Илияс Есенберлин. Махаббат мейрамы



Pdf көрінісі
бет5/11
Дата25.11.2023
өлшемі0,72 Mb.
#127351
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
БЕСІНШІ ТАРАУ
Күн тымырсық тұманды еді. Сентябрь айының орта шені болып
қалғанменен, күн ыстығы əлі бəлендей қайта қоймаған. Жəне кеше қатты
жауын өтіп, жапырақтары сəл сарғая бастаған ағаш біткен, қайың, қарағай,
емен, қарағаштар қайтадан құлпырып, жаздағыдай жасарып, жасыл төгіп
тұрған.
Еркебұлан кең, салтанатты, сəнді Абай көшесімен жан-жағына күлімдей
қарап келе жатты. Бүгін ол кеш оянған-ды. Түнде сонау бір студент кезінде
қиялында туған «Ардагерлер үйінің» жалпы жоба-схемасын қайтадан
қарап, ұзақ отырып қалған. Бұл жолы, құр ғана қиялға берілмей өз
жобасына өзі сын көзімен үңіліп, көптеген кемшілігін көрген. Қандай
көркем сарай, салтанатты үй болмасын, ең алдымен оның тұрғызылатын
жері белгіленуі керек. Салынатын объектінің болмысы, жан-жағындағы
табиғат көріністерімен, ерекшеліктерімен əшекейлене, сұлулана түседі. Ол
құрылыстың тұратын жері жұрттың қарым-қатынас жағынан, соңғы
жылдары көбейіп кеткен автомобиль, трамвай, бөтен машиналардың у-
шуынан, тағы басқа сондай мазасыз жағдайлардан тыс тұруға тиісті.
Қысқасы, болашақ құрылыс қолайлы жерге салынуы керек.
Еркебұлан «Ардагерлер үйін» бас арықтың арғы бетіне, биіктеу тұсына
тұрғызсам деп ойлайтын. Болашақ жобасын да сол ойына сəйкес
жасамақшы еді. Бұл арада бос алаң мол, бау-бақша отырғызуға да
мүмкіншілік жеткілікті. Ауасы да таза. Қаладан сəл биіктеу жерде
тұрғандықтан «Ардагерлер үйі» өзге құрылыстардан еңсесі биік, көркін
аша түсетіні де сөзсіз. Ал бұл араға енді жаңа алаң жасалатын
болғандықтан амал жоқ, жаңа орын іздеуге кіріскен. Ең алдымен, көңіліне
қонатын осы жаңа орынды тапса, сонда ғана сол жердің көрінісімен
сəйкестендіріп, өзінің жұмысына кірісуді ойлаған.
Осындай шешімге келген Еркебұлан, он шақты күннен бері қаланы
кезуде еді. Қолайлы жер іздеп тіпті Алматының солтүстік, солтүстік-батыс
жақтарын да шолып өткен. Бұл жақтағы жерлер оның көңілінен шықпады.
Тұрған жері төмен, қандай сəнді-салтанатты сарай салсаң да, жан-
жағындағы биік үйлерден көрінбей қалатын болды. Бір ыңғайлы жер,
оңтүстік шығыс түс екен, бірақ ол арада қазақ моласы бар. Тағы бір
ыңғайлы жақ, сол қазақ моласы мен Көктөбенің арасы көрінді оған. Бірақ
бұл араның қырқа, тау етектері тым биіктеу болды. Бұл тұсқа салынған
сарайға, Көктөбедегі «Ауыл» ресторанына апаратындай аспанға тартылған
арқан жол арқылы көтерілу керек. Жастары келіп қалған ардагерлер
өздерінің сарайларына сөйтіп барып жүре ме? Еркебұланның бұл сарайды
салдырудағы ойы да сол ардагерлердің бас қосатын, көңілдерін көтеретін
жері болсын дегені еді ғой...
Осындай іздеудегі жас архитектор бүгін қаланың күнгей батыс жақ


тұсын бір қарап өтпек еді. Сондықтан да ол Абай көшесімен Ленин
атындағы политехникалық институт тұрған тұстан жоғары тауға қарай
көтерілмекші еді.
Міне, осындай оймен келе жатқан Еркебұлан, Абай көшесінің арғы
бетінде өзімен қатарласа аяңдаған қызға көзі түсті. Жоқ, көзімен емес,
жүрегімен көрді. Неге екенін білмейді, Еркебұлан, сонау қос бұрымы
балтырына дейін жетіп бұлаңдап кетіп бара жатқан қыпша бел, орта бойлы
осы бір қыз баланың түрін көрмесе де, оның ақ құба, бота көз, оймақ ауыз
сұлу екеніне шек келтірмеді. Қиялы қызды оған осылай елестетті. Көшенің
қыз жүріп келе жатқан бетіне қалай шығып үлгергенін Еркебұланның өзі де
білмей қалды. Енді ол сəл асыға жүрді. Ал қыз бұрылып кейін қарамаса да,
біреудің соңынан асыға қуып келе жатқанын білді. Бұ да жүрегімен білді.
Жəне оның жігіт екеніне де шек келтірмеді. Қыз болып көзге түсе
бастағаннан бері Жұлдыз (бұл Жұлдыз еді) өзіне жігіт біткеннің сұқтана
қарайтынын білетін жəне бұндай көзқарасқа етене боп бойы үйрене де
бастаған еді. Сөйтсе де бұл жолы жүрегі құрғыр əлденеге тыпыршып: «Бұл
қандай жігіт екен?»- деп, кейін бұрылып қарағысы да келіп кетті. Сонда да
өзінің сабырлы мінезіне салып, бұрылып қарамады. Қос бұрымын көрінбес
шынжырдай етіп мойнына орап, өзіне тартқан қыз магнитына қарсы тұра
алмай, Еркебұлан еріксіз асыға басып бұлаңдаған сұлуға қатарласа берді.
Сол уақытта ұзын мойнын аққу құстай сəндене бұрып қыз да қарады.
Еркебұлан өз қиялына өзі таң қалды. Қыз, қиялы тудырғандай, ақ құба, қыр
мұрын, бота көз, оймақ ауыз екен. Жоқ қиялы тудырған суреттен де сұлу
екен. Жаудыраған, қарақаттай қап-қара үлкен бота көзімен мөлдіреп
қарағанда, Еркебұланның ішіне біреу шоқ тастап жібергендей болды. Тұла
бойы кенет балқып кетті. Қыздың сонау ұзын кірпіктерінің əрбірі жүрегіне
найзадай қадалып, кенет демін əзер-əзер алды. Жүрісі еріксіз саябырлай
қалды.
− Осыншама ентігіп неге қатты жүрдіңіз, ағай? - деді қыз сəл езу тартып,
маржандай аппақ тістерін көрсетіп.
Жігіт бұрынды-соңды қыз көріп əзілдеспеген ұяң емес-ті. Қыз сөзін
бірден іліп əкетті.
− Осы арада бір аққу құс өтіп бара жатыр екен, соны көріп қалайын деп
асыққаным ғой...
Қыз наздана күлді.
− Мынандай керемет кезде айдын көлде емес, құрғақ жерде жүрген ол
қандай аққу құс екен?
Жігіт кідірмейді.
− Жоқ маған дүние осы бір минутта көгілдір толқынды, жағасын жасыл
орман көмкерген күміс көл тəрізді көрінді. Ал қос бұрымды, жанымда келе


жатқан, осынау бір ақ құба қыз сол күміс көлде көлбеңдей жүзген аққу
құсқа ұсап кетіпті.
Қыз тағы күлді.
− Күміс көл... Аққу құс... қандай əдемі сөздер... Сірə, сіз ақын боларсыз?
− Жоқ - деді жігіт, − мен архитектормын.
Қыз кенет жалт қарады. Бұл жолы оның көзінде қуанышты ұшқын пайда
болды.
− Ал мен политехника институтының архитектуралық факультетінің
студенткасымын,- деді. − Биыл түстім...
Еркебұлан мен Жұлдыз алғаш рет осылай танысқан.
Көне гректің əйгілі мүсіншісі Пигмалион ақ мəрмəрдан өзі жасаған
əйелдің керемет əдемі кішкентай мүсініне өмір бойы ғашық болып өтіпті.
Жаны жоқ, жүрегі жоқ тас мүсінге де соншама неге құмартты? Қандай күш
оны жансыз тас денеге ынтықтырды? Көне гректердің айтуынша
Пигмалионды ғашық еткен өзі жасаған əйел денесінің ғажайып көркемдігі
екен. Сұлулық əрқашанда адамның жүрегінде қуаныш тудырады. Ал
Жұлдыздың сұлулығы Еркебұланның кеудесін бір орасан сезімге бөлетті.
Ол сезім -махаббат қуанышы, махаббат мейрамы еді. Жігіттің осы отты
сезімі жанын балқытып жібергендей, Жұлдыз да Еркебұлан десе өзін-өзі
ұстап тұра алмады, бір күн көре алмаса, өлердей сағынып, Еркебұлан
келетін жаққа əлсін-əлсін қараумен болды. Ромео мен Джульеттадай екеуі
қоңыр салқын айлы түнде, сыр-жұмбаққа бөленген қалың бау-бақшаның
арасында кездесті.
Алтын ай емен түбінде құшақтаса қалған қыз бен жігітке қалың
бұтағының арасынан қарап тұрды.
Шіркін, алғашқы махаббат, алғашқы сүйісу, алғашқы қуаныш қандай
ыстық едің! Құшақтасқан қыз бен жігіт, дəл қазір жүректерінің жалынымен
бірін-бірі балқытып, күйдіріп, біржолата өртеп жіберердей еді...
− Ту, көзім қарауытып кетті ғой,- деді əлден уақытта қыз...
− Онда көзіңе жарық берейін.
Еркебұлан қыздың енді көзінен, бетінен, мойнынан аймалай сүйді.
Жігіттің құшағына бұрала кіріп кеткен Жұлдыз əлден уақытта тағы:
− Осылай тұрып, қуанышыма шыдай алмай өліп кетсем қайтер едің? -
деді.


− Сенен қалып мен өмір сүре алмас едім, мен де өлер едім,- деді жігіт.
Қыз еркелей күлді.
− Онда... біздің махаббатымыз да өледі ғой.
− Неге? Ол өлмейді. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу дүниеден өткелі қашан.
Бірақ махаббаттары əлі тірі емес пе?
Қыз кенет жүдей қалғандай болды.
− Əрине, тірі. Бірақ олардың махаббаты - өзінің жан ауыртар
қайғысымен тірі ғой.
− Ал біздің махаббатымыз өзінің мəңгі өлмес қуанышымен тірі болады!
Сол сəтте Еркебұланның есіне əкесінің жас кезінде жазған бір өлеңі
түсті.
Гүл көктемі əр бір түні, əр таңы:
Адам деген бұл ғұмырдың мейманы.
Дүниеде бақытты жоқ оған тең
Таусылмаса лəззат атты мейрамы,
Қайғы бұлты, маған енді төнбеші,
Төне қалса, жаным, оған көнбеші,
Махаббатым, құдіретті күнімсің,
Сөнбеші сен, сөнбеші сен, сөнбеші!
Еркебұлан да өзінің бүгінгі махаббатын, жанын өртеген Жұлдыздың
лəззат отын, осы бүкіл əлемге жарық беріп тұрған күнге теңеген. Оның
мəңгі сөнбесін тілеген.
Дəл осы мезетте ол дүниедегі ең бақытты адам еді. Жоқ, жалғыз ғана
Еркебұлан емес, Жұлдыз екеуі де шын бақытты жандар болатын.
Бұлардың махаббаты да Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббатындай
таза, ыстық, мəңгілік еді.
Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай бұл екеуі де шын ғашық еді, жан
қиярлық ғашық еді. Тек бұлардың махаббаты өзінің мəңгілік қуанышымен,
бұлтсыз ашық шаттығымен артық еді.
Еркебұлан мен Жұлдыздың махаббатына кедергі болар, оларды айырар


күш жоқ қой. Өйткен күнде, махаббаттары да өз бетімен маздана жана
беретін желсіз күндегі оттай, қобалжусыз, үрейленусіз қуаныш құшағында
өте бермей ме?
Жоқ, олай болмады.
Жел де тұрды, дауыл да соқты. Лаулап жанған махаббат жалыны сан
құбылды. Біресе жер бауырлай құлады. Біресе қайтадан лапылдады,
сөнбеймін деп жан таласты. Күтпеген сұрапыл мынадан басталды.
Жұлдызбен кездесіп мəз-мейрам боп келген Еркебұлан бір күні шешесі
Қырмызыға:
− Апа, мен сені бір қызбен таныстырайын деп едім,- деді.
Шешесінің жүзі құлпырып кетті.
− Таныстыр, қалқам,- деді ол, сөйдеді де баласына күлімдей қарады. −
Ол кім? Қалыңдығың ба?
− Иə, апа...
Құтты болсын, құлыным. − Шешесі де қуанып қалған. Сөйтсе де ол
қыздың кім екенін білгісі келіп кетті, − қалыңдығың қай жақтікі... Осы
Алматыныкі ме? Əке-шешесі бар ма? Аты кім?..
− Аты Жұлдыз... Əкесінің аты Қаражан. Əке-шешесі жоқ. Əкесі былтыр
қайтыс болыпты. Шешесінен тіпті жас кезінде айрылыпты... Өзі
институтқа биыл Новосибирск жағынан келіп түсіпті...
Шешесі əлденеге елең ете қалды.
− Əкесінің аты кім дедің?
− Қаражан...
− Новосибирск жағынан келіпті дейсің бе?
− Иə. Оны неге сұрадың?
− Жай, əшейін...
Сонау бір мүлдем ұмытылуға айналған оқиға кенет есіне түсіп кетті. −
«Қаражан... Новосибирск... Но, Қаражанды ұзын құлақ сол жаққа қашып
кетті деп еді ғой».
Қырмызы үндей алмай ұзақ отырды. Еркебұлан шешесінің қылығына
сəл таң қалса да:
− Əкелейін бе, апа, үйге? - деп қайтадан сұрады.


Кенет өткен күн қайғысы басып кеткен шешесі жауап берудің орнына:
− Қызың əдемі ме?- деп сұрады баласынан.
− Əдемі, əдемі! - деді баласы, сосын мақтанғандай, шешесінің қабырғада
ілулі тұрған үлкейтілген жас кезінде түсірілген фото суретіне қарады. −
Жаңа ғана байқадым ғой, тіпті өзіңе ұқсастығы бар ма, қалай...
Жұлдыздың пішінінде аздаған Еркебұланның шешесіне ұқсастығы
болатын, əсіресе көзі Қырмызының көзіндей бір түрлі мұңлы еді...
− Шақыр, құлыным,- деді сыбырлай сөйлеп. − Шақыр, тезірек шақыр.
Еркебұлан шешесінің құбылып отырғанына мəн берген жоқ, оның
«Тезірек шақыр»,-дегеніне іштей қуанып қалды. Қандай ана баласының
үйленем дегеніне мəз болмаған. Еркебұлан да шешесінің кенет мұндай
əбігерлене қалғанын соған жорыған.
Сазды жерге біткен жас талдай, жана құлпыра бастаған Жұлдызды
көргенде, Қырмызы өзінің жас өспірім шағымен кездескендей болды. Түрі
де ұқсас па, қалай, бойы да... Мінезі де өзінің жас кезіндегісіндей... ұяң
секілді. Тіпті күлген күлкісі де, жүріс-тұрысы да өзіне таныс тəрізденді.
Жоқ, дегенмен бұл өзі емес. Сонда бұл кімге ұқсаған? Япырмау, дəл осы
Жұлдыз тəрізді кімді көрді? Мұны кімге шырамытып отыр? Осы Базаргүл
қандай еді?.. Стол басына қатарласа жайласқан Еркебұланы мен Жұлдызға
шай құйып отырып, қызға көзінің астыменен ұрланып қараумен болды. Ана
жүрегі сезімтал жүрек қой. Қырмызы кенет өзінің өшкені жанып, өлгені
тірілгендей қуанышты сезінді. «Бұл қалай? - деді ол өзіне-өзі, жүрегім
жалғызымның теңін тапқанына қуанып отыр ма? Əлде... əлде... Көңілі
кенет бұлқан-талқан бола қалды. Сөйтсе де ол өн бойын билеп кеткен
толқынын басып, қыздан күпті ойына жауап берердей əлденелерді білмек
болды.
− Қалқам, əке-шешең қайда тұрады? - деді ол бірдемеден үміттенгендей.
− Əкем былтыр қайтыс болған. Новосибирск маңына Қазақстаннан
барған екен. Өлер алдында əкем шешемнің осы жақта қалғанын айтқан.
Кенет Қырмызы «Шешеңнің аты кім деп еді?»- деп сұрамақшы болды.
Бірақ жанындағы қызға шөлдей қараған баласына көзі түсіп кетіп,
сұрамады. Сұрай қалса, Жұлдыздан өз атын естуі мүмкін ғой. Қырмызы
қызға енді бөтен жақтан келмек болды.
− Қалқам, көктемдегі қызғалдақтай сүйкімді екенсің, əкеңе тартып
туғансың ба, əлде шешеңе ме?- деді өзін-өзі зорлай өзі тартып.
− Оны неге сұрадыңыз? - деді қыз кенет.
− Жай, əшейін... «Əкеге тартып ұл, шешеге тартып қыз тумас» дейді ғой


қазақ. Сенің түр-келбетіңе қарап, əкесі қандай көрікті кісі болды екен деп
ойлап едім...
− Олай ойласаңыз, қателесесіз,- деді қыз жымия езу тартып,- əкем
көрікті кісі емес еді. Ол маған шешеңе тартып туғансың дейтін үнемі... Сол
үшін де сені өте жақсы көремін дейтін ол кейде...
Бірақ қыз шешесінің атын тағы атаған жоқ. Қырмызы бұдан артық
ештеңе сұрамады. Тек ол енді əлсін-əлсін қыздың сол білегіне қарай берді.
Өзі қыз етпек боп, бауырына салған, бірақ ұрлатып алған кішкентай
сəбиінің білегінде мынау алтын баулы сағаты тағулы тұрған тұсында меңі
болатын. Содан бері бəлен жыл өтсе де, сол үшті-күйлі жоғалып кеткен
бөбегі де, оның білегіндегі меңі де есінен шықпаған. Қалай есінен шықсын,
осы күнге дейін со бір əп-əдемі нəресте көз алдынан бір кетпейтін... Тіпті
сол сəбидің күйігі бұның жүрегіне бітпес кесел боп жабысқан. Қазір міне
сондағы мең: есіне тағы түсті. Бір ретте «Қалқам, сағатыңды берші, бір
əдемі дүние екен?» - деп, сұрап алып, қыздың білегіне қарауды да ойлады.
Егер меңі болса онда əрине... Жоқ, жоқ оған батылы бармады. Бірақ бойын
билеп кеткен қайдағы жоқ қобалжу, өкіну, қуану тəрізді кенет бұған жабыса
қалған ойлардан басы қатты ауырып кетіп: «Шайды өздерің ішіңдер, менің
сақинам ұстай бастады-ау деймін, басым əкетіп барады»,- деп өз бөлмесіне
шығуға ыңғайланды. Əйтсе де қызға мұңлы жүзбен күле қарап:
− Қалқам, үйге келіп жүр,- деді, кетіп бара жатып.
Қыз бен жігіт үйден шығып, екі-үш кеше өтіп, Чайковский көшесіне
бұрылғанда ғана, əлденеге бір шаттанып, бір мұңайып келе жатқан Жұлдыз
кенет Еркебұланнан:
− Анаңның атын кім дедің? - деп сұрады.
− Қырмызы...
Əрине. Жұлдызын Қырмызының қызы деп сенген Қаражан, өлер
алдында да шешең деп Жұлдызға тек Қырмызының ғана атын атаған.
Жұлдыз кілт тоқтай қалды да, өзін-өзі зорлағандай аяғын сылбыр басып
қайтадан жүріп кетті. «Иə, иə, Қырмызы». Еркебұлан бағана үйге кіріп
шешесімен таныстырғанда, шешесінің атын айтқан. Бірақ сүйген жігітінің
анасымен кездесу үстінде көңілі толқып кеткен Жұлдыз, бұл атты шала
естіген. Ал қазір?.. Жоқ, жоқ Жұлдыз, əкесі қанша сыбырлай сөйлесе де,
«Қырмызы» деген атты бұл анық естіген. Жəне тұңғыш естіген анасының
атын жүрегіне мəңгі сақтап қалған. Бірақ бағана Еркебұлан қабырғада ілулі
тұрған Тың өлкесіне кеткен əкесінің суретін көрсеткенде: «Бұл менің əкем.
Əкем мен шешемнің мен тұңғышымын да, жалғызымын да, менен бөтен
бұлар бала көрген жоқ»,-деген. Сонда қалай болғаны? Жұлдыздың əкесі
Қаражан өлер алдында: «Сен Қырмызының жалғыз қызысың... Сенен кейін
ол бала тапса өзі біледі. Ал сені мен ұрлап əкеткенімде, оның ерге


шыққанына екі жылға таяп қалған»,- деген жоқ па еді? Ал Еркебұлан болса
менен екі жас үлкен. Жоқ, жоқ. Еркебұланның анасы менің анам емес. Аты
ұқсас болуы жай, кездейсоқ жайт. Аты, тіпті түрі де ұқсайтын дүниеде адам
аз ба?.. Лəйім солай болғай да...»
Емшегін еміп, кішкентайынан бауырында жатып қызығын көрмеген
анаға деген махаббаттан,. жанындай жақсы көріп қалған сүйген жігітіне
деген махаббаты Жұлдызды жеңді. Ол енді шын жүректен Қырмызының
бөтен əйел болып шығуын тіледі. Бірақ жүрегіне біздей қадалған бір
шаншу ой Жұлдызға: «Ол сенің анаң! Сенің анаң! Ал сенің анаң бола қалса
не істейсің?» - деп, мазасын əкетіп барады. Шешімін таба алмай, екі оттың
ортасында жаны алай-түлей боп күйген Жұлдыз үн-түнсіз келе жатып, əрі-
беріден кейін: «Ертең лекцияға ерте тұруым керек еді, бүгін тіпті
шаршадым»,- деп, Еркебұланмен жай, сыпайы қоштасып кетіп қалды.
Үнемі сүйісіп айрылатын Еркебұлан Жұлдыздың кенет жүдей қалғанына
таңдана кейін бұрылды.
Ол бұл минутта Жұлдыз бен шешесі Қырмызының қандай азап отына
өртене бастағанын білген жоқ еді. Бірақ бұның да шат көңілін кенет бір
белгісіз қайғы басқандай болды. Жоқ, қайғы емес, Еркебұлан өзіне бір
күтпеген қауіптің жақындап келе жатқанын сезінді. Сол сезім Еркебұланды
күні бұрын қобалжыта түсті.
Дауыл тұрмаса да, оның келе жатқанын сезетін қарлығаштай
Еркебұланның жүрегі əлсін-əлсін ойнақши берді.
Бұл тұста «Ардагерлер сарайының» бəйгесіне қатысушы жас
сəулетшілер қызу жұмыс үстінде еді. Көңіл күйі осы бір кезде көкке
жетердей боп шарықтаған Еркебұлан да өз жобасын үлкен шабыт үстінде
жасаған. Ол болашақ «Ардагерлер үйін» Алматының күнгей батыс
жағындағы тау етегіне орналастырған Еркебұлан қала негізінде осы күнгі
Алматының Батыс-теріскей жағына қарай жайылатынына шек келтірмеген.
Ал сарай салынатын жер қала үстінен биіктеу тұрған. Сондықтан төмендегі
Алматы тұрғындарына жоғарыдағы сарай салауатты, еңселі көрінуге тиісті.
Оның үстіне Еркебұлан Ленинградтағы Исаак соборы тəрізді бұл сарайдың
геометриялық болмысын таба білген. Жанынан қарасаң мығым, тақа биік
емес, бірақ геометриялық (əсіресе текшелік) формасын таба алған сайын
үлкейе, биіктене түсетін. Сарайдың тұратын жерінің ерекшелігін
архитектор дұрыс пайдалана білген. Жəне геометриялық (əсіресе текшелік)
формасын таба алғандықтан, жобаның өзінде-ақ сарай ғажайып боп
көрінген. Жан-жағын жасыл орман қоршаған. Ал сол жасыл орман əлемінің
ортасымен аппақ мəрмəр баспалдақтар сарай тұрған қырқаның үстіне
шығарады. Баспалдақтың біткен жеріндегі алаңда ақ боз үй тəрізденіп,
керемет сұлу сарай тұр. Тағы бір ғажабы алыстан киіз үй сияқты боп
көрінген, ал шынында сарай трапеция формасымен салынбақшы еді. Ұзын
жағы тауға, күнгей-шығысқа қараған, қысқа жағы тікелей батыс-терістікке


қарсы келген. Трапецияның бір бүйірі - күнгей-батыска, екінші бүйірі -
теріскей тұсқа дəлденген. Осылай етіп орнатылған сарайдың, яғни күнгей-
батыс, батыс-теріскей жəне теріскей тұстары бірімен-бірі сынық сызық
болып жалғасқанмен, алыстан алдыңғы жəне бұрыш жақтарынан кигіз үй
тəрізденіп дөңгеленіп көрінетін. Жəне төбесі де Ленин атындағы сарайдай
пагода тəрізді қалпақты етіліп көмкерілмей, орта тұсына үлкен күмбез
орнатылып, ал сол күмбезді орай трапецияның төбесін ақ түсті əшекейлі
темір тормен қоршаған. Күмбез бен темір шарбақтың арасы кең алаң. Бұл
жер - сарайға келген адамдардың бүкіл қаланың үстінен қарайтын,
серуендейтін, дем алатын орны. Ал осылай тұрғызылған сарайдың іш
жағына келсек, бос қалған бір де бір текше метр қуыс жоқ, барлық жер
тегіс пайдаланылған. Тіпті күмбездің іші де бильярд ойнайтын бөлмеге
айналдырылған. Сарайда концерт тыңдайтын, спектакль қоятын, кино
көрсететін залдардан басқа кең фойе бар, ресторан, түрлі кавинеттер,
аудиториялар бар. Бəрі келісімді, бəрі дұрыс есептелген. Терезелері қоршай
орнатылғандықтан (тіпті тауға қараған жағында да қат-қабат терезелер),
күннің шығуы мен батуына дейін іші үнемі жап-жарық болып тұрады.
Көптігіне қарамай, бөлме біткеннің бəрі биік, кең жəне Еркебұланның өзіне
ғана аян əдіспен залдардың құр сəнді-салтанатты болуы ғана емес,
сахнадағы əрбір сыбыр залдың ең артқы бұрышына дейін жақсы естілетін
етіп жобаланған.
Қысқасы, Еркебұланның бұл жобасы кімнің болса да көңіліне қонатын,
кімді болса риза ететін, қуантатын жоба еді. Тек жұмсалатын заттар қандай
болуы керек деген сұраққа жауап беру қалған. Егер жобасы қабылданса, ар
жағында сарайдың жалпы техникалық есеп-қисабы, кейбір бөлшектердің
жеке сызу-сызығы, шығатын қаражаттың, жұмсалатын заттардың бағасы,
құны тəрізді нақтылы жұмыстарын қағазға түсірулері керек. Жүлде алған
жобаның бұндай бар жұмыстарын уəде бойынша конкурсқа қатынасқан
жас сəулетшілер өздері істеуге тиісті.
Еркебұлан Жұлдызды шығарып салып, тағы да жобасының ондай-
мұндайын қарамақ боп үйіне келді.
Күн батып қалған кез еді. Чайковский көшесінен бұрылған шақта-ақ
өзінің бөлмесінің шамы жанып тұрғанын көрді. «Көкем келіп қалды ма
екен, əлде апам тұрып менің бөлмемнен бірдемесін іздеп жүр ме?» - деп,
Еркебұлан енді асыға жүрді. Жайшылықта бұның бөлмесіне ешкім де
кірмейтін. Əлдеқалай, əкесі не шешесі кірсе, онда да асқа шақыруға, не
бірдеме сұрауға ғана кіретін. Жалпы Еркебұлан өз бөлмесін өзі қарайтын.
Бөлмесіндегі киім-кешегін, төсек-орнын, сызу-жазу столдарын, кітап-
қағаздарын жинақы ұстау,- бəрі өз міндеті еді. Тіпті бөлмесін өзі
сыпыратын, өзі тазалайтын. Ол бұл жұмыстарға жастайынан-ақ үйренген.
Сыртқы есікті өз кілтімен ашып, аяқ киімін коридорға тастады да,
жұмсақ тапочкасын киіп, шешесінің бөлмесіне кірді. Анасы əлі диван


үстінде жатыр екен.
− Апа, басын қатты ауыра ма?- деді Еркебұлан шешесіне таяп. − Дəрі
ішесің бе?
− Жоқ, қалқам. Қазір басылайын деді. Өз бөлмеңе бар. Сені Қайназар
күтіп отыр.
Қырмызы Қайназарды баласының жан жолдасы деп өзге жолдастарынан
жақсы көретін. Жəне жақын санайтын. Сол себептен де Қайназар қай
уақытта келсе де, Еркебұланның бөлмесіне кіргізе беретін. Баласының өзі
жолдасына өйтпейтін. «Бұл жолы да апам сол əдетіне салған екен»,- деп
ойлады Еркебұлан ішінен. Қайназардың келгеніне Еркебұлан да қуанып
қалды. Іске кіріскелі, жұмыста болмаса бұл екеуі тақа жиі кездесе
қоймайтын. Əркім өз жобасымен əуре болып, тіпті бірге кино, театрға
баруға да уақыттары жетпейтін. Оның үстіне Қайназардың Еркебұланға
келгіштей бергісі келмейтін де себебі жоқ емес-ті. Ерте үйленді демесең, бұ
да жас қой, бұның да лəззат күтіп мазасызданған көңілі бар ғой, сондықтан
бұл да Жұлдыз деген гүлді бір көргеннен ұнатып қалған. Əйелі, баласы
болғандықтан, бұның жақсы көруі басқаша еді. Құмарлық та адамды отқа
сала білген. Əйткенмен қыз жүрегі жан жолдасына мүлдем ауып кеткенін
түсініп, өз сезімін өзі басуға тырысқан. Жоқ, лəззат атты сезім асау ат
тəрізді, оны оңай ауыздықтай алмайсың. Қайназар да қызға деген көңілін
мүлдем баса алмаған, бірақ Жұлдызға құмарту бұл арада буынсыз жерге
пышақ салу екенін түсініп, өзіне-өзі тоқтау айтқан. Берік қынабы болмаса
құмарлық та өткір қанжар тəрізді, абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсері
даусыз. Сол себептен де Қайназар Жұлдызды неғұрлым көрмесем,
соғұрлым жүрек оты тез басылар деп ойлаған. Əрине, Жұлдызды көрмеу
деген сөз - Еркебұланды көрмеу деген сөз. Ал Еркебұлан мен Жұлдыздың
кездеспейтін, бірге серуендемейтін кеші жоқ. Соңғы кезде жолдасын
Қайназардың жиі кездестірмейтін бір себебі - осында еді. Əрине, Жұлдыз
Қайназардың өзіне деген ыстық сезімін аздап аңғарғанмен де, Еркебұлан
бұдан бейхабар болатын. Көптен бері көрмеген жолдасын ол шын сағынып
қалған екен, стол үстінде, еденде жайылып жатқан өзінің сызық-жобаларын
қарап тұрған Қайназарды еркелей келіп, арт жағынан құшақтай алды.
Анау селк етті.
− Ту, шошып кеттім ғой.
Еркебұлан оны сол құшақтаған қалпында екі-үш шыр көбелек
айналдырды да, жерге қойды.
− Тіпті көрінбей кеттің ғой,- деді Еркебұлан.
− Дала! - деді Қайназар мұңая сөйлеп. Ерні күлгендей болғанмен, көзі
күлмеді.


− Өзің бір түрлі солғынсың ғой, бір жерін ауырып жүр ме? - деді
Еркебұлан жолдасының жүзіне үңіле қарап.
− Ауырып жүргенім рас...
− Қай жерің ауырады?
− Жүрегім...
− Жүрегім! - Еркебұлан күлді. − Онда түсініксіз. «Ғашықтық деген
қасірет. Ақылыңды билеп əкетер: Арылар сенен со бір дерт. Сүйсе сені о да
егер»,- деді Еркебұлан бір нашарлау ақынның өлеңін тақпақтап. − Саған да
əлгі ақын айтқандай, жүрегін ауырып жүрсе, ол ғашықтықтың қасіреті дер
едім, бірақ сенің жаныңдай сүйген жарың бар ғой...
Қайназар қолын бір-ақ сілтеді.
− Қайдағы бізге ғашықтық? Қотыр тайлаққа кілем жабу жараспайды.
Одан да мына сенің жобаң жайында сөйлесейік.
«Мейлің!» дегендей Еркебұлан əлденені ойлап, сəл үндемей отырды.
Сосын барып баяу қозғалып, өзінің қағаздарына қарады.
− Иə, қалай екен?
− Жақсы ғой,- деді Қайназар,- əдеттегідей, тағы бізді жерге отырғызып
кететін түрің бар. Жалпы сен жүрген жерде бізге қиын-ақ...
Еркебұлан жолдасына таңдана қарады. Қайназардың сөзі оған «сен
барда, біздің жеріміз тар» дегендей боп естілді. Бұрын жолдасы мұндай сөз
айтпайтын. Ал бұл жолы...
− Неге олай дейсің? - деді Еркебұлан сəл қабағын шытып. − Əлде мен
біреуіңнің жолында тұрдым ба, не қиянат істедім бе? Конкурсқа бəріміз де
қатыспақ болдық. Мен де қатынаспақпын. Əлі жұмыс біткеннің бəрін
көрген жоқпыз ғой. Менікінен артықтары да аз емес шығар. Мүмкін сенің
жобаң асып түсер. Күні бұрын неге ренжи қалдың?
Қайназар абайсызда аузынан шығып кеткен сөздің жолдасына шын қиын
тигенін енді ұқты. Жұлдызға қолы жетпейтінін білетін Қайназар,
жолдасының қағаздағы «Ардагерлер сарайының» жобасын көргенде,
Еркебұланның тағы бұдан асып түскенін түсінген. Өзінің жолдасынан əр
салада-ақ кем жатқаны жанына батып кеткен. «Шіркін-ай, осындай ой
маған неге келмеді?»- деген ол өзіне-өзі ренжіп. Сонда не бұл?
Творчестволық қызғаншақтық па? Əлде Еркебұландікіндей дарынының
жоқтығының өкініші ме? Не жолдасының өзінен артықтығын түсінуден
туған қынжылуы ма? Мұндай сезімдер əркімдерде-ақ тууы мүмкін. Əсіресе
творчество адамдарында. Тек осы бір өзіңнің дарыныңның төмендігін
сезіну күншілдікке айналмасын де. Егер сондай сезінуден жаман ой туар


болса, 
ол, 
əрине, 
жақсылыққа 
апармайды. 
Ал 
творчестволық
қызғаншақтық, егер адам шын дарын иесі болса, оны осы бір
қызғаншақтық тудырған дүниедей дүние жасауға сілтейді. Адам сол
творчестволық қызғаншақтық отына күйеді, бірақ қызығына батады; алға
ұмтылады, жанын жай тапқызатындай туынды беруге барын салады.
Қайназар əлгі сөздің қалай аузынан шығып кеткенін өзі де байқамай
қалды. Егер жүрегінің түбінде күншілдік не қызғаншақтық деген жылан
бұйығып жатып, əлгі əзірде басын көтерген болса, онда тезірек одан
құтылуы керек. Ал құтылмаса, ол жылан күннен-күнге үлкейе келіп бір
күні болмаса бір күні өзін шағады. «Күншілдіктің күні тар» деп қазақ бекер
айтпаса керек.
Қайназар енді өз сөзінен өзі тезірек ақталғысы келді.
− Қойшы, қайдағы жоқты айтпай,- деді ол. − Сен жүрген жерде бізге
қиын десем, сенің дарыныңның артықтығын айтқаным. Расында да,
сенімен бəсекеге түсіп жүрген біз ақымақпыз. Ешкімде де сенікінен артық
жоба жоқ. Бірінші жүлдені алдым дей бер! − Сосын кенет ол орнынан
түрегелді, − Жə, жобаң туралы соңынан сөйлесерміз. Ал қазір жүр, кафеге
барайық, бір жағынан сенің мына сəтті жобаңды күні бұрын жуайық,
екінші жағынан... − Ол сəл тоқтап қалды да, қайтадан сөйледі. − Бүгін мен
сондай көңілсізбін... бірер рюмка шарап ішіп, көңіл көтерейік.
Ертеңіне Еркебұлан жұмысқа кеткен кезде, бұлардың үйіне Жұлдыз
келді. Бір түннің ішінде кірпігі кіртиіп, өңі солып қалған. Түнімен
ұйықтамағаны көрініп тұр. Үйде Қырмызы жалғыз еді. Бұ да түнімен көз
іліндірмей шыққан. Үйінің ондай-мұндай заттарын жинап, қазір тағы ойға
беріліп, босағада сүйеніп тұрған. «Егер Жұлдыз менің сондағы сəбиім
болса, кеше қалай сезбеді? Сезуі керек еді ғой?» Дəл осы сəтте есік
қоңырауы шылдырлай жөнелді. Ана жүрегі бұлжытпай Таныды. «Сол!
Сол!» Келген Жұлдыз екеніне сенгені соншалық, жайшылықтағы
«Кімсің?» дейтін сұрақты да ұмытып кетті. Қолы дірілдеп кеткен Қырмызы
тиекті босатып сəл шегініп:
− Кіріңіз,- деді.
Есік ашылды. Жарық дəлізде, табалдырықты аттай алмай Жұлдыз тұр.
Екеуі бір-біріне қарап қалған. Қырмызы енді түсінді. «Япырмай, айнымаған
Базаргүл ғой. Тек қас-қабағы ғана поезд басып кеткен əкесіне ұқсаған!»
Қырмызының кенет буыны босап кетті. Бұдан əрі ол шыдай алмады.
− Айналайын-ай, бар екенсің ғой!- деп құшағын жайып, аңырай қарсы
жүрді.
Көзінен жасы моншақтаған Жұлдыз тек:
− Мама!- деп қана үлгірді.


Осыдан он сегіз жыл бұрын айрылған Қырмызы мен Жұлдыз енді ағыл-
тегіл жылап құшақтасып, аймалап сүйісті.
Əйтсе де, тіпті күдіксіз болайын деді ме, Қырмызы қызының бүгін
сағатсыз білегіне қарап өзіне аян екі тиындықтың көлеміндей меңді көрді.
Енді бұрынғыдан бетер оның көзінен жасы ытқып-ытқып кетті. Мəз-
мейрам боп бой жетіп қалған Жұлдызды сол кездегі жас бөбегіндей
баурына басты. Əлсін-əлсін қысты. Мейірі қанғанша сүйді. Əттең, не керек,
Жұлдыздың өзінің қызы емес екеніне жəне Еркебұланды өзі таппағанын
осы қуаныштың үстінде ол айта алмады. Соңынан айтпақ болды. Əсіресе
кішкентайынан бауырына басқан жалғыз ұлын «Менің балам емес»,- деуге
аузы бармады. Асығатын да, өзін де, Еркебұланын да аяды. Шынында да
Еркебұланды «Менің балам емес»,- деу оның ойына дəл қазір кірген де жоқ
еді. Бірақ Қырмызының бір рет «Сенің қайғыңнан мені құлыным
Еркебұланым ғана арылтты»,- деген сөзіне қарап, Жұлдыз енді Еркебұланы
өзінің ағасы екеніне шек келтірмеді. Жəне осы бір қуанышты болса да
қайғылы, қайғылы болса да қуанышты кезінде ештеңені анықтауды
ойламады. Бəрі де өзінен-өзі түсінікті секілді боп көрінді оған. Көңілі кенет
бұлқан-талқан бола қалған Жұлдыз бұдан əрі тұра алмады, жүрегін бір ұят
өртеп бара жатқандай, екі бетін басып үйден асыға шығып кетті.
Əттең, не керек, екеуі бұдан əрі əңгімелесіп барлық шындықты
түсініспеді. Ал ол түсініспеген күңгірт жағдай бұларды бұдан да ауыр
күйге апарып соқтырарын екеуі де білмеді.
Ал туған анасын тапқан қуанышы, сонымен қатар жүрегін күйдірген
махаббатының өкініші, ұяты, азабы Жұлдыздың жанын қоярға жер
тапқыздырмай, түні бойы көзі ілінбей шықты. Ертеңіне түс кезінде жүгін
көтеріп вокзалға келді. Поезы жүргелі тұрғанында, ол автоматтан
Еркебұланның үйіне телефон соқты.
Телефон трубкасын Қырмызы алды.
− Мама, бұл сізсіз бе?- деді Жұлдыз.
Қырмызы Жұлдыздың даусын бірден таныды. Жəне «Мама» деген сөзі
жүрегін жылытып жіберді.
− Иə, қалқам, менмін ғой.
− Мама, кешіріңіз, бірақ менің сөзімді мықтап тыңдап алыңыз,- деді ол
əзер-əзер сөйлеп даусы жасқа булыға. − Мама, мен тапқан қуанышымды
қайта жоғалттым. Еркебұлан екеуміз қосылмақшы едік. Енді міне қара бет
болып, өз күнəмнан өзім арылғалы алыс жаққа кетіп барамын. Көп
кешікпей жүремін, − кенет ол солқылдап жылап қоя берді. − Қош! Қош!
Қош болыңыздар! − Сөйтті де телефон трубкасын іле салды.
«Тық, тық» ұрған телефон трубкасына «Жұлдызым! Жұлдызым! Тұра


тұршы. Тыңдашы!» деп, шешесі қызымен сөйлеспек боп абыржи қалды да,
оның телефон трубкасын іліп тастағанын біліп, өкпесі аузына тығыла
алқына, дереу такси шақырды. Бір сұмдыққа ұшырағанын жүрегі сезді.
Таксимен дереу ең алдыменен Екінші Алматыға, сосын Бірінші Алматыға
барды. Еш жерден Жұлдызды таба алмады. Осы бір сағаттың ішінде
Жұлдыздың батысқа, шығысқа, оңтүстікке, солтүстікке жүрген төрт
поездың қайсысына мініп кеткенін біле алмай, екі сағаттан кейін дел-сал
боп үйіне қайтты.
Біреуге бірдеме деуге аузы бармай, диванға сылқ құлады, өкіріп жылап
қоя берді.
Сол күні Жұлдыздың жатақханасына барған Еркебұлан да сүйген қызын
таба алмады. Тек дел-сал боп үйіне қайтып келе жатқанында оған кездескен
Жұлдызбен бірге жататын бір орыс қызынан өзі туғалы ең алғашқы суық
хабарды естіді.
− Она уехала насовсем из Алма-Аты с другом, которого раньше любила,-
деді қыз. − Он только вчера вернулся из армии.
− Куда уехала?! - деді суық хабарға əлі де жете түсінбей Еркебұлан.
− Не знаю,- деді қыз.
Қыздың Жұлдыздың бұған айт деген сөзін қайталап тұрғанын Еркебұлан
білген жоқ. Екі иінінен су кетіп, кенет соқыр болған адамдай жарық дүние
көзіне көрінбей, ол үйіне қайтты. Сол күннен бастап Еркебұлан іше
бастады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет