3 - жұмыс.
Кезеген жүйкенің бақа жүрегіне әсері
Жұмысты орындау: Қимылсыздандырылған бақаны шалқайтып тақтайшаға бекітіп жүрегін перикардтан босатып, үзбесін кеседі.
Алдымен 2-кестеге қарап жүйке талшықтарының орналасуымен танысу қажет. Бақаның алдыңғы оң аяғын төмен, шет жаққа қарай тартады да, жақ пен жүректің бұрышындағы бұлшық еттер мен шаңдырларды кеседі. Сонда қолтық астындағы бұлшық еттер және олардың арасында жатқан тіласты, тіл-жұтқыншақ жүйкелері айқын көрінеді. Осы жүйкелердің сәл төменгі жағында қан тамырлары мен жүйке будасы орналасады. Олардың арасында жүректің кезеген жүйкесі өтеді. Сол жүйке астына лигатура өткізіледі. Жүректің 1 минутта соғу жиілігі саналады. Лигатураны көтеріңкіреп, электростимулятордың электродтары арқылы жүйкені тітіркендіреді. Электр тогының күші орташа болу керек. Қайтадан жүректің соғу жиілігін санап, оның азайғанын байқайды. Егер тоқ күші көбейтілсе, жүрек диастола кезінде тоқтап қалады. Тітіркендіру тоқталған соң, жүректің соғуы бұрынғы қалпына келеді.
4 -жұмыс. Бақаның жүрегін Штраубе әдісімен бөліп алу
Гормондардың, электролиттердің және медиаторлардың жүрекке әсері
Бөліп алынған жүректің ұзақ уақыт жұмыс атқаруы, оны қоректендіретін ерітіндінің құрамы жағынан қан плазмасына ұқсас сәл сілтілі болуына байланысты. Ерітіндінің құрамындағы Na+, K+, Ca++ т.б. заттардың концентрациясы қандағыдай болу керек. Бұл талапқа Рингер ерітіндісі сай келеді, оның құрамында келесі иондар бар:
Рингер ерітіндісі
|
Na+
|
Ca++
|
K+
|
NaHCO3
|
Суық қанды жануарлар үшін
|
0,65%
|
0,01%
|
0,01%
|
0,01%
|
Жылы қанды жануарлар үшін
|
0,85%
|
0,02%
|
0,02%
|
0,01%
|
Бөліп алынған жүректі қоректендіретін ерітіндінің құрамында К+ ионы артық болса, ол кезеген нерв әсеріне ұқсас ваготроптық әсер етеді: жүректің жиырылуы азайып, жиілігі сиректейді, жүрек етінің тонусы төмендейді, диастола кезінде тоқтап қалады. Ca+2 ионының артық болуы жүрекке симпатикалық әсер етеді, демек жиырылу күші ұлғайып, ритмі жиілейді, жүрек етінің тонусы көтеріледі, жүрек систола кезінде тоқтайды.
Жұмысты орындау: Қозғалмайтындай бақаны шалқасынан тақтайшаға бекітіп, көкірек қуысын кең ашып жүректі перикардтан босатады. Екі қолқа доғалары астынан Финдер инесімен лигатуралар өткізіледі де, қолқа буылтығынан алыстау байланады. Үшінші лигатура қолқа буылтығының астынан өткізіледі, кейін ол канюляны байлауға керек болады. Лигатурамен сол жақ қолқа тамырын тартыңқырап қайшымен шетін кеседі. Бұл кесікке канюляны бұрап кіргізіп, қарыншаның ұшына дейін жеткізеді де, жіппен қатты байлайды. Канюляны алдын ала Рингер ерітіндісімен толтырған жөн. Канюляны көтеріңкіреп қолқа доғаларын, қуыс веналарын кеседі, тек веноздық синусқа зақым келтірмей сақтап қалу қажет. Жүрек бөлек алынады. Жүрек дұрыс бөліп алынса, канюлядағы ерітінді систола кезінде көтеріліп, диастола кезінде төмендейді. Бөліп алған жүректегі канюля штативке бекітіледі. Жүректің ұшын ілгекпен іліп алып Энгелман рычагіне қосады. Рычагты қаламы кимографтың барабанына көлденең және жеңіл тиіп тұруы қажет. Кардиограмма жазылады.
1. Жүрек Рингер ерітіндісімен қоректендіріледі. Жүректің соғу жиілігі жазылады.
2. Пипеткамен канюлядағы Рингер ерітіндісін сорып алып, Са2++ иондары артық басқа Рингер ерітіндісімен толтырылады. Кардиограмманың өзгергенін байқайды. Жүректің соғу жиілігі саналады. Са++ артық Рингер ерітіндісін жәй қалыпты Рингер ерітіндісімен ауыстырса, жүректің қызметі өз қалпына оралады.
3. Канюлядағы қалыпты Рингер ерітіндісі К+ артық Рингер ерітіндісімен ауыстырылса, кардиограмманың өзгеруін бақылауға болады. Жүректің соғу жиілігін санап алады. К+ ионы артық Рингер ерітіндісін қалыпты Рингер ерітіндісімен ауыстырса, жүректің қызметі бұрынғы қалпына оралады.
4. Рингер ерітіндісіне адреналин мен ацетилхолин қосылады. Адреналин мен ацетилхолиннің жүрек қызметіне әсері анықталады.
Тәжірибені өткізгенде:
1) Әр затқа арналған пипеткалар болуы қажет;
2) Канюлядағы ерітіндіні ауыстырғанда кимографты тоқтатады.
Достарыңызбен бөлісу: |