Лекция. Ғылымның қазіргі кезеңінің ерекшеліктері Постклассикалық емес ғылымның сипаттамасы. Ғылыми зерттеу жаңа стратегиялары және өздігінен дамитын синергетикалық жүйелерді меңгеру


Рациональдықтың классикалық түсінігі



бет2/7
Дата07.01.2022
өлшемі146,5 Kb.
#19504
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
stud.kz-56988

Рациональдықтың классикалық түсінігі
Рациональдықтың классикалық түсінігі тарихта адам тұңғыш рет өзінің ойлау қабілетін түсіне бастаған кезде қалыптаса бастайды деп есептелінеді. Ақыл-ой қызметін (қүдіретін) түсіне бастау кезеңі тарихтағы алғашқы цивилизациялардың рухани өміріндегі түбірлі өзгерістер кезеңі. Бұл өзгерістер ең алдымен алғашқы Шығыс цивилизацияларында орын алғанмен, рациональдықтың ең алғашқы тарихи формасы ретінде Ертедегі грек мөдениетіңде қалыптасқан (яғни антиктік) рациональдық қарастырылады.

Антик философиясының негізгі арқа сүйейтін ойы — дүниенің тұтастығы. Дүние әртүрлі құбылыстардың кездейсоқ қосындысы емес, олардың бір-бірімен заңды түрде үйлесуі. Құбылыстар арасындағы байланыста белгілі бір тәртіптілік, реттілік бар, сондықтан да ертедегі гректер адамды қоршаған бүкіл дүниені космос (тәртіптелген, реттелген дүние, тұтастық) деп атаған. Космос-әсем дүние, бұл әсемділікті дүниенің бір негізден, бір бастамадан шыққандығын мойындау арқылы ғана түсіндіруге болады. Адам сезім мүшелері арқылы дүниенің сыртқы көрінісін ғана қабылдайды: бұл - түрлі-түрлі құбылыстардан құралған, бір түрден басқа түрге үнемі ауысып отыратын өзгермелі, тұрақсыз дүние, бұл дүние туралы тиянақты ештеңе айту мүмкін емес. Дүниенің шын мәнінде қаңдай екенін түсіну үшін адам дүниені тұтас (бүтін) организм ретінде қарастырып, сол тұтастықты қамтамасыз ететін бір негізді тауып, сол арқылы дүниенің көптүрлілігінің қалай пайда болатынын анықтауға үмтылуы қажет. Адамның бұл жолдағы бірден-бір құралы оның ойлау қабілеті, ақыл-ойы болып табылады. Ойлау қалай болса солай емес, белгілі-бір ізбен, реттілік жолмен жүзеге асуға тиіс, ал ой реттілігі сайып келгенде дүниенің (болмыстың) өзіндегі реттілікке сәйкес болуы керек. Осыған байланысты ертедегі грек рациональдығы ең алдымен ойлау мен болмыстың тепе-теңдігі принципіне арқа сүйеді. Бұл принцип ертедегі грек философиясына көмескілеу түрде басынан бастап-ақ тән болғанмен, айқын түрде б.э.д. VI—V ғасырларда қалыптасқан Элея философиясында басшылыққа алынды. "Болмыс" деген ұғымның өзін философияға тұңғыш рет Элея философиясының негізін салушылардың бірі-Парменид енгізген. Парменид үнемі өзгеріске ұшырап отыратын, аумалы-текпелі құбылыстар дүниесін шын мәніндегі бар дүние деп айтуға болмайды деп есептеді, өйткені адам ойы мұндай құбылмалы дүниеге талдау жасай алмайды. Ой үшін бар деп айтуға тұратын бірден-бір дүние - болмыс. Болмыс дегеніміз, Парменидтің пікірінше, әруақытта езіне өзі тең бірлік, тұтастық, толықтылық, кемелділік, соның арқасында болмыстың мәнін танып-білу адамды ақиқатқа, жақсылыққа, ізгілікке жетектейтін жол болып шығады.

