МҰхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет13/21
Дата07.02.2017
өлшемі2,25 Mb.
#3576
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21


 
Ұрыс-қағыс  басылып,  тіршілік  сабасына  келгелі  жұрт  Жидебай,  Мұсақұл 
сияқты қыстаулардан кетіп, ойға қарай ілгерілеп, көшіп келе жатқан. 
Әр  ру,  әр  ауыл  өзді-өз  күзектеріне  қонып  жатыр.  Жайлаудай,  қыстаудай 
емес,  енді,  тарап  қонысатын  болған.  Бұл  кезде,  оқта-текте  болмаса,  қалың 
ауылдар азырақ кездеседі. 
Құнанбай ауылдары да бір-бірінен шанжау-шанжау болатын. Тобықтының 
кең  өріс,  мол  дала,  көп  адырлары  осы  «бауыр»  деген  күзекте.  Күзектің  ақ  от, 
қара  отын  қыс  түспей  малға  жақсылап  жегізіп,  тойынта  түсу  үшін,  ауыл-
ауылдар шашырай қонғанды тілейді. 
Зеренің  ауылы  биылғы  күзекке  жылдағыдай  ұзап  кетпеді.  Жидебайдан  үш 
көшіп Есембайға жетті де «Күземді осында алып, қыстауға ерте қайтамыз» деп, 
жұрттың бәрінен кейіндеп қалған. 
Биылғы  күз  аса  салқын.  Қара  суық  желі  де,  бұлыңғыр  жауыны  да  ерте 
иектеп,  мезгілсіз  бүрсеңдеп  тұр.  Қыс  ызғары  ерте  білінетін  болса,  қыстауға 
жақын  отырған  артық.  Ұлжан  кәрі  енесі  мен  балаларының  жайын  ойлап,  әдейі 
осылай тартынып қалған. Қастарында көрші елден үш қана шағын ауыл бар. 
Абай  әкесі  кеткелі  үйден  шаққан  жок.  Бірақ  Жігітек  жағының  желігін, 
асыр-сауығын,  мәз-мерекесін  естіп  жүрген.  Ырғызбай  жағынан  тиген  он  бес 
қыстауды  азулы  мықтылар  басқанын  бір  есітті.  Артынан  тағы  да  сол 
жуандардың  өздері,  ішін-ара  әлі  ұғыса  алмай,  енді  бірінен  бірі  қызғанысып, 
қырбайласып  қалып  жүр  дегенді  де  есіткен.  Бұндай  хабарларға  Абай  біртүрлі 
сыншы үлкен жанша қарап, наразы боп күлуші еді. 
Бөжей  намысын  қуғандары  шын  болса,  ол  намыс,  ол  ар  деген  нәрселер 
оңай ма еді? 
Сондай кірсіз, шетін, ақ нәрсені жермен, қыстаумен емдеуге бола ма екен? 
«Ел жылады... Елдің белі талды. Көп қысылды» дегендері кәні? Абай осыны да 
көп  ойлап,  аса  бір  қиналып,  қысылушы  еді.  Ақыры  ол  шерудің  барлығы  осы 
адамдардың өз жемсауын тойдырса тыпа-тыныш басыла қалады екен. 
Осындайларды  қазып  ойлап,  Абай  осы  күзде  бар  үлкеннің  шама-шарқын 
танып алды. Таныған сайын басын шайқап, қыжалданып қояды. Көбінесе, тани 
тыңдап, мысқыл ете күледі. Сол себепті:  «Жігітек масайрап, шат-шадыман боп 
жатыр.  Біз  мырзаның  артында  жабырқап,  уайым  ойлап  отырғанда,  олар 
сүйсініп, ойнақ сап жатыр!» - деп Ырғызбай кісілері қорланған уақытта, кіжініп, 
күйген  уақытта  да  Абай  оншалық  шіміркенбейтін.  Әсіресе,  күйік  шегіп, 
қызғанбайды. 
Көбінше  үндемей,  езу  тарта  береді.  Осындай,  бір  оқ  өтпес  сауыт  тауып 
кигендей. Көптен бөлек, өзінше оқшау, қатаң өсіп келе жатқан тәрізді. 

 
162 
Соңғы  күндер  көбінше  домбыра  алып,  мөлдір  күйлер,  сұлу  әндер  тарта 
беруші еді. 
Бүгін  кеште  де  ат  үстінде  біраз  жүріп  кеп,  шешелерінің  үйіне  кіріп, 
Ғабитхан,  Тәкежан,  Оспан  және  бірнеше  малшылар  отырған  уақытта 
домбыраны  қолға  алды.  Ширақ  тартып  отырып,  бір  кезде  аса  бір  өткір 
мысқылы бар, қызық өлең айтып шықты. 
Сөзі  ұнап  қалды  білем.  Ұлжан:  «Бұл  кімнің  өлеңі  екен  өзі?»  деп  еді.  Абай 
жай, шындап қана: 
- Байкөкшенікі! Сол айтыпты! - деді. 
Өлең Байкөкшенікі емес, өзінікі болатын. 
Осы  күз  бойы,  әсіресе,  қыс  түсіп,  Жидебайға  тамға  орныққан  соң,  Абай 
домбыраға  қатты  зер  салды.  Біткенбай  домбырашы,  Тәттімбет  домбырашы 
деген  атақты  күйшілердің  тартысына  салып,  бұған  домбыра  үйрететін  кәрі 
күйшілер табылды. 
Бір  жағынан  домбыра  үйрене  жүріп,  Абай  осы  кездерде  Байкөкше  айтты 
деген әлденеше мысқыл, әзіл өлеңдер естіртіп қойып жүрді. Қыстауға келісімен 
Ғабитхан молда Оспан мен Смағұлды қайта жиып оқу бастаған. 
Абай  солар  қасында  ұзақ  отырып,  кітап  оқиды.  Кейде  Бабыр,  Науаи, 
Аллаяр  сияқтыларды  оқып-оқып  кеп,  өзі  де  қағаз,  қарындаш  алып,  соларша 
бірдемелер жазып кетеді. 
«Ғашық  оты,  мағшуқа»  деген  сарындар  жетектей  береді.  Өзі  әлі  өмірінде 
сол  көп  естіген  мағшуқамен  жүздесіп,  тіл  қатысып,  ләззат  алысып  көрмесе  де 
көңілімен  аса  нәзік  сезініп,  дем  тартады.  Ұмыттырмай,  айықпай,  лебі  тартып, 
жатқан  бір  ыстық  жан  бар.  Ол  -  араздық,  жаулық  ар  жағында.  Кешегі  төбелес, 
алыс-жұлыс  атаулының  ор,  жырасының  ар  жағында  қалып  қойған,  алыстап 
тұрған - Тоғжан. Соны көп-көп еске алады. Биылғы қыс бойында қағазға жазған 
азды-көпті  өлеңінің  бәрін,  қорғаншақ,  батылсыз  жүрекпен  соған  арнайды.  Осы 
қыста: «Әлиф деп ай юзіңе ғибрат еттім» деген бір кітапша сыпайы жыр жазды. 
«Ақ етің аппақ екен атқан таңдай» деген елеңін енді түгел аяқтады. 
Кейде Тәкежан, Ғабитхандарға домбыраға қосылып, әндетіп айтып беретін 
де болды. 
Оқта-текте үйден шықса, Абай қара-ауыз сары тазыны ертіп, қоян қуатын. 
Бірер  рет  Шыңғысқа,  Қарашоқыға  барып,  Күнкенің  аулында  жатып, 
Құдайберді  деген  ағасының  қасында  болды.  Құдайберді  ерте  үйленген.  Осы 
қыста оның үшінші ұлы туыпты. 
Күнкенің  аулы  Құнанбай  турасынан  ертерек  хабарланып  тұрады.  Бұрын 
аға сұлтанның кеңесі орнаған жер осы бәйбішенің аулы болатын. 
Шыңғыстың  бөктерімен,  бір  қабат  ішінде  қыстап  отыратын  Ырғызбай  да, 
өзге қалың ел де молырақ. Хабар-ошар көп болатын себебі де сол. 
Әке  хабарын  үй  іші  сұрастыра  бергенде,  Абай  әдейі  осында  келіп, 
әрнәрсені  естіп  қайтатын.  Бірақ  сол  хабар  үшін  келумен  бірге,  Абай  Күнкенің 
әралуан, жайсыз мінезін де көруші еді. 
Құнанбай  кеткелі  Күнке  Ұлжанға  кінә  таққыштап,  Абайдың  көзінше  де 
әртүрлі сөздер айтады. Соның үлкені: 
-  Мырзаның  жәйі  не?  Не  күйде  жүр?  Оны  ойлап  Ұлжан  қысылмайды  ғой. 
Қысылса,  ағайынды,  елді  жиып  үлкен  үйді  мырза  бардағыдай  қан  базар  ғып 

 
163 
отырмас па еді? Кешсе, жұрттан оқшау көшеді. Қалса Жидебайда жалғыз ауыл 
қалады. Арттағы елге ұйтқы боп, асын беріп, ерінің тілеуін тілетіп отырғанның 
орнына,  өз  тыныштығын  сүйеді.  Бар  елдің  күтімі  де,  шығыны  да  бізде. 
Тауқымет біздің мойында! - деп жазғыратын. 
Ұлжанның  атқамінер  атаулыны  өз  аулына  жия  бермейтіні  рас.  Шыңғыста, 
қалың  ел  ортасында  болғандықтан  Күнкенің  қазан  асысы,  қонақ  шоғыры  мол 
екені де рас. Қазір бұл үйдің сойысы Ұлжан үйінен көп болғанға Күнке, әсіресе 
күйінеді. Ол да күндестіктің, бәсекенің бір қиын, шытырман жері болатын. 
Мал амалсыз сойылып, жиі шығындап жатыр. Сол шығын өскен сайын іші 
ауырып,  ең  ақыры  осы  кездерде  Ұлжанды  абысын-ажынға  да,  ағайын-жақын 
үлкенге де, тіпті бала-шағаға да жамандай бергіш боп еді. 
Абай  бұл  шешесімен  дауласпайды.  Айтқанын  үндемей,  салқын  ғана 
тыңдайды  да,  сол  арада  ұмытуға  тырысады.  Үйткені,  шешесі,  Күнке  айтқанды 
оның  баласы  Құдайберді  айтпайды.  Ол  әрқашан  Абай  келгенде  қуанып  қарсы 
алып, аса қатты бауыр тартады. 
Күнкенің сөздерін Абай өз шешесіне де жеткізген емес. Бірақ Қарашоқыға 
барып  қайтқан  сайын,  үйдің  оңашасын  тауып,  әжесіне  айтып,  сонымен 
ақылдасатын: Әжесі Күнке сөздерін тыңдап-тыңдап кеп: 
-  Елеме  ол  сөзді!  Қай  үйдің  қай  жөнмен  жүретінін  сол  білетін  шығар. 
Күндестік деген сұм мінездің ызғары ғой! Күнке мен Айғыздан сондай бықсық 
шықпай жүре ме? Шешеңе айтпай-ақ қой, өзім тыямын! - деген. 
Айтқанындай Зере бір күні Ызғұттыны шақырып ап, Күнкеге әдейі жұмсап, 
жаңағыдай сөздерден тыйылсын деген. «Одан да үндемей шыдап, байының елі-
жұртын, қонақ-қопсысын сыр бермей сыпсыңдамай күтсін» деді. 
Құнанбайдың ауылдары мен ағайынының жолаушны күтуі ұзаққа созылды. 
Бұл  жақтан  алған  он  бес  қыстауға  Байдалы,  Байсалдар  таласа,  қырбайласа 
жүріп, әлдеқашан қонып алған. Күз белгісіз өтті. Қыстың да тең жартысы ауып 
барады.  Құнанбай  қайтпай  жатыр.  Тек  ай  сайын  ғана  қасындағы  жігіттерін 
кезек-кезек  жіберіп  мал  алғызады.  Үйлеріне  әр  шаруаның  жөнінен  сәлем 
айтады. Амандығын білдіреді. 
Өз ісінен анық берген хабары: барысымен, аға сұлтандық орнынан түсіпті. 
Енді  соның  арты  оңай  айыға  ма?  Тексеруден  дуан  жібермей  жатыр  деп,  қысқа 
ғана белгі береді. 
Анығында  Қарқаралыға  жаңа  аға  сұлтан  сайланған,  Ол  бұрын  бір  болып 
түсіп  қалған  Бөкей  төренің  нәсілі  Құсбек.  Бұл  қайта  болысымен,  Құнанбайға 
жақсы қараған жоқ. Өткен сайлаудан қалған кегі бар. 
Және тегінде Баймұрын арқылы Бөжей жағын ұстанып келген кісі. 
Аға  сұлтандар  ауысса  да,  Майыр  ауыспаған.  Ол  да  Құнанбайға  оң 
қарамаған  кісінің  бірі  болатын.  Осы  екеуі  Құнанбай  ісін  күзден  бері  созып, 
астыртын шолақ қағаздармен бірге Омбыға, көрпіске беттетіп жатқан. Тергеуді 
Құнанбайдың  өзіне  білдірмей,  солай  ауыстырмақ.  Олай  әкетсе,  Құнанбайдың 
айдалуы да ғажап емес. 
Осы  жайын  бірер  айда  анық  сезген  Құнанбай  Қарқаралыдағы  жанашыры 
Алшынбай сияқты кісілерді іске қосты. 
Араға  Алшынбай  кіріскен  соң,  істің  бетін  Құсбек  жеңілге  саймақ  боп, 
босаңси  бастады.  Бірақ  кетіп  қалған  азын-аулақ  қағаз  бар.  Омбыдан  келген 

 
164 
шенеунік пен көмейі кең Майыр бар. Осылардың бабын табуды Алшынбайдың 
өзіне тапсырған. Бұның арты ақша, пара, үлкен-үлкен жем деген сөз. Қыс түсіп, 
мал  арзандады.  Семізін  елден  алғызуға  жер  мойны  қашық.  Құнанбай  да, 
Алшынбай да ақшадан қысылды. Сол кезде, қыстың орта тұсына жақындағанда, 
Семейдің үлкен саудагері  Тінібек бай  Қарқаралыға келді. Көп жәшікке тең-тең 
қып бұл тиеп келген. Қарқаралы халқының барлык соғым терісін бір өзі баурап, 
жиып алғызбаққа келіпті. 
Тінібек  Құнанбай  мен  Алшынбайды  ел-елдің  ішіндегі  өз  саудасына  керек, 
мықты  тірек  деп  санайтын.  Несиеге  бұл  беріп,  қойын  -  торпақ,  торпағын  -  өгіз 
ғып,  қызыл  елтірісін  кұнан  қой  қып  елден  жиып  алу  үшін,  бұл  саудагер  сол 
елдің  жуандарына  сүйенбекке  керек.  Тартып  та,  қорқытып  та  алып  беретін 
солар.  Құнаибайға  осы  ретпен  бейімделуден  басқа,  былтыр  Семейде  Тінібек 
құда болайық, жақындасайық деп те бір қолқа салған. 
Ол кезде Құнанбай қаланың саудагеріне қыз беруді намыс көрді. Жұрттың: 
«Аталы  жерге  бермеді,  бұлға  берді»  деген  өсегі  болар  деп  те  қорықты. 
Жарытып жауап бермей, құр дәмелендіріп қана кеткен. 
Қазір  ақшадан  қысылған  Құнанбайға  Тінібек  сол  сөзін  қайта  салды. 
Алшынбай  араға  жүріп,  екі  жағын  құда  қылды.  Құнанбай  Мәкіш  деген  қызын 
Тінібектің баласына аттастыратын болды. 
Осыдан соң ақша сандығының аузы ашылып, Майырдың топсасы да босай 
бастаған. 
«Омбыдан  келген  Чернов  деген  шенеунік  қиын  бола  ма,  сол  алмай  жүре 
ме?» деп, Құнанбай күдік қып еді. 
Алшынбай мен Қасқа тілмәш екі кеш оңаша айналдырып, қонақ қылды да, 
жақсы хабар әкелді. Алшынбай күліп келіп: 
- Күзден бері осыны бір қанды қақпан көріп жүр ем. Тілеуің бергір, құлқын 
осыныкі  екен  ғой.  Көзді  жұмып  кылғи  беретіннің  өзі  осы  боп  шықты.  Тіпті 
талғар да, таңдар да емес. Ылғи қызыл бер деп, тағы керілмейді, қыл-қыбырды 
қоса жұтқызсаң да е-е дер емес! - деген. 
Сонымен  Құнанбай  ісі  пара  арқылы  ұшталып  болды  да,  ем-дем  істеліп 
жетіп, енді  қағаз атаулының тоқталып  жойылуы ғана қалып еді. Дәл осы кезде 
Омбыдан  бұйрық  сап  еткен-ді.  Бұрын  жіберілген  болымсыз  қағаздар  жөнінен 
көрпіс  Құнанбайды  және  оның  барлық  «жұмысын»  Омбыға  әкел  деп  Майырға 
бұйырыпты. 
Қарқаралының  пара  жеп  қойған  бұл  ұлығы  енді  қатты  қысылды. 
Құнанбайдың  Омбыға  жүруі  даусыз  болды.  Осы  ортада  Құнанбай  өз  аулына 
тағы да кісі шаптырған. Ел іші Құнанбай Омбыға кетеді екен дегенді естігенде 
айдалды,  жазаланды  деп  түсінді.  Жігітек,  Бөкеншілер:  «Құнанбай  кесіліп 
кетіпті.  Итжеккенге  барады»  деп  бір  сөйлеп:  «жоқ,  Тескен  тауға,  Темірқан 
шораға кетеді» деп бір лаулап, неше саққа мінгізіп жатты. 
Құнанбай  дәл  өзінің  үйлеріне  және  әсіресе,  шешесіне  сәлем  айтып: 
«Қорықпасын! Бір сапар барып қайтсам да, түбі қайыр болар!» деген. 
Жалғыз-ақ, Құнанбай не десе де, осы хабардан соң Зеренің күрсіні күшейді. 
Үндемес уайымы, ұзақ намазы көбейді. «Жалғыз... жалғыз-ақ еді сорлы...» деп, 
кейде намаз арасында байқамай, «күбір» етіп дауыстап сөйлеп те қояды 

 
165 
Алшынбай,  Майыр,  Чернов  және  Тінібек  төртеуі  Омбы  бұйрығы  келген 
соң, ең әуелі Құнанбайды сол Омбыға жөнелту қажет деп тапты. 
«Жібердік» деп, Омбыға «үкілі почта»  жөнелтіп, Майыр өзі де қағаздарды 
алып  ілесе  шықпақ.  Содан  арғысының  есебі  жолда  табылмақ.  Жолдан  қалса 
Омбының  өзінде  бітпек.  Қалай  да  осы  Майыр  өзі  барып  құтқарып  қайтпаққа 
серт етті. 
Сонымен  Құнанбай  жүріп  кетті.  Көлігін,  жылы  шанасын,  жол  азығын,  қос 
аттарын  шетінен  ортан  қолдай  қып  сайлап  алды.  Қойын-қонышқа  ақшаны  да 
сықап алды. Құнанбай қасына үш жігіт ертіп, тартып кетті. 
Бірақ  не  дегенмен  Омбыға  қарай  беттегелі  Құнанбай  көңілінде  күдік  көп. 
Әсіресе,  діні  бөлек,  сыры  бөлек  Майыр  ғой  деп,  параны  көп  алса  да,  көп  уәде 
берсе  де,  сол  Майырдың  өзіне  сенбейтін.  Дәл  кетерінде  Алшынбай  мен 
Тінібекке: 
- Соған, сол жағына ұкып болыңдар. Әбден барды айтысып, ашық айтысып 
арылыңдар да, менің артымнан шапқыншы жіберіп, хабар етіңдер! - деген. 
Бұл  уәде  бойынша  Алшынбайдың  пысық  жігіті  Көккөз  дәл  үшінші  күні 
Құнанбайды қуып жетті. Күн аяз болғанмен, ашық, жалтыр еді. Шапқыншы қос 
атпен салт қуып келіпті. Екі құла айғырдың қалың жалдары төгіліп, ұзын кекіл 
мен  күлте  құйрық  бәрі  де  қырауытып,  шаңыта  түсіп,  көпсіп  тұр.  Бауыр  мен 
жондарынан бу бұрқырайды. Қап-қара тер басыпты. Қатты шабылған екен. 
Көккөз  Құнанбайды  шанадан  өзі  түсіріп,  қолтықтап  оқшау  шығарып  алды 
да,  көп  күбірлесіп,  бар  сәлемді  айтып  берді.  Аздан  соң  бұл  жігіт  оң  сапарды 
көп-көп тілеп қала беріп, Құнанбайдың жүрдек тройкасы тағы да тарта жөнелді. 
Қасындағы Мырзаханға Құнанбайдың жалғыз айтқаны: 
- Майырды  Керекуде  тосыңдар!  Тосып  алып,  содан  әрі  бірге  тартыңдар!  - 
деді. 
- Өзі әйтеуір, азбай ма екен? - деп, Мырзахан қадалып еді. 
- Азбас!  Азып  сонша  не  бопты?  -  деп,  біраз  отыра  түсіп,  -  бірақ  әлі  өзіміз 
көрсететін  бір  қайрат  та  бар.  Дер  кезінде  айтармын.  Беліңді  әрдайым  бекем 
буғайсың! - деді. 
Майырдың  ниеті  дұрыс  болғанда,  осы  Омбыға  жүргізгені  қалай  екенін 
Мырзахан түсінбеуші еді. Оған Құнанбай: 
- Солай істелу керек! Көрпіс алдында әмірін орындап, мені жүргізгенін, өзі 
де  шыққанын,  айтқанды  екі  қылмағанын  таныту  керек.  Ақталып  қайтатын 
болса, кісіге Омбы деген осы тұрған жер емес пе? Оны күдік көрме! - деген. 
Керекуде Құнанбай үш-төрт күн аял қылғанда, шапраш Майыр қуып жетті. 
Келген  күні  кешке  ол  Құнанбайды  өзі  түскен  пәтеріне  шақырыпты.  Құнанбай 
қасына жалғыз Мырзаханды ертіп барған. 
Майыр Керекудегі өзінің жақын ашнасы Сергей деген қазағуар көпестікіне 
түскен. 
Үй  иелерінен  бөлек,  оңаша  сәнді  белмеде  Майыр  Құнанбай  мен 
Мырзаханды  қабыл  алды.  Өзі  Қарқаралыда  тілмәш  ұстағанмен,  қазақшаға 
ысылып қалған болатын. 
- Ал, Өскенбайыш мырза, енді сені айыптайтын қағаздарды көрмексің ғой, 
солай емес пе? - деді. 
- Көрсет енді! Тек бірін қалдырмай, бәрін көрсетші!.. 

 
166 
-  О-о,  мен  көрсетем!  Мен  сені  алдамаймын,  Алшынбайға  уәде  бергем, 
көрсетем! - деп есікті бекітіп, жол сумкесін ашып  қойып, будақ-будақ қағаздар 
шығарды. Қат-катқып, кітапша етіп тігіп, тізіп тастапты. Бір құшақтай болды. 
Осы  қағаздарды  шығара  берген  кезде  Құнанбан  тоңған  кісі  тәрізденіп, 
қалтырай түсіп екі алақанын уқалап: 
- Майыр, осы үйің суық па, тоңып отырмын. От жаққызшы! - деді. 
Майыр  азырақ  ойлана  қарап  тұрды  да,  күтуші  малайды  шақырып,  бұйрық 
берді. 
Қызметші  үйге  отын  кіргізіп,  пештің  қақпағын  ашып,  маздатып  жағып 
жіберді.  Бұл  кезде  Майыр  екі  бөтелке  коньяк  алып,  закускасын  шағырып, 
Құнанбайға ұсына түсіп іше бастады. 
Құнанбай  Мырзаханға  ішкізіп,  өзі  Майырға:  «Іш-іш»  деп,  ұсына  түсіп, 
әңгімені  созып  отырды.  Аздан  соң  пештің  іші  лаулай  жанып  қызыл  шоққа 
айналып  келе  жатыр  екен.  Бұл  уақытта  Майыр  коньякты  көбірек  қарбытып 
жіберіп, масая бастап еді. 
Құнанбай үстел үстіндегі қағаздарды бір түртіп қойып: 
- Майыр,  екеуміз  бірге  де  талай  істестік.  Дәм-тұзымыз  араласты  ғой.  Енді 
мені  айыптайтын  басқа  қағаздарың  болса,  бәрін  түгел  шығар!  Түгел  көрсет! 
Тамырлығым сол болсын! - деді. Майыр: 
- Жоқ енді Өскенбайыш, құдай бар ғой... бәрі осы! Бір де қағаз қалған жоқ! 
- деді. 
Құнанбай  сол  уақытта  орнынан  тұрып  кеп,  Майырды  ту  сыртынан 
құшақтап,  қос  қолын  сыртына  топшыдан  қайырып  тұра  қалды  да,  Мырзаханға 
қатты бұйрық етіп, пешті басымен нұсқап: 
- Тұр, Мырзахан! Сал, өрте ана қағаздардың бәрін! - деді. 
Майыр масайып қалып, өз міндетін ұмытқаннан ба, болмаса, Құнанбай бір 
өзгеше жамандық еткелі жүр деп сескенгеннен бе, әйтеуір, бұлқынып, алыспақ 
тәрізденді.  Бірақ  Құнанбай  жасында  үлкен  жауынгер,  найзагер  болған.  Әлі  де 
қатты, кайратты болатын. Майырды тыпыр еткізбеді. 
Мырзахан бұл уақытта бар қағазды құшақтап апарып, отқа тоғытып жатқан. 
Майыр құтыла алмасын білді де:  , 
- Е, Өскенбайыш, қойсаңшы! Законды қайтесің. Өскенбайыш, қойсаңшы! - 
деп,  жалынған  тәрізденді.  Мастық  па,  көлгірлік  пе,  айыру  қиын.  Оқта-текте 
жұлқынған боп: 
- Осылай ма еді? Өртемейік, жоқ қылмайық та бәрін! Мен қайтемін? - деп 
қояды. 
Бірақ осының бәрі оның шыны емес. Құнанбайға ең жақсы септік әрекетін 
әлі  де  бұлдай  түсіп,  әлі  де  қымбатқа  сатпақ.  Бұл  ажарды  көптен  сезген 
Құнанбай  түбінде  орайы  келгенде  ендігі  соңғы  қимылды  өз  қолымен  істеп 
көрмек боп, әлдеқашан байлаған. 
Аздан  соң  қағаздың  бәрі  лапылдап  жанып,  тегіс  өртеніп,  қап-қара  қалың 
күл боп кетті. Мырзахан мен Құнанбай осы уақытта пешті жапты да, бір-біріне 
қарасып,  үндеспей  күлісіп  қойды.  Майыр  орындық  үстінде  ұйықтап  қалған 
кісінің қалпында, шалжиып, көзін жұмып қапты. 

 
167 
Құнанбайлар бұған:  «Қош, қош» десті де, шығып кетті. Өзгеше қонақтары 
кетісімен  Майыр  атқып  тұрды.  Өзі  де,  қозғалысы  да  шып-ширақ  екен.  Басын 
сілкіп, «дір» етіп, тағы біраз коньякты төңкеріп ап, іске кірісті. 
Ендігі  серігі  осы  үйдің  иесі  Сергей,  сол  екеуі  ертеден  байлап  қойған  уәде 
бойынша  қораға  шығып,  Сергейдің  бір  кішілеу  сарайын  өртеді.  Сарай  ішінде 
Майыр мініп келген үлкен шана, азын-аулақ қамыт-сайман және сол шана ішіне 
тасталғап киіз, азын-аулақ жәшік және аса көп ескі қоқсық қағаз жанды. 
Бұл  істі  білген,  көмектескен  Сергейдің  пысық  «дабернайы»  Мишка 
болатын. 
Сергей  өз  қорасында  осындай  өрт  шығарумен  Майырдың  жеген  парасын 
және  заңға  қарсы  істеген  қылмысын  жапты.  Бұл  іс  «еруліге  қарулы».  Былтыр 
Қарқаралыда  қазнаның  пұлын  Сергей  мықтап  жеп  барып,  сынған  уақытта, 
Майыр осындай жалған өрт салып, өзі акт жасап, қол қойып, Сергейді кұтқарып 
кеткен. Мынау - топас арам айланың бәрі соның орайы болып шықты. 
Осы  түнінің  ертеңінде  Сергей,  өз  қаласының  белгілі  жемқор  дуан  басына, 
өздеріне  мәлім  жолмен  куәлік  жасатып,  «қағаз  өртенгенін»  Майырға  акт  қып, 
нықтап бекітіп берді. 
Сонымен арада бес күн өткенде, Құнанбай бір бөлек, Майыр бір бөлек боп, 
Омбыдағы көрпіске келді. 
Көрпіс  кеңсесі  Құнанбайды  осы  келгеннен  он  шақты  күн  шолақ-шолақ 
тергеді  де,  ақырында  айыпсыз  тауып  босатып  шығарды.  Майыр  бар  ісін  жым-
жылас аяқтап алып, дуанына қайтты. 
Сондай  жолдармен  ақталған  Құнанбай  Қарқаралыға  қайта  келгенде, 
«сүйінші»  тілеген  шапқыншы  Тобықтыға  қарай  ұйтқи  шапқан.  Құнанбай  өзі 
ауылға қайтуға асықпай, Қарқаралыда тағы да біраз жатты. 
Мырзахан  Омбы  сапарын  Алшынбай  аулына  және  басқа  сыр  шашпайтын 
тілеулестерге үлкен ертегі қып айтып жүрді. 
Оның  әнгімесінше,  Майыр  барынша  қас  еді.  Қағазды,  заңды  көрсетіп, 
Құнанбайға:  «Мынамен  құртам,  мынамен  жоқ  қылам,  мынамен  қайтіп 
құтыласың?» деп табалап, мақтанып, жайып салған боп шықты. Майыр сондай 
қастығының  үстіне  ақымақ,  аңғал  болып  та  әңгімелескен.  Онысына  сенбейтін 
тыңдаушы болған жоқ. 
«Тап  солай»  десіп,  бастарын  шұлғи-шұлғи  иланып  еді.  Осымен  қатар 
Құнанбайдың «жүрек жұтқан ерлігі, айла-тәсілі» өзінен-өзі атамай-ақ әйгіленіп 
жатты. 
Бұл  ертегі  алғашқы  шапқыншымен  Құнанбай  ауылдарына  неше  қабат 
ұлғайып, өрекпіп жетті. 
Майырмен  және  бар  Қарқаралы  ұлығымен  қайта  табысқан  Құнанбай 
көктемге  шейін  қайтпай  жатып,  енді  ұлықтығын  қайта  қуды.  Бірақ,  бұдан 
былайғысы аға сұлтандық емес. 
Қар  кетіп,  көк  алғаш  тебіндеп  шығып,  жер  дегди  бастағанда  Құнанбай 
Қарқаралыдан  шығып,  Тобықтыға  қайтты.  Ендігі  қайтысында  Тобықтының 
старшыны  Майбасарды  орнынан  түсіріп,  соның  орнына  өзі  сайланып  қайтып 
келе жатыр. 
Бұл  хабары  да  Құнанбай  дуаннан  шықпай-ақ  ауыл-аймағына  жеткен 
болатын. 

 
168 
 

 
Осы  көктемде  Абай  көңілі  бар  дүниенің  дырдуынан,  бар  адамның  реніш, 
қуанышынан  оқшау  кеткен,  оңашаланып  кеткен  бір  өзгеше  құпия  сырдың 
соңында  еді.  Сол  сырына  Абай  бар  жүрегімен,  бар  қиял  сезімімен  шомған 
болатын.  Домбырамен,  хатпен  де  талай  шыншыл  жыр  айтты.  Жыр  емес,  жас 
жүректің тебіреніп толқыған сырын айтты. Бірақ, ол ғана емес, айтылған жыр аз 
ғана.  Айтқанының  бәрі,  көңілінің  бары  емес.  Әлдеқайда  бері  жатыр.  Егер 
көкірегін ақтарып, іште барын көрер, тыңдар, ілтипат етер жар болса, айтылып 
болмас,  тілмен  жетпес  әсем  саз,  шерлі  наз  сонда  жатушы  еді.  Ойда  барын 
жеткізе  алмай,  кеудеде  тыныс  біткендей  кұста  болған  шағында,  Абай  қатты 
сенделіп  қиналып  кетіп:  -  Япырмау,  қайтем  енді?  Қол  шорқақ,  тіл  мақау!  - 
дейтін.  Көңіл  сезгенін,  тым  құрса  өзгенің  көзін  иландырардай  қып  айта 
алмағанына күйеді. 
Сол  айтылған,  жазылған  жырлар  әлі  күнге  Абайдың  өзінде,  өз  бойында. 
Аталған,  арналған  жеріне  бірде-бірі  жеткен  жоқ.  Үміт  бар  ма?  О  да  жоқ!  Тек 
жалғыз  шерленіп,  тебіренеді.  Тек  жалғыз  қиял  медеуі  құлаққа  кеп  ап-айқын 
соғып,  бір  жақындап,  бір  алыстап  кететін  шолпы  сылдыры.  Атқан  таңның 
аққызыл  шапағындай,  үлбіреген  алқызыл  шұғыласы.  Көз  алдынан  сол  жүз 
кетпейді. Ұмыттырмайды, тастамайды. 
Күн  жылынып,  қар  кетуге  айналып,  мейрімді  анадай  жарқыраған  жақсы 
күн келгенде, Абай тақат қыла алмай, атын ерттеп міне сап, бет  қараған жаққа 
таман  жортып  кететін.  Болымсыз  сылтауы  сары  тазы.  Ауылдан  шығып  ап, 
кейде ағызып, шауып жөнеледі. Қоянға тазының өзі іздеп жүріп кездеседі. Абай 
оның әрекетін әрберден соң ұмытып та кетеді. 
Кейде  сары  тазыны  жоғалтып  алып,  анда-санда  есіне  бір-ақ  түсіріп, 
айғайлап  шақырған  болады.  Тазысы  қалың  қорық  ішінен  кей  уақыт  қоянды 
айдап  шығып  жазыққа  шығарып,  көсілте  қуғанға  да,  Абай  аңырып, 
түсінбегендей боп, сілейіп қарап тұрып қалады. 
Тағы бір кезде, көз алдында қоянды ұйпалақтап, жетіп соғып, тосып тұрған 
тазыға қарамастан, қасынан салғырт өте береді. 
Әдетте  иесі  түсе  қап  айрып  алатын  еді,  жегізбейтін  еді.  Сары  тазы  енді 
таңқалып  тұрып,  ақырында  Абай  ұзап  кете  бастаса,  тынышсызданып,  үре 
бастайды. Оның да әсері болмайды. Тазы бұл мінезді тіпті түсінбей, аласұрып, 
мазасызданып  иесіне  бір  ұмтылып,  қоянға  қарай  бір  шауып,  өз  еңбегінің 
соншалық қадірсіз болғанына қатты қиналғандай болады. Абай бұл уақытта да 
шіміркенбейді. Сонан соң сары тазы тақуалықты қонып, иесінен бөлініп қалып, 
жаңағы алған қоянын талқан қып жеп, сылқия тойып алатын, аузы-мұрны қан-
қан боп, иесін қуып жеткен жерде ғана Абай өзінің салғырттығын байқайды. 
Бірақ  көңіліндегі  күйінің  желісін  үзбейді.  Ұзақ  сұлу  әнді  елти  сүйіп 
жырлағандай боп, ұсына береді. 
Қарсылай  соққан  қоңыр  жел  былтырдан  қалған  сар  көденің  басын  изетіп, 
бұралып ессе, Абай тымағын алып, маңдайын төсеп, ұзақ тұрады. Шыңғыстан, 
Түйеөркеш, Қарауыл жақтан соққан жел де бір жақындық леп әкелгендей бола 

 
169 
ма?  Бейіс  үстінен  соғып  өткен  райыс,  шафқат  желіндей  еміренте  ме?  Рас, 
сүйткендей болады. 
Бір күні тағы да барлық пен бұлдыр арасындай, тірлік пен қиял арасындай 
бір  түс  толқынының  құшағында  жапа-жалғыз  тұрғанда  қасына  бір  салт  атты 
желіп келді. 
Жапан түзде оқшау келген жолаушы Абайды селт еткізіп, оятқандай болды. 
Байқаса, бір бөгде адам. Жас жігіт. Абай өзі қорықтың шетінде бір қыратқа 
таман шығып тұр еді. Жат жолаушыға  суық қарады. Бірақ анау жігіт жымиып, 
танығандан  боп  жылы  ұшырап  келеді.  Жете  бере,  Абай  атын  атап  амандасты. 
Абай енді ғана таныды. Тани сала, екі беті ду етіп, қып-қызыл боп куанып кетті. 
Бұл  былтырғы  Тоғжан  аулынан  қайтарда  Абай  танысқан  Ербол  екен. 
Өзінің кенет өзгергенінен Абай қысылып қалды. 
Бірақ Ербол мұның өзгерісін байқамаған екен. 
- Аң аулап жүрмісің? Итің қайда? 
- Ит  осында...  Жаңа  осы  шиде  жүр  еді...  -  деп  Абай  итін  енді  ғана  есіне 
алып, артына қарады. 
Сары тазы бұл уақытта шиден шығып, жортып келеді екен. Ербол тазының 
түсіне қарай сала күліп жіберді. 
- Жарайды, аңшы-ақ екенсің! Осындай тоқ итпен аңға шыға ма екен? 
- Қой, тоқ емес-ті!.. 
-  Бәле,  мынау  не?  Бүйірін  қарашы!  Жаным-ау,  өзі  не  жеген?  Жаңа  ғана 
жепті?  -  деп,  айнала  қарап  тұрып,  төсіндегі  қанды  көрді  де:  -  Өзің  итіңнің  аң 
алғанын да білмепсің ғой. Мынау қоян жепті ғой! - деді. 
Абай аздан соң тазыны сөз қылғанды қойып, Ерболды басқа әңгімеге әкетті. 
Қасынан  жібермей  көп  жүріп,  ұзак  сөйлесіп,  жылы  сөйлесіп  кеп,  аулына 
шақырды. 
Ерболдың  қолы  бос,  жай,  ауыл  қыдырып  жүр  екен.  Абайға  мейлінше 
көңілденіп ерді. 
Осы кездескеннен бастап, Абай Ерболды бес күндей жібермей, өз аулында 
қонак  етті.  Неше  алуан  ойындар  ойнады.  Әңгімелер  айтысты.  Кеш  сайын  ән 
салып,  ұзақ  сауық  құрысты.  Сол  күндер  ішінде  Абай  өз  өлеңдерін  де  айтты. 
Ербол  ендігі  сырласы  боп  алды.  Өмірінде  алғаш  рет  осы  жігітке  Абай  өз 
жүрегінің сырын ашты. «Тоғжанға білдір» деп ашты. 
Ербол  осыдан  соң,  барлық  Абай  айтқан  өлеңдерді  жаттап  ап,  жас  жігіттің 
жан сәлемін Тоғжанға жеткізбек боп жүріп кетті. 
Арада  айдан  созылған  үш  күн  өткенде,  Ербол  Жидебайға  қайта  кеп, 
Абайды ертіп алып Шыңғысқа, Түйеөркешке қарай тартты. 
Абайдың жалғыз тілегі бір ғана оңашада жүз көрісіп сөйлесу болатын. Сол 
арманын  Ербол  апарып,  әуелі  Тоғжанның  жеңгесіне,  Асылбектің  келіншегіне 
айтыпты.  Сәлемге  айтқан  өлеңдерін  айтып  беріпті.  Ол  жеңге  Тоғжанмеп 
барынша  сырлас,  тату  болатын.  Өмірінде  әлі  күнге  қайын  сіңлісі  мен  өзге 
жігіттің  арасына  делдал  боп  көрмеген-ді.  Бірақ  мынау  жол  оған  да  өзгеше 
көрініпті. Ербол да сөзге жүйрік, қолқасын өткізе білетін, отты, жұғымды жігіт. 
Әйтеуір  сол  жеңге  мен  Ербол  екеулеп  отырып,  Тоғжанға  Абайдың  бар 
өлеңін естіртіпті де, ақырында, бір жол жүз көрісуге көндіріпті. 

 
170 
Тақат,  сабырдан  айрылған  Абай  Түйеөркешке  қалай  жеткенін  аңғарған  да 
жоқ. Ымырт жабыла бере екі жігіт тау ішіндегі Ербол аулына келді. 
Кішкене  кедей  қорада  Ерболдың  өз  үйінен  басқа  үй  жоқ  екен.  Бұл  қыстау 
Қарауыл  суының  бер  жағында,  Сүйіндік  қорасы  өзеннің  ар  жағында  бір 
шақырымдай жерде. 
Маң  төбеттері  үріп,  мұржаларынан  түтіндері  будақтап,  қарауытып,  мол 
дүниедей  боп  тұрған  бай  ауыл.  Иелері  Абайға  араз,  бөтен  ауыл.  Онда 
Кұнанбайдың баласы баруға жол жоқ. 
Әсіресе  мынау  келген  сапарынан,  қастық  пен  қаттылығын  аямайды. 
Әділбек,  Асылбектер  -  бұл  өңірдін  намыскер,  мықты  жігіттері.  Олар  жау 
ұлының ниетін білсе, өлердей өртенеді. 
Соның бәрін есептеген екі жігіт, түн болғанша өзеннің осы жағында қалды. 
Түн  келіп,  уәделі  уақыт  өткен  соң,  Ербол  мен  Абай  жаяулап  қана  арғы 
жағаға өтті. Ауыл ұйқыда, иттер де тыныш. 
Мал  қораның  есігін  Ербол  ептеп  ашты  да,  Абайды  түйе  қораның  ішіне 
енгізіп, өзі қараңғыны сипалап жүріп кетті. 
Абай  сол  қараңғыда  тапжылмай,  тынысын  тартып  тұрған  шақта,  өз 
жүрегінің тоқтаусыз дүрсілін естіді. 
Аз уақытта Ербол қайта кеп, мұны қолынан алып, сыбырлап: 
- Кұдай берді! Асылбек бүгін үйде жоқ екен! Қазір соның отауына кіреміз! 
- деді. 
Абай  ақырын  сәлем  беріп,  жасаулы  отауға  кіргенде,  аққұба  жеңге  төсек 
жанында  тұр  екен  де,  Тоғжан  жерде  көрпе  үстінде  отыр  екен.  Табалдырықтан 
төрге  шейін  жайылған  әдемі  алаша.  Тамның  бар  қабырғасы  тұскиіз,  жібек 
кілеммен  қапталыпты.  Ақ  жібек  шымылдық  биік  сүйек  төсекті  жартылай 
қоршап апты. 
Абай  амандасып  тоқтағанда,  сыпайы  жеңге  бұған  жақындап  кеп,  тымағын 
алып, белін шешті. 
Тоғжан  алғашқы  минуттерде  қатты  қысылып,  өте  ақырын  амандасып, 
өзгеше  қызарды.  Бір  кезде  оның  жүзі  ағара  бастап,  сұрланып  кетеді.  Жүрек 
толқыны  мен  ұялу  аралас.  Барлығы  да  лүпіл  қаққан  шыншыл  қанмен  бетіне 
шығып, сыр айтып қайтады. Ербол жастар қысылмасын дегендей болып: 
- Ал, мен арғы жағаға қайтып, атты әзірлеп тұрамын! - деді. 
Абай үндемей басын изеп, рұқсат етті. 
Жеңге де шай әзірлемек боп тысқа шықты. Сол кеткеннен қайтқан жоқ. 
Абай оңаша қалғанда, әуелде қатты қысылды. Бірақ байқап қараса Тоғжан 
тіпті ұялшақ. Тіпті нәзік, жазықсыз бала тәрізді. Өзі де басында не дерін білмей, 
сөз  таба  алмай,  аса  қиналған.  Енді  ойласа,  бұл  қалыпта  екеуі  рақат  кешті  зая 
кып өткізетін тәрізді. Аз уақыт Тоғжанға иіле қарап отырып: 
-  Тоғжан,  менің  сәлемдерімді  есіттіңіз  бе?  Бар  сөзім  сізге  арналған,  сізді 
сағынудан туған сөз еді, ілтипат қып еледіңіз бе? - деді. 
Тоғжан  ішінен:  «ілтипат  қылмасам  мұным  не?»  дегендей.  Бірақ  ақырын 
жымиып күлді де: 
- Есіттім, Абай! Өлеңіңіз жақсы екен! - деді. 
-  Мен  ақын  емес  ем!  Жалғыз-ақ  сіз  мені  былтыр  бір  көргеннен-ақ  қатты 
толқынға салдыңыз. Содан бері бір уақыт ұмытқан емеспін. 

 
171 
- Ұмытпадым дейсіз, бірақ содан бері бір келмедіңіз ғой! 
- Қайтіп келем? Ел жәйін білмейсіз бе? Бір көрудін өзі зар болмады ма? 
-Рас! - деп, Тоғжан қызара түсіп, көзін төмендетті де, - сізді мен бір көрдім. 
Көш жөнекей көрдім... байкадыңыз ба, білмеймін! 
Абай ішінен соншалық ырза боп, қуана түсіп: 
- Тоғжан!  Япырмау,  жақсы  айттыңыз-ау!  Мен  сонда:  Тоқташы,  бір  сәтке 
тоқташы!»  дей  жаздап,  зорға  шыдап  қалып  ем.  Көрмей,  көрсе  де  елемей  кетті 
ме  деп  ем.  Тоғжан,  сізді  қайтіп  ұмытайын?  -  деп  кеп,  Абай  Тоғжанның  әдемі 
аппақ қолын ұстады. 
Тоғжан қолын тартыңқырап, ұялды да, ығысып қалды. 
Осы кеш екі жасты бір-біріне соншалық сүйікті, ынтық етті. Екеуі тек жүз 
көрісуден, сөйлесуден басқа ешбір бөтен тілек ойламастай. Алғаш көріскендері 
осы  болса  да,  көп  жайларды  айтысты.  Шын  сағынышты,  ынтық  жандар  боп 
ұғысты. 
Таң  жақындаған  кезде  ғана  жеңге  қайта  оралды.  Сол  шай  жасай  бастап, 
тысқа  тағы  бір  шығып  кеткенде,  Абай  Тоғжанға  жақындап  кеп,  үндемей  ғана 
бетінен сүйді. Тоғжан оттай жанып, қып-қызыл боп кетіп, әлсіз ғана қорғанып, 
Абайдың  жүзін  екі  алақанымен  қысып,  кейін  шегіндіре  берді.  Қарсылық  емес, 
ұялу еді. Абай қайта ұмтылып, қатты құшақтап кеп, Тоғжанды оң көзінен ұзақ 
сүйіп тұрды. Бұл сәтте Тоғжанның әлсіз қарсылығы да сезілген жоқ. 
Жігіт  сүйіп  тұрғанда,  Тоғжан  ақырын  ғана  қымсынып,  ыстық  бетін 
Абайдың бетіне басты, сүйтті де тез босап кетті. 
Абай: 
- Сәулем! - деп барып, құшағын жазды. Осы, кезде жеңге тыстан келіп: 
- Ойпырмай,  қалқам  Абай-ай,  қиын  болмаса  игі  еді!  Су  түсіп  кетіпті! 
Карауыл суы түсіп кетіпті! Атың қайда еді?, - деді. 
Жеңгенің үркіп келген хабары мынау күйдің үстіне Абайды шошыта алған 
жоқ. Бірақ Тоғжан қысылып, қиналып кетті. 
- Не  дейді?  Судан  қалай  өтесіз,  Абай,  атыңыз  қайда?  Бұл  жақта  қайтіп 
қаласыз?  -  деп,  сүйген  досының  басына  түскен  қиыншылықты  жас  қыз 
соншылық тіксініп қарсы алды. 
Абай  енді  аңғарды.  Аты  ар  жақта,  өзі  жалғыз.  Қарауыл  суы  тентек.  Бұл 
ауылда  қалуы  тіпті  мүмкін  емес.  Енді  бөгелсе  қолға  түседі.  Қолға  түспесе  де, 
өзен бойында таң атысымен көзге түседі. Ол да оңай емес. Үйткені бұл өңірде, 
әсіресе өзеннің бұл жағында, Абайды дос көрер, жақын тартар бір жан жоқ. 
Осы  жайды  аңғарып,  әсіресе,  мынадай  жақсы  қабыл  алған  жас  әйелдерді 
қауыпқа ұшыратпайын деп, Абай тез киініп, қоштасты да, шыға берді. 
Дәл  кетер  кезде,  жеңге  шапан  жамылып,  есік  ашып,  алдынан  шыға  беріп 
еді. Абай үйде қалған Тоғжанның қолын қысып тұрып: 
-  Қорықпа,  Тоғжан!  Бірдеме  ғып  өтермін!  Ал,  өзің  ендігі  бар  хабарды 
Ерболдан тос! - деді. 
Тоғжан Абайдың омырауына ақ саусақтарын салып, жабысыңқырап тұрып: 
- Қош, ұмытпа! - деді. 
Сыпайы,  майда  мінезді  жақсы  жеңге  Абайды  қараңғы  қораның  ішінде 
жетектеп ап, қақпаға әкелді де: 

 
172 
- Ал,  қалқам,  жер  тар,  уақыт  тығыз  болды.  Бірақ  тілеулес  достарың  бар 
екенін көрдің ғой. Еске ала жүр! Тек мына судан байқап өт! Қош! - деді. 
Абай жеңгенің екі қолын қапсыра ұстап тұрып: 
- Жеңешетай,  ұмытпаспын!  Өлсем  де  ұмытпаспын  осы  жақсылығыңды!  - 
деп  қоштасты  да,  кішкене  есікті  ақырын  ашып,  жай  салмақпен  басып  жүріп 
кетті. 
Абай  ойы  жаңағы  өзімен  қоштасқан  ғазиз  жандармен  бірге  болды. 
Солардың  жүздері  көз  алдында.  Көкреғі  толған  нұр  сәуледей,  шексіз  бір 
қуаныш, анық бақыт тынысы бар. 
Алдынан  қатты  гүрілдеп  соққан  өзгеше  тасқын  естіліп  жатса  да,  оны 
елемеген. 
Енді міне сол  тасқынның қасына келді.  Тау өзені бұзылып, тентек құла су 
шарасынан шығыпты. Кейде тас сатырлап, кейде мұз күтірлеп, сусылдай түсіп, 
жөңкіліп кетіп жатыр. 
Жағада  біраз  тұрып,  халды  аңғарды.  Жаяу  өтем  деуге  болатын  емес. 
Байқаса,  таң  қылаңдап  атып  қапты.  Өзенді  құлдап  селдір  тоғай  ішіне  кіріп, 
арлы-берлі  жүріп  көрді.  Табар  айла  жоқ.  Бөгелген  сайын  таң  шапақтап  атып, 
айнала  айқын  көрініп  келеді.  Ел  тұрып,  тысқа  шығысымен,  мынау  өзеннің 
ағысын  көргелі  келе  бастайды.  Әсіресе,  малқорада  аз  ұйықтайтын  үлкендер, 
еркектер  алдымен  келеді.  Сүйіндік  аулының  маңынан  жаяу  жүрген  Құнанбай 
баласын тапса, сезігі біреу-ақ болады. 
Абай сонда да қорыққан жок. Жүрегін кернеген қуаныш бір сәтке де мұны 
тастап,  қауіп  астына  батқан  жоқ.  Жас  басына  әлі  күнге  мұндай  қысылшаң  хал 
түсіп  көрмеген  болса  да,  Абай  өз-өзіне  ғажап  болды.  Тіпті  көп  жүріс  алып, 
ысылған кісідей саспайды, қымсынбайды. 
Сирек  талдың  арасына  шала  жасырынып,  далдалап  тұрып,  Ербол  қыстауы 
жаққа  көз  тастады.  Байқаса,  біреу  арғы  жағадан  ербеңдеп,  асығып  келеді  екен. 
Беті қисықтау, жоғары таман. 
Абай дауыстап: - Ербол! Е-ей, Ербол! - деп үн қатты. 
Келе жатқан Ербол екен. Абайға қарай  қолын сілкіп:  «бұқ» дегендей белгі 
жасады. Абай бұққан жоқ, тосып қалды. 
Қарауыл  суы  қатты  тасып  жатқанмен,  енсіз  болатын.  Ербол  арғы  жағаға 
құп-қу  боп,  қорқып  жүгіріп  келді.  Өзі  ұшыратқандай  жаман  қысылған  екен. 
Абай шошыды ма деп те қиналған. 
Бірақ Абай мұның тұсына таман кеп тұрып, ақсия күлді де: 
- Ал, кұтқар енді! Мына Қарауыл қолға түсірейін деп тұр! - деді. 
Ербол жардың биік жерінен бір-ақ секіріп, өзен жағасына жетті де, Абайға 
айғайлап: 
- Сен  осы  талдың  ішінде  тапжылмай  тұра  тұр.  Қазір  келем,  қорықпа!  -деп 
қайта жөнелді. 
Аздан  соң  Ербол  өз  үйінің  бір  дәу  қызыл  өгізін  мініп  келді.  Абай  оның  ат 
әкелмегеніне  таң  қалды.  Ербол  келді  де,  өгізді  қамшылап  кеп  суға  түсті.  Өгіз 
мұзды суға басқысы келмей көп тартысып еді, Ербол ырыққа көнбеді. Бір түсіп 
алған  соң,  өгіз  ілгері  баса  берді.  Су  терең  емес.  Бірақ  мұзы  бар,  ағыны  қатты. 
Сол  мұз  бен  суға  өгіз  мықты  екен.  Ықтамай,  бет  бұрмай  жай  басса  да,  ілгері 
тура  басып  келеді.  Жағаға  жақындай  бергенде  Ербол  өгіздің  бас  жібін 

 
173 
лақтырды. Абай жабыса түсіп, тарта берді де, Ербол қамшылап отырып жиекке 
шықты.  Жанын  ортаға  салып,  қатерге  басып,  Абайға  шын  достық  көрсетіп 
шықты.  Екі  етігін  қонышына  шейін  су  басып  кеткен  екен.  Абай  Ерболды 
құшақтай алып: 
- Өй, ат қайда? Өгізің не? Атпен неге келмедің! - деп еді. 
- Ат  болғанда,  сенің  атыңды  әкелмедім.  Анау  ауыл  қазір  тұрады.  Біз 
өткенше көріп қойса, қаптап кетеді. Ал өзіміздікі әлсіз байтал. Және сол құрып 
қалғыр түнде қорадан шығып, тауға жайылып кетіпті. Бағанадан бөгелгенім сол 
емес пе? - деді. 
Екеуі  мінгесіп  ап,  қызыл  өгізді  қайта  бұрып  еді.  Енді  кесел  қыңыр  өгіз 
баспай қойды. Қатты әуремен жарым сағаттай етті. Барынша қапа болған Ербол 
қызыл  өгіздің  тұқым-тұғиянын,  жетпіс  жеті  ата-бабасын  санап,  боқтап-боқтап 
діңкесі  құрыды  да,  бір  кезде  өгізді  тастап,  тал  ішінен  бойлап  байқап  атрапқа 
қарады.  Бұл  уақытта  күншығыс  қызарып  ап,  бар  дүние  күндізгідей  көрінетін 
болған. 
Бір тәуірі ауыл тұрмаған екен. Ербол маңайды болжап ап, жүгіре жөнелді. 
Абай азғантай тосқан еді, бір сәтте Ербол әлдеқандай семіз қара көк биеге 
мініп жетіп келді. Абай таң қалды. 
- Ой, бұны қайдан алдың? 
- Үндеме, Сүйіндіктің қойшысының биесі. Мына жерде жайылып жүр екен. 
- Е, қойшысы қайтеді? 
- Қайткенінде не жұмысың бар? 
- Қойын қайтеді? Қойшысы жаяу қалады ғой! 
- Өй,  тәйір,  қойшысы  түгіл,  құтпаны  жаяу  қалсын!  Сені  жау  қолына 
қалдырушы ма ем? Не айтып тұрсың? 
Кел,  мін!  -  деп,  бір-ақ  байлады  да,  Абайды  аяғынан  алып  көтеріп,  жайдақ 
биеге мінгізді. Досының мына мінез, мына сөзіне Абай аса қуанып кетіп, қатты 
риза боп: 
- Шіркін, Ербол! Неткен жақсы едің? Дос жақсысы сен екенсің ғой... Естен 
кетпес іс еттің-ау! - деді. 
Сүйткенше Ербол өзі қызыл өгізге мініп ап, бас жібін Абайға ұстата беріп: 
- Абай, сөзді қой, тарт! - деді. 
Көк бие мұз ішінде пысқырып, толқып, тайғанақтап отырса да, жығылмады. 
Қызыл өгіз де қара тартып еріп отырып, аман шықты. 
Екі  жас  жігіт  арғы  жағаға  шығысымен, өгіз  бен  биені  қоя  берді  де,  жарды 
жағалап  бұғып  отырып,  төмендеп  кетіп,  бірталай  жер  ұзап  барып,  қыратқа 
шықты. Содан Ерболдың үйіне келді. 
Қораның  алдына  жете  бере,  Ербол  Сүйіндік  қыстауының  жанында,  төбе 
басына шығып, биесін көздеп жүрген қойшыны көрді. 
- Өй,  көк  биенің  бүгінгі  еңбегі  жетеді.  Ол  қойға  бүгін  бармайды.  Бүгінше 
қойыңды жаяу бақ! - деп, қылжақтай күлді. 
Абай  үйге  кірген  жоқ.  Далада  тұрып,  атын  ерттетіп  алды.  Ерболмен 
соншалық  ырзалықпен,  шын  досша  қоштасты  да,  өзенді  құлдап,  желіп  жүріп 
кетті. 
Құнанбай  келген  уақытта  елдің  алды  қыстаудан  киіз  үйге  шығып  қалған. 
Әр  қыстаудың  жанындағы  тақыр  көгалдарда  аздаған  ақ  үйлер,  қоңыр  үйлер 

 
174 
көрінетін.  Кемпір-шалы  бар  үйлер  тамнан  түгел  арылып  шықпай,  жастар  жағы 
ғана тынысы кең киіз үйлерін көтерген тәрізді. Жас қозы, бота, бұзаулар да әлі 
қораны жағалайды. 
Жазғытұрғы  ауыл  қолдан  түлеткендей  біртүрлі  бір  жас  иіске,  жас  өмірге 
толы.  Әдемі  реңді,  әлденеше  түсті  балапан  қозылар,  лақтар  күншуақта  секіріп, 
дамылсыз  маңырайды.  Үлпілдек  жүн,  үлкен  қара  көзді  боталар  көрінеді. 
Жылқы  ішінде  ұзын  құлақ,  бұйра  жүн,  сүйкімді  құлындар  көбейген.  Ересек 
тартқан,  тез  шираған  бұзаулар  да  кұйрығын  шапшып  ап,  тынымсыз  безіп, 
ортқып ойнайды. Осындай өрбіп өскен бар жанды, дүние тіршілікті даттайды. 
 «Өнген,  өскен  жарастығы  біз».  «Жоқтықтың  барлыққа  жіберген  келгіні 
біз» дегендей шаттана жайнайды. 
Құнанбайдың  екі  аулы  да  Жидебайға  жиылған.  Әр  үйде  қысыр  сауылып, 
жылтыр қара сабалар ертенді-кеш күрпілдеп, пісіліп жататын. 
Жалғыз  Құнанбайдың  өз  ауылдары  емес,  исі  Ырғызбайдың,  Топай, 
Жуантаяқтың да көп ауылдары Құнанбайды зор қошеметпен қарсы алды. 
Әлденеше  күн  сүйінші  тілесіп  шапқыласқан  жақындар  топ-топ  болып, 
Құнанбайға  келеді.  Сәлем  беріп,  қонақ  болып,  қалың-қалың  жиындарды  өз 
ауылдарына ертіп барып, ертеңді-кеш қонақ қылып жатты. Биылғы қыс жайлы 
боп, жақсы өткен. Сүр мол. Пішенге байлаған, Құнанбайға сыбаға деп арнаған 
семіз қойлар, жұнттай жабағылар, арда емген тайлар да болатын. 
Малды  ағайынның  бірталайы  сондайлардан  сойып,  Құнанбайды  барлық 
шеше, бәйбішелерімен, бала-шаға, туысқандарымен шақырады. 
Баласына  айтқан  көкқасқасын  Зере  сойған.  Күнкенің,  аулына  апарып, 
Құнанбай  өзі  айтқан  көкқаскасын  да  сойды.  Бұл  екі  күнгі  сойыс  Құнанбайдың 
ел жиып, ру-руды жақынға, жатқа бөліп, екшеп алуына қажет еді. Бейнет кешіп 
келгенде, алдынан шыққан кім, шыкпай қуанбай қалған кім? Соны айыру үшін 
керек. 
Осындай  жиында  үлкенді-кішілі  рулардың  атқамінер,  ақсақал,  қарасақалы 
араласып жатты. 
Анау  күздегі  екі  ұдай  боп  қалған  Көкше  сияқты  рудың  басшысы  Қаратай 
енді  Құнанбайдың  алдынан  шығып  баурына  кіріп  алған.  Күндіз-түні  тізесі 
айрылмайды. 
Кешелер:  айдалды,  жеңілді,  ұлықтық,  бектіктен  айрылды  деген  Құнанбай, 
енді  осы  аман  келісінің  өзімен,  старшын  боп  келумен  бұрынғы  лақапты 
жалғанға шығарған. 
Сол жаймен қатар Мырзахандар айтып келген ерлік ертегісі де бұл өңірдің 
жас  баласына  дейін  түгел  жетті.  Соның  бәрінің  үстіне  мынадай  көл-көсір 
қонағасы, ұзақ жиын, жағалай сойылып жатқан ақсарбас, көкқасқалар құр ғана 
келіс  қуанышы  емес.  Бұның  ішінде  шеп  жию,  батамен  табысу,  ыдырағанды 
қайта құрау, құрсауын бүтіндеу - қысқасы, мерейін тағы аспандатып асыру бар. 
Осындай сыртқа айбын, ішке медеу болған тойлар жарты айдай айықпады. 
Бұл  кезде  ел-елдің  бәрі  де  қыстауларынан  көшіп  көктемге,  ойға  қарай 
жөңкілген. 
Енді-енді 
ғана 
ауыл-ауылдар 
арасы 
күзектегі 
сияқты 
қашықтаңқырап, бытырай қона бастаған. 
Күнде  үйіліп  баса  беретін  сәлемші,  қонақтар  да  саябырлады.  Сол  кезде 
Құнанбай үй ішіне, бала-шағасына еркін тиетін болды. 

 
175 
Өртеңнің  баурына  қонып  отырған  Ұлжан  аулына  Құнанбай  екі-үш  күндей 
қонақтады. Күнкенің аулы да осы арада жақын еді. Абай осы күндерде байқады: 
әкесінің сақал, шашындағы ақ көбейіп, бетінің ажымдары да молая түскен екен. 
Ұлжан үйінің түстініне Күнке, Құдайберді, Айғыздар да жиылып отыр еді. 
Құнанбай  Зереге  қарап  отырып,  осы  барлық  туысына  арнап  аз  сөз  айтты. 
Онысы - ұзақ жолда көңіліне көп келген мұң-уайымның үлкені еді. 
Құнанбай өз басының жалғыздығын осы жолы қатты аңғарыпты. Аға, ініде 
серікке  жарар  медеу  жоқ.  Баланы  ойласа,  бәрі  де  жас.  Және  бір  өкінгені  –  көп 
баланы  үйлендіріп,  немере  сүйетін  шағына  жетсе  де,  сол  кызықты  өзіне-өзі 
іркіп, кешеңдетіп кепті. Енді сүйтіп, балаларының қызығын көрмек. 
Бұған  Зере  бастаған  бар  шеше  қуаныш  айтқаннан  басқа  түк  қарсылық 
білдірген  жоқ.  Қызық  көру  дегеннің  белгісі  не,  арты  не?  Ол  ержеткен 
балаларды  үйлендіру,  содан  әрі  немере  сүю.  Толып  жатқан,  шексіз  бақыт 
сияқты елестейді. 
Әңгіме  арасында  Құнанбай:  осы  жолы  құдайдан  соңғы  қуатым  құдаларым 
болды.  Адал  достықты,  шын  бейілді  солардан  көрдім  деген.  Атап  айтқандары: 
Алшынбай,  Тінібек.  Онан  соң  Тобықты  ішінде  тергеуге  кетіп  бара  жатқан 
жолында Тасболат руының ішінде Байтас басынан қатты тілеулестік көріпті. 
Бұрын үй ішіне мәлім емес еді. Өзі сол сапарда жалғыз байлаған байлауын 
білдірді. Байтастың жас қызы бар екен. Соны Оспанға айттырмақ бопты. Сүйтіп 
тентек  Оспанға  Байтастың  Еркежан  деген  қызы  қалындық  боп  аталыпты.  Үй 
іші,  әсіресе,  шешелер  күліп,  мәз  боп,  Оспанның  аяғына  тұсау  түскенін  өзіне 
естірту, түсіндіру жайын ойлап күліскен-ді. 
Осы  байлаумен  қатар,  Құнанбай  енді  Ұлжанның  басқа  екі  баласы  туралы 
да  жаңалық  айтты.  Оның біреуі  -  Тәкежан  туралы.  Былтыр  ұрын  барып  келген 
Тәкежан  енді  осы  жақында  үйленбек.  Қайны  болса,  бар  малын  алған.  Енді 
несіне  созады?  Соның  отауы  түссін.  Екінші,  әсіресе,  осы  отырған  барлык  үй 
ішіне шынымен үлкен қам болатын нәрсе - Абайды қайындату. 
Құнанбай  осы  жолы  Алшынбаймен  уәделесіп  келіпті.  Осы  көктемге 
байласыпты. 
Рас, өзге кұданың бәрінен жолы бөлек Алшынбай. Оның үлкен достығынан 
басқа,  өзі  Арғынға  белгілі  Қазыбек  Тіленшінің  Алшынбайы.  Бұл  атраптағы 
қазақтың одан үлкен аруағы жоқ. Сондай ауылға бала қайындату, әсіресе, ұрын 
жіберу  осал  қам  емес.  Мал-дүниенің  барлығынан  да  көп  үлес,  мол  шығын 
шығару керек деген сөз. 
Бірақ,  Құнанбайдың  бұл  байлауын  да  шешелер  ақ  тілеумен  қабыл  алды. 
Тек Зере ғана: 
- Ел  жайлауға  шығып,  арқа-басы  кеңіген  соң  барған  лайық  болмаушы  ма 
еді? - деп еді. 
Оған Құнанбай: 
- Оның  рас-ау,  бірақ  Алшынбайдың  жазғы  жайлауы  ары  шалқып,  ұзап 
кетеді. Бару, келудің жолы алыстап, мойны қашықтаған соң, жүріс ауыр болады. 
Айдаған мал да күйзеліп жетеді. Қайындата баратын үлкендер бар, оған да ауыр. 
Және  қыс  жақсы  бопты,  мал  тойынтам  дейтіп  емес,  ажарлы  мал  осы  күнде  де 
бар. Ендеше, құдай бұйырса, осы бір бесті-алтылы күн ішінде қамданыңдар да, 

 
176 
сапар  шегіңдер.  Өзің  барасың  ғой.  Төркініңе  өзің  бастап  бар  балаңды!  -  деп, 
Ұлжанға бұйырды. 
Ұлжан бұны да жақсы қабыл алды. 
Осы  әңгіме  шыққан  соң,  үй  ішінің  барлық  кеңесі,  ақыл,  мәслихаты  сол 
Алшынбай аулына ұялмай, орнына сай ғып бару турасында болды. 
Байлаған  байлауын  көп  ырғап,  көп  көпсіте  бермейтін  Құнанбай  сол  жерде 
баратын  кісілер  жайын,  апаратын  аяқты  мал,  жыртыс  жайын,  ақша,  пұл,  күміс 
қазына жайын кесіп-кесіп, өзі айта бастады. 
Үй ішінің бұл жөніндегі сөздері қалай да болса, аз болған жоқ, ұзақ болған. 
Үйткені,  жыртыс  болсын,  толып  жатқан  ырым,  ілу  болсын,  барлығын  да  осы 
арада  бір  сөйлескен  соң,  екшеп  алысу  керек.  Ұлжан  соның  бәрін  атап  айтып, 
анықтай бастаған. 
Баратын  қара  малды  айтқанда:  жетпіс  жылқы,  отыз  туйе  аталды. 
Құнанбайдың  құласы  мен  жирені  деп,  жұрт  аңыз  қыла  береді.  Алшынбай 
аулынан  аяры  жоқ.  Сол  себепті:  жылқының  ішіне  бір  құла  айғыр,  бір  жирен 
айғырдың  үйірі  кірсін.  Басы  сол  болсын  дескен.  Осыдан  арғы  үлкен  әзірлікті 
тілейтін - жыртыстың бұл матасы. 
Оған  дәл  осы  түнде  Семей  қаласына  Ызғұтты  мен  Құдайберді  жүретін 
болды. Қалада Тінібекпен ақылдасып отырып, төрт күннен қалмай барды алып, 
қайта жетуге бұйрық болды. 
Үлкендердің  осындай  кеңестерінде  бала  атаулыдан  жалғыз  Құдайберді 
ғана бар-ды. Өзге балалар кейін есітті. 
Әрқайсысы  өз  басына  арналған  байлауды  әртүрлі  қарсы  алған.  Оспанға 
Айғыз бен Ызғұтты екеуі келіп отырып: 
- Саған  қалыңдық  айттырдық!  -  дегенде,  ол  басында  ұқпай  қалып,  қайта 
сұрап: 
- Қалыңдық  деген  не?  Қатын  ба?  -  деді.  Ызғұтты  бұған  ұғындырып  кеп, 
қалай көретінін сұрағанда, Оспан бөгелместен: 
- Е,  алам...  әкел!  Маған  қатын  керек!  -  деді.  Абай  өзіне  арналған  хабарды 
үнсіз  ғана  аңырып  тұрып  тыңдады.  Іші  аса  бір  суық  нәрсеге  қақтыққандай, 
тіксініп  қалды.  Сол  сәтте  Тоғжан  есіне  түсіп,  оның  алдында  қылмыс  жасағалы 
тұрғандай  сезініп  еді.  Абайға  жаңа  хабарды  айтқан  шешесі  болатын.  Ұлжан 
баласының мына пішінін жақтырмады. Бірақ ішінен: 
- Ұялғаны шығар, - деп байлаған. 
Абай бірнеше күн қатты толғанып, жапа-жалғыз ойланып жүрді. Қалыңдық 
деген  мұнда  бар.  Сол  сияқты  айттырған  күйеу  Тоғжанда  да  бар.  Қайындамай, 
үйленбей  қалу  мүмкін  емес.  Ата  мен  ананың  әмірінде.  Бармаймын  деп 
айтарлық  сылтауы  жоқ.  Бар  жүрек,  бар  қиялы  Тоғжанмен  туысып  тұрса  да, 
мынау  тұсауға  көнбеске  шара  жоқ.  Осындай  іші  бір  жақта,  сырты  бір  күйде 
болған, аса бір қиын, енжар күйде Абай қайнына аттанды.   
 
 
 
 
 
 

 
177 
 
 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет