73-бап. Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту
1. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін. Бұл ретте адам, өмір бойына тағайындалған жазаларды қоспағанда, жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
2. Сотталған адам онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн – жаза мерзiмiнiң кемінде төрттен бірін, ауыр қылмысы үшiн жаза мерзiмiнiң үштен бірін іс жүзінде өтегеннен кейiн жазаның өтелмеген бөлiгi неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адамның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасау жағдайын қоспағанда, осындай қылмыс, адамдардың қаза табуына алып келген не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс үшін сотталған адамдарға қатысты жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру қолданылмайды.
Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға жазаның өтелмеген бөлігі Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жібере отырып немесе онсыз, айыппұлға ғана ауыстырылуы мүмкін.
2-1. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші жойылған жағдайда, осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер жазаның қалған өтелмеген бөлігі негізге алынып, ал осы Кодекстің 72-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген тәртіппен үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалған кезде түпкілікті тағайындалған жаза негізге алынып есептеледі.
3. Жазаның өтелмеген бөлiгiн ауыстыру кезiнде сот бас бостандығынан айырудың төрт күніне бір айлық есептік көрсеткіш есебiмен айыппұлды не бас бостандығынан айырудың бiр күнiне бас бостандығын шектеудің бiр күнi есебiмен бас бостандығын шектеуді таңдауы мүмкiн. Айыппұлға ауыстырудың шарты қылмыспен келтірілген залалды толық өтеу болып табылады.
4. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр қылмыстар немесе аса ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, егер ол жазаны өтеу кезеңінде қылмыстық топ жасаған қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал еткен не процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, сот қалған өтелмеген жазасының жартысынан аспайтын бөлігін қысқарта алады. Жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін сотталған адамдарға қатысты, мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, қолданылмайды.
Ескерту. 73-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 30.12.2020 № 393-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.