МҰхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет16/21
Дата07.02.2017
өлшемі2,25 Mb.
#3576
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21


 
Бұл күндерде бір жайлауларды кернеген жалғыз әңгіме - Бөжей асы туралы. 
Ас  берген  ел,  асқа  барған  ел  және  үйде  қалса  да,  барғандардан  көп  әңгімеге 
қанған  ел,  -  тұтасымен  бір  жайды  аңыз  етеді.  Сол  лақап  бір  Тобықтының  іші 
емес,  алыс-жақындығы,  ой  мен  қырдағы  қалың  рулардың  баршасына  да  тарап, 
селдей жайылып кетіп жатыр. Абай өзі ас ошағы мен қонақ үйлердің арасында 
соншалық  бейіл  салып,  сарп  ұрып  жүргендіктен,  бұл  астың  қаншалық 
ұлаңғайыр уақиға болғанын байқамапты. 

 
204 
Анығында  Бөжейдің  асы  бір  Тобықты  емес,  тіпті  бұл  өңір,  бұл  атрапта 
талайдан болмаған ас делінді. Молшылық, сый-сипат, рет сыпайылық, барлығы 
да үлгі-өнеге берерлік бопты. 
Бүгінгі  күн  осындай  ғып,  дақпыртын  көрген  кәрі-құртаң,  жігіт-желең, 
қатын-бала,  әрине,  бұл  уақиғаны  оңайлықпен  ұмытпайды.  Әңгіме  етулері  жаз 
бойы  емес,  күзге  де,  қысқа  да  созылады.  Дағды  бойынша,  мезгіл  өтіп,  уақыт 
алыстаған  сайын,  бұл  астың  айналасына  талай  қоспа  әңгіме,  жаңсақ  жамаулар 
да  жабысады.  Сүйтіп,  келесі  жылдарда  осы  аста  жыққан  балуан,  осы  аста 
бәйгеден  келген  жүйрік,  осы  аста  жақсы  айтылған  қалжың,  жақсы  сөзбен 
көрінген шешен жандардың аты оқшауланып. ұмытылмай ере жүретін болады. 
Бұлай болатын себеп бар да, себепші бар. Ол сол ас берушілерден шығады. Ас 
өлік  үшін  ғана  емес,  әсіресе,  тірілер  үшін  керек.  Олар  өлімді  сылтау  етіп 
өздерінің  абыройын,  атағын,  мақтанын, айдынын  да  асырады.  Сондықтан  асты 
кім  болса  сол  жасамайды,  тек  жуан,  бай,  құдіретті  күштілер  ғана  жасайды. 
Өмірде кедейдің асы деген ас болмайтын себебі де сол. 
Ал  атақтыға,  жуанға,  мықтыға  жасалған  ас  сол  өліктің  артқы  тобын  тағы 
нықтап,  мықтай  түседі.  Сол  үшін  ас  бергендер  өз  әрекетін  жаңағыдай  көпке 
әшкерелеуге ынтық болады. 
Солардың данқ беріп дәріптеуі бойынша Тобықты ортасы бұдан былай осы 
жылдарда  туған  баласының  жасын  Бөжейдің  асымен  санайтын  болады.  Ас 
жылы  туған  бала  ғана  емес,  астан  бірер  жыл  бұрын  туған,  бірнеше  жыл  кейін 
туғанды  да  сол  астың  «аржақ-бержағы»  деп,  асқар  белден  бастағандай, 
межелейтін  болады.  Бөжей  асының  атағы  сондай.  Енді  осы  жыл  түскен  келін, 
осы  жыл  елген  жас-кәрі,  осы  жыл  болған  құдалық,  бала  сүндеттеу,  күйеу  келу 
де, баршасы да астың жылымен саналды. Тек адам жайы емес. 
Кейде  кейіндеп  барып  атақ  алатын  бәйгелер  болса,  солар  да  Бөжейге  ас 
берген жылы тай еді, құнан еді, немесе, іштегі құлын еді деп сөйленетін болады. 
Ұлы  дүбір,  үлкен  астың  осындай  боп,  уақыт  өлшеуіне  айналып  кететіні 
анық. Бірер буынға шейін ұмытылмастай есте қалатыны бар. 
Ерте  күнде  болған  төренің  асы,  Бопының  асы  дегендер  дәл  осындай  боп, 
ұмытылмай келген. 
Тобықты  ішінің  қазіргі  мол  дабыры  да  сондай  боп,  ен  жайлаудын  барлық 
тау-сеңгірін, ой-өлкесін қатты жаңғырықтырды. 
Міне, осындай ұлы дүбірдің арасында, сол асқа жақсы қызмет етіп, жақсы 
атақ  алған  жандардың  аттары  да  қазіргі  күнде  көптен  көп  айтылып,  ауызға 
ілініп кетті. 
Асты жақсы басқарған Байдалы, Байсал, Сүйіндіктер бір төбе. 
Бірақ көп аузына олардан да бұрын ілінген - жас қана жігіт Абай аты бопты. 
Айтушылар  Абайды  ең  әуелі  Құнанбаймен  шайқастырады.  Тоңы 
жібімейтін, зәрі қатты қырыс әкені Абай қатты кінәлапты-мыс. 
Талай мың қонақтың ішінде Абай күткен қонактар өзгеше бір естен кетпес 
сый көріпті. 
Барлық  жиынның  мейрімін  түсіріп,  тегіс  баталарын  алыпты.  Сондай  бір 
жұртқа жаны ашитын, жақсылықты көксейтін, ақылы кемел бір бала шығыпты. 
Бірталай  үлкендер  Зере  мен  Ұлжанға  да  көп  алғыс  айтады  екен.  «Бет 
нұсқайтын  Зере.  Ел  анасы  боп,  көптің  тілеуін,  көптің  амандык,  тыныштығын 

 
205 
тілеуге  түскен  кісі  ғой.  Немересін  баулып  отырған  өзі  екен.  Бірақ  ақ  сүті 
ақталыпты»  -  десіп  бір  қойысатын.  Баласына  өзі  еріп  барып,  жөн-жосықты 
үнемі  айтып,  талмай  еңбек  еткен  үлгілі  ана  Ұлжанды  да  мақтасатын.  Бұл 
әңгіменің бәрі де Абайлар ұйқтап жатқан шақтарда, Зеренің аулына жан-жақтан 
ағылып  келіп  жатқан-ды.  Тіпті  Көтібақ,  Жігітек,  Бөкенші  жайлауларынан 
келген  бөгде  кісілер  де  осындайды  айтып  келді.  Көкшені  аралап,  Бақанасты 
бойлап  жүріп  қайтқан  Қаратай  да  қостап  келді.  Қазбаланың  бойындағы 
Бөжейдің өз аулдарынан тараған хабар да сондай екен. Бақанас, Байқошқардың 
аяқ  жағын  жайлайтын  дуаны  басқа  Керей  де  тегіс  солай  естіпті.  Абай  мен 
Ербол үшінші күні тұрып ап, өзен бойына барып, ұзақ жуынып шешелер үйіне 
шайға келген еді. 
Зере  немересін  өз  қасына  шақырып  ап,  қатар  отырғызып,  алдына  шайын 
ұсынды да: 
- Айналайын,  қоңыр  қозым,  -  деп,  арқасынан  қағып,  маңдайынан  иіскеді. 
Ұлжан бір табаққа салған тоңазыған бас пен жамбасты Абайдың алдына қойып: 
- Мынау сенің адам болғаныңа арнап, шешелеріңнің атап сойған малы еді, 
жеңдер! –деді. 
Аба» таңданыңқырап сөйледі: 
- Апа-ау, бұл ненің ақысы? 
- Сенің кешегі күнгі еңбегіңе ағайын-анжы ырзалық айтыпты. Ұйқы басып, 
не білдім дейсің екеуің! Жұрт мақтап жатыр! Адам бопты дейді. Соның ақысы! 
- Тәйірі еңбек дейтін қай тауды құлатыппыз. Көппен бірге қонақ күткеніміз 
бе?  Бірақ  әйтеуір,  сорлы  қозының  өліміне  сылтау  таусылған  ба?  Желік,  Ербол, 
кел! - деп, Абай етке кірісті. 
Арада  үш-төрт  күн  өтті.  Бұл  уақытта  Ербол  тағы  да  өз  ауылдарына  кетіп 
еді. 
Енді  бүгін  қозы  жамырап  жатқан  кезде,  астындағы  ақсұр  атын  терлетіп, 
қатты жүріп кеп, дөн басында жалғыз жүрген Абайды тапты. 
Жолдасының асығып келгеніне Абай бұл жолы жақсы үмітпен қарады. 
Талайдан  бері  Тоғжан  жақтан  Абайға  тәуір  сәлем  әкеле  алмай  жүрген 
Ербол, қазір де сөз бастамай тұрып, әуелі Абайдың басындағы тымағын жұлып 
алды да: 
- Шүйінші! - деді. Екеуі де іштерімен танысып, күлісіп жіберді. 
- Жол  болайын  деп  тұр,  не  қыласың!  -  деп,  Ербол  демігіп  күліп  тұрып:  - 
Сүйіндіктің  кіші  баласы  Әділбек  бүгін  қайнына  жүрді.  Ұрын  кетті.  Қасына 
Сүйіндік,  Асылбек  -  бәрі  де  ере  кетіпті.  Көптен  бір  сөйлесе  алмай  жүр  ем. 
Әділбек  сезіктеніп  ап,  мені  жақтырмайтын  болған  соң,  Тоғжанның  өзі  түгіл 
жеңгесіне  де  жолай  алмадым  ғой.  Ал  бүгін  түсте  барып,  Асылбек  отауында 
қымыз  ішіп  отырып,  жеңгемен  әбден  кеңестім.  Тоғжан  сені  сағынып  жүр. 
Қайта-қайта аузына ала береді дейді. Оның үстіне жақсы атағың елге жайылып, 
мақтаушы  жұрт  екеумізге  көп  болысқан  білем.  Осы  өңірдің  жасында  Абайға 
тең жігіт жоқ қой деп, жеңге мен қайын сіңлісі қоса мақтасыпты. Енді, өлген де 
бір,  тірілген  де  бір.  Дәл  осы  күндерде  барып,  көздеріне  бір  көрінші.  Соған 
келдім. Барлық жайды жолда сөйлесеміз. Тез ат алғыз да бірге жүр! - деді. 
Байлау  осы.  Абай  қатты  толқып,  қуанып  кетті.  Екеуі  ымырт  жабыла 
бергенде, Бөкенші жайлауы - Жәнібекке тартты. 

 
206 
Абайдың  мінгені  ақжал,  сары  жорға  ат.  Ерболдікі  ақ-сұр.  Екеуінің  шапан, 
тымақтары да сұрғылт түсті. Жер-қылаң мінген қылаңнан киген екі жігіт кешкі 
салқынмен  есіп  жүріп  кеткенде,  кер  бетеге,  боз  көденің  арасынан  зорға 
көрінгендей.  Түстері  де,  жүрістері  де  көзге  түспен,  ұрлана  жүруге  бейімдеп 
апты. 
Қара адырдың сыртымен жүрсе, жолшыбай ел қалып, көзге түседі. Екі жас 
жігіттің  мезгілсіз,  түнделетіп  жүргені  сезікті  көрінеді.  Сондықтан  бұлар 
Тезектің  Қарашоқысын  бауырлап,  жазықпен  тартты.  Жол  қашаңдау  келетін 
болды.  Бірақ  оны  есеп  қылмай,  асыға  жүріп,  ақжал  аттың  қатты  жорғасымен 
келеді. 
Аздан  сон  ай  туып,  аса  бір  тынық,  жым-жырт,  жайлы  түн  жылжып  келді. 
Ақ  дала,  алыс  адырлар  жеңіл,  көкшіл  тұманға  батып,  түн  жібегін  оранғандай. 
Момын, сұрғылт, елсіз дүние мұңға бейім. 
Биік  көк  жапанда  жалғыз  жүзген  жүдеу  реңді  жарты  айға  қарап,  Абай 
күрсініп кояды. 
Тоғжанды ойласа, Абай көңілі де бұл шақта арылмас мұңмен жүдейді. 
Тіршілік  бұны  жігіт  етіп  өсіріп,  жастық  дәуренінің  таңы  атқан  шақта,  сол 
аспанның асыл, әсем нұры бұл үшін Тоғжан боп танылып еді. 
Кіршіксіз таза көңілдің бар қиялы осы ғана. Бірақ, екеуінің арасына өмірдің 
үлкен  бөгеттері,  қарсылығы  кеп  төнді.  Алаңсыз  тілек,  аласыз  көңіл  созып  еді. 
Болмады!  Бұның  аяғында  тұсау,  оның  басында  ноқта.  Енді  міне,  екеуін  қақ 
айырған  еріксіздік  үстінде,  бұлардың  жүректері  ғана  бір-біріне  талпынып 
ұмтылады.  Бірақ  шынжырларын  сезіп,  шерлі  мұңмен  өксік  өкінішпен 
ұмтылады. 
Қарқаралыдан қайтқан соң, Тоғжанға бір сәлем жолдап, көріспекті тілеген. 
Соған Тоғжан шыдамапты. Амалсыз ренішпен қиналып отырып: 
-  Көрісерлік  не  бар?  Нені  тілеп  көрісеміз?  Өзі  соны  сезбей  ме?  -  деп, 
жүрегіне түскен қаяуын сездіріпті. 
Соған Абай ем таба алмады. 
Рас,  Ділдәні  Абай  сүйіп  қайтқан  жоқ.  Бірақ  ендігі  өмірге  тағдырындай 
көніп қайтты. Тоғжанның да Мәмбетейде атастырған күйеуі бар. Жалғыз-ақ, ол 
бар  екен  деп,  Тоғжан  да  ынтығып  тұрған  жоқ.  Қайта,  Абайды  сүйгелі,  өзінің 
қайын жұртын ойламауға тырысатын. Жүрегі үркіп, жатырқап жүретін. 
Абай,  бірақ  қайындап  кетті.  Енді  қайтып  көрсетпестей  қиын  белден  асып 
кетті. Тоғжан сол күндерде оңашада көп жылаған, жүдеп қалған. 
Қатты жүрген жігіттер ел жатар кезде Жәнібектің тұсына тақады. Жалғыз-
ақ, жұрт жатып қалды, көрісудің орны болмас десіп өкініп келе жатқан. 
Жәнібектің  кең  шалғынды  мол  өлкесінің  екі  жағасы  биікше  сарқабақ 
болатын. Соның батыс жақтағы бір беліне кеп шыға бергенде, Абайдың құлағы 
алыстан  талмаурап  келген  әнді  шалып  қалды.  Ербол  да  естіпті.  Дәл  жотаның 
өзіне  шығып,  екі  жігіт  аз  тоқтағанда,  ән  айқынырақ  жетті.  Қосылып  салған  ән 
екен. 
Күзетші  әйелдердің  әні  сияқты.  Жолаушылар  таубасына  бөгелмей  ойға 
қарай  құлады,  ұзақ  кең  өлкенің  бойы  жыпырлаған  ауылдар.  Қораларының 
орталарында,  үйрім-үйрім  көбіктей  боп,  қалың-қалың  қойлар  жатыр.  Оттар 
өшкен,  елсіз,  жайын  аралда  қатар-қатар  тізілген  қаз,  үйректің  ұяларында, 

 
207 
ағарып  дөңгеленіп  жататын  жұмыртқалардай  боп,  ай  астында  маңқиып, 
түңліктері жабық боз үйлер тұр. Алты-жеті бір ұя. Он-он бір үй бір ұя. Төрттен-
бестен бір ұя жасап, дөңгеленіп тұрған ауылдар да бар. 
Осы  өлкенің  бойында,  барлық  ұйқылы  ауылдардың  үстінен  қалқып  ән 
келеді.  Жігіттер  ілгері  басқан  сайын,  ән  айқындап,  шақырып  тұр.  Өлкенің  дәл 
ортасын  қақ  жарып  өтетін  кішкене  өзен  бар.  Соның  екі  жағасы  селдір  біткен 
аласа тоғай. Абайлар сол тоғайды құлдап төмен тартты. 
Ербол енді аңғарды, ән Сүйіндік аулының тұсынан шығып жатыр екен. Сол 
ауылдың ар жағында Ерболдың аулы. Бұлар ән айтқан ауылдың үстінен өтетін 
болды. Жүрістері бәсеңдесе де, әлі де ақжал аттың сумаңдаған жол жорғасымен 
келе жатқан. 
Жалғыз  аяқ  жолмен  кеп,  өткелден  өтіп,  тоғайдың  ар  жағына  шығысты. 
Кеңірек  алаң  бар  екен.  Сүйіндік  аулы  көрінді.  Ән  енді  тіпті  жақын  естілді. 
Шырқап естіліп жатқан «Топайкөк» әні. 
Абай  мен  Ербол  Бошаннан  үйреніп  келген  жаңа  ән  бұл  өлкеге  жайылып 
қалған  екен.  Нәзік  сұлу  дауысты  әйелдер  «Топайкөктің»  кейбір  ырғағын  теріс 
айтады. 
Тоғайдан өтісімен Ербол барлық жайды тез аңғарды: 
- Бәрекелде,  мына  қызықты  қара!  Мынау  ауыл  алтыбақан  теуіп  жатыр!  - 
деп  тоқтай  калды  да:  -  ойбай,  жақсы  болды!  Тура  барайық!  -  деп  еді.  Абай 
аттың басын іркіп тоқтап қап: 
- Тұра тұр! - деді. 
Оншалық  араласы  жоқ  ауылға  ойын  іздеп  келгендей,  мезгілсіз  баруды 
Абай ыңғайсыз көріп еді. 
- Барсақ  та  атты  тастап  жаяу  барайық.  Кейінірек  барайық.  Әуелі  сіздің 
ауылға түсейік! – деді. 
Мұны Ербол мақұл көрген жоқ. 
- Әдейі  келген  кісі  болмаймыз.  Есебін  өзім  табам,  жүр!  -  деп,  ілгері  тарта 
берді. Абай екі ойлы болса да, Ерболға сеніп, еріп кетті. 
Алтыбақан  Сүйіндік  аулынан  қашаңдау  жерде,  кең  алаңда  екен.  Ойынға 
жиылған  жастар  қалың  көрінді.  Кәмшат  бөрік,  мақпал  шапан,  жібек  шапан 
киген  қыздар  көп.  Араларында  қынай  бел,  әсем  кемзал  ғана  киген  қыздар  да 
жүр.  Шолпылары  тоқтаусыз  шылдырлап,  көп  үнге  салады.  Ақ  шаршы,  кестелі 
кимешектерін әсем ғып салған күлкіші келіншектер де көп. Балалар да мол екен. 
Жігіт жағы сиректеу көрінді. 
Мықты  ғып  құрылған  биік  алтыбақанда  сұнғақ  бойлы  екі  қыз  әлпеншек 
теуіп  тұрып,  жаңағы  «Топайкөкті»  әлі  шырқап  жатыр.  Абайлар  тоғай  ішінен 
шығып, сумаңдаған аяңмен, дәл қастарына жеткенше сауықшы топ байқамапты. 
Алтыбақанның қасына келе бере, екі жігіт: 
- Ойнар көбейсін! 
- Сауық  молайсын!  -  десті.  Қыздар  іркіліп  қалды.  Келіншектер  екі  жігітке 
қарай  жақындап  келді.  Араларында  Асылбектің  әйелі  мен  Сүгірдің  келіндері 
бар екен. 
Барлығы да Ерболды танып: 
- Ербол! Ербол ғой! 

 
208 
- Қайдан  жүрсіңдер?..  -  деп,  сонымен  сөйлесе  бергенде,  Асылбектің 
келіншегі Абайды танып: 
- Абай! - деп, жарқын жүзбен амандасты. 
Абай аты аталғанда, әлпеншек тоқталып, ән де басылды. 
Алысырақ  ауылдың  сыйлы  жігіті  келгенде,  бұл  топ  бөгелеңдеп  қалған. 
Алтыбақан  теуіп  тұрған  Тоғжан  мен  Сүгірдің  қызы  Керімбала  екен.  Екеуі  де 
тақап  келді.  Абайдың  көзі  Тоғжанды  әлдеқашан  танып  тұрған.  Топ  ішінде 
ұялысқандай  шолақ  қана  амандасты.  Бұл  жиында  барлық  жұрттан  еркін 
Керімбала  екен.  Бойы  Тоғжаннан  аласарақ.  Құлағында  үлкен  сырғасы  бар, 
ашық дауысты, күлегеш Керімбала Абаймен амандаса сала: 
-Ал, ойынымыздың үстіне келіпсіңдер. Жатырқамаңдар! Аттарыңнан түсіп, 
алтыбақан тебіңдер! - деді. 
Өздігімен  сөз  бастауға  ығысып  тұрған Асылбектің  келіншегі  Керімбаланы 
тез қостап: 
- Ал, түсіңдер! - деп, күліп қойды. 
Абайлар  әлі  де  іркіліп  тұр.  Ербол  әуелі  өздерінің  жайларын  айтты. 
Мұндайда сезікшіл келетін жігіттер болады. 
Олар әрі қызғаншақ, әрі жорымтал, аңдағыш. Соларға естіртіп: 
- Мына  Бақанастағы  Көкшеге  бара  жатыр  ек.  Жолшыбай  кешігіп  қап, 
біздің ауылға қонып аттанбақ боп келеміз, - деді. 
- Енді қонатын болсаңдар, не сөзі бар? Ойынға да араласыңдар! 
- Аттан түсіңдер! 
- Біз бастаңғы істеп жатырмыз. 
- Тоғжан үйінің үлкендері жүріп кеткен соң, құрбылары жиылып бастанғы 
істетіп жатыр. Әділбектің тоқымқағары да осының ішінде. Қызығымызға ортақ 
болыңдар! - деп, бірнеше қыз-келіншек шын шақырды. 
- Түсіңдер,  аттарыңды  байлап  тез  келіңдер!  -  деп,  Тоғжанның  жеңгесі 
соңғы сөзді айтты. 
Ербол осы сөзді қостап: 
- Ал  мақұл!  -  дей  берді.  Керімбала  бір  жеңгесіне,  сүйеніп  тұрып,  ашық 
үнмен қалжыңдап: 
-  Ал  енді,  ойнымызды  суытпай,  тез  оралыңдар.  Қайындарынан  жаңа 
қайтқан жігіттер ғой! Әндерін үйренеміз! Тамақтарыңды кенеп келіңдер! - деді. 
Жұрттың  бәрі  мұны  жақсы  қостап,  тегіс  күлді.  Керімбаланың  ашықтығын, 
еркелігін бар жастар тұтас ұнатқан-ды. 
Абайды  көргелі  үндемей,  ойланып  қалған  Тоғжан  күлген  жоқ.  Бірақ  одан 
көз  алмай  тұр.  Жас  жігіттің  үстінде  желбегей  киген  жеңіл  сұрғылт  шапан  бар. 
Ішінде  ақ  көйлектің  сыртынан  киген  қара  желеткесі  көрінеді.  Басында  көкшіл 
сұрғылт  жібекпен  тыстаған  жұқа  қара  елтірі  тымағы  байқалады.  Айға  қарсы 
қарап тұрған ақшыл жүзінде жүдеулік бар. 
Ұнамды,  ықшам  киім  киіп,  күміс  ер-тоқымды  сұлу  ат  мініп,  ойда  жоқта 
келген әсем жігіт қазірде Тоғжан көзіне аса ыстық көрінді. 
Абай  мен  Ербол  тез  келмек  боп  бұрыла  берді.  Ақжал  ат  бұған  шейін 
шыдамсызданып,  оң  аяғымен  жер  тарпып,  тізгінін  соза  түсіп,  қозғалақтап  тұр 
еді.  Қазір  де  бір  рет  көлбең  етіп,  бұлаң  берді,  де,  сумаңдай  жөнелді.  Үстіндегі 
күміс  тұрмандары  айға  қарсы  жарқ  етіп  барып,  сөне  берді.  Ақжал  аттың  күлте 

 
209 
құйрығы  да  ай  астында  күміс  ағын  төгілгендей  жалт  етті.  Енді  иреңдей  түсіп, 
бұлдырлап,  ұзап  барады.  Тоғжан  алтыбақанның  бір  ағашына  кеп  үндемей 
сүйеніп, жым-жырт тұрып қапты. 
Қайын  сіңлісінің  қатты  өзгерісін  елден  бұрын  сезген  жеңгесі.  Ол  сырт 
көзден  өз  сырларын  жасырам  деп,  Тоғжанды  құшақтап  алды  да,  қонаққа 
әзірлейтін  ас  жайын  сөйлеген  болды.  Тақап  келген  келіншектерге  ас  жайын 
ақылдасып  тұрмыз  деп,  тоқтата  жауап  беріп,  өзі  Тоғжанның  құлағына 
сыбырлап: 
-Еркем, ән сал!.. Әйтпесе, мына жұрттың сөзі мен көзі саған қадалғалы тұр! 
Уақып бол! - деді. 
Осы  кезде  Керімбала  жүгіріп  кеп,  Тоғжанды  әлпеншекке  қарай  тарта 
жөнеліп: 
-  Абай  осы  ғой?  Анықтап  көргенім  осы  ғана!  Келгені  жақсы  болды  ғой! 
Қайнының  әнін  өзіне  айтқызып,  жақсылап  үйреніп  алайық,  жарай  ма?  -  деді. 
Тоғжан үндемеді. Керімбала жалт қарап, ақсия күліп: 
- Сен немене? Ұяламысың? Ол бір егде кісі ме еді, өлгенше? Қой, ұялмаған 
бұйырмағанды  алады  деген.  Қайда  өзі?  Қазір-ақ  әнін  айтқызам,  тұра  тұрсын!  - 
деп,  әлпеншекке  Тоғжанның  қарсысына  мінді  де,  «Топайкөкті»  қайта  шырқай 
жөнелді. 
Тоғжан  іркіліп,  қосылмай  қалды.  Керімбаланың  үлкен  сұрғылт  көздері, 
әдемі қызыл жүзі, ерке күлкісі ешбір дүниеден именген жоқ, 
Шолпысы  сылдырлай  түсіп,  сақылдап,  рақаттанып  күліп  қойып,  әнін 
жалғыз өзі айтты. Кеткен беттен көп бөгелмей Абайлар келді. 
Келісімен, Ербол ойынды меңгеріп өзі бастап кетті. Керімбаланың жеңгесі 
Қапа,  Тоғжанның  жеңгесі  және  Ербол  үшеуі  алтыбақан  тебу  қонақтың  жолы 
деп кеп, әлпеншекке Абайды мінгізген. 
Қыз-келіншек  тербетіп  тұрғанда,  жігіттің  қарызы  ән  салу.  Абай  енді 
әлпеншекті  теуіп  тұрып,  іркілместен  әдемі  шырқау  ән  бастады.  Қарсысына 
мінген  Керімбала  болатын.  Ол  жаңағы  «Топайкөкті»  айтайық  деп  өзі  тілеген. 
Бірақ,  қосылғанда  теріс  айтты.  Жалғыз  қайырмасы  емес,  орта  тұсын  да  бұзып 
айтады екен. 
Тындап тұрған қыз-келіншектер: 
- Абайдың айтуы басқарақ! 
- Керімбала теріс айтады! 
- Тентегім, сен теріс айтып жатырсың! 
-  Үйреніп,  еріп  айтсаңшы!  -  десіп,  Керімбаланы  қаға  берді.  Керімбала 
ұялған жоқ, күліп жіберіп, тоқтады да: 
- Ал,  ендеше  басқа  бірің  айта  ғой!  Тоғжан!  Ал,  Тоғжан,  сен  айт!  -  деп, 
ерікке  қоймай  Тоғжанды  жетектеп  әкеп,  өз  орнына  мінгізді.  Өзі  жіптің  бір 
жағын алып, Абайларды аспанға тербете бастады. Тоғжанның келгенін өзгелер 
де қостады. 
Құлаштап  сермелген  әлпеншекке  Абай  мен  Тоғжан  кезек-кезек  биіктей 
түсіп,  теңселіп  тұрып  ән  шырқасты.  Тоғжан  алғашқы  бір-екі  ауыздың  тұсында 
Абайды  тыңдап  айтып  кеп,  үшінші  ауызға  келгенде,  еркін  сермеп  қосылды. 
Бұрын  жаңылыс  айтып  келген  жерлерді  Керімбаладай  емес,  оңай  түзеп  алды. 
Ербол мен өзге тыңдаушының бәрі де: 

 
210 
- Ә-ә, жаңа түзелді! 
- Тоғжан оңай үйренді! 
- Ән жаңа келісті! Айт, айтыңдар... пәлі! - деп, тегіс құптай жөнелді. 
Жақсы  жігіт,  сулу  қыз  соншалық  бір  ерекше  жарастықпен,  жақсы  үйлесті. 
Тоғжан жүзі айға қарсы келгенде  Абай өзгеше бір нұр көрді. Бетіне жұқалаған 
қызыл  сәуле  беріп,  іштегі  терең  сырдан,  дос  көңілден  белгі  етті.  Сағынған 
сүйгенінің  жанына  жаны  ұмтылып,  айрылмасқа,  кетіспеске  серт  еткендей. 
Қазіргі  әсем  әнмен  үйлескендері  бауырға  кіріп,  жабысып  тұрып  құшқаннан  да 
жақынырақ,  күштірек  сияқты.  Ырғағы  көп  сезімді  сұлу  әнге  екеуі  де  бар 
шындығын  тапсырып,  бар  сырларын  бөледі.  Ән  айтқан  жоқ,  екі  бірдей  ынтық 
жан,  қауышып  табысқан  шаттық  айтты.  Бар  жиынға,  бар  дүниеге,  барлық 
жұлдызды аспан, жарқын айға да «Көрші бізді, кінәлап көрші!» дегендей. 
Мінсіз  сырына  шындап  берілген  Тоғжан  тоқтамай  айта  берді.  Абай  бір 
шақта жас сұлудың жүзінің бала қуанышын көрді. Бақыт күлкісіндей бір рақат, 
ырзалық  елес  беріп,  Абайға  қадала  карап  езу  тартты.  Келгеніне,  тапқанына 
сүйсініп  ішінен  алғыс  айтқан  тәрізді.  Қарлығаш  қанатының  ұшындай  боп, 
айдай сызылған жіп-жіңішке қастары көтеріліп-жазылып, Абайға өзгеше бір үн 
қатқандай болды. 
Бағанадан бері соншалық көп, тілсіз сәлем жолдаған Абай, енді әннің сөзін 
өзгертіп  алып,  басқаша  айтып  кетті.  «...Сағындырған  ғашық  жар  ынтығы  іште 
жүрген шерлі досын кінәлаудан тоқтар ма екен?.. Бар дүние, бар сырын, барлық 
бақыт  тілегін  бір  өзінің  шұғласына  құрбан  етем  деп  келсе,  не  дер  екен!  Сол 
күнде  де  қатты  болса,  қайта  серіпсе,  әділдігі,  ракымы  кәні!..  Ол  шақта  үміт 
бермей  өртемес  пе  еді?  Кінәламай  жазаламас  па  еді?  Сондай  қаталдықты 
көрерлік ғашығы қанша ғайыпты еді?» деген бір өзгеше сыр кетті. 
Тоғжан  алғашқы  бір  аузына  тыңдай  ғана  ерді  де,  тоқтап  қалды.  Сөз  бұл 
өнірдің  айтып  жүрген  белгілі  өлеңі  емес.  Мәнін,  шынын  жалғыз  Тоғжан  өзі 
ұқты. Нұрлы қара көздерін төмен салып, үнсіз мүлгіп тыңдады. 
Абай  жалғыз  өзі  төрт  ауыз  өлеңді  сыры  терең  «Ақ-қайың»  әнімен  айтып 
барды да, баяу ғана тоқтады. Жүрегі барлық бүркеулі шынын да, ыстық жалын 
сырын да осы әнге, осы арадағы өз сөзіне салған. Ол ақын боп, мұңды жар боп 
шешілді.  Осы  әннің  тұсындағы  Абай  Ерболдың  күнде  көріп  жүрген  жолдасы 
емес.  Көз  алдында  өзгеше  боп  ескелеңдеп,  самқап  шыққандай  көрінді.  Ән 
басылды.  Абай  әлпеншектен  түсті  де,  шетірек  шықты.  Қасына  Асылбектің 
келіншегі  кеп,  әнші  екенсің  ғой  дегендей  мақтау  айтып  тұр  еді.  Құр  әдеппен 
жымиғаны болмаса, Абай оның сөзін аңғарған жоқ. 
Алтыбақан  қасындағы  ән  мен  ойын  тағы  біразға  созылып  барған  соң, 
Ербол  тың  ойын  бастады.  Онысы  -  «ақсүйек»,  содан  кейін  «серек  құлақ»  еді. 
Жастар тегіс қатты даурығып, шулап жүріп, үлкен желікпен ойнады. 
Серек  құлақ  ойнында  қасқыр  болған  Ерболдың  өзі.  Ол  «қой»  алып 
қашатын. 
Абай көп қыздар мен келіншектердің арасында қалжыңдасып отырып: 
- Мен қой болам! - деген. 
Ерболдың  көп  есебі  бар  екен.  Ебі  шебер  қасқыр  болды.  Әуелі  бір-екі 
келіншекті, қыздарды алып қашып, далаға тастап, содан кейін бір кезде Абайды 
алып қашты. Жүгіртіп әкетіп бара жатып жолда: 

 
211 
- Сен анау шоқ талдың түбіне барып, мені аңды! Аздан соң Тоғжанды алып 
қашам! - деді де, қайта салды. 
Абай тал арасында тұрып, Тоғжанның  «қолды болуын» тосты. Көп күткен 
жоқ,  Ербол  алып  қашты.  Бірақ  бұл  жолы  «қой»  алу  оңай  болған  жоқ.  Көп 
ішінен,  әсіресе,  Керімбала  қатты  айғайлап  ұмтылды.  Тоғжанды  Абай  тұрған 
жақтан  басқарақ  бір  ағашқа  апарып,  оған  да  бірдеңе  айта  салып,  Ербол  қайта 
шауып кетті. 
Абай  бұл  кезде  Тоғжанның,  жанына  қалай  жеткенін  білген  жоқ.  Екеуі 
қалың ағаштын арасында, ай сәулесі үзіліп түсіп тұрған бір алаңқайда кездесті. 
Бір-біріне  ұмтылып  келгенде,  Тоғжан  жылап  жіберіп,  Абайдың  құшағына  кіре 
берді.  Жасқа  толған  көздерін  сүйген  жігітін  төсіне  басып,  тұрып  қапты.  Екі 
иығы шошынып қысылғандай, дірдір етті. 
Абай: 
-  Тоғжан,  жыламашы!  -  деп,  шашынан  ғана  сүйіп,  қатты  құшақтап  қысып 
тұрғанда, Тоғжан басын жоғарырақ көтеріп: 
- Көрісейікші бір! Сағындым! - деді . Дәл осы уақытта: 
- Тоғжа-а-н!  Қайдасың?  Қасқырға  берер  Тоғжаным  жоқ!  Жүр,  -  деп 
айғайлап,  күліп  жүгіріп  келе  жатқан  Керімбаланың  даусы  естілді.  Абай 
Тоғжанды асығып қысып, бір-ақ сүйді. Қызарып толқыған ыстық бетінен сүйді. 
Керімбаланың  жақындап  қалған  сыбдыры  естілгенде,  Тоғжанның  бөркін  түзеп 
кигізді де: 
- Ертең  тос!  Есебін  тауып  көреміз!  Келемін!  -  деді.  Қалың  жапырақ 
арасынан түскен ай сәулесі теңгедей бір жарығын Тоғжаннын он көзіне түсірді. 
Кірпігінде үлкен бір тамшы жас іркіліп тұр екен. Қастарына Керімбала жүгіріп 
келгенде, екеуі жай ғана қатар тұрған. Керімбала әдемі ақ тістерін ақсита күліп, 
бөркін шекесіне салып, бар денесімен бұраңдап, ойнай келіп: 
- Е-е,  мұнда  ма  едіңдер?  Қозымды  қасқыр  жей  ме  десем,  қойдың  өзінің  де 
жегісі  келе  ме,  қалай?  -  деп,  барынша  шаттанып  күліп,  Тоғжанның  иығына 
бетін басты. 
Жазықсыз  ерке  қыздың  күлкісі  сияқты.  Бірақ  мынандай,  ойдағысын 
ірікпейтін Керімбала, қазір айтқанын көпке де айтуға мүмкін. 
Абай соны ойлап: 
- Жала жаппаңыз, Керімбала! Басымызға күн туып, қолды болған соң, бізде 
не жазық бар?! Амал қане? Мұңымыз бір болғандықтан кездесіп тұрмыз! - деді. 
Керімбала күлкісін тыйған жоқ: - Әй, білмеймін, кімге салсақ та, құлқыным 
таза дей алар ма екенсіз, Абай? - деп, сезігін айта бастады. 
Мына сөзі әлгіден де жайсыз. Тоғжан ашумен тыймақ болып: 
- Қойшы, Керімбала! Күлкінің де орны бар ғой. Не деп барасың өзің? - деп, 
ұнатпай қалды. Керімбала Тоғжанға жалт етіп, ренжіп қарады. 
Абай бұл қызды ашумен тыймай, майда мінезбен тыймақ. 
- Керімбала,  жұрт  аузы  жеңіл  ғой!  Ұшқары  қалжың  құрбыңа  ауыр  тиіп, 
жазықсыз  жаманат  келтіруі  мүмкін.  Ондай  сөзге  жұрт  алдында  сақ  болу  керек 
емес пе? - деді. 
Керімбала  бұл  сөзді  дұрыс  түсініп,  қайта  күліп  жіберді.  Қазір  ұялып 
күлгендей.  Мінезі  жақсы,  жүрегі  таза  баланың  ұялған  күлкісі  тәрізді. 
«Тоғжанды ренжіттім бе?» дегендей боп, құшақтай алып, ерте беріп: 

 
212 
- Ал, енді ашуланба! Ендігәрі айтпай-ақ қояйын! - деді. 
Үшеуі  де  топқа  қайтты.  Осыдан  әрі  көптің  ойыны  созылса  да  Абай  мен 
Ербол бөгелген жоқ. Ертең ерте жүреміз деп, ауыл иелеріне рақмет айтып, асқа 
да қарамай кетіп қалды. 
Келесі  күні  айтқан  сөздерін  ақтағандай  боп,  екі  жігіт  Бақанасқа  кетті. 
Қаратайдың  аулына  барып  түстеніп,  кеш  батқанша  сонда  болды  да,  сол  күні 
ымырт жабылып, ел аяғы басылған соң ғана Жәнібекке қайтты. 
Ақырын  жүріп,  дабырламай  келді.  Жерқылаң  түстес  жігіттерді  иттер  де 
байқамай қапты. Ауылдың шетінде отырған Ербол үйіне жым-жырт кеп түсті. 
Осы түн ел әбден ұйқтаған  кезде, Абай  мен Ербол  үй  тонайтын ұрыларша 
жасырынып бұғып, ептеп басып кеп, Асылбек отауының есігіне жетті. Екеуі де 
киіз  есікті  жамылып  тұрып,  іштегі  ағаш  есікті  ашудың  амалына  кірісті.  Үй 
ішінде  ояу  жатқан  әйел  бар  екен.  Шолпы  сылдыры  естілді.  Кәрі  кісі  болмау 
керек.  Бұл  үйде  шолпы  тағарлық  екі-ақ  кісі  болуға  лайық.  Оның  бірі  -  жеңге, 
бірі - Тоғжан. 
Ойлағандай жақын адам жігіттерге: 
- Ақырын!  -  деп,  сыбыр  етті  де,  есікті  өзі  ашты.  Үй  іші  қараңғы.  Жігіттер 
үйге кіргенде, жаңағы дауыс тағы сол сыбырмен: 
- Абай... - деп, дыбыс берді. 
Абай қолын созды. Кимешегі бар жеңге екен. Абайды қолынан ұстап, төрге 
қарай жетектей берді де, артына шала бұрылып Ерболға: 
- Сен қайта бер. Өзі барар! - деді. 
Дұрысы сол еді. Ербол ақырын басып, қайтадан шығып кетті. 
Абайдың ілгері созып келе жатқан оң қолы жібек шымылдаққа тиген кезде, 
алдынан  қарсы  қозғалып  келе  жатқан  Тоғжанның  ыстық  саусақтары  мұның 
бетіне  тиіп  еді.  Екеуі  де  шапшаң  ұмтылысып  кеп,  қатты  құшақтасты  да,  ұзақ-
ұзақ  сүйісіп,  үнсіз  жабысып  тұрып  қалды.  Дірілдеген  демдері  қосылып,  ыстық 
еріндері енді айрылмастай табысқанды. 
Тып-тыныш  жаздың  таңы  сары  қабақтан  баяу  атып,  түріліп  келе  жатқан 
шақта Абай мен Ербол Жәнібектен жөнеле берді. 
Азғана  жүріп,  қарсы  қабақтан  асты.  Ай  батқан,  жұлдыздар  да  сиреп,  бір-
бірден сөніп жатыр. Боз көденің арасынан үркіп ұшкан торғайлар аспандап ап, 
қалықтап тұрып сайрай бастады. 
Абай  жүрегі  де  сыр  мен  жырға  толы.  Жеңіл  тымақтың  бір  құлағын 
жымырайта киіп, сары жорға аттың жайлы бір жүрісіне салып, Ботақанға қарай 
беттеп келе жатып ән бастады. 
Ауылдан  бірталай  ұзап  кеткен  соң  Абай  барлық  ашық  сұлу  даусымен  аса 
бір сезімді ырғаққа салып, көп жырлады. Жүрегін толтырған қуаныш та, назды 
мұң  мен  толқынды  ыстық  ой  да  барлық  пердесіз,  қытықсыз  шынын  осы  әнге 
табыс  еткен.  Сөз  де  бөлек...  Қайдан  шыққан?  Қашан  айтылған?  Қандай  нәзік 
жан осындай боп, бар шынымен сүйе білген? Мәлім емес. Шырқап келеді. 
Бір  тоқтамай,  мүдірмей,  соншалық  бір  шебержүйрік  тіл  тауып,  жыр 
самқайды. 
Қандай жолмен, қанша жүргенін де білмейді. Бір шақта Ботақан ошағында 
отырған  ауылдардың  төбесі  көрінді.  Абай  сонда  ғана  әнін  тоқтатып,  Ерболға 
қарады. 

