«Мың бір түн»28 - араб, үнді, парсы халықтарының әр ғасырда туған ертегілерінің жиынтығы. Дегенмен батыс ориенталистерінің бірі Сильвестер де саяси араб филологиясының өзекті мәселелеріне арналған зерттеулерінде «Мың бір түнді» белгілі бір автор жазған деп айта отырып, ертегілерде кездесетін парсы, үнді элементтерін жоққа шығаруға тырысса, Барье де Мейнар керісінше «Мың бір түн» ертегілеріне негіз болған деп парсы, үнді тілдерінен араб тіліне аударылған ертегілер мен түрлі тарихи жылнамаларды атаған. Сондай-ақ ол парсы халқының «Хазар афсана» (Мың ертегі) атты жинағының орта ғасырларда араб тіліне «Альф хурафат» (Мың ертегі) деген атпен аударылған, кейінірек оның «Альф лайла» (Мың түн) боп аталып кеткеніне баса назар аударған.
Дамыған қала мәдинетінің негізгі жемісі ретінде алғашында араб, кейін еврей және парсы әдебиеттерінде кең тараған мақама жанрын атауға болады. Мақамалар таңдаулы айлакерлік, қулық-сұмдық, тапқырлық жайлы новеллалар, онда сауатты, әрі білімдар, тапқырлар мен кезбе, қайыршылар жайлы өзіндік сипат беріп, орта ғасырдағы мұсылман қалаларындағы өмір мен тұрмыс-тіршілікті сатиралық кейіппен бейнелейтін прозалық жанр болып табылады. Орта ғасырлардағы араб әдебиетіндегі поэзия мен прозалық шығармалар осы кезеңмен тұстас еуропалық әдебиетпен ұқсастығы байқалады. Мақама - арабтың төл жанры. Арабтық ықпалмен Шығыс халықтары арасына тарап, тек қысқаша сюжеттік үйлесімділігімен еуропа тапқырлық новеллалармен сәкес келуге жақын.
Сондайларға арналған мақаманың бірі - «Бану Сасан» (Сасан балалары)29, тарихтағы ирандық билеуші әулет атымен аталған.
YII-YIII ғ. арабтар Иран, Византия, Орта Азия, Солтүстік Африка, сонымен қатар Испанияны да басып алады. Арабтар Испанияны әл-Андалус деп атаған. Ислам дінін жергілікті халықтың көбі қабылдағанымен, христиандардың біршамасы өз діндеріне берік боп қала берген оқтын-оқтын көтерілістерге шығып отырған. Әйткенмен, Андалусияны умаийа әулеті билеген дәуірде Кордова сауда мен мәдениеттің ірі орталығына айналады. Ал әдебиет пен ғылым жағынан андалусиялықтар Бағдат пен Каирдың жазушы, ақын, ғалымдарының алдында ғана бас иген. Арабтар испандықтарды басып алғанымен, оларға терең мазмұнды әдеби шығармалары мен мәдениетін ала келеді. Испаниядағы араб әдебиеті «еліктеу» (YІІІ-Х), «жаңару» (ХІ-ХІІ) және «құлдырау» (ХІІ-ХYІ) деп аталатын үш кезеңге бөлінеді.
IX ғ. аяғында Андалусияда Шығыс әдебиетіне бейтаныс муашшах30және заджал аталған жаңа жанр пайда болады. Иби Халдун муашшах жанрын Муқаддам әл-Қабри деген ақын дүниеге әкелгенін айтса, И.М. Фильштинский бұл жанрдың шығуына белгілі бір дәрежеде арабтанған испан халқының арасында өмір сүрген роман халқы поэзиясының әсері болған деген жорамал жасайды. Әл-Қабриден кейін бұл жанрда Убада әл-Қаззаз, ибн Рафа ар-Рассах, әл-Ағма ат-Тулайтили, Ибн Баджа, Абу Бакр ибн Зухр, әл-Мукр ибн әл-Фарас, ибн Сана әл-Мулк секілді Гранада, Толедо, Альмериялық ақындар қоштаған.
Қорыта келіп, жалпы Таяу Шығыс әдебиеті бір жағынан Батыс Еуропадағы ортағасырлық әдебиетке тән кезеңдерден өткенін, екінші жағынан дамыған қала мәдениеті, философиялық еркін ойлау мен еретикалық ағымдардың әсерімен Батыс үшін тек Қайта өрлеу дәуірінде мүмкін болған адамгершілік үлгілерін ерте негізге алғанын атап өту қажет.