5-сынып
САРЫ САМАУРЫННЫҢ ШАЙЫ
Ерлан атасымен шөп жинауға жиналды.
– Сары самаурынды ұмытпа, балам, – деді атасы.
– Шәйнекті, пиалаларды да алдым, ата, – деді Ерлан.
Ерлан қоңыр тайдың үстіне мінген. Атасы ат үстінде. Оның қолында айыр. Тайдың екі қапталының бірінде – сары мыс самаурын. Екіншісінде – аузы бекітілген бактың ішінде Жиделі өзенінің мөлдір суы.
Жиде қалың өскендіктен, өзен аты – Жиделі атанған. Бұл өзеннің ауыл бойын қуалай аққанына талай жылдар өткен. Өзен жағасының арғы шетінде қалың шөп өседі. Атасы екеуі мал азығы үшін өткен аптада ат шаптырымдай жердің шөбін орды. Атасы шалғымен, Ерлан қол орақпен-ақ едәуір іс тындырыпты.
Енді, мінеки, кепкен шөпті Ерлан мен атасы шөмелеуге кірісті. Күн түске таянды. Ауа ыси бастады.
– Ерлан, самаурынды қайната ғой, – деп дауыстады атасы тер жуған бетін
сүртіп.
– Мақұл, ата, – десе де, Ерлан кепкен шөпті үйе түсті. Өзі үйген шөмелені
қатты нығыздап болған соң, самаурынға су құя бастады.Сіріңкені жағып, құрғақ отынды тұтатты. Сәлден соң, сары самаурын ішіндегі су ысылдай бастады. Үсті- үстіне жағылған оттың қызуынан лезде-ақ су қайнады. (154 сөз)
Мазмұндау жоспары:
Ерлан мен атасы
Шөп жинауға жиналу
Жиделі өзені
Қызу еңбек
Сары самаурынның шайы
Тірек сөздер: шәйнек, пиала, шөмелеу.
Достарыңызбен бөлісу: |