 
213 
Жолдасы  Абай  күйін  ұққандай  боп,  жымиып  қана  күліп,  сүйсіне  қарап 
келеді екен. Абай атының басын іркіп, тоқтаңқырап тұрып, Ерболды ат үстінен 
құшақтады да: 
- Ербол, сынама мені! Өмірде атын ғана есіткенім болмаса, бақыт деген не? 
Шын  шаттық  деген  не?  Дәл  осы  түнге  шейін  соларды  таныған  да,  татқан  да 
емес ем. Кесін айтасың? Көріп келесің. Жайым, барым сол емес пе? - деді. 
Осы күннен соң, аз уақыт ішінде, Жәнібек жаққа Абай тағы барды. Бірақ өз 
қызығының жақсы дәурені біткен екен... Асылбек, Әділбектер қайтып кепті. 
Келісімен  Әділбек  суық  сөз  естіп,  сезіктенген  бе?  Жаман  бүлініп, 
жеңгелерін  де,  малшы-көршілерін  де  қатты  бүріпті.  Аулына  өлердей  сақ  аңду 
қойып, әлдекімге өшіккенін айтыпты. 
- Аяғын Жәнібекке қарай басып көрсін! Тірі кетпей-ді! - деп кесесіпті. Жол 
қиындап, жарық айды бұлт басты. 
Онсыз  да  араздығы  көп  елдерді  енді  мынадай  іспен  өшіктіру,  аямастық 
сияқты. Амал құрып, тағы да бір айықпас қасірет келді. 
Осы кезде ел жайлаудан қайтып, ауыл-ауылдың аралары қашықтап кетті. 
Абай  өзін  өзі  не  күйде,  не  деген  делсалдық  дерт  үстінде  жүргенін  аңғара 
алмай жүрді. Бар дүниеге гүлі солған, шырағы сөнген тұлдырдай қарап, жүдеп 
кетті. 
Әке-шеше  өздері  ұйғарып,  бұйырды  да,  мұны  тағы  да  қайнына  жүргізетін 
болды.  Жалыны  да  жоқ,  тілегі  де  жоқ  сұлық  көңілмен  Абай  көне  берді. 
Айдалып кеткен кісідей Қарқаралыға кетті. 
Бұл жолы ай жарым жүріп, Ділдәні алып келді. 
Бұл уақыт елдің қыстауға қонатын шағы. Өз ойының әуресімен жүріп және 
қайындап кетіп, Абай ел ішінің жайларынан оқшау қалған екен. 
Осы  күзге  Құнанбай  тағы  да  бір  топ  жанды  қырына  алыпты.  Ендігі  кезек 
Құлыншақ  ауылынікі.  Анау  кездегі  «бәле  басы  сол»  деп,  «көшіп  кетті,  жауға 
кетті» деп, бұларға көптен тісін басады екен. 
Жер  жағдайымен  күздігүні  өз  қыстауларына  қарай  көшкенде,  Кұлыншақ 
аулы  Кұнанбайдың  қасына  кепті.  Келгенде,  былтырғы  тобынан  жырылып, 
жалғыз ауыл боп кепті. 
Абай  қайтып  келгенде,  Кұнанбай  сол  Кұлыншақтың  Садырбай,  Наданбай 
деген екі баласын Жетісуға жер аударып жіберіп, Мұңсызбайды кепілде болсын 
деп,  Жақып  аулының  шетіне  қондырыпты.  Құлыншақ  Манаспенен  жалғыз  үй 
қалған.  «Баламды  ұрдың,  інімді  масқараладың»  деп,  малдарын  да  тізіп  алып, 
айып-анжыны да баса салыпты. Ағайын ес жиярлық мезгіл бермей, ара түсердің 
бәріне  білдірмей,  бір-ақ  күннің  ішінде  осыны  етіпті  де,  баяғысынша  түк 
болмағандай  «ақсарбасын»,  «көкқасқасын»  айтып,  ру  басшыларын  жиып, 
қонақасысын көпіртіп жүре беріпті... 
Абай қайтып келгенде, жұлысқан тартыс жоқ. Бірақ, ауыл үй, ағайын арасы 
тағы да томсарған наразылыққа, бітеу жараға толы екен. 
 
 
 
 
 

 
214 
 
 
 
 
 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет