Құқықтық актілер туралы


-1-бап. Міндетті талаптарды сақтау рәсімдері туралы хабар беру



бет8/8
Дата06.03.2023
өлшемі67,96 Kb.
#71953
1   2   3   4   5   6   7   8
62-1-бап. Міндетті талаптарды сақтау рәсімдері туралы хабар беру

1. Мемлекеттік саясатты жүргізетін, белгілі бір салада (қызмет аясында) реттеуді және басқаруды жүзеге асыратын немесе құзыретіне тиісті мәселелерді шешу жатқызылған мемлекеттік органдар не өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіктерге сәйкес міндетті талаптарды сақтауға міндетті тұлғалардың кең ауқымына міндетті талаптарды сақтау рәсімі, бақылау мен қадағалау субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының өкілеттіктері, міндетті талаптарды тиісінше сақтаудың өзге де мәселелері туралы хабар беруді қамтамасыз етеді.


2. Бақылау мен қадағалау субъектілеріне хабар беру міндетті талаптарды сақтау жөніндегі басшылықтарды шығару арқылы да жүзеге асырылады.


Міндетті талаптарды сақтау жөніндегі басшылыққа міндетті талаптарды сақтау тәсілдеріне қатысты түсінік беру, міндетті талаптарды сақтау үлгілері, бақылау мен қадағалау субъектілерінің міндетті талаптарды сақтауды қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауы жөніндегі ұсынымдар енгізіледі.


Көрсетілген басшылықта жаңа міндетті талаптар қамтылмайды.


3. Міндетті талаптарды сақтау жөніндегі басшылықты тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітеді және ол мемлекеттік органның интернет-ресурсында, сондай-ақ құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде жалпыға қолжетімді режимде жарияланады.


4. Бақылау мен қадағалау субъектілері міндетті талаптарды сақтау жөніндегі басшылықты ерікті негізде қолданады және ол ұсынымдық сипатта болады.


5. Бақылау мен қадағалау субъектілерінің және (немесе) олардың жұмыскерлерінің міндетті талаптарды сақтау жөніндегі басшылыққа сәйкес жүзеге асырылатын қызметі міндетті талаптарды бұзу ретінде саралана алмайды.


Ескерту. 13-тарау 62-1-баппен толықтырылды – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

14-тарау. ЖЕКЕ-ДАРА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР


63-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер туралы жалпы ережелер

Ескерту. 63-бап алып тасталды - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

64-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерге және оларды ресімдеуге қойылатын талаптар

1. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт мынадай талаптарға сай болуға:


1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамаға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуге;


2) оның құрылымы реттеу нысанасының толық ашылуын қамтамасыз етуге тиіс, ал мазмұны біркелкі түсіну мен қолдануды қамтамасыз етуге, белгіленетін шаралардың мазмұнын нақты баяндауға, оларды белгіленген мерзімдерде іске асыру үшін жауапты болатын тұлғалар тобын тиянақты айқындауға тиіс.


2. Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиіс.


2-1. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.


3. Әртүрлі деңгейдегі уәкілетті органдар қабылдаған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер бір-біріне қайшы келген кезде, егер мұндай актіні қабылдау өз құзыретіне кірген болса, жоғары тұрған уәкілетті органның құқықтық актісі қолданылады.


4. Бір деңгейдегі уәкілетті органдар қабылдаған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер бір-біріне қайшы келген кезде осы шешімді қабылдау өз құзыретіне кіретін органның құқықтық актісі қолданылады. Мүдделі тұлғаның өтініші бойынша бір құқықтық актінің басқалардан басымдығы туралы шешімді жоғары тұрған уәкілетті орган немесе сот қабылдайды.


5. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт осы баптың 1-тармағында көзделген талаптармен бірге мынадай деректемелерді де:


1) құқықтық актінің атауын;


2) осы актінің қарау нысанасын білдіретін тақырыпты;


3) актінің қабылданған жері мен күнін;


4) тиісті актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) қолтаңбасын (қолтаңбаларын);


5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, органның мөрін қамтуға тиіс.


Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерді қабылдау рәсімдері, оларды ресімдеуді, орындауды және олардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.


Ескерту. 64-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

65-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілердің күшіне енуі және қолданылуын тоқтатуы



1. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт, егер онда неғұрлым кешірек мерзім белгіленбеген болса, қабылданған кезден бастап күшіне енеді.


2. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды осы құқықтық акт өздеріне арналған тұлғалар орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.


3. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актінің қолданылуы тоқтатылғанға дейін осы құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті орган, одан жоғары тұрған мемлекеттік орган не сот оны тоқтата тұра алады, өзгерте алады және (немесе) толықтыра алады не оның күшін жоя алады.


4. Алып тасталды - ҚР 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Ескерту. 65-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР


66-бап. Өтпелі ережелер

Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын:


1) 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін қалыптастыруды электрондық-цифрлық нысанда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурстан қамтамасыз етеді;


2) 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданған қалыптастырылған нормативтік құқықтық актілерді баспа нысанындағы нормативтік құқықтық актілермен электрондық-цифрлық нысанда сәйкес келтіруді 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін қамтамасыз етеді.

67-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


2. 37-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі, 38-баптың 3-тармағы және 39-баптың 3-тармағы 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.


3. "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 2-3, 25-құжат; 2001 ж., № 20, 258-құжат; 2002 ж., № 5, 50-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; № 13, 74-құжат; 2005 ж., № 17-18, 73-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 12, 86-құжат; № 13, 100-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 13-14, 55-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; № 22, 94-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 21-I, 121-құжат; № 22-І, 141-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат) күші жойылды деп танылсын.



Қазақстан Республикасының

Президенті




Н. Назарбаев








© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет