Жазба коммуникациядағы орфографиялық ұстанымдардың түрлері мен типтері



бет10/10
Дата28.11.2023
өлшемі32,34 Kb.
#130894
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Семантикалық принцип. Бұл жазу үрдісі дыбысталуы жағынан ұқсас екі сөздің мағыналарын ажыратып көрсету үшін олардың бірер әрпін өзгеше етіп беру. Мысалы, үлгіру және үлгеру, қайтып және қайтіп (кетті) абүйір – абырой сөздерінің айтылуы өте ұқсас, ал жазылуда бұл қатарлардың әр сыңарларының мағыналары бөлек-бөлек екендігі белгілі. Бұл принцип көбінесе араб, парсы сөздерін пайдалануда жиі қолданылады (өкімет-үкімет, өкім-үкім, күнә-кінә, өмір-ғұмыр, т.б.). Қазақ сөздерінің ішінде де түбірлері бір, айтылуы сәл өзгеше болып келетін қатарлардың жазылуында да семантикалық (мағына айыру) принципін көруге болады. мысалы, суару – суғару: малды суару, егістікті суғару, кебек-кеуек, былғау-бұлғау (қол бұлғау, көжені былғау).


Күрделі сөз тіркестерін қосып жазу, араларына дефис (жарты сызықша) қойып жазудағы принципті лексика-семантикалық принцип деп атауға болады. Жазба мазмұнының, яғни мәтіннің жетуі үшін дұрыс жазуды дәттейтін орфография заңдылықтарының басқа да тұстары бар. Солардың бас әріптің жазылуы. Бұл принцип синтаксистік танымға (мысалы, жаңа сөйлемді бас әріппен жазу), семантикалық танымға (жалқы есімдерді бас әріппен жазу), символдық немесе экспрессивтік мүддеге де (сөйлем ішінде белгілі бір сөзге екпін түсіру үшін бас әріппен жазу) қатысты болып келеді. Бас әріпті жазылу принципі негізінен униформа болғанмен, кейбір тілдерде өзгеше де болып келеді (мысалы, неміс тілінде зат есімдердің әрдайым бас әріппен жазылатыны сияқты). Сондай-ақ өлең жолдарының бас әріппен жазылуы барлық мәтіндерде әрдайым сақталмайды.
Дегенмен тілімізден айналу//айлану, ажым//әжім, күнә//күна, күнәкар//күнақар сияқты метатеза, эпентеза құбылыстарына түскен әдеби варианттардың жарыса қолданылып, күрделі атаулардың бірге, бөлек тұлғалануының алуан түрлілігі көптеген жылдар бойы сақталып, тіпті кейде маңызды мәселеге айнала қоймауын көреміз. Бұл орфографиядағы дәстүрлілік принципімен байланысты сияқты. Тілдік таңба қарым-қатынастың бірнеше жолдарына түсіп, денотативтік және сигнификативтік жиілікке (денотативная частотность) ұшыраса, таңбаның тұрақтылығы артады. Мысалы, кіна сигнификативін 1988 жылғы орфографиялық сөздік деп осы формамен беруді қадағаласа да, тілді тұтынушы кінә, кінәнің, кінәге формасымен таңбалауды “тастамайтыны” тіліміздегі жазу-сызудың жетілуінің бастапқы кезеңдеріндегі дәстүрлілікке байланысты. Сол сияқты қолғап денотативін жазу-сызуда бірден осы формада, яғни морфема жөніндегі дауыссыздардың ассимиляцияға ұшыраған, біріккен формасында көрінуі, осы үлгідегі басқа тіркестердің жазуда бөлек таңбалануына кедергі болмады (киіз қап, кесе қап, аяқ қап, уық қап). Тек орфографиялық сөздіктің соңғы басылымында ғана бұларды универб тұрпатымен беру ұсынылды.
Қорыта айтқанда, қазақ орфографиясындағы принциптерді 7 бөлімге жіктеуге болады деп ойлаймыз. Бұдан біз әрбір бөлім белгілі бір принципке тұрақталатын жүйені құрайтынын көреміз:
1) сөз құрамындағы дыбыстарды әріптермен таңбалау кезіндегі қолданылатын ережелер (жетекші – фонетика-фонематикалық принцип);
2) негізгі сөзге қосымшалардың қосылуы (жетекші принцип – фонетикалық);
3) сөздердің бірге, жартылай бірге (дефис арқылы) және бөлек жазылу ережелері (жетекші – семантикалық принцип): бөлек жазылатын сөздер мен кейбір сөз бөліктері бірге жазылатын сөздердің ережелері;
4) бас әріппен немесе кіші әріппен жазу ережелері (жетекші – семантикалық және синтаксистік принцип: жалқы есімдер және кейбір сөз типтері);
5) кірме сөздердің жазылу ережесі (жетекші принцип – түпнұсқа принципі);
6) Графикалық қысқартылымдардың ережелері (жетекші – әріптік-дыбыстық принцип. Дауыссыз дыбыстардың ақпараттылығына әріптің сәйкес келуі – басты сүйеніш әрі тірек болып саналады).
7) тасымалдау ережесі, яғни сөз бөлшегінің бірінші жолдан екінші жолға ауысу ережесі (жетекші – буынды-морфемдік принцип: буындық құрылым мен сөздің морфологиялық құрамы ескеріледі);
Орфографияның негізгі орталық бөлімі – бірінші бөлім болып есептеледі. Дыбыстардың (фонемалардың) әріппен сәйкес келуі, құрылу жүйесі ұлттық орфографияның негізін құрайды. Ұлттық орфографияны орфографияны қалыптастыратын жетекші қағидалар құрайды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет