Кіріспе диссертация жұмысының өзектілігі


Диссертация жұмысының зерттелу деңгейі



бет3/4
Дата18.02.2023
өлшемі24,58 Kb.
#69069
түріДиссертация
1   2   3   4
Диссертация жұмысының зерттелу деңгейі: Университеттік білімнің қалыптасуы, оның себептері мен даму барысы Қайта өркендеу заманынан бері аса маңызды қызығушылық тудыратын тақырыптардың бірі. Университеттік білім беру теориясы алғаш университеттердің қалыптасу уақытында қалыптаса бастады. Либералды және утилитарлы білім берудің жақтастары оның әлеуметтік маңыздылығын әртүрлі қарастырды. Тек ХІХ ғасырға қарай теорияларда рухани және тәжірибелік университет миссиялары біріктірілді. «Идеалды университетті» зерттеудің методологиялық негіздерін Г.Гегель [3], И.Г.Фихте, В.фон Гумбольдт [4], Г.Зиммель [5], Х.Ортега-и-Гассет [6] қалаған болатын. Жоғары білім беруді әлеуметтану көзқарастары бойынша ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында қарастырған Э.Дюркгейм [7] еңбектерін жатқызуға болады. А.Вебер [8], М.Вебер [9], Д.Дьюи [10], К.Маннгейм [11], М.Шелер [12] еңбектерінде жоғары білім берудің әлеуметтік-мәдени ортадағы өзгерістеріне қатысты жоғары білім мен қоғам арасындағы қарым-қатынастар анықталды. Н.Д.Сорокина [13] өз жұмыстарында жоғары білімді әлеуметтік мобильділіктің бір тармағы ретінде қарап, оның алуан түрлі әлеуметтік-мәдени жағдайларда қызмет етуіне, эмпирикалық сипаттарына тоқталып өтеді.
ХХ ғасырдың ортасынан бастап университеттік білімді зерттеу жалпы әлеуметтану теориясының бір бөлігіне айналады. Жоғары білімнің әлеуметтік дамудың негізгі факторы ретінде қарастырылуы, оның постиндустриалды қоғамның тенденцияларының ықпалынан өзгеруі, университеттің қоғамдық институттардың ең бастыларының біріне айналуы туралы мәселелер Д.Белл [14], Э.Тоффлер [15] зерттеулерінде көрініс табады.
ХХ-ХХІ ғасырлар аралығында Д.Бок [16], П.Скотт [17] еңбектері жарық көреді. Олар жоғары білімнің қазіргі ақпараттану және жаһандану процестеріне қатысты өзгерістеріне және заман талабына сай дәстүрлі университеттердің оларға қарай бейімделуі сияқты мәселелерді қарастырған. Осы бір кезеңде, яғни 90-жылдар мен ХХІ ғасырдың басында бір топ шет елдік ғалымдардың қатысуымен төрт томдық «Еуропадағы университеттер тарихы» (A History of the University in Europe) [18] атты үлкен еңбек жарыққа шықты. Бұл еңбектің шығарылуына Эдвард Грант, Хастинг Рашдал, Кристоф Мейнер атсалысты. Төрт томдық бұл еңбекте Еуропадағы университеттік білімнің пайда болуынан бастап Болон процесіне дейінгі дамуы сипатталады.
Бүгінгі таңда А. Булкин [19], Б. Вульфсон [20], В.Жуков [21], Н.Сорокина [22], Л.П. Репина[23], Е.В. Шишкин [24] секілді ресейлік ғалымдардың еңбектерінде университеттік білімнің пайда болуы мен оның Ресей тарихындағы көрінісі туралы, жалпы университеттік білімнің дамуы туралы мәселелер қарастырылған. Негізінен, шет елдік тарихнамада университеттік білімнің қалыптасу және даму тарихы жан-жағынан, жете зерттелген мәселе болып табылады. Дегенмен, оның басқа елдердің жоғары білім беру жүйесімен салыстыру сипаты айтарлықтай орын алмағанын көруге болады. Осы тақырыптары келесі зерттеулер тарихи аспектіге көбірек мән бергенімен, ол кеңестік жоғары білім мен еуропалық жоғары біліммен салыстыру өте аз деңгейде көрініс тапқан. Бұл еңбектерде тек жалпы Қазақ ССР-ы аясындағы жоғары білім жүйесіне сипаттама берілген және кішкене көлемде оны жалпыеуропалық жоғары біліммен салыстырылып отырған.
Қазақстандағы 1970-жылдар мен 1990-жылдар аралығында кеңестік білім жүйесінің бір бөлшегі ретіндегі Еуропалық үлгіге сай реформалау барысындағы жоғары білім беру жүйесінің даму тарихына да бірқатар еңбектер арналған. Олардың қатарына К.Ж. Жаманбаев [25], Қ.Д. Жоламанов [26], Л.З. Рүстемов [27], Т.К. Катаев [28], Ш.А. Аширов [29] еңбектерін жатқызамыз. Бұл еңбектерде жоғары оқу орындарының құрылуы, олардағы ғылыми-педагогикалық кадрлардың сандық және сапалық өсуі барысы баяндалып, терең әрі тұжырымды ізденіс жасалған.
Қазіргі уақытта Қазақстан тарихнамасында жоғары білімнің тарихы, оның реформалану процесінің жүзеге асырылуы мен Батыс Еуропадағы жоғары білім саласындағы өзгерістердің еліміз үшін маңыздылығы тақырыбы кең етек жаюда. Әсіресе, тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Қазақстан ғылымында жоғары білім саясатына қызығушылық арту үстінде. Бұл салада еңбектер қатарына тарихи аспектіде жете қарастырып, салыстырмалы бағыт жүргізген Қ.Т. Жұмағұловтың [30] еңбектерін атап өткен жөн. Онда қазіргі уақыттағы Қазақстанның еуропалық жоғары білім аясына енудің еліміз үшін артықшылықтары айтылып, бағыттары біршама көрсетілген.
Саяси әрі экономикалық аспектіде аталмыш мәселенің зерттелуін А.А. Нурмагамбетовтың [31], М.Б. Батырбековтың [32], Т.С. Садыковтың [33] зерттеу жұмыстарынан көре аламыз. Дегенмен, бұл жұмыстарда жалпыеуропалық жоғары білім мен Қазақстандағы жоғары білім саясаттарының салыстырылуы аздап жүргізілгенменен, бұл еңбектер педагогикалық әрі экономикалық тұрғыда зерттеліп, тек тәуелсіз Қазақстан аясымен шектеледі.
Сонымен қатар Отандық тарихнамада аталған мәселеге қатысты Р.С. Мырзабекованың [34] «Алғашқы университтердің пайда болуы мен ерекшеліктері» атты мақаласы пайдаланылды. Автор Батыс Еуропадағы алғашқы университеттердің пайда болуы мәселелерін қарастырады. Және де олардың негізгі ерекшеліктеріне тоқталып, өзара салыстырмалы талдау жасайды. Сонымен бірге орта ғасырлардағы діннің университеттерге өзара ықпалын қарастырады. Оның еңбектерінде еуропалық білім беру жүйесімен Қазақстандағы Болон жүйесінің ұқсастықтары мен ерекшеліктеріне педагогикалық тәсілдермен методологиялық ұстанымдарға назар аударылған.
Отандық ғалымдардың ішінде Қ.Қ. Құнапинаның еңбектерін де атап өткен жөн. Ол негізінен мектеп мұғалімдері мен жоғарғы оқу орны студенттеріне арналған оқу-әдістемелік құралдарды жазған [35]. Онда басты мәселе – мұғалім тұлғасына назар аударылады.
Г.Т. Жакупованың мақаласында [36] Қазақ Ұлттық университетіндегі «Архивтану, іс жүргізу және құжаттамалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының бакалавриат және магистратураның екі деңгейі бойынша мамандарды даярлаудың ерекшеліктері қарастырылған. Сонымен бірге осы сала бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті арасындағы өзара байланыс, ынтымақтастық, қосдипломды бағдарлама және оның келешектегі маңызы қарастырылған.
Келесі зерттеулер Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жағдайында еліміздегі жоғарғы білім беру болашағын айқындайтын, жоғарғы білімнің күйі мен даму тенденциясына, оның рөлі мен маңызына, мазмұнына, ұйымдастырылуына, қаржыландырылуына және жоғарғы білімнің дамуы саясаты мен стратегиясын даярлауға арналған. Сондықтан, бір топ авторлардың «Қазақстан Республикасында жоғары білімді дамыту стратегиясы» [37] еңбегінің маңызы ерекше екенін айтқан жөн.
Ғылыми әдебиеттерге жасалынған анализ жоғары білім саясатының тарихи, философиялық, әлеуметтік аспектілермен байланысты проблемалардың жинақталған және жете жасалған зерттеу жұмыстары жоқ деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Қазақстанның және Батыс Еуропа елдерінің жоғары білім беру жүйесінің тарихи қалыптасуын және қазіргі уақыттағы жағдайын толықтай сипаттап, салыстырмалы талдау жасайтын зерттеулер отандық тарихнамада әлі жоқ деп тұжырымдауға негіз бар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет