Аңыз әңгімелер мен ертегілердегі шешендік сөздер.
Көптеген жанрда халық игілігі үшін жазылған туындылар қаншама. Ауыз әдебиетінің көлемді салаларының бірі, жемісін шындық өмірден алып, қиял-ғажайып оқиғалар араласып келіп отыратын, көбінесе тарихта белгілі адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туындаған көркем шығарма-аңыз әңгімелер. Көлемі шағын, мазмұны құнарлы, тілі көркем, оқиғасы қызықты және өмірдегі алуан түрлі оқиғалар мен көріністерді қысқа әрі түсінікті етіп жеткізетін аңыз әңгімелер-халық мүддесі мен ел тілегін қамтыған туынды. Мұнда "қиял-ғажайып дүниелер мол. Олар адамды асыл арманға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді келешекке үміттендіреді" (Т. Ақшолақов). Сондай есте қалған, ойға ой қосатын, қиялыңа қанат бітіретін аңыз әңгіме "Жерұйық" іздеген Асанқайғы жайлы. Ел жұртының сорлы тағдырын, мүшкіл тұрмысын, құлазып жатқан даласын көріп, ұйқысы бөлініп, мұң-қайғыға батқан Асан малға мекен, елге ырысты жер іздейді. Асан желмаясына мініп, қазақтың бүкіл сахарасын, өзен-көлін, тау- тасын, құм-шөлін кезіп шығады. Әр жерде, әрбір тауға жайылып жатқан алқапқа, адыр- төбеге Асан барыпты-мыс, өз ойын айтыпты-мыс дейтін сын-бағаны халық әлі күнге дейін айтады. Қарсақбай аймағын көргенде " Айналаң жапан түз екен, тауыңның асты жез екен. Жұртың ашықпас!"- деп жүріп кетеді. Баянауыл өңірін көргенде "Баянға жаймай, қой семірмес" деп, Жуалыға келгенде "Жерің семіз, шөбің шүйгін, қарың мол, топырағың май екен, қадіріңді егін салған ел білер" депті деген аңыздар халық жадында.
Адам баласы қашанда күлкінің таусылмауын тілейді. Өйткені күлкі бар жерде өмір бар. Күлкі-күллі жаманшылық атаулыға, әртүрлі дертке қарсы қолданылатын қуатты қару.
Достарыңызбен бөлісу: |