І тілге қҰрмет – елге қҰрмет мәуелі ағаш



бет95/156
Дата27.11.2023
өлшемі2,15 Mb.
#130243
1   ...   91   92   93   94   95   96   97   98   ...   156
Ел іші – өнер кеніші. Колхоз шаруашылығының өркендеуіне сай ауылда мәдени жұмыстар да, көркемөнерпаздар коллективі де жақсы ұйымдасып, оның құрамында 70-80 тарта жастар болған. Хор, оркестр, бишілер тобы аудан, облыс көлемінде ауыз толтырып айтарлықтай, мақтан етерліктей дәрежеде өнер көрсеткен. Оның айғағы аудандық көркемөнерпаздар байқауынан бірнеше рет жүлделі бірінші орын иемденіп, үш жыл облыстық байқауда 1-орын алған. Колхоздың мәдени-көпшілік жұмыстарына сол кездегі №7 орта мектебі (кейін Амангелді орта мектебі атанған) оқытушылары мен оқушылары, мектеп директоры Шапауов Ғинаят, оқу ісінің меңгерушісі Бултаков Идеят сынды ұстаздардың бастауымен, солардың ұйымдастыруымен көптеген жетістікке қол жеткізген.
Ақ Жайық бойын жайлаған жайлаған Амангелді ауылындағы мәдени ошақта «Амангелді» халық театры сонау 1972 жылдары өз жұмысын бастап, халықты өнерге баулуға игі қызмет еткен. Уахит Қоңқатаев, Мәдениет Дәриев, Ғалымжан Азбергенов, Бисенбай Байзуллин, Ерболат Қайыров, Қарашаш Кенжеғараева, Жұмағыз Сралиеа, Рабиға, Рахима Ибрагимовалар сынды аға-апаларымыз өнерге құлшыныс танытып, алғаш ескі клубтың сахнасына аудандық «Каспий таңы» газетінің тілшісі Абдолла Қожиевтің «Жайық жағасында» атты шағын ғана пьесасын сахналаған.
Міне, содан бері драма үйірмесі жылдар өте келе ауыл жастарының бас қосар сүйікті ісіне айналып Уахит Қоңқатаев сынды ағамыздың басшылығымен 1979 жылы Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін сахнаға шығарып, халық арасында үлкен аброй-бедел жинаған. Осы кісінің бастамасымен құрылған драма үйірмесі жыл өткен сайын шыңдалып, көптеген спектакльдерді дүниеге әкелген. Атап айтатын болсам, Қ.Мұқанбетжанның «Қуырдақ дайын», К.сатыбалдиннің «Аягөз ару», Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық», С.Шаймерденовтың «Қайдасың Зарина», Т.Ахтановтың «Боран», С.Адамбековтың «Кремль күзетшілері», Ш.Айтматовтың «Алғашқы мұғалім», Д.Исабековтың «Қараспан процессі», О.Бөкеевтің «Құлыным менің», С.Ғаббасовтың «Айтылмаған сыр», Р.Шотбаеваның «Құйынбайдың қылықтары», О.Бодықовтың «Ойбай, күйеу керек» секілді спектакльдері сахналанып, театр репертуарының тақырыптық диапазонын үнемі өсіріп отырған. Уахит ағайдың өзі басты рольдерді сомдап, халықтық зор ілтипатына бөленген. Оның режисерлігімен қойылған спектакльдердің бірнешеуі облыстық байқаудың жеңімпазы атанған.
1989 жылы Мәдениет Министрлігі комиссиясының шешімімен Амангелді селолық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесіне «Халық театры» атағы берілген.
1991 жылы Алматы қаласында өткен «Халық театрларының» республикалық байқауында С.Ғаббасовтың «Айтылмаған сыр» спектаклімен М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында өнер көрсетіп, байқаудың «Бас жүлдесн» жеңіп алып, Республиканың бір қиырында жатқан шағын балықшы ауылы Амангелді колхозының мәртебесін аспанға бір көтеріп қайтқан екен. Өнерден тума таланты болмаса да сол кездегі колхоз председателі болған Алиев Қайыржан Ізтелеуұлы халықты ұйымдастырып, республикалық байқауға өзі бастап барған. [2]
Біраз үзілістен соң, жаңа режиссер Ақылбек Губашевтің келуімен театр ұжымы қайта жасақталып, ауыл жастарының актерлік шеберліктерінің өсіп, дамуына зор ықпалын тигізген. Сахналық қойылымдарда актерлер ойынына қоса декорация, жарық, музыка, дыбыс секілді бейнелеу құралдарын пайдалану арқылы өзара біртұтас көркем образ жасауға пайдалана білген. Осының арқасында М.Өтемісұлының «Туған ұлдан не пайда?», Б.Қойшиевтің «Қарт қойнында қалаш бар», К.Жұмабековтың «Ата парызы» спектакльдері сахналанып, ауыл халқының өнерге деген құлшынысын оята білген.
Заман талабының қиыншылықтарына қарамастан, өнер атты бәйгенің қиындығына мойымаған театр мүшелері 2004 жылы Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» спектаклін, 2005 жылы С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер», 2006 жылы М.Хасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар-ай», 2007 жылы С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» Ж.Жұматаевтың «Тірі жан» спектакльдерін мәдениет министрлігінен келген комиссия алдында сахналап, «Халық театры» атағын қорғаған. Осынау абыройлы атақты сақтап қалуда алдыңғы буын ағаларының ісін жалғастырып келе жатқан Қ.Мүтиев пен Е.Хамзаев сынды ағаларымыздың ел мәдениетін көтеруге қосқан үлесі еді.
Иә, кәрі Каспий төрінде, буырқанған Ақ Жайықтың айдынында амангелділіктердің қоныстанғанына міне, 60 жылдай уақыт болыпты. Дүлдүл толқындармен алысып, телегей теңіз бетінде күш сынасып, жастық жалынының отты кезеңінің еншісін сыйға тартқан балықшылар ауылының тарихы осындай. Осындай өмір белестерінен өткен Амангелді атындағы колхозды құру үшін бала-шағасының аузынан жырып алдындағы жалғыз торпағын, тірнектеп жиған құрал-сайманын ортаға салған ата-ағаларымыз бен әже-аналарымыздың «Колхоз үшін» ұранымен шыбындай жанын шүберекке түйіп өткен өнегелі ғұмырын келешек ұрпақ ұмытпауға тиіспіз. Бір өкініштісі, кезінде тырнақтап жиған колхоз мүлкі жекеменшікке ауысып, ел игілігі үшін емес, жеке кәсіпкерге қызмет атқарып жатқандығы қариялардың жанына батады.
«Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» дегендей, бұл 21 ғасыр талабы деп білемін. Ең ғажабы, мәдениеті мен өнері арқылы әлі күнге дейін халықты біріктіріп, сонау кеңес заманынан бергі ізін жоғалтпай сақтап келе жатқан «Халық театры» менің ауылымның бойтұмары іспетті. Туған ауылымның осындай жарасымды, шуақты, сәулелі, қуанышы мол өмір өткелдерінен ләззат алып отырған шағынан еш ажырамағай деген балалық бал тілек айтамын. Егеменді ел болып, еңсемізді тіктейтін шақта қазақылығы бұзылмаған, салт-дәстүр мен ата жолын жалғастырып келе жатқан ауылдарымыздың ғұмыры мәңгі болғай!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   91   92   93   94   95   96   97   98   ...   156




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет