Тіл деңгейі – тілдің кейбір «бөліктері», жалпы тілдік жүйенің шағын жүйешелері.
Тіл бірліктері - тіл жүйесінің әр түрлі мақсаты мен қызметі бар стандартталған элементтері.
Фонема– тілдің дыбыстық құрылымының негізгі бірлігі, сөйлеу тілінің ең кіші, одан әрі бөлінбейтін элементі. Фонема морфемалар құрамында, солар арқылы сөздерде мағына ажырату функциясын атқарады.
Фонетика – тіл ғылымында тілдің дыбыстық қырын зерттейтін бөлім.
Буын – фонациялық ауаның кілт үзілуінің, не кедергіге ұшырауының нәтижесінде пайда болатын жеке дыбыс, не дыбыстар тобы.
Екпін – сөз ішінде бір буынның күшті айтылуы.
Фонология – фонема жүйесін зерттейтін ғылым.
Грамматика – сөз түрлендіру формалары, сөз құрамы, сөз тіркесі мен сөйлем түрлері туралы ілімді қамтитын тіл білімінің саласы.
Граммема – ұйымдастыру, байланыстыру қызметін атқаратын тілдің ең жоғарғы бірлігі. Олар неше түрлі жалғаулықтар, шылаулар, көмекші сөздер, толып жатқан сөздердің сөйлемде тіркесу формалары.
Грамматика– сөздердің өзгеруін, түрленуін, олардың сөйлемде тіркесу формалары мен заңдылықтарын зерттейді.
Лексикология – тілдің сөздік құрамын зерттеумен айналысатын тіл білімі бөлімі.
Лексема – атаулы немесе номинативті қызмет атқаратын, орта деңгейдегі тілдің екі жақты бірлігі. Лексеманың айтылуы фонеманың біртұтастығын құрайды, ал мазмұны заттың мағынасымен сәйкес келеді және әлем шындығын бейнелейді.Біз тілді тіл туралы ғылымның бөлімдерін есепке алатын жүйелі құрылым ретінде қарастырдық. Ал енді тілді құрылым ретінде қарастырайық.
Құрылым дегеніміз тіл бірліктері мен деңгейлері арасындағы қатынас. Бұл қатынастың 2 түрі бар: парадигматикалық және синтагматикалық.
Парадигматикалық қатынас (парадигматика) – тіл жүйесіне тән типологиялық қатынасқа жатады. Сөйлеу үрдісінен тыс семантикалық ортақ белгілері бар сөздер, адам жадында ассоциацияланып, топ құрады. Олардың өзара қатынасы мүмкіндігінше әр түрлі болады. Мұндай қатынастарды ассоциациялық қатынастар немесе парадигматикалық қатынастар деп атайды. О.С.Ахманова парадигмаға төмендегідей анықтама береді: «Парадигма деп тілдік бірліктің тілдік жүйе элементі ретінде бір біріне сыбайлас, не қарсы келетін қасиеттерімен адам санасында жинақтаған, яғни тіл элементтерінің сол тілді пайдаланушы адамның санасында жинақталуын айтамыз». Яғни, парадигма тек сөздер аралығында ғана болмайды, тілдің барлық элементтері арасында болады [2].