Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С



бет155/155
Дата05.02.2023
өлшемі1,06 Mb.
#65297
түріОқулық
1   ...   147   148   149   150   151   152   153   154   155
Байланысты:
1240 lem 1241 debieti O 1179 uly 1179

«Жолбарыс бейнесіндегі батыр» поэмасы махаббат туралы, әйел алдында бас ию поэмасы десе де болады. 1910 ж. Н.Я. Мар айтқандай: «Әйел алдында бас ию мен оған деген сүйіспен­шілік - Тамара дәуірі кезіндегі грузин қоғамының көрінісі».
Руставели прологта келтірілген махаббат теориясын поэманың негізгі бөлімінде де көрсетеді. Ол шынайы, рыцарьлық адам жүре­гін баурап алатын махаббат пен ғашықтық сезімнің қандай болаты­нын шебер суреттейді.
«Жолбарыс бейнесіндегі батыр» атты шығармада махаббат тек жақсылыққа жетелеп, адамға рух беріп, ерлік істер жасауға негіз болып, жақыны үшін өмірін құрбан етуге үйретеді. Рустав­е­ли­дің махаббаты ерлер үшін де, әйелдер үшін де үлкен сынақ, тек ақыл­дылық мен сұлулық арқылы сүйіктісінің жүрегінен орын алуға, тек батырлық ерліктері мен халқының қамын ойлап, қоғам алдындағы борышын өтеу арқылы арудың махаббатына бөленіп, сүйіктісінің сеніміне ие болуға болады.
Руставелидің поэмасында әйел алдында бас ию идеясы айқын кө­рі­неді. Грузияда қалыптас­қан қоғамдық-саяси өзгерістер бұл идея­ның әрі қарай дамуына ықпал етеді. «Шушаниктің аза­бы» (Y) мен «Нинаның өмірі» (YІІІ-ІХ) атты шығармаларда да ер мен әйелдің құдай алдын­да­ғы теңдігі суреттеледі. Әйелдер елдің мәдени және саяси өмірінде маңызды орын алған. ХІІ ғ. атақты шіркеу жазушысы, Руставелидің замандасы Николай Гулаберисдзе әйелдің қадір-қасиеті мен оның намысы туралы трактат жазған. Руставелидің өзі Тамара патшайым тұсындағы грузин қоғамындағы гүлдену кезеңінің куәгері болған. Осы құбылыстардың барлығы ақынның шығар­ма­шы­лы­ғында Нестан-Дареджанның бейнесі арқы­лы көрініс тапқан.
«Жолбарыс бейнесіндегі батыр» шығармасын неміс тіліне аударған Г. Гупперт сыртқы формасы жағынан Руставели поэмасы­ның ортағасырлық Батыс Еуропада пайда болған рыцарь­лық романға ұқсас екенін айтады. «Жолбарыс бейнесіндегі батыр» шығар­ма­сының соңғы бөлімі ерекше көзге түседі. Дастанның қаhармандары сыртқы жауларға соққы беріп, ішкі тәртіп орна­тады, жауыздық пен әдлілетсіздікті жойып, тағдырдың қиындықтарын да жеңеді. Тариэл, Автан­дил мен Придон билік еткен мемлекеттерде бостандық пен әдiлдiктiң жарқын үлгілері орнайды. Ақын әлеу­меттiк бостандық пен адамдар­дың рахат өмірін суреттейді. Дәл осындай утопиялық қиял-ғажайып суреттi Низами Ганджеви де «Ескендір-наме» поэмасында бейнелейді.
Руставели поэмасынның өн бойынан отан сүйгiштiк идеясын анық көреміз. Руставелидің саяси идеалы ақылды да қайратты, батыр да мейірімді патша басқарған күштi, тәуелсiз, дербес мем­ле­­кет болған. Ақын феодалдық талас-тартыс пен өзара алауыздықты, вассалдық шіркеу­лердің сепаративтікке ұмты­лыс­тарын қатты сынға алады. Түрлi зорлық-зомбылыққа қарсы бола тұрып, ол вассалдық қатынастарды да дәрiптейдi. Руставелидiң Тариэла және Автандил сияқты кейіпкерлері – сыпайы, айбынды да сенiмдi, ақырына дейiн махаббатқа берік және Отаны мен дара биліктегі патша алдындағы міндетін орындайтын нағыз серілер. Олар әлеметтік кейiпкерлер ретінде бір-біріне ұқсағанымен, өздеріне тән жеке сипаттары арқылы да ерекшеленеді: Тариэл – ақылды, ақ көнiл әрі сезімтал жан, ал Автандил – айлакер, тапқар әрі шапшаң.
«Жолбарыс бейнесіндегі батыр» шығармасында өмiрдiң көрі­ніс­тері шы­найы суреттеледі. Поэманың кейіпкерлері өмiрді жақсы көредi, бiрақ олардың өмiрге деген махаббаты тек әдiлдiк үшiн күресумен байланысты. Бұл күресте олар өлiмнен де қорықпайды.
Руставелиді ойландыратын адамға деген махаббат пен адам­ның ішкі сезiм әлемі, оның қай­ғы-қасіреттері, құштарлығы мен мақсаттары негізгі тақырыптар болып табылады. Руставелидің адамгершілік қасиеттері оның адамдар арасын­дағы бауырластық және ынтымақтастық идеясы мен оның Отанға деген шексiз махаббаты, сыртқы жауларға деген аяусыз жеккөрушiлiгі мен махаббаттың жан сырын ашуынан байқалады. Поэма «Шаири» деген атпен белгілі әдемi әрі нәзік өлеңдермен жазылған. Руставели грузин поэзиясындағы өлең өлшемдерінiң ең үздiк шебері болған. Руставели өз шығармасында түрлi өлең өлшемдерін қодану арқылы ортағасырлық көпте­ген туындыларға тән іш пыстырарлық бір ізділіктен де құтылады. Поэманың өлеңдерi ырғақты және әуендi болып келеді.
Руставелидің ақындық шығармашылығына метафоралар мен аффоризмдерді қолдану тән. Оның өлеңдерi күрделi әрі үлгі-өнегеге толы. Ақынның терең ойлы афоризмдері мен насихат­та­ры халық арасында кең тараған. Ежелгі грузин шiркеулік жазуындағы архаи­калық тiлдік норма­ларды мойындамайтын Руставелидің шығар­ма­шы­лығына жататын өлеңдердiң тiлi салыстырма­лы түрде жеңiл әрі қарапайым болып келеді. Ол сөйлеу тiлi мен әдеби тiлді едәуiр жақындата отырып, жалпы халықтық грузин тiлінiң маңыздылығын күшейтуге барынша мүмкiндiк туғызды. Руставели Грузияда осы күнге дейiн қолданы­латын жаңа әдеби тiлдiң негізін салушы ретінде де танымал болған.

33 «Роланд туралы жырда» Ұлы Карл бастаған испан жорығы кезінде сара­циндердің (маврлар) шабуылына ұшыраған француз отрядының Периней­дегі Ронсеваль шатқалында болған соғысы тура­лы жырланған. Француз әскерінің арьегарды, Карлдың сүйікті жиені Роланд мұсылман-маврларының жер қайыс­қан қалың қолымен «сүйікті Франция» мен христиан діні үшін соғыста ерлік­пен қаза табады. Жасақтың жеңіліске ұшырауына Сарагоса патша­сы Марси­лимен сөз бай­ласқан өзінің өгей ұлын жек көрген Роланд­тың өгей әкесі Ганелон кінәлі болады. Роландтың, оның досы Оливье мен «он екі пэрдің» өлімі үшін Карл барлық мұсылман әлемінен жиналған үлкен әскерді қырып-жояды. Ганелон «қасиетті соттан» кейін өлім жазасына ұшырайды. «Роланд туралы жырдың» түрлі басылымдарына салыстыр­ма­лы түрде талдау жасай келе, кейбір эпизодтар, әсіресе, Карлдың мұсылман қолбасшысы Балиганмен жекпе-жегі, Роланд қалың­­ды­ғы­ның бейнесі мен оның өлімі, соттық жекпе-жек арқылы Ганелон­ның кінәсінің әшке­реленуі алғашқы сюжеттік негізге кейінірек қосылған оқиғалар екендігін көруге болады. «Роланд туралы жырдың» көркем-әдеби құндылығы әдеби өңделудің нәтижесінде пайда болған ауызша-эпикалық поэтика мен жоғары поэтикалық сипаттардың үйлесімді­лігін­де жатыр. Француз эпо­сында әуенді-лирикалық негізде пайда болған шумақтар баяндау бөлімдеріне сәйкес келе бер­мейді. Алайда «Роланд туралы жырда» әр шумақ лирикалық бірлік болып табылады.
Оқиға желісінде жырдың басталуы (Ганелонның сатқындығы), шарықтау шегі (соғыс) және аяқталуы (Карлдың кек алуы) анық көрініс табады, сондай-ақ әр бөлік өзара байланысты екі ке­зең­ге бөлінеді. Жырдың басталуына Бланкан­дриннің және Ганелонның елшілік сапары, шарық­тау шегіне Марсилия­ның қалың әскерімен болған екі шайқас (франктар үшін бірі сәтті, екіншісі үлкен опат болған), ал соңына сарациндер мен Ганелоннан кек алу жатады.
Оқиғаның қарама-қарсылық принципі образдар жүйесінің негі­зін­де жатыр: Роланд Карл патшаға, Оливье мен Ганелонға қарсы қойылады. Құдіретті император Карл эпостық монарх ретінде суреттелген, ал оның жас жиені белсенді әрекет етуші тұлға, оқиғаның бас кейіпкері бо­лып табылады. Роланд – эпостардағы Гильгамеш, Ахилл сияқты ең қарапайым жау жүрек қайраткер. Оған қаһармандық пен өзінің күшін аса қатты бағалау тән. Роланд өз уақы­тында Ұлы Карл­ды көмекке шақырудан бас тартады. Осы себептен ақылды Оливье мен Роланд арасындағы жанжал баста­ла­ды. Оливье ақылды, Роланд ержүрек, ал екеуі де айбындылығы жағынан бір-бірінен кем түспейді.
Оливье өзінің жеке басының ерлігі арқылы поэмада эпостық кейіпкердің рөлін атқарады, ал нағыз ержүрек батыр кейіпкер - Роланд. Батырдың қасарысуының соңы «қайғылы кінә» форма­сын­да беріледі. Роланд дер кезінде дабыл соғуға қарсы болғандықтан, өзінің және өз жасағының өліміне белгілі мөлшерде кінәлі болады, бірақ оның бұл кінәсі оның тартымды қасиеттерімен байланысты еді. Роландтың бұл кінәсін сатқын Ганелонның қылығымен салыс­тыру мүлдем мүм­кін емес. Роландтың қасарысуы оның «сүйікті Франция­ға» деген адалдығы мен оның мүддесі үшін белсенділігін әлсіреткен жоқ (оның Ахиллден айырмашылығы). Ганелон Карлға деген жеке адалдығын сақтағанына қарамастан, оның Роландқа деген өшпенділігі «сүйікті Франция­ны» сатуға итермелейді. Осы тұста Роланд пен Ганелон образы бір біріне қарама‑қарсы қойы­ла­ды. Басқа француз эпостарындағыдай «Роланд туралы жырда» мифоло­гияның элементтері кездес­пейді.
Саяси өмірдің тарихи оқиғалары туралы аңыздар оқиға желі­сі­нің көп бөлігін құрайды. Жыр­да Роланд бейнесі арқылы вассал­дық адалдық та дәріп­те­леді. Нағыз батырлық эпостардағыдай «Роланд туралы жырдағы» вассалдық адалдық та Отанға деген сүйіспен­шілік пен оған жан‑тәнімен берілуге ұласады. Жоғары аталғандай, Роланд пен Ганелон бейнелері дәл осы тұста бір‑біріне қарсы келеді. Ганелонның Карлға деген вассалдық адалдығына қарамастан, феодалдық өзімшілдік пен феодалдық анархияны қолдаушы адам ретінде айыпталады.
Ортағасырлық мәдениеттің дамыған кезіндегі (жаңагректік, серб, армян және т.б) көптеген эпостардағы сияқты «Роланд туралы жырда» да отанға деген махаббат шіркеулік‑христиандық сипатқа ие: Ронсеваль шатқалындағы шайқас мұсылмандық Шығыс пен христиандық Батыс ара­сын­дағы касиетті соғыс ретінде түсіндірі­леді. Бірақ эпостағы мұндай жағдай оны клерикалды мәдениет­тің шығармасына айналдырмайды.
«Роланд туралы жыр» ‑ қатал жауынгерлік эпос. Бұл поэмада ежелгі грек, испан, герман эпос­тарындағы сияқты тұрмыс‑тіршілік, бейбіт өмір тақырып­тары кездеспейді. Той‑думанның орнында біз әскери кеңесті көреміз. Қайғыдан қайтыс болған Роландтың қалыңдығы – Альда тек поэма­ның соңында ғана пайда болады. Қару­ланған әскери шайқастар толық сипатталады. Таби­ғатты сурет­теу де жиі кездесе қоймайды.
Кейіпкерлердің жанкүйзелісі мен олардың қайғы-қасіреттері мен ішкі сезімі тек олардың сыртқы бейнесі мен әрекеттерінен кө­рі­неді. Бұл жағдайда «Роланд туралы жыр» француз эпоста­рының арасында айрықша орынға ие.



34 Вормс қаласындағы король Гунтерге төменгі Рейннен оның қарындасы Кримхильданың асқан сұлулығын естіген король Зигфрид құда түсуге келеді. Гунтер Зигфридтен оның Исландия патшайымы батыр Брюнхильдемен неке құруына көмек етуді талап етеді. Зигфрид сиқырлы шапка­ның көмегімен Гунтерге жауын­гер­лік сайыста да, неке түнінде де жәрдем береді. Бірнеше жылдан кейін шындықтың беті ашылып, Кримхильда Брюнхильдеге Зигфрид неке түнінде алған белдігін көретіп, оны Зигфридтің еріксіз әйелі екнін айтады. Ашуға слынған Гунтер Зигфридтен кек алмақ болып, бургунд патшаларының кеңесшісі Хаген фон Тронье­нің көмегімен оны аңшы­лық кезінде мерт қылады да, Нибелунг­тердің қазынасын Рейннің түбіне тастайды.Екінші бөлімде біраз жылдан кейін Этцельге тұрмысқа шыққан Кримхиль­да Зигфридтің өлімі үшін кек алып, Нибелунгтердің қазы­на­сын қайтару мақса­тын­да соғысқа шығады. Шайқас кезінде бургундардың әскері түгел қырылып, Гунтер мен Хаген Дитрих Бернскийдің қолына түседі. Дитрих оларды Крим­хиль­даға тек кеші­рім жасаса ғана беретінін айтады. Бірақ Крим­хиль­да бұл шартты бұзып, екеуін де Зигфридтің семсерімен мерт қылады.
«Нибелунгтер туралы әннің» көне скандинавтық нұсқасына қарағанда онда мифологиялық элементтер кездеспейді, оған сюжет­тің фаталистік тұжырымда­масы тән. Батырлар туралы еңбек­тер мен тарихи аңыздар қосалқы маңызды­лыққа ие. Неміс поэмасының бірінші бөлімінде келетін Зигфрид­тің ерліктері (қазынаны алу, сиқырлы тақия, айдаһарды жеңуі) ертегілік сипақа ие бо­лып, негізгі оқиғадан тыс қойылған. Бұл ертегілік элементтер оқырман мен оқиға кейіпкер­ле­рі­нің арасындағы алшақтықты білдіреді. Ертегілер мен сарай тұрмысының үйлесімі ерекше көркем әсер қалдырады. Ертегілік сарындар бірінші бөлімдегі сарай өмірін, кештер мен сайыстарды, аңшы­лық пен куртуаз­дық қызметтерді суреттеуде де байқалады. Дәл осы сарай өмірімен байла­нысты жағдайларда поэманың негізі болатын жанжал бастау алады.
Екінші бөлімде оқиға ғұндардың даласында орын алады. Этцель мен Дитрихтің Кримхильда мен оның ағасын татуластыру мақсатында жасаған қадамдары сәтсіз аяқталады. Поэмадағы сат­қын­дық, кек, феодалдар арасындағы жанжалдар Бургундар үйінің құлауына әкеліп соқтырады. Поэманың соңында тек кейіпкерлер ғана қазаға ұшырамайды, сондай-ақ олардың отбасы, халқы пен тұтас мемлекет те жойылады.
«Нибелунгтер туралы әннің» басты ерекшелігі оның рыцарь­лық роман­дарға жақындығында жатыр. Мұндай жақындық шығыс әдебиетінде де кең тараған (мысалы, Руставелидің «Жолбарыс бейнесіндегі ханзада» атты әйгілі грузин поэмасы, сонымен қатар Антараның ерлігі жайлы ай­тыл­ған «Амиран-Дареджаниани» шы­ғар­масы және т.б.).



35 Фаблио - көлемі үлкен емес күлкілі әңгімелер мен анекдоттар, шағын мысал өлеңдер

36 «Құдіретті комедия» «Тамұқ», «Күнәдан тазару», «Жұмақ» деп аталатын 3 үлкен бөлімнен (кантика) тұрады. Әр бөлімде 33 жыр бар, «Тамұқ» бөліміне қосылған 1 жырмен барлығы 100 жыр болады. Поэма 3 жолды терцинамен жа­зыл­ған. Оның композиция­сын­да 3 және 9 деген сандар көп кездеседі. Діни нышан болып табылатын бұл сандардың мистикалық мәні бар. Мысалы, Дан­тенің «Жаңа өмір» шығармасында 9 деген санға байланысты ақынның жеке өмірінде болған ең маңызды оқиғалар бейнеленген. Поэманың фабуласы ортағасырлық клерикалдық әдебиетте көп кездеседі. Бұл о дүниенің құпиясын білгісі келген адам туралы әңгіме. Ондай тақырып Батыс Еуропа, ежелгі орыс және шығыс әдебиет­терінде де кездеседі. ХІІ ғ. өмір сүрген араб ақыны Абенара­би­дің шығармашылығында Дантенің поэмасына ұқсас шығар­ма болған. Данте араб тілін білген жоқ және ол кезде Абенарабидің шығармасы итал тіліне аударылған жоқ, сондықтан Данте Абенарабидің шығармасына сүйенді деген пікір орынсыз болар еді.
Антика жазушыларынан Данте поэмасының жазылуына үлкен ықпал жасаған Вергилий. Оның «Энейдасында» қайтыс болған әкесін көру үшін Тартарға түскен Эней батыр туралы баяндалады. Данте Вергилийдің тек қана сюжеттік детальдарын емес, оның өз бейнесін де пайдаланған. «Құдіретті комедияда» жер үстіндегі ақыл-ой бейнесіндегі Вергилийдің жете­гімен күнәһар адамзат өкілі Данте тамұққа түседі. Одан күнәдан тазартатын тауға шығып, күнәдан тазарған соң, Беатриченің («құдіретті ақылдың» символы) жетегімен жұмаққа кіреді, сөйтіп өмірін мәңгі рахатта өткізеді.
Бұл шығарманың кереметтігі сонда, ол үш түрлі мақамда жазылған болса да, өзінің бір­тұтастығы мен жаңалығын жоғалт­паған. Әлемдік гармонияға жету мақсатында Данте халық тіліндегі артық диалектілер мен жаргондардан таза жаңа лексикалар қолда­нып, Ита­лия­ның жаңа ұлттық тілін ойлап тапқан. Оның шығарма­сындағы көптеген неологизмдерге дейін италиялық әдеби тілдің сөздік қорына енген. Шексіз үйлесімділікті қалаған ақынның «Құд­іретті комедия» атты туындысы көркемдік құрылысы жағынан Еуропа әдебиетінің тарихын­да аса шебер жасалған шығармалардың қатарына кіреді.
«Құдіретті комедияның» тілі шын мәнінде халықтық тілге айналып, бүкіл Италия халқының жүрегіне жетті. Өйткені Данте тілді жаңа поэзиядан, ал поэзияны жаңа мәдениеттен ажыратқан жоқ. Бұл еңбек Ренессанс мәдениетінің тек лексикалық қорын байытып қана қоймай, сонымен қатар әлеуметтік субъекттің – гуманистік жаңа зиялы қауымның, яғни Қайта өрлеу дәуірінде жаңадан қалыптасып келе жатқан Италия ұлтының сана-сезімінің өсуіне алғы шарттар жасады.
Данте өмірінің соңғы он жылын «Құдіретті комедия» шығарм­асы жазуға арнаған. Ол осы кездері шет аймақтарда өмір сүрген. Тек 1315 ж. гибеллин лигасының күшеюінен қорыққан Флоренция үкіметі ішкі саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында эмигранттар мен қуғынға ұшырағандарға амнистия жариялайды. Бұл жолы амнистияға іліккендердің қатарында Данте де бар еді. Бірақ бұл кешірімге ие болу үшін ақынның намысын таптайтын ұзақ ауыр жолдан өту керек болғандықтан, Данте амнистиядан бас тартады. Осылайша, Флоренция үкіметі оны екінші рет өлім жазасына кесіліп, оған қоса оның ұлдары да сотталады. Данте енді Веронаны тастап, соңғы күндерін Равеннеде өткізеді. Оның әміршісі Гвидо Новелло да Полента батылдығымен ерекшеленбегенмен, ақын өлең­дерін жақсы түсініп, оған жылы қабақ танытады. Осылайша, атақты «Құдіретті комедия» Равеннеде аяқталады.



37 «Декамерон» лирикалық «Кіріспеден» басталады. Бұл бөлімде Бокаччо жастық шағындағы махаббаттың қасіреті мен қол жеткіз­ген еркіндігі жөнінде айтады. Осындай еркіндіктің арқасында маххаббат оның жадында тек қана жақсы естеліктер қалдырады. Петрарканың «Канцоньересі» сияқты лирикалық кіріспеден бастал­ған бұл кітап «Автордың қорытындысымен» аяқталады. Бірақ өзі құрған әдеби шарттарды өзі бұзып, шығармадағы кейіпкерлер тобын ығыстырып, «қаздар туралы» жүз бірінші новелланы өз атынан жаза бастайды. Осылайша, сыншылармен тартыса отырып, жаңа проза теориясын дамытады. «Декамерондағы» кейіпкерлер осы аласапыраннан өту бары­сында пайда болады. Баяндаушылар дертке ұшыраған Флоренция­дан кетіп, қала сыртын­дағы ауылдарға барады. Олар бұл жерге жетісімен індет кесірінен жоғалтқан байланыстарын қайта құрып, жаңа конституция құрады.
«Декамерон» конституциясының негізі – еркіндік, ал мақсаты - өмірден ләззат алу. Кітаптағы конституцияның демократиялылығы мынадай сөздермен белгіленеді: piacere della maggioranza, nell’elizion. Баяндаушылар көпшіліктің дауыс беруі арқылы пат­шаны сайлайды. Алайда «Декамерон» қауымының патшалары күн сайын ауысып тұрады. Олардың көңіл көтерулері табиғи және саналы түрде болған. Шығармада баяндаушылар серуенге шығады, шахмат ойнайды, кантари айтады. «Декамеронның» әр күні бір баяндаушының канцона­сы­мен аяқталады. Олар шын мәнінде ақын­дар болған, және олардың канцоналары да Боккаччо­ның өлеңде­ріне ұқсайды. Бұлар автордың жазған ең жақсы лирикалық шығар­ма­лары болып табылады. Көңіл көтере жүріп, той салтанаттардан, әңгімелерден, поэзиядан нәр, ләззат ала отырып «Декамерон» баяндаушылары өздерінің қиыстырылған қоғамдық өмірін жалғас­ты­ра береді. Макьявелли мен Томас Мор сияқты гуманист Боккаччо үшін дін қалыпты адамзаттық қоғамның маңызды компа­ненттерінің бірі болады.
«Декамерон қауымының тек бір мақсаты бар, ол – көңіл көтеру» деген түсінік қате (Фр. Де Санктис). Баяндаушылардың ойын–сауықтарының да салмақты және идеологиялық маңыздары бар. Адамға, табиғатқа, өнерге деген жаңа көзқарасты нақтылай отырып, олар жаңа рухани құндылықтарды ашып, өнерде де шынайы адамзаттық өмірдің бола алатындығын көрсетеді. Олар­дың өміріндегі ең маңызды істері – новеллаларды айту және талқылау болады.
Боккаччо үшін монах бұл – қоғамдық-тарихи тұлға, гума­низмге қарсы идеологияның өкілі. Бірақ «Декамеронда» монах жай адам болып қала береді. Боккаччо монахқа шыдамдылық, асқан аяушылықпен қарайды. «Декамерон­ның» шыншылдық көріністе­рінің бірі ондағы кейіпкерлердің әрекеті мен ойлары ортағасырда өмір сүрген адамдардың тек идеалдарына ғана емес, діни ұғым­дарына да сәйкес келуі болады. Боккаччо үшін адамның қоғамдағы орны мен оның шыққан тегі емес, адамның ойлай қабілеті мен әркеті маңызды болған.

38 көңілді, қызықты әңгімелер, өлең шумақтары түрінде де шығарылған

39 «Декамерон» секілді жинақтың белгілі бір шеңбері болғаны­мен, бірақ онда Флоренцияда орын алған індет пен өз құқығы үшін күресетін жас көңілді өмірді суреттеудің орнына, Маргарита мүлдем басқа жағдайларды бейнелейді. Мына әлемнен уақытша тысқары қалған кавалерлер мен ханымдар лайсаң жол мен қарақ­шы­лардың шабуылынан қайтар жолда тұрып қалады. Олар баспана тауып, жол жөнделіп болғанша сол жерде тұрақтайды. Күндерін тезірек өткізуді ойлаған олар Қасиетті Жазбалар оқып, әрқайсысы бір-бір хикая айтып, оны талқылауға келіседі. Бұдан аз уақыт бұрын дофин, оның әйелі мен патшайым Маргарита патшалыққа бағынышты бірнеше адамдармен бірлесе отырып, «Декамеронға» ұқсас кітап жазбақ болады, бірақ мұнда ақиқат оқиғаға негіздел­меген новелла енбеуге тиісті болады. Маңызды шаруалар ерекше тұлғаларды бұл ойдан бұрып алып кеткендіктен, сауықшыл топ олардың ойларын жүзеге асырып, шынайы оқиғалардың жинағын тарту етпекші болады. Мысалы, бұл шығармадағы сегізінші новеллада оқиға былай баяндалады: Алле графтығынан шыккан Борне есімді жас жігіт өзінің мейірбан айелінің көзіне шөп салмақ болып, күңге барды. Күң ханымға барып Борненің өзінен дәмелі екенін айтып береді де, әйелі нәпсіқұмар күйеуін жазаламақ болып, күңге онымен кездесуді қараңғы бөлмеде өткізуді бұйырады. Кездесуге күңнің орнына өзі барады. Алайда Борненің күңге баратын жоспары туралы досы да хабардар болып, ол өз орнын досына ұсынады. Досы жалған күңмен таңға дейін көңіл көтеріп, таң алдында оның неке сақинасын шешіп алып қалады. Келесі күні досының қолынан өз әйелінің неке сақинасын көрген Борне таң қалады да, өз-өзіне тор құрғанын түсінеді. Жанжалдан құтылу мақсатында ол әйелінен сақинасының қайда екенін сұрағанда, әйелі «жердегі жылтыраған моншақты алтын деп ойлап, қолындағы күмісінен айырылған» күйеуінің нәпсіқұмарлығын бетіне басады. Өзінің қате тірлігін түсінген Борне әйелінің еріксіз күнаға батқанын ешкімне тыс жарып айтпағанымен, «өтіріктің құйрығы бір тұтам» демекші, соңында оның құпиясы ашылып, Борне мен оның әйелінің беделі ел алдында түседі.Боккаччоның шығармасына қарағанда, мұнда әңгіме айтушы кейіп­керлердің психологисы терең ашылады. Әңгіме айтушылардың прототиптері анасы Луиза Савойская (Уазиль) мен Генрих д’Альбре (Иркан) сияқты Маргаританың өз жақындары болып табы­лады. Әртүрлі сюжеттердің бар болуына қарамастан, «Гептаме­рон­да» негізгі орынды неоплатонизм рухында жазылған махаббат хикая­лары иеленеді.



40 Гералдика - таңбаларды зерттейтін қосымша тарихи пән.

41 Италиядағы тамақтанатын қоғамдық орын.

42 «Утопияда» (грекше «жоқ жер») әділетті қоғам орнаған, оларда байлар да, кедейлер де жоқ, бұл мемлекеттерде меншік иесі - қоғам, ал жеке адамдар сол қоғамның мүшелері ретінде еңбек нәтижелерін тең бөліседі, оларда билеушілер де, қарапайым адамдар да заң алдында тең және олар әр түрлі діндерге дәйектілікпен қарайды. Бірақ діндерде өндірістік үдерістерге кесел келтіре­тіндей тыйым салатын қағидалар аз болуы керек. Жастарды тәрбиелеу ісі қоғам­ның қолында болады, ал оларды дінбасылар басқарады. Мордың «Утопия­сын­да» жеке меншік жоқ; барлық азаматтар өндірістік еңбекпенен айналысады; еңбек ету қоғамның барлық мүшелерін еңбекке міндеттеу негізінде жүзеге асады; барлық өндірілген өнім қоғам меншігіне өтеді және барлық Утопия тұрғындарына бірдей бөлініп беріледі; барлығының еңбекпен айналысуына байланысты Утопияны қамтамасыз ету үшін 6 сағатық жұмыс күні жеткілікті; ғылымға ерекше қабілеті бар адамдар қара жұмыстан босатылады; ауыр қара жұмысты құлдар-тұтқындар және сотталған қылмыс­керлер атқарады.



43 Шекспирдің «Сонеттерін» қазақ тіліне Мұқағали Мақатаев пен Хамит Ерғалиев аударған.



44 Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы 1601-1602 ж. жазылған. Оның сюжетін драматург ХІІ ғ. Саксон Грамматигінің көне хроникасынан алған – бұл Амлет деген дат бекзадасының тарихы. Шекспир бұл сюжетті жаңашылдықпен түсініп, образдарына терең әлеуметтік және философиялық мән беріп, мүлдем ерекше шығар­ма етіп жазған. Трагедияға оқиғалар ортағасырлық Данияда өтсе де, автор мұнда өзінің замандастарының типтік образдарын жасап, «дат мемлекетін» бейнелей отырып, ол сол дәуірдегі Англияның қоғамдық өмірін керемет суреттеген. Дат бекзадасы Гамлет әкесі­нің біреудің қолынан қаза тапқанын естиді. Гамлеттің әкесін өлтірген Клавдий оның шешесіне үйленіп, таққа отырады. Гамлет бүкіл өмірін әкесі үшін кек алуға арнаймын деп ант береді. Бірақ төрт акт бойына Гамлет толғанып, қиналып, өзі мен айналасын­дағыларды айыптап, ешқандай маңызды қадам жасмайды, тек бесінші актінің соңында ол өзінің жауын өлтіреді. «Гамлет енжар­лы­ғының себебі неде?» - деп талай сыншылар дауласқан. Біреулері «себеп оның жұмсақ мінезінде» десе, екіншілері «христиандық діннің негізінде» дейді. Ал бұл пікірлер негізсіз, себебі Гамлет еріксіз, енжар емес. Ол батыл, ержүрек адам, бірақ әңгіме оның мінезінде емес, оның өмір сүрген кезіндегі ерекше жағдайларға байланысты. Виттенберг университетінің студенті, ғылымнан басқа ештеңе ойламайтын Гамлет үшін бұрын байқалмаған сарай өмірінің түрлі қырлары ашылады. Оның енді ғана көзі ашылғандай болады. Ол әкесінің қандай зұлымдықпен өлгенін түсініп, Гамлет шешесінің бірінші күйеуін ұмытпай тұрып, екінші рет күйеуге шыққанына, сондай тұрақсыз болғанына таңқалып, шошынады. Ол бүкіл Дат сарайының екі жүзділігінен, жалғандығынан, адамгершілік құнды­лық­тарынан мүлдем алшақтағанынан шошып оянғандай болады, осы жағдайларды ойлап, терең толғанысқа түседі. Соңында Гамлет мынадай қорытынды шығарады: «Бүкіл әлем – абақты, соның ішіндегі ең жаманы – Дания». Гамлеттің түсінігі бойынша, әңгіме оның әкесінің өлімінде емес, әңгіме адамдардың сол қылмысқа көз жұмып қарап, жауыздыққа қарсы тұрмауында, олардың енжарлы­ғын­да, сол адамдардың көмегімен қылмыскерлердің жазаланбай, өзі­нің қара ниетті істерін әрі қарай жалғастыруында болады. Сөйтіп, Гамлеттің ойынша, патша сарайы және бүкіл Дания сол қылмысқа ортақ болған. Олай болса, Гамлет бүкіл әлемге қарсы шығуы керек. Ал екінші жағынан, Гамлет бүкіл әлемге тараған жамандықтың жалғыз құрбаны емес екенін түсінеді. Өзінің әйгілі «Быть или не быть» монологында Гамлет бүкіл адамзатты толған­ды­ратын мәселені алға тартады.
Гамлет эгоист, өзімшіл адам болса, ол Клавдийді өлтіріп, өзі таққа отыратын еді. Гамлет ойшыл, гуманист болғандықтан, өзін бүкіл адамзат үшін жауап беретіндей сезінеді. Сондықтан моноло­гын­да ол бүкіл әлемдегі әділетсіздікпен, барлық қорғансыздар үшін күресетінін айтады. Бірақ мұндай іске жалғыз Гамлеттің әлі келмейді, сондықтан ол түңіліп, терең ойға кетеді. Шекспир өзінің каһарманын әшкерелемейді, себебі ол Гамлеттің трагедиясын түсінеді – мұны ХІХ ғ. сыншылар «гамлетизм» деп атаған.
Трагедияның шиеленісі Гамлет пен Лаэрттың жекпе–жегінен көрінеді. Король Лаэртке Гамлетті у жағылған рапирамен өлтіруді тапсырады. Гамлет Лаэрттің қолынан жарақат­тана­ды, бірақ жекпе–жек кезінде олардың рапиралары ауысып, Гамлет енді Лаэртті жарақат­тайды. Гамлет сол у жағылған рапирамен Клавдийді де өлтіреді. Көп кешікпей Клавдийдің Гамлет үшін әзірлеп қойған уын патшайым Гертруда ішіп қойып, көз жұмады. Осылайша, сахнада төрт өлік қатар жатады. Сол кезде Эльсинор қорғанына Норве­гия бекзадасы Фортинбрас келеді. Трагедия осылай аяқта­лады. Гамлет өледі, бірақ оның күресі бекер болған жоқ. Зұлымдық пен жалғандық әшкереленіп, әркім өз жазасын алады.
Трагедияның идеясы Гамлет бейнесі арқылы ХYII ғ. Англия­дағы гума­нистік озық ойдың дағдарысын бейнелеу болып табыла­ды. Бас кейіпкер Гамлет – Қайта өрлеу дәуірінің гуманисі, өз заманына лайық жоғары мұраттың иесі. Бірақ оның өмірге, адамға деген сенімі, ең жақсы мұраттары іске аспайды, себебі мемлекетті басқаратындардың өздері қылмыскерлер, кісі өлтірушілер.

45 Мұнда Симплиций есімді кейіпкер орманның маңында орналасқан шалғай ауылда қой бағып жүргенде, кенеттен оның тыныш өміріне ландскнехт­тер араласады. Олардан қашқан Симплиций орманда дүниеден безушіні кездес­тіріп, оның жанынан пана табады. Ол Симплицийге оқу-білім мен христиан дінін үйретеді. Дүниеден безушінің өлімі мен Симплицийдің орманнан кетуі оқи­ға­ның жаңа қадамы болады. Себебі Симплицийдің өмірлік ұстазы оған тек өмірдің жақсы жақтарын ғана көрсетеді, ал енді кейіпкер өмірдің шынайы жақтарын біле бастайды. Оған айналасындағы адамдар өте қатал, жауыз ретінде көрініп, ол қайтадан орманға қашады, кейін қарапайым шаруалар ұстап алады да, оны қатты қинайды. Күндердің күнінде қайта әскерлерге кездесіп, үлкен жетістіктерге жетеді. Бірақ уақыт өте келе байлығы мен денсаулы­ғы­нан айырылып, қатты өкінеді де, қажылыққа аттанады. Симплиций қайтып келгеннен кейін өзінің шын әкесі қарапайым шаруа емес, дүниеден безуші болғанын біледі, бірақ бұл жаңалық оның өміріне өзгерістер әкелмейді. Ол Ресей, Корея, Қытай, Турция елдерінде болып, көп саяхат жасайды, соңында тауға, кейін аралға кетіп, сонда ақырғы деміне дейін диуаналық өмір кешеді.
Бұл роман кейіпкердің өмірбаяны түрінде жазылғанымен, оқиғаны баяндау барысында тарих, география, әдебиет саласынана мәлімет беріліп, онда сатира­лық, дидактикалық, информативті, сим­во­ли­калық тәсілдер кездеседі. «Симпли­циссимус» атты шығар­ма­сында автор өзі туралы мүлдем сөз қозғамайды.
Гриммельсгаузен халық өмірін, соғыс кезіндегі халықтық апатты шебер көрсете білген. Шаруалардың ауыр жағдайы мен ұрлық, өлім, зорлықты ашық суреттеп, өзінің оларға деген жана­шарлығын білдіреді. Романның басы да Симплицийдің шаруалар­дың ұранына айналған ХYІ ғ. халық әнін айтуымен басталуы да жазушының шаруаларға деген жылы қарым-қатынасын көрсетеді. Гриммельсгаузеннің пікірі бойынша, шаруалар мен еңбекші­лер өмірдің негізі болып табылады. Мұны романның басы мен соңында ғана келетін Симпли­ций әкесінің бейнесінен көре аламыз.

46 «Улисс» романының авторы Д.Джойс «біздің дәуіріміздің Гомері» (С. Цвейг)



47 Романның аты «Das Parfum» әтір, хош иіс деген мағынаны білдіреді. Бірақ аудармашы Э.Венгерова оны «Иіс су жасаушы» деп аударып, дұрыс таңдау жасаған. Себебі роман XYIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген данышпан парфюмер Гренуйдің құпия тағдыры жайлы. Бірақ шығармада кейбір тарихи оқиғалар туралы айтылады (Гренуй 1738 ж. туылып, Бастилияның алынуы кезінде қайтыс болған). Бірақ кейіпкердің өмірбаяны мен тарихы шығармада маңыздылыққа ие болмаған. Балық сатушы Жан Батисттің ұлы Гренуй алдыңғы төрт сәбиден өзгеше болып, жаңа әлемге келгенін білдіріп, өзінің айқайлаған ащы даусы арқылы тірі қалады. Полиция далаға тасталған сәбиді құтқарып, төрт баласын өлтірген қанішер ананы Грев алаңында дарға асады. Адам нанғызсыз иіс сезімділігін иелене отырып, ол тек қана мыңдаған иістерді бір-бірінен айырып қана қоймай, кез-келген иісті бөлшектеп, олардың құрылымын да дәл айтып, шексіз мөлшерде жаңа, ең таңдаулы ғажайып әтірлерді жасап шығара алады.
Гренуйға әлем - тек иістерден ғана тұратын ерекше таңбалар жүйесі. Бала кезінде ол тек иіс арқылы ажыратқан заттар мен көріністердің атын ату үшін ғана сөйлеген. Ол жолдарды иіс арқылы тапқан, өмірде жұпар иіс пен сасық иіс арқылы бағыт-бағдар алып отырған. Гренуй – адамзатқа сай сезім мен қасиеттерден айырылған данышпан. П. Зюскинд Ф. Кафка мен А. Камюдің дәстүрін жалғастыра отырып, өзінің кейіпкерін бүкіл адамзатқа жат етіп көрсетеді. Гренуй тек аса нәзік иіс түрлерін айыра алатын шеберлікке ие. Ол адамзатқа тән сезімдер мен қасиеттерден жұрдай. Ол адам иісін ұрлау арқылы әйелге мәңгі әдемілік беретін ғажайып эссенцияны ойлап табуды мақсат етеді. Әуесқой (маньяк) енді қылмыскерге айналады. Оның қылмысы әшкереленсе де, халыққа гипноз ретінде әсер ететін өзінің жаңа иіс суы арқылы құтқарылып кетеді. Ұсқынсыз зұлым елдің сүйіктісіне айналады.

48 Романның кейіпкері – Чочарияда туылған шаруа әйел Чезира туған жерін тастап, Рим қаласына келіп, сауда-сат­тықпен айналысады. Сабыр­лы да шыдамды, табанды әрі қайратты әйел талай қиындық­тар­дан өтеді. Ол қызы Розеттамен бірге соғыс кезінде Римнен кетуге мәжбүр болып, қашқынға айналып, ауыр қайғыға душар болады. Кейіпкер қауіпсіз жер іздеп Римнен кеткенімен де, «соғыстың барлық жерлерде болып жатқанына» көз жеткізеді. Чезира ағылшын бомбалары жарылған кезде де қорқынышқа бой алдырмай, аштық пен жалғыздыққа төзіп, табандылық танытып, бойын тік ұстауға бел байлайды. Чезира «соғыс адамдар арасында қатігездік пен дауыздықты тудырып, олардың аяушылық сезімдерін жойып, жүректерін тасқа айналдыра­тынына» көзін жеткізеді. Ол қарапайым жауынгерлердің қызына жасаған қорлығын да көреді. Бұл оқиғалардың барлығы Чезираның атымен баяндалады. Ол басынан кешірген оқиғаларын еш жасырмай, өмірде кезіккен мейірімді адамдарды да, жауыздарды да есіне алады. Чезираның өмірінде жас студент Микеле Феста маңызды орын алады. Оның мінезіндегі «шексіз мейірімділік қаталдылықпен үйлесетін». Ол бір уақытта мейірімді ді де, қатігез де бола білді. Микеле рухы мен әрекеттері жағынан қарсы тұру қозғалысына қатысқандарға жақын келеді. Ол Чезираның көп нәрсені түсінуіне көмектесті. Микеле мен Чезира бір-бірін толықтыратын кейіпкерлер.

49 Романда бұрынғы инквизитор Вильгельм Баскервильский әдет­тен тыс Шерлок Холмс болып шығады. Оған үміт артқан шіркеу қадағалау­шысы мен оқырманның сенімі ақталмайды. Романның соңында детективтік сарын өзге сюжетпен ұмытылып кетеді де, оқырманның көңілі мүлдем басқа жағдайға ауады. Автор детективтік бағытта жазамын деп, басқа бағытта жазады. Жазушы оқырмандардың алдына қарама-қарсы бағыттағы екі жолды ұсынады. Екінші шығармада да біріншідегідей тек тарихи романның қиялы ғана туындайды. Мұнда махаббат шиеленісі жоқ, ол тек бір эпизодқа негіз­делген. Романдағы барлық оқиға сол бір жалғыз ортада – шіркеуде орын алады. Ал мәтіннің маңызды бөлігін тарихи романның құрылымына жатпайтын ойлау мен ой тұжырымы құрайды. Оқырман алдындағы екі жол да жарқын бір көрініске емес, тығырыққа алып келеді. Көз алдымызға лабиринтті елестетсек болады. Лабиринттің бейнесі романда басты орында болуы кездейсоқ емес, постмодернизмге символикалық лабиринт бейнесі секілді, нақты бағыты жоқ ризома түсінігі тән.



50Батыстық зерттеушілермен қатар үнді зерттеушілері бұл ағымның үнді әдебиетінде XX ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап көрініс бергенін айтады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   147   148   149   150   151   152   153   154   155




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет