Өз-өзіне қол салу-ауыр күнә Өз-өзіне қол салу-ауыр күнә Кыдыр Алимарданулы Адам баласы мына пәниге шыр етіп келгенде Өмір-Ана күтіп алып, алақанына салғанымен де, дүр етіп бақилыққа өтерде, ажал қақпанына ілікпейтін жан жоқ.Атамыз қазақ мұндайда "Өзекті жанға бір өлім",-дейді. Бұл-Ислам әдебінің бірі.Әрі бұл бір қырынан адам баласының ажал алдындағы дәрменсіздігін білдірсе, сол арқылы Алланың құдіретінің басты бір сипатын аңғартары да анық. Өйткені, кеудедегі жан-Алланікі. Әрбір тіршілік иесінің ажалы бар.Бұл ажал ерте ме кеш пе тек Алла тағаланың белгілерімен ғана болады. Ажал осы өмірде адамның талқаны таусылғанын білдірсе, өлім-ақірет өмірінің басталуын білдіреді. Тағдырға бойұсыну, шүкіршілік ету жолында адам зат баласындағы игі қасиеттердің бірегейі-шыдамдылық, сабырлылық пен табандылық, төзімділік. Аталған игіліктер иман сәулесін шуақтандыру, сақтау бағытындағы рұхани қуат. Сондықтан, Алланың бізге қалаған, сыйға тартқан кез-келген жазуына шүкіршілік етіп, разылықпен қабылдау-иман кәмілдігінің көрініс нышаны болып есептеледі. Адамның өміріндееріксіз, тек Алланың қалауымен болатын жайттар да бар. Адам баласы ол жайттарды қабыл етүі міндет. Алайда соңғы кездері өз-өзіне қол жұмсап,өмірден озып жатқан адамдардың қатары көбейіп келе жатқаны еріксіз алаңдатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да «жер бетін суицид жаулауда (өзін өлтіру)» деп дабыл қағуы бекер болмаса керек. Психолог мамандардың өздері осы жағдайдың туындау себебін дөп басып айта алмайды.Өйткені, көп жағдайда өлімнің құпиясы бақилық боған адам өзімен бірге ала кетеді. Дегенмен адамның өз-өзіне қол салуының түрлі себептері болатыны анық. Біреулері тұрмыстағы тауқіметтен қажыса, екінші біреулері отбасындағы күнделікті ұрыс-керісті кикілжіңді көтере алмайды,үшіншісі сәтсіз махаббаттың құрбандығына өзін байлайды. Ата-анасымен тіл табыса алмаған жасөспірім де өлімді таңдап жататыны күнделікті өмірде кезіктіріп жүрміз. Бұдан басқа да себеп -салдары толып жатыр. Көз жасын көл қылған ата-анасы мен туғандары қайғыдан қан жұтып отырса да «Бұл Алланың ісі, болаттай берік болғаннан басқа амал жоқ»,-деп басқа салғанына көнеді. Көнбеске шара да жоқ. Шариғатымызда Алла тағала берген нығметке қиянат жасау -харам. Жаратқан иеміз пенделеріне өмір сүру, ішіп-жеуді өлшеп берген болса, адам он дұрыс, орынды және толық пайдалануы тиіс. Ал, кейбір өткінші қиындықтарға шыдамай, өзіне нәсіп етілген нығметке разы болмай, одан бас тарту үлкен күнә саналады. Алла тағала пенделерін сынау үшін адамға жан беріп, ол дүниеге бір мәрте ғана келеді.Сондықтан қандай қасіретті,қиын жағдайда да өзіне қол жұмсауды қайтарып Алла тағала қасиетті Құран-Кәрімде:"Өздеріңді өздерің өлімге қимаңдар",-яғни өздеріңе қол салмаңдар дейді. Қандай жағдайда да сабыр сақтаған жөн. Дінімізде мұсылман болудың негізгі шарттарының бірі-жақсылықтың, жамандықтың да Алладан екеніне сену. Адам баласы тағдырға сенбесе, қиыншылығына төзбесе мұсылман саналмайды. сондықтан ауыр, жазылмайтын дертке шалдыққан адам бұл дерт Алланың оған берген нығметі деп түсінулері қажет. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадис-шарифтерінде: «Дерт-күнәға кәффарат болады»,-деген. Яғни, адам ауырып қиналуы пенделеріне жіберген сынағы. Кімде-кім бұл сынақтан, оған ризашылық білдіріп шүкірдесе, екі дүниенің жақсылығына бөленеді. Адамға өмірді тек Алла ғана береді. Сондықтан оны пенденің өз еркімен қиюы үлкен күнә. Адамның қашан жан тапсыратыны алдын-ала пешенесіне жазылған. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегенде атамыз қазақ осыны меңзеп айтса керек.