ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙДІҢ ОТАРШЫЛДЫҚ САЯСАТЫ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕСЙ ҚҰРАМЫНА ЕНУ
Кіші жəне Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы жəне оның салдары.
ХҮІІІ ғасыр ортасындағы Қазақ хандығының саяси-экономикалық жағдайы. Абылай хан және оның ішкі және сыртқы саясаты
3. Кіші жүз қазақтарының патша үкіметінің отарлау шараларына қарсы күресі.
Қазақ халқының тарихында XVІІІ ғасырдың басы аса бір ауыр кезең болды. Тəуке хан 1718 ж. қайтыс болған соң қазақ жүздері арасындағы саяси жəне шаруашылық байланыстар əлсіреп, билеуші топтар арасындағы алауыздықтар барған сайын үдей түсті. Тəуке хан тұсында бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырады. Белгілі орыс тарихшысы - ғалым А.И.Левшин өзінің “Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей” деген еңбегінде Қазақ хандығын Тəуке хан билеген кезеңді былай сипаттайды: «Тəукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургы, Драконты - сол адам. Тəуке ала ауыз болып, қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен əділдігінің арқасында жұрттың бəрін өзіне мойынсұндыра білді, əлсіз рулардың басын қосып, əулетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, тəубəсіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты».Тəукеден кейін Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандықтарға бөлінді. Жүздердің əрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің (1720-1740 жж.), Қайып (1716-1719 жж.), сосын Сəмеке (1719-1734 жж.) Орта жүздің, Əбілхайыр (1718-1748 жж.) Кіші жүздің хандары болды. Тəукенің тағына отырған оның баласы Болаттың (1718-1726 жж.) Ұлы хан деген атағы ғана болды. Саяси тұтастығынан айырылған мемлекеттің эко-номикасы да əлсірей бастады. Жүздердің арасындағы шаруашылық байланыстар жəне сыртқы сауда-саттық үзіліп қалды. Қолөнер мен сауданың орталығы болған Оңтүстік Қазақстандағы қалалар құлдырады. Көшпелі жəне жартылай көшпелі аймақтармен отырықшы халықтың арасындағы байланыстың əлсіреуі халықтың əлеуметтік, мəдени, психологиялық, демографиялық жағдайын төмендетті. Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы жағдайы да шиеленісе түсті. Жоңғар шапқыншылығы күшейді. 1690-1697 жж. болған Қытай - Жоңғар соғысы кезінде ойраттар (жоңғарлар) біраз жерінен, адамынан (50 мың), малынан айырылды. Қытайға қарсы күресуге күші жетпеген Жоңғар мемлекеті соғыста айырылған байлықтарын (адам, жер, мал) Қазақ хандығының есебінен қайтаруға тырысты. Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының көш-қоныс жерлеріне жақындады. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне Орта Азия хандықтары, Еділ бойындағы қалмақтар, башқұрттар мен Сібір казактары да үздіксіз шабуыл жасап отырды. ХVІІІ ғасырдың 20- жылдарының соңы мен 30- жылдардың басындағы жеңістердің нəтижесінде жоңғарлар қазақтың біраз жерін босатуға мəжбүр болады. Əрине, қазақтың барлық жері түгел азат етілмесе де, бұл үлкен жетістік еді. Қазақтар осы шайқастарда біріксе ғана біртұтас күш ретінде елі мен жерін қорғауға шамасы жететінін көрсетті. Алайда, Ұлы хандық билік үшін күрес қазақтарды тағы бөлшектеді. Ұлы хандықтан үміткер Кіші жүзден - Əбілқайыр, Орта жүзден - Сəмеке өздерін елеусіз қалдырды деп, Аңырақайдағы жеңістен соң шайқас алаңын тастап кетіп қалды. Осы ішкі алауыздықтарды, қырқысуларды пайдаланған жоңғарлар қазақ жерлерін басып алу үшін қайтадан батысқа қарай жылжыды. Осындай қиын–қыстау жағдай Əбілқайыр ханды Ресей мемлекеті сияқты одақтас іздеуге мəжбүр етті. 1730 жылы жазда Əбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петербургке Сейітқұл Құндағұлы мен Құтлымбет Қоштайұлын елші етіп жіберіп, Ресей империясының бодандығына қабылдауды өтінеді. Тұтас алғанда Кіші жүздің Ресей бодандығын қабылдауының объективті негіздерін жоққа шығармай, Əбілқайырдың алысты көздейтін жеке басының менмендігін, оның барған сайын айқын көріне түскен қара басын ойлаған мүдделерін естен шығармау керек екенін атап өтеміз. Хатында Əбілқайыр хан Орта жəне Кіші жүз қазақтарымен түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап көрсетті. Еділ қалмақтарын, Қабарда княздігін, Грузин билеушілерінің жерлерін Ресей құрамына қабылдау Сыртқы істер алқасы дипломатиялық қызметінің өрісін едəуір кеңейтті. Бұл жолы да Əбілқайыр ханның елшілігіне барынша құрмет көрсетілді. Оның Құтлымбет Қоштайұлы бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды. Əбілқайырдың өтінішін қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің XVІІІ ғ. басында Қазақ хандығы туралы айтылған пікірінен белгілі. Ол: «…барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы дəл сол орданың (Қазақ хандығының) өзі ғана, осы себептен де солар арқылы барлық Азия елдерімен қатынасатын жолымыз болуы үшін қазақ ордасы Ресейдің қол астында болу керек» деген еді .Осы мақсатта ол қазақ жеріне 1713-1720 жж. бірнеше экспедициялар жібереді. Алғашқысын 1713 ж. князь Александр Бекович-Черкасский басқарды.
1715 ж. И.Д. Бухгольц экспедициясы жасақталды. І Петрдің И.Д. Бухгольцке арнаулы жарлығында оған Тобылға бару жəне онда аталған губернатордан 1500 əскери адам алып, солармен Ямышев көліне бару, онда қала жасап, аталған адамдарымен жаңадан салынған бекініс пен оның маңайына орналастыратын жерге жету міндеттелді. Осы əскери экспедиция үшін адамдар Томскіден, Түменнен, Тарадан жəне төңіректегі қыстақтардан жинап алынды. Деректерге қарағанда, 70-ке жуық əртүрлі зеңбіректер алынған. И.Д.Бухгольцтің қырдағы жүрісінен ойраттар қауіптенбеу үшін қонтайшы Цеван-Рабтанға алдын ала Сібір губернаторының арнаулы өкілдері жіберілді. 1715 жылы 1 қазанда экспедиция Ямышев көлінің жағасына жетіп, сол жерде бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланады. 1717 ж. полковник П.Ступин экспедициясы Ямышевск бекінісінің іргесін одан əрі бекітеді, 1718 ж. П.Северскийдің отряды Железинск бекінісін салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін қалайды, 1720 жылы И. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін салады. Ресей мемлекеті үшін Қазақ хандығы «Азияға кіретін кілт пен қақпа» ғана емес, ол бірнеше мың халықтың бейбіт жолмен империяға қосылуы, Ресейдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштықтың орнауы еді. Сонымен бірге Ресей қазақтар арқылы жоңғарлар мен башқұрттарға күш көрсетуге немесе əлсіретуге мүмкіндік аламыз жəне Орта Азия халықтарын бағындыруға жеңілдік туады деп есептеді.1731 жылы 19 ақпанда Ресейдің патшасы Анна Иоановна қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойды. Бұл құжатта былай жазылған: біріншіден, қазақтар патшаға берік болса жəне де салық төлеп тұруға уəде берсе, екіншіден, Ресей азаматтары қазақтарды ренжітпесе, қорлық көрсетпесе; үшіншіден, қазақтарға біреулер шабуыл жасаса, Ресей империясы оларды өз азаматтарындай қорғаса, төртіншіден, тұтқынға түскен орыс азаматтарын қайтарып, башқұрт жəне де қалмақтармен тату-тəтті боламыз деп қазақтар уəде беріп отырса, біз оларды Ресей империясының қол астына аламыз да, оның боданы деп есептейміз. Ал қазақтар, империяның боданы болған соң, өз жерлерінде Ресей бодандарына ешқандай қиыншылық жасамай, ренжітпей, тату-тəтті болуы қажет. Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 31 сəуірінде Ресей Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмəші А.И.Тевкелев бастаған арнайы елшілік жіберді. Патша үкіметі А.И.Тевкелевті қырғыз-қайсақ ордасын Ресей бодандығына келтірудегі міндеттері белгіленген Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 12 тармақтан тұратын нұсқауымен жабдықтады. Бұл құжат дипломатиялық миссия үшін іс-қимыл бағдарламасы болды. Онда Ресей елшісіне тек Кіші жүз қазақтарын ғана емес, бүкіл қазақ хандығын түгел бодандыққа өткізу міндеті қойылған еді. Нұсқауда Ресей бодандығын қабылдау мəселесінде хан төңірегінде алауыздықтар анықталған жағдайда дипломаттың еркін нұсқаулар таңдау мүмкіндігі болды. Империяның ішкі губернияларына неғұрлым жақын орналасқан Кіші жүзге дипломат жібергенде үкіметте ол жөнінде жеткілікті ақпарат болған жоқ, тек Қазақстанның солтүстік-батыс аудандары туралы Сыртқы істер алқасының кеңсесінде бəрі алдын ала алынған, шолақ сипаттағы мəлімет болды. А.И.Тевкелев дипломатиялық тəжірибені қазақ жерінде жүріп жинақтады. Нұсқауда оған қырғыз-қайсақтар туралы мəліметті жазып алу, елдің орфографиясын, халыққа бодандықтың ұнайтын-ұнамайтынын, оның көршілерінің кімдер екенін, өздері зеңбіректер құя білетін-білмейтінін зерттеу міндеті жүктелді. Осы нұсқау негізінде А. И.Тевкелев күнделік-журнал жүргізген. Белгілі тарихшы Н.Маев 150 жыл өткен соң, өзі жинаған деректер негізінде даладағы істің жайы туралы да, халықтың салты туралы да, тіпті оның тілектері туралы да сенімді мəліметтері болмай, жорамалмен əрекет еткен үкіметтің көзқарасын сын көзбен бағалады. 1731 жылы 5 қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе сайына келді. Атақты мейманды бастап жүруді Əбілқайыр хан үлкен баласы, тəжірибелі жауынгер, əкесінің қызметін түгелдей қолдаған Нұрмұхамед Əли Баһадүрге (Нұралыға) тапсырды. Алайда Ұлы даланың тілі де, əдет-ғұрпы да жақын, түсінікті болған бұрынғы татар мырзасының күрделі дипломатиялық мансабының алғашқы қадамдарының өзі көрнекті ақсақалдардың, сұлтандардың зор қарсылығына ұшырады. Олар орысқа бодандық туралы естігілері де келмеді, «ханды соқыр тиын сияқты да көрмеді» тіпті оны өлтіруге тырысқаны туралы дерек бар. Осы жағдай Əбілқайырдың Ресей патшасына елшілерді билеуші топтармен жəне халықпен ақылдаспай жібергендігін дəлелдейді. Ал Тевкелев болса өз басының пайдасын ойлап келген адам, сондықтан ол өз мақсатын орындау үшін қазақтың кейбір ақсақалдары мен билеріне мол сыйлықтар беріп, алдап-сулап əрең көндірген деп жазады тарихшы С.Асфендияров. А.И.Тевкелев күнделігіне 2 жылға жуық уақыт бойы үнемі өлім қаупіне бас тіге жүріп, аштыққа шыдап, бүкіл қабілетін жұмсап, бүкіл орданы көндіргенін жазды.Бірінші болып бодандыққа Əбілқайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 ақсақал ант берді. Сонымен қазіргі кейбір басылымдарда жазылып жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. Бодандықты қабылдаған Əбілқайыр Ресей империясының шығыс шекарасын, орыс көпестерінің сауда керуендерін қорғауға, орыс мемлекетіне əскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден салық төлеуге уəде берді. Бірақ бұл уəделердің бəрі толық орындалған жоқ. Сонымен қатар Əбілқайыр, патша өкіметінен өз ұрпағында хандық биліктің қалуын, іштен жəне сырттан қиындықтар туа қалған жағдайда, өзіне тірек жəне қорған болатын Ор бекінісін салуды талап етті. Əбілқайырдың бұл талаптарына патша өкіметі үлкен мəн бермеді, себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметініңшығыс шекарасындағы мүдделеріне қарсы келмеді. Тіптен Хан ордасы мен шекаралық аймақта бекініс салу Ресей үшін хандық бодандықты нығайтуға тиімді еді. 1731 жылы Кіші жүз бен орыс мемлекетінің арасындағы қарым-қатынас осы жылы Ресей империясының протекторатын қабылдау туралы құжатқа қол қойғаннан бастап іс жүзінде бекітілді. Бұл сонда, қандай қарым-қатынас? «Протекторат немесе қамқорлық қатынастар - бастапқыда күшті жəне əлсіз мемлекеттердің арасында ерекше құқықтар мен өзара міндеттемелер белгілейтін шартқа негізделген қатынастар. Оның мəнісі - алғашқысы кейінгісін қорғаса, ал кейінгісі алғашқысына егемендігін сақтай отыра белгілі қызмет көрсетеді» дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» деген еңбегінде. Протекторат - қорғаушы, қамқоршы, тірегі, демеушісі. Протекторатын қабылдау - күшті мемлекет əлсіз мемлекеттің қорғаушысы, қамқоршысы, демеушісі, арқа сүйегіші, тірегі болады, ал əлсіз мемлекет сол үшін белгіленген (келіскен) міндеттер атқарып отырады. Басқаша айтқанда, Ресей империясы Қазақ мемлекетін (Кіші жүзді) сыртқы жаулардан қорғап, ішкі саясатына араласпай, қазақтардың егемендігін сақтап қалуға мүмкіндік жасауға тиіс. Əбілқайыр ханның Ресей патшасына жазған хатына, Анна Иоановнаның қазақ халқына берген грамотасының мазмұнына қарап, бұл тарихи процесті Қазақстанның өз еркімен Ресей империясына кірді деп айтуға болмас. Кіші жүз басшылары Ресей империясының протекторатын қабылдауы немесе оның «боданы» болуын сұрауы тарихи факт. Алайда «бодан» (подданный) қосылу емес. Ол тату болу, бейбіт қарым-қатынас жасау, одақтасу, адал болу деген ұғымдарды білдіреді.
Əілқайыр хан Ресеймен татулыққа жету арқылы таққа талас мəселесін шешуді ойлады, яғни өзінің билікке жетуінің бірден-бір жолы деп үміттенді. Екіншіден, халықтың ұзақ соғыстан шаршағанын, экономиканың қансырағанын, орыс бекіністерінің қаптауын, орыс-казак станицаларының салынуын жəне жоңғарлар мен Еділ қалмақтарынан, Орта Азия хандықтарынан, Қытайдан келетін қауіп-қатерлерді ескере отырып, ол Ресейден бодандықты сұрауға мəжбүр болды. Дəл осы сəтте хан тағына лайықты адам «соғыс тəжірибесі мол, атағы да, абыройы да зор, өктем мінезді,
өркөкірек Əбілқайыр…» болды дейді тарихшы Ж. Қасымбаев. Ал М. Мағауиннің пікірінше: «… үш жүздің əскерлерінің бас қолбасшысы сайланып, өзінің ұйымдастырушылық дарын, қабілеті, жеке басының ерлігімен аты шыққан, оның үстіне тəжірибесі мол…Əбілқайырдың аға хандықтан үміт етуіне негізі бар еді …». Тарихшы-ғалым М.Қ. Қозыбаевтың пікірі де осы мағынамен
ұштасады. Ол: «Сол бір сəтте төре əулетінде Əбілқайырдан басқа жан жоқты. Алайда бақ таласы, тақ таласы, жүздік талас нəтижесінде бұл мақсат іске аспады. Əбілқайыр хан халық бірлігін, оның болашақ тірлігінің өзіндік жолын іздеді …» дейді.Сонымен қатар Ресей патшалығы қазақ хандықтарын түгел өзіне қарату мақсатында бұл өлкеге бірнеше экспедиция жасақтады. 1734 жылы мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Көп кешікпей оны Орынбор экспедициясы деп атады. Ол экспедицияны сенаттың обер хатшысы И. К. Кириллов басқарды. Ол өлген соң 1737 жылы Н. Татищев келді. Бұл экспедициялардың мақсаты Кіші жүз жəне Орта жүздегі ықпалды Шыңғыс ұрпақтарының бодандығын нығайту болды. 1740 жылы Орынбор бекінісіне олар қазақтың беделді сұлтандарын шақырып, Ресейге өздерінің бодандығын мойындауды талап етті. Осы жолы орта жүздің біраз сұлтандары Ресей бодандығын қабылдады. Алайда, айта кету керек, бұл жерде бодандық қабылдау туралы құжатқа қол қою рəсімі болған жоқ. Осыған байланысты айта кететін жəйт, қазақ билеуші топтарының бодандық туралы мəселеге өте селқос қарауында. Оған патшалық Ресей империясының қазақ билеуші топтарынан ант алу рəсімін жиі қайталауы себеп болды. Мысалы: Əбілқайырдың өзі үш рет ант берген. Əбілқайырдың 1742 жылы тамыздың 20-жұлдызында берген антының 1731, 1738 жылдардағы анттарының мəніндей құны болмаған. 1740 жылы Қытаймен бейбіт бітім жасасқан жоңғарлар 1741 ж. Орта жүз қазақтарының жеріне басып кіреді. Күтпеген соққыны қазақтар қайтара алмай, Кіші жүз жеріне қарай шегінуге мəжбүр болады. Əбілқайыр хан дереу Ресейден əскери көмек сұрайды. Бірақ Ресей империясы көмек көрсетпейді, өз азаматтары (подданныйы) ретінде санап, сыртқы жаудан қорғамайды. Бұл жерде Ресейдің екіжүзді саясаты көрінеді жəне де Орта жүздің Ресей протекторатын қабылдауы жай ғана сөз жүзінде қалып, ешқандай саяси мағынасы болмаған деп айтуға болады. Ресей империясы қазақ хандығының күшеюін немесе біртұтас болғанын қаламады. Себебі, ондай мемлекетті бағындыру қиын болатынын түсінді. Сондықтан Ресей қазақ билеушілерін бір-біріне айдап салу жəне түрлі сыйлықтар мен атақтар таратып өз мақсаттарына пайдалану, қазақ жерін Ресей империясының отарына айналдыру саясатын ұстанды. Ресей Əбілқайыр ханды патша үкіметіне түгелдей тəуелді ету үшін оның ұлы Қожахметті аманатта ұстады. Тарихшы С. Асфендияровтың пікірі бойынша патшалық үкімет Қазақстанға достық жəне бодандық туын желеу етіп, жыртқыштық, тонаушылық саясатты ұстанды. Патша үкіметінің Кіші жүздегі өз ықпалын күшейтуге бағытталған шаралары Əбілқайыр ханды қарсылыққа мəжбүрледі. 1744 жылы ол қарақалпақтарды шауып, Астраханнан Хиуа мен Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей қарамағындағы қалмақтарға, сосын орыс шекараларына шабуыл жасайды. Жоңғар хандығы əлсіреген кезеңде қазақ жеріне орыстар билігінің таралуына орай бұл мəселелер Əбілқайырдың Орынбор əкімшілерімен жиі өткізілген қиын келіссөздердің нысанасына айналып, егес, күтпеген түсініспеушіліктер туғызды. Осы жағдай Əбілқайыр ханның Ресей жағына қатысты бұрынғы адал жəне ізгі ниетті көзқарасының салқындауына себеп болды. Əбілқайыр ханның Ресей билеушілеріне қарсылық көрсеткені төмендегіден көрінеді. 1748 жылы Əбілқайыр ханды Орта жүздің Барақ сұлтаны өлтіргенде Ресей империясының шенеуніктері былай деп жазған: «Əбілқайыр хан қаншалық қиянат жасаса да, басқаларға қарағанда бірінші болып императордың ұлы мəртебесінің қол астына кірген еді». Осы жылы патша үкіметі Кіші жүздің хандығына Əбілқайырдың баласы Нұралыны бекітті жəне ол Петербордан Орынборға əкелген сыйлықтарға ие болды. Патша Анна Иоанновнаның атынан келген тартулар атап айтқанда, «татар жəне орыс тілдерінде жазулары бар қылыш, бұлғын тон, қара түлкілі екі бөрік, мəуіті тон …»,- дей келе, сонымен бірге қасындағы інілеріне, анасына, старшы, би т.б. сыйлықтарға «жалпы 3000 руб.- ден де көп қаржы жұмсалды …»,- дейді В. Витебский «Неплюев жəне 1758 жылға дейінгі бұрынғы құрамдағы Орынбор өлкесі» деген еңбегінде. Ресей мемлекетінің бұл ісі қазақ мемлекетінің ішкі саясатына араласуға жағдай жасау, яғни мемлекетті бостандығынан, тəуелсіздігінен айыруға жол бастау еді. Бұл жерде Ресей империясының дипломатиялық корпусы үлкен рөл атқарды. Мысалы: Бекович-Черкасский, Тевкелев тəрізді басқа ұлт өкілдерінің қазақ жеріндегі əскери-зерттеу миссиясы Ресейдің қазақ жеріне ендеп кіруіне мүмкіндік туғызды. ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары-ақ Кіші жүз жəне Орта жүз қазақтарының Ресей протекторатын қабылдағанына қарамастан, олардың бағынуы нақты болмады. Себебі, қазақ билеушілері бұл кезде жоңғар жаулаушыларымен қырғи-қабақ соғыста еді. Оның үстіне Қазақстан шекарасында күшті Цин империясының пайда болуы күрделі саяси жағдайдың тууына жəне қазақтардың Ресей ықпалынан шығып кету қаупіне əкеліп соқты. Жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне əлсін-əлсін шабуылын Ресей үкіметі тиімді пайдалануға тырысты. Осыған орай Қазақстанның осы аймақтарын Ресей бодандығында ұстау шекаралық өкімет орындарының негізгі міндетіне айналды. Ресей əскери күштері Қазақстанмен шекара аймақтарында бекіністер салуды үдетті. Ре-сей империясы ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары Қазақстанның солтүстік-батыс шекарасында Верхнеяицкіден Звериноголов бекінісіне дейін созылып жатқан Үй бекініс шебін салды. Оның ұзындығы 770 шақырым болды. 1752 жылдың жазында генерал С.В.Киндерманның басшылығымен 11 бекіністен тұратын Новоишим бекіністі шебін салу басталды. Оның жалпы ұзындығы 662 шақырым болды. Осы бекіністі шептің ең бастысы Есілдегі Петропавл болды. Бекіністі шептің басты мақсаты Үй жəне Ертіс шептерін жалғастыру болатын. Осы шептердің салыну салдарынан қазақтардан ені 50 шақырымнан 200 шақырымға дейін жететін жер көлемі алынды. Ресейдің Қазақстан аумағына экспанциясы нəтижесінде 1752 жылдан бастап Ертістің жоғарғы ағысындағы Үлбі, Бұқтырма жəне Нарын бойындағы жерлердің Ресейге қосылғаны туралы ресми түрде жарияланды. Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын барған сайын күшейтті. Шекаралық өкімет билеушісі И.И.Неплюевтің «бөліп ал да билей бер» принципіне негізделген идеялары мен жоспарлары қолданысқа кірді. Қазақ руларының Жайыққа, Жайық қалашығы мен бекіністерге жақын жерлерде көшіп жүруіне тыйым салу туралы 1742 жылы 19 қазанда жарлық шықты. Кейін ол 1756 жылы толықтырылып, түгел Жайық пен Еділ арасында қазақтарға көшіп-қонуға тыйым салынды. 1760 жылы Өскемен бекінісінен Телец көліне дейін бекіністер салына бастады.
1761 жылы Өскеменнен Зайсанға дейін Бұқтырма шебінің бекіністері пайда болды. Осы алынған жерлерді шаруашылықпен игерген кезде ғана бекітіп алуға болатынын түсінген шекаралық өкімет орындары бұл аудандарға ел қоныстандыруға белсене күш-жігер жұмсады.
ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарында-ақ Алтайға Тобыл губерниясынан 2 мың шаруа мен əртектілер көшіріліп əкелінді. Сонымен бірге шекаралық өкімет органдары қазақтарды шекаралық аудандардан ығыстырып тастау жөнінде шаралар қолданды. 1755 жылы Сыртқы істер алқасы Сібірдің өкімет орындарына қазақтар “бұлайша еркін өту олардың дағдысына айналмау үшін Ертістің оң жағына өткізілмесін”деген нұсқау берді. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 10 шақырымнан жəне орыс бекіністерінен 30 шақырымнан жақын жерде көшіп жүруіне мүлде тыйым салынды. Осылай 1730-1740 жж. Кіші жəне Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы нəтижесінде солтүстік-батыс Қазақстан жері Ресей империясының отарына айналды.
Абылай хан туралы көптеген дастандар, аңыз-əңгімелер, өлеңжырлар, тарихи деректер мен зерттеулер бар. Абылай ханды еске алғанда біз оны батыр, Орта жүздің сұлтаны, сосын Орта жүз жəне де бүкіл қазақ халқын біріктіріп, қазақ хандығын біртұтас мемлекет ретінде сақтап қалып, оның Ұлы ханы болып, өзіне қазақтың барлық хандары мен билерін-сұлтандарын бағындыра алғанын жəне де саяси қайраткер, ақылды қолбасшы, дарынды мəлімгер, күйші екенін айтқанымыз жөн. Абылай хан бүкіл өмірін қазақ халқы (қазақ елінің) бостандығы, егемендігі үшін арнады. Шоқан Уəлиханов «Қазақ жерінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманы оларда қазақтың ерлік заманы болып саналады» деп жазған еді. Абылайдың шын аты - Əбілмансұр.
1711 жылы əкесі Көркем Уəли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін өте қауіпті, ауыр кезең еді. Үш айдаһардың (Жоңғар, Қытай, Ресей) ортасында қазақ мемлекетінің жойылып кету қаупі төніп тұрды. Қытай мен Ресей жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып отырды. Ауыр «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдары Абылай 12 жасында жауынгерлердің қатарына қосылады да, 22-де батыр, қолбасшы ретінде танылады.
XVІІІ ғасырдың орта шенінде қазақ елін жаулардан қорғау үшінАбылай Ресеймен жəне Қытаймен татулық, достық қатынас сақтап, олардың қолдауы арқасында жоңғар басқыншылығын талқандауды жөн көрді. Ең ірі қауіп жоңғарлардың басқыншылығы екендігін түсінді. 1740 жылғы шайқаста Абылай қазақ жауынгерлерінің тікелей қолбасшысы болды. Қазақ əскері жоңғарларға қатты соққы берді. Жоңғарлар көп шығынға ұшырап, кейін шегінуге мəжбүр болды. Абылай қазақ əскерлерін ұйымдастырып, жауға қарсы көтеріп, басын біріктіріп, негізгі əскери күшті жинап көрші мемлекеттерге қазақ хандығы біртұтас ел екенін көрсетті. Абылай сұлтан бұл кезде қазақтарды біртіндеп жоңғар шабуылдарынан құтқарып, елдің тыныштығын, халықтың тұтастығын, мемлекеттің егемендігін, тəуелсіздігін сақтап қалуды мақсат еткен.
Бұл мақсатты іске асыру барысында ол Ресей империясының 1740 ж. Орынборда (тамыздың 28-і) сұлтан Абылай «верным добрым и послушным … и поддан-ным быть …» деп Ресей империясының өкіметіне, кейін Қытай мемлекетінің бодандығын қабылдауға мəжбүр болды. Тарихшы-ғалым Н. Мұхаметқанұлы «XVІІІ ғасырдағы Чин патшалығы мен қазақтардың қарым-қатынасы» атты мақаласында былай деп жазады: «1755 ж. Орта жүз ханы Абылай Чин хандығының елшілерін күтіп алған кезде, оларға Чин хандығына бағынышты болу ниетін білдірді: «Ұлы мəртебелі патшаның орталық ойпатты билеп отырғанын бұрыннан естуші едім, арада асқар тау, алып өзендер көп, жер шалғай болғандықтан тарту-таралғы апара алмадық. Міне, бүгін патшаның құдіреті шалғайды шарлап, Ілені сапырып, Лама дінін көркейтті. Қазақтар мен жоңғарларға тыныштық орнатылды деп қуанып отыр. Мен шын ниетіммен мəртебелі патшаға қараймын». Ал бұл туралы А.Левшин былай деп жазады: «Жауын сұсымен де, күшімен де сескендіре отыра, ол өз қалауымен біресе Ресейдің, біресе Қытайдың бодандығын қабылдауға мəжбүр болғанымен шын
мəнінде ешкімге де бой ұсынбаған тəуелсіз басшы болды». Екі ірі мемлекетпен дипломатиялық, сауда қарым-қатынастарын орнатып, кезінде жоңғарлар басып алған Алтай, Тарбағатай өңіріндегі қазақ қоныстарын қайтарып алды. Қазақтар жаппай атамекендеріне орала бастады. Жоңғарлармен күресте халықтың басын біріктіруде ерекше рөл атқарды. Абылай сұлтан өзінің шебер саясаткерлігінің арқасында Ресей мен Қытай сияқты ірі империяларды өз саясатымен санасуға мəжбүр ете отырып, іс жүзінде елдің дербестігін, жерінің тұтастығын сақтап қалды. Абылай өткір ойлы, терең білімді шешен адам болған. Бірнеше түрік халықтарының жəне де парсы, қытай, орыс тілдерін жетік білген. 1741 жылы Абылай сұлтан жоңғарлардың қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Тұтқында болған екі жыл ішінде олардың тілі мен жазуын үйреніп, жоңғар хандығының ішкі саяси жағдайын жіті бақылап, бұл мемлекеттің күштілігі - мықты орталықтанған билікке бағынуында жəне де халықтың бірлігінде екенін түсінеді. Абылай сұлтан жəне де бірге болған серіктері, барлығы отыз бес адам қалмақ тұтқынынан 1743 жылдың 5-і қыркүйегінде елге қайтып оралады. Абылайдың тұтқындағы екі жылдай уақыт ішінде өзінің қадір-қасиетін жоғалтпай жоғары ұстауы, сөз жүйесіндегі тапқырлығы мен батылдығы жауларын таңқалдырған. Қалдан Церен Абылайдың даналағына бас иіп, оған жоғары мəртебелі сый-сияпат көрсеткен жəне де «ол (Абылай) заманынан жүз жыл бұрын ерте туды, бүкіл əлемді билеу қолынан келеді» деп тегіннен-тегін айтпаған болар. Осы мəселеге байланысты орыс деректерінде былай жазылған: «Он, Аблай, от зюнгарцев с великим награждением отпущен, а именно: дана ему палатка, шитая золотом шуба, крытая парчою золотою, палатка железная складная, панцырь и прочее». Жоңғарлардың қонтайшысы Қалдан Церен «Менің ұлымды өлтірген сен бе?» - дегенде Абылай былай жауап берген екен «… балаң-ды өлтірген мен емес, халық, менің қолым халықтың бұйрығын орындаушы ғана». Бұл оқиға туралы Үмбетей жырау «Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту» атты жырында былай дейді:«Өлтірем деп Қалдан хан Орайына Шарыштың,
Сөзіне қарсы сөз айтып,
Жауаптастың, қарыстың.
Қапияда тұтылдың,
Қалмаққа бітеу жұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың,
Үш ауыз сөзбен құтылдың …»
ХVІІІ ғ. 50- жылдары Жоңғар мемлекеті саяси дағдарысқа ұшырап, əлсіреп, ыдырай бастады. Бірақ, Абылай ол елді қырып шапқан жоқ. Себебі, Қытай империясымен Қазақ елінің арасында қалқан рөлін атқарған Жоңғар хандығының мүлдем жойылуы неге əкеліп соғатынын Абылай жақсы түсінген. Сондықтан да ол қалмақ халқының Қытай басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық
күресін қолдады. Бірақ, қалмақтар ауыз бірліктен айырылды, соның нəтижесінде 1756-1757 жылдары Цин империясы Жоңғар мемлекетін жойып, халқын қырып тынды. XVІІІ ғ. орта кезінен бастап Абылай қазақ елінің ерікті, іргелі біртұтас ел болуын, атақонысына жайғасып, бейбіт еңбек етуін қалады. Ол елді отырықшылыққа көшіруді, Үш жүздің басын қосуды, туған Отанын жаудан қорғауды мақсат етті. Абылай хандық құрған кезде ханның жанында Кеңес болған. Оған барлық жүздердің өкілдері қатысып, маңызды мəселелерді қарайтын жəне де бүкілқазақтық Құрылтай шақырылып, соғыс пен бітім, қоныс
пен жайылым, дау мен дамай, басқа халықтармен арадағы сауда мен дипломатиялық қарым-қатынас мəселелері қарастырылып отырды. Ташкент, Ходжент, Сайрам, Шымкент, Созақ, Түркістан қалалары азат болған соң, яғни қазақ хандығына қайтадан қарағаннан кейін, Үш жүздің бірлігінің көрінісі ретінде ежелгі Түркістан қаласы қазақ мемлекетінің астанасы болып белгіленді.Мемлекеттің тəуелсіздігін сақтау үшін, басқыншылардан елін қорғай алатын жауынгерлік қабілеті бар əскери күш жинап, оларды басқаратын тапқыр əскер басшыларын өзінің қасына жинай білген жəне де өзінің жоғары дəрежедегі қолбасшылық қасиеті бар екенін көрсете алған. Орыс казактары салып жатқан бекініс, қамал қалалардың маңындағы жайылымды жерлерден айырылып қалмау үшін, орыс мұжықтарынан қазақтарға егіншілікті үйретуге əрекет етті. Ал сауда-саттық жүргізу ісіне көп көңіл бөлгені де орынды еді. Бұрын айырбас сауда тек Орынборда ғана жүргізілсе, енді 1760- жылдары Троицкіде, Семейде, Қызылжарда жүргізілетін болды. Ертіс өзенінің сол жағын бойлай шығысқа - Қытайға қарай «Абылай жолы» атты сауда жолы салынды. Қазақ хандығы мен Қытай арасындағы сауда-саттық биік дəрежеге көтерілді. Тарбағатай мен Құлжада жəрмеңкелер ашылып, олар қазақтарға малын, қолөнер бұйымдарын Қытай тауарларымен айырбастауға мүмкіншілік тудырды жəне Ресей мен Орта Азия мемлекеттеріне де Қытаймен сауда қарым-қатынасын орнатуға жол ашты.
1771 жылы үш жүздің өкілдері жиналып Абылайды бүкіл қазақтың ханы етіп сайлайды. Оның хан атағын Қытай императоры да, орыстың ақ патшасы да бекітеді. Ресей патшасы Екатерина ІІ Абылайды хандыққа бекіту, əйтпесе, оған əлдебір нұсқаулар беру үшін оны талай рет Петербургке, не Орынборға арнайы шақыртады, алайда Абылай хан ол шақыртуларға: «Мені үш жүзге хан қылып халқым сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір куəлік алудың қажеті жоқ»,- деп жауап берген. Шын мəнінде де Абылай ханның тұсында қазақ мемлекеті өзінің ішкі, сыртқы саясатын ешкімге жалтақтамай дербес жүргізді. Ол өз мемлекетінің дербестігін бəрінен де жоғары санады. Сондықтан, Цин империясы Жоңғар мемлекетін қырып-жойып, шауып тастағаннан бастап Абылай бірнеше елшілер жіберіп, Қытай мемлекетімен бейбіт саяси қатынас орнатуға тырысты. Қытай империясы бірнеше қайтара шапқыншылық жасап, қазақ жерін жаулап алмақшы болды. Қытай мемлекетін жеңу оңай емес екенін түсінген Абылай хан онымен бейбіт келісімге келіп, сауда-саттыққа жол ашып, оны Ресей империясына қарсы қолданған. Қытаймен бейбіт қарым-қатынасты өрбіте отырып, Абылай Ресеймен де қалыптасқан саяси жəне экономикалық қатынасты үзбеген. Ресей империясы қазақ жерінің шекарасына бекіністер, қамал-қалалар салып, оларды орыс казактарымен толық жайғастырып жатқанда жəне де Жайықтың, Ертістің тағы басқа өзендердің жағасына қазақтар малын жаюына тыйым салу жөніндегі жарлықтарын шығарғанда Ресеймен жағдайды шиеленістіруге бармай, мəселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысты. Ресей патшалығының отаршыл, басып алу саясатының құрбаны болу қаупі тұрғанын сезді.
XVІІІ ғ. 70- жылдары Түркістан аймағында тұратын қазақтарды қырғыздар шауып, мал-жандарын айдап əкетіп отырады. Қазақтар Абылайдан өздерін қорлықтан құтқарып, қорғауды талап етеді. 1779 жылы Абылай əскерлері қырғыздарды талқандап, басшысы - Садырбаланы тұтқынға алады. Қырғыздар келісімге келіп, бітім жасауды өтінеді. Сосын, Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ қалалары босатылады, ал 1781 жылы Ташкентті бағындырады, оны алым-салық төлеп тұруға міндетті етеді. Абылай хан «… өзі əулет басы ретінде рубасыларының ғұрпы бойынша өмір сүру үшін Түркістанда қалды. Сонда 1781 жылы дүние салып, мүрдесі Қожахмет Яссауидің мешіті алаңына жерленді»,- дейді Ш. Уəлиханов.
Абылай хан мемлекеттің, қазақ халқының жағдайын шұғыл түзеді. Абылай кезеңі тарихта ең бір елеулі кезең болды. Жау қуылды, халық өз жерінде емін-еркін тұрмыс құрды, бірлікке, ұйымшылдыққа негізделген хандық билігі құрылды. Солай бола тұрса да Абылай хан көзі тірісінде қазақ елінің мемлекетінің тұрақты болуының тарихи жағдайын жасап үлгермеді. 1781 жылы Абылай хан дүние салғаннан кейін еліміздің тұтастығы ыдырап, Қазақстан тəуелсіздігінен айырыла бастады. Абылай хан - XVІІІ ғасырдағы тарихымыздың аса ірі тұлғасы.
Ол туралы орыс ғалымы А. Левшин былай дейді: «Абылай тəжірибесі, ақыл-айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны, күші жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың боғда ханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын өз тұсындағылардың бəрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына мінəйім мінезді, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді». Бұл жерде Абылай ханның XVІІІ ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшілеріміздің бірі екенін айта кеткен жөн болар. Себебі, қазақ қоғамында күйдің алар орны айрықша, ең мол дерек көзі күй тілінде жəне күй аңыздары түрінде сақталған. Абылай ханның күйлерінің тақырыбы нақтылы өмір құбылыстарына арналған жəне де ел қамы мен халық тағдыры жөнінде толғанған ойларын сипаттайды. Абылай ханның күйлері туралы Ш. Уəлиханов, А. Затаевич сияқты ғалым зерттеушілер кезінде жазған. Олар: «Ақ толқын», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Қайран елім», «Қоржын қақпай», «Жетім торы» т.б. «Бұл күйлердің бəрі күні осы уақытқа дейін Абылай ұрпақтарына сонау бір даңқты кезеңдерді елестетеді» дейді Ш.Уəлиханов. Абылай ханның алға ұстаған саясаты, мақсаты - қазақ халқының бостандығы мен бірлігі, мемлекеттігі мен тəуелсіздігі еді. Алайда ол дүние салғаннан кейін қазақ мемлекеті қайта бөлшектеніп ыдырай бастады. Ресей империясы қазақ жерін отарлауды қызу қолға алды. Оны іске асыру əртүрлі жолдармен іске асты, яғни əскери шеп бекіністер салу, қазақ жерін тартып алу, хандық билікті жою, рухани отарлау жəне т.б. Абылай кезінде қазақ хандығының саяси жəне экономикалық жағдайы жақсарды. Қазақ халқы бірлікке, тəуелсіздікке, бейбіт өмірге ұмтылды.
Абылай сұлтан болған кезінде ақыл-айласымен, сабырлы салмақтылығымен маңайына Төле би, Əйтеке би, Қазыбек би, Байдалы би, Сасық билерді, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жəнібек, Шапырашты Наурызбай т.б. батырларды, Бұхар жырау, Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау сияқты сыншы-жырауларды топтастыра білді. Абылай ел арасында аса зор беделге ие болған. Қазақ халқының басқа халықтармен терезесі тең дамуы үшін жан аямай арпалысқан хан. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Абылай деген ат тəуелсіздік, бостандық, бірлік, ерлік, азаматтық, мемлекеттік тəрізді ұғымдармен бірге айтылатын болды.
ХVІІІ ғасырдың 30- жылдары Кіші жүзді өзіне тəуелді еткен соң патшалық Ресей біртіндеп қазақ даласындағы отарлау саясатын тереңдете бастады. Оның барысында елдің шаруашылығы күйзеліске ұшырап, саяси жағдайлар шиеленісе түсті. Мұның барлығы Қазақстанның əр өңірінде халықтың наразылығын тудырып, көтеріліске шығуға итермеледі. Ал, Кіші жүз өңірінде қалыптасқан жағдайлар қазақтардың Е. Пугачев бастаған көтеріліске қатысуына себеп болды. Өзін “ІІІ Петрмін” деп жариялап, лақап ат жамылған Е. Пугачев пен оның төңірегіндегілер қазақ даласында болып жатқан мəселелерден біршама хабардар еді жəне олар қазақтардың көтерілісті қолдайтынын түсінген болатын. Сондықтан, ол жағдайларды өз мүддесіне пайдалануға тырысып, 1773 жылдың 6 кыркүйегінде қазақтарға «қамқор» болатынын білдіріп манифест жазып, 200 адамнан тұратын қазақ жасақтарын жіберуді сұрайды. Пугачевтың жазған мұндай үндеулері қазақтар арасынан біршама қолдау тапты.Осыдан кейін, кыркүйектің 20-сына қарай Нұралы хан 1000-ға жуық қазақ жасағымен Жайық қалашығының жанына келеді, бірақ,
Пугачевқа көмек көрсетуден тартынып, көп ұзамай кері қайтып кетеді. Пугачев 1773 жылдың 20 қыркүйегінде қазақтарға арнап тағы да манифест жазады. Одан соң, Пугачев Жайық қалашығына шабуыл жасап оны ала алмайды да, онда аз ғана отрядын қалдырып, негізгі күшін алып Орынборға қарай кетеді. Жол бойында Чернореченск, Татищев бекіністерін басып алады.Қазақ жасақтары Жайық қалашығына, Озерная, Сахарная, Кожехаров, Красногор дистанциялық бекіністеріне шабуылдар жасайды. 1773 жылдың 5 қазанында Пугачевтың көтерілісшілері Орынборды қоршауға алған тұста Досалы сұлтан бастаған қазақ жасақтары Пугачевтың өтініші бойынша Орынборды қоршауға
алуға қатысады. Досалы сұлтанның үш баласы Пугачевты қолдап көтеріліске қатысқан болатын. Орынборды қоршау 5 айға созылып, оның барысында 2000-дай қазақ жасағы қолдау көрсетті. 1774 жылдың тамыз айында старшын Дайыр сұлтан бастаған 50 қазақ жасағы Пресногорьков бекінісін шабуылдады. Құлсары батыр бастаған қазақтар редутке шабуыл жасап, оған старшындар Алғабай, Итек жəне Дəуітбай тархан қатысты. Пугачев көтерілісіне қазақтардан басқа башқұрттар, қалмақтар, т.б., қатысқан еді. Бұл көтерілісті басуға патша əкімшілігі жақсы қаруланған жазалаушы əскер жіберді. Жазалаушы əскер Қазан
маңында көтерілісшілерді басып-жаншыған соң, Пугачев бастаған көтеріліс жеңіліс тапты. 1775 жылдың көктемінде жазалаушы əскер көтеріліске қолдау көрсеткен қазақ ауылдарына шапқыншылықтар жасады. Бұған шыдамаған қазақтар далаға ішкерілей көшіп кетіп, бас сауғалайды. Ал, 1775 жылдың жазына қарай Кіші жүз өңірінде «Көрінбейтін адам» немесе Көктемір туралы аңыз тарайды. Бұл аңыздың таралуы барысында күйеуі Сейдалы сұлтанның қолдауына сүйенген Сапура Мəтенқызы «Көрінбейтін адам» атынан үндеу таратып, жанына жасақ жинап, күзге қарай көтеріліске шықты. 1776 жылдың көктемінде Сейдалы сұлтан бастаған көтерілісшілер отряды жазалаушы əскердің құрамында болған башқұрттарға шабуыл жасады. Сапура Мəтенқызы бастаған көтерілістің өрістеуі барысында оған қатысушылардың саны 10 мыңға дейін жеткен болатын. Көтерілісшілер Гурьев пен Кулагин бекінісінің аралығындағы жерлерге топтасып Ресейге қарсы күресуді ойластырады. Жоғарғы Орал, Ор, Елек, Орынбор бекіністеріне шабуылдар жасайды. Бірақ, уақыт өте келе көтерілісшілер арасында өзара келіспеушіліктер туындап, Досалы сұлтан Ресейді қолдап кетеді. 1776 жылдың жазында жазалаушы əскердің күшімен көтеріліс аяусыз басып тасталды. Сапура Мəтенқызы бір топ жақтастарымен далаға ішкерілей ене отырып, жасырынуға мəжбүр болады. Бұл көтерілістерден кейін, патша өкіметі 1775 жылы жергілікті басқару ісіне қайта ұйымдастыру жүргізді. Орынбор губерниясы таратылды.
Кіші жүз жəне Орта жүз аумағының бір бөлігін Симбирск жəне Уфа генерал-губернаторлықтарының құрамына берді. Орынбордың обер-комендантына Кіші жүздегі патша əкімшілігінің жергілікті мекемелерінің іс-шараларын тікелей жүргізу тапсырылып, ол үшін Шекара істері комиссиясы құрылды. Патшалық үкімет орындары қазақ сұлтандарын өзінің сенімді тірегіне айналдырып, олардың көмегімен қазақтардың толқуларын болғызбауға ұмтылды. Өз тарапынан Нұралы хан мен сұлтандар патша үкіметіне адалдығын дəлелдеуге бар күшін салды. Патшалық үкімет орындары сыйлықтар үлестіру, айлық тағайындау, шен беру жолымен дала аристократиясымен одақты нығайтуға ұмтылды. Кіші жүз жерлеріне салынған бекіністердегі казак-орыс əскерлеріне жергілікті халық есебінен жер бөлініп беріле бастады. Бұл жағдай жайылымдық жерлердің тарылып, мал шаруашылығының күйзеліске ұшырауына алып келді. Сонымен қатар, бекіністерге орналасқан казак-орыстар қазақ ауылдарына шабуылдар жасап, малдарын айдап, адамдарын байлап əкетіп отыратын болды. Орынбордың əскери губернаторы Н.Вахметьев патшаға жазған мəлімдемесінде: «Шеп бойындағы барлық бастықтардың қолдауымен рұқсат етілген жазалау шаралары қазақтарды аздырып-тоздырып, талан-таражға ұшыратуы сондай, барымта деп алынған малдың мыңынан жүзі иесінің қолына қайтып тимейді. «Шекараға жете алмай өлді» деген сылтаумен мал барымта басшысының т.б. қолында қалып отырды. Сөйтіп осы жаман əдет арқылы дүние-мүлік жинап, байып алғандар көп»,- деп көрсетеді. «Шекара барымтасы» деген шабуылдар бүкіл бекініс линияларының бойында қолданылып тұрған. Мұндай шабуылдар кейде тіпті ойдан шығарылған сылтаулар арқылы да жасалған, оның ұйымдастырушылары Жайықтағы казак-орыс əскерінің атамандары. Бұл шабуылдардың көп болатын себебі, шабуылға қатысқандар олжа түсіріп, ауқаттанып отырғандығын Орынбор əкімшілігінің өзі де мойындайды. Бұл келеңсіз құбылыстарға қоса хан мен патша үкіметінің салған түрлі салықтары, көрсеткен зорлық-зомбылықтары халықты əбден титықтатқан еді. Патшалық Ресейдің жергілікті əкімшілік орындарына арқа сүйеген Нұралы хан мен оның туысқан сұлтандары 70-жылдардың екінші жартысында халықты қанауды күшейтті. Нұралы хан Кердері руынан бір жылда - 100 жылқы, Тама руынан - 60 жылқы, Табын руынан - 50 жылқы тартып алған. 1782 жылғы жарлық бойынша қазақ ауылдарының Жайықтан өтуіне хан шекаралық үкімет органдарынан рұқсат алғаннан кейін ғана жол берілді. Нұралы мен оның ең жақын туыстары қоныстарға билік ету құқығын пайдаланып, қиянат жасады, Орал казак əскерлерінің старшиналарымен сөз байласты. Əскери старшиналар өзеннен өткені үшін ақы төлемеген ауылдарды тонады, ал қазақтарды тұтқынға алып, айдап əкетті. Сол кезде хан мен оның жақындастары тұтқындарды сатып алу үшін халықтан қаражат жинады. Бұл қаражат Орал əскерінің старшиналарымен бөлісілді. Сөйтіп, “тұтқын іздеу” қаржысы ханның, шекаралық əкімшілік пен казактардың үстем топтарының тұрақты табыс көзіне айналды. Осындай əлеуметтік-саяси себептер С.Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының көтеріліске шығуына негіз болды, Яғни, 1783 жылдың көктемінде Жайық казактарының қазақтардың 4 мыңнан аса жылқысын айдап əкетуі елдің ішіндегі жағдайды одан əрі шиеленістіріп, көтерілістің басталуына əкеп соғады. Көтеріліс алғаш Кіші жүздің батыс өңірін Тама руын қамтып, кейін Орал мен Жем өзендерінің арасына қоныстанған басқа да руларға таралды. Көтеріліске елге жастайынан ақылдылығымен, шешендігімен танымал болып бала би атанған халық арасында беделі зор, ықпалы күшті Байбақты руының старшыны С.Датұлы жетекшілік жасады. 1783 жылы көтерілісшілер қазақ ауылдарына шабуыл жасаған казак-орыс атамандарының бірі Чагановтың отрядын талқандап, оның өзін тұтқынға алып, кейін Хиуа хандығына құлдыққа сатып жібереді. Осы жағдайдан кейін көтерілісшілерге қарсы Орал қаласынан əскер шығып, 1783 жылдың желтоқсанында күтпеген жерден С.Датұлын қолға түсіреді. Бірнеше ай түрмеде отырған Сырымды құдасы Нұралы хан 1784 жылы кепілдікке 70 жылқы, 350 рубль ақша төлеп босатып алады. 1784 жылдың мамырында елге оралған Сырым өз жасағымен Орал əскерлеріне қайта шабуыл бастайды. Бірақ, оның бұл əрекеті Нұралы хан тарапынан қолдау таппайды. Нұралы оған керісінше қарсы болып, көтерілісті басуға əкімшіліктен қосымша əскер жіберуді сұрайды. Нұралы ханның бұл ісіне риза болмаған Сырым, онымен араздасып, енді көтеріліс тек Жайық казактарына ғана емес, Əбілқайыр əулетінен шыққан хан мен сұлтандарға да қарсы бағытталады. 1784 жылы көтеріліске Байбақты, Табын, Шекті, Шеркес руларының адамдары да қатысты, кейін көтеріліс одан əрі қанат жайып - Барақ, Тіленші, Оразбай, Айшуақтың баласы Жантөренің иеліктерін, Жоғарғы Орал бекінісі мен Елек қалашғына дейінгі аралықты қамтыды. 1784 жылдың күзінде көтерілісшілердің саны 1000 адам болса, 1785 жылы Сырым батырдың жасағында - 2700, Барақ батырда - 2000, Тіленші батырда - 15000 адамға жеткен. 1785 жылдың көктемінде Сырымның жасағы Антоновск форпостына, Сахарная қалашығына, Орал бекіністеріне шабуылдар жасап, оларға көп шығын келтіреді. 1785 жылдың наурызында көтерілісті басуға Орынбор қаласынан Елек өзенінің жоғарғы ағысын бойлай генерал-майор Смирновтың отряды, Сарайшық бекінісінен Пономарев пен Колпаков басқарған Жайық казактары аттанады. Бұл отрядтар көтеріліске қатысушы ауылдарға ойран салып, тонап, Қаракөл маңындағы ауылдардан 112 адамды тұтқындап алып кетеді. Майор Назаровтың отрядына Сырымға көмекке келе жатқан Айшуақтың баласы Аппақ бастаған сарбаздар қарсылық көрсетіп, осы шайқаста Аппақтың өзі де ерлікпен қаза табады. Назаровтың отряды Табын руының ауылда-рына шабуыл жасаған кезде Айшуақтың екінші баласы Жантөрені соққыға жығып, балалары көтеріліске белсенді қатысқаны үшін Айшуақ сұлтанды тұтқындап, 2124 жылқысын қоса айдап кетеді. Осыдан Айшуақ 1787 жылға дейін түрмеде отырады. Айшуақ сұлтанның тұтқындалып, балаларының біреуі өліп, біреуінің соққыға жығылуы, старшындардың патша əкімшілігіне бағынбауы, Кіші жүз руларының көпшілігі Нұралы ханды мойындамай көтерілісшілер жағына шығуы, хан билігінің дəрменсіздігін, дағдарысқа ұшырағандығын байқатты. Бұл жағдай Ресей өкіметін де қатты ойландырды. Енді олар Кіші жүз старшындарымен тікелей
байланыс жасау жағын ойластырады да, генерал-губернатор О.А.Игельстром Орынбор шекаралық комиссиясында қызмет істейтін ахун (ахун - мұсылмандық діни лауазым) М.Құсайыновты елшілікке жібереді. Елшіліктің алдына: көтеріліс жасаушы рулардың старшындарымен тікелей байланыс орнату, көтерілістің себептерін анықтау, көтерілісшілердің қоятын талаптарын білу, көтеріліс тоқтатылса берілетін жеңілдіктерді түсіндіру сияқты т.б. міндеттер жүктеледі. Кіші жүздегі жағдаймен танысқан Құсайынов, 1785 жылдың жазында көтерілісшілер мен старшындардың қатысуымен өткен жиналыста патша əкімшілігінің қоятын талаптарынан хабардар етеді. Ал көтерілісшілер өз тарапынан патша əкімшілігіне мынадай талаптар қояды: 1) Еділ мен Жайық арасындағы қоныстарды қайтару; 2) Орал казак-орыс əскерлерінің жазалау отрядтарын жіберуді тоқтату; 3) Нұралы ханды тақтан түсіру. Елшіліктен қайтып келген М.Құсайынов патша ІІ Екатеринаға көтерілісшілердің талаптарын ескертіп, хабарлама жолдайды. 1785 жылдың күзінде тағы да старшындар мен көтерілісшілер қатысқан жиналыс өтіп, оған қатысушылар Нұралы ханды тақтан түсіру жөніндегі шешімдерін күшінде қалдырып, бұдан былай оны хан ретінде мойындамайтындықтарын білдіреді.
Орынбор генерал-губернаторы арқылы осы жағдайлармен танысқан патша ІІ Екатеринадан “кіші жүз үш бөлікке бөлініп, билер мен сұлтандар арқылы басқарылсын” деген нұсқау келеді. Осыдан кейін генерал-губернатор О.А.Игельстром Кіші жүзді басқарудың империялық басқару жүйесіне жақын жобасын жасайды. Оның жобасы бойынша Кіші жүздегі хандық билік жойылып, елді басқару Орынбор шекаралық сотына беріледі, ол генерал-губернаторға бағындырылады. Тарихта «Игельстром реформасы» деген атпен
қалған бұл реформа, жалпы империядағы саяси жағдайға байланысты жəне жергілікті жерде түрлі қарсылықтарға ұшырап, толықтай іске аспайды. Билер мен сұлтандардың Сырым бастаған бөлігі болмаса, барлығы бірдей хандық биліктің жойылуын қолдамаған еді. Хандық билік жойылғанмен, патша əкімшілігі Кіші жүзде өздеріне тұтастай тəуелді басқару жүйесін құра алмады. Бұл реформаның бір пайдалы жағы, оны жүргізу барысында Жайық казак-орыс əскерлерінің қазақ ауылдарына шабуыл жасауына тыйым салынды. Қазақтарға Еділ мен Жайық аралығындағы жерлерге көшіп-қонуға мүмкіндік беріліп, Жайықтан өтуге 45 мыңнан аса шаруашылығы бар 17 ру басы рұқсат алады.
«Игельстром реформасы» - толық нəтиже бермеген соң, патша үкіметі хандық билікті қалпына келтіру мақсатында енді сұлтандармен арадағы одақты нығайтуды көздеді. О.А.Игельстромның орнына жаңа тағайындалған генерал-губернатор А.Пеутлинг Нұралының інісі Ералымен байланыс жасап, қазақ қоғамына қатысты қатал саясат ұстанды. Губернатордың саясатына сəйкес Жайық казак-орыс əскерлері қазақ ауылдарына шабуылдарын қайта үдетті. Старшындарға қарсы саясат жүргізіп, олардың билігіне шек қоя бастады. 1790 жылы Орынборға барған билер мен старшындар қамауға алынады. Осы жылы Уфа қаласында Нұралы хан қайтыс болып, орнына билер мен ру басылары жиналып Есім сұлтанды Кіші жүздің ханы етіп сайлайды. Бірақ патша əкімшілігі бұл сайлауды мойындамай, хандыққа Ералыны ұсынды. 1791 жылы күзіне қарай генерал-губернатордың қатысуымен Ор қаласының жанында өткен жиналыста билер мен ру басыларының шешіміне қарамастан Ералы хан сайланды. Ералының хан сайлануы ел ішінде наразылық тудырып, стихиялық бас көтерулер байқалды. С.Датұлы Кердері жəне Табын руларының старшындарына хат жазып, ауылдарды Мұғаджар тауларына көшіру керек екенін жəне өзінің патша үкіметіне қарсы күреске шығатынын хабарлайды. Бірақ оның пікірі старшындар арасынан қолдау таппайды. Оған қарамастан азаттық күресі жалғасып, негізінен шекара өңіріндегі руларды қамтиды. 1792 жылы қыркүйекте Сырым бастаған көтерілісшілердің Елек қаласына жасаған шабуылы сəтсіз аяқталады. 1794 жылы Ералы хан қайтыс болғаннан кейін патша үкіметі жаңа хан сайлауға біршама ойланып барып, 1795 жылы Нұралының баласы Есім хандыққа сайланады. 1795-1796 жылдардағы ауа райының қолайсыздығы Кіші жүз халқының шаруашылығын күйзелтіп кетеді. Оған қарамастан Есім хан түрлі салық жинауды тоқтатпайды. 1797 жылы О.А.Игельстром Орынбор генерал-губернаторлығына қайта тағайындалады. Осыдан кейін Сырымның Есім ханға қарсы қозғалысы басталады. 1797 жылы наурыздың 26-нан 27-не қараған түні көтерілісшілер Краснояр бекінісінен 5 шақырым жерде Есім ханды өлтіріп, ауылдарын тонап кетеді. Бірақ, ханды өлтіруге Сырым өзі қатыспайды. Хан өлімінен кейін патша үкіметі көтерілісшілермен күресудің дұрыс əдісі Сырымды тұтқындау деп есептейді. Онымен ғана шектелмей амалдар іздестіріп, Кіші жүзде хан кеңесін ұйымдастырады. Ол кеңестің басшылығына Айшуақ сұлтан, кеңес мүшелігіне алты старшын жəне патша үкіметінің өкілі Құсайынов сайланады. 1797 жылы та-мыз айында хан кеңесі шақырылып оған 1000-ға жуық адамы бар Сырым Датұлы да келеді. Осы кеңесте Сырым: “Кіші жүз халқының жағдайының ауырлығына жəне хан кеңесінің құрылуына байланысты күресті тоқтатамын”,- деп мəлімдеме жасайды. Одан соң ол хан кеңесінің құрамына сайланады. 77 жастағы Айшуақ сұлтанды 1797 жылы қазан айында патша үкіметі хан етіп тағайындайды. Осылайша, 1783 жылдан 1797 жылға дейін 14 жылға созылған Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс халықтың босқа қырылмауы, ел ішінде тыныштық сақтау мақсатында тоқтатылады. Көтерілістің қозғаушы күші - халық болды. Оған билер мен батырлар, старшындар мен ру басылары да,
қарапайым шаруалар да қатысты. Ресей отаршыларының жүргізген құйтырқы саясатының нəтижесінде хандық билік дағдарысқа ұшырады. Сонымен қатар патшалықтың отарлау саясатының одан əрі тереңдей түсуі, орыс-казак əскерлерінің қазақ жерлерін тартып алуы дəстүрлі шаруашылыққа үлкен нұқсан келтірді, қоныстар мен жайылымдық жерлерді тарылтты. Сондықтан, көтерілісшілер негізінен екі үлкен мəселені қойды: бірі дербес саяси хандық билікті, екіншісі қазақ жерінің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету. Қорыта айтқанда, Е. Пугачев бастаған көтеріліске қазақтардың қатысуы, Сапура Мəтенқызы мен Сырым Датұлы бастаған көтеріліс қазақ тарихында Ресей империясының отаршылдық саясаты мен жергілікті билеуші топ өкілдерінің езгісіне қарсы бағытталған маңызы зор азаттық қозғалыстың бірі болды.