Илияс Есенберлин. Махаббат мейрамы



Pdf көрінісі
бет10/11
Дата25.11.2023
өлшемі0,72 Mb.
#127351
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
ОНЫНШЫ ТАРАУ
Бүгін, сырттан бірнеше белгілі мамандар шақырылған, институттың
техникалық кеңесі болған. Жұрт бөлім бастығының түсінігін тыңдап,
сызық-макетімен танысып болғаннан кейін, бірден пікір алысуға кіріскен.
Əрине, түсінік беру қарсаңында Еркебұлан өзінің жаңа социалистік қалаға
шығыстың көне архитектураларының үлгісін неге қолданғанын, бұл
үлгілердің құрылыс объектілерінің əр шаршы метр аланын пайдалануда
кейбір жаңа үлгілерден анағұрлым тиімді екенін тəптіштеп айтып берген.
Сонымен қатар көне үлгілерді сол ескі күйінде кіргізбей, социалистік
қалаға қойылатын жана тілектерді еске ала отырып, жаңа құрылыстардың
бүгінгі күнгі белгісі болып танылатын лоджия, тұтас балкон, үлкен терезе,
кен есік тəрізді жеке бөлшектердің құрылыс ансамблінің жаңа өрнегі
ретінде алынғанына да біраз тоқтаған.
− Лоджия, терезе, есік өз алдына жеке объектілер емес, бұлар солай
болуға тиісті бөлшектер ғой,- деген жұрттың көңілін құрылыстардың сырт
бейнесіне аударғысы келіп директор, Еркебұлан əлгі сөзді айтып тұрған
кезінде. − Ал жалпы көне архитектураны бүгінгі күннің тілегіне,
көзқарасына жақындату үшін оларға қандай өзгерістер кіргізілді, сол
арасын ашығырақ айтып берсеңіз.
− Не енгізілгенін ана макет-сызықтардан жаңа өздеріңіз көрген
жоқсыздар ма?- деді Еркебұлан сəл қабағын шытып.
− Сонда да?
− Сонда да дейсіз бе? Жарайды, «сондай-ақ» болсын. Мысалы, мəдениет
сарайын алайық. Бұл объектінің порталының сырт бейнесі Ұлықбек
медресесінің салауатты биік порталына ұқсағанмен, оңтүстік ыстығы еске
алынып, жəне сондай-ақ сарайдың жоғарғы фойесінің күндіз де жарық
болуын тілеп, міне оның порталының орта белі тұсынан кең, ұзын лоджия
сипаттас биік балкон ойылған. Қазақ өрнегімен əшекейленген бұл ұзын
лоджия-балкон бер жағынан тыныстама кезінде ауа жұтуға көрермендер
шығып тұру үшін, өрнекті темір тор істелген. Бұл темір тор шарбақ портал
өрнегі тəрізді болып жасалғандықтан, мəдениет сарайына ерекше көрік
беретінін өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Ал сол лоджия-балконның астында,
Ұлықбек медресесінің далиғап дарбазасының орнына, үш кең есік істелген.
Ортадағысы сəл үлкендеу, бұл жұрт кіретін негізгі есік, ал екі жағындағы
екі есік кішірек. Бұлар кісі көп болған күні ашылатын қосымша есіктер. Ал
бұлардың өрнектері лоджия-балкон мен порталдың жоғарғы жақтарын
əшекейлеп 
тұрған, 
лоджия-балконның 
төбесінен 
төмен 
қарай
салбыратылып істелген, қысқа шымылдық пен порталдың жоғары жағынан
көкке қарай көтерілген тістердің формаларына ұқсас. Сонда, есіктің
сыртындағы, үстіндегі лоджия-балконның жоғары жағынан төмен
салбыраған бейнелі қысқа шымылдық пен порталдың жоғарғы жағындағы


өрнектер - бəрі, бəрі бір əшекей, бір ансамбль болып келіп, порталға бүгінгі
күннің тілегіне сəйкес көрік береді емес пе? Сондай-ақ бұл мəдениет
сарайының үстіндегі күмбезде, шығыс сарайларының, не болмаса Axмет
Яссауи мешітінің күмбездеріндей құр күмбез емес, сарайдың жалпы
көріктілік жағын ойлаумен қатар, оның астындағы ең үлкен залдың дыбыс
жетістігі де еске алынған.
− Бұның бəрін жаңа ана макетте түсіндірдің ғой,- деді Еркебұланның
сөзін бөліп Жақан. − Түсінбеген адам соңынан сұрап түсіне жатар... Сен
одан да бізге мынау портал, анау күмбез, сосын біз көріп тұрған мына үш
қабырғамен қоршалған кілемнің қанша проценті пайдаға асады, соны айт!
− Егер сарайдың қабырғаларын санамасаң,- деді Еркебұлан жауап беріп,-
пайдаланылмай бос қалған бірде-бір текше метр көлем қалған жоқ.
− Міне, бұл миға қонатын іс!- деді Жақан.
Содан кейін талқылау басталды.
− Жолдастар,- деді қортынды алдында жұрттың аузына сөз салғалы
директор. − Дегенмен, болашақ социалистік қаланың сырт бейнесіне де
көңіл бөлген жөн болар. Əр заманның өзінің құрылыс ісінде, өзінің идеалы
болған. Бұл идея, əрине, негізінде өткен замандарда үстем таптың
идеологиясынан туған. Біз өзіміздің жаңа қаламызға орта ғасырлардың
үлгісін пайдаланғанда, сол үлгілерді тудырған идеологияның шеңберіне
түсіп кетпейміз бе? Сөйлейтін жолдастар осы жағына да көңіл белес екен.
Ең бірінші боп Қазақстанның қарт архитекторларының бірі, бұрын осы
жобалау институтының директоры болған шадыр мінезділеу, аласа бойлы
кісі сөйледі.
− Ең алдымен мен мына директор жолдастың қойған мəселесіне жауап
беріп кеткім келіп тұр. Директор жолдас архитектураны тудырған
заманның идеологиясына бас ұрған боп шықпаймыз ба деп отыр. Менімше
бұлай күмəндану - саяси сауатсыздық - деді ол шамырқанып. − Сөзім
түсінікті болу үшін мен бір оқиғаға тоқтап кеткім келеді. Осында отырған
жолдастардың бəрі де біледі, мен сонау Көктөбедегі «Қазақ ауылы» мен
«Неке сарайының» жобаларын жасаған сəулетшілердің бірімін. «Қазақ
ауылы» деп аталатын, сонау Көктөбенің басында тұрған ресторан темір мен
бетоннан тұрғызылған қазақтың атам заманғы киіз үйлерінің көшірмесі. Ал
«Неке сарайы» - қазақтың сақинасының бейнесі...
Киіз үй мен сақинаның формасын біздің пайдалануымыз заңды ма?
Əлде бұнымыз өткен заманның, яғни феодалдық заманның идеологиясына
еліктеу ме? Əрине, еліктеу емес. Менің айтайын дегенім осы еді,- деді қарт
архитектор, сөйдеді де, қатар отырған директор мен Қайназарға қарады. −
Көрдіңдер ме, ескі мұраның үлгісін бүгінгі күннің құрылысына
пайдалануда ешбір идеологиялық қатенің жоқтығын?Ал сақина үлгісіне


келсек...
Оның сөзін кенет Қайназар бөліп жіберді.
− Киіз үй, сақина көне заманнан келе жатқанымен, олар халықтың осы
күнге дейін пайдалануында жүрген дүниелері ғой. Олар - халықтың өлмес
мұрасы. Ондай өлмес қазына үлгісін пайдалану сөкет іс емес. Тіпті
пайдалануға міндеттіміз де,- деді ол сабырлы үнменен. − « Ал Ғаббас
Тілекович сөз етіп отырған мұралар, олар феодалдық дəуірдің идеологиясы
тудырған мұралар. Əр идеология өзінің таптық идеологиясының шоқпары.
Сондықтан жаңа заман, социалистік заман қалаларын бай, патша
сарайларының, мазарларының медресе, керуен сарайларының үлгісімен
емес, социалистік идеологияға тəн өзінің формасын табайық деген
директор жолдастың сөзінде ешбір саяси сөкеттік жоқ. Керісінше, Раббас
Тілекович өзінің саяси қырағылығын көрсетіп, бізді ескертіп отыр. Жобаны
тағы бір рет жан-жақты қарап шығуға уақыт бар. Бұны да еске алған жөн,-
деді де, Қайназар қарт архитекторға қарады. − Сөзіңізді бөліп жібергеніме
кешірім сұраймын,-деді кішіпейілдік көрсетіп,- жалғай беріңіз.
− Əрине, жаңа қалаға, социалистік қалаға, адам сүйсінер жаңа форма,
социалистік форма табылса, оған кім қарсы болар еді,- деді қарт сəулетші
бұл жолы шарт етпе мінезінен тез қайтып. − Бірақ ондай форма табылмай
тұр ғой. «Құс жеткен жеріне қонады» деген. Еркебұлан, сөз жоқ, дарынды
архитектор, оның мына жобасы жақсы! Мұнда ешбір идеологиялық қате
жоқ. Дарынды архитектордың бұдан басқа ұсынары болмаса, осы қалпында
қабылдау жөн.
− Бұл мəселе дарынды архитекторымыздың бұдан басқа ұсынар жобасы
болмай тұрғанында ғой,- деді Қайназар сылбыр, биязы сөйлеп. Бірақ оның
даусынан жұртқа «дарынды деген архитекторларыңның бұдан бөтен берері
жоқ болса қайтесіңдер» дегендей өкініш естілді.
Бұдан кейін де біраз адамдар сөйледі.
Олар жаңа ауданның мəдени-қоғамдық орталығының бұл жобасын
дұрыс, тиімді деп тапты. Бірақ «Қарға қырық қарқылдағанмен жаз
шықпайды, қаздың бір қаңқылдағаны жетеді» дегендей, орта дəрежедегі
көпшілік пен Жақан тəрізді маман инженерлер қанша қолдағанмен,
институт басшыларының - директор мен оның бірінші орынбасары
Қайназардың үзілді-кесілді талабының арқасында «Жаңа ауданның мəдени-
қоғамдық орталығының жалпы жоспарлануы орынды, тек сол аландағы
жеке объектілердің əсіресе мəдениет жəне Пионерлер сарайларының
сыртқы келбеті, феодалдық идеологиясы нəр берген орта ғасырдың
архитектурасына еліктеуден туған. Сондықтан жоба авторлары бұл
объектілерге жаңа социалистік қаланың маңызын, көркемдігін терең
ашатын халқымыздың бүгінгі тілегіне сай, сəйкес келетін, жаңа формасын
тапсын»,- деген қорытынды шығарды.


Мұндай шешім алу - жобаның саяси беті дұрыс емес, алаңдағы құрылыс
объектілерін қайтадан жасау керек деген сөз еді.
Əрине, мұндай шешім жамандықтан тез мұқалатын, жақсылықтан тез
тұтанатын ұшқыр мінезді Еркебұланға ауыр тиді. Оған, əсіресе өзінің бала
жастан бірге өскен, архитектураны түсінеді деген жан жолдасы
Қайназардың бұның ойын теріске жорып, бүгін-ертең пенсияға жіберіп қоя
ма деп көлеңкесінен қорқып отырған директорға еріп, əділетсіздікке жол
бергені қатты батты.
Бұл əділетсіздіктің түп тамыры сол жолдасында жатқан жоқ па екен
деген ой да жоқ еді. Жолдасының адал екеніне күмəнданбады. Оның бүгінгі
қылығын тек түсінбегендіктен, қателескендіктен деп ұғынды. Сондықтан
Еркебұлан Қайназармен бетпе-бет сөйлеспекші болды.
Мəжілістен кейін кабинетінде жалғыз отырған Қайназар, түсі
қуқылданып Еркебұлан кіріп келгенде, оның қандай жағдайда екенін
бірден түсінді. Еркебұланның сұрақтарына енді өзінің жауап беруге тиісті
екенін де ұқты. Ал Қайназар жауап бергісі келмеді. Қазіргі болғалы тұрған
талас əңгіменің бетін басқа жаққа бұруды дұрыс көрді. Сондықтан
кабинетіне кіріп келген Еркебұланға столының алдында тұрған жұмсақ
креслоны «отыр» дегендей қолымен нұсқады да, əй жоқ, шəй жоқ, бірден
балтамен ағашты шапқандай:
− Еркуша, мен саған айтамын деп ұмытып кетіппін,- деді, − Бийскіге
соңғы командировкаға барғанда Жұлдызды көрдім. Қарны шермиген, ал
қасында, сірə байы болуы керек, бір жігіт бар...
Еркебұлан басына таяқпен періп қалғандай етіп айтқан жолдасынын
сөзін саралай алмай қалды. Түсініп еді, жүрегі жарылардай болып
дүрсілдей жөнелді.
Еркебұлан үн-түнсіз шығып кетті. Өзінін Қайназардың кабинетіне неге
келгенін де есінен шығарып алған тəрізді. Ол əдеттегісіндей, жұмысы
біткеннен кейін бірден үйіне қайтпай, баяғы ақылынан адаса жаздаған
кезіндегісіндей, бұл түні де көшені кезіп ұзақ жүрді.
Бұл кезде Қырмызы өз бөлмесіне кіріп кеткен. Ұйықтап жатыр ма əлде
ояу ма - белгісіз. Əйтеуір, бөлмесі қараңғы. Ал Асығат коридордан естілген
əр тықырға елеңдеп жұмыс кабинетінде отырған. Еркебұланның келетін
уақыты əлдеқашан өткен. Баласының мұндай кешігуінен запы болған əке,
баласынын үйге қайтатын уақыты асып бара жатқаннан-ақ əбігерлене
қалған. Бір жақсысы Еркебұланның бүгін жобасын қорғайтын күні екенін
білетін. Оған өзі де бармақшы еді, Жазушылар одағына шетелден бір
қадірлі қонақтар келіп, содан шыға алмай қалған. Алғашқы кезде,
мəжілістері ұзаққа созылған шығар, əйтеуір, жобалары өтіп, соның
қуанышын жуғалы мүмкін кафе, ресторанның біреуіне кеткен болар деп
дəмеленіп ұзақ отырды. Еркебұланы келе қоймады. Институттың кезекші


күзетшісіне телефон соғып еді, «Кеңес əлдеқашан біткен, мұнда ешкім
жоқ»,- деп жауап берді. Енді амал жоқ, Қайназарға телефон соғуға тура
келген. Еркебұланы сотталған кездегі кездескенінде одан көңілі қайтып
қалды ма, көптен бері онымен сөйлеспейтін. Қайназар ұйықтап қалмады ма
екен деп, ол телефон соғарын да, соқпасын да білмей сəл кідірді. Амал жоқ,
соғуға тура келді. Еркебұлан қайда екенін бір адам білсе, осы Қайназар
біледі деп ойлады ол. «Күндіз кеңесте бірге болды ғой». Телефонның
тұтқасын Қайназардың өзі алды. Əлі жата қоймаған екен.
− Иə, тыңдап тұрған Қайназар,- деді ол.
− Сөйлеп тұрған Асығатпын,- деді ақын. − Еркебұлан жұмысынан əлі
келген жоқ. Бүгін институт кеңесі болады деп еді, болып па еді?
− Болған.
− Қай сағатта бітті?
− Жеті кезінде.
− Содан бері жоқ. Оның қайда екенін білмейсің бе?
− Білмеймін,- деді Қайназар. Даусы бұрынғыдай емес, тегеурінділеу
шықты. Бұрын Қайназар Асығатпен сөйлескенде атақты ақынның даңқын
құрметтейтін бе еді, əлде жолдасының əкесі деп ойлайтын ба еді, біркелкі
сыпайы, кішіпейілдік көрсетіп сөйлесетін. Ал бұл жолы терезесі тең
кісідей, үні жайбарақат, мығымдау шықты.
− Кеңестен кейін маған кіріп шыққан,- деді Қайназар сəл үндемей қалып
сөзін жалғап,- содан кейін керген жоқпын.
− Əйтеуір, кеңестерің дұрыс етіп пе еді?
Қайназар сəл кідіріп қалды.
− Дұрыс етті ғой,- деді ол аздан кейін міңгірлей. Асығат оның есінеп
тұрып сөйлегенін аңғарып қалды. − Жалпы жұмысын дұрыс деп таптық,
тек салынуға тиісті құрылыс объектілерінің идеологиялық тұрғысынан
қателік, келісімсіздігін айттық. Соны жөндеулерін талап еттік.
− «Идеологиялық тұрғысынан қателік» дейсің бе? Ол құрылыстағы
қандай идеология? Қандай қателік? − Асығат Қайназардың телефон
трубкасынан тағы есінегенін естіді. Кенет ашу қысып кетті. Бұл
Қайназардың өскенін білмейтін. Өзіменен оның былай есінеп тұрып
сөйлескеніне шамданып қалды. «Ең болмаса телефон тұтқасын қолымен
жауып тұрып есінемей ме» деп ойлады. − Жарайды, ұйқың келіп тұр екен,
ұйықтай ғой,-деді ол ренжіп қалғанын əзер басып. Сөйдеді де телефон
тұтқасын іле салды.


Осылай не істерін білмей əбден бітіп отырғанда, таң сыз бере үйге
Еркебұланы келді. Мас емес. Тек көп жүріп шаршағаны көрініп тұр.
Баласының аман келгеніне Асығат қуанып қалды.
− Қалқам, осы уақытқа дейін қайда жүрдің?- деді Асығат оның жүдеу
түріне аяй қарап.
− Көшеде, көке...
− Неге осыншама ұзақ жүрдің?
Еркебұлан. сəл күмілжіп қалды. Ол əкесіне кішкентайынан сырын
жасырмай айтып үйренген. Жігіт болса да, сол əдеті жеңді.
− Жұлдыз ерге шығыпты, көке...- деді Еркебұлан қиналып.
− Оны кім айтты?
− Қайназар.
− Ол қайдан біледі?
− Жақында Бийскіге барып қайтқан. Өз көзімен көріпті, қасында күйеуі
бар дейді, өзі екі қабат екен.
− Қасында күйеуі бар дейді? Сөйлесіп пе, қасындағысы Жұлдыздың
күйеуі екенін қайдан біліпті?
− Жұлдыз екі қабат болған соң жəне қасындағы жас жігітті қолтықтап
келе жатқан соң солай ойлаған тəрізді.
− Ə... солай де! − Асығат əнеугі сотта берген жауабынан кейін
Қайназарды «осы өзі қандай жігіт» деп одан көңіліне секем алған. Оның
сондағы «білмеймін» деген сөзіне сенбеген Асығат. Жұлдыздың өзімен
сөйлесіп, анығына жетпей, оның қасындағы жігітті күйеуі екен деп
жорамалдағанына тағы да нанғысы келмеді. Сол себептен де ол:
− Ол өзі Жұлдызбен неге сөйлеспепті?- деп сұрады.
− Онысын білмедім.
Асығат кенет ойлана қалды. Оның көңілінен Қайназардың «Жұлдыз екі
қабат екен» деген сөзі кетпеді.
− Жұлдыз расымен екі қабат па екен?- деді ол.
− Иə, солай дейді Қайназар. Өз көзімен көріпті.
− Онда рас болғаны ғой. − Бұл сөзді ол қинала айтты. Асығат тағы үн-


түнсіз ойланып тұрып қалды. Сосын барып, − қалқам, ұлы сөзде ұят жоқ
бірдеме сұрасам, шыныңды айтасың ба?- деді қысыла.
− Айтамын, сұраңыз.
Асығат сұрарын, сұрамасын білмей тағы дағдарып қалды. Дегенмен
аздан кейін өзін-өзі зорлай;
− Қалқам, Жұлдыз екеуіңнің қатынастарың болып па еді?- деді.
Еркебұлан қызарып кетті.
− Болған,- деді даусы əзер-əзер шығып.
− Онда сен ертең Бийскіге жүруің керек.
− Жүре алмаймын.
− Неге?
− Мен бүгін-ертең жобамыздың тағдырын шешуім керек. Шешпесем
жолдастарым алдында ұят.
Ол институтта болған оқиғаны əкесіне бастан-аяқ айтып берді де:
− Олардың біздің жобамызға таққан қарғыбауын үзбей, мен еш жаққа
кетуге тиісті емеспін!
− Қалай үзбексің?
− Госстройға барам. Үлкен кеңес шақыруларын талап етем. Не
жобаларды белгілі архитекторларға көрсетем. Қайткенде де шындығына
жетем. Шамам келгенше күресем. Көне архитектураның əдемі үлгілерін
пайдаланғанда тұрған еш қатенің жоқ екенін дəлелдеймін. Онсыз мен
жолдастарымның бетіне қарай алмаймын. Осылай етуге, қыруар жұмыс
істеген серіктерім алдында борыштымын.
− Күрескенің дұрыс,- деді əкесі, − өзіңді орынсыз айыптатып қойғызуға
болмайды. Бірақ екі қабат келіншегіңді де сонау ит өлген жерде қаңғытып
қоюға қақың жоқ. Оны алып келуің керек.
Еркебұланның көңілі жылып кетті. Жұлдыз менен екі қабат болуы
мүмкін-ау деген ұғым Еркебұланның ойына да кіріп шықпаған. Енді солай
болуының да ғажап емес екенін түсінді. Сөйтсе де:
− Жұлдыз менің келіншегім емес қой,- деді Еркебұлан айтатын сөз таба
алмай.
Еркебұлан мен Жұлдыздың ғашықтық аңызына əйелінен əбден қанық


жəне Жұлдыздың ұялғанынан қашып кеткенін білетін Асығат:
− Сенің келіншегін! Сенің!- деді.
Еркебұлан не дерін білмей:
Сонда қасындағы жігіт кім?- деп төмен қарады.
− Итім білген бе!- деді Асығат. − Оны барған соң көрерсің. Қыздардың
қасында жүрген адамдардың бəрін күйеуі екен деу дұрыс емес. Кім білген.
Жəне Қайназардың сөзіне сену де оңай дүние емес. Тек Жұлдыздың
Бийскіде болғаны шын болсын. Ол да шағын қала емес. Қызды іздеп табу
да оңайға түспес. Қайткенмен де барып іздемесе болмайды. Көшеде көргені
рас болса, əрине, Қайназар оның адресін білмейді. Өзіңе іздеуге тура
келеді.
Екеуі əрі-бері сөйлесіп, Еркебұлан мұндағы жұмысын бітіргеннен кейін
Бийскіге жүрмек болды. Қалай болғанда да Жұлдызбен бір жолығу керек
еді.
Осы кезде өз бөлмесінен Қырмызы шықты. Уколдан кейін қатты
ұйықтап қалған екен. Əйтеуір, Еркебұланның көп кешігіп келгенін білмеген
тəрізді...
− Немене, осыншама неге ерте тұрдыңдар?- деді ол күйеуі мен баласына
таңдана қарап.
Еркебұлан абақтыдан шығып, бұрынғы күйіне қайтадан түскеннен бері
Қырмызы да біркелкі жөнделіп қалған. Өткен кездегідей жылай беруін де
қойған. Тек əлсін-əлсін ұстай беретін көкжөтелі мен көзіне бір көрініп жоқ
болып кеткен Жұлдыздың қайғысы ғана жүдетіп жүрген.
− Біз əлі жатқан жоқпыз,- деді Асығат.
Əлсін-əлсін күйеуі мен баласының басына түсетін қиындықтан əбден
запы болып қалған Қырмызы жұлып алғандай:
− Неге?- деді үрейлене.
− Жай, əшейін. Ананы айтып, мынаны айтып, əңгімелесіп отырып
қалдық. − Сосын əйеліне қарады, − қалай ұйықтадың?
− Бүгін, құдайға шүкір.
Асығат енді Еркебұланға бұрылды.
− Күн əлі шыққан жоқ. Сен бірер сағат көзіңнің шырымын алдыр...
Бағанағыдай емес, көңілі сəл тынышталайын деген Еркебұлан басын


изеді.
− Сөйтсем сөйтейін...




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет