1-жұмыс. Минор тәжірибесі Тер бездері тер шығару арқылы түрлі қызмет атқарады:
зат алмасу барысында пайда болған артық заттарды денеден шығарады;
тер шығару арқылы дене қызуын басып, жылу реттеу үрдісіне қатысады;
термен бөлініп шығатын тұздар мен су денеде осмостық қысымды бірқалыпты ұстауға мүмкіндік береді, оның деңгейін реттеп отырады.
Тер бездері шел ішінде орналасады. Олар әсіресе алақан мен табанда, қолтықта көп. Адам тәулігіне орта есеппен 500 мл тер шығарады. Тер бездерінің шырын (тер) шығару қызметін симпатикалық жүйкелер реттеп отырады. Тер шығару қарқынын, ондағы ауытқуларды Минор әдісімен анықтауға болады.
Жұмыстың мақсаты:Тер бездерінің теріде орналасу орнын және тер шығару жылдамдығын байқау.
Қажетті заттар: Минор сұйығы (спиртте езілген йод пен касторка майы), крахмал, мақта, жылытқыш.
Жұмысты орындау:Зерттелетін тері бетіне Минор сұйығы жағылады да,кепкен соң оның үстіне крахмал сеуіп жылытады, құрғақ крахмалға йод әсер етпейді. Тер шыққан соң крахмал ылғалданып, йодқа қосылады да көк түске боялады. Минор тәжірибесі тер шығуын 3 кезеңге бөледі: 1. көкнәр дәндері кезеңі (тердің тамшылап шығуы); 2. көк дақтар кезеңі (шып-шып терлеу нәтижесінде тер аралшаларының пайда болуы); 3. қара терге түсу нәтижесінде көк дақтар бір-біріне қосылады.
Бірінші кезеңде тер бездерінің орналасу тәртібін көруге болады. Бір кезеңнен екінші кезеңге ауысу жылдамдығын қадағалап отырып, денеден қанша тер шыққанын анықтауға болады.
Минор тәжірибесінде крахмал боялмаса, тер шығу процесінің бұзылғаны. Минор әдісімен шыққан тер көлемін анықтауға болмайды.