Жазба коммуникациядағы орфографиялық ұстанымдардың түрлері мен типтері



бет1/10
Дата28.11.2023
өлшемі32,34 Kb.
#130894
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Жазба коммуникациядағы орфографиялық ұстанымдардың
түрлері мен типтері

Қазақ тіл білімінің орфография және графика саласы 1920 жылдардан бастап жүйелі зерттеле бастады. Осы саланың дамуына сара жол салған, тың ой, сарабдал пікірлерімен, құнды ғылыми тұжырымдарымен із қалдырған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Е.Омаров, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Басымов, Т.Шонанов, Ж.Аймауытұлы, С.Аманжолов т.б. ғалымдардың соңын ала, әдеби тіл нормалары, орфография, орфоэпия, графика жөнінде зерттеулер легін М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Р.Сыздықова, Ғ.Айдаров, Т.Құрышжанов, М.Томанов, А.Аманжолов, Т.Қордабаев, Б.Әбілқасымов, Н.Оралбаева, С.Хасанова, С.Мырзабеков, Н.Уәли, Ә.Жүнісбек жалғастырып, саланың жан-жақты, іргелі зерттелуіне өзіндік үлестерін қосты.


Графика мен орфография салалары жазу мәселесіне тікелей қатысты болғанымен, екеуінің зерттеу нысанында, қарастыратын «дүниелерінде» өзді-өзіне тән ерекшеліктері бар. Дегенмен олар бірінсіз бірі болмайтын, ажырамас өзара тәуелді категориялар. Графика – жазудың таңбалану жүйесін реттейтін болса, орфография таңбаланған жазудың тұрақты қалыптану нормасын, белгілі бір ереже бойынша қолданылу заңдылығын реттеп отырады деп түсініледі. Жалпы графикадағы динамикалық өзгеріске қарағанда орфографиялық динамика анағұрлым қарқынды болады. Бір жазу графикасы ұзақ жылдар бойы қызмет етсе, сол жылдарда бірнеше орфографиялық өзгертулер болуы әбден мүмкін. Себебі, тілдің өз ішінде сан түрлі даму, ықшамдалу, сығылу, бейімделу, кірігу, тарылу, кеңею сияқты өзгермелі құбылыстар болып жатады. Ал олардың сол өзгерген күйін белгілі бір ережеге негіздеп қалыптандырып отыратын орфография саласында әртүрлі өзгерімдер де кездеседі.
Қазақ жазу тарихындағы графика мен орфографияның осылайша өзара байланысты және түрткі болуы, бірінің динамикалық, бірінің статикалық күйі жаңа әліпбиге көшуге себеп болмайды. Жаңа әліпбиге көшу графикалық жүйені басқаша құру сыртқы факторларға тәуелді болып келеді. Мысалы, халықты жаппай сауаттандыру, қоғамды ағарту қарқынды түрде жүргізуді қажет еткен жағдайда әліпбидегі әріптердің саны көбейіп кетуі немесе орфографияның тез сауаттандыруға кедергі болуы, дәстүрлі жазуда орфографиялық қиындықтардың көп болуы, қоғамдық сауаттандыруға кедергі болады. Осындай жағдайда қоғамдағы зиялы қауым өкілдері жаңа жүйедегі әліпбиге көшу, жазу жүйесін түбегейлі реформалау жөнінде пікір айтып, коғамдық ойға қозғау салады. Мұндай елдік мәселе қазақ жазу тарихында бірнеше рет болды. А.Байтұрсынұлының қолға алуымен ескі қазақ жазба тілі халық тілі негізінде реформаланып, ХХ ғасырдың басында төте жазу дүниеге келді. Бұлай болатын себебі ескі жазба тіл жаппай сауаттандыруды, ағартуды жедел атқаруға жарамды болмады, жазудың бұл түрін игеруге бірнеше жылдар (кем дегенде үш-төрт жыл) қажет болды. Ал А.Байтұрсынұлының төте жазуы қалың жұртшылық қысқа мерзімде (үш-төрт айда) игеріп алатындай тиімділік деңгейі жоғары болды.
Графиканы реформалау дегеніміз графикалық матрицаны өзгерту дегенге саяды. Ал орфографиядағы реформа бұл түбегейлі емес, тек ішінара емле өзгерістеріне ғана байланысты болады.
Сонымен графика мен орфография салалары жазу мәселесіне тікелей қатысты. Бірақ екеуінің зерттеу нысаны да, қарастыратын объектілерінде де ерекшеліктер болады. Дегенмен, олар бірінсіз бірі болмайтын, ажырамас өзара тәуелді категориялар. Графика – жазудың таңбалану жүйесін реттейтін болса, орфография таңбаланған жазудың тұрақты қалыптану нормасын, белгілі бір ереже бойынша қолданылу заңдылығын реттеп отырады. Орфография тілдегі сөздердің, олардың грамматикалық формаларының біркелкі жазылу нормасын белгілейді. Демек, орфография дегеніміз – тілдегі жеке әдеби сөздердің, оларға жалғанатын грамматикалық формалар мен тіркесімділігінің, оның қолданылуын тұрақты біркелкі стандартқа сай жазылу нормасын белгілейтін заңдылық (ережелер) жиынтығы.
Жоғарыдағы айтылғандарды қорытындылай келе мынадай түйін жасауға болады: орфографияның даму қарқыны графикаға қарағанда динамикалық күйде болады, ал графика орфографияға қарағанда статикалық күйде болады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет