Автоматтық тұрақтандырғыштардың іс-әрекетінің маңызды ерекшелігі бюджет тапшылықтары мен артығын реттеу болып табылады: бюджет тапшылығы өрлеу фазасында қысқарады, одан кейін жоғалады және бюджет артығы пайда болады, бұл инфляцияны тежеуге жәрдемдеседі, өйткені ұлттық өнімнің жоғары деңгейі инфляциямен жалғасады; құлдырау фазасында құлдырауды жоюға ынталандыратын бюджет тапшылығы біртіндеп өсе бастайды. Практикада тепе-теңдік моделдерде қаралған тәуелділіктер қосымша факторлардың әсерін бастан кешіреді:
1) фискалдық саясаттың қабылданатын шараларының уақыттылығы (уақыттың кешеуілдеуі); 2) ығыстыру әсерінің іс-әрекеті, бұл ақша рыногында пайыздық мөлшерлемелердің өсуімен байланысты үкімет шығыстарының көбеюі кезінде жекеше инвестициялар элементтерінің қысқаруында көрінеді;
3) сұранымды ынталандыру жиынтық ұсынымға әсер етеді, бұл бағалардың инфляциялық көбеюіне әсерін тигізеді және жиынтық шығыстардың көбею әсерін төмендетеді;
4) ашық экономикада ұлттық өндіріс жиынтық шығыстардың элементі ретінде таза экспорттың мөлшерін өзгертетін валюта бағамдары өзгерістерінің ықпалын бастан кешіреді.
Сондықтан ынталандырушы фискалдық саясаттың шаралары жоғарыда айтылған факторлардың іс-әрекетінен әлсіреуі мүмкін. Сөйтіп, кейнсшілдік тауарлар мен қызметтер көрсетуге болатын сұранымды экономиканы реттеудің негіз қалаушы факторы ретінде бөліп көрсетеді: мемлекет жиынтық сұранымды ынталандыруға мүмкіндік туғызады, ресурстардың қамтылу деңгейінің артуына ықпал етеді, мемлекеттік сатып алудың көлемін кеңейтеді, кредиттің құнын реттейді. Кейнстік шаралар салықтарды төмендетуді, шығыстарды көбейтуді, инвестицияларды ынталандыруды (пайыздық мөлшерлемелерді төмендетудің көмегімен) ұйғарады.
Қаржылық-экономикалық реттеуде фискалдық және монетарлық саясаттардың өзара әрекеттерін қарастыру қажет.
Монетарлық саясат өзге құрамдас бөліктерден басқа ұлттық валюта бағамына – төмен (арзан ақшалар) және жоғары (қымбат ақшалар) – ықпал жасау бойынша шаралар жүргізуді кіріктіреді.
Өндірістің құлдырауы, жұмыссыздық және өндірістік қуаттарды жеткіліксіз пайдалану кезінде монетарлық биліктерге арзан ақшалар саясатына жүгінуі керек. Арзан ақшалар саясаты кредитті арзан және жеңіл қолжетерлік етеді. Ақшалай ұсынымды көбейту үшін орталық банк белгілі бір құрамдастырымда мынадай іс-әрекеттерге кіріседі:
1) ашық рынокта банктер мен халықтан мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу;
2) резервтік норманы төмендету;
3) қайта қаржыландыру мөлшерлемесін (есептік мөлшерлемені) төмендету.
Нәтижесінде коммерциялық банктер жүйесінің артық резервтері көбейеді. Егер солай болса артық резервтер кредиттеу арқылы коммерциялық банктердің ақшалай ұсынымын көбейтудің негізі болып табылады, елде ақшалай ұсынымның артуын күтуге болады. Ақшалай ұсынымның көбеюі инвестициялардың өсуін және тепе-теңді ТҰӨ-нің көбеюін тудыра отырып, пайыздық мөлшерлемені төмендетеді. ТҰӨ өсетін шама инвестициялар өсімінің жеке дәрежесіне және табыстар мультипликаторының мөлшеріне байланысты болады.
Керісінше, егер ақшалай ұсынымның көбеюі сұраным инфляциясын тудырса, орталық банк қымбат ақшалар саясатына иек артады. Қымбат ақшалар саясаты кредитке қолжетімділікті азайтады және оның шығындарын көбейтеді. Орталық банк бірқатар құрамдастырымда мынадай іс-әрекетке кіріседі:
1) ашық рынокта депозит мекемелері мен халыққа мемлекеттік бағалы қағаздарды сату;
2) алдын ала жазып қойылатын резервтік норманы көбейту, немесе
3) қайта қаржыландыру мөлшерлемесін (есептік мөлшерлемені) көбейту.
Мұның салдарынан пайыздық мөлшерлеменің артуын тудыра отырып, ақшалай ұсыным қысқарады. Пайыздық мөлшерлеменің өсуі жиынтық шығыстарды азайта отырып және сұраным инфляциясын шектей отырып, инвестицияларды қысқартады.
Ашық экономика жағдайларында бұл себептік-салдарлық байланыстар мынадай түсіндірме алады.
Құлдырауды әлсіретуге бағытталған арзан ақшалар саясаты ел ішінде пайыздық мөлшерлемені азайтады. Бұл елге қаржылық капиталдың ағынын азайтады. Демек, шетелдік валюта рыноктарында оның құнсыздануын тудыра отырып: шетелдік валютаны сатып алу үшін ұлттық валюта көбірек қажет болады, ұлттық валютаға сұраным түседі. Бұл ел азаматтары үшін шетел тауарларының қымбат бола бастағанын және керісінше, шетелдіктер үшін отандық тауарлардың арзан бола бастағанын білдіреді.
Нәтижесінде импорт қысқарады, ал экспорт ұлғаяды, немесе таза экспорт жиынтық шығыстар мен тепе-тенді ТҰӨ көбейеді.
Пайыз мөлшерлемесі өсетіндіктен (мемлекеттік бюджеттің тапшылығы өседі және салықтар қысқарады; мемлекеттік бюджет қарыздар есебінен қаржыландырылады; үкімет тарапынан қаржылық ресурстарға сұраным пайыздық мөлшерлемені көбейтуді тудырады), таза экспортты төмендететін ынталандырушы фискалдық саясаттан айырмашылығы – тәсім кері бағытта – мөлшерлемелерден бастай отырып, іс-әрекет етеді.
Арзан ақшалар саясаты экспорттың көбеюі есебінен сауда балансын жақсартады (тапшылықты төмендетеді). Қымбат ақшалардың кері нәтижесі болады: импорт көбейеді, экспорт қысқарады, сауда тапшылығы өседі. Сондықтан баламалы таңдау туындайды: ел ішінде экономикалық тұрақтылыққа жету үшін монетарлық саясатты пайдалану немесе халықаралық саудадағы тепе-теңдіктер.
Теорияда тіркелген айырбас бағамы сатып алу немесе өзінің резервтерін сату арқылы, сөйтіп ұлттық валютаның бірдеме тіркелген бағамын белгілей отырып, банк валюталар паритетіне (тепе-теңдігіне) араласқанда орталық банктің саясаты ретінде анықталады. Тиісінше, жүзбелі айырбас бағамы кезінде орталық банк бұл үдерістерге араласпайды. Әрине, таза түрінде бұл екі жай-күй жиі байқалынбайды, бірақ жалпы оның көп не аз дәрежесінде орталық банктің валюталық басқыншылықтар жасауына қарай ел тіркелген немесе икемді айырбас бағамын ұстайды деп саналады.
Микроэкономикалық моделдеу мақсаттары үшін ұлттық валютаның тіркелген немесе жүзбелі айырбас бағамына қай экономикалық саясат – монетарлық немесе тіркелген саясат нәтижелі (немесе нәтижесіз) екендігі туралы түсінік беретін Манделла-Флеминг моделі қолданылуы мүмкін.
Моделді қолдану шарттары мыналар болып табылады:
экономиканың ашықтығы;
капиталдың жұмылғыштығы, яғни пайыздың төмен мөлшерлемелері бар экономикалардан анағұрлым пайдалысына кете отырып, елден елге кедергісіз ағыла алады;
экономика шағын болуы тиіс, яғни елдің жалпы әлемдік экономикалық параметрлерге әсер ететін мүмкіндігі болмауы тиіс.
Тіркелген айырбас бағамы кезінде монетарлық саясат абсолютті тиімсіз бола бастайды, ал фискалдық саясат, керісінше, экономикалық көрсеткіштерге тиімді әсер етуі мүмкін деген қағида Манделла-Флеминг моделінің басты түйіні болып табылады. Жүзбелі айырбас бағамы кезінде көрініс керісінше өзгереді: монетарлық саясат өте тиімді бола бастайды, ал фискалдық саясат олай болмайды. Басқа сөзбен, тіркелген бағам кезінде ақшалай ұсынымның параметрлерін қалай болса солай өзгертуге болады, бірақ өндіріс пен сұранымға бұл әсер етпейді. Басқа жағынан, фискалдық саясаттағы өзгерістер (мысалы, мемлекет шығыстарының өсуі немесе салықтардың төмендеуі) өндіріс көлеміне, табыстарға (бұл жағдайда, көбейту) және басқа ілеспе көрсеткіштерге дәл тікелей әсер етеді.
Мемлекет шығыстарының өсуін қысқарту және тіпті абсолюттік тұлғаланымдағы шығыстарды азайту инфляциялық үдерістерге әсер етпейді, тек экономикалық өсімге қысым көрсетуді тудырады. Оларды қысқарту табыстарға, қандай бір дәрежеде импортты азайтуға әсер ететін болады. Алайда табыстардың азаюы елдегі экономикалық белсенділікке қысым көрсететіндіктен, тиісінше, экономикаға банктердің кредиттік салымдары азая түседі, бұл, өз кезегінде, олардың шетелден қарыз алуын азайтады. Бұл төлем балансын теңестіреді, яғни валюта жылыстауының азаюы импорт арқылы банктердің шетелдік қарыз алулары арқылы валюта құйылымын азайтумен өтемделетін болады. Бұл жағдаятта монетарлық биліктерден қандай да бір іс-қимылдар жасау талап етілмейді, яғни ақшалай ұсыным өзгеріссіз қалады және инфляция параметрлері де тиісінше, өзгеріссіз қалады.
Ұзақ мерзімді перспективада мұндай саясат едәуір дәрежеде экономикаға өзіне-өзі қызмет көрсетуге мәжбүр ететіндіктен, ғылыми-техникалық прогресс пен ғаламдану пайдаларынан елді салыстырмалы оқшаулауға жеткізеді.