Нормативтік сілтемелер қазақстан Республикасының «Білім туралы»


КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАР АЯСЫНДАҒЫ АДАМГЕРШІЛІК ТАҚЫРЫБЫ



бет8/20
Дата05.05.2023
өлшемі222,83 Kb.
#90299
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20
2 КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАР АЯСЫНДАҒЫ АДАМГЕРШІЛІК ТАҚЫРЫБЫ
2.1 Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» повесіндегі эгоизм мен адамгершілік мәселелерінің көрінісі
Т.Ахтанов "Махаббат мүңы" повесінде эгоизмнің адамды адамгершіліктен ада қылатын сұрқия сипатын ашып береді. Бұл повесінде де алдыңғы әңгімелеріндегі сияқты өнер адамының образын жасайды. «Күй аңызы» күйші, «Қызғанышта» суретші өмірін, «Алғашқы әнде» композитор өмірін сөз етсе, «Махаббат мүңында» ақын өмірін арқау етеді. «Махаббат мұңының» негізгі кейіпкері- ақын. Мұнда 15 жасынан өлең жаза бастаған, айнала тіршіліктен тек қана сұлулықты, іңкәрлікті көре білген, көкірек көзі ояу, сезімтал ақын қыз Ләззат бейнесі айрықша сезімталдықпен сомдалған. Ләззат 3 курста оқып жүргенде әдебиет үйірмесінің жетекшісі Нияз ақынмен танысады. Періште көңілді - Ләззат әккі жігіт Нияздың арбауына түсіп қалады. Аппақ, адал көңілмен берілген Ләззат сезімін Нияз аяққа басады. Ләззат өзі сүйген Нияздың кемшіліктерін көрмейді. Өзінің адал махаббатына жасаған Нияз опасыздығын сезбейді. Тек көп жыл өткен соң редакцияның тапсырмасымен Нияз өлеңдерін оқып шыққаннан кейін ғана оның кім екеніне көзі жетеді. Ләззат Нияздың осы уақытқа дейін әдебиетке масыл болып келген жалған ақындығын таныды. Сол арқылы алдында түрған адамның өзінің кіршіксіз таза махаббатының алдында сондай мүсәпірлігін көріп жерінеді. Сөйтіп өзінің адал махаббатын таптаған опасыз жанмен біржолата қоштасады.
Ахтанов бұл шығармасында адалдықты серік еткен Ләззаттың рухани әлемінің биіктігін көрсетсе, өзін ғана ойлайтын, сүйетін Нияздың адамгершіліктен айырыла бастаған рухани бейшаралығын танытады. Эгоизмнің сиқыр күші рухани әлсіз Ниязды біржолата соқыр қылып тастайды.
Жазушы эгоизмді табиғи кемтарлық емес, үлкен әлеуметтік кесел ретінде суреттейді. Ниязды осындай күйге, яғни өзімшілдік дертіне жолықтырған оның жалғыз ақылсыздығы ғана емес, айнала қоршаған ортасы. Ол орынсыз мақталды, орынсыз баға мен қолпаштауға ие болды. Міне, мұның бәрі келіп онсыз да рухани әлсіз Ниязды адамгершілік сипаттан тұлдыр жексұрындыққа бастады. Бір сөзбен айтқанда, Т.Ахтанов адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді әшкерелеп қоймайды, оның қайдан, неден тамыр жаятынын ашып көрсетеді. Шағын әңгіме, повестерінде етек алған бүл үдіс романдарында жазушының шығармашылық басты қазығына айналды. Жалпы прозаның көркемдік сапасы, идеялық мазмны қоғамдық әлеуметтік мәні бар күрделі, қомақты шындықтарды көтеріп, соған байланысты философиялық тың ойлар түйіндеумен өлшеніп таразыланады. Біз қарастырып отырған
Т. Ахтановтың «Махаббат мұңы» повесінде жекелеген адамдар тағдыры суреттелініп, бүкіл әлеуметтік өмірдің күнгейі мен көлеңкесіне, даму барысына, жалпы моральдық болмысына философиялық тұрғыда талдаулар жасалынады. Әрине, әлеуметтік шындықты көркемдік шындыққа айналдыруда жазушыға ең қажетті фактордың бірі – суреткерлік екеніне көз жеткіземіз.
Повесть : «Адам реніші тамшыдай жиналып, шарасынан асып төгілетін кезі болады ғой. Сол сияқты кісінің бір кездегі біреуге қатты құлаған ықыласы да жіңішкеріп барып, үзіліп кетеді. Бүгінгі Ниязбен кездесу Ләззат көңілінде қалған қимастықтың соңғы талшығын да үзді. Әжептәуір адамның соншалық сорлы болғанын Ләззат өз өмірінде көрген емес. Дүниеде түңілу жаман ғой. Тереңінде сақтап жүрген соңғы бұйымын суырып алғандай Ләззат көңілі үңірейіп қалды. Өмірі де мағынасыз бос қуыс секілді. Күні бойы жаны құлазып, дел-сал меңіреу күйде жүрді. Кейінірек барып бойын өкініш, реніш биледі» [15] – деп жазушы Ләззаттың көңіл-күйін суреттеуден бастайды. Бұл эпизот Ләззат пен Нияздың соңғы кездесуін бейнелейді. Нияз редакцияға әкеп тастаған өлеңдерін алуға келеді. Ләззат сол кездесуден кейін Нияздан біржола түңіледі. Жазушы Ләззаттың осы кездегі образын былай береді:
«Ләззат жауап бермей бір түрлі сазара қарады. Анасы қызының мінезін білуші еді. Ақын қыз өлең жазарда үйдің ішін әрлі-берлі кезіп, я болмаса диван үстінде үнсіз, ұзақ ойланып қалатын. Үстіне кіргенді, қыбырлап жүргенді ұнатпайтын. Бірақ бұ жолғы ажары бөлек. Ана жүрегі баласының күйзелгенін сезіп тұр» [15].
«Бір түрлі сазара қарады» деген сөйлемнен-ақ Ләззаттың көңіл-күйінің астаң-кестең екенін аңғаруға болады. Ана мен қызы екеуі бір-бірін жақсы түсінеді. Ана қызының қиналып тұрғанын аналық жүрегімен сезеді. Қыз анасына өзінің басындағы оқиғаны айтпайды. Ләззат анасының құшағына тығыла түседі. Автор бұл жерде ана мен баланың орны ерекше екенін көрсетпек.
«Енді өзіне ғана таныс жылы дененің иісіне елтіп, тұрмыстық ыстық-суығын, реніші мен өкініш – бәрін ұмытып, сонау алаңсыз балалық шағына қайтып оралғандай. Көңілге майда ниетін өз өмірінің ең бір жарқын, тәтті шағы көз кеп тұра қалды» [15] – осы жерден ары қарай оқиға жемісі лирикалық шегініспен баяндалады.
«Он бес жасар қыз алқына бала тамылжыған май айының бір күнінде ауыл сыртына жалғыз шығып кетті. Әшейінде шуылдаған балаларсыз көңіл хошы болмайтын. Бұ жолы әлденеге елегізіп қызық думанмен ісі болмай, тұңғыш рет жалғыздықты қалады» [15].
Ләззаттың алғаш өлең жазуға шабыты келген сәт осылай суреттеледі. Қыз көңіліндегі қуанышты жыл мезгілінің ең бір тамылжыған сәтімен параллель суреттейді. Ләззат алғаш рет табиғат құбылысына терең бойлайды, қыр-сырын сезінеді. Жазушы кейіпкердің көңіл-күйін пейзаж арқылы жеткізеді. Шын өмірде ақынның шабытын ояттатын осы табиғаттың әсем құбылыстары. Жазушы осыны шебер жеткізген.
Т. Ахтанов ең алғаш өлең жазғанын білеміз. Яғни жазушы ақындық шабыттың қалай оянатынын біледі, өз басынан кешірген. Ләззаттың өсу жолын, негізінен шебер көрсетті.
Ләззат мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсті. Жас қыз сабақты бас алмай оқыды, сөйтіп жүріп өзінің озық студент екенін сезбей қалды. Ләззатпен бірге Салиқа мен Бағила тұрды. Ләззат, Бағила, Салиқа үшеуі бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлер. Жазушы олардың образын былай береді:
«Ауызға алынып мақталып жүрсе де, Ләззаттың бойына қала қыздарының еркіндігі қонбады. Жұртпен сөйлесе білмейтін бұйығы, сол баяғы ұяң қалпы. Бір нәрсеге қуанса да асып төгілмей, жүзі жайнап, алшақтау біткен дөңгелек көзінде нұр жылтырап тұрады» [15] – деп Ләззаттың шынайы образын шеберлікпен жеткізген.
«Іштеріндегі тілдісі де, пысығы да ат жақты, қайқы ерін қара қыз Бағила. Оның беті иегіне барған сайын сүйірлене түскен, шықшытынан бастап бүкіл жақ сүйегі алға таман имиіңкіреп біткен. Өз баласының сыры шамалы болса да, өзге жұрт жайында білмейтін пәлесі жоқ. Қурап тұрған шырпыдай оттықты жақындатсаң-ақ лап ете қалады» [15].
«Екінші құрбысы Салиқа. Кішкене қаңқаға қара теріні қаптай салғандай рабайсыз арық. Ажарсыз жүзінде қан жоқ. Оның үстіне көзәйнегі де түсін суыта түседі. Ләззат тәрізді сөзге сараң болғанымен тілі удай» [15].
Бұл суреттеулерден автордың портрет сомдаудағы шеберлігін, тіл байлығымызды молынан пайдаланғанын көреміз. Теңеулер мен бейнелі сөздер арқылы шебер суреттеген.
«Жазушы басты кейіпері ақын қыз Ләззаттің өзі шаң тигізбей кіршіксіз пәк жүрегімен құлай сүйген жігітке деген астаң-кестең, бірде әлі бермей алабұртқан, бірде төбесіндей көктеңбіл аспан төңкеріліп түскендей күйікті күйзеліске ұшыратқан, ақырында қызуқанды қызбалық бұлқыныстарын амалсыз ақылға жеңдіріп, сабырға шақырған
толқын-толқын болып жүрегі мен көңілін сабалаған сезімдері мен сырлары арқылы адамның әншейінгі тіршілік-тұрмыста белгілі бір өмірлік ашытқыларсыз ашыла бермейтін ішкі сиқырлы жан дүниесінің қат-қабаттарын соншалықты суеткерлік өрімдермен аударып тастап, оқырманыныңды да еліте түскен айызды құрышын қалдырып отырды. Адамды асқақтата аспандатып, асау көңілін құйқылжытып, тіпті, Тахауидің өзінің сөзімен айтқанда, жындандырып жіберуі де мүмкін» [16].
Қыз жүрегінің жаманы енді ғана тұла бойын жылындыра бастаған махаббатының мұңы енді ғана тарала бастағандай әсер қалдыратын ішкі сезім дүниесі тартысымен желіленген шығармасында қаламгер тереңге бара бермегендей болғанымен, шағын-шағын бейнелі көріністерімен Ләззаттың анасын-қызының бақытын ғана тілеген бейбатпа да қарапайым жұмсақ мінезді қазақ отбасындағы жалғызлікті әйелді, оның оқулас жатақханада бірге тұрған мінез-құлықтары мен талап талғамдары бірімен-бірі сәйкес келе бермейтін құрбылары – Бағила мен Салиханы да оқырман өмірде күнде көріп жүргендей. Қапшық-қапшық өсек-аяң, өтірік шынды әңгімелер арқалап жүретін Бағила арамдығы жоқ ақ көңіл көкейіндегісін ағынан жарылып айтып отырады. Сырты суықтау көзілдірігі онсыз да арықтұра кескініміз әріп алып тұрған Салиха адам жанынан түсінуге келгенде икемшіл, құрбы қайғысын бөлісуге әзір, жанжұбатарлы қимыл-әрекеттің адамы.
Ахтанов бұл шығармасында адалдықты серік еткен. Ләззаттың рухани әлемінің биіктігін көрсетсе, өзін ғана ойлайтын, сүйетін Нияздың адамгершіліктен айырыла бастаған рухани бейшаралығын танытты. Ләззат - повесте өмірге іңкәрліктің, тазалықтың көрінісі. Алғашқы сценада-ақ «...Сен даланың ән салғанын көрдің бе? Даланың... әуенін естідің бе?» деп өз-өзінен толғанатын, туған табиғат болмысынан сыр аңдаған албырт қыз өмірдің қиын сабақтарынан өтеді. Бойынан өнердің тынысын сезінген ол алғашқыда өз буына елтіп мастанғандай да. Шексіз қуанышты. Өйткені жас жүрегіндегі астаң-кестең болып жатқан толқын-толқын сезімдері басы құралып, жыр жолдарына айналып жатыр. Шығарманың алғашқы көріністерінде табиғаттың тамаша сәтінен көңіліне нұр құйылып, тебіренген Ләззат арқылы шығарманың дүниеге келу процесі қызықты берілген. Өмірге енді қадам басқалы тұрған ол шаттық құшағында. Алдан тек жақсылық күтіп тұрғандай. Ал шындығында солай ма? Осындай мұңсыз, көкірегі шаттыққа толы, жырға ғашық жан алданды. Тазалығынан, сенгіштігінен алданды. Пьесада оның бұл сүрінуі нанымды берілген. Нағыз өнер жолын, ақындықты биік тұту оның көзін байлап алған-ды. «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым. Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» деп толғанған, жыр төккен Нияздың алдамшы адам болуы мүмкін емес. Осы сенім оны өмірдің талай шырғалаңына салды. Шын сүйген жүрек ғашығын жамандыққа қимайды екен. Қандай бір қиын сәттерде де ақтап алуға, аялауға даяр. Мүмкін бақытсыз шығар, қателескен шығар, тек арада жалғандық сезілмесінші. Махаббаттың жолындағы мың тозаққа шыдар-ақ, тек ұсақтамасыншы. «Иә, оның алдында үлкен айыбым бар сияқты. Шын махаббат адамды өрге сүйрер еді. Менің махаббатым кері кетірді. Жолым сәтсіз екен... Жоқ, Салиха. Қартайса да тұрмысқа икемсіз, нәзік адамдар болады. Олар ақындар. Ол кемшілігі емес, жаратылысы. Олар әйел махаббатынан гөрі аналық махаббатқа зәру. Нияз да сондай. Оның қамын ойлап, шын жаны ашып, жақсылыққа жетелейтін әйел қайда?» Міне, Ләззат ақырғы сәтке дейін осылай. Бірақ уақыт сүйген адамының шын сипатын шым-шымдап аша береді
Шығармада екі ақындық тағдыр бар. Екеуі жарыстырыла өрілген. Бірі - өнерге адалдық жолы. Тірлікте көп жайлар оған оңайлыққа соқпады. Шын жылады, бірақ ірілігін сақтап қалды. Ол - Ләззат. Екінші бағыт - табиғат берген дарынды аялай алмаған, пенде тағдыры. Өмірдің құбылмалы қызығына бой алдырған ол алғашқыда жолы болғандай да еді. Әйелі бола тұра, ауылдан енді келген аңқау, жас Ләззатпен қыдырды. Оның өзіне деген таза махаббатын пайдаланды. Кейін әйелімен келе жатып, Ләззатпен кездейсоқ ұшырасқанда, екі оттың ортасында қалғандай бейшаралык күй кешеді. Қызыққұмарлық оның дарынын құлдыратқан. Оның үстіне жігерсіздік, бойкүйездік тағы бар. Осыдан кейінгі ішімдік, өз ұғымындағы «мен дарынмын, талантпын, маған жағдай жоқ, мені ешкім түсінбейді» деген жалған нанымға сенушілік басталады. Міне, осының ақыры өзін құлай сүйген жанға оп-оңай күйе жаға салуға дейінгі пасықтыққа ұласады. Бұл - Нияз жолы, рухани құлдырау жолы. Повестегі Нияз образы шындықка негізделген. Өмірде Нияз секілді алғашқыда жарқ етіп танылатын, бірақ тіршіліктің ұсақ-түйігіне алданып, кейін тоқырауға ұшырайтын қалам иелері болады. Нияз солардың көрінісі.
«Махаббат мұңы» повесінен байқалатын ерекшелік - психологизм. Жалпы шығарманың тақырыбы да осыған негізделген. Саясаттан, шаруашылықтың әлдебір мәселелерінен тыс бұл пьесада адамдық асыл сезім, парасат жырланады. Автор, әсіресе, бас кейіпкерлерінің жан дүниесінің қалтарыс иірімдеріне шейін ашуға айрықша ден қояды. Адал махаббаттың көзсіз көбелектей ынтықтығын, адасуын, жүректі жаныштаған өкінішін басынан кешірген Ләззат басындағы жай - күрделі психологиялық ахуал. Оның бір бояумен, қалыппен беріле салуы, әсте мүмкін емес. Міне, осындай әр алуан сезім күйлері драмада бірде монолог, бірде сырға толы тілдесу, бірде бас тұлғаның қуанышты, ренішті сәттері арқылы ашылып жатады.
Бұл повесте біріншіден, байқалатын желі - махаббат асқақтығы мен осыған керісінше күйкілік. Махаббат тазалығы үлкен жүректен, адамға шексіз сенімділіктен, өмірге ғашыктықтан туындап жатса, көрсеқызарлық, бақай есеп, жігерсіздік күйкілікке апарып тірейді. Повестің басты тұлғалары өнер адамдары болғандықтан да, екіншіден, осы адамдық сапаның өнермен қатыстылығы да айқын көрінеді. Тағы да екі түрлі нәтиже. Өмірді шын сүйген, жылағанда шын жылап, қуанғанда шын күлген табиғи дарыннан шынайы өнер туындылары дүниеге келеді. Өзінің асқақтығымен, шыншылдығымен адамдар жүрегіне жетіп жатады. Ал сонымен бірге өмірде бір бөлек, өнерде басқаша болу мүмкіндігінің жоқтығы повесте психологиялық негізде жақсы дәлелденген.
Бұл шығарма туралы М.Қаратаев: «...Повестің осы жеріне дейін автор ашық бояуын аямаған, көктем көрінісі, қызғалдақ, дала, қарлы Алатау, уылжыған жас қыз, оның тұңғыш оянған ақындық сезімі, кіршіксіз таза махаббат сезімі, махаббаттың рахаты – қандай көз тартарлық көрікті суреткер дейсің. Сөз жоқ, шебер жазылған суреттер. Оқушыға ұнйтыны да осы жағы. Бізде сүреңсіз сұрқай бірдеңелер аз шықпайды. Солардың ортасында «Махаббат мұңы» ашық бояумен жылтырап көрінетіні рас... Әлгіндей кейбір «шалқыма» жерлері болғанмен, біз Т. Ахтановты жалпы живописшы суреткер дер едік. Бұл өз алдына басқа «мәселе» [17] – дейді
60-жылдардың басында жарық көрген «Махаббат мұңы» повесі лиризмімен, замандас тұлғасын бейнелеудегі шынайлығымен оқырман ықыласына бөленгенді. Осы повесть өз кезегінде драмаға айналып, жазушының драматургиядағы қадамын нығайтты.
Сонымен қорыта келгенде айтарымыз, Т.Ахтановтың қаламынан туған «Күй аңызы», «Қызғаныш», «Алыстан жеткен сарын» әңгімелер мен «Махаббат мұңы» повесі адамның адамды көбіре, дәлірек түсінуіне ғана көмектесіп қоймай, баршамыздың бағымызды байлап келген небір әлеуметтік келеңсіздіктердің түп себебінің неден өрбитінін мейлінше нәзік жеткізе алды. Олардың қай-қайсысы да заманды қоғам арқылы, қоғамды адам арқылы тыңғылықты түсінуге болатынына көз жеткізіп қоймай, кез-келген пенденің өз мүддесі жолындағы күресі өзгенің мүддесіне қиянат жасамауы керектігін, тек адам аралық тартыстар ғана емес, күллі замандық трагедиялардыңда тек осыған жете мән бермейтін оспадарсыздықтан өрбитінін егжей-тегжейлі дәлелдейді. Оның шағын жанрда айқын көрінген бұл қасиетін кең қарымды эпикалық жанрларындағы ізденістері де өркендей түсті.
Прозашы Ахтановтың тырнақалды туындылары болып есептелетін лирико-философиялық хикаялары әдебиетімізге тек жаңа сүлей суреткер ғана емес, жаңа сүбелі бағыт келгенін де айқындап берді.
Жазушының «Махаббат мұңы» повестінде жадағай сипаттау емес, кейіпкердің ішкі жан-дүниесіне үңілу басым. Әрбір тұлғаның рухани әлемі арқылы харктері де айқындала түседі. Ондайда, психологиялық анализдер жасалады, образ эволюциясы танылады. Осылайша кейіпкер бейнесі барлық болмысмен, жан-жақты суреттеліп типтік тұлғасымен көрінеді. Бұл орайда жазушының көркемдік бейнелеу құралдарын шебер пайдалануы көп роль атқарады. Т.Ахтанов «Махаббат мұңы» шығармасында сюжет пен композицияны шебер құрып, оқиға дамытуда, кейіпкерлер арасындағы конфликтерді беруде ұтымдылық көрсетеді. Кейіпкер бейнесінің бар қырынан ашылып, жан-жақты көрінуіне кең мүмкіндік туғызған . Сюжет пен бірге өрістейтін адамшылық іс-әрекеттер жазушының ең бір ден қоятын тұсы. Ал, сонымен қатар, жазушының «Махаббат мұңы» шығармасында монолог пен диалогтың да рөлі айрықша. Т.Ахтанов кейіпкерлерінің сөзінен парасат болмысын байқау да қиын емес. Мұның өзі кейіпкердің характерін де айқындай түседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет