Диссертация с. М. Исаев Ғылыми жетекші: филол. ғ. д филол ф.ғ. к. К. Н. Уәли Алматы, 2007 жыл мазмұНЫ


Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері



бет44/47
Дата29.05.2022
өлшемі1,15 Mb.
#35856
түріДиссертация
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   47

2.12 Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері


Тіл – адамзат дамуымен бірге жасап келе жатқан қоғамдық құбылыс. Ол түрлі ортада, түрліше өзгеріп жатады.


Дұрыс сөйлеу мен дұрыс жазу – үлкен өнер. Тілдің қатынаспайтын жері болмайды, тілсіз қоғам болуы да мүмкін емес. Сол қоғамда өмір сүріп отырған әр азамат сөздік қорымыз бен сөздік құрамымыздағы сөздерді барынша орынды пайдалана, сақтай білсе, ана тіліміз жаңарған қалпында көріктенер түсер еді. Тілдің құндылығын, қадір-қасиетін халқымыздың мақал-мәтелдерінен, шешендердің тіл жөнінде айтқан нақыл сөздерінен кездестіреміз. Мысалы, “Тіл қылыштан өткір”, “Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ”, “Піл көтермегенді тіл көтереді”, “Аузы құлап сандықты тіс ашпаса, тіл ашар” т.б.
Сөзді дұрыс айту, жазу нормаларының қағидасымен белгілі бір тілде әдеби тіл қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, біз әдеби тіл және оның нормалары, тіл мәдениетіне қатысты айтылған, дәлелденген, талданған кейбір қағида, тұжырымдарды қарастырмақпыз.
“Сөз – ой өрнегінің мағыналы бөлшектері. Сондықтан қарапайым қаңқасы да, айқын ойдың көріктеу бояуы да сөз дәлдігімен өлшенеді. Бұлдыр ойдың сөзі күңгірт, алыстағы сағым сияқты бұлыңғыр болады. Сөз дәлдігі – ой дәлдігі” [230, 120 б.].
Белгілі тілші М.Балақаевтың бұл пікірі әбден қалыптасқан тіл байлығы – нормаға байланысты айтылған. Ал келесі “Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту” атты еңбегінде әдеби тіл мен тіл мәдениетінің өзара байланысы, қазақ тілін оқыту талаптары, сөйлеу мәдениеті мен шешендік туралы сөз болады. Ауызекі сөйлеу тілін меңгеруді жақсарта түсу жөнінде әдістемелік нұсқаулар беріледі. Тіл мәдениетін баспасөз тілінің мәдениеті және сөйлеу тілінің мәдениеті деп екіге бөледі [231, 31 б.].
Баспасөз тілінің мәдениеті де, сөйлеу тілінің мәдениеті де әлі күнге дейін өзекті мәселелердің бірі болып келе жатыр. Ол тек қана орыс тілді аудиторияларда ғана емес, таза қазақы ортада да байқалып жүретін құбылыс. Ал онымен күрес – үздіксіз жалғаса беретін үрдіс.
“Қазақ тілі – Қазақстан Республикасы деп аталатын тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі. Олай болса, бұл тіл мемлекеттің ең негізгі қолданыс құралына айналуға тиіс” [232, 96 б.]. Бұл – Ә.Қайдар мен Ө.Айтбайұлының “Тіл майданы” еңбегінен келтірілген дәйексөз. Ғалымдардың көтеріп отырған өзекті мәселесі – мемлекеттік тіліміз өз мәртебесіне лайық, өз дәрежесінде қолданылып жүр ме? Оны шешудің жолдары қандай? Тіл заңын, мемлекеттік бағдарламаны қадағалап, соны жүзеге асыруды арман еткен халықтық ұйым – “Қазақ тілі” қоғамының бүгінгі, ертеңгі жай-күйі туралы толғана сыр шертіледі.
Әдеби тілдің нормасы жөнінде С.Исаев; “Әдеби тіл – белгілі бір халықтың сұрыпталған, нормаға түскен, баршаға ортақ тілі, сол халықтың қоғамдық мәдени өмірінің құралы мен рухани, әдеби байлығын жеткізудің көрсеткіші”, – десе [233, 46 б], С.Аманжолов: “Әдеби тіл грамматикаға сүйенеді, соның үлгісі бойынша жазады”, – деген тұжырым жасайды [165, 67 б.].
Р.Сыздықова былай деп жазады: “Әр тілдің өзіне ғана тән дыбысталу заңдылықтары бар. Бұл – сол тілдің дербес белгісі. Ол ерекшеліктер сақталмаса, сол тілдің табиғатына нұқсан келеді” [234]. Тіл мәдениеті мәселесінде көрсетілгендей, бұл заңдылықтар тіл білімінің салаларымен байланыста қарастырылады.
“Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері” атты монографиясында И.К.Ұйықбаев әдеби нормаға сай келмейтін сөздер мен сөз тіркестері жөнінде ой толғаса [235], Х.Нұрмұқановтың “Сөз және шеберлік” кітабында оккозионалды, эмоционалды, экспрессивті, пароним сөздер қарастырылып, қаламгердің сөз шеберлігі, сө жұмсаудағы дәлдік, ықшамдық, әсерлілік дегеніміздің сыр-сипаты, сөз қолданысымыздың бүгінгі жайы талданады [236]. Осы мазмұндас пікірлер өзге де ғалымдарымыздың еңбектерінде талданады [237], [238], [239].
Н.Уәлиев “Сөз мәдениеті” еңбегінде тіл мәдениетіне лексика тұрғысынан келеді [240]. Кітап “Сөз байлығы”, “Сөз тазалығы”, “Сөз дәлдігі”, “Сөз әсерлілігі”, Сөз әдебі” деген тараулардан тұрады. Ғалымның осы еңбегі Ы.Мамановтың “Тіл мәдениеті” еңбегімен ұқсас.
Ы.Маманов тіл мәдениеті мәселелеріне де байланысты пікір айтқан ғалым. “Тіл мәдениеті – тілдің әр саласы сол тілде сөйлейтін жалпы халыққа ортақ бірдей стандарт түрде норма болып қалыптасқан үлгілі тіл. Тілдің дамып, өзгеруіне сөйлеу тілі мен баспасөз тілінің тигізер әсері екі басқа”, – деп басталады көрнекті ғалым Ы.Е.Маманов еңбегі [241]. Еңбекте орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық жақтан нормаланған тіл мәдениетіне қатысты мәселелер сөз болады.
Тілде болатын өзгерістердің басты бір түрі – фонетикалық өзгеріс – орфоэпиялық нормамен өлшенеді. Қазақ тіліндегі дыбыстар үндестік заңы бойынша айтылады, жазылады. Ы.Маманов қазақ тіліндегі айтылымы жазылымынан өзгеше айтылатын сөздердің бірсыпырасын жазылуы бойынша да айтуға болады дейді. Мысалы, азсыну – ассыну; сөзшең – сөзшең; басшы – башшы; көнбейді – көмбейді; санмен – саммен; Тасболат – Тасполат; аз жер – аж жер; жұмыс – жұмұс; ұйқы – ұйқұ т.б.. “Бұларды өзгертпей, жазылу түрінде айтса да, оғаштығы жоқ” деп көрсетеді. Кейде “ас салсаң аз сал” дегенді “ас салсаң ас сал” деп ережеге бағынып айтсақ, мағынасы түсініксіз болып шығатынын айтады.
Біз бұл жерде орфоэпиялық ережеге қарсы пікір білдірмейміз, Ы.Мамановтың пікірін де жоққа шығармаймыз. Өйткені әртүрлі мамандықтар бойынша білім алып жатқан орыс тілді аудиторияларда қазақ тілінің мүмкіншілігі шектеулі болатындықтан, үндестік заңының ережелері толық ескерілмейді де, студенттер сөздерді жазылу нормасына сай оқиды, айтады. Бұл арада Ы.Мамановтың пікірі орынды деп санаймыз.
“Тіл тазалығы” деген тарауда кірме сөздердің, қарапайым сөздердің, диалект сөздердің, қыстырынды сөздердің қолданылуы, сөздердің дұрыс тіркесуі және тұрақты тіркестердің бұзып қолданылуы сияқты мәселелер көтеріледі.
“Сөз жатықтығы, дәлдігі” тарауында сөйлем құрылысындағы сөздер мен сөз тіркестері өз мағынасына сәйкес әдеби нормада болуын; сөйлем құрылысы, мазмұны логикалық тұрғыдан ой түйінін айқын білдіретін, жалпыға түсінікті нормада келуін; “жасанды” қарапайым сөздер болмай, сөйлем құрылысы, онда қолданылатын грамматикалық формалар мен жеке сөздер өз орнында әдеби нормада болуын қажет деп табады.
Әр тарау мерзімді баспасөз бен көркем аударма, оқулықтардағы тіл нормасын бұзып қолданылған сөздер мен сөз тіркестері, сөйлемдерді талдаумен ұласады.
Әдеби тіл нормасы тіл жүйесінің деңгейлерімен сәйкес келеді. Осымен байланысты әдеби тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық (морфологиялық, синтаксистік) нормалары болатыны жоғарыда айтылды. Тіл мәдениеті мәселесінде белгілі бір грамматикалық тәсілді нормаға лайық немесе нормаға жат деу үшін “ол тілдік жүйенің кодификацияланған моделіне сәйкес пе, сәйкес емес пе – соны анықтап алу қажет” [220, 31 б.]. Яғни, қазіргі қазақ тілі грамматикасында әдеби тіл нормасы ретінде берілген сөз формалары ғана кодификацияланған норма деп танылады.
“Мектеп оқушыларының сөз мәдениеті” тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясында А.А.Игісінова тілді лексикалық, грамматикалық, орфография мен орфоэпиялық нормаға сай қолдануды “тіл мәдениетінің бірінші, ең қарапайым, бірақ аса қажетті сатысына жатқызып, сөз дұрыстығындағы ауытқудың екі түрін – құрылымдық қателер, қолданымдық қателер – атап көрсетеді [242].
Ы.Е.Маманов тіл білімінң әр саласына қалам тартқан ғалым. Соның ішінде тіл мәдениетіне қатысты айтқан пікірлері мен қорытындылары да автордың өзіндік көзқарасы бар зерттеуші екендігін дәлелдейді. Өз еңбектерінде тіл білімінің әр саласына байланысты заңдылықтарға тоқталып, олардың нормасының сақталуына сыни көзбен қарап, дәйекті пікір білдірді. Ғалымның құнды пікірлері кейінгі зерттеушілерге, қазақ тілі мамандарына және көпшілік оқырман қауымға тілді мәдениетті қолдануда өз септігін тигізеді деп есептейміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет