Илияс Есенберлин. Махаббат мейрамы



Pdf көрінісі
бет2/11
Дата25.11.2023
өлшемі0,72 Mb.
#127351
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
ЕКІНШІ ТАРАУ
Асығат өлең жазуды ерте бастаған. Алғашқы дастаны да ерте туды. Бірақ
ешкім ол дастанға елең етпеді. Өмір көрмеген албырт жас, өзінің уыз
махаббатын ғана арқау етіпті. Сөйтсе де, қияға қанат қаққан бала бүркіттей
от жігері əр тұстан бір жарқ еткендей. Ең алғашқы өлеңін ол:
Өлең, сенің құшағына енейін,
Қиын болсаң, азабыңа көнейін,
Жүрегімнен жалыныңды аяма,
Ең болмаса бір жарқырап сөнейін, −
деп жазды.
Оның шүу дегеннен махаббат тақырыбына бой ұруы да жайдан-жай
емес. Қырмызы атты бір періште мұның жүрек əміршісіне айналып еді.
«Қырмызым, қуанышым, күндей күлген»,- деп өзеурегені де сондықтан.
Олар осыдан үш жылдан кейін ғана үйленді. Бірақ тек махаббат
əуселесімен қалды ма, алғашқы дастанынан жоғары көтеріле алмады.
Кейбір сыншылар: «Асығат қоғамдық биікке көтеріле алмады»,- деп
сынады. Кей жағдайда махаббаттың да жалпы адамзат жырына айналып
кетуі мүмкін екенін ескертіп жатпады. Асығаттың алғашқы сүреңсіз
күндері міне осылай басталды. Əрине оның ақындық қабілетіне шүбə жоқ,
жырлаған тақырыбы сыналды. «Сен ұлы құрылыстарды, Түрксибті,
Магнитогор магниткасын, қарқынды бесжылдықтардың екпінді еңбектерін
көрмейсің, тек өз басыңның лəззəтін ғана жырлайсың»,- деді.
Бұл ақынға айтылған үлкен сын еді. Ал замана көшіне тілегімен ілесе
білуді Асығат та армандайтын.
Тек соғыс жылдары жəне одан кейінгі мерзімде Асығаттың фашизмге,
зұлымдыққа қарсы ақындық даусы қаһарлы шықты. Міне, қазір тағы үлкен
бір сүбелі еңбекке кіріскеніне екі жыл болды.
Ол өз ұлы Еркебұланмен кішкентайдан тіл табыса білді. Оның
əділетшіл, шыншыл, сұлулықты сүйгіш болып өсуіне əкенің көп жəрдемі
тиді. Бұл кездегі қаладағы қазақ балаларының көбі ана тілін білмейтін.
Еркебұлан олай емес еді. Ал əке-шешесінің Еркебұланға деген
махаббаттарында шек жоқ еді. Олардың өзін қалай жақсы көретінін бұл да
білетін. Жас кезінде болған бір əңгіме əлі күнге дейін оның есінде.
Əдетте, Асығат əйелі мен баласына қалада болған жаңалықтарды, не


кітаптан, газеттен оқыған ерекше оқиғаларды, қызық əңгімелерді айтып
отыратын.
Бір күні əкесі:
− Мен бүгін Американың бір тілшісі жазған адам таң қаларлық оқиғаны
оқыдым,-деді. − Сенуге де қиын...
− Иə, ол қандай оқиға екен, айтсайшы,- деді шешесі.
− Айтамын ғой. Тек шындыққа ұқсамайды.
Шешесі күлген.
− Айтқанынша, адамды қызықтырып болдың ғой.
Əкесі де күлді.
− Əйтпесе əңгіменің қызығы бола ма? Жарайды, айтайын. Экспресс
поезында отырған американдықтар бұлармен қатарласа жүгіріп келе
жатқан бір жас əйелді көреді. Алтындай сары, ұзын қою шашы желмен
ойнап артына қарай жайылып кеткен. Жүйткіген поездан қалмай жан
таласа құстай ұшып жүгіріп келеді. Бір сəт терезелерінен жолаушыларға
қарағанда, əлгі əйелдің жан-жағын бір көгілдір шар сəуле қоршап алған
көрінеді. Жұлдыздай аққан поездан озамын деп зымырап келе жатқан
көгілдір сəулелі əйелді отарба жүргізуші машинистер де көреді. Кенет олар
алдарында бір қорқынышты зат жатқандай, поездарын тоқтатады. Сол
сəтте əлгі көгілдір сəуле де, əйел де жоқ болады. Поездағылар жерге түседі.
Олар темір жол рельсінің үстінде, байлаулы жатқан екі жасар баланы
кереді. Соңынан баланың əкесі табылады. Ол: «Бұл менің балам. Ал
жүгірген, жұрттың суреттеуіне қарағанда, ол менің бұрынғы əйелім,
осыдан екі жыл бұрын осы баланы тапқан сағатында өлген,- дейді. −
Баласының рельске байлаулы жатқанын біліп, поездан бұрын жетемін деп
жан таласып жүгірген секілді...»
− Ал баланы рельске кім байлады? - деген сұраққа ол:
− Өгей шешесі. Былтыр үйленгем. Мен өлсем, мына жас нəресте
еншілес болады деп, өзім жол жүріп кеткенімде түнде əкеп байлап кетіпті.
Кеше мойнына алды,- деп жауап береді.
Асығат күрсінді.
− Көрдіңдер ме, ана жүрегі қандай екенін? Əрине, бұл жалған оқиға.
Бірақ мұнда бір шындық бар. Ол - ана жүрегі. Баласына қауіп туғанын
біліп, сорлы ана көрінде де тыныш жата алмаған....
Асығат тағы күрсінді.


− Əрине, бұл адам сенбейтін оқиға. Ал корреспондент сол күнгі поезда
болған адамдардан сұрадым, бəрі де бұны дұрыс дейді деп жазады.
− Мен бұған сенемін,- деді шешесі.
Күйеуі мен баласы енді оған қарады. Екі көзінен жасы мөлтілдеп ағып
жылап отыр екен ол.
− Сенемін. Ол ана ғой! - деді Қырмызы.
Еркебұлан ойында сол күнгі əңгіме мəңгі қалған.
Осы тұста өзімен төбелескен бір кішкентай баланың мұны мазақтап
«өгей бала» деген сөзі де есінде жүрген еді. Шешесінің мына сөзін
естігеннен кейін жəне өзін қандай жақсы көретінін ойлап өзінін «өгей
бала» емес екеніне сенген.
Ал Асығаттың тек поэзияны ғана сүйіп қоймағаны, асырап алған
баласын жанындай жақсы көріп қалғаны белгілі. Еркебұланды жақсы көру
оған енді бір жаңа поэзияға айналды. Баланың қылығы, жібектей жұмсақ
мінезі, үнемі жаныңды тебіренте келетін еркелігі Асығатқа жаңа шабыт,
жаңа қуаныш берді.
Ол күнделік дəптеріне былай деп жазды:
Айналайын, құлыным, балапаным,
Жайдым сен деп пəк үміт алақанын.
Жақсы болсаң өтермін қуанышта,
Жаман болсаң - шықпас күн, атпас таңым, −
Еркебұланды сол ауылдан алып келген күнінен бастап, өзімен бірге
төсегіне алып жатты. Бір жаққа шықса, көргенінше асықты. Мəскеуге,
Ленинградқа барғандарында, оған сан түрлі ойыншықтар алып келді.
Ұмытпаса, Еркебұланы беске толғанында болуы керек, əкесі оған бір күні
балалар бірінің үстіне бірін қойып мұнара істеп, не болмаса біріне-бірін
тіркей поезд құрып ойнайтын, сан бояулы төрт жағы бірдей отыздай текше
қобдишаларды сатып əкеп берді. Ғажап! Еркебұлан осы қобдишаларды
алғаннан кейін, бұрынғы ойыншықтарын, кішкентай машиналарын да,
резина піл, жолбарыстарын да былай тастады да, күні бойы əлгі
текшелермен əуре болды да жүрді. Біресе үстіне қатты мұқаба жауып, үй
жасайды. Үй болғанда қандай! Кəдімгі микроаудандардың көп қабатты
үйлерінен аумайды. Көгілдір қабырғалы текшелерден терезе, ал сұрғылт
түстілерінен үйдің қабырғаларын тұрғызады. Біресе темір жолды қуалай
иреңдеп жүріп келе жатқан вагонды поезды жасайды. Текшелерден қандай
үй, сарай, мұнара тұрғызбасын, бəрі келісімді, бəрі көңілге қонарлық болып
шығады.


Кішкентай баласының мұндай шеберлігін көрген əке, енді оның осы бір
бойына біткен табиғаттың өзі берген қасиеттерін өрбіте түсуді ойлады.
Əкесі оған енді дүкендерден құрылыс конструкторлық ойыншықтарын,
ағаш шеберлерінің ойыншық саймандарын көбірек сатып алатын болды.
Ал бір жаққа барса, сол барған жерінің атақты сарай, мешіт, шіркеу
мұнараларының тастан, ағаштан жасаған кішкентай пішіндерін əкеп берді.
Бала бұның бəрін қуана-қуана алды. Жəне əкесінің əкелген ойыншық
заттарының бір де бірін сындырмай, кейде тіпті солардың үлгісімен өзі де
бірдемелерді жасай бастады.
Əкесі бұны шу дегенде, ағаштан түйін түйген, тастан өрнек өрген шебер
бола ма деп болжаған еді, бірақ Еркебұланы жетіден асқан шақта ол
ойынан Асығат біржолата қайтты.
Жоқ, 
баласының 
колөнер 
шеберлігінен 
гөрі, 
ой 
өрісі 
кең,
архитектуралық 
жалпы 
құрылыс 
композициясын 
өзінше 
шешуге
тырысатын қасиеті, тек өзіне ғана тəн көргіштік қасиеті барын түсінді.
Əкесі баласынын бойында жатқан бұл қабілетті жетілдіре түсуге
тырысты. Өзімен бірге бұны бірнеше үлкен қалаларға алып барды.
Ленинград, Самарканд, Бухара, Хиуаларды аралатты. Олардың көне
ғажайып құрылыстарын көрсетті. Сондай бүгінгі күннің құрылыс табысы
саналатын Навои, Шевченко, Теміртау тəрізді жаңа қалалармен
таныстырды. Қысқасы, Еркебұланды архитектура өнерімен қызықтыра
білді. Жəне оның бойында жатқан дарынын аша түсуге қолдан келген
жəрдемін аямады, əкелік борышын атқара алды. Еркебұлан да əкесінің
үмітін ақтады. Мəскеудің архитектуралық институтын ерекше жоғары
бағамен бітірді.
Əке баласын тек өнер жолын дұрыс табуға ғана емес, оның рухани таза
болып өсуіне де көп көмектесті.
Əрине, бала деген де гүл тəрізді бір əлсіз өсімдік. Егер суық желден,
бұршақты жауыннан қорғайтын жан болмаса, оның дұрыс өсуі де екіталай.
Əке, шеше балаға əсіресе кішкентай кезінде керек. «Ұяда не көрсең,
ұшқанда соны ілесің» деп, қазақ босқа айтпаған, баланың буыны қатпаған,
ақыл-сезімі қалыптаспаған шағында, ата-ананың өнегелі ісі, дұрыс ақыл-
ойы, айтқан орынды өсиеттері оған ең керек дүние. Адамның адам болуы
да осы кезден басталады.
Асығаттың баласымен ең алғашқы қатты сөйлескені, оның алтыншы
класта оқып жүрген кезінде болды. Бұған дейін əке Еркебұланның бала
біткеннің бəріне тəн, кейбір ерке білместіктен, не болмашы қиқарлықтан
туатын, сəл ренжітетін қылықтардан бөтен, көңілін елең еткізерлік
бұзықтығын, тентектігін, не сотқарлығын көрген емес-ті. Ал сол күні əке-
шешесі бірдей қатты ренжіді.
Еркебұландары сабағына кетіп, Асығат пен Қырмызы таңертеңгі


шайларын ішіп отырған. Үйлеріне жұпыны киінген, орта жасқа келіп
қалған ақ сары қазақ əйелі келді. Асығат бұл кісіні мектепте оқу басталған
күні алтыншы кластың ата-аналар жиналысында көрген. Жанында
Еркебұландармен бірге оқитын он екі - он үш жасар əп-əдемі, ойлы көзді
қыз баласы да отырған. Асығатты əсіресе осы қыз баланың шашы таң
қалдырған. Өзімен бірге оқитын өзге қыздардың шаштарындай қысқа,
шолтиған емес, бұның тоқпақтай етіп өрілген қос бұрымы шұбатылып,
тізесіне түскен. Ауылда өскен Асығаттың көңілін бұл көрініс əжептəуір
жылытып жіберген. Соңынан қыз баланың шешесімен де сөйлескен. Жесір
əйел екен. Өзі заводта жұмыс істейді екен. Былтыр қызымен екеуі жаңа
пəтер алып, осы мектепке таяу жерге көшіп келген екен. Қазір келіп
отырған осы əйел еді.
Əйел амандасып болғанан кейін, Қырмызы:
− Шайға отырыңыз,- деді.
− Рахмет,- деді əйел жүдеу сөйлеп, сосын Асығатқа қарады.
− Ғафу етіңіз, үлкен кісі, рұқсатсыз үйіңізге келгеніме. Келмеске амалым
болмады.
Асығат əйелге бір түрлі аяй қарады.
− Тым жүдеусіз ғой. Бір қиын жағдайға ұшырап қалғансыз ба, қалай?..
Əйтеуір, үй ішіңіз аман ба?
− Аман ғой,- деді əйел ақырын күрсіне сөйлеп,- дегенмен бүйткен
амандықтан...
Əйел сөзін аяқтамады. Қасында тұрған дорбасын алып, ішінен
шұбатылған қос бұрымды алып, жанындағы диванға қойды.
− Мінекейіңіз.
Асығат пен Қырмызы екеуі бірдей елегізи қалды.
− Бұл не?- деді Асығат, диван үстінде жатқан қос бұрым екенін көріп
тұрса да.
− Бұл менің қызымның шашы,- деді əйел даусын көтермей, сол бір
қалыпты жүдеу сөйлеп. − Түнде кинодан қайтып келе жатқанында өзімен
бірге оқып жүрген балалар, оны үйдің жанындағы қараңғы жерде ұстап
алып, мына қос бұрымын кесіп алып, қолына ұстатып қоя беріпті.
Асығаттың көз алдына өзінің сүйсіне қараған қыз баланың қос бұрымы
елестеп кетті. «Иə, иə, бұл сол қос бұрым. Қандай сүйкімді көрініп еді...»
Кенет жүрегі бір түрлі шаншып кетті.


− Не қылмайсың деп, олар балаңыздың шашын кесіп жүр?- деді даусы
сəл қаттырақ шығып.
− Онысын білмеймін...
− Мұны істеп жүрген қай балалар дедіңіз?- деді! Асығат.
− Өзімен бірге оқып жүрген балалар көрінеді... Оның ішінде сіздің де
балаңыз бар сияқты. Тым қараңғы екен, түрлерін көре алмадым дейді
Назымым, бірақ бір қолымды ұстаған Еркебұлан. Байқап қалдым, қолында
сағаты бар екен. Ал біздің класта жалғыз-ақ Еркебұлан ғана сағат салып
жүреді,- дейді қызым.
Əйел көзіне жас алды.
− Бүгін шашын кессе, ертең олар бір қараңғы бұрышта өлтіріп кетуден
тайынбас. Əкесіз баланың көретіні осы ғой.
− Япырмай, сұмдық екен!- деді əйелге жаны ашыған Қырмызы.
− Расыменен менің Еркебұланым да осындай бұзықтыққа қатынасқаны
ма? Бұл -адам сенер іс емес қой.
Əйел қайтадан сөйледі.
− Бір ғажабы мектеп директоры мен мұғалімдері балаларды шақырып
сұрағанда, бір де бірі мойнына алмады. Бəрі де: «Біз емес»,- деп танып
шықты. Тек сіздің балаңыз ғана үндеген жоқ ұялған адамдай жерден басын
көтермеді. Сосын сізге келіп отырмын. − Əйел кенет солқылдап жылап қоя
берді. − Əлі кəмелетке жетпеген кіп-кішкентай Назымымды соншалық
қорлайтындай ол бишара не істепті.
Соңынан барып белгілі болды, пəк сезімді, əдемі Назым, бұрын өзімен
бірге балалар бақшасында болған, ал қазір осы мектепте, бөтен класта
оқып жүрген өзі құрбылас баламен достасады. Екеуі кейде бірге киноға
барады, бірінен-бірі сабақтарын сұрасып, кездесіп жүреді. Өздерімен емес,
бөтен кластың баласымен достасып жүргенін қызғанған Назыммен бірге
оқып жүрген балалар оған «Қой!» - дейді. Əсіресе Назыммен бір партада
отыратын, сəл тентектеу Сəлім жанындағы қызға: «Егер сен бөтен кластың
баласымен достасатын болсаң, бізге өкпелеме!»- деп қорқытады. Бірақ
бөтен кластың баласымен тек балалық адал достығы ғана бар Назым, бұған
мəн бермейді. Сөзін тыңдамағанға ызаланған жəне өзге балалар
«Жаныңдағы қызыңнан айрылып қалдың»,- деп, өзін ойнап мазақтағанына
шыдай алмаған Сəлім, ақырында жолдастарын «Назымды үйретуге»
көндіреді. Жолдастары бұның бəрін ойын санайды. Содан олар Сəлімнің
басшылығымен өткен түнде Назымды кинодан қайтып келе жатқанында,
қараңғы жерде аңдып тұрып, ұзын шашын кесіп алып, қолына ұстатады да,
өздері қашып кетеді. Шашының қайтадан өсетінін білетін балалар, бұл


істерін тек қыздың өздерінің сөзін тыңдамағанын бұларды менсінбегенінің
айыбы санайды. Бірақ шешесіне еріп, қос бұрымын қолына ұстап жылап
келген Назымды көргенде, балалар ұялғанынан, ал кейбіреулері тартатын
жазадан қорыққанынан бəрі бірдей: «Бұны істеген біз емес»,- деп, танып
шыға келеді. Бəрін басқарған, өздерін үгіттеген Сəлім деуге батылдары
бармайды. Жолдастарын ұстап беруді опасыздыққа санайтын кездері, бəрі
бірдей Сəлімді атамай қасарыса қалады. Тек қос бұрымынан айрылып
жылап тұрған Назымды аяп, Еркебұлан ғана сəл күмілжиді, бірақ бұ да
«қауымның» дегенінен шығуды өзіне лайық көрмей: «Ештеңе білгем жоқ,
көргем жоқ»,- деп құтылады.
Ал қазір... Əйелдің сөзінен барлық жағдайды ұққан Асығат, кенет түсі
өзгеріп кетіп, оған:
− Жарайды,- деді іштегі күйінішін сыртына шығармауға тырысып,
тұнжырай сөйлеп, − мына шаштарды тастап кетіңіз, соңынан аларсыз. Ал
баламыз келген соң барлық шындығын біліп, өзіңізге хабарласармыз.
Сол күні Еркебұлан мектептен өте жүдеу қайтты. Өз бөлмесіне кіріп,
кітаптарын тастап, ас ішуге қонақ үйге шыққанында, диван үстінде жатқан
қос бұрымды көрді.
Кенет өңі қашып, төмен қарады. Баласының түрінің өзгеріп кеткенін
көріп тұрған Асығат:
− Сен бүгін Назымды көрдің бе?- деді.
Еркебұлан əзер-əзер сөйледі.
− Көрдім...
− Бұрын қандай еді, бүгін қандай екен?
Баласы үндемеді.
− Кеше ғой қос бұрымы төгілген, өздеріңе күле қараған Назым бар еді.
Оны көргенде өздеріңді де бір қуаныш билемейтін бе еді, ал бүгін... сол
өзіне көрік берген қос бұрымынан айрылып, жылап тұрған жолдас
қыздарыңды көргенде, расыменен сендер қанша қуаныштарыңды
жоғалтқандарыңды түсінбедіңдер ме? Жарайды, бір ерегіспен, не бір
балалық түсінбестікпен, тіпті ештеңеге тұрмайтын өшпенділікпен сендер
Назымды жазалағыларың келген шығар, бірақ өздеріңе де сүйкімді,
өздеріңді де мəз ететін оның əдемілігін, сұлулығын масқаралауға қалай
дəттерің барды? Өмірде егер шындық, əділеттік, көркемдік болмаса, бұл
өмірдің еш қызығы да болмас еді. Жоқ, сендер құр ғана Назымды
жазалаған жоқсыңдар, көркемдікті де жазаладыңдар. Көркемдікпен бірге
өздеріңді де жазаладыңдар.


− Көке,- деді Еркебұлан кенет басын жерден көтеріп алып. − Біз қандай
жамандық істегенімізді бағана Назымды көргенде бірден түсіндім. Бұдан
былай қарай мен ешкімге ондай қиянат істемеуге уəдемді беремін!
− Өз қатеңді өзің түсінгеніне мың да бір рахмет,- деді əкесі, − сенің
сөзіңде тұратыныңа күмəнім жоқ, − кенет ол баласының басынан сипады. −
Бірақ өмірдің аты -өмір. Біреу саған қатты сөйлесе, не жамандық істесе,
саған да жауап қайтаруға тура келеді. Тек ақылым: айтар сөзің, істер
жамандығың оған қалай тиеді, алдымен соны ойла.
Əке-шешесі балаларының жақсы адам болып шығатынына күмəн
келтірмеді. Оған баласының өзінің болашақ ойларын, инженерлік
армандарын қалай орындайтынын қиялдана суреттеген сөздері дəлел
болды.
Алматының болашағы туралы баласымен өткен жылы сөйлескен сөзі
Асығаттың əлі есінде.
Демалыс күні еді. Асығат таңертеңнен бері жұмыс үстінде отырған. Бір
мезет ол қалың ойға шомды. Осы кезде аяғын ептеп басып əкесінің жанына
Еркебұлан келді. Балконның ашық есігінен сыртқа қарады. Көз алдындағы
көрініс елең еткізді. Əкесінің де осы суретке қарап отырғанын ұқты. Қарлы
Алатау, бір ғажайып құстың қос қанаты тəрізді, қаланың үстінде қалқып,
төңіректі бауырының астына алғандай. Тау қойнауындағы шаһар
Асығаттың жұмыс кабинетінің терезесінен бір түрлі нұрланып, сəулелене
көз тартады. Тау өңіріне күздің алғашқы күндері келіп, қайың, қарағаштың
жапырақтары сарғайыпты. Бақшада, қала алаңдарындағы қызылды-
жасылды гүлдердің жұпар иістері мұрныңды жарады. Ал терезе алдындағы
гүл шоқтары тоқыған кілем тəрізді. Кенет селдір бұлт астынан күн шығып,
қала қобдишадан алынған гауһар тастай, жарқырай қалды. Алатаудың
бөктеріндегі қала ертедегі Гүлстан тəрізді адамның қиялына сыймас бір
керемет сұлулыққа шомыла түсті. Əкесі мен баласы осынау кенет өзгерген
қала бейнесіне таң қалып оған бұрынғыдан да сүйсіне қарады.
− Алматы қандай сұлу!- деді Еркебұлан. Баласының бұл сөзінен Асығат
осынау тауға, етегіндегі жүріп жатқан қала құрылысының ғажайып
бейнелерінен, жасыл төккен бау-бақшаның сəнді көркінен туған ерекше
шаттықтың үнін естіді.
− Əйтсе де, ескі қала көңіліме тым жақын. Жас кезімдегі суреті əлі көз
алдымнан кетпейді,- деді Асығат ақырын күрсініп. − Ал қазір
фабрикалардың корпустарындай, қатарласа тізілген, сіріңкенің қорабына
ұқсас біркелкі үйлер көбейіп барады. Əсіресе шеткі жақта... Көше біткеннің
бəрі бір тал шөп шықпайтын асфальтпен құндақталған. Күн сəл қызса,
балқып, қара май иісін аңқытады. Жоқ, бұл - сұлулық емес, тек мəдениет.
− Иə, иə,- деді Еркебұлан күліп,- айтып тұрғаныңыз, өтіп бара
жатқанның бəрі қымбат деген баяғы ескі əн ғой. Ал салынып жатқан


үйлерді шырпы қорабына ұқсайды дегенді сіз артық айтқандайсыз. −
Еркебұлан əкесіне де, шешесіне де тек «сіз» деп сөйлейтін,- жоқ, артық
айтқан да жоқсыз, бұл іске тек бір бүйірінен қараған секілдісіз. Жəне
қолайсыз бүйірінен қарағандайсыз. Есіңізде ме ескі қала?
− Есімде. Есімде болмай! Жəне Алматының сол кезде де сұлу қала екені
де есімде. Бар шаһар алма ағашының иісімен аңқитын. Сол уақыттағы
апорт алмасының қандай екенін қазір ұмытуға айналдық. Ал апорттың
үлкендігі мынандай болатын! − Ол қос жұдырығын көрсетті. Екі қадақтан
бір мысқалы кем келмейтін. Сондай алманың бір арбасы екі-ақ сом
тұратын. Сол кездің тілімен айтқанда екі-ақ сөлкебай!
− Бірақ əр нəрсенің кезегі бар, асықпасаңыз əлі Алматының ортасында
бұлбұлдар сайрап, көшелерінде алма ағаштарының жұпар иісі аңқитын
күндері де туады. Тек уақыт беріңіз!- деді Еркебұлан.
− Ондай күнге жеткенше, бұл арада бір де бір алма ағашы қалмас! −
Қолын бір-ақ сілтеді Асығат. − Жəшік тəрізді биік үйлер, асфальт,
машиналар, он мыңдаған такси - адам баласына осы ма керегі, ə?
− Бұлар да керек! − Еркебұлан басын изеді,- мəселе əр нəрсені өзінің
құндылығына қарай пайдалана білуде. Біреуін асырып жіберсең болғаны -
қаланың бар гармониясы бұзылады.
Əкесі баласына «тағы не айтасың?» дегендей сүйсіне қарады.
− Иə,- деді Еркебұлан қайта сөйлеп. − Алматы секілді сұлу қаланы салу
бар да, оны қорғай білу бар. Өзіңіз білесіз, жетпіс үшінші жылы ұлы апатқа
ұшырай жаздаған жоқпыз ба?
Еркебұланның айтып тұрғаны Медеудегі үлкен бөгет құрылысына
байланысты жəйт еді.
− Сосын, қаланың тағы бір қиындығы,- деді ол қайтадан сөйлеп. −
Алматы Мəскеу не Калуга сияқты жазық далада тұрған жоқ, Алатаудың
бөктерінде жатыр.
− Иə, мазасыз өңір, − Асығат басын изеді,- ара-тұра сілкініп тұратын
қауіпті өңір.
Бұлар сол күні ұзақ сөйлескен. Əкесі баласының институтты жақсы
бітірген жай инженер ғана емес, ойы ұшқыр ақылды инженер екенін
түсінген.
Көңілі орныққан əке енді жазып жүрген бас кітабына бұрынғысынан да
белсене кіріскен. Бірақ осы көктемнен бері ішінде бірдеме сыздана түйіліп
мазасын қатты ала берген соң емханаға барған. Көп бақылау, тексеруден
кейін өзін қабылдаған қарт профессор:


− Ал, Асығат, дереу саған операция істеу керек,- деген. − Қуыққа таяу
тік ішегіңде ісік бар...
− Ал операция істетпесем не болады?- деген Асығат профессорға күле
қарап.
− Не болатын еді, іс насырға шабады,- деген профессор. Кеселінің өте
қауіпті екенін Асығат енді түсінген.
− Ал операциясы қалай бұл кеселдің? Ауыр ма, жеңіл ме?
− Жеңіл операция емес,- профессор бұл жолы тікесін айтты. − Ісік
қуыққа жақын тұрғандықтан мұндай операция əрқашанда ауыр. Оның
үстіне сенің жүрегіңнің көптен келе жатқан ыңқыл-сыңқылы бар. Ең
алдыменен жүрегіңді емдету керек. Онсыз бұл операция да қауіпті.
− Егер жүрегім жазылмаса қайтесіздер?- деді Асығат. Бұл сұрақты неге
бергенін өзі де білмеді.
− Жүрегіңнің жазылғанын күтеміз.
− Ал тіпті жазылмаса қайтесіз?
− Екі жағдайды салыстырамыз. Қайсы қауіпсіз болады, соны істейміз.
Былай да, былай да жағдайының қиын екенін, Асығат түсінді. Əрине,
операцияға жатып бұл кеселден біржолата арылған дұрыс-ақ болар еді,
бірақ соңғы кезде сыр беріп қап жүрген жүрегіне сенбеді.
Асығат бойын тез жинап алды.
− Жарайды,- деді ол. − Маған бір тəулікке ерік беріңіздер. Шешімімді
содан кейін айтайын.
− О да болсын,- деді қарт профессор.
«Жасы келген адамға пышаққа түсу əрқашанда қауіпті дүние. Оның
үстіне жүрек ауруы тағы бар. Ал операция істетпесе қайтеді? Ең жаман
дегенде алдында əлі де өмір бар ғой. Сол кезде өзінің өмірінің арманына
айналған кітабын бітіреді емес пе? Операциядан аман қалмаса арманда
кетпей ме?»
Осындай бұлқан-талқан ой шырмаған Асығат түні бойы кірпік ілмей
шықты.
Əрі Қырмызысын ойлады. Жоқ, ұзақ жыл өмір атты өткелден біріне-бірі
сүйеу болып жығылмай еткендіктен ол Қырмызысын жақсы көретін. Бұл
екеуінің арасындағы махаббат күн аптабынан тоттанып, əжімделе түскен
жүздеріндей ескі махаббат болғанымен, бір-біріне деген адалдық атты


сыннан өткен, гауһар тас тəрізді тозбайтын, қартаймайтын асыл махаббат
еді.
Асығаттың əлі есінде, онда бұл университеттің үшінші курсында еді.
Өлеңмен басы қатып жүрген шағы. Үлкен тыныстамада университет
алдындағы кішкентай алаңға шығып «желең» деп бітетін жолдың, айтуға
«серең», «керең» тəрізді дөрекі емес, тілге майда, көңілге жеңіл тиетін
ұйқасымын таба алмай, алаңды ерсілі-қарсылы кезіп жүрген-ді. Фонтанды
айнала бергенде кенет ол:
− Ағай, қарындашыңызды түсіріп алдыңыз,- деген бір əуезді үн естиді.
− Ой, айналайын-ай. − Жігіт бұрылып жерде жатқан қарындашын алды.
Басын көтерді. Қарсы алдында бота көзі күлімдеп, бір сұлу қыз тұр. Бұрын
университетте көрмеген бұны. «Биыл түскен ғой»,- деді ол ішінен. Өзіне
күлімсірей қарап тұрған мөлдір көзіне көзі түсіп сасып қалды, жүрегі
электр тогы ұрғандай дір етті. Сасқанынан не дерін білмей:
− Кімнің қызысың?- деді.
Қыз інжу-маржандай аппақ тістерін көрсете күлді.
− Апамның қызымын.
− Апаңның папасы бар ма?
− Бар. Биыл сексенге аяқ басты.
− Ой, айналайын-ай, мен ол папасын айтып тұрған жоқпын.
− Енді қай папасын? Əлде менің папамды айтып тұрсыз ба?
− Иə, иə!
− О да болған. Бірақ соғыста қаза тапқан.
− О, айналайын-ай.
− Сіз немене, таныспай жатып, мені айнала-толғана қалғаныңыз?- деп
қыз тағы күлген.
Жігіт қуанып кетті.
− Иə, иə, дұрыс қой. Танысайық, менің атым - Асығат.
− Ал менің атым - Қырмызы.
Қыз ұзын саусақты аппақ қолын ұсынды.
Асығаттың есіне тағы бір сурет түсті. Біраз күн өткеннен соң қызды


алғаш рет құшақтап, еш адам ернін тигізіп көрмеген Қырмызының жаңа
піскен шиедей қызыл ернінен сүйген.
Міне, содан бері қанша жыл өтті. Бірақ бұл екеуінің өмір деген
арпалысты ұзақ сапарда ашуланған, не бірдемеге қатты ренжіген кездері
болған жоқ. «Түу, қайдағы жоқты айтады екенсің!», «Мені ойнап жүр
дейсің бе» деген секілді сəл кикілжің назға аралас ауыздарынан əлдеқалай
шығып кеткен бірдемелер болмаса, бір-біріне көңіл қалатын, не ұзақ уақыт
ұмытпайтын өкпелі сөз айтып көрген емес.
Сол жұбайы, қос аққудың сыңары болған жұбайы, алда-жалда бұл
пышақ үстінде қаза тапса не болады? Қайғыдан өледі ғой. Оның үстіне өзі
аллергиялық көкжөтел, биыл күз осындай ауруды жазады екен дегенге
Чехословакияға апармақшы еді.
«Жоқ, жоқ,- деді Асығат өзіне-өзі. Аз уақыт болса да бірге болайық.
Менсіз ол қалай өмір сүреді! Еркебұланым да институт бітіргенмен, əлі екі
аяғымен тік тұрған жоқ. Оған да əлі мен тəрізді рухани сүйеніш керек».
Кенет оның есіне, осыдан он жыл бұрын бір лашын құстың қалай өлгені
түсті. Ұлпа қар жауып, күн жаңа ашылған еді. Жердің беті аппақ жəне
нағыз ақ мақта тəрізді, жұп-жұмсақ болатын. Асығат беті қабыршықтанып
қата бастаған көлді жағалап келе жатқан. Өлгелі жатқан лашынды ол
байқамай қалды. Лашын да қар тəрізді аппақ еді. Тек өте бергенінде
аяғының астынан бірдеме қыбырлағандай болды. Сəл кейін шегініп
қарады. Қардың үстінде жатқан аппақ лашын құсты көрді. Тек тұмсығы
мен топшысынан төменгі жағы, өткір ұшты тырнақтары ғана қоңыр. Бөтен
құспенен төбелесіп жараланды ма екен, əлде бір жерінен оқ тиді ме, жатқан
жері қарға жайылған қанынан сəл қызғылт тартқан. Асығат еңкейгенде, ол
адамнан қорқып, не шошып дүр етпеді. Əлде қатты жараланып қимылдауға
күші жоқ па, не өзіне төнген адамды көрмей жатыр ма? Асығат оның көзіне
қарады, жоқ, ол əлі тірі екен жəне өзіне төнген адамды да сезген тəрізді,
бірақ қимылдар емес. Асығат қайтадан енді оның көзіне үңіле қарады.
Сарғылт көзін аспанға қадап, лашын телміре қалған. Қар жауғаннан кейін
ашылған аспан көкпеңбек еді. Осы көгілдір аспанды күнде сан кезіп, өзінің
табиғи еркіндігін мадақ етіп жүрген ақ лашын, қазір сол қуанышына ең
болмаса бір көтеріле алмағанына өкініп жатқандай. Асығат құс қасіретін
түсінді. Ол лашынды екі қолымен жайлап ұстап ақырын көтерді. Түрегеліп,
алақанының үстіне отырғызып сəл тұрды. Сөйтті де аспанға қарап «Əп!» -
деп лақтырып жіберді. Құс Асығатқа рақметін айтқандай, жаралы
қанаттарын əзер қағып үстінен бір айналып өтті де, ең соңғы күшін жинап
жоғары көтеріле берді. Арқан бойы жоғарылады да, бірдеме іздегендей
Асығат тұрған жерді, қанаттарын əзер-əзер қағып, тағы бір айналып өтті.
Сосын кенет «бұдан əрі күшім жоқ» дегендей, екі қанатын ашып алып,
құлаған тастай жерге қарай шүйілді.
Асығат лашын түскен жерге жүгіріп барды. Осынау қар басқан даладан


лашын сəл биіктеу бір төмпешікке келіп құлапты. Төмпешіктің құс құлаған
жері қарайып көрініп тұр. Үлкен бір томардың түбірі екен. Кеудесімен
түсіпті. Қан-қан болған кеудесін аударып, Асығат енді шыны тəрізді қатып
қалған құстың сарғылт көзіне тағы қарады. Ешбір қорыққандықтың, не
қиналғандықтың белгісі жоқ. Сөніп кеткен лашынның көзінен, ақынға құс
жаңа ғана көктен күткен сұрағына жанына жайлы жауабын тапқандай
көрінді.
«Бишара, ең ақырғы рет көк аспанын құшып өлгеніне риза болған екен!»
- деген ол құстың солай өлуді арман еткенін білмесе де, өз сөзіне өзі сеніп.
− Құс екеш құс та өлімнен қорықпады ғой,- деді ол дауыстан. − Көк
аспанын сүйіп өлді. Ал мен неге қорқамын! Мен де өз арманыма жетіп,
дастанымды бітіріп, əйелімді ауруынан жаздырып, баламды жеткізіп неге
өлмеймін? Сонда менің өмірім де əлі лашынның өліміндей құрметті
аяқталмай ма?
Ертеңіне ол емханаға барған. Қарт профессорға:
− Жоқ, мен операцияға жатпаймын,- деген. − Аз болса да əлі де өмір
сүргім келеді. Өмір шіркінді кім қиған.
Қарт профессор бұған ойлана қараған.
− Мейлің - деген аздан кейін. − Бірақ емдел. Мүмкін, көне ем, дəрі
шөптердің жəрдемі тиер.
Асығат өлгісі келмеген.
Сол себептен Тың өлкесіне үш айға жүріп кетті. Өз сырқатын əйелі мен
баласына айтпаған. Оларды қайғыртқысы жоқ.
Мұнда келгеннен кейін, қазақтың шөппен емдейтін бір қарт дəрігеріне
де жолыққан. Көңіліме медеу болсын деп оның берген дəрі-дəрмегін ішуге
де кірісті. Бірақ Асығаттың ауру жанынын негізгі емі өзінің дастаны болды.
Өлер адамның бой жазуы тəрізді, кенет оны бір шабыт биледі.
Аз уақытта Асығат дастанын бітіруге айналды. Бұл оған, жүріп келе
жатқан ұзақ жолының бітуге жақындағанындай күш, қуат берді.
Бұрынғысынан да шабыттана түсірді. Мұндайда Асығатқа оны күтіп тұрған
өлім де бəлендей қорқынышты көрінбеді. Сөйтсе де, əр күні еткен сайын,
дастанының əр жолы жақсы шыққан сайын өлімнің таяй түскенін ұмытты.
Дастанын бітіруге таяған сайын, өзінің бұл дүниедегі міндетін атқарып
өтер адамдай, көңілі бір түрлі орныққандай сезінді. Асығат мұндай күндері
күнделік дəптеріне:
Өмір, сенің қызығыңды көріп ем,
Бар отымды жүректегі беріп ем,


Суығына тоңсам-дағы шыдағам,
ЬІстығыңнан майдай балқып еріп ем.
Кезім болған күресіңнен жеңілген,
Көзім жассыз, көңілім жылап егілген.
Пендемін ғой мен де туған анадан,
Жаралғам жоқ тастан əлде темірден.
Төлейтін күн таяу қалған тəрізді
Өмір атты уақытша алған қарызды,
Бар сұрарым, ақтай, сірə, алдым ба
Адам деген ұлы борыш парызды, −
деп жазды. Осы кезде ол дастанын да бітірді. Тың өлкесінің егіс орағы
қызу жүріп жатқан кезінде Алматыға қайтты. Мұнда келгесін бар күші,
уақыты «Еркебұланымды қалай құтқарам» деген арманға ауды.
Бұл күнде Еркебұланның шешесі де осындай халде еді. Өзінің əлсін-
əлсін ұстай беретін ескі кеселіне қарамай, бар тілегі жалғыз баласынын
төңірегінде еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет