Лекциялар жинағы алматы ерте және орта ғасырлардағЫ Қазақстан


XVI-XVIII ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ



бет27/40
Дата08.12.2023
өлшемі0,56 Mb.
#135208
түріЛекция
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   40
Байланысты:
Kazahstan taryihy -2022-2023

XVI-XVIII ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ЖƏНЕ ƏЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР



  1. XVI-XVII ғғ. Қазақ хандығы

  2. Қазақ хандығын нығайту жолындағы Тəуке ханның қызметі.

  3. Жоңғар мем­ле­кеті және оның қазақ жеріне жасаған шапқын­шы­лығы

  4. XVI-XVII ғасыр­лардағы Қазақ хан­дығының әле­уметтік- эко­номи­калық және мәде­ни да­муы

XVI ғасырдың басында нығайған Қазақ хандығының жағдайы аталмыш ғасырдың 20-жылдарынан бастап əлсірей бастады. Қазақ хандығын нығайтуға жəне күшейтуге қажырлы қайрат жұмсаған Қасым хан қайтыс болғаннан соң оның мұрагерлері арасында өкімет билігі үшін ішкі талас пен қырқыстар туды. «Тарихи Рашидидің» авторы Мұхаммед Хайдар Дулати айтқандай: «Қазақ сұлтандары арасында дау-шар басталды». Қасым ханның баласы Мамаш əкесінің орнына хан болып, бірақ көп ұзамай өзара қырқыстың бірінде қаза тапты. Бұдан соң 1523-1533 жж. Қасымның немере інісі Тахир хан болды. Бірақ оның ел билеуге қабілеті төмен, əскери-саяси жəне елшілік істерге олақ адам еді. Ол феодалдық қырқыстарды тыя алмады, көрші елдердің көпшілігімен: Шайбани əулетімен, Ноғай Ордасымен жəне Моғолстан хандарымен де жауласты. Бұл соғыстарда қазақтар жеңіліп, Қазақ хандығы оңтүстіктегі жəне солтүстік-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда ғана сақталып қалды. Тахир хан Жетісуға қашып барып Моғолстан ханына қарсы қырғыздармен одақ жасасты. 1527 жылдан кейін ол көбінесе қырғыздарды биледі, ойрат-жоңғарлардың Жетісуға жасаған шабуылына қарсы күресті. Мемлекеттік билік құлдырап, мемлекеттің шекара аумағы қысқара түсті. Тахир ханның өлімінен кейін оның інісі Бұйдаш (1533-1534 жж.) қазақ-қырғыз бірлестігінің басшысы болды. Жетісу өңіріне билік еткен ол қазақтардың бір бөлігін ғана билеген. Оның тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ. ХVІ ғасырдың


30-жылдарында Бұйдаш ханмен қатар өзге де қазақ хандары, мысалы, Қазақстанның батыс өңірінде Ахмет хан, Жетісуда Тоғым хан болған. Міне, бұл жағдай Қазақ хандығының феодалдық бытыраңқылыққа ұшырағандығын көрсетеді. Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға жəне күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан əрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу əрекетіне тойтарыс берді. Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болып жатты. Мемлекеттің солтүстігінде Ресей өз иеліктерін қазақ даласына едəуір жылжытты. Қазан мен Астраханьды басып алғаннан кейін Еділ өзенінің барлық аңғары Ресейдің қол астына кірді. Башқұрт жəне Сібір хандықтары Ресей құрамына енгеннен кейін, ноғайлар Қазақ хандығының солтүстік-шығысына ығыса бастады. Олар Еділден Ертіске дейінгі аралықта көшіп-қонып жүрді. Башқұрттар мен Сібір татарлары да қазақ жерлеріне енуін тоқтатпады. Сырдарияның төменгі ағысына қарақалпақтар келе бастады. Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай одағы ыдырап, ауыр дағдарысқа тап болды. Оған қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлігі Қазақ хандығына келіп қосылды. Хақназар Ноғай Ордасының көп ұлысын (бұлардың көбі қазақтың Кіші жүзі - алшын одағына енген тайпалар) өзіне қаратып алды.
Тарихи деректерде Хақназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған. Сөйтіп, ХVІ ғасырдың 60-жылдары Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары жəне олардың этникалық аумағы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да Қазақ хандығына өтті. Бұл жағдай Қазақ хандығының солтүстік-батыс жəне солтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай Ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің Қазақ хандығына қосылып, енді бір бөлігінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын Қазақ хандығына жақындата түсті. 1563 жылы Сібір хандығының билігіне келген Көшім хан Қазақ хандығына дұшпандық саясат ұстанды. Оның үстіне моғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар болып тұрды. Осындай күрделі жағдайларда Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мəуераннахрдағы шайбани əулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Сөйтіп, шайбанилық Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен одақтық келісім-шарт жасасты. Соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы жиіледі. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, шаруашылық өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы нығая түсті. Бірақ Хақназар ханды 1580 жылы Абдолла ханның қарсыласы Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын өзінің адамын жіберіп өлтіртті. Қадырғали Жалайырдың айтуынша «Оның да атағы мен абыройы туралы көп айтылады. Алайда Хақназар хан өз араларында болған қақтығыстарда қаза болған». Хақназар хан қаза болған соң оның орнына Жəдік сұлтанның баласы Жəнібек ханның немересі Шығай 1580-1582 жылдары хан болды. Ол бұл кезде сексен жаста болғанымен, қазақтардың ішінде беделді хан болды. Оның өміріне қатысты мəліметтер тарихта аз сақталған. Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар хан ұстаған бағытты жалғастырды. Ол Шайбани мұрагерлерінің арасындағы қақтығыстарды қазақ мемлекетін нығайту мақсатында ұтымды пайдаланды. 1582 жылы Бұхара ханы Абдолла қазақ ханы Шығай жəне оның баласы Тəуекел сұлтанмен күш біріктіріп, Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығын ұйымдастырды. Баба сұлтан
жеңіліп, Дешті-Қыпшақ даласына қашты, өзбек, қазақ əскерлері Баба сұлтанды Сарысуға, Ұлытауға дейін қуды. Шығай хан сол жорықта қайтыс болды. Түркістанға қайтып келе жатқан Баба сұлтанды Тəуекел сұлтан өлтіріп, басын Абдоллаға əкеледі. Қас жауын жойғанға риза болған Абдолла хан Тəуекелге Самарқан өлкесіндегі Африкент уəлаятын тарту етті.1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тəуекел (1582-1598 жж.) отырды. Тəуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ жəне өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тəуекел ханның бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла əуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уəдесінен бас тартады, екіншіден, біздің
ойымызша, басты себеп - Абдолла Тəуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тəуекел ханнан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді. Өйткені кезінде бүкіл Мəуераннахрды Тəуекелдің көмегімен Шайбани мемлекетінің қол астына біріктірген болатын. Тəуекел хан да Жошы ұрпағы болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды. Тəуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш салады. Ендігі жерде ол Сыр бойын-дағы қалалар үшін Абдолламен күресті бастайды. 1586 жылы Ташкентті алуға əрекет жасайды. Абдолланың негізгі күштері Мəуераннахрдың солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тəуекел хан Мəуераннахрдың оңтүстік аймақтарына шабуыл жасайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына қауіп төндіреді. Бірақ Тəуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сəтсіз аяқталады. Тəуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту ба-рысында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын одақтастар іздеді. 1594 жылы Тəуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Тəуекел ханның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру жəне 1588 жылы орыс əскерлері ұстап əкеткен өзінің немере інісі, Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында қазақтың əйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді. 1595 жылы елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс патшасы Тəуекел ханға Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына алатынын» жəне «оқ ататын қару» жіберетінін уəде етті. Сонымен бірге мынадай талап қойды: «Біздің патшалық қоластымызда болғандықтан жəне біздің патшалық əміріміз бойынша Бұқара патшасымен жəне бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мəртебелі патшамызға жол салатын боласыздар».
Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен əскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тəуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мəскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нəтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды.Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тəуекел ханға тəуелді болды. Сондықтан ол өзінің Мəскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады. 1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Абдылмомын əкесіне қарсы шықты. Осы қырқысты пайдаланып, Тəуекел Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның əскерін талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан болды. Осы орайды пайдаланған Тəуекел хан жүз мың əскермен Мəуераннахрға басып кіріп, Ахси, Əндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде Тəуекел хан
ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды. Сөйтіп, ол өз мемлекетінің солтүстік-батыс шекарасындағы бейбіт жағдайды жəне Орта Азиядағы шайбанилықтардың алауыздығын, бұл əулеттің Аштарханилықтардың жаңа əулетімен ауыстырылғанын пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты тəмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нəтижесінде Шайбани əулеті өмір сүруін тоқтатады. Тəуекел Орта Азияға жорығында тек қарулы күшке емес, Орта Азия халықтарының белгілі бір əлеуметтік топтарына сүйенді. Атап айтқанда, Тəуекел ханды дін иелері қолдады. Сонымен бірге Ескендір Мұңшы Тəуекел əскерінің құрамында «Түркістан тайпаларының жəне қырдағы өзбектердің» жауынгерлері болғанын айтады. Жалпы, Шайбани ұрпақтарының өзара қақтығыстарынан шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тəуекел ханды қолдады десек қателеспейміз. Өйткені Шайбани тармағынан тараған Жошы ұрпақтарының өзі Мəуераннахрда Шайбани əулетін қазақ хандарының əулетімен алмастыруға ниет білдірген. Өкінішке орай, Мəуераннахр қазақ хандарының қолына толығымен көшпеді. Сөйтсе де, Ташкент жəне оның аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды. Шайбанилар əулетінің орнына келген Аштархани əулеті XVII ғасырдың алғашқы онжылдығында Түркістан, Ташкент, Ферғана қалаларын қайтару үшін жорықтар жасады. Олар тек Ферғана қаласын қайтара алды. Ташкент, Түркістан, яғни Сырдария орта ағысының екі жағасындағы отырықшы-егіншілік аудандардың Қазақ хандығының құрамына енуі, Қазақ хандығының экономикасына, қоғамдық жəне саяси құрылысына күшті ықпал етті, Орта Азия мен Қазақстан арасындағы мəдени-сауда байланысы дамыды.Тəуекел ханның орнына 1598 жылы хан болған Есімнің Аштарханилер өкілдерімен жасасқан келісімі бойынша Қазақ хандығының құрамына қалаларымен бірге Түркістан аймағы, Ташкент қаласы атырабымен, біраз уақытқа Ферғана кірді. Осы кезде болған тағы бір тарихи оқиға - Көшім хан билеген Сібір хандығының жойылуы еді. Тарихи əдебиетте Сібір халқы-Сібір татарлары деп аталған. Ресейден Сібірге жорыққа аттанған атаман Ермактың жасағы 1582 жылы қазан айында Сібір ханы Көшімнің əскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, оны жеңіліске ұшыратты. Көшім өз əскерлерімен оңтүстікке шегініп, 1598 жылға дейін орыс əскерлеріне табанды қарсылық көрсетті. Бірақ Көшім көмексіз қалған еді, бұл кезде Көшімнің Орта Азиядағы одақтасы Шайбани əулеті құлап (1598), оның орнын Аштархан əулеті (1599-1735) басқан еді. Ақырында біржолата жеңілген Көшім Орта Азияға қашып кетті де, 1598 жылы Сібір хандығы жойылды. Бұрын Сібір хандығының қол астына қараған қазақ тайпалары Қазақ хандығына
бірікті. Есім хан (1598-1628 жж.) қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен əйгілі болды, оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тəуекел ханмен бірге Мəуераннахрға жасаған жорықта ерлігімен ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім - Шығай ханның баласы. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңдар жинағын құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар Қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты. Ташкент қаласы Қазақ хандығына қараған соң оны Жəнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді. Ол көп ұзамай тəуелсіз хан болуға əрекет жасады, тіпті өз атынан теңге соқтырып, алым-салықтар жинады. Сонымен, Қазақ хандығы екіге бөлініп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен Тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Екі хан арасындағы күрес шиеленісіп, 1627 жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді. Қазақ хандығын біріктіру жолындағы Есім ханның күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған. XVII ғасырдың басында қазақ билеушілері мен Аштарханилер арасындағы өзара қатынастар тұрақсыз болды, олардың арасындағы қақтығыстар уақытша одақпен алмасып отырды. Мысалы, Аштарханилер əулетінің өкілі, Бұхар ханы Иманқұл Ташкентті тартып алуға тырысты, сол мақсатпен 1611 жəне 1613 жылдардың басында жорық жасады. Алғашқы жорығында Иманқұл хан Самарқанға дейін жетіп, Ташкент пен оның аймағына өзінің құқығын мойын-
датты. Екінші жорығы да Ташкентке бағытталып, қазақтарды ойсырата жеңіп шығады. Осы жеңістен кейін ол өзінің ұлы Ескендір сұлтанды Ташкенттің билеушісі етіп тағайындайды. Ескендір сұлтанды ташкенттіктер өлтіргеннен кейінгі Иманқұл ханның кек алу жорығы қазақтар үшін ауыр болды. Өзінің Ташкентті алуға ұмтылуында ол қазақтың екі ханының өзара жауластығын пайдаланды. Сөйтсе де кейінгі жылдары қазақтардан жеңіліп, Иманқұл қазақ хандығымен бейбіт келісім жасады. Есім хан 1628 жылы қайтыс болып, Түркістан қаласындағы Ахмед Иассауи кесенесінде жерленген.
Есім ханның мұрагері Жəңгірдің өмірі ат үстінде Қазақ хандығы жауларымен күресте өтті. Халық оны ел үшін еңіреп туған ерлігіне бола «Салқам Жəңгір» деп атаған. Жəңгір хан (1628-1652 жж.) билік құрған жылдары да Сыр бойындағы қалалар үшін Аштарханидтермен жəне Жетісудағы жайылымдар үшін қалмақтармен қақтығыстар тыйылмады. Қазақ хандығына қалмақтар жақтан төнген қауіп зор болды. «Қалмақ» сөзі батыс монғолдардың түрікше аты. Олар өздерін «ойраттар» деп атаған. Қалмақтар бұл жылдары шығысында Хангай таулары, батысында Моғолстан, оңтүстігінде Гоби шөлі, солтүстігінде Ертіс пен Енисейдің жоғарғы ағыстары арасында көшіп-қонып жүрді. 1635 жылы бұл аумақтағы тайпалардың басын біріктіріп, Батур қонтайшы Жоңғар мемлекетінің негізін қалады. Осыған байланысты жоңғарлар күшейіп, қазақ жерлеріне жиі-жиі шапқыншылықтар жасай бастайды. Жəңгір хан тұсында қазақтар мен жоңғарлар арасында үш ірі шайқас орын алады. Алғашқы 1635 жылғы шайқаста Жəңгір қалмақтарға тұтқынға түсіп қалып, бірақ көп ұзамай қашып шығады. Тұтқыннан босағаннан кейін, Жəңгір хан қалмақтарға қарсы күрес басшылығын өз қолына алады. 1643 жылы жоңғар қонтайшысы Батур қазақ жеріне 50 мың əскермен басып кіреді. 1644 жылы Жоңғарияға барған орыс елшісі Г.Ильин жоңғарлардың 50 мың қолына Жəңгір хан бастаған 600 жауынгердің қарсы тұрғанын айтқан. Мүмкін, бұл 600 адам ататын қарумен жабдықталған Жəңгір хан əскерінің алдыңғы шебі болуы мүмкін. Жəңгір өз тобының бір бөлігіне жоңғарлар тар асудан асып келгенше екі таудың арасындағы тар жырада ор қазып, бекініс жасауға бұйырады. Ал өзі екінші бөлігімен таудың екінші бетіне жасырынады. Жоңғарлар ор қазып, бекініп жатқан қазақ жасақтарына қарсы шабуыл жасайды. Осы кезде Жəңгір өз тобымен жаудың ту сыртынан лап береді. Қазақтар осы жерде бірінші рет оқ ататын қару пайдаланады. Шайқас барысында Батур қонтайшы 10 мың əскерінен айырылады. Шайқастың шешуші кезеңінде Жəңгір ханға Самарқан билеушісі Жалаңтөс батыр бастаған 20 мың əскер көмекке келеді. Батур қонтайшы кейін шегінуге мəжбүр болады. Сөйтіп, 1643 жылы жер жағдайын жəне соғыс тəсілін шебер пайдаланған Жəңгір хан Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырдың əскери көмегі арқасында зор жеңіске жетті. Бұл тарихта Орбұлақ шайқасы деген атпен белгілі. Бұл жеңістің Қазақ хандығы үшін зор маңызы болды. Бірақ, жоңғар билеушілері қазақ жерлеріне басып кіру үшін жаңа жорықтарға дайындала бастады. Батур қонтайшы бытыраған əскерлерін қайта құрап, Сібірдегі орыс қамалдарынан қару-жарақ сатып алды. Өзіне тəуелді қырғыздардан ат-көлік жинастырды. Осындай əскери дайындықтан кейін Батур қонтайшы 1652 жылы қазақтарға қарсы аттанды. Бұл соғыста қазақ жасақтары жеңілді. Жəңгір хан осы 1652 жылғы шайқаста жоңғарлардың қолынан қаза тапты. Жəңгір хан да Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Яссауи кесенесінде жерленген.Жəңгір ханнан кейін Қазақ хандығының əлеуметтік-экономи-калық жəне саяси жағдайы нашарлады. Феодал шонжарлардың арасында алауыздықтар мен бақталастықтар өршіді. Қазақ сұлтандары ұлыстарды жеке-дара билеп, дербестенуге бой ұрды. Қазақ жүздерінің арасындағы байланыс нашарлап, олар бір-бірінен оқшаулана бастады.
XVI-XVIII ғасырдың басындағы қазақтардың əлеуметтік-экономикалық жағдайы. Қазақтардың негізгі кəсібі мал шаруашылығы болды. Мал өнімдері оларды тамақ, киім-кешек, тұрғын үй материалдары, сонымен бірге көлік қызметімен қамтамасыз етіп отырды. Мал жəне мал өнімдері көрші халықтармен айырбас жасайтын қаражат көзі де болды. Қазақтардың мал шаруашылығына байланысты Ш.Уəлиханов былай дейді: «Дала көшпелісін ішіп-жегізетін де, киіндіретін де мал, ол үшін өз тыныштығынан малының аман болғаны қымбат. Жұртқа мəлім, қырғыздар бір-бірімен амандасқанда: «Мал-жаның аман ба?» деген сөздермен бастайды. Отбасының мал жайын алдын ала сұрастыруы көшпенділер өмірінде малдың қаншалықты маңызы барын айқын
көрсетеді».Қазақ жерінің табиғи-жағрапиялық ерекшеліктеріне байланысты қазақтар көшпелі жəне жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Көшіп-қону бағыттары жыл маусымына байланысты өзгеріп отырды. Маусымдық жайылымдарды (көктеу, жайлау, күздеу, қыстау) алмастырып көшіп-қонып отырудың бұрыннан қалыптасқан жолдары мен жылдық айналымы орнықты. Əрбір ру белгілі бір аймақ шеңберіне көшіп-қону дəстүрін ұстанды. Жайылымдық қоныстардың арақашықтығы жүздеген шақырымға созылды. Мал шаруашылығы табиғат жағдайларына мейлінше тəуелді болды.
Жем-шөп дайындау болмады, қыста мал тебіндеп жайылды. Қыс қатты болған жылдары жұт болып, малдың жаппай қырылуы жиі кездесетін, мұндайда көшпелі малшылар тақырлана кедейленіп, көбі отырықшылыққа ауысатын. Дегенмен мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дəстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды. Қазақтар жылқы, қой, түйе, сиыр өсірген. Соның ішінде жылқыға үлкен мəн берді. Жылқының түр-түрі болған: жүк таситын, салт мінетін жəне жүйрік-арғымақтар. Көшпелі мал шаруашылығына жылқыны үйірмен бағу тəн. Бір үйір 12-15 биеден тұрды. Бірнеше үйір жылқы табынын құрады. Салт мінетін жылқы ат деп аталды. Қазақтардың шаруашылығында қой жетекші орын алды. Қыпшақ даласы көшпенділерінің басты байлығы қой болған. Қыпшақ қойлары төзімділігімен, етті-сүттілігімен ерекшеленген. Қойдың еті мен сүті тағам болды, терісі мен түбітінен киім-кешек, аяқ-киім, ыдыс-аяқ жасалынды. Қазақ шаруашылығында түйенің де алатын орны зор болды. Қазақтар негізінен қос өркешті, жүнді түйе өсірді. Жылқы, қой, түйемен қатар қазақтар сүті мен түбіті үшін ешкі де өсірген. Бірақ ешкі мен сиыр қазақ шаруашылығында аз болды. Қазақ философиясында ешкі белгісіздікті білдірсе, сиыр жұтпен теңеседі. Сондықтан қазақтар бұл жануарлардың етін тек жұт жылдары ғана жеген.
Мал жеке адамның жəне отбасының меншігінде болды. Мал көшпелілер байлығының, олардың тұрмыстық жағдайының басты өлшемі болды. Ал жайылымды қоғам мүшелері қауымдасып пайдаланған. Əр рудың өзіндік жері болды жəне бұл жерге меншік ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырды. Қазақтар егіншілікпен де айналысты. Қазақ хандығының түрлі аумақтарында егіншіліктің дамуы əркелкі болды. Негізінен отырықшы - егіншілікпен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан халықтары айналысты. Қазақтар көбіне тары дақылын екті. Сыр бойындағы қалаларда ирригациялық жүйе барынша дамыған. Қалалардың маңында суландыратын арнайы алқаптар болды. Қала маңдарындағы бұндай алқаптарда бау-бақша өнімдері өсірілді.Қазақтар аң аулаумен де айналысқан. Аң аулаудың бірнеше түрлері болған: құс салған, тазы ит қосып аулаған т.б.
Соның ішінде қыран құстармен аң аулау басым болды. Аң аулау дербес кəсіп болмаған, мал шаруашылығына көмекші кəсіп қана болған. Қазақтардың шаруашылығында əр түрлі қолөнер мен үй кəсіпшіліктері елеулі орын алған: тері өңдеген, киіз басқан, құрақ құраған, металдан əртүрлі бұйымдар жасаған.Қазақтар көшіп-қонуға қолайлы киіз үйлерде өмір сүрді. Көлеміне жəне иесінің əлеуметтік жағдайына байланысты киіз үйлердің түрлері көп болды. Күзеу мен қыстауда ағаштан жəне кірпіштен салған жылы үйлерде тұрды.
XVI ғасырдың соңына қарай Ресей мемлекеті Қазақ хандығы жəне Орта Азия мемлекеттерімен сауда байланыстарын жандандырды. Сырдария қалалары арқылы халықаралық сауда жəне көшпенділермен дəстүрлі сауда дамыды. Түркістан қалалары мен елді мекендері арқылы Индияға, Қытай мен Еуропаға керуен жолдары өтті. ХVІ-ХVІІ ғасырларда бұл қалалар саяси орталықтарға айналып, онда қазақ хандары мен сұлтандары қоныстанды. Көшпенділермен негізінен айырбас сауда жүргізілді. Сыр бойындағы қалаларда дүкендер, базарлар, ақша сарайлары жұмыс істеді. Қазақстанның көшпенділері оңтүстіктегі қалалармен сауда-саттық қарым-қатынаста болды. Көшпелілердің астыққа - бидайға, тарыға, арпаға, егіншілік пен бау-бақша шаруашылығының басқа өнімдеріне деген жəне əсіресе, маталарға деген сұранымы барынша тұрақты болды. Далалық аудандар халқының көшпелілік шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік аудандары жəне қала шаруашылығының тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажырамас белгісі болды. Қазақ хандығы тұсында қазақ қоғамы негізгі екі əлеуметтік топтан тұрды: ақсүйек жəне қарасүйек. Ақсүйектер əлеуметтік тобына Шыңғыс ханның ұрпақтары - сұлтандар, төрелер жəне Мұхаммед пайғамбардың үрім-бұтақтары - қожалар жатты. Бұл топ үш жүз қазақтарының генеалогиялық құрылымынан бөлек тұрды. Шыңғыс ханның ұрпақтары туылысымен сұлтан атағын иеленіп, бұл əлеуметтік топқа тиесілі барлық ерекше құқықтармен қамтамасыз етілді. Шыңғыс ханның ұрпақтарының əрқайсысы хандық билікке үміткер саналды. Сонымен бірге, бұл əлеуметтік топ руға бөлінбеді. Əрбір сұлтанның өзіндік үлесі болды. Қалған əлеуметтік топтардың бəрі қарасүйектерге жатты. Қарасүйек өз ішінде тайпаға, руға бөлінді. Қарасүйек əлеуметтік тобынан ерекше құқықтар иеленген тек билер болды. Атап айтсақ, ру биінің қолында соттық, əкімшілік билік шоғырланды. Билер сұлтандармен бірге мемлекеттік мəселелер шешілетін жылдық жиналысқа - құрылтайға қатысты. Небір беделді билер хан жанындағы «билер кеңесінің» құрамында болды. Танытқан ерлігі немесе соғыс қимылдарын шебер басқарғаны үшін хан немесе сұлтандар батыр деген құрметті атаққа ие болған. «Батыр» ердің атағы ғана емес, сонымен бірге кəсіби жауынгерлер. Қарапайым жауынгер батырлық танытқанымен, қолына Шыңғыс əулетіне тəн билік берілмеген. Батырлардың ерліктерін жыршы-ақындар дəріптеп отырған. Қазақ қоғамындағы ешқандай құқығы жоқ мүшелері - құлдар болды. Бұл əлеуметтік топ өкілдерін негізінен соғыс тұтқындары құрады. Олар өз қожайындарына тəуелді болды. Қоғам мүшелері дəулет-мүлкінің мөлшеріне сай «бай» жəне «кедей» болып бөлінді. Осы кезеңдегі қазақ қоғамы əлеуметтік топтардың иерархиялық ұйымдасқан құрылымынан тұрды. Бұл əлеуметтік топтар бір-бірімен тығыз байланыста болды. Əр əлеуметтік топтың өзіндік құқықтары болды.
Жəңгірдің баласы Тəуке хан (1680-1718) тұсында Қазақ хандығының күш-қуаты өсіп, бірлігі артты. Тəукенің туған жылы белгісіз, ал қайтыс болған жылына байланысты ғылыми зерттеулердегі пікірлер де əртүрлі. Жəңгір ханның ұлы жəне мұрагері Тəуке 1680 жылы Қазақ хандығының тағына отырды. Ол асқынған ішкі феодалдық алауыздық пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын құруға қажырлы қайрат жұмсады.
Хандық билікті күшейтуге бағытталған реформалар жүргізді. Тəуке хан өзінің даналығы арқасында ел арасында «əз-Тəуке» деген атқа ие болған. Қазақ жеріне орыс елшілігін бастап келген М.Тевкелев 1748 жылы жазған құжатта: «Тəуке хан өте ақылгөй кісі болған, оны қырғыздар (қазақтар) үлкен құрметпен еске алады»,-деп көрсетеді. Халық зердесінде Тəуке заманы Қазақ хандығының ең бір өркендеген, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» деп еске алынады. Орыстың белгілі тарихшысы А.И.Левшин Тəукені көне Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен теңеген. Тəуке ханның билік құрған алғашқы жылдарында оның билігін қазақтың барлық рулары мойындамаған. Сондықтан Тəуке хан бытыраңқы қазақ қоғамының басын біріктіріп, бір орталыққа бағынған мемлекет құруды басты міндеті деп санады. Осы мақсатта
əртүрлі əлеуметтік топтан шыққан дарынды, ақылды адамдарды мемлекетті басқару ісіне тартты. Бұған дейін мемлекетті басқару ісіне тек Шыңғыс ханның ұрпақтары мұрагерлік жолмен тартылатын еді. Тəуке хан мемлекетті басқару ісіне туа біткен данышпан, ел арасында асқан ерлігімен, батырлығымен дараланған тұлғаларды, яғни билер мен батырларды тартты. Бұл шаралар нəтижелі болды. Мемлекетті басқару ісіне де үлкен өзгерістер енгізді. Билер кеңесін құрып, оның билік ауқымын кеңейтті. Билердің əлеуметтік тегі тек ақсүйек табынан болмағанын ескерсек, қарапайым халықты мемлекетті басқару жүйесіне тарту Тəуке хан енгізген үлкен өзгеріс болды. Билер кеңесі мемлекеттің ішкі жəне сыртқы саясатына қатысты мəселелерді шешуде үлкен қызмет атқарды. Билер шешіміне хан қарсылық көрсетпеді, яғни мемлекеттік биліктің басым бөлігі халықтың қолында болды. Тəуке ханның тұсында «Билер кеңесінің» құрамына атақты Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Əйтеке, Досай, Едіге, Сырымбет, Қабек, Даба, Есейхан, Жалған, Ескелді, Сасық би, Байдалы, Тайкелтір, Қоқым сияқты дарынды қайраткерлер енді.
Билер кеңесінің билік ауқымы зор болған. Бұл кеңестің шешімі негізінде ғана Тəуке хан мемлекеттік мəселелерді шешуге құқықты болған жəне билер кеңесі қабылдаған заңдар мен шешімдерді жүзеге асырып отырған. Сонымен қатар «Билер кеңесі» хандық билікті шектеу құқығына ие болған. Билер кеңесі соттық билікті де атқарған.
Халықтың дəстүрлі менталитетінде билердің қоғамдағы мəртебесін анықтайтын қағидалар көп сақталған. Мысалға, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Туғанына бұрғаны - биді құдай ұрғаны», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Тіл жүйрік емес, шын жүйрік» т.б. Бидің үкімі ру, аймақ атынан емес, тəуелсіз би атынан шығарылды. Атақты Əйтеке би ұрпақтарына мынадай өсиет қалдырды: «Менің өмірім өзгенікі, өлімім өзімдікі». Туа біткен даналық пен шешендікті иеленген билердің өмірлік тəжірибесі де мол болды. 1820 жылы орыс жəне еуропалық құқық нормаларымен жетік таныс Д. Самоквасов қазақтардың құқық жүйесін зерттей келе, қазақ билері халқының салт-дəстүрі мен өткен тарихын да жақсы білетіндігі туралы жазған. «Биі жақсының елі жақсы», «Батыр елін жауға бермейді, би елін дауға бермейді» деген нақыл сөздер қазақ билерінің дипломат қызметін атқарғанын да көрсетеді. Билер шешен болған. Атап айтсақ, халық Қазыбек биді «ағын судай əйгілі шешен» деп мақтан тұтқан. Сөйтіп, Тəуке хан ел билеуде атақты қазақ билеріне арқа сүйеп, олардың қазақ қоғамындағы орны мен рөлін көтерді. Билер кеңесі мерзімді түрде Сырдарияның бойында орналасқан Əңгірен, Түркістан мен Сайрам жеріне орналасқан Битөбе, Мəртөбеде шақырылған. Жыл сайын Ташкент қаласының маңындағы Күлтөбеде үш жүз өкілдерінің басын қосқан жиналысын өткізіп тұрған. Бұл халық арасында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп аталды. Тəуке хан қазақтың жыраулары мен шешендерінің жəне шежірешілерінің басын қосып, қазақтың мақал-мəтел, шежіре, аңыз-жырларын жинаған. Сонымен қатар, қазақ халқы арасында бұрыннан қолданылып келген ру-тайпалардың ұрандары мен таңбаларын қайта анықтап белгілеген. Бұл тарихта Орта Азияда өмір сүрген көшпелі хандықтарда болып келген салт еді. Жаңадан таққа отырған хан өзіне қарасты тайпалардың таңбасын белгілеп беріп отырған. Бұл көшпелі тайпалар арасында хандық өкімет билігін күшейтудің дəстүрлі шараларының бірі еді.Тəуке хан өзінен бұрынғы хандар тұсында ішкі тартыс салдарынан ыдырай бастаған үш жүздің басын қосты, жеке-жеке ұлыстарды билеген сұлтандардың бөлектенуіне тежеу салып, Қазақ хандығының ішкі бірлігін бекемдеуге барлық шараларды қолданып, оны едəуір күшейтті. Бұл тұста едəуір қырғыз тайпалары мен қарақалпақ тайпалары Тəуке ханның қарауында болды. Тəуке қырғыздарды олардың өз биі Қоқым Қарашор арқылы, қарақалпақтарды олардың Сасық биі арқылы басқарып отырған. Бұл іс жүзінде жоңғарлардың шабуылынан қорғануды негіз еткен қазақ, қырғыз жəне қарақалпақ халықтарының əскери-саяси одағы еді.
Тəуке ханның аты тарихта «Жеті жарғы» заңдарымен де тығыз байланысты. Ол қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың əдет-ғұрып заңдарын, билер сотының тəжірибелерін, аса дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты қазақ заңдарын жаңа жағдайға сай өзгертіп, толықтырып, дамыту негізінде «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын құрастырды. «Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тəуке хан заңдары» деген атпен белгілі. «Жеті жарғыға» əкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған. Оларда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттық-феодалдық құқығының негізгі принциптері мен нормалары баянды етілген. Қазақша «жарғы» əділдік деген ұғымды білдіреді. «Жеті жарғы» - жеті əдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тəрбиесі жəне неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін қолданылды. Сонымен бірге «Жеті жарғының» өз кезінде қағазға түсірілмегені де белгілі. Кеңестер дəуірінде «Жеті жарғыға» «феодалдық қатынастардың сарқыншағы» деген сипат тағылып, мүлдем зерттелінбеді. Бізге «Жеті жарғы» орыс ғалымдарының жазбалары негізінде белгілі. Алғаш рет орыс ғалымы Г.Спасский жаппас руының старшыны Күбек Шүкіралиевтің мəліметтері негізінде «Жеті жарғының» 11 үзіндісін 1820- жылы «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде жариялады. «Жеті жарғының» екінші нұсқасы (34 үзінді) А.Левшиннің зерттеулерінде беріледі. Бұл нұсқалар «Жеті жарғы» дүниеге келгеннен кейін 100 жылдан соң халық ауыз əдебиеті негізінде жариялады. Сондықтан, бұл заңдар жинағының толық нұсқасының бізге жетпегені белгілі.
«Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге бағытталды. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы жəне ішкі жағдайына байланысты мəселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы əр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рəміз дəрежесінде бекітілді.
Қазақтың негізгі байлығы мал болғаны белгілі. Сондықтан «Жеті жарғы» заңдарына сай əр меншік иесі өз малдарына ен салуға міндеттелді. Сонымен қатар, əр рудың жайылым жер меншігі қатаң белгіленді. «Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, əйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу жəне тағы басқалары жатқан. Кінəлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай əртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Бірақ билер сотының екі жақ
келісуі бойынша жазаны құн төлеумен алмастыруға мүмкіншілігі болған. Құн төлеу төрт жағдайда рəсімденген. Олар: егер əйелі күйеуін өлтірсе жəне күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда, егер əйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда, жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық» дəлелденген жағдайда жəне «құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу жəне тас лақтыру əрекеттерін қолдану. Жазалаудың ең көп таралған түрі - құн төлеу болған.
Қылмыскердің жəне өлген адамның əлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, əйел адамның құны 500 қой болған. Ал өлген адамның əлеуметтік жағдайы ақсүйек болса құн мөлшері жеті есе өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ - 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай қылмыс істеген əр əлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.
«Жеті жарғы» бойынша өлім жазасы мен құн төлеуден басқа жазалар да қолданылған. Мысалы, əкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-анасына дауысын көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен. Күйеуін өлтірген екіқабат əйел елден қуылса, христиан дінін қабылдаған адамның мал-мүлкі тəркіленген. Құдайға тіл тигізгендігі жеті адамның куəлігі арқылы анықталған адам таспен атып өлтірілген. Мал мен мүлікті ұрлау да ауыр қылмыс болып табылды. Егер ұрыны ұрлық үстінде өлтірсе, онда құн төленбейтін болған. Ұстап алған ұрыны дүре соғып жазалауға, сотсыз-ақ рұқсат етілген. Сөйтіп, ұры қатаң қылмыс жазасына тартылды, ұрлап алғанын қайтаруға жəне «тоғыз» айыбын тартуға міндетті болды, яғни ұрланған бір мал үшін тоғыз мал беруге тиіс еді.Соттау құқығы тек ханның, билер мен рубасыларының қолында болған. Қылмысты істі шешкені үшін билерге ақы төленген. Атап айтқанда, өтелетін есенің оннан бір бөлігі тиесілі болған. Сұлтандар қылмысты болған жағдайда, олардың істерін тек хан қарап, жазалаған. Қылмыстық іске 13 жастан бастап тартылған. Есі дұрыс емес адамдар жауапқа тартылмаған. «Жеті жарғы» қабылданғаннан кейін ішкі қырқыстар азайып, қоғамда біршама тыныштық орнады. Тəуке хан мемлекеттің ішкі жағдайын нығайту барысында басқа да шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, кіші жүздің аз жеті руын бір тайпаға, орта жүздің уақтары мен керейлерін бір уақ-керей бірлестігіне біріктірді. Сөйтсе де, көшпелі қоғам салты мен оның геосаяси жағдайы мемлекет бірлігіне қайшы келді.
Тəуке ханның билік құрған соңғы жылдарының өзінде басқа хандар мен сұлтандардың оқшаулануға ұмтылысы байқалды. Тəуке ханның сыртқы саясаты көрші елдермен тату көршілік байланыс орнатуға, олармен экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынас жасауға тырысқан бейбіт дипломатиялық саясат болды. Тəуке хан 1687 жылы Бұхар ханы Субханқұлымен Ташкент жөнінде келіссөз жүргізіп, оны қазақтар иелігінде қалдырды. Бұхар хандығымен сауданы дамытуға күш салды. Нəтижесінде Қазақ мемлекеті мен Бұхар хандығы арасында бейбіт қарым-қатынас орнап, Бұхар саудагерлері қазақ жеріне кіріп сауда жасауға мүмкіншілік алған. Қазақ жерінде Бұхар көпестерін тонауға қарсы Тəуке хан арнайы жарлық шығарып, ендігі жерде тонаушылар қатаң жазаланып отыратын болған. Бұхар басшыларының тарапынан жоңғарларға қарсы соғыста қазақтарға көмек көрсетілмеді. Бұл мемлекетпен байланыс тек сауда қатынастарының жандануымен шектелді.Орыс деректерінде Тəукені тек қазақтардың ғана емес, қарақалпақтардың да ханы деп жазады. Олар жыл сайын қазақтарға салық төлеп, өз одақтастарымен бірігіп соғыс қимылдарына қатысып отырған. Бұл туралы орыс деректерінде былай делінген: «Арыстың оң жағасындағы құмды жол арқылы Ақсу тастарына дейін жарты күн, осы тастар арқылы қарақалпақтарға жол түседі… Түркістаннан Сыр өзенінің төменгі ағысы арқылы үш күндік жолда Үзкент қаласы, сол қалаға 1683 жылы Тəуке хан қарақалпақтардан салық жинауға түсті. Олар егін егіп, қазақтармен қатынаста өмір сүреді. Үзкенттен төмен Сырдың екі жағалауында да қарақалпақтар көшіп жүреді. Қалалары көп емес. Əскери істері қазақтармен ортақ. Олардың билеушілері Табұршық сұлтан». Қарақалпақтар Тəуке ханға бағынышты болған, оларды ол Сасық би арқылы басқарған.
Тəуке ханға қырғыздардың басым бөлігі де бағынышты болды. Қырғыздар да қазақтардың жоңғарларға қарсы əскери қимылдарына белсене қатысып отырған. Ш.Уəлиханов өзінің «Қырғыздар туралы жазбалар» деген еңбегінде: «Ал енді Есімнің немересі, Жəңгірдің баласы Тəуке қырғыздардың биі ретінде басқарып отырған (қырғыздардың Тиес деген биі соған бағынған). Бүкіл рудың билеушілері есебінде Тəуке мен Тиестің аты Тəуке-Тиес деп бірге аталыпты». Шоқанның бұл еңбегінде қырғыз елінің Тəуке ханға бағынышты болғаны сипатталады.
Тəуке хан билік құрған жылдары Ресеймен қарым-қатынас жанданды. Осы жылдары шекара аудандарындағы орыс бекіністері мен қазақ ауылдары арасындағы қақтығыс шиеленіседі. Осындай келеңсіз əрекеттерді бейбіт жолмен шешу үшін Тəуке хан 1687 жылы Тобыл қаласына Тəшім батыр бастаған елшілік жібереді. Бұл елшілік сауда қатынастарын жандандыруды да мақсат етеді. Сөйтіп, Тəуке хан Ресеймен дипломатиялық жəне сауда байланыстарын орнатты. 1686-1693 жж. аралығында Тəуке хан Ресейге бес елшілік жібереді. 1694 жылы хан ордасында орыс елшілері Скибин мен Трощинді қабылдаған. Сөйтсе де, орыс-қазақ қарым-қатынастары ХҮІІ- ғасырдың соңы мен 18- ғасырдың басында барынша шиеленіседі. Өйткені осы жылдары Ресей мен Жоңғар мемлекеттері жақындасады. Қазақ мемлекетінің күшейгенін байқаған орыстар жоңғарлармен жақындасып, оларды қазақтарға қарсы қою саясатын жүргізеді.Тəуке хан билік құрған жылдары қазақ мемлекеті мен жоңғарлар арасындағы қарым-қатынас тұрақсыз болды. Тек 1653-1670 жыл-дар аралығында жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылығы біршама тыйылды. Өйткені 1653 жылы Жонғар хандығының негізін салған Батыр қонтайшы қайтыс болғаннан кейін, оның мұрагерлері таққа таласумен болды. 1670 жылы билікке келген Ғалдан-Бошокту қонтайшының тұсында оңтүстік Қазақстанға шапқыншылықтар жиіледі. Ол 1681 жылы Шудан өтіп, Сайрам қаласын басып алуға əрекет жасады. 1684 жылғы жоңғарлардың Сайрамға шабуылы нəтижелі болды. Жоңғар хандығының аумағына қытайлар тарапы-
нан шапқыншылық басталғандықтан олар Сайрамнан бас тартты. Қайтарында жоңғарлар қаланы тонап, қала халқының басым бөлігін тұтқынға айдап əкетті.
1697-1727 жылдар аралығында жонғарлар мемлекетін басқарған Цеван-Рабтан тұсында қазақ-жоңғар қарым-қатынастары барынша шиеленісті. Осыған байланысты 1710 жылы Қарақұмда Тəуке ханның бастамасымен қазақ жүздерінің біріккен жиналысы болды. Жиналыс нəтижесінде қазақтар жоңғарларға қарсылық көрсетуге шешім қабылданды. 1713-1714, 1717 жылдардағы жоңғарлардың шапқыншылықтары қазақтар үшін ауыр болды. Осы қиын жылдары Тəуке ханның қолбасшылық, реформаторлық, батырлық
қасиеттері айқын көрінді. Тəуке хан Шыңғыс хан құрған əскери басқару жүйесін қайта жаңғыртты. Əскерді қатаң басқаруға үлкен мəн берілді. Əскерде басшылық ету онбасы, жүзбасы, мыңбасы болып тағайындалды. Мыңбасыны Тəуке ханның ұсынысымен Билер кеңесі аса ерлік көрсеткен батырлардан тағайындады. Бас қолбасшы Тəуке ханның өзі болды. Əскер саны соғыс жылдарында 80 мыңға жеткенімен, бейбіт кезеңде хан ордасында тұрақты сарбаздардың саны 1000-нан аспады. Бұл сарбаздар ханның қауіпсіздігін қор-
ғады.Соғыс жылдары əскерді қару-жарақпен, көлікпен əр ру басылары қамтамасыз етіп отырған. Бұл мəселе де Тəуке қабылдаған тəртіп негізінде жүзеге асырылған. Жауынгерлердің алдын ала соғыс өнерінің түр-түрінен дайындықтан өтуі хан жарлығы негізінде міндетті болған. Бұл əскерлердің соғысу қабілетін күшейткен. Сонымен бірге хан жарлығымен шекара аудандарында əр 5-7 шақырым аралықта əскери мұнаралар тұрғызылды. Жоңғарлар шабуылы басталған сəтте мұнаралардағы тұрақты жауынгерлер от жағып, келесі мұнараға жау шабуылы басталғаны туралы хабар беріп отырды. Бұл стратегиялық тактика негізінде жау шабуылын 100 шақырым жерден көріп, ұтымды қарсылық алдын ала ұйымдастырылды.Қорыта келгенде, Тəуке хан өзі билік еткен жылдары ішкі жəне сыртқы саясатты сəтті жүргізді. Ол ХVІІ ғ. аяғы мен ХVІІІ ғ. ба-сында Қазақ хандығындағы саяси жағдайды реттей алды. Бұл кезде Қазақ хандығы біртұтас мемлекет болды. Қазақ хандығында тəртіп сақтау жəне мемлекеттік құрылыстың негізгі принциптерін анықтаған «Жеті жарғы» заңдар жинағы Тəуке тұсында жасалды. Тəуке хан дипломат-мəмілегер, айлакер қолбасшы, əдеттік құқық жүйесінің реформаторы жəне қазақ ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға
ретінде танылды. Тəуке ханның күшті мемлекет құрғаны туралы А.Левшин, Е.Бекмаханов т.б. көрнекті тарихшылар жазды. XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында қазақ қоғамында интеграциялық сана күшейіп, хан билігі нығайды. Үш жүздің құрамына 112 ру кіріп, қазақ халқының саны 2-3 миллион адамға жетті.
XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы шиеленісті. Тəуке хан өзара тартыстарды уақытша тыйып, тыныштықты қалпына келтірген еді. Алайда сұлтандардың өз алдына оқшауланып, билік үшін күресуі көп ұзамай бірлікті бұзды. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар етек алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Ал бұл жағдайды көршілер дереу пайдаланды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан - Ресей мемлекетінің, шығыстан - жоңғарлардың, оңтүстіктен - Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп - Жоңғар хандығы тарапынан төнді. XVIII ғасырдың басында жоңғарлардың негізгі тайпалары: торғауыттар мен дербеттер Тарбағатай, Монғол Алтайы, Ертістің жоғарғы ағысын, хойттар Қара Ертіс салалары мен Қобда өзенінің алқабында, ал Іле өзенінің орта жəне жоғарғы салалары бойында чоростар, Жоңғар Алатауының беткейлерінде хошоуттар мекендеді. Жоңғар экономикасының негізі мал шаруашылығы болды. Мал басының өсуімен, жер көлемін кеңейту мақсатында жоңғарлар Қазақ хандығы аумағына шапқыншылықты жиілетті. Сонымен бірге жоңғарлар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда-қолөнер орталықтары шоғырланған қалаларды басып алуды көздеді. 1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары мен жоңғар əскерлерінің арасында болған үш күндік қантөгіс ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп: Əбілқайыр жəне Қайып сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді. Осы жылы жоңғар əскерлері Түркістан маңында Бөген, Шаян жəне Арыс өзендерінің бойында қазақтарды тағы да қырғынға ұшыратқан. 1715-1722 жж. жоңғарлардың негізгі əскери күші Цин империясы əскерлеріне қарсы соғысып жатты. 1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылы қазақ-жоңғар қарым-қатынасы шиеленісті. Қытай мемлекетімен бейбіт келісім-шартқа отырғаннан кейін жоңғарлар Қазақ хандығына қарсы соғыс ашуды шешті.
Қазақ хандықтарының саяси бытыраңқылығын пайдаланып, 1723 жылы көктемде жоңғарлар 70 мың əскермен жеті бағыттан қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірді. Цеван-Рабданның ұлы Қалдан Церен Балқашқа одан əрі қарай Қаратау өңіріне, Құлан батур Алтайға жəне Көктал өзенінің өңіріне, Амурсана əскері Нұра өзені бағытында, Қалдан Цереннің Цеван-Доржы атты ұлы Шелек
өзенінің аңғарымен, екінші ұлы Лама-Доржы Ыстықкөл бағытында қозғалды. Дода-Доржым нойон Шу өзеніне бағыт алса, Цеван-Рабданның өзі Іле өзені арқылы Жетісуды басып алуды көздеді. Бас қолбасшылықты Цеван-Рабданның бауыры Шона-Даба атқарды. Алғашқы соққыны Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтары қабылдады. Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген, дайындалмаған халық əуел баста оларға еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты жаппай қырып, мал-мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүліктерін тастап босып кетуге мəжбүр болды. Қаратау мен Арыс өңіріндегі қазақтардың көп бөлігі жаудың қолынан қаза тапты. Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың қолына көшті. Қазақ рулары мекендерін тастап, Сырдарияның арғы бетіне қарай қашты. Сырдариядан өткен Ұлы жəне Орта жүз қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз қазақтарының біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара аумағына өтті. Ал жоңғарлар қазақ ауылдарын, қалаларын басып алды, халқын қырып, тұтқынға айдады. Əсіресе, Шона-Дабаның бағытындағы халық ауыр зардап шекті. Оның əскері 5000 қазақ жанұясын тұтқындап, 1000 жанұяны тұтқынға айдады. Жоңғарлар Қазақ хандығы аумағының басым бөлігін жаулап алды. Ендігі жер-
де қазақ жері мен жоңғарлар ұлысының шекарасы Ұлытау, Балқаш көлі мен Шу, Талас өзендерінің арасымен өтті. Қазақ тарихында бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Қашып, босқан қазақтардың паналаған жері Сырдарияның сыртындағы Алқакөл көлі болды. Бұл оқиға қазақтың кіші жүзі арасында «Сауран айналған» деген атпен əйгілі болған. Жоңғарлардан қашқан Кіші жүз қазақтары соңынан түскен жауды көз жаздыру үшін Сауран қаласын айнала көшкендіктен, бұл оқиға «Сауран айналған» деп аталған екен. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» əні халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді. Бұл жылдардың өзінде жау халықтың рухын сындыра алмады. Көп жерлерде халық жауға батыл қарсылық көрсетті. Ташкенттің 300 мың тұрғындары қаланы үш ай бойы ұстап тұрды. Халық жоңғарларға қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сайрам, Түркістан қалаларының тұрғындары да жауға табанды қарсы тұрды.
Осындай қарсылықтарды ұйымдастырушы Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Тайлақ, Жəнібек, Малайсары жəне т.б. халық батырлары болды. Түркістан қорғанысына Қабанбай мен Айшыбек батыр қатысты. Қоршауда қалған Сайрам қаласын басып ала алмаған жоңғарлар Сайрамсу мен Тубалақ өзендерінің ағысын өзгертуге шешім қабылдайды. Бұл өзендер қаланы сумен қамтамасыз
еткендіктен қала тұрғындары сусыз қалады. Осыдан кейін ғана əбден əлсіреген халық қаланы жауға беруге мəжбүр болады. Тек қалаларда емес, тау, дала өңірлерінде де жау халықтың ұйымдасқан қарсылығына тап болды. Қожаберген жыраудың айтуы бойынша қазақтар шегінуі барысында да үлкен қарсылық көрсеткен. Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы қалмақтардың да
қазақ жеріне шабуылы жиіледі. Əбілқайыр ханның басшылығымен қазақ жасақтары бұл бағытта да жауға ұйымдасқан тойтарыс берді. Осынау қиын-қыстау кезде халық сұлтандар мен ру басыларына үміт артпай, өз тарапынан да қарсылық ұйымдастыра бастады. Қазақ жасақтарының басында халық батырлары тұрды. Халық рухын көтеруде Төле, Қазыбек, Əйтеке билердің рөлі зор болды. Жауға қарсы жаппай қарсылық көрсету 1724 жылдан басталды. Бұл жылы негізгі əскери қақтығыстар Орталық жəне Батыс Қазақстан аумағында болды. Бұл қақтығыстарда Əбілқайыр хан бастаған қазақ қолдары табысты қимылдады. Əбілқайыр ханды қазақтардың басым бөлігі, қарақалпақтар мойындады. Бұл жылдары Əбілқайыр хан соғыс даласында асқан батырлық танытты. 1725 жылы Əбілқайырдың қол астындағы сарбаздардың саны 50000-ға жетіп, қазақтар жаудың басып алған жерлерін азат етуді бастады. Осы жылы басқыншыларға қарсы алғаш рет үлкен тойтарыс берілді. Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам төңірегін жаудан азат етуде қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаратау тауларының Теректі алқабындағы Садырбұлақ өзенінің төңірегіндегі қалмақтардың қолын Үлкентұр тауына қуып тығып, жойып жіберді.Мəшүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан
қайтып келе жатқан Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жəнібектің қолбасшылығымен Шұбаркүл көлінің маңында жоңғарларды талқандады делінеді. Шəкəрім Құдайбердіұлы да бұны растайды. Осы жеңістен кейін Ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сарбаздары жаудың тас-талқанын шығарды. Бұл шайқаста Əбілқайыр ханның, батырлар тама Есет, тама Жантай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас болған жер «Қалмақ қырылған» деген атқа ие болды. Одан кейін
қазақтар Сырдарияның төменгі ағысы ғана емес, Мұғалжар тауларының бір бөлігін жоңғарлардан азат етті. 1726-27 жылдары сұлтандар мен билер қазақ жерін жаудан азат етуде қазақ руларының басын біріктіру саясатын қолға алды. Осы бағытта Кіші жүз ханы Əбілқайыр белсенділік танытты. 1726 жылы Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары Əбілқайыр, Əбілмəмбет, Сəмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар, Төле, Қазыбек, Əйтеке бастаған билер, батырлар қатысты. Жиналыс барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен қуу мəселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп шешті. Сонымен қатар қаралған маңызды мəселенің бірі - бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мəселе болды. Ордабасына Əбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың ішінен Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Жиналыста елімізді жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында қазақ халқы бас біріктіріп, бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады. А.И.Левшиннің айтуынша дұшпанға қарсы бірігу басталды. 1727 жылдың жаз айларында үш жүздің біріккен қолы əскери дайындықтан өтіп, қару-жарақты жетілдірумен, дайындаумен айналысты. Əбілқайыр Бұхарадан ат, қару-жарақ сатып алып,
əскерді соғыс өнеріне жан-жақты дайындайтын батырларды өзі тағайындаған. Сонымен бірге əскери барлау ісіне үлкен мəн берілді. Күзде Сарыарқа даласындағы Бұланты өзенінің маңында жауға үлкен соққы берілді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп аталады. Осы маңдағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысындағы Қарамолда деген жерде болды. Бұл шайқаста да жоңғарлар жеңіліс тапты. Кейіннен шайқас болған аймақ «Қалмақ қырылған» деп аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ күреске жігерлендірді. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында бетбұрыс жасауға мүмкіндік берді. Əбілқайыр хан жəне Бөгенбай батырдың басшылығымен Қаракерей Қабанбай, ошақты Саңырық, тама Тайлақ, Шақшақ Жəнібек, тама Есет, Малайсары, тарақты Байғазы қолдары асқан ерлік көрсетті. Осы шайқастағы қазақтардың ерлігі туралы мəліметтер М.Тынышпаевтың, А.И.Левшиннің, А.Диваевтың еңбектерінде айтылады. Үмбетай, Ақтамберді, Тəттіқара, Бұқар, Көтеш, тағы басқа жыраулардың жырларында шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың іс-қимылдары жан-жақты сипатталған. Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор шайқастардың бірі - Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға созылды. Бұл шайқастың болған орны М.Тынышпаевтың,
А.Диваевтың зерттеулерінде нақты сипатталған. 1997 жылы Қазақстан халық жазушысы Ə.Кекілбаев пен тарихшы М.Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеді. Экспедиция барысында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, географиялық жер атауларына да үлкен мəн берілді. Балқаш көлінің оңтүстігімен Алакөлге бет алғанда Сұнқайтты (Сұмқайтты) өзені, қазіргі Жамбыл облысы Тараз қаласының шығысында Əбілқайыр сайы бар. Ал, халық ауыз əдебиетінде бұл жерде жоңғарлар аңырай
жеңілген деген мəлімет бар. Археологиялық зерттеулер барысында сарбаздардың қару-жарағы, ер саймандары көптеп табылды. 1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай тауларына қарай жылжыды. Осы кезеңде қазақ əскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық
берілген. Олар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал Барақ, Керей Жəнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей Жанатай ер, Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай жəне т.б. Мыңдықтар құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ əскерінің сол қанатын Əбілмəмбет хан, Сəмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Əскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мəмбет, Сəңкібай, Шойбек батырлар басқарды. Əскердің орталық тобын Əбілқайыр, Əйтеке би, Бөгенбай,
Шақшақ Жəнібек батырлар басқарды. Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Əбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын. Олардың əскерінің саны да 28-30 мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты əскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен. Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тари-хи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Əбілмансұр) Абылай есіміне ие болды. Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жəнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Құдайменді Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, əскери стратегия, тактикамен таныс тəжірибелі ерлер еді. Қазыбек, Əйтеке, Төле билер бастаған қазақ билерінің жалынды ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын қазақ батырларының жоңғарлармен соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, Ақтамберді, Үмбетай жыраулар өздері де бұл соғысқа қатысқан. Бұл жыраулардың еңбектерінде соғыс барысындағы көптеген іс-қимылдар жан-жақты сипатталған.
Жыраулардың Отан қорғау тақырыбына арналған жырлары қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін жақындата түсті. Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас басталды. Тəукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның орнын Орта жүзден Сəмеке, Кіші жүзден Əбілқайыр хан аламыз деп дəмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Əбілмəмбет болды. Сəмеке мен Əбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап, кетіп қалды. Нəтижесінде Əбілмəмбет сұлтан Түркістанға көшсе, Əбілқайыр кіші жүз аумағына қайтады. Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді. Қазақтардың Аңырақайдағы жеңісіне қарамастан жоңғарлар тарапынан шабуыл тыйылмады. 1723-1730 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдары Шəкəрім Құдайбердіұлының жазбаларында тек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының өзінде қазақ халқының санының үштен екісі кемігені туралы мəлімет бар.
Деректер бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 млн 330 мың болса, 1725 жылы 2 млн 222 мыңға азайған. 1730- жылғы жеңістің тарихи маңызы зор болды. Қазақ халқы өз мемлекетінің тəуелсіздігін сақтап, басып кірген жаудың тасталқанын шығарып жеңіске жетті. Жоңғарлармен соғыста ерлік көрсеткен батырлардың, билердің есімдерін ұрпақтары биікке көтеріп, батырлығын мақтаныш тұтады. Ел қорғаған батырлар ерлігін дастан ететін жырлар жазылды. Атап айтсақ, «Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр», «Шақшақ Жəнібек батыр», «Қойгелді батыр», «Өтеген батыр» тағы басқа. Олардың аты ұранға айналып, ел ардақтайтын аруақты жандар дəрежесіне көтерілді. Бүгінгі таңда олардың атымен аталатын Қазақстанның əр қаласында көшелер, мекемелер бар. 1723-30 жылдардағы Отан соғысы қаһармандарының ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қалмақ.
Жоңғарлардың шапқыншылық жылдары қазақ жүздерінің экономикалық жəне саяси өміріне ұзақ уақытқа терең із қалдырып, қазақ тарихына алапат ауыр жылдар болып енді. Қазақтар мал-мүлкі мен адамдарынан ғана емес, сонымен қоса Жетісудағы шұрайлы жайылымдарынан да уақытша айырылып қалды. Көшіп-қонудың ғасырлар бойы қалыптасқан жолдары бұзылды. Сырдария мен Жетісудағы егіншілік мəдениетінің ошақтарына үлкен нұқсан келтірілді. Жоңғарлардың Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды басып алуының қазақ қоғамының экономикалық жəне мəдени өмірі үшін елеулі зардаптары болды. Қазақ рулары сауда жəне қолөнер орталықтарынан ажырап қалды. Қазақ жүздерінің арасындағы шаруашылық-саяси байланыстар əлсіреді. Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының əлеуметтік қатынастарына да теріс əсерін тигізді. Елдің құлдырауы мен күйзелуі салдарынан кедейлер, қоңсылар, жатақтар жəне т.б. көбейді. Өз бетімен шаруашылық жүргізу мүмкіндігінен айырылған олар малы көп байлардың бақташылары, үйдегі малайлары ретінде жұмыс істеуге мəжбүр болды. Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан Жоңғар хандығының жаңа шабуылының тікелей қаупі сақталып қалды. Қазақ хандықтары жөнінде барынша агрессияшыл саясат жүргізген Қалдан Цереннің (1727-1745 жж.) билік басына келуі мұндай шабуылдың қаупін күшейтті.
Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қатынастары шиеленіскен күйінде қала берді. Еділ қалмақтары жəне башқұрттармен қарым-қатынастар да күрделі еді. Осындай жағдайда қазақ билеушілері алдында маңызды да күрделі міндет қазақ жүздерін сыртқы жаудан қауіпсіздендіру жəне елдің феодалдық бытыраңқылығының күшейе түскен үрдісін жою міндеті тұрды. Олардың бұған өз күштерімен жете алмайтындығына көздері жете түсті. Солтүстіктегі қуатты көрші Орыс мемлекетімен одақтасу қажеттігі туралы пиғыл туындады. Осылайша қазақ билеушілерінде орыс-қазақ саяси жəне экономикалық байланыстарын нығайтып, Ресейдің қарауына кірудің жолдарын іздеуге деген ұйғарым қалыптасты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет