Кедендiк бақылау комитетi өз құзырының шегiнде Қазақстан Республикасының кеден iсi саласындағы iске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын Қаржы министрлігінiң ведомствосы болып табылады.
Комитеттiң негізгi мiндеттерi: өз құзырының шегiнде Қазақстан Республикасының егемендiгiн, ұлттық және экономикалық қауiпсiздiгiн, сондай-ақ адамның өмiрi мен денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi шараларды қамтамасыз ету; орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының кеден органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамаларының сақталуын қамтамасыз ету; кедендiк саясатты iске асыруды қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдарына кедендiк ресiмдеудi және кедендiк бақылауды жүзеге асыру; Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ өз құзырының шегінде шетелдiк мемлекеттердiң кеден және өзге құзырлы органдарымен, халықаралық ұйымдармен кеден iсi мәселелерi бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыру; халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру; сыртқы экономикалық және кеден iсi саласындағы өзге қызметке қатысушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау болып табылады.
Комитеттің заңи тұлғалар болып табылатын аумақтық органдары бар, оларға: облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша Кедендiк бақылау департаменттерi, кедендер, Кинологиялық орталық және Орталық кеден зертханасы жатады.
Кедендік бақылау комитеті Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыра отырып, сыртқы экономикалық қызметте, кедендік саясаты жүргізгенде кеден службасының органдары арқылы мемлекеттің қаржылық ресурстарының айтарлықтай үлесін құрайтын кедендік баждар мен төлемдерді төлетуді ұйымдастырады.
Қаржылық бақылау комитеті орталық атқарушы органның құзыры шегінде ішкі қаржылық бақылау, мемлекеттік сатып алу, аудиторлық қызмет, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептеме саласында іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің маңызды ведомстволарының бірі болып табылады.
Қаржылық бақылау комитеті бақылау саласындағы ұйымдық-әдіснамалық және талдамалық жұмыстарды жүзеге асырады. Оның органдары ұлттық шаруашылықтың барлық салалары мен қызметтер сферасының мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарына, әлеуметтік сфера мен халықты қорғаудың бюджеттік ұйымдары мен мекемелеріне, басқару органдарына, қорғаныс кәсіпорындары мен ұйымдарына және құқық тәртібін қорғауға тексеріс жүргізеді. Олар сонымен қатар кредиттік және валюталық ресурстарды пайдалануды, бағалы қағаздар бойынша заңнамалардың орындалуын бақылайды.
Жергілікті қаржы органдарының аппараты облыстық, қалалық, аудандық қаржы департаменттері (басқармалары) мен бөлімдерін, салық комитеттерін кіріктіреді.Олар оперативтік басқару жөніндегі жұмыстарды жүргізеді, яғни жергілікті бюджеттерді болжаумен, жасаумен және олардың атқарылуымен, ішкішаруашылықтық резервтерді анықтаумен және шаруашылық кешен мен әлеуметтік мәдени сфераның барлық буындарында ресурстарды үнемдеуді іздестірумен айналысады, шаруашылық органдарды қаржыландыруды жүзеге асырады және олардың қаржылық қызметін бақылап отырады. Қаржы органдары жергілікті әкімшілікке бағынады.
Қаланың қалалық қаржы басқармасының құрылымы әдеттегідей білім беруді, денсаулықты, әлеуметтік қорғауды, қаржы органдарын, өндірістік емес сфераны, бюджеттік қаражаттарды пайдалануға бақылау жасау, кірістерді болжау, мемлекеттік сатып алуды үйлестіру, заң службасы, кадрлар және т.б. бөлімдерді кіріктіреді.
Облыстық қаржы департаментінің (басқармасының) құрылымы облыстар шаруашылығының өзіндік ерекшелігін ескереді және келтірілгеннен біршама айырмашылығы болады. Оған ауыл шаруашылығын қаржыландыру бөлімі кіріктіріледі, бірқатар бөлімдердің атауларында айырмашылықтар бар.
Аудандық қаржы бөлімдерінде жергілікті бюджеттердің атқарылуы бойынша тиісті бөлімшелер болуы мүмкін. Бөлімдердің орнына инспекциялар, топтар немесе жекелеген мамандар (санаттары бойынша) болуы мүмкін.