V. Ақпараттық дидактикалық бірлестігі. Зертханалық жұмыстардың өткізу әдістері мен аннотациясы Жүрек етінің физиологиялық қасиеттеріне қозғыштық, қозуды өткізу, жиырылу, автоматия, серпімділік (эластикалық) жатады. Бұл қасиеттер жүрек етінің ерекшелігін қамтамасыз етеді.
1-жұмыс. Жүректің қызметіне температураның әсері Автоматия дегеніміз – бұл қандай да бір мүшенің өзінде пайда болатын импульстердің әсерінен оның ырғақты жиырылуы. Организмнен бөлініп алынған жүрек қолайлы жағдайларда ұзақ уақыт бойына өзінің дұрыс ырғағын сақтап, жиырыла алады. Бұл жиырылуды жүректің автоматиясы деп атайды. Жүректің өткізгіш жүйесі оның автоматиясын қамтамасыз етеді. Бақа жүрегінің өткізгіш жүйесіне веноздық синуста орналасқан синус түйіні (Ремак түйіні) жатады. Веноздық синус – бұл төменгі және жоғарғы қуыс веналарының қосылған жері. Жүректің екінші түйіні атриовентрикулярлық түйін (Биддер түйіні). Ол жүрекше мен қарыншаның аралығында орналасқан. Жүректің өткізгіш жүйесінің әр бөлігіндегі автоматияның дәрежесі әр түрлі. Жүрек автоматиясында синустық түйіннің бастаушы роль атқаратындығын дәлелдеу үшін температурамен әсер ету тәжірибесі жүргізіледі. Бақа жүрегінің әр бөлімін жеке-жеке қыздырып немесе суытатын болсақ, жүректің жиырылу жиілігі тек синус аймағына температуралық әсер еткенде ғана өзгеретіндігін байқауға болады.
Жұмысты орындау: Бақаны қозғалмайтындай етіп операциялық тақтайшаға бекітеді. Жүрегін ашып, оны перикардтан босатып, үзбесі кесіледі. Жүректің қалыпты соғу жиілігін санап алады. Веноздық синусқа суық пробирканы тигізгенде жүректің соғу жиілігінің азайғанын байқаймыз. Жүректің соғу жиілігі қалпына келгеннен кейін ыстық сулы пробирканы веноздық синусқа тигізіп, жүректің жиырылу жиілігінің артқандығын байқаймыз. Жүректің ұшына ыстық, содан кейін суық пробирканы бассақ, жүректің соғу жиілігі өзгермейді. Бұл жүректің соғу жиілігі синустық түйінге байланысты екенін көрсетеді.
Тәжірибеде алынған мәліметтер кестеге жазылады.