І ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ
МӘУЕЛІ АҒАШ
(жас ақындар шығармашылығы хақында)
Адилжан Рахима (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: Мәтбек Н.Қ., ф.ғ.к.
«Не ексең, соны орарсың» дегендей, бір кішкентай ғана жас талды отырғызсаң, оның қалай өсіп-өнуі баптауына байланысты. Жас талды күтіп баптап, бабында өсірсек, мәуелі ағаш болатыны анық. Сол сияқты қазіргі таңда, жаңадан шыққан бүршіктей, бұралып өсіп келе жатқан жас талдай, жүрекжарды жыр жазып, қалам тербеп, лүпілдеген нәзік ақ жүректерінен шыққан пәк сезімдері мен махаббаттарынан, сүйіспеншіліктерінен туындаған өлеңдерін қағаз беттеріне түсіріп, қағаз бен қаламды жан серік еткен жас қаламгерлеріміз аз емес. Әрине, олар бізге ешқашан көптік етпейді. Олар да мәуелі ағаш секілді.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, жердің жүзін жіңішке жіппен сызғандай тастардың қолқасынан сығалап аққан балшырынның шәрбатындай болған тәтті бұлақтың көзін ашсақ, екпіні қатты өзеге айналып, үлкен дарияға жалғасуы әбден мүмкін, ал қазіргі жас қаламгерлеріміз көзі ашылмаған бұлақ секілді.
Алыстан іздемесек те өзіміздің ортамызда жүрген, жас жүрегі жалынға толы, теңіздің иіріміндей иіріліп, толқынындай тулаған ұл-қыздарымызды айтсақ болады. Менің осы ғылыми жобамдағы басты айтқым келген өзекті ойым: сонау Абай, Мағжан, Мұқағали, Фариза сынды ақындарымыздан бастау алып, ізін жалғастырған, ортамыздың шуағына айналып, талайларды жырымен сусындатып жүрген жас қаламгарлеріміз еді.
Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің 15-тен астам тыңдаушысы қалам тербеп жүр. Солардың ішінде ерекше көзге түскен: Пазылбек Роза, Мәрлан Шалғын, Адал Оралай, Әбдінұр Нұрланды атап айтсақ болады.
Адал Оралай 1996 жылы Қытай Халық Республикасы Алтай қаласында дүниеге келген. Алтай аймақтық бірінші толық орта мектебін бітірген. 16,17 жасынан бастап өлең жаза бастаған. «Ең алғашқы өлеңім жүректен шыққан ерекше бір сезімнен туындады», - дейді ол. Небәрі екі-үш жылдың ішінде 200-ге жуық өлең жазған. Солардың ішінде 20-ға жуығын ғаламтор беттеріне жариялаған. Мысалы: «Қазағым деп жазамын мен жаңа жыр», «Мен қазақ боп туғаныма мақтанамын», «Қайран әке», «Мұңлы менің жанарым» т.б.
Көкейкесті арманы еліне оралу болған Оралай: «Өмірдегі қатты қуанған сәтім атамекенге оралған сәтім болды», – дейді.
Оралай мына өлеңінде:
Біз қазақпыз ат үстінде ойнаған,
Біз қазақпыз тәуелсіздік тойлаған
Көрсек-тағы езгі, қанау қаншалық,
Біз қазақпыз салт-дәстүрді тойлаған, –
деп рухы биік қазақ еліне, жеріне, Отанына, салт-дәсүріне деген ыстық махаббатын, құрметін, білдіргісі келсе, мына бір өлеңінде:
Жарық өмір сыйлаған, жаным ана,
Бақытыма балаймын, бағыма да.
Тез ержетіп, есейіп кеткенімен,
Ботақаның алдыңда әлі бала, –
деп ақ жүрегімен анасына деген балалық махаббатын жеткізеді. Оралайдың көбінесе өлеңдері қазақ поэзиясының дәстүрлі 11 буынды, қара өлең ұйқасына жазылған.
Махаббат жайлы қандай ақын тебіренбеген. Жүректерді жарып шыққан ыстық махаббаттан туындаған жыр еріксіз қолыңа қалам алдырары сөзсіз. Ал Пазылбек Роза қызымыз:
Сезімсіз жүрек – тас жүрек,
Мейірімге қас жүрек.
Жүрегінде жылу жоқ,
Сезімсіз жүрек – лас жүрек, –
деп жыр толғайды. Талантты қыз Роза1997 жылы қаңтардың 6-жұлдызында ҚХР Күнес ауданында дүниеге келген. Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы Абай атындағы гимназияда білім алған. Үшінші сыныптан бастап алғашғы өлеңдерін көктем, табиғат жайлы жазудан бастаған. Жамбыл аудандық «Атамекен» газетіне біраз өлеңдері жарық көрген. Өмірде, сөз өнерінде өз ізін қалдырғысы келетін Роза ақын-жазушыларды, солардың ішінде Абайдың, Мұқағалидың өлеңдерін сүйіп оқиды. Оны:
Қазақтың бас ақыны Құнанбаев,
Қазаққа бақ боп келген жырдан айып.
Қара сөзде ешкімге дес бермеген,
Абайдың өлеңінен құр қалмайық, –
деген өлеңінен білеміз. Бұл өлеңінде ақынға, ақын өлеңіне деген құрметін білдіріп, «Абайдың өлеңінен құр қалмайық» деп үндеу тастайды. Мұқағалидың өлеңімен үндес келетін Розаның:
Қыздар деген – бар әлемнің иесі,
Иесіне бар жақсылық тиесі.
Біздер қыздар, білгің келсе, бауырым,
Дәлелдеусіз теорема жүйесі, –
деген өлең жолдарынан оның сыршыл, сезімтал, жұмбақ қыз екенін көруге болады. Розаның да көптеген өлеңі 11 буынды, қара өлең ұйқасына жазылған.
Мұқағалидың өлеңдерін сүйіп оқитын тағы бір жас қаламгеріміз Әбдінұр Нұрлан:
Аспаны айдың болсамшы,
Жарық боп саған жанатын.
Жұлдызы көктің болсамшы,
Есіңде мәңгі қалатын, –
деп жыр жазады. 7-сыныптан бастап өлең жаза бастаған Нұрлан ең алғашқы өлеңдерін жазуға ғашықтық жырлары әсер еткенін айтады. Әбдінұр Нұрлан ҚХР-дың Іле ауданында дүниеге келген. Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы Ащысай ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы орта мектепте білім алған. Нұрлан – көптеген байқаулардың жеңімпазы. Соның ішінде аудандық жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өтетін Абай оқуларының 1-2-орын иегері. Астана тақырыбында өлең жазған ақындар сайысының 3-орын иегері. Сонымен қоса ол Ащысай ауылында «Жалындаған жас жүрекке от берейік» деген шығармашылық кешін жас ақындармен бірге өткізген. Жалындаған жас ақын өмірде махаббатты жоғары орынға қояды. Нұрланның:
Кететін уақыт еншілеп,
Түсініп қателік кешірек.
Біздерде жасанды батырлық,
Айтуға қорқамыз кешір деп, –
деген өлеңінен сезімге бай, сыршыл ақын екенін байқаймыз. Бұл өлеңі 8-9 буынды қара өлең ұйқасына жазылған. Бүгінгі таңда оның жүзден аса өлеңі бар. Он-он бес өлеңі ғаламтор беттерінде жарық көрген. Махаббатпен қоса иманды биік тұтатын, Мұқағали, Абай, Фариза сынды ақындарды сүйіп оқитын Нұрлан өмір жайлы «өмірдің өзі – шимайламай сурет салу» дейді.
Ақындық – ежелден рухы биік қазақ халқының қанына сіңген қасиеті. Қазақтың қай баласын алсақ та, бір шумақ өлеңнен кенде емес. Әйтсе де ақындық – әркімге беріле бермейтін қасиет. Бұл – үлкен өнер. Бұл өнерді бағалай білу бар да, баптай білу бар. Мақсатымыз арамызда жүрген киелі сөз өнерін қадірлеген жастарымызбен өздеріңізді таныстыру болатын. Поэзия әлеміне үн қосып, қол созған жас қаламгерлерімізге алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз. Өнерлерің өрге жүзсін, жас өркен.
Бұл өлеңде жүрекке құяр нұр бар,
Білмейді-ау қадірін кейбір қулар.
Ащысын да, тәттісін де жеткізетін,
Бұл өлеңде сіз білмейтін сыр бар.
Достарыңызбен бөлісу: |