Болмыс — сезімнен тыс реальдылық, оған ой ғана жеткізеді, ой ғана сезімдік дүниенің ар жағындағы идеалды нәрсемен жұмыс істей алады. Демек, антик философиясы үшін ой мүмкіндіктеріне арқа сүйеу, яғни рациональдық дүниенің сыртқы көріністеріне алданып қалмай, шын мәніндегі табиғатын танып-білудің нақтылы жолы болып табылады. Сезімнен тыс реальдылықты танып-білу үшін оның идеалды жоспарымен жұмыс істей білу қабілетін қалыптастыру керек, мұндай қабілет бірте-бірте реальдылыққа жалпы рациональды қатынастың, әсіресе ғылыми рациональдықтың ең басты қасиеттерінің біріне айналады. Идеалды объектілермен жұмыс істей білу ойлаудың теориялық формасының қалыптасып, жетілу мүмкіндігін туғызады. Теория адамға әдеттегі күнделікті тіршілікке байланысты ойлау шеңберінен асып, әлемдік, мәңгілік сипаты бар ойлауға жол ашады. Ойлаудың теориялық әдісінің мүмкіндіктерінде ешқандай шек болмайды, соның арқасында антиктік рациональды ойлау әдісі жалпы европалық мөдениеттің, жалпы Европа ғылымының болашақ даму жолдарын белгілеп берді.

Ертедегі грек рациональдығының өзінен кейінгі замандарға қалдырып кеткен мұраларының бірі-сөзге ерекше көңіл бөлу. Сезім дүниесінен тысқары, оның аржағындағы идеалды объектілерді танып-біліп, суреттеп беруге күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздер жарамайды, ол үшін жалпылық сипаты бар сөздер керек. Ой мазмұнының болмыс мазмұнына сәйкестігін көрсетіп беру үшін әрбір сөздің өзіне ғана тән барынша дәл, нақтылы мағынасы болу керек. Рациональды таным тек дәл мағыналы сөздерді тудырып, қолдана білудің арқасында ғана мүмкін болады. Сөзге, сөзді қолдануға қойылатын мұндай қатаң талап бүкіл Европа мәдениетінің осы күнге дейін сақталып қалған негізгі талаптарының бірі болып табылады.

Ертедегі грек рациональдығы тек ғылым шеңберімен шектелмеген. Антик философиясында ақыл дегеніміз жеке адамның ғана ақылы емес, жалпы тұтастықтың ақылы, космостық ақыл, бәрін реттеп, жолға салатын ақыл. Ойлау дегеніміз тек логика емес, ойлау-жалпы космостық ақиқат, жақсылық, ізгілік. Ақиқатты адам тудырмайды, космостық ақиқат адам ақылы арқылы өзін-өзі көрсетеді. Адам ақылы космостық ақылдың көрінісі болғандықтан, білім әруақытта жақсылық пен ізгіліктің көзі болып шығады. Білімді адам жамандықтан, зұлымдықтан аулақ болады. Сондықтан антик заман рациональдығы тек логикалық құбылыс емес, оның мазмұны адамдар арасындағы ізгіліктілік қатынастарды да қамтиды. Рациональдық тек дұрыс ойлаудың ғана сипаттамасы емес, дүниеге одан да гөрі жалпы дұрыс көзқарасқа ие болып, соның арқасында дұрыс іс әрекет жасаудың, адамдар арасында дұрыс қатынастар қалыптастырудың ережесі болып шығады.

Антик рациональдығында дүниенің тұтастығын, дүние құрылымының әсемдігін мойындау дүниені мақсатқа сәйкестілік тұрғысынан түсіндіру талабымен ұштасады. Дүние құрамындағы құбылыстардың бәрі бір-біріне қажет, бір-біріне қызмет етеді. Демек, дүниедегі нәрселердің бәрінің жаратылуында, өмір сүруінде белгілі бір мақсатқа ұмтылу бар. Егер ондай түпкі бір мақсат болмаса, дүниеде де, адам іс-әрекетінде де толық түрде жүзеге асқан, тиянақты, баянды ештеңе болмас еді. Түпкі мақсат табиғат үйлесімділігінің, әсемдігінің себебі ретінде қарастырылады. Сондықтан да ертедегі гректер табиғатты материалдық пайданың көзі деп есептемеген, табиғатты өндеп, өзгерту адамға лайық емес, адам, керісінше, табиғатты құрметтеп, табиғаттағыдай үйлесімділікке, әсемдікке ұмтылуы керек деп есептеген.

Сонымен, рациональдықтың антик дәуіріндегі типі өзінің мазмұны жағынан рациональдықтың өзінен кейінгі тарихи типтерінің берінің даму мүмкіндіктерін белгілеп берді деп айтуға болады. Антик философиясы рациональдықты логикамен ғана шектемей, адам мүддесін, қоғам мүддесін ізгілік талаптары тұрғысынан ескеретін кең көлемді рациональдық түрінде қалыптастырған.

Рациональдықты тек ғылым шеңберімен шектеу Жаңа дәуірдегі адам танымының, ғылымның қалыптасу ерекшеліктеріне байланысты жағдай болып табылады.

Орта ғасырларда қоғам өміріне дін мен шіркеудің ықпалы қанша күшті болғанмен, антик заманынан қалған рациональдық дәстүр жойылып кеткен жоқ, дін мен діни емес көзқарастар арасыңдағы күрес күшейе түскен сайын философиялық ойлау, дәлелдеу шеберлігінің қажеттігі де күшейе түседі. Философия шіркеуге қызмет жасай отырып, өзінің белгілі бір деңгейдегі дербестігін сақтап қалып, бірте-бірте адам ақыл-ойын ең жоғарғы құндылық ретінде бағалай бастаудың негізін дайындады. Қайта Өрлеу дәуірі бұл мүмкіндіктерді пайдалана отырып, адамның өзіне деген сенімін арттырады, дүниенің табиғи реттілігін, үйлесімділігін ақыл-ой көмегімен пайымдауға итермелейді. Бұрынғыдай дін қағидаларына немесе өткен замандардың ұлы ойшылдарының беделіне арқа сүйемей, өз ақылымен, оған қоса эксперимент жасау жолымен дүниені түсіну талабы пайда болады. Соның арқасында жаратылыстану ғылымдарының бірте-біре дербес түрде қалыптасуына жол ашылды, Жаңа дәуірдің негіздері қалаңды.

Жаңа дәуірдің бастапқы кезеңінде (шамамен алғанда XVII ғ. бастап) ғылымның қоғам өміріндегі алатын орны, ролі өзгере бастады. Бұл кезде ғылым философиядан оқшаулана бастайды, ойлау, зерттеу әдістері жағынан белгілі бір дербестікке ие болады. Ғылыммен шұғылдану адам іс-әрекетінің жеке дербес түріне айналады. Ғылымның адам тіршілігінің дербес саласы ретінде мойыңдалуы сонымен қатар адам ақыл-ойының да дербестігін, өзіндік күш-қуатының бар екендігін мойындауға мәжбүр етеді. Сөйтіп, ғылым дамуындағы кейінірек классикалық деп аталған кезең басталады, ғылым туралы жаңа түсінікке сәйкес рациональдықтың да классикалық деп аталған жаңа үлгісі пайда болады. Енді рациональдық тек ғылыми ойлау саласының қасиеті деп саналады, ал сол кездегі ғылымдардың ең озығы механика ғылымы болғандықтан, механикаға тән рациональдық, механикаға тән талдау және дәлелдеу әдістері жалпы рациональдықтың бірден-бір үлгісі ретіңде бағаланады.

Жаңа дәуір ғылымының өзіндік сипаты, ойлау әдісінің ерекшеліктері ең алдымен механика саласыңдағы Коперник, Галилей және Ньютон сияқты ұлы ғалымдардың зерттеулері арқасында қалыптасты.

Коперник гелиоцентристік көзқарасты негіздеу арқылы дүниенің жаңа бейнесін жасап қана қойған жоқ. Сонымен қатар ғылыми ойлаудың қуатының қандай екендігін де көрсетіп берді. Бір жағынан, қозғалыс дүниедегі барлық нәрселердің табиғи қасиеті екендігі негізделді, ал екінші жағынан, дүниені сезім мүшелері арқылы жалаң бақылау танымдық мүмкіндігі тұрғысынан мүлдем дәрменсіз екені айқын болды. Сезімдік таным құбылыстардың сыртқы көріністерімен ғана қанағаттанады, яғни алдамшы білім беруі мүмкін, ал шын мәніндегі реалдық ақиқатқа жету үшін дүниені сын көзімен талдай алатын, сыртқы көріністің ар жағына үңіле алатын ақыл-ой қызметіне арқа сүйеу қажеттілігі түсінікті болды.

Галилей ғылыми зерттеудің мүлдем жаңа әдісінің, яғни теориялық немесе ой жүзіндегі эксперимент әдісінің негізін салып берді. Галилейдің пікірінше, шын мәніндегі ақиқат білімге математикалық ойлау әдістерімен қаруланған эксперимент арқылы ғана жетуге болады. Математикалық әдістерді тәжірибеге арқа сүйеген зерттеумен ұштастыру түбінде экспериментальды-теориялық жаратылыстанудың тууына алып келді.

Ньютонның бүкіл дүниежүзілік тартылыс заңы дүниедегі барлық денелердің қозғалысы ең қарапайым табиғи заңға бағынатынын көрсетіп берді. Бұл заңның арқасында барлық денелер қозғалысын, олардың бір-біріне тигізетін әсерлерін өлшеп, нақтылы механизмін бейнелеп беруге болады екен. Ендеше дүние дегеніміз бір-бірімен тығыз байланысты, өмір сүру тәсілі - қозғалыстар табиғи заңдылықтарға бағынатын құбылыстардың тұтастығы болып шығады. Бұл тұтастықтың да, оның құрамдас бөліктерінің де зандылықтарын ашып, танып білуге болады деген сенім пайда болады.

Осылайша қалыптасқан механика ғылымы дүниені түсіңдіру жағынан да, материалдық өңдірісті ұйымдастырып, дамыту жағынан да ерекше табысты болғандықтан, оның ойлау, дәлелдеу, бейнелеу әдістері жалпы ғылым үшін бірден-бір мүмкін үлгі ретінде қарастырыла бастады. Классикалық ғылыми әдіс-рациональдық пайда болды. Осы кезден бастап рациональдықты тек ғылыми рациональдық мағынасында, атап айтқанда, механикалық рациональдық мағынасыңда ғана пайымдау мүмкіндігі туды.

Классикалық рациональдықтың бірінші қағидасы: дүниені түсіну- табиғатты түсіну. Табиғатта реттілік, тәртіп бар, олар тұрақты (өзгермейтін) және универсальды сипатта болады. Оған адам ақыл-ой категорияларының тұрақтылығы мен универсальдығы сәйкес келеді, соның арқасында ғана ғылым дүниедегі реттіліктің ішкі мәнін аша алады. Ғылым жалпыға бірдей ортақ заңдарды ашуды мақсат етеді, мұндай заңдарды математикалық түрге түсіруге болады. Математикалық түрде бейнелей білу ғылым дәлдігінің ең жоғарғы үлгісі болып табылады. Табиғатты осылай зерттеуге ұмтылудың нәтижесі -математикалық жаратылыстану. Бұл ғылым үшін табиғат толып жатқан материалдық құбылыстардың байланысқан көрінісі, табиғаттың жалпы қасиеттері оның құрамдас бөліктерінің қасиеттеріне тәуелді. Табиғат денелерінің қозғалысы таза механикалық сипатта болады, кеңістік пен уақыт заттарға да, процестерге де ешқандай есерін тигізбейтін, абсолютті сипаттағы сыртқы жағдай болып есептелінеді. Табиғат жөніндегі мұндай көзқараста даму ұғымына орын жоқ, жаңа ештеңе пайда болмайды. Сондықтан табиғатты да, оның құбылыстарын да түсінудің негізгі жолы-олардың арасындағы себептік-салдарлық байланыстарды ашып беру.

Классикалық рациональдықтың екінші қағидасы: адамның ақыл-ойы-өзіндік ерекшеліктері, өзіндік мазмұны, күш-қуаты бар дербес құбылыс. Ақыл-ой мазмұны (ұғымдар, категориялар, принциптер, байланыстар) — ақылдың туа біткен байлығы, ақиқатқа жетудің жолдарын, әдістерін ақыл-ой өзі белгілейді. Мұндай көзқарас Ағартушылық дәуірінде (XVIII ғ.) қоғамды, адамды жетілдірудің бірден-бір құралы ақыл-ой деген сенімді тудырады.

Классикалық рациональдық табиғатты мүлдем жаңа тұрғыдан бағалауды қалыптастырды. Табиғаттың өзі емес, табиғаттан қандай пайда табуға болады деген мәселе алдынғы қатарға шығады. Соған байланысты ғылым да тіпті адамның өзі де пайдалылық тұрғысынан ғана бағалана басталды.

Классикалық рациональдық, шамамен алғанда, XIX ғ. аяғына дейін адам ақылының, адам ойлауының бірден-бір үлгісі ретінде бүкіл ғылыми-зерттеу жұмысына ғана емес, тіпті қоғамдық-әлеуметтік (экономика, саясат, тәрбие) тіршілікті ұйымдастыруға да бағыт, сипат берді. Алайда, ғылымның және әлеуметтік өмірдің даму барысында бірте-бірте классикалық рациональдыққа күмәндану басталып, барған сайын ол күмән күшейе түсті.

Ең алдымен, XVIII ғ. аяғындағы француз буржуазиялық революциясының нәтижелері адам үмітін ақтамады. "Азаттық, бауырмашылдылық, теңдік" ұранымен басталған революция өндіріс пен ғылымды барынша дамыта отырып, адамдар арасындағы әлеуметтік қатынастарды бұрынғыдан бетер шиеленістіре түсті. Ізгілік, ізеттілік талаптары жайына қалып, таза пайда қуушылық қоғам өмірінің арқауына айналды. Оның үстіне, неғүрлым қоғам дамыған сайын, соғұрлым ғылым табыстары адам игілігіне қызмет етудің орнына, керісінше, адамға, адамшылыққа зиянды әрекеттердің құралына айналды (мыс. соғыс, қылмыскерлік, қанау, т.с.с). Сөйтіп, ақыл арқылы негізделіп, дайындалған, ақылға сәйкес қоғамдық-әлеуметтік қатынастар қалыптастырамыз деген үмітпен жүзеге асқан революцияның нәтижелері жалпы ақылға, ақылдың мүмкіңдіктеріне, жалпы рациональдылыққа қарсы көзқарастардың қалыптасу мүмкіндігін туғызды.

Екінші жағынан, ғылымның өз даму барысы да бірте-бірте классикалық рациональдылықтың түбірлі қағидаларына сенімсіздіктің пайда болуына себеп болды. Егер XVII-XVIII ғасырларда тек механика (физика) ғана ғылыми ойлаудың, ғылыми әдістің, жалпы дүниеге көзқарастың бірден-бір үлгісі болып саналса, XVIII ғ. аяғы — XIX ғ. алғашқы кезеңінен бастап биология, химия, геология және т.б. ғылымдардың қалыптасып, жетіле бастауы жалпы жаратылыстануда зерттеудің жаңа принциптерін, жаңа әдістерін туғызады. Биология мен геология арқылы дүниенің ғылыми бейнесіне даму идеясы кіреді. Тіршілік дүниесін зерттеуге байланысты мақсат, мақсатқа сәйкестік ұғымдарының қажеттілігі айқындалады. Ғылымның зерттеу салаларының ерекшеліктеріне қарай бір ғана зерттеу әдісі емес, әртүрлі зерттеу әдістерінің болу мүмкіндігі мойындала бастайды. Ғылымдағы көрнекілік принципі күшін жоя бастады, өйткені алдынғы қатарға түсіндірудің математикалық әдісі шықты, соған байланысты ғылыми зерттеу бұрынғыдай тек қатаң себептілікке бағынатын процестерді ғана қарастырып қоймай, сонымен қатар кездейсоқтық сипаты бар процестерді де қарастырудың қажеттілігін мойындай бастады. Сөйтіп, бірте-бірте рациональдықтың классикалық емес түрінің мүмкін екендігін мойындауға қажетті жағдайлар туды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет