қара Иван орнынан ұшып тұрып, үстелдi жұдырығымен төбелеп, ақырып бердi. Үстел үстiндегi тағамдар жерге шашылып, тақтай сынып кеттi. Жанында тұрған тағы бiр дәу оны иығынан ұстай алып, бiрдеңелердi айтты. Сiрә, жұбатқан болуы керек. Қара Иван оған қарап тұрып, Сүлеймендi нұсқай дiк-дiк еттi. Жанындағысы сыртқы киiмiн сыпырып тастап, ортаға атып шықты. Онысы да әлгiден кем емес. Одан жуандау
көрiндi. Алақандары күректей. Салалы ұзын саусақтарының әрқайсысы кiшкене баланың бiлегiндей. Оң жақ бетiнде кiшкене арықтай созылып түскен тыртық орны бар екен. Қалың сақалы сол тыртықты жаба алмай тұр. Қастары өсiп кеткен шаш секiлдi, екi қабағын жапқан. Мұрны бүркiт тұмсығындай доғал, әрi ұзын. Ерiндерi есек ернiндей. Екi көзiнiң қарашығы жоқ секiлдi. Жанарының iшi тұздай көкпеңбек. Кез келген адам онымен алыспақ түгiлi бетiне де қарауға қорқатындай. Қазандай басына iлiнген құлақтары кiшкентай-ақ. Құдды бiр олар бастың екi жағына iлiнiп тұрған үлкен қал сияқты. Иегi мен басы тұтасып кеткендей, мойны көрiнбейдi. Домаланған зор кеудесi бидай толы үлкен қанардай дөп-дөңгелек. Қолдары тым ұзын, тiзесiне жетедi. Дене-тұрқы тым оғаш, белi мен мықынына ешбiр жiгiттiң құшағы жетпестей жуан келген ол, аузынан түкiрiгi шашырап, ошақ басына жетiп келдi.

    • Выйди сюда! — дедi сосын Сүлейменге шеттi нұсқап, — я тебя сейчас отправлю на тот свет!

Сүлеймен оның сөзiн түсiнбесе де, не айтып тұрғанын ұғып, сол меңзеген шетке шықты.

    • Шапаныңды шеш, Сүлеймен, — дедi осы кезде артта тұрған Қаппар. — Алысуыңа жеңiл болады.

    • Қонышында пышағы болуы мүмкiн, абайла, — дедi екiншi болып Бекмырза.

Қазақтардың бiр-бiрiне кеңес айтып жатқанын сездi ме, Қара Иван жанындағыларға айқайлап, әлдене айтты. Артынша қасындағылар және екi шетте тұрғандар шулап, ысқырып, анаған дем бере жөнелдi. Осы айқайдан делебесi қозған дәу шапшаң қимылмен Сүлейменнiң жағасына жармасты. Бұл шапанын әлi шешiп үлгермеген едi. Жағасына жармаса кеткен оған тойтарыс бере алмай, кейiн шегiндi. Осыны пайдаланған ол, мұны итерiп құлатпақ болды ма, күшене алға ұмтылды. Бiрақ Сүлеймен екi қолымен оның шынтағына жармасып, алға жүргiзбедi. Анау айлалы екен. Осы мезет Сүлеймендi шалып жiберiп, бiр қырына құлатты. Құлап түскен Сүлейменнiң үстiне қона кетiп, тамаққа жармасты. Бұл дереу оның екi бiлегiнен ұстап, оңға аунап кеттi. Онымен бiрге аунаған дәу де, лып етiп тұра келiп,
жатқан Сүлейменнiң тiзесiнен бiр тептi. Тепкi тиген тiзесi бiрден жансызданған сияқты болды. Сонда да, шапшаң күйде берi қарай тағы бiр аунады. Анау тағы да тепкiледi. Сүлеймен ары- берi аунап, денесiне тепкi дарытпауға талпынды. Алайда ұзын аяқтың тепкiлерiнен құтылу мүмкiн болмады. Бiрi тимесе де, бiрi тиiп жатыр. Бұлай жалғаса берсе, өзiнiң оңбай қалатынын сезген Сүлеймен ананың екi аяғын құшақтай алды. Тыпырлап қалған анау еңкейiп, мұның желкесiн тоқпақтады. Жандәрмен қимылдап, орнынан сәл көтерiлдi де, құшағындағы аяқтарды өзiне қатты тартты. Қарсылас шалқалай гүрс еттi. Атылып барып, оны басып қаламын дегенде, анау екi тiзесiн жиып тұрып, мұны кеудеден бiр тептi. Тепкiсi оңай болған жоқ. Сүлеймен бес-алты қадамдай жерге ұшып түстi.

    • Уа, Сүлеймен! Өзiңе жақындатпай, алыстан, алыстан соққы берсейшi!

    • Аяғына жармасып, жерге жық та, бас-көз демей тепкiле! — деп айқайлады осы кезде қазақтар.

Қара Иванның адамдары да қарап тұрмады. Өз серiктерiне дем берiп, айқайлап жатыр. Олардың айқайынан қазақтардың сөздерi бiрте-бiрте естiлмей қалды.
Соққыдан ұшып кеткен Сүлеймен бойын тiктеп алғанда, қарсыласы да орнынан тұрды. Ол екi қолын кеуде тұсына ұстай жақындап, құлаштай соқты. Сүлеймен басын тартып қалғанымен, соққы иек астына тидi. Пәленiң қолы шоқпардай екен, төрт-бес қадам тәлтiректеп барды. Бiрақ құламады. Дәу тағы бiр ұрсам құлатам дедi ме, алшаңдай басып қолын көтере бергенде, бұл мұрын тұстан тiке соқты. Қарсыласы мұндайды күтпесе керек, шалқалап барып құлауға шақ тұрды да, қолын сермеп жiбердi. Бұл жолғы соққысы Сүлейменнiң құлақ шекесiнен тидi. Көзi қарауытып кетіп, сылқ түсуге әзер қалды.
Осы сәт қаны басына шапшыған бұл оған атылып барды да, алқымнан алды. Дәу қарсыластың түкке шамасы келмей тiзерлей бердi. Сүлеймен бас-көз демей тепкiлеп, дәу неменi есiнен тандырып тастады.
Ең жақын екi серiгiнiң жарамсыз күйде қалғанын көрген Қара Иван осы кезде атып тұрды. Тонын шешiп лақтырып жiбердi де, қорбаңдап ортаға таяды.

    • Тебе конец, чурбан! — деп айқайлап, бiрден шабуылға шықты.

Сүлеймен таудай боп үйiлген қардың жанында тұрған. Қара Иван өзiн құлаштай соққанда, еңкейiп қалды. Қара Иванның қолы үйiлген қарға қазықтай боп, кiрш қадалды. Осы сәт Сүлеймен оның бүйрек тұсынан бiр қойды. Қара Иван екi бүктетiлдi. Заматта оны тартып жерге жықты да, ой, соққылады-ай кеп. Қара Иван түк қарсылық көрсете алмады. Денесi iрi болғанымен қопал екен. Аяқ-қолдарын құры бекерге ербеңдеткеннен басқаға қауқары жетпедi. Аздан соң қимылсыз жатты. Ашудан өз-өзiнен шығып кеткен Сүлеймен оның талып қалғанын да елемей желкесiнен тартып, анадай жердегi дәу ошаққа қарай сүйредi. Сол сүйрегеннен сүйреп барып, қара Иванның басын ошақ астындағы отқа бiр-ақ апарып тықты.
Осы кезде жан-жақтағылар бұрынғыдан бетер гуiлдестi. Оған елең еткен Сүлеймен болмады. Қара Иванды өлтiрмей тынбайтындай оның басын ғана емес, күллi денесiн отқа қақтайын дегендей, бiр қолымен ананың белiне жармасып, оны отқа итере түстi.
Жаңа ғана талып қалған Қара Иванның басы ошаққа тығылған соң жаны қайта кiрдi ме, жер жара өкiрiп, аяқтарымен жер тепкiлей, қазан астынан шығуға талпынды. Жан беру — кiмге болса да қиын. Сүлеймен оның басын шоқ үстiнде ұзақ ұстап тұрам деп қанша әрекеттенсе де, ол ары-берi тепсiнiп, ақыры ошақтан басын суырып алды. Сақалы жанып, бет-аузы аршылған шиқандай, қып-қызыл болып күйiп кетiптi. Оның осы адам көргiсiздей жүзiн көргенде айналадағылар гу етiстi. Бiрақ бiрде- бiрi көмекке ұмтылмады. Өкiрiп жатқан Қара Иван қолдарымен күйген бетiн жаба бердi де одан бетер ақырып, қолдарын тартып алды. Шоққа күйген беттi ұстауға келушi ме едi... Сосын өзiнiң осындай күйге түскенiне намыстан жарылардай болды ма, әлде, соққы әбден жанына батқанда, соңғы күшiн көрсететiн қайсар баһадүрлердей күй кештi ме, әйтеуiр айқайлай көтерiлiп,
Сүлеймендi бiр ұрып, құлатып түсiрдi. Бұл одан мұншалықты жылдамдықты күткен жоқ-ты.
Қара Иван қалай жылдам ұрса, сондай шапшаңдықпен мұның үстiнен басып, төмпештей бастады. Бұл басын қорғалап, бiр қолымен оның иегiне жармасты. Күйген иегi шоқтай ыстық екен. Жаралы иегiн ұстай алғанда, жарақаты жанына бұрынғыдан да бетер батқан Қара Иван “а-а” деп тағы жандаусы шықты. Сөйтiп тұрып, қаррсыласын құлақшекеден салып қалды. Сүлеймен бағанағыдай тағы ессiз қала жаздады. Бiрақ басын тез-тез сiлкiп жiбердi. Қара Иван ошақтан шыққанда кеудесiнде оған деген бiр аяныш сезiм оянғандай болған едi, ендi ол жоғалып, қаһарына қайта мiндi. Тiстенген күйi құбыжық бейнеге түскен Қара Иванның бетiнен аямай соққылады. Күйiктiң әсерiнен терiсiне әзер жабысып тұрған оның бетiнiң еттерi мыжғыланып, салбырап-салбырап қалды. Тiптi бiр-екi үзiм ет үзiлiп-үзiлiп түстi. Алайда оған қарамады. Дереу орнынан көтерiлiп, бiр қолымен Қара Иванның желке шашынан, бiр қолымен белiнен ұстады да, тағы да ошаққа сүйреледi. Анау сорлы қанша тырбаңдаса да, қарсыласуға әлi келмедi. Сүйреленген қабандай мұның ырқына көне бердi. Сол сүйрелеген бойда қазан iшiндегi ыстық сорпаға тықты. Басы қазанда, белi ошақ жиегiнде қалған Қара Иван сорлының мықынын қозғалақтатқаннан басқаға хайласы қалмады.
Өлу оңай ма. Екi қолымен өз желкесiн ұстаған Сүлейменнiң қолына жармасты. Сонда да түк қыла алмады. Бұл болса, екiншi қолымен оның бүйрек, өкпе тұсынан өлгенше ұрды. Қатты ашуланғанда жалаң қолының өзi сойылдай болып тиетiн Сүлейменнiң соққысына төтеп бере алмаған, әрi сорпа iшiнде тұншыққан қара Иван ұзақ шыдамады. Әлден соң ошақ жиегiне бүктетiлiп жатқан күйi жантәсiлiм еттi..
Кеудесiн ашу буған Сүлеймен ол өлiп қалды деп, бiрден тынышталмады. Қара Иванның басын қазаннан суырып алып, өзiн шетке лақтырып тастады да, төр жақта топтанған оның жақтастарына шапты. Бiр емес, үш басшысының жеңiлгенiн көрген жандайшап тобыр қатары сетiней, жарыла қашты. Бiр-бiрiне соғысып, кейбiрi сол жерде-ақ құлап түстi. Құлап түскендердiң екеуiн шап берiп, бiр-бiрiне соғып, сылқ еткiздi. Одан соң тағы бiреулерiне ұмтылды.

    • Ойпырмай, мынаны қалай тоқтатсақ екен? — дедi Бекмырза Төрекелдiге жалтақтай қарап.

    • Мына түрiмен тағы бiреулердi жазым етпесе игi едi, — дедi Қаппар.

    • Өзгелерден бұрын өзi де бiрдеңеге ұшырап қалмаса де.

Аязбек ошақ маңындағы су тола шелектi ала салып, Сүлейменге жүгiрдi. Бұл кезде ол Қара Иванның адамдарын ғана емес, қарсы алдынан кездескендердiң бәрiн соққылап, аласұрып жүрген. Құдды бiр оны қой арасында ойнақ салқан қасқырдай дерсiң. Ол жақындай бергенде шеттегiлердiң бәрi жапырлай қашып, тұс-тұсқа безiп кетедi. Микай бастаған төрт-бесеу Төрекелдi мен Ажанның артына келiп тығылды. Оны көрген басқа бiреулер де, бұлардың пана жағына келiп тұра қалысты. Бiр байғұстар асханадағы тамақ iшетiн ағаш үстелдердiң астына тығылды. Сөйтiп, жаңа ғана мұның дәулермен төбелесiн қызықтаған мыңдаған адам ендi оның өзiнен қорқа қашып, шат- шәлекейлерi шықты.
Аязбек су тола шелектi көтерiп, Сүлейменге жақындағанда, ол бiреудiң мойнын бiлегiмен қапсырай құшақтап, қылқындырып жатқан. Сөз жоқ, анау сорлы өлуге шақ едi. Аязбек бiр шелек мұздай суды шашып жiбердi. Бетiне мұздай су тиген Сүлеймен: “О-о-о” деп тiтiркене басын сiлкiп, есiн жиды да, қылқындырып тұрғанын жiбере салды.

    • Есiңдi жи, Сүлеймен, есiңдi жи! Ендi саған қарсы тұрар ешкiм жоқ.

Сүлеймен бетiндегi суды сүрте Аязбекке бiр, әр жерде теңкиiп- теңкиiп жатқан жаралыларға бiр қарады. Сосын сонадай-сонадай жерлерде топтанып, өзiне қарап тұрғандар-ға көз салды.

    • Мыналардың бәрiн мен қираттым ба?

    • Бұлардың Қара Ибаннан басқасы өлген жоқ.

    • Қап, Құдай-ай, ешкiмге қол көтермей, қанша тыныш жүрейiн десем де болмайды-ау.

    • Ендi қайтесiң? Ибанды сен өлтiрмесең, ол сенi өлтiрер едi.

    • Үстiмдегi шапаным қайда? Дене-денемнiң бәрi мұздап барады. Әй, неге мен оны өлтiруге тиiс едiм...

    • Қапаланба, Сүлеймен. Қара Ибан бағана осы асханаға сенi өлтiру үшiн әдейi келген. Мықтылық қылмағаныңда, оның орнында қазiр өзiң жатар едiң.

    • Құдай ақы, мен оны өлтiрем деп ойламадым. Таяқтап тастайын деген шығармын. Қап, осы бiр ашулансам, денеме қатты соққы тисе, көзiме түк көрiнбей кететiнi несi екен-ей...

    • Жаның таза екен, Сүлеймен, — дедi осы кезде бұған жақындаған Қаппар сөзге араласып. — Бiр тентектер бар, бiреудi жықса, болмаса өзi зәбiр көрсетiп өлтiрiп қойса, “менен өткен күштi жоқ” деп масаттанатын. Сен болсаң, өзi тиiсiп, өзi ажал тапқан адамды аяп, өкiнiп тұрсың. Қайтесiң, “Жауды аяған жаралы, болмаса қазалы” деген. Сен тек қорғандың...

Қаппар сөйлеп тұрғанда, шеттегi соттаушылар шу етiсiп, қатарласа бастады. Сүлеймен қараса, жаңа бiрi де көзге түспеген солдаттар арғы шеттен жүгiрiп келедi екен. Олардың артынан жанында үш-төрт қарулы солдаты бар түрме бастығы көрiндi.

    • Мана Микай бiлiп айтқан екен, — дедi Төрекелдi. — Осы төбелестi түрме бастығы әдейi ұйымдастырыпты. Әйтпесе түзге отырғанымызға дейiн аңдып тұратын солдаттардың неғып жаңа бәрi кетiп қалды? Аяр бастық саған ендi ауыр жаза қолданып жүрмесе болғаны.

Жүгiрiп келген солдаттар басқаларға қараған да жоқ. Бәрi келiп, Сүлеймендi қоршай тұрды. Олардың артынан жеткен түрме бастығы ошақ маңында сiлейiп-сiлейiп жат-қандарға кезек- кезек қарап, басын шайқады. Содан соң қасындағы өзi секiлдi шендi бiреуге бiрдеңе деп бұйырды. Онысы солдаттарға қарап, бiрнәрсе айтты. Үш-төрт солдат ошақ басында үюлi жатқан жаман палаткаларды алып, Қара Иванның бетiн жапты. Қалған жаралыларды зембiлге салып әкеттi. Сүлейменнiң қолына кiсен салып, алға сүйредi.
Солдаттар Сүлеймендi бастықтың алдына әкелдi. Бастық топ iшiнен Микайды алдырды. Микай тiлмәш қой.

    • Төбелестi кiм бастады? — дедi бастық.

    • Өздерi тиiстi.

    • Сен өзiң алдымен тамақ құюшыны ұрып, қан-жоса етiпсiң ғой.

    • Ол менi балағаттап, намысыма тидi.

— Оны ұрмасаң да болатын едi, — дедi бастық көздерi шатынай.

  • Оңбағанға саған “тиiспе” деп едiм... Қара Иван бiрдеңе деген

де. Ал ендi осындай iсiңнен кейiн атылып кетем деп қорықпайсың ба? Тфу, несiне сөйлесiп тұрмын сенiмен. Атыласың! Сөз жоқ атамыз. Айда, заприте его в одиночку. Остальным на работу. А трупа закопайте!
Төрт солдат Сүлеймендi итергiлеп, айдай бастады.

    • Азамат бастық! Мыналар менi айдамасын. Айдайтын болса, осы жерде атып тастаса да, бiр қадам жүрмеймiн. Алдымда жүрсiн. Айтқан жерлерiне өзiм барамын.

    • Ух ты, упрямый какой. Ладно, идите вперед.

Бастық айтқан соң төрт солдат алға түскенде, ол соңынан ердi. Күрендi жолмен солдаттар мұны бiрiншi келгенде отырған баракқа әкелдi. Бiрақ көп адам жататын камераға емес, тас едендi, жататын кереуетi де жоқ суық, әрi тар бөлмеге қамады.
Сол камерада үш күн жатты. Үш күн iшiнде қарауылдар бiр үзiм нан түгiлi, бiр жұтым су да бермедi. Төртiншi күнге қарай екi солдат түрме бастығының алдына әкелдi. Ерiнiнен шылымы түспейтiн бастық бөлмесiн көк түтiнге толтырып, әр кездегiдей қатулы отыр. Жанында Микай:

    • Қалай, қабан? — деп сұрады бастық. — Сендерде, қазақтарда күштi адамды қабан дей ме, ал бiзде ондайды осылай атайды. Әлде азиаттарда оның басқаша атауы бар ма? Мейлi, сайтан алсын, азиаттардың қалай атайтынын. Одан да маған әнеукүнгi асханадағы төбелестiң мән-жайын айт.

    • Мынау Микай, бiр Микай емес-ау, сондағы жұрттың бәрi куә. Оларға мен өздiгiмнен тиiспедiм. Төбелестi өздерi бастады.

  • Сүлеймен оқиғаның қалай болғанын шама-шарқынша түсiндiрiп бердi. — Менiң бiр әдетiм жаман. Намысыма, жыныма тиген адамға бiр ашулансам, өлген-тiрiлгенiне қарамай төпелеп тастаймын. Осы жолы да ашумен төбелесiп жатып, олардың қалай соққы жегендерiн де бiлмеймiн.

    • Иә, — дедi бастық сұрланған қалпын өзгертпей. — Иә, шынында мықты жiгiт екенсiң. Оларға қарсы шыққан бiрде бiр адам осы күнге дейiн аман қалған емес. Бұл спектакльде сен жеңiп шықтың. Есiңде ме, “сол үшеуiн жеңсең, елiңе қайтарамын” дегенiм. Неге сонша таңырқай қарайсың? Менiң iшкi есебiм орындалды. Ол есеп жайында сен бiлмей-ақ қой. Бүгiн түсте бiр топ солдаттар сенi станцияға дейiн жеткiзiп, Ташкентке қарай кететiн пойызға салып жiбередi. Документтерiңдi дайындап қойдым. Сенi ерте босатуға шешiм қабылдаған өзiм. Бiрақ

ешкiмге “үш дәудi жеңгенiм үшiн түрме бастығы ерте босатып жiбердi” деп айтушы болма. Осы сөз аузыңнан шықса бiрiншi

  • өзiң, екiншi — мен құримын. Заман, заң жаман дегендей... Саған айтарым, өз елiңе барма. Қазақстанда басқа қалалар көп қой. Соның бiрiне бар. Ә, айтпақшы, Ташкенттi жақсы бiлесiң бе? Тура сонда тарт. Тағы да ескертемiн. Аузыңнан артық сөз шықпасын! Сендей қайсар адам сертке де, сырға да берiк болуы керек. Ал, қош бол ендi. Күштiлiгiңнiң арқасында Сiбiрдiң дәмiн көп татпадың. Тағдырыңа рахмет айт. Бiрақ бұдан былай өкiметке қарсы шығушы болма.

Дәл осылай болады деп, үш ұйықтаса да түсiне кiрмеген Сүлеймен, мына ұсынысқа не айтарын бiлмей абдырады. Тек:

    • Шын айтасың ба, бастық? — деген сөз аузынан әрең шықты.

    • Ой, Сүлеймен! Бастық, әрине, шын айтады. Уай, қандай жолың болды. Мiне, бақыт, азаттық деген осылай аяқ астынан келе салады. Ух, қандай қуаныш! — деп Микай түрмеден өзi босанғандай атып тұрып, мұның қолын алды. — Қап, Құдай менi сендей күштi қып жаратпапты. Әйтпесе, басекеңнiң көңiлiнен мен де шығар едiм.

    • Бұл әңгiме түрме iшiне тарап кетпеуi үшiн Микай, сен де Сүлейменмен бiрге бостандыққа шығасың. Екеуiң бiрге қайтасыңдар. Бiрақ сен де Верныйға, то есть Алматыға емес, басқа қалаға кет. Содан соң сен де аузыңа ие бол. Ие болмасаң, осында қайтып келесiң. Сонда күнiңнiң не болатынын бiлерсiң.

Микай да бастықтың сөзiне сенер-сенбесiн бiлмей, аузы аңқайып бiраз тұрды:

    • Садағаң кетейiн, азамат бастық. Құдайдан кейiнгi рақымды

жан сiз екенсiз, — деп аяғына жармасты. Бастық оның еңкейген басын итерiп жiбердi. Сөйттi де дереу түсiн жылытты:

    • Бiзде жүрек жоқ деп ойлайсыңдар-ау сендер. Бiз де адам баласымыз. Мiне, көрдiңдер ме? Заңды аяққа басып, сендерге рақымшылық жасап отырмын. Ей, конвой, жолға дайындаңдар мынау екеуiн!

Екi солдат келiп, қолындағы кiсендi шештi. Сүлеймен шығуға ыңғайланды.

    • Рахмет сiзге, бастық. Аман тұрыңыз.

    • Өздерiң де аман болыңдар.

Солдаттар екеуiн камераға емес, басқа бiр бөлмеге әкелдi. Бөлме iшi жылы. Кереуеттерi мен орындықтары бар. Ойы ойран- асыр болған Сүлеймен босанатынына әлi сенбеген күйi бiр орындыққа отыра кеттi.

    • Микай, бiздi шынымен босатты ма? Микай сорлы көз жасын әлi тия алмай тұр.

    • Әрине, әрине, Сүке. Түрме бастығы өтiрiк айтар деймiсiң.

    • Әй, сенбеймiн. Солдаттар орман iшiнде екеумiздi атып тастай салса, қайтпекпiз?

Микайдың жүзi сұрланып кеттi.

    • Ә-ә-ә, ол да мүмкiн-ау, — дедi үнi зорға шыға. — Бiрақ... Есiк ашылып, жаңағы солдаттар тамақ, нан алып кiрдi.

    • Жақсылап қарындарыңды тойдырып алыңдар. Бiраздан соң жол жүремiз.

Басқа сөз айтпастан екеуi тамаққа бас қойды. Оны iшiп болғанда, солдаттар тағы кiрiп, бұлардың түрмеге киiп келген киiмдерiн әкелдi.

    • Киiнiңдер.

Екеуi түрме киiмдерiн шешiп, өздерiнiкiн кидi де коридорға шықты. Екi солдат бiрден сыртқа бастады.

    • Әй, Микай, мыналар iштегi достарымызбен қоштасуға мұрсат бермей ме?

    • Солай сияқты.

    • Мұнымыз жараспады-ау.

    • Қайтемiз. Өз еркiмiз өзiмiзге әлi тиген жоқ.

    • Қап, жаңа бастықтан осыны өтiнбеппiн-ау.

    • Ол бәрiбiр келiспейтiн едi.

Сыртқы түрмеден шыға берiс есiк алдында төрт қарулы солдат тұр екен. Iштен шыққан офицердiң бiрi оларға бiр қағаздар мен бiраз ақша бердi.

    • Тура пойызға салып жiберiңдер.

V


Айдан аса уақыт өткенде, Сүлеймен Тәшкенге жеттi. Түрме қақпасынан шыққанда “бастық қулық ойлап, жолай солдаттарға бiздi аттырып тастайтын шығар” деген қаупi бос екен. Төрт қарулы солдат орман iшiмен бiр жарым күн айдап, қолдарына әлдебiр қағаз, аз ғана ақша ұстатып, пойызға салып жiберген. Пойызға мiнгенде жылпос Микайдың қуанғанын айт. Мұны құшақтап, қайта-қайта сүйе берген. Шошқа артқан жамау-жасқаулы тесiк вагонның суығын елемей, әйтеуiр түрмеден құтылғандарына қуанған екеуi он бес күнде Семейге жеттi. Микай сонда қалып, Сүлеймен басқа пойызға ауысқан. Содан жүре-жүре, мiне, Тәшкенге де жеттi. Жолда бұдан құжат сұрап, ешкiм мазаламады. Тек Шымкент стансасында бiр мiлиса бұған ұзақ қарады. Өзіне ол да таныс көрiнген. Бiрақ қай жерде көргенiн есiне түсiре алмады. Ал мiлиса жақындауға батпады-ау деймiн, қарап-қарап тұрып, басын шайқады да ары кеттi. “Қазiр қасына бiреулердi ертiп келiп, мазамды алатын шығар” деп қобалжып едi бұл. Жоқ, мiлиса сол кеткеннен зым-зия жоғалды.
Бiр ай бойы “Тәшкенге жетсем, баяғыда Қоқанда өзi өлтiрмей жiберген, ақырында қан iшiсiп, анда-дос болған Құрақты iздеп табайын. Күн көруiме сол жәрдемдесер. Бәрi жақсы болып, жолыма аз-маз пұл тауып алсам, Қоқанға барып, Дилданың жағдайын бiлейiн” деп ойлап келген. Тәшкенде күн жылы. Жайқалған көктем. Мұнда жеткесiн, бiрден Өрiкзар маңындағы “Алай” базарына барып, Андақұл, Сыбанқұл деген делдалдарды iздеп тапты. Олардан Құрақты сұрады.

    • Құрақтың кiмi боласың? — дедi өзiн Сыбанқұлмын деп

таныстырған түрi сартқа ұқсас ұзын бойлы делдал. — Танысың ба, әлде жекжатың ба?

    • Қазығұрт жақтан келген жекжаты едiм. Атым — Сүлеймен.

    • Онда, Сүлеймен, ертең кел. Мен оған хабар берейiн.

    • Тәшкенде қонатын жерiм жоқ. Бүгiн-ақ ертiп барсайшы.

Болмаса айт, қай көшеде тұратынын.

    • Түрiңе қарасам, кiсi қорқатындай адам екенсiң. Сенiң кiм екенiңдi бiлмей жатып, оған ертiп бара алмаймын. Жататын жерiң жоқ болса, бiр күнге амалда. Анау шайхананың жанында қонақүй бар. Жамбаспұлын берсең, неше күн десең де жатқызады.

    • Уай, соған төлейтiн жамбаспұлым да болмай тұр. Шайханшықты танысаң, бiр күн жатқыза тұр. Қарызымды ертең Құрақтың өзi-ақ төлер.

    • Ол сорлы қарызыңды төлеуге қайдан шамасы келсiн. Жатқан жоқ па, төсекке таңылып. Әй, қойшы, Шымкент жақтан келетiн аш-жалаңаш сұраншақтардың тыйылғаны кеше ғана едi. Әлi елдерiңдi аштық пен жұт жайлап жатыр ма? Пұлың жоқ болса, жатпайсың ба ауылыңда, құйрығыңды қысып. О несi-ай, бұрыннан танитындай маған жабыс-қаны. Қонақүйге баруға пұлың болмаса, ат қораға бар. Бiр түн шөп төсенiп жатсаң да өлмейсiң.

Тәшкендi өз елi санап келген. Iлгерiде бiраз уақыт тұрғанымен, бұл қаланы жақсы бiлмесе де, бұрыннан солай санайтын. Ендi сол елiне келiп, қайдағы бiр сартқа айнала бастаған өз қазағынан осындай кею сөз естiгенде, кеудесiнен ашу лықсып шыға келдi.
Бiрақ өз-өзiн ұстап, керi бұрылды да, бұрыштағы шайханаға келдi. Шайхананың iшiнде адам көп. Шеткi нар үстiнде бiр топ қазақтар отыр. Соларға жақындады.

    • Аман-сау барсыздар ма, бауырлар? — деп амандасты қолын кеудесiне қойып.

    • Өзiң бақуат бармысың? Кел, қатарға жайғас, — дедi төрдегi егде кiсi.

Дастарханның шетiн ала жайғасты. Отырғандар бiр сәт әңгiмелерiн доғарып, бұған үнсiз таңдана қарады. Бiреуi кесемен шай ұсынды.

    • Қайдан, қай ауылдан келген жiгiтсiң, қарағым? Бұрын- соңды өзiңдi бұл базарда кездестiрмеген сияқты едiк, — дедi егде кiсi бұл шай құйылған кесенi алып жатқанда.

    • Қазығұрт жақтанмын. Руым — жаныс. Төле бидiң алтыншы ұрпағымын. Өздерiңiз қай жақтан келiп едiңiздер?

    • Келестiң аяғындағы Бардыүңгiр үстiндегi Елбақ-қойбақ елiненбiз. Қоңыраттың Байларынан тараймыз. Ал анау екi шеткi кiсi Жылғаның сiргелiлерi. Әр жұмада осында мал айдап келiп, саудалап кететiн дағдымыз бар. Бейтаныс қазақ дастархан үстiнде бiр-бiрiнiң атын сұрастырып отырушы едi. Ныспың кiм болды?

Атын айтты. Егде кiсi де отырғандардың жағалай аттарын атап, таныстырып шықты.

    • Мұнда мал айдап келдiң бе, әлде алымсақпысың?

    • Жоқ, Құрақ деген танысымды iздеп келiп едiм. “Осындағы Андақұл, Сыбанқұл деген делдалдарға кездессең, менi тауып

бередi” деп едi өзi. Оларды табуын таптым-ау. Бiрақ әне бiр Сыбанқұл дегенi қисайып, жөнiн айтқысы келмейдi.

    • Сұрап жүргенiң қайсы Құрақ? Оразкелдi Құрақ емес пе? Нақ сол болса, естуiмiзше, оны жөйiт Бекабаның бандылары ұрып, мүгедек етiп тастапты. Соққыдан жұлыны зақымданып, саржамбас боп жатып қалғанға ұқсайды.

    • Анығы солай ғой, — дедi ортадағы мұртты кiсi. — Денi сау болса, жүрер едi күнде осы базарда.

    • Бандылар не үшiн ұрыпты?

    • Кiм бiледi. Қит етiп, бас көтерген қазақты қоймайды олар. Сүлейменнiң есiне Құрақтың Қоқанда айтқан әңгiмесi түстi.

“Сенi өлтiрмесем, Бекаба менi бала-шағаммен қосып қырып тастайды. Өзiңдi өлтiрудiң орнына қан iшiсiп, дос болдық. Ендi Тәшкенге барған соң өзiм мен бала-шағамды Бекабадан қорғауға тырысармын. Жүдә болмаса, бiр өтiрiк айтып, ақталармын оның алдында” деген едi. “Жазған, бәрiбiр Бекабаның қаһарына ұшыраған екен ғой”.

    • Бекаба Құрақтың бала-шағаларына зияндық iстемеп пе әйтеуiр? — Отырғандар сұрақтың мәнiсiне түсiнбей, бұған сұраулы жүзбен қарасты. Бiрақ бұл Құрақ екеуiнiң арасында болған оқиғаны айтпай, әңгiме арнасын басқа жаққа бұрды:

  • Мен Бекаба дегендi көп естiгенмiн. Ол қандай адам өзi? Көргендерiң бар ма?

    • Оны кiм көрiптi дейсiң. Ұзынқұлақтан бiлуiмiзше, Тәшкендегi бандылардың құдайы екен. Ертең көресiң, базар қызған кезде оның жандайшаптары осы жерде өрiп кетедi. Момын, жуас қазақтардың пұлдарын тартып алып, әлiмжеттiк жасайды. Қараман мен Парманқұл сотталып кеткелi берi олар тым құтырынып кеттi.

    • Қараман, Парманқұл дегендер кiмдер?

    • Ә, Тәшкенде осындай қарақшы қазақтар бар едi. Екеуi құтырынған сарттар пен таулықтардың сазайын әбден-ақ тарттыратын. Жақында мiлисалар екеуiн де ұстап, абақтыға қамап қойды. Әттең, ендi солардың орнын басатын бiр батыр шықпай жүр.

Егде кiсi осыны айтып, бiр күрсiндi. Осы кезде базар шетiнен бiр шу шықты. Отырғандар сол жаққа мойын бұрды. Базардың кiре берiсiнде арба жегiлген қос өгiздi жетектеген бiр қазақты
екi қашғарлық жабылып ұрып жатыр. Арба үстiндегi киiз, киiм- кешек, арқан секiлдi бұйымдарды басқа бiр қашғарлықтар талап, екiншi арбаға тиеп алуда. Базар дарбазасының арғы шетiнен шыға келген әлдеқандай жас жiгiт таяқ жеп жатқан қазаққа болыспақ едi, анау екеуi жабылып, оны да ұрып тастады. Ол екеуiне арба үстiнде тұрған сарттар секiрiп түсiп, қосыла кеттi. Қайдан келгенi белгiсiз, қазақтың бiр жас қатыны бажылдап келiп, оларды жұла бердi. Бiрақ аналар оны әйел деп аяған жоқ. Қосыла сабап, сiлейтiп тастады.

    • Мiне, Бекабаның адамдары, — деп қалды отырғандардың бiрi.

Таяқ жеген қазақтар үшiн Сүлейменнiң қаны қызып отырған. Жiгiттен кейiн сұлап түскен әйелдi көргенде тiстенiп, атып тұрды. Нардан секiрiп түстi де, соларға қарай жүгiрдi. Бұл арба маңына жеткенде, екi жiгiт әйелдi тепкiлеп жатқан. Ай-шайға қарамады. Жетiп барған күйi бiреуiнiң желкесiнен ұстап алып, басын арба дөңгелегiне бiр соқты. Екiншiсiн құлаштай соғып топырақ құштырды. Жердегi қазақты екiлене тепкiлеп жатқаны да, қалай жер қапқанын өзi бiлмей қалды. Тағы бiрiнiң “аһ” деуге үнi келмей, бiр серiгiнiң үстiне құлады. Бесiншiсi де солардың кебiн кидi.
Осылайша, әп-сәтте бесеуiн жайғап, алтыншысына ұмтылды. Онысы сақалы белiне түскен, ұзын бойлы, тарамыс кiсi екен. Демнiң арасында жер құшқан өз адамдарына бiр қарап, арбаны айнала қашты. Өзі жылдамдау екен. Қос арбаны айнала, зырылдай қашып жеткiзбедi. Арбаларды тағы бiр айналып қашты да, оның бiреуiнен ұзын бесақаны суырып алды. Бесақаның сабын бiр қолтығына қысып, айырын алға қарата қарсы шапты. Сол екпiнмен келiп, бесақаны Сүлейменге сұғып алар ма едi, егер бұл жылдамдық қылып, қарнына таяп қалған айырға шап бермегенде. Шап бердi де, айырды шетке тартып жiбердi. Айырдың сабынан қатып ұстаған анау екпiнмен Сүлейменнiң кеудесiне сақ етiп соғылды. Бұл оның жауырынынан қапсыра құшақтап, мытып-мытып, жерге бiр-ақ ұрды. Өстiп, алтыншы зорлықшыны жер құштырып, таяқ жеген қазақтарға бұрылғанда, дарбаза жақтан бiреу атпен шауып келдi. Қолындағы ұзын қамшысын ары-
берi сiлтеп: “О, әнәңнiң... қозақ. Улдириб юбораийнми хозир!”

  • деп айқайлай тап бердi. Сүлеймен басын қорғаштап, арбаны паналады. Атты қояр емес. Қамшымен үстiн-үстiн ұрып жатыр. Бұл “қолыма бiр нәрсе iлiгер ме екен” деп, арба iшiн сипалады. Бiр кезде қолына қапшық па, алаша ма, әйтеуiр жұмсақ нәрсе iлiктi. Соны аттыға қаратып лақтырып жiбердi. Лақтырылған нәрсе тура оның бетiне барып тидi. Тигенi былай тұрсын, бет- аузын жаба оралып қалды. Ол бетiнен соны алып тастайын деп әрекеттенiп жатқанында, оны ат үстiнен жұлып түсiрдi. Жұлып түсiрген замат бас-көз демей, тепкiнiң астына алды.

    • Ойбай, әкежан! Ойбай, тоқтатыңыз! Өлдiм, өлдiм, — деп айқайлады ол осы кезде таза қазақшалап.

    • Ә, әкеңнiң... Жаңа ғана басқаша шүлдiрлеп жетiп келiп едiң. Жан қалай, ә?! Қазақша сөйлеп кеттiң, — деп одан бетер тоқпақтады. Ол талып қалғанда ғана әзер тоқтады.

    • Ой, айналайын-ай! Кегiмiздi бiр қайтардың-ау. Осылардың бетiн қайтаратын бiр азаматтың жоғына налушы едiм. Бар екенсiң ғой, арысым!

Таяқ жеген әйел осылай деп, үстi-басының шаңын қағып, жерден тұрды. Осы сәт жерге құлағанның бiрi ыңқылдай басын көтере бергенде:

    • Жат осылай, қатынның тепкiсiн көрiп, — деп оны бiр теуiп өттi.

    • Тепкенiң аз. Бәрiнiң басына бiр-бiр отырып шық, — дедi Сүлеймен. — Жаңа бұлар сендерге неге тиiстi?

— Әдiрем қалғырлар, “алып келген бұйымдарыңның жартысын бiзге берiп кетiңдер” дейдi. “Бермесеңдер бұйымдарыңмен қоса өгiз, арбаларыңды да тартып аламыз” дейдi. Бiз “бермеймiз” деп едiк, көрдiңiз ғой, не қылғандарын. Өткен жолы да бiздi таяқтап, барымызды тартып алған. Анау құрғыр мiлисалар да бұлардан қорқа ма, әйтеуiр ештеңе iстей алмайды.

    • Мiлиса бола ма бұл базарда?

    • Жүрушi едi ғой, күнде екi-үшеуi.

    • Өздерiң қайдан келдiңдер?

    • Бозсудан...

    • Уа-ха! Мыналарға не болған? Қирап қалыпты ғой. Уай, кiм бұларды сонша жайратқан? Әй, сен бе, дәу келiмсек, мұны iстеген? Бағана сөзiңнiң iрiлiгiнен қорқып едiм, “осы бiр нәрсеге ұрынбаса екен” деп. Ай, ертең Бекаба сенiң басыңды алады ғой,

  • деп бiреу екеуiнiң сөзiн бөлiп жiбердi.

Бұрылып қараса, сөйлеген Сыбанқұл екен.

    • Сенiң әлiң алтауына келгенiмен, басқаларына келмейдi. Қазiр-ақ жүзi келедi бұлардың. Табаныңды жалтырат ендi! Кесiрiң бiзге тиiп жүрер. Қанша дәу болсаң да, әлi пiрiңе кездеспей жүрген асаусың-ау деймiн. Неғып бақырая қалдың маған? Жоғалт көзiңдi! Әйтпесе Бекабаға барып, бар қылығыңды өзiм-ақ айтамын. Сосын анау қазандай басың қалсын, бiр жерде кесiлiп.

Оның бағанағы қылығы мен сөзiне үндемеген-ді, осы жолғы мына зiркiлiне тiптi шыдай алмады.

    • Әй, сол Бекабаңа қазiр-ақ ертiп баршы. Оны да, сенi де тап қазiр қатыра салайын! — деп Сыбанқұлдың жанына жетiп барды.

    • Әй, әй, бақырайтпа маған көзiңдi!.. Ойбай, мойным... Әй, өлтiресiң бе, қайтесiң?..

Сыбанқұл сорлының ары қарай сөйлеуге шамасы келмедi. Жағасынан ұстаған күйi жоғары көтерiп, жерге балшықша бiр-ақ ұрды. Сорлы, жерде жатқан қашғарлықтардың кебiн киiп, ол да тiл-ауыздан айырылды.
Бұл кезде бұлардың жанына бiраз адам жиналып үлгерген. Бiрақ бiр де бiрi жақ ашпай, үрпиiсiп тұр. Етпеттей сұлаған Сыбанқұлды тағы бiр ұрмаққа бекiнген. Оның қорғансыз халде екенiн көрiп, ойынан айныды.

    • Пәлi, құр дәу ғана емес, атан бурадай қара күштiң иесi екенсiң-ау. Әп-сәтте бәрiн жайпап тастадың. Ендi өзiңе қиын болатын болды. Бұлардың басшылары сенi құр қоймас, — дедi бағанағы егде кiсi.

    • Осынша қазақ жүрiп, жөйiт пен таулықтарды басындырып қойғандарыңа таңмын. Немене, еркек қалмаған ба араларыңда?

    • Анда-санда базарда басымыз бiр бiрiгедi. Бiреуiмiз — ойдан, бiреуiмiз — қырдан дегендей... Ұйымдасу қайда бiзге?

Сол шашырандылығымызды бiлiп қой, Бекабаның құтырып жүргенi…
Егде кiсiнiң қасына бағана өзiн Андақұлмын деп таныстырған кiсi келдi. Жерде шашалып, жөтелiп, қиналып жатқан iнiсi Сыбанқұлға көз тастады.

      • Мана айттым саған, “Мұны Құрақтың үйiне ертiп бара сал” деп. Әлiңе қарамай қырсықтанып, кiм көрiнгенмен ерегiсуге әзiр тұрасың. Ендiгi күйiң мынау. Бiр жерiң шойырылып қалған жоқ па, әйтеуiр? Жөйiттерге болысып, мұндай қара жынға дауыс көтерiп нең бар? Тұр ендi! Қора жаққа бар.

Сыбанқұл тұрып, үстi-басының шаңын қақты да жөнiне кеттi. Одан соң арба маңындағы таяқ жегендер тұра бастады. Бәрi ләм-мим деп сөз айтпай, базар сыртына беттедi. Тiптi арттарына бұрылмады да.

    • Жүр, Сүлеймен. Құрақтiкiне мен-ақ ертiп барайын. — Ол сорлыны мыналар төсектен тұра алмайтын етiп тастаған.

Сүлеймен Андақұлдың соңынан ердi.

    • Оу, батыр! Ертең жаңағылар келiп, сен үшiн басымызға әңгiр таяқ ойнатса қайтпекпiз? — дедi қазақтардың бiрi.

    • Сендерде несi бар?

    • Оларға дауа жоқ. Сенi тауып бер деп әлек салуы мүмкiн.

    • Ертең өзiм келем.

    • Келмей-ақ қой, Сүлеймен. Тәшкенге жаңа келген адамсың. Жақтасар тамыр-танысың да жоқ. Майып қып тастар. Бiр өзiң қайсыбiрiне төтеп берерсiң? Бiзге не деп тиiссiн? Тиiссе, бiр-екi малымызды тартып алар.

    • Жоқ, көке. Бiр өзiм болсам да, Бекабаны көру үшiн әдейi келемiн.

    • Бекабаның өзi өмiрi келмейдi мұнда.

    • Онда баскесерлерiн көрейiн.

    • Баскесерлерiмен төбелессең, мiлиса оларды ұстамай, сенi ұстайды. Бекаба Тәшкендегi күллi өкiметтi байлап қойған.

    • Бұдан былай мен бiраз уақыт Тәшкенде жүрем. Бәрiбiр кездесемiз ғой олармен. Соны кейiнге қалдырмай, ертең-ақ iске асырайын.

    • Тәшкен бандылардың шаһары. Сақ болғайсың.

    • Сақтандырғаныңызға рахмет, көке. Менiң бiреуге ешқашанда өздiгiмнен тиiспейтiнiмдi бiлiңiз. Бiрақ бiреудiң әлсiз бiреуге әлiмжеттiк қылғанын көрсем, Құдай ақы, шыдап тұра алмаймын, — дедi Сүлеймен Андақұл айдап келген биiк доңғалақты қоқанарбаға мiнiп жатып. — Қазiр Құраққа барып жолығайын. Ол жазған қандай күйде екен? Мүмкiн ертең келмеспiн де. Ал келе қалсам, қайта жолығамыз. Әзiрше, хош бола тұрыңыз.

...Иә, Сүлеймен қаласын-қаламасын, оның өмiрiндегi әр қадамы шытырман, әрi қауiптi жайттарға тап болып тұратын. Бәлкiм оның ғұмыр жолы әу баста-ақ солай жазылып қойылған да шығар. Бәлкiм ол жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде өмiр сүргендiктен, үнемi қатерлi iстерге тап болып жүрген де болар. Әрине, ол да бейбiт күн кешудi, тыныш та жайлы өмiрдi аңсағаны кәдiк. Алайда отыз төрт жасынан кейiнгi өмiрi бiр мың тоғыз жүз қырқыншы жылдардың басына дейiн күллi Өзбекстанды дiрiлдеткен жөйiттермен алысумен өттi. Бұлармен қатар сан соқпақты сергелдеңдi де бастан кештi. Қалай десек те, ғұмыры алыс-жұлыспен өткен Сүлейменнiң тағдыры ешкiмге ұқсамайтын бөлек-тi.


Жалғыз ат жегiлген қоқанарба Сүлеймендi ауырсынып, базар қақпасынан шиқылдай шықты. Әудем жер жүрiп, бiр тар көшеге түскен соң Андақұл сөйлей бастады:

    • Жаңа сен ұрып жыққан жөйiттер Бекабаға барып, болған жайдың бәрiн ендiгi айтып та жатқан болар. Сұм жөйiт ертең, ертең емес ау, бүгiн-ақ отыз жiгiтiн сенi iздетуге аттандыруы кәдiк. Бiраздан соң олар базарға келiп, ылаң салуы мүмкiн. Анада, күз айында Шыршық жақтан келген бiр қазақ осылармен саған ұқсап ұстасып қалып, бiр-екеуiн ұрып жыққанымен, қалғандарына әлi келмедi. Әлi келмедi деппiн, бiрнешеуi жабылып кеттi. Содан оны ұрып-соғып талдырып тастады да, арбаға салып алып кеттi. Ертесiне сол жiгiттiң кесiлген басын базардың кiре берiсiне iлiп қойыпты. Түнде келiп iлiп кеткен де. Сәске мезгiлiнде мiлисалар қаптап келiп, әлгi iлiнген басты алып кеткенше, базардағы жұрттың зәре-құты қашып, аһ ұрумен

болды. Жұрт ол басты кiм кесiп, кiм базар алдына iлiп кеткенiн бiлсе де, қорыққанынан мiлисаға айтпады. Ай, оны мiлисалардың өзi де бiлмей қалған жоқ. Бiрақ Бекабаның бiр де бiр адамдарын қамамады. Керек болса, олардан өздерi қорқады. Қорықпаса, тыймай ма пәлелердiң сойқандарын? Тал түсте-ақ базар iшiнде талайды пышақтап жүргендердi абақтысына тоғытпайды ма? О, Құдай, Тәшкен қайта баяғы гүбiрнәтiр кезiнде тәртiптi едi. Кеңес орнағалы берi тiптi бұзылып кеттi.

    • Жаңағы айтқан Бекабаң қай жерде тұрады? Ол жайлы осыдан бес жыл бұрын Жылғаның қамысты сайында кездескен адам етiн жейтiн бiреуден есiтiп едiм. Кейiн Қоқанда жүргенде де көп есiттiм. Бәрi оның атын айтқандарымен, қай жерде тұратынын, қандай адам екенiн анық бiлмейдi. Сен көрiп пе едiң оны?

    • Көрген емен. Бiреулердiң айтуынша, ол Бозсудың орталығындағы сарқыраманың астындағы үңгiрде тұрады екен. Ал бiреулер “Шыланзарда”, кейбiреулерi “Мыңөрiкте” тұрады дейдi. Ол жақтың бәрi жөйiттердiң қиқы-жиқы үйлерi. Қай үйде екенiн кiм бiлсiн? Ә, айтпақшы, бiз бара жатқан Құрақ оны жақсы бiледi. Қазiр өзiң сұрарсың.

    • Құрақтың төсекке таңылғанына көп болды ма?

    • Қыстың басынан берi шығар.

Арба батпақты көшенi бойлап бiршама жүрген соң Андақұл оны оңға бұрды. Бiр-бiрiне жағалай салынған майда тамдарды артқа қалдырып, тағы бiраз өткенде Андақұл арбаны тоқтатты.

    • Мiне, Құрақтың үйiне де келдiк. Түсейiк.

Өзi Сүлейменнен бұрын түсiп, кiшкене қақпаны ашты да:

    • Құрақ! — деп айқайлады. Бiр бала жүгiрiп келдi.

    • Көкеңе айт, қонақтар келдi де.

Әлгi бала “мақұл” деп зып еттi. Аула iшi тар. Там да пәс екен. Сүлеймен мен Андақұл кiшкене есiктен еңкейiп дәлiзге ендi. Осы жерде аяқтарын шешiп, төргi бөлмеге өттi. Бөлменiң сол жағындағы қабырға түбiнде күркiлдей жөтелiп Құрақ жатыр. Жоқшылық қой, жастық орнына сабан толтырылған қапшық
жастаныпты. Едендегi ши үстiне жыртық-жыртық киiз төселiптi. Алба-жұлба киiнген екi-үш бала пеш түбiнде тығылып отыр.

    • Ассалаумағалейкум, — деп кiрiп келген екеуге Құрақ қадала қарап жатты да:

    • Андақұлмысың? Уа, сенiң де келетiн күнiң бар екен-ау. Ой, жаныңдағы Сүлеймен бе? Пәлi, қайдан келдiң, бауырым-ау! — деп қозғалақтап-қозғалақтап қойды да тұра алмайтыны есiне қайта түскендей, жатқан күйi екi қолын бiрден алға созды.

    • Келдiк қой, Құрақжан, келдiк. Өзiңдi зорға таптым.

Сүлеймен оның қолын алды. Құрақ жата-жата қамкөңiл болып қалған ба, бiрден екi көзiнен жас сорғалап, жылап жiбердi.

    • Жылағаның не, Құрақ? Қайта бiз келгенге қуанып, мәз болмайсың ба?

Құрақтың иегi кемсеңдеп, сөйлеуге шамасы келмедi. Оның осындай бейдауа, қауқарсыз кейпiне Сүлейменнiң жүрегi шымырлады. Құрақтың осы жатысына құдды бiр өзiн кiнәлi санады. “Қап, баяғыда елге өзiммен бiрге алып кетпеппiн-ау. Менiмен бiрге сотталып кетсе де, әйтеуiр аяқ-қолы сау жүрер едi”.
Сүлейменнiң аянышын сездi ме, Құрақ көздерiн екi алақанымен сүртiп-сүртiп тастап, зорлана жымиды.

    • Қалай, Сүлеймен? Аман-сау келдiң бе? Төрге шық. Түнде ғана сенi түсiмде көрiп едiм. Балдар-әй, тулақты төрге төсесеңдершi.

Үйде әйелi көрiнбейдi. Бiр бала тұрып, астында жатқан ешкi бөстектi төрге жайды. Оның бiр шетiне Сүлеймен, бiр шетiне Андақұл отырды.

    • Бұл күйге қалай түсiп жүрсiң, Құрақ? Естуiмше, Бекабаның адамдары өзiңе қысастық жасаған ба, немене?

    • Е-е-е, Сүлеймен, “сорлы сордан көз ашпайды” дегендей, маңдайым сордан көз ашпайтын жазған екенмiн де. Бекабаның бандысына қосылып, сарбаз атанғанымды қайтейiн? Ол топта да таулықтардан көп шеккi көретiнмiн. Ең ауыр да қауiптi iстерге менi жұмсайтын. Оқ өтiне менi жiберетiн. Қит етсем: “Бiзге кiрдiң бе, ендi бiздiң топтан шығу жоқ. Шығам десең — жаныңды бересiң. Одан қалса, барлық бала-шағаңды қырып

тастаймыз. Сол үшiн де алып кел дегендi — алып келесiң, атып кел дегендi — атып келесiң! Басқа жол жоқ”, — дейтiн. Содан жүретiнмiн, оқ пен шоқтың ортасында итаршы болып. Қоқанда сенi өлтiрмей, қайта қан iшiсiп, анда болғанымды Бекаба мен мұнда жеткенiмше-ақ бiлiп қойыпты. Иттiң шапшаң хабар жеткiзетiн жындары бар ма, қайдам. Өзiм де Қоқаннан берi аттанғанда, бiр қауiптiң боларын сезiп едiм. Содан тезiрек жетiп, бала-шағамды алып, бiр жаққа кетiп қалсам ба деп ойлағанмын. Бiрақ Бекабаның үш-төрт жандайшабы менi Қамшық асуының етегiндегi Ахангаран маңында тосып алды. Жандайшаптар жолай ештеңе деместен, бiрден Бекабаға алып келдi. “Иә, айт, Қоқанда не тындырып келдiң?” — дедi Бекаба. Мен сенi ұстай алмағанымды айттым. Ол мырс етiп күлдi де: “Ұстай алмадым дейсiң бе? Сүлеймендi төрт-бес серiгiмен Тұрдақтың үйiне ертiп келген кiм сонда? Тұрдақтың қарауылын өлтiрген кiм сонда? — деп бақырая қарады. — Жоқ, әлде сенiң онда не iстеп келгенiңдi мен бiлмейдi дейсiң бе? Осы үшiн қандай жаза күтiп тұрғанын бiлемiсiң? Сен бiздi жауымызға сатып келдiң!”
Шынымды айтсам, сонда қатты қорықтым. Қорықсам да
“әйтеуiр бала-шағамды аман қалдырса екен” деп ойлап тұрып: “Сүлеймен сiзге жау емес едi ғой. Өзiмдi өлтiрсеңiз де балаларыма тиiспей-ақ қойыңызшы”, — деппiн. “Сүлеймен маған жау болмаса да, қоқандық ортақтарыма жау. Менiң ортақтарымның жауы — маған да жау. Ал сол жауды жер жастандырудың орнына қан iшiсiп, анда болып кеп отырсың. Демек, ендi сен маған дұшпансың. Менiң сертiм бойынша, дұшпандарым топырақ басып жүрмеуi керек. Азапты өлiммен өлуi хақ. Қазiр сенi жiгiттерiм үйiңе апарады да, қатын-балаларыңның көзiнше омыртқаңды сындырып, жұлыныңды созып, зақымдап кетедi. Зақымданған жұлынды ешбiр тәуiп жаза алмайды. Жазатынына сенiң беретiн малың жоқ. Жат, содан соң қиналып алты ай. Алты айдан соң сары су үймелеген жұлының iрiп-шiрiп, азапты өлiмге тап боласың. Айтпақшы, сен төсек тартып жатқанда, қарайласатын қатыныңды да алып кетемiз. Бiреулердiң айтуынша, ол сұлу екен. Оныңды мен қатын етемiн. Сен өлгенше ол осында астым мен аяғымды жуып жүретiн болады. Тағы бiр айтарым, мiлисаға
шағым айтам деп ойлама. Ойлағаныңмен де түк шықпайды. Қайта бала-шағаңнан айырылып қаласың”, — дедi.
Айтқанындай, түн iшiнде менi байлап-матап алып келдi де, үй-iшiмнiң көзiнше сойылмен арқамды тоқпақтап, мойнымды екi бұтымның арасына қысып, әбден азаптады. Улап-шулаған балаларымды бiр-бiр ұрып, үндерiн өшiрдi. Мен жаныма батқан аурудан талып қалдым. Есiмдi жисам, мына ботақандарым отыр басымда жылап-сықтап. Қатынымды әкетiп қалыпты. Хайуандар, шынымен-ақ омыртқамды сындырып, жұлынымды зақымдап кетiптi. Үш ай бойы ойбайлап, ұйқы көрмедiм. Есенжар тәуiп келiп, бiр маймен сылағалы берi ауруым аздап тынышталды. Менi мүгедек етiп, жанымды бiр жаралап, қатынымды әкетiп екi жаралап кеттi сұмдар. Мiне, Сүлеймен жатырмын содан берi осылай, балаларымның аман қалғанына тәубе деп.

    • Одан қорықпай-ақ өкiметтiң адамдарына хабар берсең болмас па едi?

    • Ой, Сүлеймен, айтасың-ау. Бекаба айтпақшы, одан ештеңе өнбейтiнiн бiлемiн ғой.

    • Iшiп-жемдi қайдан тауып жатырсыңдар?

    • Анау екi балам көшеге шығып, әркiмге малайлыққа жалданып, нан пұл тауып келiп жүр. Кей күндерi аш қаламыз. Қазiр сендерге не беретiнiмдi бiлмей жатырмын.

    • Бiздi қоя бершi. Өзiң мен балаларыңа қиын екен-ау. Осы балаларыңның бiрiн оқтын-оқтын маған жiберiп тұрсаң қайтер едi. Бұлай жатқаныңды бiлгенiммен, қатыныңды әкетiп қалғанын бiлмеушi едiм. Сен Сүлеймен екеуiң әзiрше отыра тұрыңдаршы. Мен базарға барып, жейтiн бiрдеңе алып келейiн, — деп Андақұл тысқа беттедi.

Құрақты көргенде жүрегiнiң шымырлағаны түк емес екен. Әңгiмесiн есiткенде, Сүлейменнiң аза бойы қаза болды. Бiр жағы

  • мұны аяп, iшi қан жыласа, екiншi жағы — Бекабаға деген өшпендiлiгi одан бетер артып, орнында байыз тауып отыра алмай кеттi.

    • Бекабаның мекенi қай жерде, Құрақ?

    • Сабыр сақта, батыр. Ол жаз бен қыста мекенiн өзгертiп отырады.

    • Бұрын-соңды қаншама қатыгездiктi көрсем де, бiреудiң қатынын тартып алған қаныпезерлiктi көрген жоқ едiм. Қап, осынысы үшiн астын кесiп, аузына тығар едiм!

    • Iшiм қанша қайнаса да, тұруға дәрмен болмай жатқаным мынау. Өкiнiштен мың өлiп те жатырмын. Амалым қайсы? Саған оған жету оңай емес. Бекаба менен кейiн Қоқанға сенi өлтiруге тағы бiреулердi жiберiптi. Күдiк қылатын бiр нәрсем — солар Пұсырманқұлға, Дилдаға залалдық қылмады ма екен?

    • Мен сол жайын ойламаппын-ай. Қазiр елдегi Балдықыздан хабар алуға мұршам жоқ. Сенi кездестiрiп, бiраз пұл тапсам, Қоқанға барып, Дилданы осында алып келемiн деп едiм. Оның да амандығы беймәлiм десейшi.

    • Жә, менiкi тек күдiк қой.

    • Ылайым күдiгiң терiске шыққай.

    • Тағы бiр ұмытып жатқаным, Бекабаның сапында Тұрлыбай деген бiреу жүр. Өзiңдi танитынға ұқсайды. Оны бiлгенiм, менi үйге әкеп қинағандардың iшiнде ол да болды. “Баяғыда тау арасында менi суға тастап кеткен Сүлейменнiң досы екенсiң ғой-ә? Онда кегiм кетiп едi. Сол кектi ендi сенен қайтарам”, — деп ол басқалардан гөрi көбiрек соққы тигiздi. Сондайды танитын ба едiң?

    • Тұрлыбай дей ме? Ол кiм болды екен? Е, ендi есiме түстi. Осыдан көп жыл бұрын Құрамадан Елсапаны iздеп таба алмай, Шыршыққа қайтып келе жатқанымда, мылтық кезенген бiреулер ұстап алып, екi-үш күн мұздай жертөле-зынданға қамап қойған едi. Кейiн құтылып, Тұрлыбай деген басшысын аязды түнде өзенге тоғытып кеткенмiн. Ойпырмай, ол қалай тiрi қалды екен? Аяз бен судан құтылғанымен түн кезiп, өрiп жүрген қасқырлар қалай түтiп тастамаған?

    • Ұзын бойлы, суық жүздi, қарасұр, мұртты кiсi ме өзi?

    • Солай сияқты-тын.

Құрақ Бекаба мен оның адамдары жайында ұзақ әңгiмеледi. Бiр уақытта сыртқы қақпаны бiреу дүңкiлдете соқты. Құрақтың үлкен баласы жүгiрiп далаға шықты да, иығына қап арқалаған Андақұлды ертiп кiрдi.

    • Мiне, сендерге оншақты нан, бес-алты келi күрiш пен ет, май әкелдiм. Бiраз күн азық етiңдер.

Ол қапшықты жерге қойғанда Құрақтың үш баласы үш жақтан қапқа бассалды. Әкелерiнiң “қоя тұрыңдар” дегенiне
қарамай, әрқайсысы бiр-бiр наннан ұстап, қомағайлана асап жатты.

    • Байғұстар-ай, қарындарың ашып қалған екен-ау. Құр нан түк болмас қарындарыңа. Сендерге мен жақсылап палау iстеп берейiн. Үлкенiң қайсың? Сен бе? Атың кiм? Олжабек деймiсiң? Онда, Олжабек, қазаныңды дайында, сырттан отын тасы.

Балалар Андақұлдың айтқанына қуанып кетiп, оның бұйрығын тез-тез орындауға кiрiстi. Олар ас-су қамымен болып жатқанда Құраққа:

    • Тәшкенде басқа барар жерiм жоқ. Сенiң үйiңде болайын. Ең болмаса, нан-суыңды тауып берiп тұруға септiгiм тиер, — дедi Сүлеймен.

    • Қанша күн жатсаң да еркiң. Тек Бекабадан өшiмдi қайтарып берсең болар едi. Бiрақ мұнда жiгiттерiңнiң жоғы жаман да. Бiр өзiңе қиындау ғой. Әңгiмеге айналып отырып, сұрауды да жадымнан шығарып алыппын. Ажан, Төрекелдiлер абақтыдан қашан босайды?

    • Бәрiмiздi жиырма бес жылға кескен. Менi түрме бастығы қайтарарда олармен қоштасуға да мұрша бермедi. Жазғандар менi атып тастады деп ойлап жүрген шығар.

    • Өзiң қалай ерте босандың?

Сүлеймен болған оқиғаны бастан-аяқ айтып бердi. Андақұл мен Құрақ “ойпырай-ә, ойпырай-ә” десiсiп, таңданысып отырды. Әсiресе балалардың құдды бiр ертегi естiгендей, ауыздары ашылды.

    • Парманқұл қарақшы жатқан мынау Табақсайдағы түрмеде де сондай “түрме билерi” болады екен. Бұрындары сол жерде Өсерқұл деген сарт боп кеткен қаңлы би екен. Парманқұл сонымен жекпе-жекке шығып, майып қылып тастапты. Ендiгi би өзi екен, — дедi Андақұл.

    • “Парманқұл, Қараман деген қарақшылар бар” деп бағана базарда да естiген едiм. Олар жайында көбiрек сұрастырып, бiлуге мүмкiндiк болмады. Бiлсеңдер, олар жайында айтыңдаршы.

    • Қараман — мынау Келестегi шанышқылы. Оның iшiндегi

  • дархан. Өзi сидиған арық болғанымен қабыландай шапшаң, жаужүрек кiсi. Титтей қорқуды бiлмейдi. Көздерi — от. Адам тiктеп қарап болмайды. Естуiмше, жақында ғана оны бүкiл әулетiмен Арал дей ме, Қарал дей ме, сондағы Барсакелмес деген жаққа жер аударыпты. Өзi — бидiң баласы. Арғы атасы Тәшкеннiң үш қақпасын билеген атақты Қошық деген датқа. Қошық датқалығымен бiрге молдалық iлiмдi де терең игерген кiсi екен. Соған қарап жұрт оны молда Қошық деп атапты. Ал Парманқұл

  • Сырдағы қоңыраттардың құлшығаш руынан. Шiркiн, нағыз ер дерсiң оны. Қыры сынбайтын жайпақ төбелi киiз қалпағын тiкiрейте киiп, қос ауыз мылтығы мен қылышын асынып, кердиiп базарға кiрiп келгенде, бүкiл сарт қоғадай жапырылып қалатын. Бiраз болды, оны да өкiмет абақтыға жапқалы. Бiрақ Мамажан дөкей тұрғанда ол онда ұзақ жата қоймас.

    • Мамажан деген де қарақшы ма?

    • Жоқ. Ол қарақшылар арасында да, НКВД адамдары арасында да аса абыройлы, қадiр-қасиет қонған адам...

    • Тоқтай тұршы. Осылардың бәрi жабылып, әлгi не едi, НКБД болып, Бекабаның бандысын жоя алмай жүргенi несi?

    • Бекаба өкiмет пен әлгiндей абыройлы кiсiлерге тиiсе бермейдi де.. Дегенмен Тәшкендегi Бекаба мен оған ұқсаған iрiлi-ұсақты бандылық топты ауыздықтауға өкiметтiң әзiрше әлi келер емес.

Құрақ пен Андақұл Тәшкендегi тiршiлiк жөнiнде ұзақ айтты. Тiптi ол әңгiме Андақұл пiсiрген палауды жеп болғанша да жалғасты. Палауға тойған балалар бөстектердi жайып жiберiп, қисая-қисая кеттi. Андақұл қайтуға жиналды.

    • Ертең сәске мезгiлiнде менi базарда күт.

    • Барма десем де, базарға бәрiбiр барасың. Абай болып кел, Сүлеймен.

Азанда базарға қалай жетудiң жолын Құрақтан сұрап алған Сүлеймен, қиқы-жиқы көшелердi кесiп өтiп, “Алай” базарға
келдi. Базарда адам көп. Әсiресе мал базар қызып тұр. Сүлеймен бiрiншi ұсақ малдар жаққа жүрдi. Оны аралап, қара малдардан өтiп, жылқыларға жете бергенiнде анадай жерде бұған қолдарын сермей сөйлесiп тұрған төрт-бес кiсiге көзi түстi. Олардың iшiнен кеше өзiне бесақа ала ұмтылған адамды бiрден таныды. Оның жанындағы ұзын бойлыға сәл қарап тұрып, оны да шырамытты. Баяғы — Тұрлыбай. «Бұл қызталақ сонша аязда қатып қалмай, қалай аман қалды?»

    • Сүлеймен. Сүлеймен! — деп айқайлады осы кезде бiреу арт жақтан. Керме шетiне байланған бiр топ жылқылардың жанында кешегi егде кiсi тұр екен. — Берi келсейшi. Қалай, iздеген тамырыңды таптың ба?

    • Таптым. Бiрақ байғұстың ахуалы жүдә қиын екен. Төсектен тұра алмайды.

    • Кеше сен ұрып жыққан содырлар азанымен жиналып, осында жүр. Бүгiн қатарлары көп-ау деймiн. Байқадың ба, әне, анау тұр ғой, бiр тобы, — деп егде кiсi иегiмен Тұрлыбайларды нұсқады.

    • Байқадым. Дегенмен осынша көп iшiнде олар маған не iстей қойсын.

    • Ойбүй, балам-ай! Көп iшiнде не iстей қояды дейтiндей оларға дауа бар ма? Алды-артыңды абайлап жүр. Қапылыста ту сыртыңнан пышақ ұрып кетiп жүрмесiн. Бiр өкiнiш қылатыным

  • қасыңда өзiң сияқты екi-үш серiгiң де жоқ. Мұндағы қазақтарға сенбе. Бiрi болыспайды саған.

    • Менi ойлап қам жемей-ақ қойыңыз, көке. Одан да айтыңыз, саудаңыз жүрiп жатыр ма?

    • Екi сиыр, бiр жылқымды саттым. Әлi бiраз мал бар...

    • Ей, шал! Азаннан берi тапқан пұлдан шiрiңке бермеймiсiң? Сиыр мен жылқы қаншаға өттi? — деп оның сөзiн орта бойлы, көздерi ойнақшыған жылмақай реңдi бiр жөйiт бөлiп жiбердi. Сөз бөлгенi былай тұрсын, сөйлеп жүрiп, Сүлеймендi иығымен бiр- екi рет қағып-қағып өттi. Сосын шалдың қалталарын қолымен сипап-сипап қойды: — Шығарсайшы пұлыңды! Жоқ әлде, бәрiнен айрылғың келiп тұр ма?

Егде кiсi оны бұрыннан таныса керек, оған күмiлжи үн қатты:

    • Базар аяғына дейiн күте тұрсайшы. Үлестерiңдi содан кейiн-ақ берейiн.

    • Оған уақытым жоқ. Мүмкiн сен малдарыңды тез-тез сатып, зытып қаларсың. Мына дәу қасыңда неғып тұр өңкиiп? Кiм бұл?

    • Шаһарға кеше келген қонақ қой.

Жылмақай жөйiт Сүлейменге қарап бiрдеңе деп мiңгiрледi де шалға қарап, қайта шүйлiктi. Ол оны сөзбен қаузап жатқанда, тағы екi жiгiт келдi. Олар да Сүлеймендi итере-итере кимелей өтiп, аналардың жанына барды. Шалдың әлi анаған пұл бермегенiн бiлген соң:

    • Бұл қазақ мына дәуге сенiп тұрған шығар. Әйтпесе неге ақша бермейдi? — дедi бiрiншiсi ұртында кекесiн күлкi ойнатып.

    • Кiмге сенсе де, бiзден құтыла алмайды, — дедi екiншiсi. Сосын Сүлейменге бұрылды: — Сен неге тұрсың мұнда қақшиып? Бар, итiңдi суғар.

Бұл уақытта шал жанқалтасынан ақшасын шығарып, “қазiрге осыны ала тұр” деп қасындағы жөйiтке бiр уыс пұл ұсына берген. Оны көрген Сүлеймен:

    • Бiр сом да бермеңiз, көке! — деп ақырып қалды. — Бiр сом берушi болмаңыз! Ей, сен, жаңа не дедiң? Маған “итiңдi суғар” деп тұрсың ба, нәлетi? Бәлкiм, өзiң суғарарсың! — деп өзiне қисық сөйлегендi қойып қалды.

Дәл құлақ шекеден тиген соққыдан ол сорлы байлаулы тұрған аттардың астына бүк түстi.

    • Сен, сұмырай, кәрi кiсiнi жөн-жосықсыз бұл қай тонауың?

  • деп тiстене кiжiнiп тұрып, ақша алайын деп тұрғанды да бiр пердi. Жаңа ғана зiркiлдеп, батырсынған ол неме де шалдың аяғын құша құлады. Өзiнiң таяқтан құры қалмайтынын сезген үшiншiсi қонышынан ұзын, екi жүздi пышағын суырып алды:

    • Кел, кел! Кәлләңдi кесiп тастайын, — деп пышағын ары- берi сермей, бiресе олай, бiресе бұлай секiре бастады.

Ол секiре құтырынғанда Сүлеймен шекпенiн шешiп, оң қолына орады. Бiр кезде анау «а-а!» деп айқайлады да пышағын алға созып, Сүлейменге тұра жүгiрдi. Сүлеймен оң жаққа ыршып, шекпенiн оған қарата лақтырып жiбердi. Шекпен жазылып барып, ананың бетiне сарт тидi. Алға қарай ентелей жүгiрген ол,
бетiне шекпен тигенде, кiлт тоқтады да, жан-жағына алақ-жұлақ қарап, кейiн шегiндi. Шегiнiп-шегiнiп барып, ары қарай зуылдай қашты.

    • Сужүректiгi бар екен, адамға пышақ алып ұмтылғаны несi- ей, бұл дәйiстiң.

Төбелес басталған кезде жұрт бұлардың жанына жиналып қалған-ды. Жөйiттердiң екеуi сұлап, үшiншiсi қаша жөнелгенде, бiреулер мырс-мырс күлiсiп, «жүдә дауа болды бұларға» деп тараса бастады. Әлдеқандай екi кiсi құлап жатқандарды сүйеп, тұрғызуға кiрiстi.

    • Бүгiн де сазайларын бердiң, балам. Алайда басқалары неғып келмегендерге таңым бар, — дедi егде кiсi. — Ойпырмай, шынымен-ақ сенен қорқайын дегенi ме?

    • Олар осы үшеуiн жiберiп, әдейi сынаған ғой.

    • Құдай-ай, осы базар iшiнде қашан тыныштық болар екен?

  • дедi бiреулер.

    • Сiз, көке, бақылдаған мынадай жаман текесымақтарға ешқашан да ақша берушi болмаңыз. Әлiмжеттiк жасап, әбден басынған екен.

    • Ойбай, балам-ау! Ақша бермесек, күн көрсетпейдi. Күнде жанымызда сен жүрген жоқсың...

    • Қаласаңыз, күнде осында боламын. Ендi қорықпаңыздар.

Сүлеймен бағанағы Тұрлыбайлар тұрған тұсқа қарады. Олар жоқ.

    • Мана менiң көзiме бiр дұшпандар түскен сияқты едi. Қазiр көрiнбейдi. Қайда кеттi екен-ә?

Осы кезде кеше шайханада танысқан қазақтар сау еттi.

    • Ой, жiгiтiм, тағы да бiразын қиратып тастадың ба?

    • Сендердiң кiсiлерiңнiң ақшасын тартып алмақшы едi. Жай, араға түскенiм ғой.

    • Тұмсықтарына таяқ тимей жүрген қабаған иттер сияқты бұлар. Жақсылап бiр таяқ жесе, қайтып бас көтере алмайды.

    • Әй, қайдам? Солар бұл кiсiге қайта жоламай кетедi дегенге мен сенбеймiн. Түбi бiр зұлымдықты iстеп қалулары хақ.

    • Сендер осылайша олардың тепкiлерiн көрiп, бұғып жүре бересiңдер ме? Қосылыңдар маған. Құтырынған қашғарлық жөйiттердi жуасытып қоялық.

    • Осы кiсi жөн айтады. Қашанғы зәбiр көрiп жүре беремiз. Бiз де еркек шығармыз. Күшiмiздi үйдегi қатындарға көрсете бергенше, зорлықшыларға да көрсетейiк те. Осы бiз үймелеп неге тұрмыз? Ортамыздағы қонақты шайханаға шақырып, бiр сыйлап жiберейiк. Лажы болса, ауылымызға меймандыққа шақырайық. Мұндай күштi де батыр жiгiттi сыйламасақ, қазақтығымыз қайсы? — дедi топ iшiндегi семiздеу келген жiгiт.

Оны бәрi қостады. Саудасын әлi бiтiрмеген егде кiсiнiң орнына бiр жiгiттi қалдырды да, басқалары Сүлеймендi ортаға алып, шайханаға беттедi. Шайханаға кiрмес бұрын шаштаразға бұрылып, Сүлейменнiң өсiп кеткен шашы мен сақалын алдырды.

    • Сүлейменнiң киiмдерi де кiрлеп, әрi ескiрiп қалыпты. Абақтыда жату оңай деймiсiңдер. Бәрiмiз ортадан пұл шығарып, үстi-басын жаңалап берейiк, — дедi манағы сөйлеген жiгiт шаштараздан шыққан соң.

    • Алдымен қарын тойдырып алайық.

Қазақтар шайхана iшiнде ұзақ отырды. Бәрi Сүлейменнiң тамақ жесiне таңқалысып «е, батыр жiгiт осылай тамақ жейдi де» десiп, бiраз қауқылдасты.

    • Сендер менiң тамақты опырып жейтiнiмдi әңгiме етiсiп отырсыңдар. «Барда батып iш» дегендей, өздерiң сыйлаған соң асап жатқаным да. Айтсам, сенбеулерiң мүмкiн. Айлап су iшпейтiн түйе секiлдi, кейде мен бiрнеше күн нәр татпай жүре берем. Тамақтануға мұрсат болмаса, iздемеймiн. Содан шығар, артық ет жинай алмай жүргенiм.

    • Ойбай, Сүке, мына денеңе артық ет жинасаң, Құдай салмасын, қандай боласың? Бiрақ таңқалып отырғаным, осынша дәу бола тұрып, көп тәулiк бойы қалай тамақ iшпей жүре бересiң?

    • Қаратай, жақсы бураның артық етi болмайтынын сен бiлмеушi ме едiң. Бiздiң Сүлеймен нар ғой, нар, — дедi оған қатарласа отырған бiреуi.

Қазақтар осылайша даурығысып отырғанда, қолындағы үзеңгiсiнiң таралғысынан шұбата ұстаған бiр қашғарлық
шайханаға кiрдi. Кiрдi де бос орын iздегендей, адамдар отырған әр нарды айнала өтiп, қазақтардың жанына жақындады. Бұлар оның кiм екендiгiне назар аудармады. Қашғарлық болса, бұлардың қапталындағы нарға тақап келiп, бiраз тұрды. Келген-кеткендi күтiп алып, iлтипатпен шығарып салып жүрген шайханашының бiрi оны қонақ деп ойласа керек: «Осы жерге жайғасыңыз, үка. Не ауқат iшесiз?» — деп иiлдi. «Жоғалт көзiңдi!» — деп қашғарлық зiрк еттi оған. Шайханашы зып еттi. Шайханашы кете салысымен, ол қазақтарға қарай тез-тез адымдап, Сүлейменнiң арт жағына таяды да, бiр сәт iркiлместен үзеңгiмен оның басына қойып қалды. Адам түгiлi, көкжал қасқырды жер қаптыратын үзеңгi соққысы тигенде, Сүлеймен есiнен танып барып, алға еңкейе құлады. Оның жанында отырған Қаратай ұшып тұрғанда, оған да үзеңгi тидi. Қаратай соққыға төтеп бере алмай, нардан аунап түстi. Ә дегенде не болғанын аңғара алмаған қазақтар, ол құлап түскенде, шу етiсiп өре түрегелдi. Қаскөй үзеңгiнi айналдыра сiлтеп, есiкке ұмтылды.

    • Ұста, ұстап қал иттi, — деп айқайлады Қаратай.

Бiрақ бiр де бiр қазақ анаған жақындауға батылдары жетпей, үрпиiстi. Осыны пайдаланған қашғарлық сып етiп, сыртқа шыға жөнелдi.
Бұл кезде Сүлеймен бiр қолымен бет-аузын жуған қанды, бiр қолымен үзеңгi тиген маңдай тұсын сүртiп, орнынан тұра берген. Оны көрген Қаратай:

    • Қозғалма, Сүлеймен! Отыр, отыра тұр, — деп өзi нар шетiнен көтерiле, мұның иығынан басты.

    • Қап! Қайдағы бiреуден таяқ жеп... Қап, ит-ай, қапыда ұрып кеттi-ау...

    • Бұл пәле қайдан келе қалды?

    • Қалай байқамай отыра бергенбiз?

    • Әй, мына Сүлейменге бiрдеңе қылайық та. Қан көп кетiп жатыр ғой, — десiп жан-жақтағылар шулап жатыр. Бiр бұлар емес, шайханада отырғандардың бәрi дүрлiге орындарынан тұрысып, Сүлейменнiң жанына жиналды. Бiр шайханашы таза орамал әкеп, Қаратайға ұстатты.

    • Қане, қолыңды алшы. Үзеңгi тиген жерге мына орамалды басайын.

Сүлеймен қан аққан басынан қолын алды. Жұрт тағы шу етiстi. Өйткенi үзеңгi шекенiң үстiн айырып жiберiптi. Мана ғана шашы тап-тақыр етiп алынған құйқаның етi екi жаққа ырсиып кетiптi. Қаратай сол жерге орамалды басып тұрып, тағы өкiнiшiн бiлдiрдi:

    • Әттеген-ай, байқай алмағанымызды қарашы.

Сүлейменде үн жоқ. Басы зырқ-зырқ етiп ауырып, көздерi қайта-қайта тұманданды. Бiрақ жанына батқан ауруына қарамастан, iшiн алай-дүлей ашу кернеп, тiстерiн шықырлата тiстенiп, ары-берi қозғалақтай бердi. Дастархан үстiндегi кесенi алақанымен жаба ұстап, мытып жiбергенде, ол сынып кеттi.

    • Абайла, қолыңды тiлiп аларсың, — дедi Қаратай оны жұбататын басқа сөз таппай.

    • Бекабаны... Қайсың бiлесiң, Бекабаның қай жерде отырғанын? Бүкiл жандайшаптарымен қосып, дәл қазiр бауыздап тастайын.

Шайханадағы жұрт тым-тырыс. Бет-аузын қан жапқан мынадай дию секiлдi адамнан зәрелерi қалмағандай. Бiреулер ақырын-ақырын басып, тысқа беттедi. Қаратай бiр қолындағы орамалымен Сүлейменнiң жарасын басып тұрып, екiншi қолымен қалтасынан өз орамалын шығарып, мұның бетiндегi қанды сүрттi.

    • Қаратай, апар деймiн менi Бекабаның ұясына.

    • Сабыр ет, бауырым, сабыр ет. Алдымен мына жарақатыңды жазып алайық.

    • Құрысын жарақаты. Бiлсең, кеттiк қазiр!

Қаратай жаңа оның жарақатын орамалымен басқанда қан бiраз тиылған едi. Сүлеймен орнынан тұрып кеткенде, қан қайта сау етiп, аға жөнелдi. Соған қарамай, Сүлеймен далаға атып шықты. Ашудан, әрi таяқ жегендiктен көзiне түк көрiнбей кеттi ме, шайхана алдында тұрған кiсiлерге тап берiп, олардың кiм екендiктерiнде жұмысы болмай, шетiнен ұрып жықты. Бiреулерiн қаптай лақтырып, шат-шәлекейлерiн шығарды.

    • Тоқтат, Сүлеймен! Есiң дұрыс па өзiңнiң? — деп Қаратай мен бағанағы егде кiсi жүгiрiп келмегенде, көрiнгеннiң бәрiн қыра берер ме едi, Құдай бiлсiн.

    • Уа, көке! — дедi Сүлеймен қалш-қалш етiп. — Күллi Сiбiрдiң аюларын жер жастандырып, денеме бiр дақ тигiзбей келгенде, ендi қайдағы бiр жаман менi ұрып, қорлап кеткенi ме?

    • Әзiрше ашудан түк шықпайды. Қазiр менiң туыс iнiмнiң үйiне барып, басыңның жарақатын таңып, жазуға әрекет жасайық. Одан соң не боларын көрермiз, — дедi егде кiсi.

Бастан аққан қан тоқтамай, Сүлейменнiң мазасын қашырды. Жаңа ашумен тұрып кетiп байқамапты, үзеңгi тиген жер сыздап ауырып тұр. Шалдың сөзiнен кейiн өз-өзiне келген ол, оның айтқандарына көнiп, соңынан ердi. Қаратай басқа үлкендеу орамал әкеп, басын таңды.
Шалдың туыс iнiсi Қарақамыс өзенiнiң жанында екен. Құрақтың үйiндей емес, мұның үйi жинақы, тәуiр там. Iшi де жайлы. Шал Сүлейменге iнiсiн таныстырды. Аты — Карынтай екен. Қарынтай қонақкәденi жақсы бiлетiн, жайдары кiсi болып шықты. Сүлейменнiң басына киiз күйдiрiп басып, қан киiмдерiн тазалатып бердi.
Бiр күннен кейiн шал мен Қаратай: «Амандық болса, келесi базарда кездесермiз», — деп қайтып кеттi. Сүлеймен осы үйде бiр жетi жатты. Қарынтай екеуi әбден әңгiмелесiп, дос болып кеттi.
Жетi күндей өткен соң жара орны қабыршақтанып бiте бастады. Ал басының айналуы қоймады.

    • Үй өзiңдiкi. Көп ұйықтай бер. Миды ұйқымен тыныштандырсаң, зақымы кетедi, — дейдi оны сезген Қарынтай. Алайда Сүлеймен бұл үйге масыл боп жатуды жөн көрмедi.

Келесi базарда далаға шығуға жиналды.

    • Жата берсейшi, Сүлеймен. Базар бiткесiн, көкем мен Қаратай өздерi-ақ келедi.

    • Саған рахмет, Қарынтай. Әбден жаттым үйiңде. Мына денеме қарап, менi бiреулер мешкей, жалқау, бейқам деп ойлайтын шығар. Ең жек көретiнiм — үйде бос жату. Бекабаға кегiм қанша қайнаса да, мына жарақат бiр жетi уақытымды алып,

босқа жаттым. Ендi менi жарылып өлсiн демесең, ұлұқсат бер. Жөйiттерден кегiмдi алмайынша, мен тыныштық таппан. Осы, Қарынтай, сендерден сұрауды ұмытып кете беремiн. Жөйiт деген кiмдер?

    • Жөйiт дегендер бiр қауым ел. Оларды Бекаба жұмсап отырады. Бекаба бұзық сарттар мен таулықтарды, қазақ- өзбектердi де өз қарамағына қаратып алған. Ал шын жөйiттердiң кiм екендiктерiне келсек, олардың түбi Бұхарадан тарайтынға ұқсайды. Өздерi “iбрей” дей ме, “ебрей” дей ме, сарттанған басқа ұлт. Шетiнен дәу келедi. Айына бiр рет адам жейтiн мейрамы болады екен. Жегенде ер кiсiнi емес, етi тәттi болады деп жас балалар мен қыздарды, семiз әйелдердi жейдi екен. Естуiмiзше, Бекаба жас қыздарды сойып жегенi былай тұрсын, алдымен зорлап алып, қыздың пәктiгiнен аққан қанды жалап, iшедi дейдi. Көрген жоқпыз ғой, айтушыларға сенсек, ол өзi семiздiктен бе, әлде дәулiктен бе, зорға қимылдайды-мыс. Жандайшаптар оған жас қыздарды апарғанда, ол байғұстарды тырдай шешiндiрiп, екi қол, екi аяқтарын кере байлап, анау сұмға дайындап бередi екен. Байлаулы адамды өлiмшi бөрiнiң де талауға шамасы келедi емес пе? Бекаба әрең қозғалса да, байлаулы қызға асылуға шамасы келетiн болса керек. Хайуанның қарнын жарып, сүйегiн талқандайтын бiр ер бар ма екен?!

    • Олар адамды кәдiмгi малша бауыздап, етiн пiсiрiп жей ме

екен?

    • Естiген құлақта жазық жоқ. Тағы да естiгенiмдi айтайын. Бала-шағамыздан бетiн аулақ қылсын. Үлкен әйелдердi қалай соятынын есiтпеппiн. Ал балаларды ұн себiлген үлкен сыпыраның үстiне шығарып қойып, өздерi айнала тұрады екен. Шеттегi бiреуi балаға iстiк темiрдi сұғып алады-мыс. Бала бақырғанда шетте тұрған бiрi анаған ұрсып, балаға жақсы сөз айтып, өзiне шақырады екен. Бала сорлы алданып оған барғанда, ол да жасырып ұстаған бiзiн сұғып жiбередi-мiс. Содан үшiншiсi әлгiнiң айтқанын қайталап, баланы өзiне шақырады. Қойшы, не керек, ортадағы баланы осылайша қорлап, әбден қансыратып, өлтiредi дейдi. Жаны қысылған бала ары шапқылап, берi шапқылап жүргенде, денесiнен аққан қан сыпыра үстiндегi ұнға

әбден шыланып, қамыр боп иленiп қалады екен. Сол қан араласқан қамырды пiсiрiп, тамсана жейтiнге ұқсайды, пәтшағарлар. Ал денесiн кейiн бөлшектеп жесе керек.
Мына сөзге Сүлейменнiң денесi тiтiркендi.

    • Осыдан көр де тұр, Қарынтай. Сол жөйiттердiң өз қандарын өздерiне iштiрмесем, Сүлеймен атым құрысын!

Қарынтайдан естiген сөздердiң жаман әсерiнен арыла алмай, Сүлеймен базарға жеттi. Базар ығы-жығы. Көп адамдар мен малдар арасынан өзiнiң таныстарын iздестiрдi. Өткен жолы қашғарлықтарды ұрып жыққан тұста егде кiсi тағы мал сатып тұр.

    • Ой, балам, бiр жетi iшiнде жарақатың жазылып қалған ба? Пәлi дерсiң. “Батыр адам онша-мұнша тән жарасын елемейдi” деген осы да. Таңған шүберектi шешiп тастағаныңа қарағанда, жара әбден бiткен-ау деймiн. Жақсы. Өзiңдi ұрған адамнан кек қайтаруға жарап қалыпсың.

    • Жарауын жарадық-ау, көке. Бiрақ ұрғанды қайдан табамыз?

Еш болмаса түрiн де көре алмай қалған жоқпыз ба?
Шал жан-жағына қарап, Сүлейменге “құлағыңды тос” дегендей белгi жасады. Сосын сыбырлады:

    • Мана Қаратай сенi ұрған адам туралы бiрдеңе айтып келдi. Сiрә, ол оны тапқан-ау деймiн. Қазiр өзi келедi. Содан соң есiтерсiң әңгiмесiн.

    • Рас па? Анық тауып па? Сүлейменнiң дауысы қаттырақ шықты.

    • Жәй балам. Айналада бөтен құлақ бар.

Шалдың сақтығын сезген бұл әңгiме төркiнiн дереу басқа жаққа бұрды.

    • Тәшкендегi алғаш танысқан кiсiмнiң бiрi болсаңыз да, “көке” деуден әрi аспаппын. Атыңызды сұрамаппын дегенiм ғой.

    • Атым — Төребек. Ә, мiне, Қаратай да келе жатыр. Екеуiң бұл жерде емес, оңашалау тұсқа барып әңгiме қылыңдар. Қаратай арсалаңдап келiп, Сүлейменмен құшақтасып көрiстi.

Ол да мұның төсектен ерте тұрып кеткенiне таң қалып, бiраз сөз айтты.

    • Мейлi, тұрғаның бек жақсы. Жүр, шеткерiрек барайық.

Айтатын бiр әңгiмем бар.
Екеуi шайхана артына шықты. Қаратай айналаға сақтана қарап тұрып, әңгiмесiн бастады:

    • Әнеукүнi сенi Қарынтайдың үйiне тастап шыққаннан кейiн Төкең ауылға қайтты да, мен базарға қайта келгем. Ондағы ойым

  • шайханада қалдырып кеткен ер-тұрманымды ала кету едi. Оларды алып, шайханадан шыға бергенiмде Мұзапар кездестi. Мұзапар деген тәшкендiк жөйiт. Жөйiт болғанда, Бекаба бандысының сапында емес. Қайта одан көп қорлық көрген кiсi. Шайханадағы болған жайтты ол да көрген екен. Көргенi былай тұрсын, сенi ұрған адамды, тiптi оны кiм жұмсағанын бiлетiнiн айтты. Бiрақ алғашқыда олардың атын атап, түсiн түстеуден қашқақтап, айтқысы келмедi. Мен ешкiмге айтпаймын деп уәде берiп, олардың кiм екендiктерiн ақыры бiлiп алдым. Ұрғанның аты — Жәлелдин екен. Ал оны жұмсаған Бекабаның сенiмдi итi — қазақ Тұрлыбай. Мен Мұзапарға: “Тұрлыбайды танимын. Анау Жәлелдин дегенiңдi сыртынан көрсетшi”, — дегенмiн. Ол бүгiн түске таман осында келiп, оны көрсетуге уәде берген. Сәлден соң Мұзапар келiп қалуы керек. Көрсетсе, Жәлелдиндi қайтемiз? Не ойың бар?

    • Менi ұрған анық сол болса, оны заматта о дүниелiк болды дей бер. Дегенмен, әлгi Мұзапарың жаңылысып басқа бiреудi көрсетiп жүрмесiн. Бекерден-бекерге әлдекiмнiң обалына қалып жүрмейiк. Сол үшiн де алдымен көрсеткен адамының ақ-қарасына жетiп алайық. Тұрлыбайға келсек, ол ит баяғыда маған қысастық жасап, кейiн сазайын алған едi. Бiрақ қалай тiрi қалғанын бiлмеймiн. Ендi менен өшiн алмақ та.

    • “Мұзапардың көрсеткен адамының ақ-қарасына жетейiк” дейсiң. Ондай мүмкiндiк бар ма бiзде? Ол сенi көргеннен тұра қашар.

    • Амалын табайық. Сен Тәшкендi жақсы бiлесiң. Адам көзiнен таса, бiр қалтарыс-бұлтарыс жерлер бар шығар.

    • Ондай жерлер көп. Оған оны апаратын амалды ойлау керек.

    • Жаңа айттым ғой, амалы табылар. Мұзапар Жәлелдиндi маған емес, саған көрсетсiн. Сен әбден танып алып, оның

артынан аңды. Қай жерде тұратынын бiлiп ал. Қалғаны онша қиын болмас.

    • Тұрлыбайды ше?

    • Жәлелдиндi соның жұмсаған-жұмсамағанын бiлейiк те.

Айдаушы нақ сол болса, оның да басын кесемiн.

    • Шетiнен қыра бермей, әшейiн өлiмшi қып таяқтап тастай салсақ ше? Бекерге күнәға батамыз ба деп қорқам.

    • Менiң де тектен-тек ешкiмдi қыра бергiм келмейдi. Алайда ту сырттан таяқ жұмсаған опасыздарға аяушылық бiлдiру — менiң қанымда жоқ нәрсе. Егер жекпе-жек шығып менi жеңсе, онда кешiрер едiм. Одан соң мен бағана Қарынтайдан бiраз әңгiме естiдiм. Бекабаға қосылған бандылардың бәрi бөрiге ұқсап, адам етiн жейдi екен. “Жас балаларды ұрлап әкетiп, шырылдатып сойып жейдi” дейдi. Бұл не деген сұмдық?! Әлгi Жәлелдинiң мен Тұрлыбайың Бекабаға жас балаларды апарып жүрсе, оларды несiне аяймыз? Бiрақ мұның да анық-қанығына жетейiк.

    • Онда қазiрше екеумiз екiге бөлiнейiк. Сен Төкеңнiң жанына бар. Сол жерде кездесермiз.

VI


Қаратай шайхананың басқа жағына айналды. Сүлеймен базар iшiн көктей өтiп, Төребек тұрған тұсқа беттедi. Төребекке жақындағанда қарсы алдынан пәренжi жамылған төрт әйел шықты. Пәренжi жамылған әйелдердi Қоқанда көрушi едi. “Тәшкенде де әлi мұндай әйелдер бар екен-ау” деп ойлады да олардың алдын орай Төребекке жеттi. Ол бiр кiсiмен сөйлесiп тұр екен. Оған “Көке” деп сөйлей берiп едi, Төребек:

    • Абайла, Сүлеймен! Артыңда, артыңда келiп қалды! — деп айқайлап жiбердi.

Сүлеймен артқа кiлт бұрылды. Бұрылғанда көргенi — жаңағы көргенi пәренжi жамылғандар әйелдер емес екен. Пәренжiлерiнiң алдыңғы ұзын жамылғысының астына бiр-бiр сойыл тығып ұстаған еркектер екен. Бұл өздерiне қарай бұрылғанда, олар бастарынан пәренжiлерiн сыпырып-сыпырып тастап, бұған тұра ұмтылды. Сүлеймен қорғанып үлгергенше басы мен денесiне сойылдардың бiрнеше соққысы тидi. Жанына батқан соққыдан бұл жанұшыра айқайлап, сiлтенген таяқтарға қарамай ұрып жатқандарға тап бердi. Сүлейменнiң айқайы арыстанның ақырғанынан бетер естiлдi ме, жоқ, әлде оның осынша соққыдан құламай, қайта өздерiне қарай шапқанынан сескендi ме, шабуылдаушылар бiр сәт тосырқап қалысты. Осыны пайдаланған Сүлеймен бiреуiнiң жағасынан ала кеттi. Ол бұлқына керi шегiндi. Тап осы мезетте қайта ес жиып қалған қаскөйдiң бiрi атылып кеп, Сүлейменнiң артынан пышақ сiлтедi. Құдай қолдады ма, болмаса iшкi сезiмi бiлдiрдi ме, Сүлеймен бұрылмаған күйi артқа қолын сiлтеп жiбердi. Жұдырық пышақ алып таяған ананың иегiне сарт еттi. Ол да өлермен бiреу екен, жұдырық тиiп, қалбалақтап кетсе де, пышағын сiлтеп үлгердi. Қанжар деуге келерлiк екi жүздi ұзын пышақ Сүлейменнiң санына қадалды. Сүлеймен тағы да жандаусы шыға ақырып, керi бұрылды.
Пышақ сұққан жөйiт қаз-қатар байлаулы тұрған жылқылардың арасымен зытып бердi. Ол қашқасын, өзгелерi де ары қарай зуылдап жоқ болды.
Әп-сәтте олардан айырылған Сүлеймен: «О, әкеңнiң көрi... О әкеңнiң көрi...» — деп аһ ұра бұлқынып, отыра кеттi. Артынша ақырып тұра келдi. Жан-жақтағы адамдар мұның адам шошырлық
түрiнен сескенiп, кейiн шегiншектедi. Бұл кiм жолында тұрса да, езiп тастайтын атан бурадай тепсiне басып, iшiндегi айтып жеткiзе алмастай буырқанған ашудың әсерiнен кiмге не дерiн бiлмей, бiраз уақыт бiр жердi айналып жүрдi де алды. Әлден соң пышақ тиген санының тұсы ашып, аяғы ауыр тартты. Осы кезде қозған ашудан тұманданған көзi ашылып, сәл-пәл өзiне келдi. Қараса, маңында ешкiм қалмапты. Жұрттың бәрi сонадайдан қарап тұр.

    • Жаңағы кiмдер? — деп айқайлады қарап тұрғандарға.

Оларда үн жоқ. Бiреулерi терiс бұрылып, әрмен қарай кетiп жатыр.

    • Төребек көке, Қаратай! Қайдасыңдар?

    • Мұндамын, Сүлеймен, мұндамын, — дедi бiр шеттен Төребек.

    • Уа, көке! Жаңағылардың менде ала алмай жүрген не ақысы бар? Батыр болса неге алдыма келiп, ұрыс салмайды? Қайда кеттi сужүректер? Қайда, қайда деймiн?

Осы мезетте бiр шеттен әскери киiмдi екi мiлиса шыға келдi.

    • Не болып жатыр мұнда? Басыңыз неге қан? Кiммен төбелестiңiз? — дедi олардың бiрi.

    • Базарларыңда бұзықтар көп екен. Бiрақ бәрi өңкей арқадан тас ататын қорқақ бұзықтар...

    • Қандай бұзықтар? Сен өзiң кiмсiң? Сендей дәу адамды көрмеушi едiк қой бұрын. Қайдан келген жансың? Ақсаңдауың қалай? Аяғың ақсақ па? — деп екiншiсi бастырмалата сөйледi.

    • Бiреулер артынан келiп, пышақ ұрып кеттi, — дедi Төребек.

    • Неге ұрады? Өзi тиiскен де оларға.

    • Әй, не шатып тұрсың сен?! Мен өздiгiмнен ешкiмге тиiспеймiн.

    • Бақырма маған. Қорқатын адамың мен емес. Жөн айтып, болған жайтты баяндаудың орнына бақырады ғой бұл. Ашу тек сенде ғана бар деймiсiң. Әйдә, кеттiк. Түс алдыма! Мiлисаханаға барып, әңгiмелесейiк. Құдай бiледi, осы өктемдiгiңнен ғой, таяқ жеп жүргенiң. Бiздiң базарда тентек көп болса, жұрттың бәрiн азар-безер етпей ме. Жүр деймiн! — деп бiрiншi сөйлеген мiлиса шарт кетiп, мұны алға итермелей бастады.

    • Итерме менi. Алдымен iстiң ақ-қарасына жетiп алсайшы.

    • Бiзге қарап дауыс көтерме дедiм ғой саған. Жүр деген соң жүр! Әйтпесе қазiр аяқ-қолыңды байлап, сүйрелеп әкетемiз.

    • Менi емес, нәлетi, пышақ ұрғандардың аяқ-қолдарын байласайшы.

    • Не деп тұрсың? Нәлетi дедiң бе? Ай, бiзге бұлай сөйлейтiн кiмсiң сен?! Анау бақырайған екi көзiңдi ойып алайын ба осы? — деп тұрған мiлиса мұның жағасынан ұстап, сiлкiледi.

Өзi терiсiне сыймай, әзер тұрған Сүлеймен ананың бас-көз жоқ басынғанына жынданардай халге түстi. Мiлиса деп қараған жоқ. Қақ шекеден бiр қонжитты. Жаман қораздай қоқиланған сорлы жалп еттi. Оны көрген екiншiсi:

    • Әй, мынау қайтедi?! — деп тап бердi.

Тап бергенiн қайтейiн, көздi ашып-жұмғанша ол да аузы- мұрнынан қан кетiп, топыраққа бөктi. Алдыңғы төбелестi у-шусыз тамашалаған жұрт, екi мiлиса сiлейiп түскенде гу еттi. Ұры-қарақшыны емес, мiлисалардың өздерiн сұлатып түсiрген Сүлейменнен одан бетер сескенгендей, бiр-бiрiне сыбыр-сыбыр етiсiп, бұдан ұзай түстi. Олардың ұзай түскенiнде себеп бар екен. Екiншi шеттен қолдарында қаруы бар алты мiлиса осы жаққа жүгiрiп келдi.

    • Қап, құрыдың-ау, Сүлеймен. Қаша алсаң, қашсаңшы. Адамдардың ара-арасымен қашып ұстатпай кетерсiң, — дедi Төребек дауыстап.

    • Қашпаймын. Менi қатын деймiсiң. Кiнәм болса, қашам да. Мылтықтарын кезенiп, жүгiрiп келген мiлисалар Сүлеймендi қоршады. Қатырма жағасында үш жұлдызы бар бiреуi бастық болса керек, сұлап жатқан екi мiлисаға еңкейiп, күре тамырларын

ұстады.

    • Тiрi екен, — дедi сосын Сүлейменге қадала. — Сен бе ұрған? Көрсетейiн саған мiлисаға қол көтергендi. Байлаңдар қолын!

    • Жолдас бастық! — дедi Сүлеймен өзiн ақтауға тырысып.

  • Маған бiр қарақшылар жабылып, саныма пышақ ұрып, қашып кеттi. Мыналар өзiмдi кiнәлап, қол жұмсады. Қол жұмсағасын, қарап тұрмай, мен де салып жiбердiм.

    • Қандай жағдай болса да заң адамдарына қол жұмсауға болмайды. Жұмсаған екенсiң, ендi кiнәлiсiң. Кеңес үкiметi өз адамдарын кiм көрiнгенге таяқ жегiзiп қоймайды. Бiлесiң бе, сен осыны? Бiттiң, ендi атыласың. Байлаңдар қолын! Апарыңдар абақтыға! Қанша арыстан болса да, бiр күнде мысыққа айналдырып жiберейiк! — деп басқаларға өктемси бұйырды. Екi мiлиса келiп, қолын байлады. Сүлеймен қарсыласпады.

Себебi түрме бастығы: «Абай болып жүр. Мiлисаларға жанаспа. Бiр жағдай болып оларға түсiп қалсаң, мұнда жатып шыққаныңды және қалай босанып кеткенiңдi айтушы болма. Айтсаң, басым пәлеге тағы қалды дей бер», — деп едi. Сол есiне түсiп, бұл жолы үнсiз тұрды. Бастық жерде жатқандарды сүйеп тұрғызды. Оның бiрi басын сiлкiп-сiлкiп алды да «Ах, әнәңнiң...» деп Сүлейменге ұмтылды. Ұмтылып келiп, бiр-екi қойып қалды. Сүлеймен кейiн шегiндi. Бiрақ анау бетпақ қатындай қолдарын сермеп, ұруын қояр емес.

    • Бастық, тоқтат мынауыңды!

Бастық үндемедi. Ал анау үдей түсiп, ұруын қояр емес. Бiр соққысы Сүлейменнiң мұрнына қатты тидi. Мұндай соққы Сүлейменге шопақ құрлы болмағанымен тыз етiп, жанына батты. Бұған ашуы қайтадан қоза жөнелген Сүлеймен алға ентелеп барып, ананы басымен бiр ұрды. Ол кесiлген теректей тағы гүрс етiп құлады. Осы кезде екiншiсi жетiп келдi. Онысын бiр теуiп ұшырды.

    • Жабылыңдар!

Сол-ақ екен, алты мiлиса алты жақтан жабылды. Оларға құлаған екеу тұра сап қосылды. Әттең, шетiнен ұрып құлатар едi, қолы байлауда болған соң қарсы амал қыла алмады. Сонда да болса теуiп, алғашқыда ешқайсысын жақындата қоймады. Оның үстiне жаралы аяғы да епке келе бермедi. Ақыры сегiз мiлиса жабылып жүрiп, зорға жықты. Содан тепкiнiң астына алсын кеп. Егер бастық «тоқтатыңдар» деп айқайламағанда, Құдай бiледi, ес-түссiз қалғанша тепкiлей берер ме едi, кiм бiлсiн.

    • Өзi жаралы адамды неге сонша тепкiледiңiздер? — дедi Төребек олар тоқтаған кезде.

    • Сенiң жұмысың қанша? Бұл оған әлi аз. Көресiнi ана

жаққа барған соң тағы көредi. Мiлисаға қол көтергеннiң қандай екенiн бiлiп жүрсiн.
Сүлеймен сүйретiле орнынан тұрды.

    • Апаратын жерiңе апар, нәлетi! Кеңес заңы әдiл болса, әдiлiне жетiп көрейiн. Бiрақ менi артымнан айдамаңдар. Өлiп кетсем де жүрмеймiн.

    • Сонда қалай жүрмексiң? — деп мысқылдады бастық.

    • Алдымда жүрiңдер. Мен арттарыңнан iлесем.

    • Тапқан екенсiң ақымақты. Әйда, жiгiттер! Алдарыңа салып, көк өгiздей айдаңдар.

Мiлисалар Сүлеймендi мылтықтарымен түртiп айдай бастады. Сүлеймен жүрмедi. Содан тағы ұра жөнелдi. Бұл тағы қозғалмады. Бiр орнында сiресiп тұр. Болмаған соң екi мiлиса шекпенiнiң етегiнен ұстап алға тартқылады. Әйткенмен қозғауға әлдерi келмедi. Оларға екеуi көмектесiп, Сүлейменнiң жамбасына қолдарымен жабысып итердi.

    • Не деген мызғымайтын адам. Жаңа қалай жықтық өзiн?

  • дедi мiлисалардың бiрi. — Оның бұл сөзiне базар iшiндегi адамдардың бiразы мырс-мырс күлiстi. Әрi қарай тағы да күлкiге қалғысы келмедi ме, бастық сөйледi: — Жә, тоқтаңдар. Ал сен, мiз бақпаған өгiз неме, бiздiң артымыздан шынымен жүресiң бе? Онда бiз алда жүрейiк. Тек, байқа. Қашуға әрекеттенсең, атып тастай саламыз.

Бұлардың бәрiбiр жiбермейтiнiн Сүлеймен сездi:

    • Мен екi сөйлеген емеспiн. Еремiн соңдарыңнан. Мiлисалар алға түсiп, Сүлеймен ақсаңдай соңдарынан ердi.

Қарап тұрған жұрт бұған тағы күлiстi. Құдды бiр мiлисалар Сүлеймендi емес, Сүлеймен мiлисаларды айдап бара жатқан сияқты. Олар кеткенде, Төребектiң жанына Қаратай келдi.

    • Пәлi, ақыры мыналарға айтқанын iстеттi ме?

    • Сүлейменге Құдай ерекше бiр рух қондырған екен. Басқа небiр дәулердi де көремiз ғой, мiлисаның алдына түссе, зытып жүретiн. Ай, ай, не деген қаһарман адам...

Сүлеймен олардың сөздерiн естiмедi. Мiлисаларға ерiп, базар шетiндегi ескiлеу, ұзын тамға келдi. Мiлисалар есiк алдына кiдiрiп, бастық iшке кiрдi. Сүлейменге бұрылып, «жүр» дегендей белгi жасады.
Мiлисаханасы осы екен. Бастық iште отырған бiр мiлисаға бұйырды:

    • Мынаны түпкi бөлмеге апарып қама. Байлауын шешпей-ақ қой.

Сүлеймен жолда «тағы да темiр торлы есiгi бар абақтыға қамалам-ау» деп ойлаған. Мұндағы есiктер темiр торлы емес, кәдiмгi ағаш есiктер. Әлгi мiлиса солардың бiрiне Сүлеймендi кiргiздi. Iште екеу отыр. Бiреуi — қаракөк бурыл сақалы мен қоңқақ мұрнына қарағанда таулық секiлдi. Екiншiсi — кәдiмгi сарт. Бұл кiрiп келгенде екеуi де өре түрегелдi. Сосын екеуi де қолдарын кеуделерiне қойып амандасты.
Сүлеймiн абақты өмiрiне бiршама үйренген.

    • Уағалайкумассалам. Бiрақ сендердiң қолдарыңды алатын мұршам жоқ. Қолдарым байлаулы. Қамауға кiргiзгенде мiлисалар байлауды шешушi едi. Бұл жолы шешпедi. Әлде мұндағылардың әдетi осындай ма? Қане, бiреуiң қолымды шешiңдершi.

Қолын шешсек, мiлисалардан бiр бәлеге қалармыз дедi ме, анау екеуi мiз бақпады.

    • Немене, қорқып тұрсыңдар ма?

Қаһарлы дауыстан дiр еткен екеуi бастарын көтердi. Алайда тұрмады.

    • Қолыңызды шешсек, мiлисалардың тоқпағына қалармыз,

  • деп мiңгiрледi бiреуi.

    • Иә, иә, аямай ұрып тастайды, — дедi қасындағысы оны қостап.

Олардың мұншалықты қорқақтығына налыған бұл:

    • Шешiңдер деймiн! — дедi ызғарлана тiстенiп.

Оның мұнысы жаңағы қаһарлы дауыстан бетер әсер еттi-ау әстi, екеуi де ұшып тұрды.

    • Жақсы, әка. Шешейiк, шешейiк.

Қолы босағасын, Сүлеймен белбеуiн шешiп, шалбарын төмен сырды.

    • Сендердi бекерге қинағаным жоқ. Көрмейсiңдер ме, саныма пышақ кiргенiн. Нәлетi қаскөй, пышақты тағы терең ұра алмапты. Сонда да кесiлген жер ашытып барады. Немен таңсақ екен?

Қара саннан төмен қарай жылымсып аққан қанды көргенде бурыл сақалды сөйледi:

    • Етiгiңiздi шешiп, шалбарды сыпырып тастаңыз. Байлайтын бiрнәрсе табармыз.

Қан Сүлейменнiң балағын бойлап, табанына дейiн жетiптi.
Пышақ кiрген жерi ырсиып тұр.

    • Iш көйлегiмдi шешейiн. Сонымен таңбасақ, басқадай амал жоқ, — деп Сүлеймен киiмiн шештi.

    • Мына тұсқа қисайыңыз да қозғалмай жатыңыз. Қан дереу тиылады.

    • Нәлетi мiлисалар адам қамайтын тамға шөп емес, көрпе төсеп тастаса ғой, — деп Сүлеймен таулық нұсқаған бұрышқа жантайды.

Шөп үстiне шалқалай жайғасқан соң анау екеуiнен не үшiн қамалғандарын сұрады. Олар базарда ұрлық iстегендерiн айтты. Айтыстарына қарағанда, iстеген ұрлықтары түкке тұрғысыз. Бiр кемпiрдiң сатып тұрған алашасын ұрлапты.

    • Алаша ұрлап күн көрмей-ақ қойсаңдар неттi.

    • Уа, әка, сол күнi қолымызға одан басқа iлiгер ештеңе болмады да.

Жауаптары осы болды. Одан кейiн де талай әңгiмелердiң басын қайырып, үшеуi кештi батырды. Кеш батқасын, үстерiндегi жеңiл шапандарын қымтанып, ұйқыға кiрiстi. Қалың ұйқыға батқан Сүлеймен түс көрдi. Осы бiр түс оған қайта-қайта кiретiн. Бүгiн тағы қайталанды. Ауылында, сонау Бадам жағасындағы Хантөбенiң үстiнде отыр екен. Ойда найза мен қылыш ұстаған көп сарбаз бiр-бiрiне қырғын майдан салуда. Көп адам қырылып, қан ағып жатыр. Ортада қарагер атқа мiнген бiр батыр, қарсы жақтағыларды өлтiрiп, қандарын судай ағызған сайын: «Осы керек сендерге, опасыздар! Осы керек» — деп айқайлап қояды.
Әлгi батыр тура өзi сияқты. Сияқты емес, тура өзi. «Онда мен өз-өзiмдi сырттай қалай көрiп тұрмын» деп жан-жағына бұрылса, анадайдағы Хантөбенiң басында тағы өзi отыр. Қасында ақбоз атқа мiнген қап-қара киiмдi, қара сақалды шал тұр. Ол шалға қарап: «Мен екеу болып кеткенмiн бе өзi?» — деп қояды. Ол болса:
«Отырған өзiң, ал анау майдан ортасында жүрген сенiң өмiрiң»,

  • дедi. Шал осыны айтып, ат-матымен аспанға көтерiлдi. Ол көтерiлгенде жер-дүниенiң барлығын дауыл қаптап, ойда ұрыс салып жатқан сарбаздардың бәрiн көтерiп әкеттi. Қатты дауыл мұны орнынан қозғай алмады. Тек демалысын қиындатып, демiн тарылтып жiбердi. Гуiлдеп соққан дауыл аздан соң дем шығаруға да мұрша бермей барады...

Ышқына оянды. Құдды бiреу қылқындырып тастағандай ентiге демалып, жүрегi тарс-тарс соғып жатыр екен. Кiшкене терезеден түскен бозамық сәуле таңның ендi атып келе жатқанын бiлдiрiп тұр. Сәл жатып, ентiгi басылған соң жаңағы түсiн есiне алды. Есiне алғанда, осы түстiң айна-қатесiз көрiнiспен нешiншi рет кiргенiн санамақ болды. Дәл санай алмады. Бiрақ он реттен аса кiргенi анық. Бұрын қанша кiрсе де, бұл жайын ойламайтын. Бүгiн ойлады. Осы түс ылғи жаны қысылған немесе бiр шырғалаңды оқиғаға тап болғанда кiретiн. Әрi осы түс кiргенде кездескен қауiптен тез құтылатын. «Құдай қалап, осы жолы да мына пәлелерден құтылып қалармын Бiрақ мiәлисаны ұрған адамды өкiмет тектен-тек жiбере қоюшы ма едi?»
Бұл күнi түсiне сенгiсi келмедi. Бiрақ тәттi үмiттен қол үзгiсi келмей, әрдеңенi бiр қиялдады. Содан кейiн түсiндегi ақбоз ат, қара киiммен үнемi көрiнетiн әлгi шал туралы ойлады. Ол түсiнде ғана емес, өңiнде де осы кейiппен көрiнедi. Ылғи көрiнбейдi. Жаны қысылған қысылтаяң шақта келедi. Баяғыда Билiкөлде орыс балуанынан жеңiлейiн деп тұрған шақта көрiнiп едi. Ол көрiнген соң орыс балуанын жеңген. Одан соң Тұрлыбайдың қолына түсiп, үш күн суық жертөледе қамалғанда да бiр көрiнген. Онда да ажал аузынан құтылып кеткен-дi. Бұдан кейiн Алайда басмашы болып жүргенде талай рет өлiм тырнағына iлiккен сәттерде де осы шал көз алдына бiр жарқ ететiн. Сондайда қапиядан аман шығатын. Сiбiрде Қара Иванмен төбелесiп жатқанда да елестеген. Қарап тұрса, сол шал бiр жебеушiсi сияқты...
Бiр кезде есiк сыртында дүңк-дүңк деп басылған аяқ дыбысы ойын бөлiп жiбердi. Артынша бұлар жатқан бөлменiң есiгi ашылды.

    • Кешегi қамалған кiсi, атың кiм едi сенiң, Сүлеймен бе, шық берi!

Сүлеймен басын көтердi. Есiк алдында екi мiлиса тұр.

    • Азанымен тергейiн дедiңдер ме?

    • Тергеуге емес. Бiр кiсiлер күтiп отыр сенi. Талыстай болмай, тұрсаңшытезiрек.

Ақсаңдай басып, мiлисалардың соңынан ердi. Сыртқа шығар есiктiң жанындағы бөлме тұсына келгенде аналар тоқтады.

    • Мына жаққа кiрiңiз.

Сүлеймен олар нұсқаған бөлмеге кiрсе, үстел басында бiр- бiрiне қарама-қарсы қарап, екi кiсi отыр екен. Бiрi кешегi өзiн алып
келген мiлиса бастығы да, екiншiсi — қарасұр жүздi, тiкiрейген мұртты, төртбақ келген бiр қазақ. Екеуi де орындарынан тұрып, қолын аяды. Бастық кешегiдей қаһарлы емес, түсi жылы, күлiмсiреп тұр. Соған қарағанда, мына қазақ одан үлкен дөкей болса керек.

    • Сүлеймен деген сен бе? Паһ, паһ, бiздiң қазақтың осындай пiлдей жiгiттерi бар-ау. Қалай сен, Кәтжар, осындай нар тұлғалы жiгiттi көзiң қиып, қамауға жаппақсың? Кел отыр, Сүлеймен, қасымызға. Әңгiмеңдi тыңдайықшы. Мұнда қалай түскенiңдi өз аузыңнан естиiн, — дедi қазақ. — Айтпақшы, менiң атым — Мамажан.

    • Атыңды бiр жерден естiген сияқтымын.

    • Естiсең, естiген шығарсың. Менi күллi Тәшкен таниды. Иә, әңгiме онда емес. Одан да менiң сауалыма жауап бер.

Сүлеймен базарда болған жайттың бәрiн айтты. Мамажан бәрiн үнсiз тыңдап, бастыққа бұрылды:

    • Менiң естiгенiмнiң бәрi рас екен. Сен алдымен базардағы бандылардың бұзақылығын тиып алсайшы. Түсiнуiмше, мұның түк кiнәсi жоқ. Қайта бұл — жапа шегушi. Дәл қазiр босат мұны. Өзiммен бiрге ертiп кетемiн.

    • Құп, Мамажан әка, құп. Сiз айтсаңыз болды, — деп бастық иiлдi.

Мамажан екеуiне жалтақ-жалтақ қарап, түкке түсiнбей отырған Сүлейменге көзiн қысты:

    • Көрдiң бе? Сенiң түк кiнәң жоқ болса да, мыналар сенi қамап қойыпты. Шеттен келген қазақ деп басынған да. Солай ма, Кәтжар?

    • Е, жоға, әка. Төбелестi осы шығарған екен деп қателесiп

қалдық та. Ғапу еткейсiз ендi, Мамажан әка, — деп анау жағымпазданып өлiп барады.

    • Аяғыңның пышақ кiрген жерi ауыра ма?

    • Жүрген кезде қатты ашиды.

    • Сен, Кәтжар, «ауыра ма» дегенiң не? Доқтырыңды шақырып, жарақатын тазалатып, таңдырып бер. Содан кейiн күймеңдi шақырт. Бiздi үйге апарып тастасын.

Далаға шығып, Сүлеймен Мамажанмен қатар жайғасқанда, күйме бiр шетiне қисайды.

    • Туһ, салмағың қанша өзiңнiң?

    • Оны кiм өлшептi дейсiң? Одан да менi қайда апаратыныңды айтсаңшы.

    • Бiздiң үйге барамыз. Үйде сен секiлдi бiраз мықтылар отыр.

Соларментаныстырамын.

    • Менi олармен төбелестiрмекпiсiң? Жөнiңдi айта отырсайшы. Мiлисадан не үшiн босатып алдың? Екеумiз бiр- бiрiмiздi танымаймыз да.

    • Сен жайында Төребек пен Қарынтайдан естiдiм. Батыр екенiңдi бiлген соң босатып алайын дедiм. Жалпы, мен сен туралы көп бiлем. Бәрекелдi, базардағы бұзықтардың шат-шәлекейiн шығарыпсың. Өзiңдi көрмесем де, сыртыңнан сол тiрлiгiңе риза болып қалдым. Бiле бiлсең, қазақта сен сияқты жiгiттер аз. Ал мұндай жiгiттердi сақтау ләзiм.

    • Ниетiңе рахмет. Бiрақ атыңды бiлгенiм ғана болмаса, өзiң жайында бейхабармын. Өкiметтiң қандай шен-шекпендi адамысың?

    • Оған бiраз қызмет еткенмiн. Әлi де етемiн. Ашығын айтқанда, осында кеңестiң сауда-саттық басқармасы бар. Сонда iс атқарамын. Ал мына мiлисалармен жақсы қарым-қатынаста едiм. Соның арқасында ғой, өзiңдi ол тамұқтан алып шыққаным. Сүлейменнiң есiне Төребектiң әнеукүнi осы Мамажан туралы айтқаны түстi. Сол мұны күллi Тәшкеннiң жарым патшасындай етiп, әңгiмелеп едi. “Оның сөзi Тәшкеннiң ең басты ұлығынан бастап, төменгi кiшiгiне дейiн өтедi” деп едi. Төребектiң сөзi рас- ау. Мамажанның мына маңғаз һәм сұп-сұр суық жүзi, екпiндеп-

екпiндеп шығатын дауылдай үнi соны айқындап тұрғандай.

    • Мен жайында кеңiрек бiлгiң келсе, үйдегi кiсiлерден есiтерсiң, — дедi Мамажан күйме лайсаң бiр көшеге түскен кезде.

  • Ал тегiмдi сұрайтын болсаң — қоңырат деген елденмiн. Сыр жағасындағы «Жалғыз көде» деген жерде тұрғанмын. Жасым — отыз сегiзде.

    • Менен төрт жас үлкен екенсiң. Мен «өзiммен қатар ма» деп келе жатыр едiм. «Сен» дегенiме айып етпе. Ендi менi қайда орналастырмақ ойың бар? Мен дегенiң, үйсiз-күйсiз жүрген жанмын.

    • Ол жайын үйге барған соң қозғалық.

Қос ат жегiлген күйме табаны былжырап жатқан көшенi бойлай жүрiп, қам қышпен соғылған ұзын дуалды үйге келiп тоқтады. Қосарлана күймеден түстi.

    • Мына үй iлкiде сарттың бiр байпатшасынiкi болған екен. Кеңес орнағаннан кейiн өкiмет алып бердi. Жо-жоқ, менен бұрын рабкомның төрағасы тұрған. Төрағадан кейiн кеңестiң талай ұлықтары бұл үйге таласты. Алайда олардан басым түсiп, мен иелендiм.

Сүлеймен iшке енгенде көзiне зәулiм сарайдай үй түстi. Үй болғанда сыртының бәрi күйдiрiлген қызыл кiрпiштен салынған әсем там. Есiк алдындағы бастырмасының ұстындары мен паруаз ағаштары оюлап жасалынған. Терезелерi де үлкен. Бiр бұрышта қара былғарымен қапталған пәуеске тұр. Оның ар жағында төрт ат байлаулы. Мұндай сән-салтанаты келiскен үйдi Сүлеймен өмiрiнде көрген емес.
Үйге жақындағанда иығына шашық iлген, қолында құманы мен шылапшыны бар iлмиген бiр сарт алдарынан шықты.

    • Кiсiлер үйде отыр ма? — дедi Мамажан қолын жуып жатып.

    • Иә, қожайын, үйде, үйде.

Сүлеймен қолын жуып болғанда, үйден үш кiсi шықты. Екеуi орта бойлы. Бiрақ иықтары жалпақ. Бастары қазандай. Ал бiреуiнiң бойы ұзын, әрi сүйектi. Көздерi от шашып тұр. От шашқаны былай тұрсын, тiптi зәрдей екен. Екi жаққа ширатылған мұртының ұштары жоғары көтерiлген. Алдымен Сүлейменмен сол амандасты. Саусақтары ұзын, салалы болғанымен тастай қатты. Жалпақ алақандары күс-күс пе, әйтеуiр бұдыр-бұдыр темiр сияқты. Одан кейiн қол берген екеу де осал адамдар емес. Жүздерiнде қан-сөл жоқ, қатқыл.

    • Амандасып болсаңдар, iшке кiрейiк. Сосын танысарсыңдар.

Бәрi кiре берiс айуаннан өтiп, кең бөлмеге кiрдi. Бөлме iшi жасаулы. Төрт бұрышта қалың-қалың көрпешелер жаюлы.

    • Қонақ, төрге шық!

Қатарласа жайғасқан соң манағы сарт дастархан жасап, шәй әкелдi. Шай құюды Мамажан өз қолына алды.

    • Ал, Сүлеймен. Мына жiгiттердi саған таныстырайын. Өзiңнiң жаныңда отырғанның аты — Қараман. Келестегi шанышқылы. Қазiр сонау Аралдағы Барсакелмес деген жерде

айдауда жүр. Бiрақ оқтын-оқтын жасырын түрде елге соғып тұрады. Дегенмен әр келiсi онша жасырын да емес. Жә, бұл жөнiнде кейiнiрек.
Естуiмше, жұрт өзiңдi «Сүлеймен қарақшы» дейдi екен ғой. Ал мұны Тәшкен жұрты «Қараман қарақшы» дейдi. Анау көздерiн көрмейсiң бе, ашулы бөрiнiң көздерiндей шоқ шашып тұр:
Ал мынау — Абдан. Шын аты — Пархад. Солай ма едi, Пархад. Ол өзiңнiң туысың. Тау жақтан. Баяғыда семiздiктен жүре алмай жатып қалса да, он үш жыл ел билеген — оймауыт Тұрта деген датқаны естуiң бар шығар. Содан Ағабек туған. Ағабек те көп жыл болыс болған. Пархад сол Ағабектiң екiншi баласы. Мұны тау барысына да, қамыс жолбарысына да, тоғай қабанына да теңесең болады. Жаужүрек. Қанша таяқ жесе де, қайтуды бiлмейдi. Қалжыңмен айтсам, бұл тұрғыда ол денесiне таяқ тиген сайын iсiне беретiн борсық сияқты. Соққы дарымайды. Көп мақтап қойдым ба-ей сенi, Пархад? Онда сенi қойып, Парманқұлға көшейiн.
Парманқұл батырымыз — қоңырат. Iлкiде Алай тауында өзiңмен бiрге басмашы болып, кейiн Сiбiрге айдалған Аязбек пен Төрекелдiнiң бұрынғы досы. Iлгерiде бәрi байлардың малдарын тонап, қарақшылықты бiрге бастаған. Мұны да жұрт «қарақшы» дейдi. Әлi күнге дейiн өкiметтен қорықпай, көшеге шықса, мылтығы мен қылышын асынып жүредi. Осындай адамды көрген бе едiң?..

    • Тоқтай тұр, Мамажан, тоқтай тұр. Осы Парманқұлды күнi

кеше ғана «абақтыда жатыр» деп есiтiп едiм.

    • Кеше шығарып алғам. Бұл түрмеге түсуден жалықпайды, мен шығарып алудан шаршамаймын.

Мамажан осыны айтып күлдi. Оған қосыла бәрi күлiстi. Одан кейiнгi әңгiмелерi тiптi жарасып, төртеуi түн ауғанша отырды. Ойлары да, сөздерi де бiр жерден шықты. Жарыса сөйлесiп, бiр- бiрлерiнiң өткен өмiрлерi жайында әбден қанығысты.

    • Өкiметке құл болмай-ақ, нанымды тауып жеймiн, — дедi Парманқұл.

    • Менi ешкiм өзiне тәуелдi ете алмайды,— дедi Пархад.

    • Қалыпқа сыймайтын адамдармыз-ау. Бiрақ кесiлген жазамды өтемей, маған тыныштық жоқ. Еркiндiк бiр қолыма тисе ғой, — дедi Қараман.

    • Тұрлыбай мен басыма үзеңгiмен ұрған қаскөйдiң сазайын бермей еш тынбаймын, — дедi Сүлеймен.

    • Сен, Парманқұл, құл болмай нан тапқың келсе, жөн- жосықсыз зорлыққа бара берме. Пархад, сен болсаң, ұрлық атаулыға жолама. Онсыз да несiбең мол адамсың. Ал, Қараман, сенi «жер аударды» дегенi болмаса, өз еркiң өзiңде. Артыққа кетiп, тағы күйiп қалма. Сүлейменге келсем, бiлмеймiн, бұған не айтарымды. Алдымен жарақатыңды жазып ал. Осында жатып жазыл. Үй кең. Бар жағдай бар. Қарап тұрсам, өштескен адамыңнан кек алмай қоймайтын жан екенсiң. Мен «тиiспе» десем де, тиiсесiң оларға. Ол сұмдарға да бiр зауал керек... Жә, бүгiнгi әңгiмемiздi осымен бiтiрейiк. Қараман ертең Аралға қайтуы керек. Парманқұлға әзiрше жұрт көзiне көрiнуге болмайды. Сүлейменнiң жағдайы белгiлi. Сондықтан да жатып дем алайық. Қалғанын кейiн көрермiз.

    • Жарайды, Мамажан. Әзiрше сенiң айтқаның болсын. Бағаналы берi сенен бiр нәрсенi сұраудың ретi келмедi. Ендi сұрайын. Осында барлық бұзықтар мен баскесерлердi ашса— алақанында, жұмса— жұдырығында ұстап отыратын Бекаба деген жөйiт бар екен ғой. Ол жайында не бiлесiң?

    • Оның бары рас. Бiрақ соған өкiметтiң де, мен деген мықты жiгiттiң де әлi жетпей қойды. Өзiм оны көрген емеспiн. Айтушылардың сөзiне қарағанда, сұмдық адам дейдi.

    • Сол сұмдық адамның ажалына мен жетемiн!

— Қайдам?
Мамажан бiр күрсiнiп, басын төмен салды.
Тәшкендегi қазақтардың ең атақты қарақшыларымен танысқан Сүлеймен, бiр апта бойы Мамажанның үйiнде қонақтап, Тұрлыбай мен өзiн үзеңгiмен ұрғанды сартты қалай қолға түсiрудi әбден жоспарлады. Жоспарының көмекшiсi — Пархад. Күнде көшеге шығып жүрген ол, бiр күнi кешке Қаратайды ертiп келдi.

  • Тәшкенге келе сала, екi рет оңбай таяқ жедiң. Бұл сенi сорға батыратын шаһар болайын дедi-ау деймiн, — дедi ол амандасып болған соң. — О, Парманқұл да осында екен ғой. Мамажан бәрiңнiң бастарыңды қосып, жүдә, бағып жатыр екен-ау.

  • Бiр қарақшымызды Аралына аттандырып, үшеумiз жатырмыз iшiмiз пысып. Мына Сүлеймендi таяқтап кеткендердi таптың ба? Көрсетшi тезiрек. Iш пысқанға қолдың қышығаны қосылып, Мамажанның үйiне сыймай отырмыз.

  • Сен, Парманқұл, өзiңе лайықты жанды ендi таптың. Қашғарлықтардан кек алғыларың келсе, дайындалыңдар. Үзеңгiмен ұрғыш қаскөйдiң, Тұрлыбайдың, қойшы, не керек, Сүлейменге қастандық жасағандардың бәрiнiң қай жерде тұратындықтарын әбден бiлiп алдым. Өш алуды қайсысынан бастайсыңдар?

  • Үзеңгiмен ұрғанның атын Жәлелдин деп пе едiң? Алдымен соны тұзаққа түсiрейiк. Ал өткен базарда маған жабылып, пышақ ұрғандардың кiмдер екенiн бiлiп алдың ба?

  • Жәлелдиндi көрсеткен Мұзапар оларды да бiлетiн болып шықты. Бәрiн жұмсап отырған — Тұрлыбай.

  • Онда бұл не отырысымыз? Уақыт болса, кеш түстi. Кеттiк, Жәлелдиннiң үйiне. Айтпақшы, ол қай жерде тұрады екен?

  • Қарақамыстың бойындағы махаллада. Тұрлыбай да сол жақта тұрады. Жалпы, оның көп бандысы бiр-бiрiмен ауылдас. Мұзапар да солардың iргесiнде отыр.

  • Мұзапардың бiзге қажетi шамалы. Сен Жәлелдиндi алдап, сыртқа шақырып шық. Оған бiр сылтау табарсың. Махалланың маңында қалтарыс-бұлтарыс жер бар ма? — дедi Сүлеймен Мамажан сыйлаған екi жүздi қанжарды қонышына сұғып жатып.

  • Махалла жағалай отырған өзеннiң жағасы ну қамыс. Орылмаған, мал араламаған қамыс тығылғанды көлденең көзден жүдә әдемi жасырады. Соның арасына бiр кiргiзiп алсаңдар, ар жағын өздерiң бiлесiңдер.

Бұдан кейiн бiраз iстердi тағы пысықтап алған төртеуi шаһардың батыс жағындағы Қарақамыс махалласына жол тартты. Көлiктерi — қос ат жегiлген үлкен дөңгелектi қоқанарба. Ат айдаушының қызметiн атқарған Пархад бұларды демнiң арасында межелi жерге жеткiздi. Арбаны махалланың бас жағына орналасқан Мұзапардың үйiнiң ауласына тықты. Сүлеймен мен Парманқұлды көргенде, Мұзапар қорқыныштан дiрiлдеп, әзер үн қатты:

  • Уа, үкалар, кiмдi таяқтасаңыздар да менi араластырмаңыздаршы. Бала-шағам бар. Оларды мен көрсеткенiмдi Бекаба есiтiп қойса, үй-iшiмiзбен бауыздап кетедi.

  • Қорықпа, сенi бұл iске араластырмаймыз, — дедi Пархад.

  • Жәлелдиндiкi сенiкiнен кейiн нешiншi үй?

Мұзапар үйлердi iштей санап, күбiрледi:

    • Тоғызыншы үй.

    • Бұл айтпаса да бiлем ғой, — дедi Қаратай.

    • Жақсы, бiз келгенше аттар мен арбаға қарай тұр.

Жағасын қамыс басқан өзен мен ұзыннан-ұзақ созылған махалла арасын бiр-ақ көше бөлiп жатыр. Мұзапардың үйiнен шыққан төртеу бiр-бiрiне жабыса салынған тамдарды санап келiп, тоғызыншыға келгенде тоқтады. Дуалдың ар жағынан шәуiлдеп иттер үре бастады.

    • Бiз дуал жағалай тұрайық. Жәлелдин шыққанда, бiздi бiрден байқап қоймасын. Ал, Қаратай, шақыр оны.

Қаратай аласа дарбазаны қамшы сабымен дүңкiлдетiп ұрды.
Ар жақтан:

    • А, кiм-ә дүр бұ? — деген дауыс шықты.

    • Жәлелдин, бiр сәтке берi шығып кетшi. Тұрлыбай жiбердi,

  • дедi Қаратай.

Тұрлыбайдың атын естiген анау атып шықты.

    • Не, жайшылық па?

    • Жай тiрлiк болмай тұр ғой. Былайырақ жүрiп, анау кiсiлермен сөйлесшi.

Ойында ештеңе жоқ Жәлелдин Қаратайдың соңынан ердi.

    • Қараңғыдан анық көрмей тұрмын. Бұрын екеумiз таныс па едiк өзi?

Жәлелдин осылай дегенi сол едi, дуал түбiнен шыға келген Сүлеймен, оның басынан бiр қойып, жерге былш еткiздi. Одан соң бiр аяғынан ұстап, қамыс арасына сүйреледi. Қамыстың қалыңдау тұсына келгенде сiлкiп-сiлкiп, есiн жидырды. Есiн әрең жинаған Жәлелдин басын қысып, бiраз отырды. Айқайлайын деп әрекеттенiп едi, бiрақ жан-жағындағы төртеудiң бәрiбiр өлтiрiп қоятынын бiлдi ме, Сүлейменнiң аяғын құша құлады.

    • Кешiрiңiз, әка. Айып менде. Сiз базардағы мен ұрған дәу емессiз бе? Құдай ақы, ұрам деп ұрғаным жоқ... Тұрлыбай әкам қоймады. Ойбай, өлтiре көрмеңiзшi.

Басын Сүлейменнiң тобық тұсына тiреп, етпеттей жатқан ол еңкiлдеп жылады.

    • Жылама, хайуан! Сырттан келiп ұруға батыр едiң ғой. Осы үшiн қазiр мына басыңдағы миды анау өзенге ағызып кетем.

Сүлеймен басына бiр тептi.
Тепкi қатты болмаса да, оңай тимедi бiлем, Жәлелдин тағы талықсып қалғандай, үн шығаруға әлi жетпедi. Аздан соң жан бiтiп, қозғалақтады. Сүлеймен оның желкесiнен бүре ұстап тұрғызды да, қалай қинасам екен дегендей қолдарын жәй бұрай бастады.

    • Сүлеймен, қоя тұр. Бұл бiзге Тұрлыбайды шығарып берсiн.

    • Ә, үкам дұрыс айтады. Бәрiн бастаған — сол. Шығар десеңдер, шығарып берейiн. Тек өзiмдi аман қалдырыңдаршы, — деп Жәлелдин төртеуiнiң аяқтарына кезек-кезек жығылды.

    • Сен өйтiп бiздi алдама. Оған бiр жетiп алсаң, бiр қулықты ойлап қаша жөнелерсiң. Айт, Тұрлыбайдың үйiнде мылтық бар ма?

    • Мылтығын бiлмеймiн. Бiрақ мiне — иманым, мiне — шыным, алдарыңызға әкеп берем. Керек десеңiздер, оны өзiм-ақ ұрып берейiн.

    • Бүйтiп жәдiгөйлiк жасама. Менi сендей опасызға сенедi деймiсiң? Одан да қалай шақыратыныңды айт!

    • Сiздер бергi жақта тұрасыздар. Мен шақырып келем.

    • Оттапсың. Бiз сенi ұстап тұрамыз. Сен айқайлап шақырасың.

Басқа бiрдеңе деп жүрсең, жон арқаңа қанжарды қадай саламын.

    • Бопты, үка, бопты.

Төрт қарақшы алдарына Жәлелдиндi салып, қамыс арасынан шықты. Азғантай жер жүрген соң: «Тұрлыбайдың үйi осы», — деп Жәлелдин таспен қоршалған бiр тамның тұсына тоқтады.

    • Расымен осы ма? — деп Сүлеймен Қаратайға қарады.

    • Осы.

    • Бiз ешкiмдi аямаймыз. Сатқындық жасағандарды айтам. Егер сөз арасында оған белгi берiп қойсаң, бала-шағаларыңнан түк қалдырмаймыз, — дедi Пархад әдейi ананы одан бетер қорқытып.

    • Қам жемеңiз, үка, қам жемеңiз. Айтқанымда тұрам. Белгi бермеймiн.

Жәлелдин Тұрлыбайдың қақпасын өздерiне белгiлi соққымен төрт-бес мәрте тарсылдата ұрды. Қақпаның ар жағынан қатқыл үн естiлдi.

    • Қайсың бұл?!

    • Тұрлыбай, әш-ү дарбазаны! Шаруа бар-үу.

    • Жәлелдинбiсiң? Әй, түннiң жарымында сенiң де iсiң бiтпейдi екен. Бекаба жәкемнен бiр хабар келiп қалды ма?

    • Шықсаңшы-ә. Әйтәм ғуй.

Шиқылдап қақпа ашылды. Сүлеймен еңкейiңкiреп, Жәлелдиндi паналап тұрған. Анау үшеуi сыртқа ашылған қақпаның тасасына тығылды.

    • Айт, не болды?

    • Әкеңнiң... болды. Мә, сұмырай!

Қақпадан жайбарақат шыққан Тұрлыбайды Сүлеймен осылай деп бiр соқты. Анау қақпаға жабысып барып, сырғып жер құшты.

    • Пархад, Жәлелдиндi ұста. Мен мұны сүйреп қамыс арасына апарайын.

Сәл мезгiлден соң Тұрлыбай мен Жәлелдин ну қамыстың арасында төртеуiнiң қоршауында отырды.

    • Сөйле, Тұрлыбай. Баяғыда аязды түнде су iшiнде қатып қалмай қалай аман шықтың? Бәрiнен бұрын қасқырлар қалайша саған тиiспедi? Әй, бiрақ, сауал-жауап алып отыратын менде уақыт жоқ. Тек мынаны түсiндiр. Маған өзiң тиiспей, неге адамдарыңды жiбересiң? Тасадан тас ататын қорқақтың нақ өзi екенсiң сен. Егер менiмен өзiң төбелеске шығып, жеңсең, яки жеңiлсең, бәрiн кешiрер едiм. Ал мен ешуақытта араға адам салып, қапияда бас салдыратын қорқақтарды кешiрмеймiн. Ендi өлдiм дей бер. Баяғыда аязды түнде мұздай өзенге батырып кеткенiмде сау қалыпсың. Бүгiн тағы суға батырам. Бiрақ сол кездегiдей аяз болмаса да қазiр өлесiң.

Жоқ, әлде, Бекабаның алдына өзiң ертiп барасың ба? Сұрашы менен. Қандай айламен өлу оңай? Суға батып па, әлде басың қырқылып па? Әй, жауап бер маған! Әлi есiңдi жинай алмай отырмысың?
Тұрлыбайдың бет-әлпетiнде қандай өзгерiс бар екенi қараңғылықтан көрiнбейдi. Бiрақ iштей аһ ұрып, өкiнiп отырғаны даусыз. Сүлеймен бiр нұқығанда жанындағы Жәлелдинге бассалды.

    • Аһ, сатқын! Сен мақұлыққа баяғыдан сенбеушi едiм, — деп оны төмпештей бердi.

«Ит ашуын тырнадан аладының» керiне салынған оның басына Сүлеймен гүрс-гүрс еткiзiп екi рет ұрды. Тұрлыбайдың миы аузына түстi. Оның шалқалай сұлағанын көрген Жәлелдин:

    • Өлiп қалды ма, өлiп қалды ма? Ә-ә-ә, ендi менi

өлтiрмеңiздершi, — деп зарлана жылады.
Пархад Тұрлыбайды ары-берi аударыстырып көрдi.

    • Қазiрше өлмептi. Талып қалыпты.

Парманқұл Тұрлыбайдың бiлегiн ұстап, тамыр соғысын байқады:

    • Жалаң қолыңның өзi сойылдай екен.

    • Қап, Құдай-ай!.. Жәй ғана ұрған сияқты едiм... — Сүлеймен қатты күрсiндi. — Мұны естiсе, Мамажан тамырымыз «бекер бопты-ау» деп ренжитiн шығар.

    • Кiм ренжiсе де, болар iс болды. Әй, Жәлелдин неге сонша дiрiлдейсiң? Тұрлыбайды сүйретiп бар да, анау өзенге таста. Көрген жұрт «суға батып өлiптi» десiн.

Пархад осыны айтуы мұң екен, Жәлелдин Тұрлыбайдың аяқтарынан сүйреп, суға күмп еткiздi. Су жағасынан берi қарай бұрыла бергенiнде, Парманқұл артынан бiр теуiп, өзiн өзенге батырды. Содан шашала жөтелiп, жағаға тырбанып шығайын деп едi, Пархад қамшымен бастан салып жiбердi.

    • Арғы бетке жүзiп жете алсаң, аман жiберемiз.

    • Ойбай, әка. Судың ортасы терең. Жүзе алмаймын. Су мұздай. Суық тиiп, өлiп қалам ғой.

Жәлелдин су ортасында дiр-дiр етiп, осылайша қақсап тұр.

    • Онда, шық жағаға.

Жәлелдин жағаға ұмтылды. Осы сәт Пархад маңдайынан бiр теуiп, суға тағы шалқасынан түсiрдi. «Мыналар судан шығармайды» деп ойлады ма, ол қақала-мақала ары қарай жүрдi. Өзеннiң қараңғы бетiнен оның жәй басып кетiп бара жатқаны бұларға анық көрiнiп тұрды. Бiр кезде: «Ойбай, мына жер терең екен. Өте алмаймын, өте алмаймын», — деп бақырып, керi бұрылды.

    • Бақырма, сұмырай. Бiреу естiп қояды. Сөйлей бермей, кел берi!

Ол жиекке жақындап келген кезде:

    • Тоқта сол жерде, — дедi Парманқұл. — Судан шыққың келсе, бiзге «Бекабаның отырған жерiне ертiп барам» деп уәде бер.

    • Оның отырған жерiне кiрген емеспiн. Менi онда кiргiзбейдi.

Беймарал кiретiн Тұрлыбай едi ғой.

    • Өтiрiктi соқпа.

    • Оллаһи, шыным.

    • Тұрлыбайдан басқа кiм кiре алады?

    • Достұр кiредi.

    • Ол кiм?

    • Базардағы мiлисада iстейдi.

    • Мiлисаның керегi жоқ бiзге. Басқа адамды айт.

    • Пархад, Бекабаны қоя тұр. Қаратай, Сүлейменге пышақ ұрғанның атын кiм деп едiң? Кәрiмхан дейсiң бе? Жәлелдин, бiзге қазiр Кәрiмханды Тұрлыбайға ұқсатып, далаға шақырып берсең, судан шығарамыз, — дедi Парманқұл.

    • Мақұл, мақұл. Кiмдi айтсаңдар да шақырып беремiн. Төртеуi Жәлелдиннiң киiмдерiнiң суын сорғалатып,

дiрдектеткен күйi Кәрiмханның үйiнiң алдына айдап келдi. Тiстерi тiстерiне тимей қалшылдап, әзер сөйлеп тұрса да, Жәлелдин Кәрiмханды көшеге шығарды. Кәрiмхан сорлы да оның қандай жұмыспен келгенiн бiлiп үлгергенше, арт жақтан тиген соққыдан есi ауып түстi. Қамыс арасында өз-өзiне зорға
келдi.

    • Мен ұрсам, бұл да өлiп қалатын шығар. Сендер ұрып-ұрып, менiң кегiмдi қайтарыңдар.

Анау үшеуi оны әбден қинады. Жәлелдинге ұқсатып, әбден суға тоғытты. Айқайлайын десе, Парманқұлдың қолындағы маузерден қорықты. Пархат Кәрiмханмен қатар Жәлелдиндi де өлгенше таяқтады. Ол аздай, Кәрiмханның аяқтарына пышақ сұққылап, жаралап тастады.

    • Осы таяқ жегендерiңдi мiлисаға айтсаңдар, болмаса базарда, көшеде бiзге тосыннан шабуыл жасасаңдар, бұдан бетер азаптаймыз, — деп екеуiн қосақтап байлап, қамыс iшiне тастап кеттi.

    • Бұл иттер ашуым басылғанда кездестi. Базарда қолға түскенде аямас едiм. Жаңа олардан сұрамаппыз ғой, Бекабаның адамдарына жейтiн адамдарды осылар тасып жүрген жоқ па екен? — дедi Сүлеймен қамыс шетiне шыққанда.

    • Ә, ондайға бұлардың да қатысы бар, — дедi Қаратай.

    • Онда керi бұрылып, екеуiн де байланған күйлерi суға тастай салайық. Өлсе — өлер, өлмесе — жағаға шығар. Талай пәк сәбидiң қанын шашып жүргендердi несiне аяймыз.

Төртеуi осыған келiстi де, iшшайлап жатқан екеуiн домалатып, өзенге тастады. Қол-аяқтары байлаулы екi сорлы су ағысымен ағып кете барды...


VII


Содан берi алты айдай уақыт өттi. Сол, 1932-шi, мешiн жылының күзi жаңбырлы болды. Әдетте Тәшкенде қараша айының өзi де ыстық болатын. Ал осы жылы күн құрғатпай шелектеп құйған жаңбыр бiр ашылмай-ақ қойды. Әр он-он бес жылда бiр болатын мұндай жаңбырлы күз Тәшкен жұртын әбден мезi етiп-ақ тастады. Диқанның жұмысы, саудагердiң базары оңды болмаған соң, көбiне осы екi нәрсенi кәсiп ететiн өзбек халқының көңiлi қайдан көтерiле қойсын. Дегенмен Тәшкендегi әр жетi сайын болатын базар тоқтап қалмайды. Бiрақ жайма- шуақ мамырлы күндерге қарағанда, жаңбырлы уақытта мұнда қызу сауда-саттық, қарбалас тiршiлiк бола қоймайды.
Сүлейменге Мамажан «Әстi имам» мешiтiнiң жанынан бiр үй әперген. Ауласы тар, төбесi пәс демесең, бөлмелерi кең. Пархад та, Парманқұл да осында. Соңғы кезде үшеуiнiң жұбы жазылмады. Қайда барса да бiрге. Үшеуiнiң үнемi бiрге жүргенiнен сескендi ме, әйтеуiр базарда да, көшеде де ешкiм тиiспедi. Тұрлыбайдың, Кәрiмхан мен Жәлелдиннiң таяқ жегенiне Бекаба жөйiт кек алғысы келмегендей жым-жырт. Алты ай iшiнде үшеуi қарап жатпады. Тәшкенге Қазақстандағы аштық зобалаңынан ауып келген, әлi де келiп жатқан ашқұрсақ қазақтар көп. Үшеуi алты ай бойы сол қазақтарды тойындырамыз деп, тыныш таппады. Оларға базар саудагерлерiнен, көше-көшелердегi шайхана- асханалардың қожайындарынан тартып алған малдар мен ас- ауқаттарды таратып берiп, қолдарынан келгенше көмектесiп бақты. Осылайша, басы ауған талай қазақ осы үшеуiнiң арқасында жат жерде аштан қатпай, аман қалды.
Кеше Пархад пен Парманқұл «Қатағантөбе» жаққа кеткен. Сүлеймен үйде жалғыз отырып, көршi өзбек қатын дайындап берген ауқатын ендi алдына алғаны сол едi, қақпаны бiреу қатты тоқылдатты. Кебiсiн сүйрете шыққан Сүлеймен қақпаны ашса, көздерi ойнақшыған орта бойлы бiреу тұр екен.

    • Сүлеймен дәу сiз боларсыз?

    • Иә, мен. Өзiң кiмсiң?

    • Менiң атым — Қойсал. Шорабазардағы Өдiмәт дәдәмдi бiлесiз ғой. Сол кiсi бүгiн бейсенбi болғасын, базарда делдалы бар, қасапшысы бар, сондағы жұмыс iстейтiндердiң барлығын һәм тамыр-таныс кiсiлерiн шақырып, тамақ берiп, құран оқытпақшы. Сiздi де «келсiн» деп менi жiбердi.

    • Өкiмет Құран оқып, құдайы беруге тыйым салды деп едi.

Өдiмәт қорықпай, қалай құдайы өткiзбек?

    • Ол жағын кiм бiледi. Бiр есебi бар шығар.

    • Сен сәл кiдiре тұр. Мен киiнiп шығайын.

Үстiне жеңiл шапанын iле салып, сыртқа шықса, Қойсал көшеде тұрған өгiз арбасын керi бұрып қойыпты.

    • Бүгiн күндегiдей емес, ауа ала бұлтты болып тұр. Жаңбыр жауа қоймас, сiрә.

    • Қайдам, Сүлеймен әка. Жаңбырдың өстiп тұрып-ақ жауа салатын әдетi бар ғой.

    • Мен байқай алмай отырмын. Тәжiксiң бе, өзбексiң бе?

    • Түбiмiз сонау Созақтағы Тама екен. Атамыз бай болыпты. Орыс келген кезде бар малымнан айырылып қалам деп, Хожент жаққа қашыпты. Атамның да, әкемнiң де өлiгi сол Хожентте қалды. Жаңа өкiмет орнаған соң мен қуғынға түстiм. Содан тау асып, Тәшкен келiп тұрақтадым.

    • Осы жердiң қазақтары неге бiрiң өзбек, бiрiң тәжiк болып бара жатырсыңдар өзi? Сенiң түрiң мен тiлiңе қарап, түбiңнiң қазақ екенiне ешкiм сене қоймас.

    • Кiм бiледi, ортамызға қарай бейiмделген шығармыз.

    • Қандай ортаны айтып отырсың? — деп гүж еттi Сүлеймен.

  • Әркiм ортасына қарай өз ұлтын жоғалта берсе, бiздiң елдiң Сұлтанрабат, Сайрам жерiндегi өзбектер неге қазақ болып кетпейдi. Қайта соларға жақын отырған кейбiр қазақтар өзбек болып кеткен. Неге қазақтың намысын ұстамайсыңдар өздерiң? Мысалға, менiң осында келгенiме алты ай болды. Әлi бiр ауыз сөздi өзбекше айтпаймын. Қоқанда екi жыл жүргенiмде де өзбектiң арасында жүр екенмiн деп тiлiмдi шұбарлағаным жоқ.

Екпiндей сөйлеген Сүлеймен өзiн бiр ұрып жiберер ме екен деп қорыққан Қойсал өгiздi тоқтата сап, жерге секiрiп түстi. Ойнақшыған көздерi ендi мөлиiп, бұған жасқана қарап, арба шарабасына сүйендi.

    • Неге түстiң?

    • Ойбай, сiзден қорқып кеттiм. Түрiңiз әшейiннiң өзiнде қорқынышты көрiнедi. Жаңа екпiндеп сөйлегенiңiзде бiр қойып қала ма деп...

    • Сенi ұрып нем бар. Тек сен сияқты қазақтардың намыссыздығын айтам да. Ата-бабаңның тiлiн неге бөгде тiлге алмастырасың?

    • Бiр мен деймiсiз? Әкем де тәжiкше, өзбекше сөйлеп өттi. Жалпы, Әнгреннiң арғы жағындағы қазақтардың бәрi сондай ғой.

    • Қорқақ пен сатқындар өз ұлтының намысына тұрақсыз келедi. Ондайлар басқа ұлтқа айналғанда да батыр болмайды. Өзiңдi-ақ алайықшы. Мен сәл қатты сөйлегенге сонша қорықтың. Жетi айдың iшiнде осында маған қаскөйлiк жасағандар да сартқа айналған тәжiк пен қазақ. Анау Өдiмәттiң де, жалпы осы Тәшкендегi сарттардың жарымынан астамының түптерi — өзбек емес, басқа ұлттар. Неге бұлай болатынына қайранмын. Неге тұрсың қақиып?! Мiн, арбаға! Кеттiк!

Содан Шорабазарға жеткенше екеуi ләм деспедi. Базар ортасындағы керуенсарай алдында ала шапан, ала топы киген адам көп. Сүлеймен арбадан түскенде танитыны бар, танымайтыны бар, бәрi жапырылып келiп, сәлем бердi. Өдiмәт қолтықтап iшке кiргiздi. Керуенсарайдың төргi кең бөлмесiнде үлкен етiп дастархан жасалыныпты. Бiрақ Өдiмәт Сүлеймендi онда отырғызбай, төргi жақтағы кiшкене бөлмеге алып келдi. Мұндағы дастархан шағындау. Бес-алты кiсiге ғана арналып жайылыпты.

    • Сен Тәшкеннiң құрметтi адамысың. Балуан, батыр жiгiттер құрметтi болады да. Ендеше, көппен бiрге отырмай, сыйлы қонақтар отыратын осы жерге жайғас. Қазiр мұнда өкiметтiң емес, Тәшкендегi базар мен шайханалардың кәттә ұлықтары келедi. Солармен танысып, дастархандас болсын деп, өзiңдi әдейi шақырттым, — деп Өдiмәт мұны төрге шығарды.

Сүлейменнiң артынан төрт-бес адам кiрдi. Бәрiнiң жастары Сүлейменнен үлкендеу болса да, бұған iлтипатпен сәлем берiп, дастархан басына жағалай жайғасты. Қызметшi отырғандардың бас-басына бiр-бiр табақ палаудан, жеке-жеке шәйнекпен шай әкелдi. Қонақтар «бисмилда» деп тамаққа бас қойды. Өдiмәт болса, отырғандарды шетiнен Сүлейменмен таныстырып шықты. Шынында олар Тәшкеннiң ұлық саудагерлерi, кәтта базар басшылары екен. Сүлейменмен танысып болған әлгiлер мұның сырт тұрқын мақтай сөз етiсiп, ұзақ қауқылдасты. Саудагерлердiң мадақ сөздерiн есiте отырып, бұл бiр табақ палау мен бiр шәйнек шайды тауысып та қойды. Бiр кезде басы айналып, маужырай бастады. Денесiнiң бәрiн зiл-батпан күш басып, қайта-қайта мүлги бердi.

    • Уа, Сүлейман әка. Ыстық палау мен шайдан кейiн ұйқыңыз келе бастады ма? Жүдаям, көзiңiз жұмылып барады ғой, — дедi жанындағы бiр кiсi.

    • Өдiмәт, қонаққа ащы етiп тағы ыстық шәй әкелдiр. Ұйқысын ашсын, — дедi тағы бiрi.

    • Ұйқының бұлайша неге басып бара жатқанына таңмын. Түнде жап-жақсы ұйықтаған сияқты едiм, — деп Сүлеймен екiншi шәйнектегi шайды пияласына құйды.

    • Шайдан басып-басып iшiңiз.

    • Иә, кейде адамды ұйқы айналдырып алады...

Бұдан арғы сөздер құлағына күмбiрлеп, анық естiлмедi. Бiр жамбасына қисайып, құлап бара жатты. Содан қанша ұйықтағаны беймәлiм, көзiн ашса, қараңғы бiр жерде жатыр. Басын бiреулер сойылмен соққылап тастағандай ауыр. Тiлi аузына сыймай, қурап кетiптi. «Қай жерде жатырмын» тұруға ыңғайланып едi, тұра алмады. Қол-аяқтары байлаулы екен. Iштей таңырқап, бұл жағдайға қалай түскенiн қанша ойланса да, есiне Шорабазардағы керуен сарайда шай iшiп, палау жеп отырғанынан басқа ештеңе түспедi.

Жалпы, Сүлеймен өмiрде болатын қулық-сұмдықтарды екшеп, ой таразысына салуға дәрменсiз болатын. Иә, ол мынау өмiрде ылғи итжығыс түсiп жататын қаскүнемдiк пен мейiрiмдiлiк, сатқындық пен достық атаулының қандай жолдармен келiп жататындығын пайымдай бермейтiн. Оған




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет