Электрондық журналдар мен күнделіктер мектептердің оқу үдерісіне ақырындап енуде. Білім қоғамның басқа салаларынан қалыспауы керек, өйткені мектептер болашақ қоғамда өмір сүретін адамдарды тәрбиелейді. Онсыз да ертеңгі күнді компьютерлерсіз, интернет желісінсіз және жаңа ғасырдың басқа да техникалық құралдарынсыз елестету мүмкін емес.
Электрондық күнделікті ойлап тапқан адам 1975 жылы американдық ғалым Сэм Питрода болды деп есептеледі. Содан бері электронды күнделіктер мен журналдар әлемнің көптеген елдерінде үлкен танымалдылыққа ие болды. Электрондық күнделіктер әлемнің барлық дамыған елдерінде қолданылады. Мұндай жүйелерді өздерінің оқу орындарында белсенді түрде енгізетін елдер қатарында: Ұлыбритания, Хорватия, Латвия, Ресей, Беларуссия, Малайзия, Италия, Франция бар. Республика көлеміндегі бірқатар мектептерде kundelik.kz платформасы іске қосылды.
Kundelik.kz – білім беру үдерісіне қатысушыларға оқу кестелері, ағымдағы және қорытынды бағалар және үй тапсырмалары туралы ақпаратты онлайн режимінде алуға мүмкіндік беретін қызмет. Электронды мектеп құжат айналымы білім беру ұйымдарына әкімшілік жүктеменің төмендеуін қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар, әр түрлі электронды күнделік жүйелері басқа қосымша функцияларды қолдай алады: студенттердің электронды портфолиосы, жаңалықтар лентасы, әлеуметтік желілер және т.б. Қазіргі таңда 4 миллионнан аса адам тіркелген. Олардың қатарында 300 мыңы мұғалім, 2,5 миллион оқушы, 1 миллионнан аса ата-ана бар.
Сандық технология ресурстары – жаһандық заманда сапалы білім берудің тиімді құралы. Олар әлемдік білім беру үрдісіне тың идеяларға толы өмір бойы білім алу құндылығына негізделген жаңа әдістің пайда болуына себепкер болды. Аталмыш технологиялық ресурстар пәнді оқушының танымына әсер ететіндей пайдалы өткізуге зор мүмкіндік береді.
2 Әдебиетті қашықтықтан оқытуың теориясы мен әдіснамасы
2.1 Әдебиетті оқытудың өзектілігі
Қазақ әдебиетін алғашқылардың бірі болып ғылымға тізген қазақтың біртуар қайталанбас тұлғасы Зейнолла Қабдолов әдебиетті «сөз өнері» деп танып, онымен айналысатындарға «ардың ісі» деген қатаң талап қойды. Халық ауыз әдебиетінен бастау алып, хатқа таңбаланған төл мұрамыз сан ғасырлар бойы елдің рухани қажеттілігін өтеп, тәрбие құралы ретінде танылып келеді. Әдебиет – басқа ғылымдардың анасы. Өйткені кез келген пән оқыту үдерісінде біліммен қатар тәрбиелік мақсатты көздейді. Сондықтан да мектепте әдебиетті, әдебиет арқылы көркем шығарманы оқытудың мән-маңызы зор.
Көркем шығарма балаларды ақыл-ой, адамгершілік және эстетикалық тәрбиелеудің қуатты, тиімді құралы ретінде қызмет етеді, баланың сөйлеу тілін дамытуға және байытуға орасан зор әсер етеді. Ол эмоцияны байытады, қиялды тәрбиелейді және балаға қазақ әдеби тілінің мол үлгілерін үйретеді. Әдебиеттің басқа пәндерден айырмашылығы – оқушының еркін форматқа бейімделуінде, еркін ойлайды, еркін сөйлейді. Өйткені әдебиет сабағы нақты пәндердің қатарына кірмейді, мұнда аксиомалық, теориялық, лабороториялық қағидалар қатаң емес.
Әдебиет – өнер. Жаратылыста табиғи болмысын жоғалтпай, өткір күшпен адамдарға терең ой, тылсым дүние, нәзік сезім, асқан рух сыйлайтын өнер құбылыстары өте сирек. Әдебиеттің өткір күші – тіл. Тілді құбылту, айшықтау, орынды жұмсау арқылы әдебиет тарихында небір-небір шығармалар туындайды. Көркем шығарма жайдан-жай пайда болмайды, тілдің белгілі бір заңдылықтарына, әдеби нормаларына бағына отырып, қалыптасады. Ал тіл әдебиет негізінде зерттелінеді. Демек, әдебиет пен тіл егіз қозыдай, оларды бөліп-жарып қарау табиғат заңдылығына қарсы шыққанмен бірдей.
Әдебиет – таным мен тарих пәні. Мұнда халықтың сан жылдар бойы басынан өткендері, тарихи толқындары, тұрмыстық шаруашылығы, ән-күйі, дәстүр-салты, қазақ қалпы мен қазанаты бейнеленеді. Тек, рух, намыс – қазақ әдебиетінің басқа әдебиеттерден даралайтын жалқы болмысы [12, 56].
Әдебиет – тұнып тұрған эстетика. Көркем шығарманы оқи отырып, оның әр деталь-штрихтарынан сұлулықты байқаймыз, сезінеміз, сондай болмаққа тырысамыз. Кейіпкерлермен бірге күліп, бірге мұңайып, қуанып, шаттанғанның өзі адамға таза энергия сыйлайды. Көркем шығармадағы ойлаудың нақты-сезімдік, материалдық табиғаты оқушыға бұрыннан белгілі нәрселер туралы жаңа білім алуға мүмкіндік береді; шығармада бейнеленген объектілердің мағынасынан бөлек мәні ашылады. Көркем шығарма қоршаған ортаға деген алғашқы эстетикалық көзқарасты қалыптастырады, оның танымдық қызметі тәрбиелік мәнмен астасып жатады. Яғни, көркем шығарма адамды, әлемді адами тұрғыдан қабылдауға үйретеді. Көркем шығарманы оқушы оқиды, ой түйеді. Көркем ойдан шыққан тіл де көркем, өрнекті болады.
Қазақтың ежелгі дүниетанымына назар салсақ, расымен де, әдебиет тәрбие құралы болған. Мәселен, мақал-мәтелдерде аз сөзге көп мағына сыйғызу арқылы ұрпақ тәрбиесіне бағытталған өмірлік құндылықтар бар. Аңыз-әңгімелер, ертегілер, шешендік сөздердің де өзіндік бірнеше тәрбиелік бағыттары кездеседі. Авторлық шығармалардың кейіпкерлеріне талдау жасау арқылы оқырман жақсы мен жаманды, батыр мен қорқақты, адал мен арамды, дұрыс пен бұрысты өзі ажырата алады. Көркем шығарманың тақырыптары, соған сай оның көтерілген идеясы, идеяны жүзеге асырушы кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы оқушыларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, адамгершілікке, кеңпейілдікке, мейірімділікке, өзін және өзгелерді құрметтеуге тәрбиелейміз. Осы орайда әріге бармағанда, Абайдың «толық адам» концепциясының өзі ұлы даламызға жүздеген ұлыларды сыйлауға күші толық жетеді.
Әдебиет – дүниетаным кеңістігі. Бала кезден әр баланың өзіне ұнайтын кейіпкері болады. Ол көркем шығармада немесе мультимедиялық бағдарламаларда кездеседі. Бала өз қаһарманының іс-әрекетінен, сөзінен көрініс тапқан идеалдарды жинақтай келе өз-өзін соған ұқсатып тәрбиелейді. Осылайша баланың танымында алғашқы арман, мақсат пайда болады. Көркем әдебиетте мұндай идеалдар жетерлік. Эпостық жырларда бұл көрініс айқын беріледі. Өсе келе баланың дүниетанымы да кеңейе түседі. Шығармадан алған әсері, сезімі арқылы оқушы ұзақты-қысқа түрлі психологиялық-философиялық процестерді өткереді: ойланады, ауызша-жазбаша ой бөліседі, зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізеді, салыстырады, бағалайды, сынайды, т.б. Осындай процестердің нәтижесінде білімін, көзқарасын толықтырады, жеке тұлға ретінде өзін қалыптастырады.
Әдебиет – адамтану құралы. Көркем шығарма субъектілер арасындағы қатынасқа құрылады. Коммуникативтік байланыс негізінде кейіпкерлер бойындағы болмыс, мінез, қабілет-қасиет, іс-әрекет сипаты ашылады. Шығарма тілі өз дәуіріне сай адамдарды суреттейді, бірақ оларды біріктіретін қасиеттер өзгермейді.
Жоғарыда қамтылған тұжырымдарды қамти отыра, көркем шығарманы оқытудың мақсат-міндеттерін анықтайық. Көркем шығарма деп жазуда таңбаланған, қоғамдағы мәселелерді көтеретін, нақты немесе қияли құбылыстарға, кейіпкерлерге, оқиғаларға негізделген туындыны айтамыз. Көркем шығарма басқа да гуманитарлық пәндермен (музыка, бейнелеу өнері, тарих) тығыз байланыста дамиды. Олардың арасындағы басты айырмашылықты былай түсіндіруге болады: мәселен, өнердің басқа салаларында мағына сәулет өнерінде түстер, музыкада ноталар, кинода немесе театрда рөлдік ойындар арқылы танылса, көркем шығармада тіл арқылы көрініс береді. Мектеп оқушыларына көркем шығарманы оқытудың басты мақсаты – өз халқының тарихы мен мәдениеті, сөз өнері тұрғысынан білім беру, Отанын сүюге, ұлтына қызмет етуге, тарихын дәріптеуге, дәстүрін қастерлеуге, мәдениетін сақтауға, адамгершілік ізгі қасиеттерді сіңіруге тәрбиелеу. Көркем шығарманы мектепте оқытудың міндеттері:
Оқушы танымын ұлт тарихы мен мәдениетін таңбалайтын біліммен қамтамасыз ету;
Оқушылардың сөздік қорын молайту;
Көркем ойлауға, әдемі сөйлеуге дағдыландыру;
Ойлау жүйесін дамыту, дүниетанымын кеңейту;
Әдебиеттану пәнінің мақсаты мен міндетін, оқудың маңызын үйрету;
Әдеби-эстетикалық талғамын қалыптастыру;
Төл әдебиетіміздің ерекшелігін, бай мұрасын меңгерту;
Әдебиет теориясының ілімдерін игереді;
Шығармашылыққа тәрбиеленеді [13, 68].
Көркем шығарманы оқытудың теориялары мен әдіснамасы А.Байтұрсыновтың «Тіл тағылымы» еңбегінен бастау алып, одан әрі Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы», З. Қабдоловтың «Сөз өнері», Ә. Қоңыратбаевтың «Әдебиетті оқыту методикасының очерктері», А. Көшімбаев «Қазақ әдебиетін оқыту методикасы», Қ. Бітібаеваның «Әдебиетті оқыту әдістемесі» зерттеулерінде жүйеленеді. Сонымен қатар ақын-жазушылардың шығармаларына лингвопоэтикалық, лингвостилистикалық талдау жүргізілген бірқатар ғалымдардың еңбектері көркем шығарманы оқуға, түсінуге, көркем тілді тануға ықпал етті. Олардың қатарында Р. Сыздық, Б. Шалабаев, Е. Жанпейісов, М. Серғалиев, Х. Нұрмұханов, А. Салқынбайлар бар.
Көркем шығарманы оқыту бірнеше кезеңді қамтиды. Ол білім берудің спиральді жүйесіне (қарапайымнан күрделіге қарай) бағына отырып, жүзеге асады. Көркем шығарманы оқытудың алғышарттары әр отбасында балаға ес кірген сәттен бастау алуы тиіс. Ұйықтар алдында немесе ата-ананың бос уақытында баланың танымын кеңейтетін, шығармашылық ойлау жүйесін дамытатын қызықты ертегілер, хикаяттар оқып беру оның саналы түрде толысуына зор ықпал етеді. Бұл үрдіс одан әрі балабақшада жалғасады, бала хат танымаса да ертегілердің желісі бойынша тәрбиеші көмегімен көрініс қояды, мазмұнын айтып үйренеді. Мектеп қабырғасында көркем шығарманы оқыту бастауыш сыныптардан бастап оқытылады. Психологтардың тұжырымдауы бойынша, көркем шығарманы оқытуда ескерілетін маңызды мәселе – баланың жас ерекшелігі. Аталмыш мәселе Қ. Бітібаеваның «Әдебиетті оқыту әдістемесі» зерттеу еңбегінде сөз болады.
Көркем шығарма қоғамды, заманды, ондағы мәселелерді сан тараптан қозғайтындықтан, оны оқитын оқушы да сан түрлі қабылдайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әдебиет кесіп, пішілетін, қалыпты формаға сыймайды. Ол көзге көрінбейтін беймәлім сезімдердің қылын шертіп, көңілге түрлі эмоция сыйлайды. Мәселен, көркем шығармадағы кейіпкер бір оқырманның алғысына бөленсе, келерсі оқырманның ашуын туғызуы әбден мүмкін. «Көркем шығарма бәріне бірдей ұнайды» деген алдын ала болжау мүмкін емес. Көркем шығарманы оқуда оқырман қауымды біріктіретін – шығарманың тақырыбы мен идеясы. Осы орайда мектепте көркем шығарманы оқыту үрдісінде бірнеше әдіс-тәсілдер орныққан. Әдіс-тәсілдерді қолдану барысында көркем шығарманың ішкі мағынасы (авторлық көзқарас) мен сыртқы мәні (оқырман көзқарасы, болжамы), көркемдік тілі ескерілуі қажет. Зерттеу жұмысымызда 5-11 сыныптардың оқу бағдарламасына барлау жұмыстарын жүргізе отырып, көркем шығарманы оқытуда оқытушылардың жиі қолданылатын әдіс-тәсілдерін төмендегідей 2-кестеде жинақтадық.
Кесте 2
Көркем шығарманы оқытудың жас ерекшелігі
Жас ерекшелігі
|
Сыныбы
|
Психологиялық сипаттамасы
|
Ұсынылатын әдебиет жанрлары
|
10-12 жас
|
5-7-сыныптар
|
Тез қабылдап, тез ұмытады, сенгіш, еліктегіш, қозғалғыш, аңғал
|
Ертегілер, фантастикалық шығармалар, қысқа әңгімелер
|
13-14 жас
|
8-9-сыныптар
|
Салмақтылық басым, ұяң, сезім жетегінде, әсершіл, өз пікірін білдіруге дағдыланып келеді
|
Лирикалық өлеңдер, поэзия, проза, драмалық шығармалар
|
15-17 жас
|
9-11-сыныптар
|
Өз-өзін басқару толық қалыптасқан, сыни білім алады, мақсат қояды және оған жетудің жолын біледі
|
Роман, поэма, драмалық шығарма, зерттеу ебектері
|
Тақырып пен идеяны анықтау. Шығарма тұтастығы осы екі ұғымның негізінде жазылып шығады. Автор мен оның туындысын бөліп-жарып қарастыра алмаймыз. Өйткені шығарма заман көрінісін, дәуір шындығын хатқа түсіреді. Ал автор өз заманын суреттеуші адресат. Мәселен, Махамбет Өтемісұлының қай шығармасын алып қарасақ та, өзі басшылық еткен 1936-38 жылдардағы ұлт азаттық көтерілісті суреттейді. Демек, шығарманың идеясы да көтеріліс негізінде анықталады.
Сюжеттік-композициялық талдау. Шығарманың құрылысы мен мазмұнына сай талдау оқушыға оқиға реттілігін, маңыздылығын түсінуге мүмкіндік береді. Талдау үшін оқушы әуелі шығарманы толықтай оқып алуы қажет. Содан кейін оқиға реттілігін төмендегіше орналастырады. Талдаудың бұл түрі мұғалім көмегімен немесе топтық, жұптық жұмыстардың негізінде жүзеге асады.
І Шығарманың басталуы
ІІ Шығарманың байланысы
ІІІ Шығарманың дамуы
ІҮ Шығарманың шиеленісі
Ү Шығарманың шешімі
Әдеби-теориялық талдау. Ғалым Р. Сыздықтың пікірінше, ұлттық тілдің дамуында авторлық шығармалар тілінің орыны ерекше. Өйткені ұлттық сөздік қор жалғыз халық тілімен қалып кетпейді, ол үнемі жеке жазушы тілімен толығып, жанданып отырады. Осы орайда әр жазушының өзіне тән стилі, бағыты, тілі болады. Кейбір шығармалар тілі арқылы-ақ жазушысының кім екенін аңғартып қояды. Сондықтан да көркем шығармаға әдеби-теориялық талдау жасау оның тілінің кемеңгерлігін, көркемдігін, кеңдігін тануға көмектеседі.
Шығармаға баға беру екі түрлі жолмен жүзеге асады: 1) автордың жеке стиліне, ұстанымына, ерекшелігіне баға беру; 2) шығарманы дәуір тұрғысынан сипаттау, сол кезеңдегі тарихи оқиғалар, саяси-әлеуметтік жағдайларды қамтуы ескеріледі. Мұндай талдау көркем шығарманың құндылығын тереңдете түседі және оқушыға пәнаралық қатынастағы жинақталған білімді ұсынады.
Өзге қаламгерлердің шығармаларымен салыстыру. Әр дәуірдің өз дүлдүлі болады. Әдебиет үдерісінде ақын-жазушылардың шығармаларында ұқсастық байқалып, бірін-бірі толықтырып жатады. Бұл – қалыпты құбылыс. Өйткені тарихқа мән берсек, бір саяси жүйе бірнеше жылды, тіпті ғасыр, дәуірді қамтиды. Сондықтан да, жыраулар шығармашылығының дидактикалық сарында, ХХ ғасыр басындағы ақындарының көтерілісті жырлауы, ХХ ғасыр аяғындағы ақын-жазушылардың тұспалдап, орағытып үн тастауы бекер емес. Қаламгерлердің шығармаларын өзара салыстыру тілді түрлендіріп жырлағанымен, дәуір бірдей сипат алып жатады. Кейде дәуір шындығын, қоғам бейнесін таңюалауда ортақ тілдік бірліктерді де аңғарып қаламыз.
Осы аталғандардың барлығы жинақтай келе оқушының ақын-жазушылардың жеке шығармашылығына лингвопоэтикалық талдау жасауына мүмкіндік береді. Лингвопоэтикалық талдау тілдің эстетикалық, функционалдық, экспрессивтілік, прагматикалық қызметін түсіндіреді және оқушыға көркем шығарманы жаттанды түрде емес, терең түйсіну арқылы сыни тұрғыдан қабылдауға едәуір ықпал жасайды. Көркем шығарманы оқытудың өзектілігі де осыда – балаға оқыту үдерісін білім беру арқылы оның өмір қажеттілігін өтейтін астыртын тәрбиемен ұштастыру [14, 71].
Көркем шығарманы оқытудың әдіс-тәсілдері, стратегиялары жаңартылған білім мазмұнына сай айтарлықтай өзгерді. Бүгінгі таңда білім берудегі басты мақсат – оқушы игеруге тиіс қандай да бір ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау. Осы орайда мұғалімдерге көркем шығарманы оқушыға игертуде үлкен жауапкершілік артылды. Өйткені қоғам мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктелген: терең біліммен, тағылымды тәрбиемен қаруланған, өз көзқарасын еркін айта алатын, ойлағанын кедергілерге қарамастан жүзеге асыратын, өзіне және өзгелерге құрметпен қарайтын, «ішкі мені» мен сенімі қалыптасқан жеке тұлғаны дайындап шығару. «Ондай бала болмақ қайда?» деген сұрақтың жауабы мұғалімдердің өз мамандығын заманауи тұрғыдан түрлендіру, жаңа ұрпақ танымына лайықталған әдіс-тәсілдермен, сабақ беру шеберліктерімен қайта даярлау ісімен байланысты. ХХІ ғасырдағы білім беру ісіндегі ең ауқымды өзгеріс (жаңалық) – цифрлық технологияны қолдану немесе мультипедагогиканың пайда болуы.
Достарыңызбен бөлісу: |