Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағЫ 3-том мақалалар, ӘҢгімелер, аудармалар, пьесалар 1921-1929 "ДӘуір" "жібек жолы" алматы 2014



Pdf көрінісі
бет11/27
Дата19.01.2017
өлшемі4,32 Mb.
#2190
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27

II

Жәмештің  Кенжеханға  өз  ықтиярымен  тимек  болғаны  рас 

еді.  Қадиша  өліп,  Кенжехан  Жәмешті  сұратып  кісі  жіберген 

күнге  шейін  жас  қыз  өзінің  алдыңғы  күні  қалай  болатынын 

қадалып  ойлаған  жоқ-ты.  Оны  кішкентай  күнінен  үй  ішінің 

мінезі бір ерекше қуатпен әсер етіп, билеп алған болатын.

Бұл  жағына  келгенде,  Жәмешке  ұқсаған  қыз  Мойылды 

болысында  жоқ  еді.  Жәмеш  барлык  дүние,  барлық  келешек 

тіршілікті,  қызық  пен  қуанышты  өзінін  үлкен  шешесі  Мәкен 

бәйбішенің ұғындыруы бойынша түсінетін.

Жәмешті  әжесі  кішкентай  күнінен  өз  қолына  алып,  өз 

ақылымен тәрбиелеп өсірген. Мәкен ауыл-ауданға әмірі толық 

жүретін ақылды, еркек мінезді жуан бәйбіше

51

 еді. Бұл кісі әлі 



күнге дейін тұғырдан тайған жоқ.

Жәмештің  ес  біле  бастаған  күнінен  дәл  осы  күнге  шейін 

үлкен  бәйбішенің  алдында  барлық  келіндері  именіп,  қарсы 

келмей,  құрдай  жорғалайтын.  Жәмештің  өз  шешесі  ұлғайып, 

қырықтың ішіне кіріп, кексе тартып қалса да, әлі күнге жаңа 

түскен келіншектей боп енесінің алдында именіп отыратын. Бір 

жұмыста енесінің ақылынан шығып, өз бетімен кетіп іс қыла 

алмайтын. Сол сияқты Жәмештің әкесі Жақып та ауыл-аудан-

нан  ел  ортасының  сөздеріне  шейін  түгелімен  шешесіне  баян 

етіп,  өзі  істеген  істерін  де  айтып,  ақыл  қосып  отырушы  еді. 

Жақыптың үй іші мен ауылы болып түгел қадірлегендіктен, бұл 

ауылға келіп кететін ел кісісі де, атқамінер ақсақал-қарасақалы 

да Жақыпты жоқтамай, бәйбішемен әңгімелесіп, өздері білген 

жай-жапсардың барлығын мәлімдеп отыратын. Мәкен бәйбіше 

кіммен сөйлессе де, қай жайдан сөз болса да, өзі естіген сөзді 

сынап, салмақтап, не ұнатып, не ұнатпаған пікірін ашық айтып 

отырушы еді. Ерте күннен бұның ауылы жуан ауыл атанып, ерке 

бәйбіше болып ерленіп

52

 сөйлеп әдет қылғандықтан, Мәкеннің 



асқақ  тәкаппар  сөздері  көп  болатын.  Бұрынғы  өз  заманының 

адамын жоқтап, бүгінгі «жақсымын» деген кісілерді көбінесе 

менсінбейді

53

.



165

Ежелден бойға сіңген өзімшілдікпен біреудің не мінезін, не 

істеген ісін, не басын бағалап сөйлегенде, бәйбіше, өз ауылы 

мен  өз  ұрпағынан  шыққандар  болмаса,  жаттың  ешбір  жақсы 

жерін көре алмаушы еді.

Жәмештің  кішкене  күнінен  Мәкен  бәйбішенің  алдында 

өскенде ұғынып, бағынып, қабылдап алған үлгісінің көпшілігі 

осы  әжесінің  үйретіндісі  еді.  Екеуінің  ортасындағы  айыр-

масы  –  бірі  жаңа  өсіп  қалыптанып  келе  жатқан  жас,  бірі  – 

қалыптанып  тоқтап  қалған  кәрі.  Сондықтан  шеше  мінезінен 

алған үлгі Жәмеште ашығырақ көрініп, қатаң болып білінетін. 

Ұсақ мінезде әжесінен жұққан дағды бойынша біреуді темен-

дете сынау, тәкаппарлықпен бойына теңгермеу, өзінің билігіне 

нық  көңілмен  сену  Жәмештің  мінезінен  күнде  бір  көрініп 

отырғандай  болатын.  Әсіресе  бір  ауылға  қыдырып  барып 

қайтқанда,  әжесіне  көрген-білгенін  әңгіме  қылған  уақытта, 

қонақ  күтуге  олақтық,  үй  ішінің  ретсіздігі,  киім-салымның 

не  таза  болмай,  не  үлгісі  нашар  болғандығы  –  барлығы  да 

Жәмештің алдымен сөйлейтін сөздері еді.

Бәйбіше


54

  өз  тұстасына  қатаң  бәйбішелер  мен  ауыл  несі 

болған қатындардың олақтық, білімсіздігін сөз қылса, Жәмеш 

жаңа түскен келіндер мен замандас қыздардың кемшіліктерін 

сондай теруші еді.

Осы әдетпен Жәмеш әжесінен алған үлгі мен содан ұғынған 

сөзінен  басқа  бөтеннің  ешбір  үлгісіне  бағынған  жоқ.  Бөтен 

адамдардың «анау жақсы, мынау жақсы» деген сөзінің ешбірі 

де көңіліне әсер етіп тыңдалған жоқ

55

.



Соңғы  жылдарда  Мойылдының  ішіне  тарап  келе  жатқан 

бір  жаңалық  –  жас  қыздың  күйеу  таңдап,  жігіттің  қатын  тас-

тап,  сүйген  қызды  алып  қашуы  көбейген  еді.  Осы  сияқты 

оқиғаларды естігенде, Мәкен басқаларға айтумен бірге, әсіресе 

Жәмешке  көп  өсиет  сөйлеп

56

,  қашатын  қыздарды  «бұзылған 



қыз» деп «ата-анасының туысы кемдігінен» деп мінейтін.

Елге  жайылып  келе  жатқан  «жаман»  салттың  себепшісі 

көбінше

57

 осы елдегі жас «оқығандар» болғандықтан, Жәмештің 



әжесі  барлық  оқыған  дегендерді  тұрақсыз,  ойсыз  бұзылған 

адамдар  деп  сөйлейтін.  Сол  көптің  ішінде  өзінің  немересі, 

Жәмештің бірге туған ағасы

58

 Қасым да бар еді. Қасым оқып, 



ержетіп, мінездің шет жағасын көрсете бастағаннан-ақ, Мәкен 

қолын  сілтеп,  тыржиып: 

59

  «Оқу  түзеткен  бала  көргем  жоқ. 



166

Әйтеуір тірі болсын! Бұ да осы елдегі жын қуғандардың бірі. 

Құмары да, тілегі де сол көрінеді. Ынта, бейілімен соған қарай 

ауып  кетіпті.  Бізге  жоқ  болып,  қолымыздан  шығып  кеткен 

бала.  Тек  бетінен  жарылғасын!  Жалғыз-ақ  қалай  кетсе  де,  өз 

басымен кетсе екен, өзге балама осының жыны жұқпаса екен 

деп  тілеймін»,–  дейтін.  Жәмешті  қасына  алып  отырып  осы 

сөзді талай айтқан-ды. Көп жастың ішінде Қабыш та талай рет 

Мәкеннің қатал сынына ілінген. Қабыштың өз басынан әзірше 

көптің  көзіне  көрінген  үлкен  мін  табылмаса  да,  нашарлау 

ағайын-ауданы мен әке-шешесінің ескі кемшіліктерін кекетіп, 

кемітіп сөйлеп, паңдықпен жиреніп отырушы еді.

Әжесінің қасынан ұзап шықпаған Жәмеш үй іші мен ауыл 

арасында өзі естіп ұғынып жүрген сөздердің бір уақыт қарсы 

жағын  естіген  жоқ.  Бір  күні  бір  кісінің  аузынан  әжең  «теріс 

сөйлейді, білмейді, адасады» дегенді құлағы шалған емес.

Өзі  туған  әке-шешесі  Жәмешті  әжесінің  баласы  қылып 

қойып, әрқашан ақыл айтса: «Әжейді ренжітпе, әжеңнің сөзін 

ұқ.  Үнемі  саған  жолдас  болмайды,  аздан  соң  өліп  те  қалады. 

Сенен басқа әйел баланың әжеңдей үйретушісі жоқ, сондықтан 

сен олардан артық бол. Оларға ұқсама!» – дейтін.

Сонымен  кәрі  әженің  ықтиярынан  бір  күн  шет  жайлап 

көрмеген  Жәмеш  алдыңғы  күнін  өз  бетімен  ойлаған  да  жоқ-

ты. Ол жайдан әжесі үндемеген соң, о да үндемей, ойланбай-ақ 

жүре беру керек деп түсінген-ді. Ескі сенім, ескі көзқарастар 

Жәмештің  ойы  мен  мінезіне  негіз  болып  әсер  етуден  басқа 

күндегі жүріс-тұрыс әдетіне де сондайлық айқын таңба салған.

Жәмештің  жұрт  мақтаған  жақсылығы  –  ауыл-ауданға  ие 

болып, шаруа жөнін жақсы білгендігі. Көрші-қолаңшы, қатын-

қалаш,  малшы-қосшыға  араласа  біліп  орынды  сөз  сөйлеп, 

үлкен  кісіше  салмақпен  жүріп-тұрып,  кейде  үй  түгіл,  ауыл 

иесі болып әке-шешесін жоқтатпай кететін мінездері бар. Бұл 

мінез  елдегі  көпшіліктің  түсінуінше,  Жәмештің  барлық  жаңа 

өспірім әйелдерден ерекше біткен жақсылығы сияқтанушы еді. 

Мәкен бәйбішенің тәрбиесімен өскен жас қыз қатын-қалаш пен 

үлкендерге бұрынғының жақсы қыздарын еске түсіргендей бо-

лушы еді.

Жәмешке  ескілік  үлгісі  әбден  жұққандықтан,  кейде 

киім  пішіп,  іс  тіккенде  де,  өзі  айтқандай,  «бүгінгі  қылтың-

сылтыңмен» жүрген жастарша істемей, кең қолтық, кең етек, 



167

мол киімді жақсы дейтін. Өзі де бүгінгі қыздардың ұғымынша, 

ескіріп қалған үлгімен тігілген киімдер киетін.

Жәмештің көшкенде жорға ат мініп, үкі таққан кәмшат бөрік 

киіп,  тірсек  жең  қамзолдың  сыртынан  белін  қынай  буынып, 

шапан киетіні де, түгелімен кем болса, қырық-отыз жыл бұрын 

болған бойжеткендердің үлгісі.

Ел ішінің еркесін күндегі көпшіліктен өзгеше күйде көруге 

ынтық  «оқығандар»

60

  кейде  Жәмештің  осы  қылықтарына, 



әсіресе құмарланып, өліп түсетін. Бірақ Жәмеш бұл мінез, бұл 

әдеттің  барлығын  сырт  көрініс  үшін  емес,  шынымен  лайығы 

осы деп түсінеді. Сондан Жәмеш қазіргі уақытқа шейін жас бо-

лып желігіп жүрген қыз-бозбаланы, әжесі мен екеуінің біріккен 

сыны бойынша, қызықтырар қызығын көре алған жоқ

61

. Біреуі 



қашады, біреуі алып қашады. Ел ішіне лаң салады. Жаманаты 

әбден шығып, тамам елден қарғыс алып болған соң, дегендеріне 

жетіп, бірге тұрғандарын да көріп жүр. Бірақ солар талайдан 

қолына  түспей  жүрген  армандарына  жеткендей  болған  соң, 

енді елден ерекше жүріс-тұрысы болар десе, барлығы баяғыша 

көппен  бірге,  сол  көптің  бірі  болып  қала  береді.  Қашқанның 

елден асып, төбесі көкке жетіп, қашпағанның қор болып жер-

де қалғанын көрген жоқ. Қашып барып күйеуге тиген қыз да 

өзгелердей  айтқанға  көніп,  айдағанға  жүре  беретін  әншейін 

ғана  қатынның  бірі  болады.  Қайта  қашқанның  қырсыққа 

ұшырайтыны көп. Бір қашқанмен тұрмай, әлденеше қашамын 

деп, ел жүзін көре алмайтындай масқара болып қалғандары да 

аз емес. Қашқанның оқығанға тигені болса, оның да елден асып 

қарық  болғаны  көрінбейді.  Оқыған  жігітпен  ерекше  тұрамын 

деген қыр қызының барлығы да бойына лайығы жоқ мінез бен 

әдеттер  тауып  алып,  шошаңдап  жеңілейіп,  ақылсыз,  мінезсіз 

болып  кеткен  сияқты.  Осы  сындарды  әжесімен  бірге  талдап, 

әңгіме  қылып  отырып,  Жәмеш  нығыздана  береді.  Көбінің 

жарастықты  жақсы  өміріне  құмар  болып  ынтығудың  орнына, 

жиреніп, паңсына қарап, торыққандай болады

62

.

Солардың  бәрінің  ішінде  Мәкен  бәйбіше  мен  Жәмештің 



толық ырза болып, көп уақыт әңгіме қылатын бір ғана үлгілі 

өмір  бар  еді.  Бір-ақ  адамның  мінезі  мен  өмірі  «шын  тілейтін 

өмір» дегізіп, екеуінің бастарын шұлғытушы еді. Ол Жәмештің 

биылғы  өткен  әпкесі  Қадишаның  өмірі  болатын.  Қадиша 

Жәмештен төрт-ақ жас үлкен еді. Күйеуге тигеніне алты жыл 


168

болған. Басында Кенжехан тоқалдыққа сұрағанда Қадишаның 

барғысы келмеген. «Тимеймін» деп бірталай уақыт бұлқынған. 

Бірақ  Мәкен  бәйбішенің  ұғындыруы  мен  өсиеті  бара-бара 

Қадишаның үркектігін жеңді. Үйде жүрген уақытта Кенжехан 

келіп кеткен сайын бұралаңдап, айныңқырап қалып жүрсе де, 

Кенжехан  ауылына  барып  орныққан  соң,  бір  жылдай  уақыт 

өткенде Қадиша танымастық болып біртүрлі өзгеріп кетті.

Ең әуелі Кенжеханды қадірлей күтетін болды. Үйден шықса, 

аузынан  тастамай:  мінездерін,  сөздерін  айтып  әңгіме  қылып 

отырып, үйге келсе, көңілінің барлық тілегін айтқызбай орын-

дайтын


63

. Сол үшін Кенжехан да барлық мал-мүліктің иелігінен 

шығып,  басын  да,  дүниесін  де,  алдынан  шықпай,  Қадишаға 

билететін  сияқты.  Қадишаның  онысын  Жәмешке  үлгі  қып 

мақтағанда,  Мәкеннің  қайта-қайта  айтатын  бір  жайы  осы  бо-

латын


64

.

Қартаң  тартқан  бәйбіше,  жаратылысындағы  момындықтан 



басқа,  күйеуі  түгелімен  Қадишаға  ауып  кеткен  соң  бұлардың 

дәуреніне бөгет қыла алмайтын болып, сыртта қала берді.

Сансыз  көп  мал  мен  үлкен  ауыл-ауданның  даусыз  иесі 

Қадиша  болды.  Не  түрлі  еркелік  жасағысы  келсе  –  барлығы 

да бір өзінің ықтиярында. Маңайындағы көрші ауылдары мен 

Кенжеханды жағалаған бар елдің үлкен адамдарына ойына кел-

ген  сөзін  айтып,  істегісі  келген  істің  бәрін  бөгетсіз  істететін 

еркелігі бар сияқты

65

. Еріккен уақытта тәуір ауылдардың қыз-



келіншектері мен кәрі-жасын түгел жиып, қыдырып жүріп ойын 

жасатып,  көңілін  көтеретін.  Сәнді  киім,  салтанатты  жүрісті 

түгелдеп

66

 нағыз сері, ерке бәйбішенің дәуренін сүретін.



Кенжехан Қадишаны алғаннан кейін үйінен шыға алмайтын 

болып, шықса – асығып, сағынып келетіндей болып жүрген.

Елдің үлкен кісілері мен

67

 шет қонақтар келгенде, Қадиша 



Кенжеханға  бірауыз  сөз  айтқызбай  күліп,  қалжыңдап,  еркін 

жүріп,  өзі  күтіп  шығатын.  Және  әрқашан  Қадишаның  күтімі 

өзге ешбір ауылдан, ешбір елден табылмайтын жайлы күтім бо-

латын. Мәкен Жәмешке бұл жайдың мағынасын түсіндіре келіп: 

«Басыңдағы үйің алтын сарай болды», – деген осы дейтін

68

.



Жәмеш әжесімен жыл сайын Қадишаның шақыртуы бойын-

ша сонда барып, бір ай, екі ай жатып қайтушы еді. Сол барғанның 

бәрінде  Қадишаның  өмірі  бұның  көзіне  бірқалыпты  күйінен 

өзгерген емес

69

. Қыс болсын, жаз болсын – барлық уақытта да 



169

мезгіліне  арнаулы  жарастығы  бар  бірқалыпты  жылы,  жайлы 

үй – Қадишаның үйі болып елестейді. Мәкен екі қызына бірдей: 

«Бақ деген осы», – дейді. Әр мезгілдің өзіне арналған қамы бар. 

Мезгіліне  жарасатын  не  сәнді  қоңыр  күйі  бар.  Кенжеханның 

қыс  пен  жазда  елден  босаған  уақытта  ермек  қылатын  бәйге 

ат,  жүйрік  ит,  қыран  құсы  болса,  солардың  маңында  жүретін 

күтушілері  мен  байдың  сауықтағы  жолдастарының  барлығы 

да  Қадиша  тіршілігінің  маңындағы  үнемі  айнымай  жүретін 

қошеметшілері сияқты. Мәкен оны Кенжеханның қызығы емес, 

Қадишаның сауық-салтанаты деп көтереді.

Қадишадай  әпкесі  сондайлық  еркін  тіршіліктің  иесі  бо-

лып  тұрған  шақта  әжесі  бір  мақтаса,  ауыл-ауданның  үлкені 

және  түгел  қадірлейтін  Кенжехан  сол  әпкесінің  жолдасы 

болғандықтан,  Жәмеш  кәрі  жездесін  іші-сыртымен  түгел 

құрметтейтін болған.

Кейде ауылға қырық-елу атты жиынның ортасында тамам ел 

жуандары дегендерді аузына қаратып, қалың топтың қадірлісі 

болып  Кенжехан  келе  жатқанда,  Жәмеш  әпкесінің  өмірінен 

ешбір  мін  таба  алмайтын.  Сондайлық  көп  тұрғыластары 

қадірлеген атқамінердің ең жақсы көрген жолдасы өзінің әпкесі 

екенін ойлағанда, Жәмештің көңіліне бірер уақыт мақтан пайда 

болғаны да бар-ды

70

.



Жездесінің бір кезде сұлу болған пішіні бүгінде де жақсы 

ажарынан  айырылып,  тозып  қалған  сияқты  емес.  Сақал-

мұртына кірген бурыл мен екі-үш тісі түскен кетігі болса, ол 

мін дерлік емес, қайта Кенжехандай кісінің ерекше бір жақсы 

белгісі  сияқтанып  та  көрінді.  Жәмеш  отырған  жерде  Мәкен 

бәйбіше Қадишаға Кенжеханның бітім тұлғасын мақтаудан да 

тартынбайтын

71

.



Әпкесі  тірі  күнінде  не  бір  күнге,  не  бір  сағатқа  қабағын 

шытып  ренжіген,  өкінген  пішінін  Жәмешке  көрсеткен  емес. 

Сондықтан әжесімен бірге жездесінікіне барып тұрған уақытта 

Жәмеш күннің қалай өткенін білмей де қалатын

72

. Қайтар кезде 



қонақшыл, көпшіл, көңілді ауылды – жылы ұяны қимағандай 

да болатын.

Міне,  осы  хал  бір  емес,  талай  рет  қызық  шақтай  елес-

теп  өткендіктен,  Кенжехан  сұрата  жібергенде,  Жәмеш  көп 

ойланбай-ақ  Кенжеханның  жары  болуға  көніп  қойған.  Кәрі 

шешенің өмір бойы құлағына құйып келе жатқан үгіті Жәмешті 



170

өкпесінен оқ тиген киіктей бір-ақ топ өткізді. Ағасы Қасымның: 

«Қадишаның  бақытсыздығы  да  жетер,  Жәмеш  бармайды, 

берілмейді», деген сөздерінің барлығы да Жәмештің шынымен 

намысын  келтіріп,  ызаландырғандай  болды.  Өйткені  Қасым 

түсінгендей түсінік, ондай сезім әлі бұның басына келіп көрген 

нәрсе емес 

73

.



Қасым  әдейілеп  кісі  салып:  «Ырза  болмасын,  адаспасын. 

Қадишада бақыт жоқ-ты, бәрі жалған, құр сырт бояу болатын. 

Қадиша өз күйігін маған айтқан-ды. Жәмеш Қадиша өмірінің 

сыртын ғана көрді, іштегі уын сезген жоқ. Оны Жәмештің әжесі 

де  білмейді.  Жауабып  ойланып,  ақылдасып  алып,  берсін»,  – 

дегенде,  Жәмеш  сол  арада  бөгелместен  әжесіне  ақылдасып 

алып: «Қасым өз басын білсін, менде жұмысы болмасын, шын 

туысқан болса, мені айнытам демесін», – деген.

Осы  сөз  Жәмештің  келешек  тағдырының  нық  байлауы 

болды.  Бұдан  әрі  Кенжеханға  бару-бармау  әңгімесі  қайтадан 

жаңғырған жоқ.

Ендігі  болымсыз  бөгет  құда  түсіп,  мал  беру,  алу-берудің 

уақытын байлауда ғана қалды.

Бұл хал жазғытұрым бүгінгі күннен екі ай бұрын болған хал 

еді.  Содан  бері  не  сыртқы  оқиғаларда,  не  ішкі  көңіл  күйінде 

ешбір өзгеріс болған жоқ. Күйеулердің келгеніне екі күн өтті. 

Кешегі күн тойы болып, қызық салтанатпен өткен. Жайлаудағы 

ел қалың топ болып келіп жиылып, қызулы ойын-сауығын істеп, 

күйеу  мен  қалыңдыққа  қошемет-құрмет  көрсетіп  тарасқан. 

Бүгінгі өткен түнде Жәмеш күйеуінің қасында болып шықты. 

Бұрын жезде болып, не аға, не әкедей үлкендікпен жүрсе, дәл 

бүгінгі  кеште  Жәмеш  алғашқы  рет  жар  өмірінің  шетін,  шын 

пішінін көрді

74

.



Бұл  түнде  Жәмештің  көңілінен  қандай  хал  кешті?  Басы-

нан  қандай  ойлар  етті?

75

  Оның  бәрі  мәлімсіз.  Қалыңдық  сы-



рын ешкімге айтқан жоқ. Бар жақыны дерлік замандас, сырлас 

Қасымның келіншегі Бибіш болса, соған да көңіліндегі жайы-

нан бір ауыз сөз айтып, сыр берген жоқ.

Күйеудің үйінен ел тұрар кезде ғана шығып, Жәмеш әжесінің 

төсегіне келіп жатып қалған. Бірақ ұйқы көрген жоқ. Үндемей 

күрсінеді, іші у жұтып жібергендей пәре-пәре. Әлдекімнің қолы 

қастықпен  ішкізген  зәр  сияқты.  Бір  мезгілде  тұрып,  қасына 


171

Бибішті алып, бел асып кетті. Еш сөз айтпастан өксіп-өксіп жы-

лап алды. Сөйтті де шұғылынан: «Қабышты көргім келеді», – 

деді.


Бұл  сөздің  турасында  Бибіш  сыр  тартпақ  болып,  мәнін 

сұрағанда, Жәмеш ешбір жауап қатқан жоқ. Бұрыннан жеңгесіне 

әмір жүргізіп дағдыланған әдетпен:

– Бұл жайын қудалап сұрамай-ақ қой. Бүгін саған ештеңе де 

айтпаймын. Қабыштың талай жылдық зарлаған қарызы бар еді. 

Бір көрсем, ештеңе етпес деп тұрмын, теқ соған хабар айт!.. – 

деген

76

.



Сол сөздің бәрін өзінше жорыған Бибіш: «Қыз бен жігіттің 

арасына осы да жетерлік белгі ғой», – деп ішінен ойлады да, 

Қабышқа хабар беруге уәде қылды.

Сонымен күн өтіп, түн де болды. Бүгін кешке Кенжеханды: 

«Ылғи    күйеу  дағдысымен  отырғызғанымыз  лайық  емес»,  – 

деп,  маңайындағы  малды  ауылдың  бірі

77

  барлық  жолдасымен 



қонаққа  шақырып  кетіп  еді.  Түн  болғаннан  бері  Қасымның 

оңаша  отауын  өздерінің  жатуына  ыңғайлап  алған  қыз  бен 

келіншек Қабыштар ауыл сыртына келген сағатта сол отаудың 

ішінде ұйықтамай әңгімелесіп ояу жатқан. Ауыл ұйықтап, ке-

лер кезі болды-ау дегенде, үйдің сыртындағы тоғайға қарап ит 

үргені екі жас әйелге белгі болды 

78

. Бибіш Жәмештің білегін 



қысып: 

–  Келді.  Солар...  Жалғыз-ақ  олақ  келді-ақ  бейшаралар! 

Асығып-сасып, ұшып келемін деп итке білініп қалды ма екен? 

Мұнша у-шу қылып келгені несі? – деді.

Жәмеш таңертеңнен бері өз ойында не күйлер болып жат-

са да, Бибіштің мына сияқты мінездеріне ырза емес. Ол ылғи 

Жәмешті Қабышқа тели сөйлеген сияқтанады. Өзі Қабыштың 

тілеулесі  болып,  бұны  соған  апарып  табыс  қылғысы  келеді. 

Жаңағы  сөз  де  сондайдың  белгісі  сияқтанды.  Жәмеш  көңілі 

ұйқы-тұйқы.  Бірақ  сонда  дәл  мынадай  мінезге  үрке  қарайды. 

Сондықтан Жәмеш бойын салқын ұстап:

79

– Солар үшін жаныңды салғандай болып, елжірей бергеніңді 



қойшы осы! Алғашқы жүрген жүрісі осы деймісің? – деді.

Бұл сөз Қабышқа арналған қарсылық сияқты емес, көбінесе 

Бибіштің  бергі  мінезінен  туған  сәл  қырбай  қабақ  тәрізді. 

Сондықтан  талай  жылдан  бері  құмар  болып  жүрген  жігітті 

іздеп тоғайға барудан Жәмеш әлі айныған жоқ.


Ауылдың  дырдуы  басылып,  иттер  тыныштық  алған  соң, 

Жәмештің өзі түртіп

80

:

– Кәне, талай жылдан бері осы болса екен деп тілеп жүрген 



жұмысың ғой, енді баста, – деп, қара шапанын басына көтеріп 

бүркеніп алып, жеңгесінің артына түсті.

Қараңғы үйдің ішінде ақырын жүріп келе жатқан сұлудың 

шолпысы сылдырады. Шолпының сылдырымен бірге жүрегі де 

лүпілдеп келеді. Күндізгі дерт сейіліп бара жатқан сияқты.

Екеуі де ақ отаудың есігін жамылыңқырап тысқа шыққанда, 

Жәмештің жүзі дағдылы күйінен өзгеріп жүдеп, сұрланып тұр 

еді


81

. Ол күрсінді де, Бибіштің білегін қысып: «Тез жүр, тез!» – 

деді...

Мұхтар


173

ЖУАНДЫҚ

I

Ақөзектің егіні биылғы жылы бұл атыраптың алды боп тұр. 

Бір болыс Қараадыр: «Ақөзек озды», – десіп аңыз қылысты.

Әр  рудан  жиылған  жиырма-отыз  үйлі  кедей-кепшік  осы 

өзекке  екі-үш  жылдан  бері  егін  салуды  машық  қылған.  Жаз 

ортасы ауғаннан бері солар егін жайын байқап, іштен қуанып, 

үмітті болатын.

Ел  іші  әңгімесіз  отырмайды.  Кейде  ананы,  кейде  мына-

ны  аңыз  қылады.  Мезгіл-мезгіл  тыңнан  хабарлар  шығарып, 

ұзынқұлақ  арқылы  көпке  жайып,  таратып  отырады.  Көп  ел 

егіншілікке  айналып,  адал  еңбекке  салынған  соң,  кей-кейдегі 

әңгімесі  егін  болатын.  Қазірде  жаз  ортасы  ауғаннан  бері  ел 

аузындағы әңгіме – сол биылғы егін жайы. Сонда ананы-мына-

ны мақтасып келгенде, ең аяғы Ақөзекке тоқтаушы еді. «Төрт 

түлігі сай. Төмен егін жоқ, қызыл бидайдың өзі көк найзадай», 

кейбір  көтеріп  айтқан  айтушының  сөзіне  қарағанда,  «ақ  би-

дай,  қара  бас  бидай  аттың  бойын  жасырады,  құдай  Ақөзекке 

беріпті»  десіп  келіп,  онда  егін  салған  кім-кім  еді,  шаруасы 

қандай еді, қыстауы қайда болушы еді? Қой, түйе, сиыр сияқты 

төрт түліктің саны қанша? Ауылдарында қанша қатын, қанша 

қыз бар? Неше жігіттің әйелі бұзылды? Қандайлық жігіт қатын 

бұзып алды? Жақында кіммен дау-шар, ұрыс-төбелес болды? 

Осының  бәр-бәрінің  егжей-тегжейіне  дейін  қағып  сұрасатын. 

Кей  ауылда  қымыз  бен  ет  сағалауды  кәсіп  қылған,  қолы 

бос  кәрілерге  хабар  әкелген  қыдырмашы  қызмет  әнкетінен 

сонағұрлым көп сұрақтарға кездесетін.

Ақөзек  осылайша  көп  елдің  аңызы  болды.  Жерінен  пәлен 

бау  баулап,  пәлен  пұт  алатынына  шейін  қымыз  басындағы 

әңгімешілер  кесіп,  пішіп  өлшеп  жатты.  Сонда  алыстағы  ел 


174

жалпақ Ақөзек деген атты білсе, жақындағы көрші елдер өте-

мөте кімнің егіні жақсы екенін де білген. Олардың айтуынша, 

«биыл бір болыс Қараадырдың алды Жақсылық» болатын.

Жақсылық  он  бес-жиырма  ірі  қарасы  бар,  қырық-отыз 

тұяғы  бар  еңбекшіл,  қарекет  иесі  адам.  Үй  ішіндегі  топты 

жанды  қыстай-жаздай  тыным  таппай  еңбек  қып,  жанын  жал-

дап асырап жүретін. Қолындағы азғана малды соңғы үш-төрт 

жылдың ішінде егінге айналған соң құрап алған. Әуелгі жылда 

екі жер егін салып, содан ішермендік, тұқымдық алған соң, жер 

емшегін емуден дәндей берді.

«Баяғыдан бері арамтер болып жүріппіз, мал жерде көмулі 

жатыпты. Еңбек қылсаң – бермесі жоқ екен. Енді барымызды 

егінге салып күнелтсек деген ниетіміз бар»,– дейтін.

«Егінің тәуір шығыпты», – деген кісілерге:

«Не  берсе  еңбекке  өлшеп  береді.  Жыртуы  жақсы,  маласы 

тегіс, майда болса, құр тастамайды», – деп жауап беретін.

Егін  тегіс  басқа  отырды.  Осы  кезде  бір  жауын  жауса  деп 

жүруші еді, тілеген жауыны да жауды. Екі күн, үш күнде ба-

рып бір аралайды. Ақ бидай әлі де бойлап келе жатыр. Қызыл 

бидайдың  бірен-сарандап  сары  құлақтанған  уақыты  да  жетті. 

Әзір ұшықтан, торғай-тышқаннан – пәле-қазаның барлығынан 

да аман. Ертеңді-кеш егіннің амандығын тілеп Жақсылық жүр.

Аз  заманда  егінге  орақ  салатын  уақыт  та  жетіп  қалды. 

Жақсылықтың  ендігі  қаупі  өзге  пәле  емес,  шынға  келгенде, 

ішінара қорқатыны – адамның қастығы.

Ақөзекке егін салған азғана елдің ортасындағы бас көтерген 

тәуірі – Жақсылық. Сол Жақсылық бұрын нашар, кедей күнінде 

маңындағы  малды  жуан  ауылдарға  жалтаңгез  болатын.  Ол 

кезде өзінің бетімен жүріп, ойына сыйғанын істеп, ықтиярлы 

еркін адам болып көрген емес. Жаз болса, көші-қон, егін, пішен 

қарекет,  кәсіп;  қыс  болса  –  қыстайтын  орын,  соятын  соғым, 

жүретін қала-дала – барлығына да байдың әмірі көлденең келіп 

килігіп,  тағдыр  бұйрығындай  өз  айтқанын  істетіп  отыратын. 

Көгін шабамын деген қонысқа бай ауыл қонып қойса, пішенсіз 

қалатын.  Бір  жаққа  барып,  еңбек  қылып,  мал  табамын  десе, 

бай өз шаруасының бір керегіне жаратам деп босатпай қоя тын. 

Өзінде жер жоқ; ертеден іргелі, аталы жуан байдың қоң сысы 

болған соң, қыстыгүнгі қыстайтын орнын да бай білетін. Кей де 

өз қасына алып, кейде Жақсылықтың өзі сияқты бір келімсе-



175

гінің  жанына,  көп  қыстаушының  біріне  уақытша  қыстатып 

қоятын.

Қашан  болса  да  бай-бәйбіше,  келін-кепшік,  бала-шағадан 



Жақсылық қаққы, соққы көретін. Боқтық-қиянат еститін. Бірақ 

бұндайдың  көбі  Әбіштің  қоғамында  жүрген  кедей-кепшіктің 

барлығының да үйренген нәрсесі. Сыбағалы сыйы болатын.

Ер  орта  жасқа  келгенше  Жақсылық  бар  өмірін  осымен 

өткізіп келіп, осы соңғы төрт-бес жылдың ішінде ғана Ақөзекті 

мекен қылып, бір жерге ірге теуіп орнығып отыратын болған. 

Ол  кезде  Қараадыр  егін  дегенді  білмейтін.  Ақөзектің  қандай 

қасиеті бар екенін Әбіш те, ағайын да білген жоқ. Қыстаулыққа 

жақсы емес. Қыстыгүні қары қалың болатын, панасы жоқ жер. 

Оның  үстіне,  суы  тапшы,  әрі  ащы  болатын.  Әбішке  мұндай 

жер  дәрі  емес.  Күздігүні  бес-он  күн  отырып  көшіп  кететін, 

күзектегі  көңілсіз  бір  қоныс.  Жақсылық  бір  жерге  орнығып, 

ірге көмсем деп айта берген соң, бір күні Әбіш шүленсіп, мыр-

засып отырып: «Ақезекке өзгелермен сен де егін сал», – деген. 

Бұл өзек түгелімен Әбішке тиісті емес болатын. Өзге кедейлер 

осы сияқты әрбір байдан рұқсат алып келіп отырған. Сол ретте 

Жақсылық та Әбішке тиісті жерінен келіп қора салып алған.

Сонымен  арада  төртті-бесті  жыл  өткенде  Жақсылық 

бұрынғы  Жақсылық  емес,  ешкімге  жалынбайтын,  ел  қатарлы 

кісі болды. Шаруасы жыл санап артып, өз қолы өз аузына жет-

кен  соң,  маңындағы  көршілерінің  кем-кетігіне  қарайласып, 

солардың кепшілігін өзіне дос қылып алды.

Басында Жақсылыққа жер берсе де, артынан өз бетімен күн 

көретін болып, Әбішке бұрынғыдай жалынышты болмаған соң, 

бай  барлық  маңайымен,  ағайын-туысқанымен  Жақсылықты 

түртпектей бастады. Орайы келіп, қоңы тәуір аты болса, сұрап, 

түсі тәуір сайманы болса, алғысы келе берді.

Бұл  орайда  советтің  кедейге  есе  беріп,  теңшілік  әперуге 

айналғанын өзге елмен бірге Жақсылық та сезе бастаған. Сыр-

тына шығарып ешкімге айтпаса да, ішінен: «Сенің табаныңда 

езілуім  жеткен  жоқ  па?  Ендігі  жуандығыңа  құдай  ақта»,  – 

дейтін ойлар ойлай бастады.

Жақсылықтың  қыбыр  еткен  қабағын  аңдып  жүрген  Әбіш 

бұл жайды ішінен түсіне жүрді. Сонымен іштей күрең қабақтау 

болып жүргенде, биыл бір старшын Қоңырдың арасында шолақ 

партия болып, Жақсылық Ақөзектің өзге елімен бірге Әбіштің 



176

қарсысына  шығып  қалды.  Бұл  оқиға  елдің  жайлауға  шығар 

кезінде болған. Жайлауда отырғанда сайлау болды. Әбіш жағы 

жеңіп шықты.

Жақсылық  жаздан  бері  Әбіштің  бетін  көрген  жоқ.  Енді 

күзекке  байдың  аулы  маңындағы  екі-үш  көрші  аулымен  келе 

жатыр.

Жақсылық іштей қауіп қылғанда, осы жайлардың барлығын 



ойлап  келіп:  жуан  ауыл  бұрынғы  өктемдігін  істеп  келіп,  бір 

қастығын тигізіп кетер ме деп қорқатын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет