Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 1 (55), 2016 ж.
танымға сәйкес, әдебиеттегі шығармашылық ізденістерді, құбылыстарды ғылыми тұрғыдан негіздеу
қажеттігін айтады. Осы тұрғыдан келсек, жоғарыда аталған қаламгерлер қатарындағы Д.
Бейсенбекұлы, А. Әлменбет шығармашылықтары - тәуелсіздікпен бірге келген төл перзенттері.
Олардың романдарындағы тақырып мазмұны, жанрлық жаңа ізденістеріндегі типологиялық
ұқсастық, заман талаптарына сай өзіндік үндері мен қолтаңбасы айқын сезіледі. Себебі, әдебиет
жекелеген қаламгерлерден тұрады. Шын мәніндегі әрбір талантты қаламгер – өзгеге ұқсамайтын
қайталанбас өнер иесі ретінде әдеби құбылыс. Барлық әдебиеттерде кездесетін ортақ ұқсастықтар
олардың өзгеге ұқсамайтын өнерпаздық қолтаңбасы мен ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығармайды.
Мұндай жағдай екі түрлі себептерден болуы мүмкін. Оның біріншісі әдебиет өмір сүріп отырған
қоғамдық-мәдени ортаның ұқсастығынан болса, екіншісі – әдеби байланыстардың әсері. Әдеби ортақ
қасиеттер бір ағымдағы қаламгерлерді, ұлттық әдебиет, одан қалды ұлттық әдебиеттерден тұратын
әлемдік әдебиет өкілдерін жұмыр жердегі бүкіл адамзаттың бақытты өмір сүруі үшін күресінде бір-
бірімен жақындастырып, ізгілікті істерге жұмылдыра түседі. Міне, осындағы қоғамдық дамудың
бірдейлігінен пайда болған әдебиеттегі ұқсастықтарды типологиялық тұрғыдан зерттеу қажеттілігі
туындайды[2]. Тәуелсіздік кезеңінін жас толқын қаламгерлері А.Әлменбет пен Д. Бейсенбекұлы
романдарын типологиялық тұрғыдан зерттеуіміз жоғарыда аталған ғылыми тұжырымдарға негізделіп
отыр.
Тәуелсіздік дәуірінің еркін ойлы жас толқыны Арман Әлменбеттің «Мимырт» романы қазіргі
өзіміз өмір сүріп отырған заманның тыныс-тіршілігін дөп басып жеткізген қарапайымдылығымен
бірден байқалады. Роман деп аталған туынды не бары 123 беттен, «Бәс», «Уәде», «Шимай» деген үш
тараудан тұрады. Романның сюжеттік желісінде қазіргі қоғамдағы үй-күйсіз қаңғыбастыққа салынған
Морж, қорғанышы жоқ, күн көріс қамымен жүрген Наяхан, Зияда сынды кейіпкерлер, сондай-ақ
заманының ыңғайына икемделіп, ақша, мал табудың жолын әбден игерген, олар үшін
қорғансыздардың құны бес тиын, бәрін ақша, таныс-тамыр арқылы шешу, белден басу, адами
құндылықтар өлшемін пұлмен таразылайтын қазіргі қоғамның нақ өкілдері Күресбек, Сырым
образдары, осыларға қарсы әділетсіз қоғамда әділдік орнатуды көздеген Ерден Әбішев сияқты бірлі-
жарым қаһармандар, заңсыздық пен әділдік жолында, кімнің ығына жығылу қажет деп өз ойымен
жүрген Мерей сынды құқық қорғау қызметкерлерінің образдары бәрі-бәрі типтендірілген бүгінгі
қоғамда арамызда жүрген қоғам мүшелері екені даусыз. Бұл туралы ғалым Б.Т.Тілеубаева: «Әрбір
жаңа шығармадан халық өз замандасының бейнесін күтеді. Сондықтан да бүгінгі оқырманға бар
адамгершілік болмысымен, жан-жақты характер қырларымен тұщынатын кейіпкер керек. Сан қилы
жағдайлар үстінде барынша тұлғалана танылатын соқталы қаһарман тағдырымен қанаттаса
бейнеленетін өмір шындығының қоғам қайшылықтарының шығармада қаншалықты дәрежеде көрініс
табуы да елеусіз нәрсе емес», - дейді[3,14-бет]. Ал, академик Т. Кәкішев өзінің бір сұхбатында:
«Бүгінгі күннің кейіпкері кім өзі? Алаяқ бизнесмен бе? Ұры-қары ма, жоқ… Бұларды ұнамды
кейіпкер деп айта аламыз ба? Бір жазушының үлгі алатын бір кейіпкерін айтшы? Жазушыларды бір
жағынан кінәлай да алмайсың. Бүгінгі күннің кейіпкерін жасауға талпынған болады, жазып та жатыр.
Бірақ уақыт жар бермейді. Кешегі «Абай жолы», «Ботагөздердің» дүниеге келуі қалыптасқан
процеске байланысты еді. Әрине, жиырма жылдың ішінде заманның кейіпкері қалыптаса да
қоймайды. Бірақ жоқ екен деп қарап отыру да дұрыс емес. Тіпті болмаса бүгінгінің ұры-қарысын
көрсет. Жамандықтан да адамды жирендіріп, үлгі алуға болады ғой»[4],- деп түйіндейді. Ғалымның
пікірін сабақтай түссек, қаламгер романының қызғылықты оқылуының себебі де, осында жатса керек,
яғни өзіміз тірлік кешіп отырған қоғам мүшелерінің (қаңғыбас, бич, ұры-қары, алаяқ, қанішер,
нашақор т.б.) әсіре қызыл бояусыз берілген образдары арқылы шынайы қоғам келбетін сомдай
білуінде деп ұғынғанымыз жөн.
Морж, Наяхан, Зияда сынды жалдамалы жұмыскерлердің тағдыры, Күресбек байдың мемлекеттік
қызметпен қоса, жеке шаруашылық ұстап, ебін тауып баю жолына түскен іс-әрекеттерінен бүгінгі
қоғамның анық табы сезіледі. Морж, Наяхан сынды өмірден өз орындарын таба алмай, тағдыр
тәлкегіне ұшырап, маскүнемдікке салынып, әркімнің есігінде жүрген қаңғыбастарға қазіргі қоғамда
есеп жүргізген жандар бар ма?! Автор көтерген мәселе - адамды қоғамның, ортаның жатсынуы. Міне,
жазушы қоғамның осы шындығын алдымызға көлденең тартады. Автор аталған кейіпкерлердің
тағдырын тәптіштеп, асыра баяндамайды. Романның орталық кейіпкеріне айналған Морж тағдырын
екінші бөлімде досы әрі оның өлімін тергеуші Ерден Әбішевтың баяндауы арқылы естиміз. Сонау
желтоқсан зардабынан оқуын тастап кеткен Морж сынды көптеген жастар морт сынып, тағдыр
тауқыметін тартқаны, өмір күресіне төзе алмауы, адамдық қалпына түсуіне жол ашқан махаббат
78