Ерулік беру. Ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, бауырларының
бірі туған-туыстарына жапсарлас келіп қонса, көрші-көлемі немесе
жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы
береді. Бұл салтты ерулік деп атайды. Осылайша қазақтар танысын,
танымасын бір-бірін бөтенсімей, өз ортасына тарта білген.
Есік ашар (дәстүр). Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен
соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата-енесінің үйіне
келеді. Мұны халық әдебиетінде күйеудің алғаш яғни есік аша келуі дейді.
Демек, бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел-жұрт көрмеген күйеуді сынайтын
келіс. Күйеу бұл жолы да кәде жорасымен, әдет-салтымен келеді. Әзілқой
жеңгелердің сын-мініне де шыдайды. Ретін тауып жауап та бере
алады.Ойын-тойсыз, әзіл-қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үлкен-кіші
бір жасап қалады.
Жол беру. Қазақта үлкен адам келе жатқанында алдын кесіп өтпейді,
оған жол береді, үйге кіргенінде орнынан тұрып төрге отырғызады. Аң
аулағанда да жасы үлкен адам бірінші болып оқ шығарады, олжаның
алғашқысын иемденеді. Алыстан келген қонаққа да, қызметі мен шені
үлкен адамдарға да әр істе жол береді. Мұның бәрі қазақтың дәстүрлі әдет-
ғұрыптарындағы этикалық жоралғы болып саналады.
Жылу жинау. Бір бақытсыздыққа ұшырағанында, үймүлкі, малынан
айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-көлемі, туған-туыстары мал,
дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны олардың ортасынан бір адам
ұйымдастырады. Бұл жәрдем – жылу жинау деп аталады. Арам жолмен
шығынға ұшырағандарға жылу жиналмайды. Олар: дүние-мүлкін картаға
салып ұтқызып жібергендер, зинақорлыққа салғандар, ішіп құртқандар,
қоғамның, мемлекеттің дүние-мүлкін жеп қойғандар.
Достарыңызбен бөлісу: