Ғылыми рациональдықтын классикалық емес формасының тууы мен дамуы
XIX ғ. аяғы мен XX ғ. басындағы жаратылыстанудың қарқынды дамуы жалпы ғылымға жаңа сипат берді. Ғылым зерттейтін объектілері тұрғысынан да, зерттеу әдістері жағынан да түбірлі өзгеріске ұшырады, ғылымның жалпы дүниеге көзқарастық негізгі принциптері өзгерді. Ғылымның мұндай жалпы өзгеруінің екі кезеңін, екі түрін ажыратады: біріншісі классикалық емес ғылым, ал екіншісі классикалық емес ғылымнан кейінгі кезең деп есептелінеді. Бірінші кезең XIX ғ. аяғы мен XX ғ. бірінші жартысын қамтиды, ал екіншісі XXғ.соңғы жартысында басталған деп саналады. Екеуіне де негізінен ортақ белгі - рациональдылықтың шеңберін де, мазмұнын да барынша кеңейту. Бұл кездегі жаратылыстанудың негізгі объектісі микродүние болды, ал оның ерекшеліктері бүкіл классикалық ғылымның дүниегекөзқарас негіздерін, ғылыми зерттеу әдістерін түбірлі түрде өзгертуге мәжбүр етті. Сондықтан да бұл кезең жаратылыстанудағы революциялық кезең деп аталады.
Ең алдымен, микродүние объектілері туралы білім олардың таза өз табиғатын емес, олар мен зерттеу құралдарының өзара әрекетінің бейнесі болып табылатыны белгілі болды. Бұрын зерттеуші мен оның қолданатын зерттеу құралдары зерттелетін нәрсеге ешқандай әсерін тигізбейді, сондықтан білімнің мазмұны объектінің өз табиғатына сәйкес, яғни объективті болады деп есептелінетін. Еңді микродүние объектісін, мысалы электронды зерттегенде, зерттеу құралдарының электромагниттік сөулелерінің электронға тигізетін әсерін ескермеу мүмкін емес екендігі айқын болды. Осы кезден бастап кез келген құбылысқа түсінік беру үшін міндетті түрде оның қандай құралдардың көмегімен, қандай әдістерді қолдану арқылы зерттелгенін көрсету керек болды.
Екіншіден, білімнің мазмұны зерттеу құралдарының әсеріне ғана емес, сонымен қатар зерттеушінің объектіге сұрақты қалай қоюына, объектіні эксперимент арқылы зерттеуді қалай ұйымдастыруына, зерттеудің нәтижелерін қалай қорытындылауына да тәуелді екені белгілі болды. И.Канттың бір кездегі таным субъектісінің белсенділігі жөніндегі идеялары қайтадан жаңғырды.
Үшіншіден, классикалық емес ғылымның микродүниеге байланысты ашқан жаңалықтары, зерттеудің жаңа әдістері, табыстары мен кездескен қиындықтары ғылымда және философияда реалдылық мәселесін туғызды. Микродүниедегі реалдылық әдеттегі заттар дүниесіңдегі реалдылыққа мүлдем ұқсамайтын болып шықты. Дүниенің мәнін түсіндіру үшін, дүниенің құрылымын, қасиеттерін бейнелеп беру үшін 2000 жылдан аса уақыттың ішінде ғылым ашқан және қолданып келе жатқан ұғымдары мен заңдылықтары микродүние объектілерін сипаттауға жарамсыз болып шықты. Кеңістік, уақыт, себептілік, қажеттілік, бүтін мен бөлшек, т.с.с. түбірлі ұғымдардың мазмұнын, қолдану салаларын қайта қарап, өзгерту керек болды. Айта кету керек, осындай жағдайға байланысты ғылым философиясы және жеке ғылымдардың философиялық проблемалары деген дербес зерттеу салалары қалыптаса бастады.
Төртіншіден, дүние жайлы және ол туралы білімнің мазмұндарының сәйкестігі жайлы көзқарас өзгерді. Бұрын зерттелетін құбылыстың табиғатын дұрыс түсіндіретін бір ғана теория болуы мүмкін деп есептелсе, енді бір құбылыс туралы бір-біріне қарама-қарсы бірнеше теорияның болу мүмкіндігі мойындала бастады. Микродүние құбылыстарын қатаң детерминизм тұрғысынан зерттеу мүмкін болмай шықты, соңдықтан зерттеудің статистикалық, ықтималдылық әдістері, дүниедегі кездейсоқтықтың маңызын ескеріп, қолдана білетін әдістер кеңінен тарай бастады. Ғылыми танымға толықтырмалылық принципі енгізілді, яғни бір нәрсе туралы бір-біріне қарама-қарсы болып көрінетін бірнеше теориялар бірін-бірі толықтырып отырады деп есептелінді.
Классикалық емес ғылымның осы заманғы жалғасы (шартты түрде классикалық емес ғылымнан кейінгі кезең деуге болады) ғылымның зерттеу аумағының кеңеюімен, зерттеудің жаңа күрделі әдістерімен сипатталады. Бұл кезеңде ғылымның негізгі объектісі ашық сипаттағы, үнемі тарихи даму үстінде болатын жүйелер болып табылады. Тарихи даму үстіндегі жүйелер үнемі өз ұйымдасуының жаңа деңгейіне көтеріліп отырады, олардың құрамдас бөліктерінің арасындағы байланыстарды өзгертіп отырады. Мұндай жүйелер бірнеше қабаттан тұратын тұтастық сипатында болады және оның құрамдас бөліктерінің арабайланыстарын кездейсоқ байланыстар түрінде қарастыруға болады. Соған қарамастан бұндай жүйелерде олардың тұтастығын қамтамасыз ететін өзіндік басқару әдістері болады. Соңдықтан бұндай жүйелерді бір ғана ғылым зерттей алмайды, бірнеше ғылымдардың бірлесіп зерттеуіне тура келеді. Мысалы, Жерді осындай жүйе түріңде түсіну үшін география, геолология, физика, биология, химия, техника, экология, экономика, т.с.с. ғылымдар зерттейтін процестердің өзара әсерлерінің нәтижесі ретінде қарастыру керек. Күрделі жүйелерді осылай ғана зерттеу қажеттігі қазіргі заманғы ғылымда синергетика деп аталатын жаңа ғылыми саланы туғызды. Синергетика ғылым ретінде дүниені түсінуге және зерттеуге байланысты бірқатар түбірлі қағидаларға арқа сүйейді:
1. Күрделі түрде ұйымдасқан жүйелердегі, мысалы табиғаттағы, болып жатқан процестерге адам тарапынан ешқандай әсер етуге болмайды, шама келсе, олардың ішкі мүмкіндіктеріне, өзгеру бағыттарына көмектесу ғана керек.
2. Кез келген процеске байланысты дамудың бірнеше варианттары болады, сондықтан солардың ішінен дәл нақтылы жағдай тұрғысынан ең дұрысын таңдап алу мүмкіңдігі болады.
3.Ретсіздік, хаос, үнемі жағымсыз болып саналмайды, кейбір кездерде хаос эволюциялық дамудың қажетті материалы, шарты болып табылады.
4.Жүйе дамуында белгілі бір тұрақсыздық пайда болғанда, жүйенің құрамдас бөліктерінің арасалмақтары бұзылғанда, жүйенің іргесі шайқалып, ыдырау мүмкіндіктері көбейе түседі, ендеше бұндай кездерде әрбір жеке адамның әрекетінің тигізетін әсері ұлғая түседі. Ендеше, адамның табиғат процестеріне де, қоғамдық процестерге де араласуының белгілі бір шегі болу керек. Жалпы алғанда, классикалық емес ғылым дамуының екі кезеңінің нәтижесіңце ғылыми рациональдықтың ауқымы барынша кеңейеді. Зерттеудің негізгі мақсаты болмысты сипаттау емес, қалыптасу, даму процестерін сипаттау болып шықты. Объектінің мазмұны мен ол туралы білім мазмұнының сәйкестігі туралы түсінік өзгерді, таным процесінде зерттеуші субъектінің ролін ескеру қажеттігі айқын болды. Бұрынғыдай қатаң себептілік, қажеттілік, заңдылық тұрғысынан түсіндірудің орнына статистикалық, ықтималдылық, кездейсоқтық, ақиқаттың көп түрлілігі, т.с.с. ұғымдарды қолданатын түсіндіру әдістері қалыптасты. Ең бастысы, объективтік дүние мен адам дүниесін байланыстыра қарастыру әрекеті басталды. Білім мазмұнына, білім ақиқаттылығына адамның дүниегекөзқарасының, танымдық іс-әрекет ерекшеліктерінің қандай әсер ететінін ескеру міңдетті болып шықты. Осыған байланысты білім ақиқаттылығының мазмұнына қоғамдық-өлеуметтік талап тұрғысынан, этикалық козқарастар тұрғысынан бағалау қажеттілігі айқын болды. Демек, дүние туралы білімнің мазмұнында дүниенің ғана объективті қасиеттері, заңдылықтары бейнеленіп қоймайды, сондай-ақ қоғам дамуының нақтылы кезендерінің мүмкіндіктері де орын алады, ғылымның өзіңдік мақсаттары мен ғылымнан тыс әлеуметгік құндылықтар мен мақсаттардың тығыз байланысы көрінеді. Осыған байланысты бірте-бірте рациональдықпен қатар рациональдықтың ғылымға дейінгі және ғылымнан тыс түрлері болатыны туралы пікірлер қалыптасады және олар танымдық қуаты жағынан ғылыми рациональдықтан кем түспейді деп бағаланады. Нәтижесінде XX ғ. философиясында рациональдық мәселесі зерттеудің дербес объектісіне айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |