Надер Ибраһим (1936) өз шығармаларында жануарлар мен заттарға жан беріп, оларды адам кейпіне енгізеді. Оның «Ханевадейе бозорг» («Үлкен отбасы»), «Дошнам» («Жәбірлеу»), «Кабутаре чахи бе ханеат баргярд» («Сұр көгершін, үйге қайт!») атты әңгімелеріндегі кейіпкерлерге пессимистік көңіл-күй тән. Олардың барлығы да өмірден түңілген, уайымға салынып, тығырыққа тірелген жандар.
Осындай сенімсіздік пен пессимистік көңіл-күй сол дәуірдегі Эпрама Шахиди, Аббас Хаким, Иража Пезешкния, Ахмад Шамлу, Голамхұсейн Гариб сынды жазушылардың шығармашылығына да тән. Жәләл Але-Ахмад, Бахрама Садеки, Голамхұсейн Саэди, Бехазин сияқты көрнекті жазушылар құндылықтарды қайта қарастырып, рухани тоқыраудан шығу жолдарын іздестіріп, дамушы күштің кемшілік тұстарын түсінуге тырысып, даму арқылы өздерінің ұстанымын анықтауға ұмтылады. Садеки өзінің сатирасына сенімділік артса, Саэди әлеуметтік-психололгиялық анализге сүйенеді.
Талантты новеллист-жазушы Жәләл Але-Ахмад (1923-1969) реакция жылдары «Батысқа табынудың» себептері мен салдары туралы жазылған мақалалардан тұратын өзінің «Гарбзадеги» атты кітабын жарыққа шығарады. Оның 1954 жылдан кейін жарыққа шыққан шығармаларынан автордың саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенділік танытқанын көруге болады. Жәләл Але-Ахмад - жалпы парсы прозасының дамуына зор үлесін қосқан алдыңғы қатарлы жазушылардың бірі.
Осы кезеңде әдебиетте орын алған маңызды құбылыстардың бірі ретінде ХХ ғ. парсы әдебиетіндегі көркем прозаның реалистік бағытының негізін қалаған Мұхаммад Әли Жәмәл-заде мен С. Хедаятпен бір қатарда тұратын С.Чубактың шығармашылығын ерекше атап өтсек болады.
Садек Чубак «адам қандай жағдай болмасын, әрқашан адам болып қалу керек» деген ұстанымға келіп, өз шығармаларында екіжүзділік пен оңбағандықты, жауыздық пен пасықтықты өткір сынға алады. Ол өзінің «Хейме шаббази» («Қуыршақ театры») жинағына енген «Пирахане зерешки» («Жағымды көйлек»), «Зире чераге гермез» («Қызыл шамның астында») атты новеллаларында кейіпкерлердің жан дүниесін шебер көрсете білген. «Қызыл шамның астында» атты әңгімеде Аффак пен Жейран есімді жезөкше қыздардың өздерінің лас жұмысына қарамастан, адамгершілік қасиеттерін жоғалтпағаны туралы айтылса, ал келесі әңгімесінде мәйіт жуатын екі әйелдің барлық құндылықтардан аттап, жыртқыш, жабайы аңдар кейіпіне еніп, қабірлерді ашып, мәйіттердің киімін шешіп, алтын тістерін қағып алатыны туралы айтылады. Жазушы осы арқылы қоғамда басын көтеріп, батылдық танытпайын, тіпті өлілер секілді еш әрекет етпейтін адамдарды және аталмыш екі әйел сияқты олардың мойнына отырып, шектен шығып, адамгершіліктен айырылған жауыздарды көрсетпек болады. Шығарманың соңында автор өмірді өзгертуге дәрменсіз екенін көрсетіп, қайғыға батады.
Садек Чубактың «Санге сабур» - «Сабыр тасы» атты романы Иран сыншылары тарапынан үлкен талқылаға түседі. Бұл туындыны жазушының жиырма жылдық шығармашылық өмірінің қорытындысы ретінде қарастыруға болады. Романда әлеуметтік жағдайы өте нашар адамдардың өмірі бүге-шүгесіне дейін асқан шеберлікпен суреттелген. Осы тұрғысынан бұл роман М.Горькийдің шығармаларына жақын келеді. Романдағы оқиға 30 жылдардың ортасында Ширазда өтеді. Романның жазылуына сол кезде Ширазда орын алған доктор Сейвулкәламның сот процесі әсер етеді. Доктор жезөкшелікпен айналысатындарды, мерез аруына шалдыққандарды жою арқылы қоғамды тазарту теориясын іске асырады, осы мақсатпен өзі күдіктенген адамдарды өлтіріп, мәйіттерді үйінің астында жасырады. Сейфулкәламның бейнесі 20 жылдары еуропалық және солтүстік америкалық прозада жиі кездесетін теоретик-кісі өлтіруші жауыздарды еске түсіреді.
Романда оқиға басты бес кейіпкер өмір сүретін ескі үйде өтеді. Олардың әрқайсысы өздері куә болған оқиғаларды кезекпен баяндайды. Баяндаудың түрі – ішкі монолог. Чубак түрлі әдеби тәсілдер мен мифологияны қолдану арқылы өткен патшалардың әділеттілігі пен төзімділігін жеткізеді.
Қарастырып отырған кезеңдегі парсы жазушыларының шығармаларында философиялық ой-толғаныстар басты орын алады. Елде орын алған түрлі жағдайлар адамдардың сана-сезіміне, өмірлік ұстанымына өз әсерін тигізбей қоймайды. Батыс және Шығыс әдебиетінде әлі күнге дейін өзекті болып отырған мәселелердің бірі адамзаттың рухани азғындалуы болып табылады. Осындай мәселе қозғалған шығармаларда кейіпкер мына кең әлемде жалғыздыққа ұшырап, рухани тыныштығын жоғалтып, адам сенгісіз әрекеттер жасап, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Бұл көптеген иран жазушыларына тән экзистенциализмнің негізгі сипаттары болатын.