74-бап. Жүктi әйелдердiң және жас балалары бар әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру
1. Сотталған жүкті әйелдердің жазаны өтеуін сот бір жылға дейін кейінге қалдыруы мүмкін. Жас балалары бар сотталған әйелдер мен жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазасын орындауды сот бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдыруы мүмкін. Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуі кейінге қалдырылмайды.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген сотталған адам баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырса немесе сотталып, жазасын өтеу кейiнге қалдырылған адамды бақылауды жүзеге асыратын орган екi рет жазбаша түрде ескерту жасағаннан кейiн қоғамдық тәртiптi бұзса, сот сол органның ұсынуы бойынша жазаны өтеуді кейiнге қалдырудың күшін жойып, сотталған адамды сот үкiмiне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiбере алады.
3. Жазаны орындаудың кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін немесе бала шетінеген не жүктiлiгi үзiлген жағдайларда, сот сотталған адамның мінез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы немесе тағайындалған жазаны неғұрлым жеңiл жаза түрімен ауыстыруы не сотталған адамды жазаны өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.
4. Егер сотталған адам жазаны өтеуді кейінге қалдыру кезеңiнде жаңа қылмыс жасаса, сот оған үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды.
75-бап. Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн оны өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғыну не оған ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикасының бұзылуы пайда болған адамды сот жазадан босатады, ал жазасын өтеп жатқан адамды сот оны одан әрi өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.
2. Өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа, жазаны өтеуге кедергi жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босатады немесе науқасының сипаты, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған адамдар, олар сауыққан жағдайда, егер қылмыстық жауаптылыққа тартудың немесе айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетпесе, қылмыстық жауаптылыққа және жазалануға жатады.