Жалпы бөлік 1-БӨлім. ҚЫлмыстық заң 1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы


-бап. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату



бет35/231
Дата12.08.2023
өлшемі357,49 Kb.
#105205
түріКодекс
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   231
Байланысты:
ҚР ҚК

72-бап. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату


1. Егер сот адамның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толық өтеуі қажет етілмейді деп танитын болса, сот бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамды осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.
Бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, қылмысымен келтірілген залалды толық өтеген және ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады.
Адамдардың қаза табуына әкеп соқтырмаған және аса ауыр қылмыстың жасалуымен ұштаспаған террористік немесе экстремистік қылмысы үшін тағайындалған бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам, осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, егер ол террористік немесе экстремистік қылмыстарды болдырмауға, ашуға немесе тергеп-тексеруге, террористік немесе экстремистік топтардың қатысушыларын әшкерелеуге белсенді түрде жәрдемдескен болса, сот оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.
Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан жүкті әйелдерді, жас балалары бар әйелдерді, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерді, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерді, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерді, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектерді осы баптың үшінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.
Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан, ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған адамды осы баптың үшінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.
Бұл ретте адам жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
2. Бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамға жазасының қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде сот осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша пробациялық бақылауды белгілейді. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану кезінде адамға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде көзделген міндеттер жүктеледі.
Пробациялық бақылау сот қосымша жаза түрі ретінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберуді тағайындаған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған кезде белгіленбейді.
3. Сотталған адам:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;
2) ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын;
3) аса ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екісiн;
3-1) егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша жойылған жағдайда, жазаның қалған өтелмеген мерзімінің кемінде үштен екісін;
4) егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша жойылған болса, жаза мерзімінің кемінде төрттен үшін іс жүзінде өтегеннен кейін;
5) сотталған адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін не аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын іс жүзінде өтегеннен кейін ғана шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылуы мүмкін.
4. Жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектерге жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сот тағайындаған жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін;
2) ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;
3) адам өміріне қолсұғушылықпен ұштаспаған аса ауыр қылмыс үшін сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын іс жүзінде өтегеннен кейін, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша жойылған болса;
4) адам өміріне қолсұғушылықпен ұштасқан аса ауыр қылмыс үшін сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екісін, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың осы баптың жетінші бөлігінің 3) тармағында көзделген негіз бойынша күші жойылған болса;
5) сотталған адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін не аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін іс жүзінде өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.
5. Сотталған адамның бас бостандығынан айыруды іс жүзінде өтеген мерзiмi алты айдан кем болмауы керек.
6. Сот тағайындаған өмiр бойына бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам, егер сот оның бұл жазаны одан әрi өтеуін қажет етпейдi деп таныса және ол бас бостандығынан айырудың кемiнде жиырма бес жылын іс жүзінде өтесе, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Егер сот тағайындаған өмір бойына бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаса, ол бас бостандығынан айырудың кемінде он бес жылын іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.
7. Шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылған адам, егер жазаның қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде:
1) екі және одан да көп әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасап, олар үшiн оған әкiмшiлiк жаза қолданылса немесе шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуды қолдану кезiнде өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан дәлелсіз себеппен екі реттен артық жалтарса не бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдалған тұрғылықты жері бойынша тіркелу үшін бес жұмыс күні ішінде дәлелсіз себеппен келмесе, сот уәкілетті мемлекеттік органның ұсынуы бойынша шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою және жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн орындау туралы қаулы шығара алады;
2) қылмысты абайсызда жасаса, сол сияқты жүктi әйел, жас балалары бар әйел, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркек, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйел, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркек, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек қылмыстық теріс қылық, қасақана онша ауыр емес қылмыс жасаған жағдайларда, жаңа қылмыс үшін жаза тағайындау кезiнде шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою не оны күшінде қалдыру туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жойса, жаза үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша тағайындалады;
3) қылмысты қасақана жасаса, осы бөліктің 2) тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сот оған үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды.
8. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату:
1) өлім жазасы түріндегі жаза кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған;
2) адамдардың қаза табуына алып келген не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс үшін сотталған;
3) мыналарды:
ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер жасаған жағдайларды;
ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған сотталғандарды қоспағанда, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталған;
4) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, осындай қылмыс үшін сотталған адамдарға қолданылмайды.
Ескерту. 72-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.04.2019 № 240-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 19.12.2020 № 384-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   231




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет