Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет39/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   107
КӨКҚАСҚА
Қайырке тоқты ұрлығынан тиылғанмен, ол екеуміз етсіз болған жоқпыз.
Бұл түрлі тамақпен бізді асырайтын — «Көкқасқа». «Көкқасқа» — иттің
аты. Бұл тұқымдас иттер Құтырлағанда жетеу ғана. Оның екеуі Иван
Севастьяновта, екеуі Николай Севастьяновта, біреуі Самойло Токаоевте,
біреуі қазақтар «Бай-Бəске» деп атайтын Василий Терехинде, енді біреуі
Федор Чемасовта.
Бұл тұқымдас иттердің бəрінің де түгі көкшіл болады. Араларындағы
айырма: біреуі ақ мойнақ, біреуі ақ қасқа, біреуі ақтөс, біреуі көкала... деген
сияқты денесінің əр жеріне біткен ақ жолақ қана.
Олардың дене тұлғалары да біркелкі: бойларының биіктігі — орта
бойлы, кісінің кеудесінен келерліктей өрелі, тұмсықтары істік бастары
оспақ жəне маңдайы мен тұмсығының екі арасы екі сүйемдей ұзын,
салбыраған жіңішкелеу шашақ құлақты, жуан мойынды, салыңқы төсті,
белдері бүкіштеу, кіндік жағы тартыңқы, құйрықтары сабаудай тақыр,
тілерсектері майысқан, аяқтары тықыр, жіңішкелеу келеді.
Иелері күтіп ұстайтын бұл иттердің ішкен тамағы бойына жұқпағандай
қабырғалары ырсияды да жүреді. Қарындары ешуақыт жарау қалпынан
төмен түспейді. Жұрттың айтуынша, бұлар «лөктір итінің күшіктері».
Бертінде білсем «лөктір» дейтіндері Преснов қаласында тұратын Баярский
дейтін байдың тұқымынан шыққан медицина докторы екен.
«Лөктір» итінің тұқымын ең алғаш Құтырлағанда Муганцев дейтін бай
адам əкеледі. Баярский оның құдасы екен. Муганцев Баярскийден бір
ұрғашы күшік қана əкелген екен дейді. Осы күшік үйінен шыққаннан кейін
Қорған қаласына алып барады да, сондағы атақты бір итке ұйықтырып
қайтады. Құтырлағандағы көк иттер осыдан өседі.
Білетін адамдардың айтуынша: бұл иттер қоян да, түлкі де, қасқыр да
алады.
Көк иттер көбінесе байлауда жатады. Иелері оларды жаздай баптап
күтеді де, аңға күзгі сонардан бастап салады.
Құтырлаған станицасындағы бай орыстар жүйрік ат пен жүйрік ит
ұстағыш, аң қуғыш бəйгеге ат қосқыш залокке ат шаптырғыш... Көк иттің
иелерінен, өз меншігіндегі екі итті еркін ұстайтын жалғыз Иван
Александрович Севастьянов.
Неге екенін кім білсін — қазақтар Иванды «Мəлке» дейді, інісі
Николайды «Көлке» дейді. «Көлкесі» Николайдан шығуы белгілі,
«Иванды» «Ваня, Ванька» деуі керек қой. Қазақтардың «Мəлкені» қалай


шығарып алуы белгісіз. Тегі Иванның інісінің аты «Колька» болғандықтан
соған ұйқастырып, Иванды да «Мəлке» қып алған болу керек.
Құлақ естір жердің қазағында Мəлкені білмейтіні болмайды. Бай
дəулетті ол ылғи жүйрік ат ұстайды да, қай жерде той не жарыс болса соған
қосып жүреді. Мəлке — қазақшаға ағып тұрған тілмаш. Қазақтың ғұрпын
да жақсы біледі.
Бірнеше жыл əскерде қызмет істеп келген Мəлкенің офицерлік шені бар.
Кейде ол офицерлік киімдерін киіп, көшеге жарқырап шығады. Қала
арасында да, шет жерге шыққанда да ол салт жүреді. Бұ қаланың аң
қуушыларын бастайтын — сол. Өзі зор денелі, мол қара сақалды, дөңгелек
толық бетті, кішірек қара көзді кісі.
Мəлкенің қарамағында көк иттің, екеуі бар дедік қой. Бірі —
тұмсығынан маңдайына шейін ақ қасқа, өзге денесінің түгі түгелімен көк,
ал, енді бірі ақ мойнақ жəне құйрығының ұшы ғана ақ. Ақ мойнақтың аты
— «Дьявол», көкқасқаның аты, — «Сокол». Ақмойнақ еріншектеу жəне
қабағандау. Көк қасқа əрі жуас, əрі елгезек, — танитын кісісі шақырса бара
береді, еріп те кетеді.
Сиыр бағуға шыққанда Қайырке екеуміз Мəлкенің екі итін кейде
жұбымен, кейде Ақмойнақ ере қоймаса, Көк қасқаны ертіп алып кетеміз.
Оны ертіп шыққан күні біз етсіз болмаймыз. Қалың ағаштың ішіне əкеп
сиырды жайып жіберсең, дегбірсіз қоян сорлы шетіне үркіп шыға келеді.
Со кезде не Қайырке, не мен, — екеуміздің біреуміз ертіп апарған итті
қарғыбауынан ұстап отырамыз. Ит «қай жердей қоян шыға қашар екен»
дегендей, жан-жағына алақтап қарай бастайды. Қай жерден қоян шыға
келсе де, оны ит бізден бұрын көреді. Со кезде қыңсылап жұлқына
бастайды. Ағаштан аң қашып шыққанын біз білеміз де, мойнын босатып,
«һайт!» деп қаламыз. Денесі таразы ит сүйрелеңдей тартады...
Иттің қуған аңын біздің көзіміз кейде шалады, кейде шалмайды. Шөптің
бойы биік болады да, қашқан аң, қоян мен түлкі болса көрсетпейді, аңның
қалай қарай қашқаның биік шөптің бойынан орғып шапқан иттің
жобасынан ғана байқаймыз...
Жоғарыда айттық қой, «ағаштан қашып шығатын көбінесе дегбірсіз
қояндар» деп. Ағаш ішінде аз бола ма, немесе қулық қып тығылып қала ма,
— түлкінің қашып шыққанын біз жөнді кездестірмейміз. Ит ертіп шыққан
күннен бастап, айдан артық уақыт өткенше біз екі-ақ түлкі көрдік. Біреуі
бір ағаштан қашып шыққанмен, екінші ағашқа кіріп үлгерді, екіншісін
Көкқасқа басын қалды. Түлкі дегенде ит тұқымдас мақұлық емес пе? О да
шамасы жеткенше таласпай ма? Сондықтан болу керек, — қоянның көбін
өлтірмейтін Көкқасқа, біз барсақ түлкіні өлтіріп тастапты, өзінің де екі
ұртын түлкінің тісі жырып, қанап қапты. Соған қарағанда түлкі таласып
барып өлген болу керек.


Қайырке маған Көкқасқаның жүйріктігі, алғырлығы туралы неше түрлі
қызық əңгімелерді айтады.
— Бірақ, — деп арман етеді ол, — осы итке қасқырды кездестіре алмай-
ақ қойдым. Қыстыгүні аңға шыққандар, қасқырды бұл ит еркін алады
дейді, аңға мен шыға алмаймын.
— Неге? — деймін мен.
— Сен өзің қызық екенсің ғой, — дейді Қайырке кейіп, — аңға аты бар
кісі шығады жəне соны қарға шабатын қандай ат ол. Менде ат бар ма
сондай.
— Кеңесіңді айта бер, — деймін мен.
Иттің жүйріктігі, алғырлығы туралы тағы біраз əңгімелерді сөйлеген
Қайырке, қасқырды жолықтыра алмауын тағы да арман қып айтады. Мен де
іштей арман етем...
Осы арманға Қайырке екеуміз бір күні жеттік. Қаладан алысырақ жерде
тұратын, өрістегі мал сирек баратын бір шақ ағаш бар да. Ағаштың
ортасында, шілдеде суы құрғап қалатын томар болатын. Томарға араласа
қалың тал өскен. Ағаш осы томарды айнала шыққан жəне «ит мұрны
өтпейді» дерлік қалың, орысша аты «Иваново кол» қазақша аты «Керейбай
шоғы».
— Қасқыр бір жатса, Керейбай шоғында жатады, — дейтін еді Қайырке,
— күзге қарай сиырды соған жайып апару керек, қасқыр жатса айдап
шықсын.
— Байғұс-ау, шыға ма ол қалың ағаштан қасқыр?
— Сиыр өзгеге жуас болғанмен, қасқырға өжет. Көзіне көрінсе өкіріп-
бақырып қамап алады да, қашып құтылмаса, мүйіздеп жарып тастайды...
Бұл менің бұрын естіген сөзім. Көлденең кеңестің бəрін былай қойғанда,
біздің үйдің бір сиыры көктем кезінде, жайылымда жүріп бұзаулап қалады.
Əке-шешем кешке дейін тосады да, келмеген соң əкем өрген жағына жаяу
іздеп кетеді. Сиырды ол таба алмай жүргенде түн басталды... Со кезде
сиырдың өкірген даусы естіледі. Ай жарық екен. Əкем қасқыр қамаған екен
деп ойлап, өкпесін қолына ала жүгіреді... Барса, жалғыз сиыр екі
қасқырмен алысып, туған бұзауын қорғап тұр екен... Қасқырлар қаша
жөнеледі... Қасына барса, сиыр болдыруға айналған... Тілі сала құлаш
шығып кеткен... Денесіне қасқырдың, тістері тиген...
Бұның анық оқиға екенін, өтірікті білмейтін Мұстафа айтатын... Ол
жалғыз сиыр... көп сиыр біріксе не шыдатпақ!..
Қайырке екеуміз баққан сиырларымызды Керейбай шоғына қалың ағаш


жағынан кіргізбек болдық, итті далалық жаққа үйген маяның тасасында
мен ұстап отырмақ болдым.
...Маяның ығында отырмын. Қолымда қарғыбауынан ұстаған Көкқасқа.
Бірталай уақыт өтті. Зеріге бастадым. Ағаш жаққа маяның ығынан үңіле
қарап қоям, ешнəрсе көрінбейді...
Бір кезде ағаш жақ азан-қазан бола қалды... Ит те атып тұрды, мен де
атып тұрдым... Азан-қазан дауыс, сиырлардың дауысы. Əуелі аздап өкірген
сиырлардың дауысы біраздан кейін тұтасып, көбейіп даланы басына
көтерді. «Қасқыр!» деген ой кеп кетті маған... Жүрегім тулап барады... Ит
те əлденені сезгендей қыңсылап жұлқына бастады. Ағашқа қарай
тырмысқан ол мені сүйреуге айналды... Иттің күші менен əлдеқайда көп
екенін мен сонда ғана аңғардым... Сонда да айырылмай, мықшия тартып
келе жатқанымда, ит бір рет арс етті де, жұлқына кеп жөнелді... Қарғыбауы
қолымнан сусып шығып кетті... Мен құлап қала жаздап барып əрең
оңалдым...
Ит ағаштың қырындау тұмсығына қарай шапты. Ол арада ескі егіннің
орнына шыққан қалың ермен... Зымырай шапқан ит ерменнің ішіне барып
кірді... Ол бұрынғы əдетімен, биік бойлы ерменнің үстінен орғи шапты...
Со кезде ерменнің ар жағындағы жазыққа қарай денесі салаңдап, бір зат
шыға келді, — тани кеттім, —өзіме таныс қасекең!.. Бірақ қасқырдың
шабысы тым солғың ол тек қана шоқақтайды, артына қарайлайды!..
Со кезде ағаштан қасқырға қарай өкіре жүгірген сиырлардың алды да
көрінді... Мен де жүгірдім... Қасқырдың артына алаңдағанына енді ғана
түсіндім: оның арт жағында шоқақтап екі бөлтірік кетіп бара жатыр.
Бойларының шамасы түлкідей ғана...
Ирелеңдей, бар шабысымен ұмтылған Көкқасқа бұрынырақ жеткен
бөлтіріктердің біреуіне де ауыз салмай, қасқырдың өзіне бет қойды...
мұндайда ес қала ма!.. Екі өкпемді қолыма алып, ұшып келем...
Көкқасқа жеткен қасқырдың бөксе жағынан омырауымен соғып өтті ме,
немене, — жанасқанда қасқырдың беті бері бұрылып қалды да, иттің өзі
ағып өтіп кетті. Ит бері қарай бұрылғанда қасқыр екеуі беттесіп қалды.
Бірақ ит те, қасқыр да ауыз салыспай, қарсыма-қарсы қарасып тұр!..
Екі көзім жасаурап кетті. Ағаш жаққа қарасам, Қайырке де ұшып келеді
екен. Бері қарай жүгіріп келе жатқан сиырлардың бетін қайтарып тастаған
болу керек, — бірнеше сиыр аңырайсып қасқырға қарап тұр....
Қасқыр мен итке мен жақындап қалдым. Аузымнан «һайт!» деген дыбыс
шығып кетті. Со дауыстан қасқыр маған жалт қараймын дегенде, ит оның
мойнынан алып қалды. Иттің тісі қаттырақ тиді ме, немене қасқыр
бұлқынып қап, итті сілкіп жіберді. Со кезде екеуі алдыңғы аяқтарын
көтерісіп, түрегеп алысып кетті. Мен қасына келіп қалдым. Екеуі теке-


тіреспен тұр.
Со кезде ит күш алды да, болмаса адамнан жасқанды ма, қасқыр
тірескен аяғын төмен қарай түсіре бергенде, оның алқымына тағы да аузы
тиіп қалған ит, жамбасқа ала қасқырды сілтеп кеп соқты да, кеудесіне мініп
алды... Со кезде Қайырке де кеп қалды. Қара терге түсіп, жүгіріп келген
қалпымен ол, қолындағы шоқпармен қасқырды тұмсықтан кеп соқты.
Қасқырдың мұрнынан қан жылжып жүре берді...
Ит əлі басып жатыр... Ол жай басып жатқан жоқ, алқымнан алған аузын
толғай түседі толғаған сайын ырылдай түседі...
— Сен неғып тұрсың? — деді Қайырке маған ақырып.
— Неғыл дейсің?
— Ал, қасқырды ана артқы екі аяғынан тарт!
Бөксесі шошаңдап жатқан қасқырдың артқы екі аяғынан мен шап беріп
ұстадым да, бар күшіммен кейін қарай тарттым. Со кезде Қайырке
белбеуінде байланған қынында жүретін өткір кездігін суырып алды да,
қасқырдың кіндік тұсынан сұғып жіберіп, төсіне қарай ірей жөнелді...
Өлген қасқырдан иттің аузын көпке шейін біз ала алмадық, егер айырсақ
бізді қауып тастайтын қалпын білдірді... Иттің аузы қасқырдың алқымынан,
қасқыр өліп біткенде ғана босады. Бұ кезде күн кешкіріп қалған еді.
— Əттегене-ай! — деп өкінді Қайырке, —əлгі екі бөлтіріктен айрылып
қалдық-ау!..
— Мына қасқыр тақияңа тар кеп отыр ма! — дедім мен.


СОҒЫС
Құтырлағандықтардың өмірі біздік жаманшұбарлықтардың өмірінен
маған əлдеқайда қызық көрінді. Біздің Жаманшұбарда ел жайлауда отырған
мезгілде ғана болмаса, өзге уақыттағы ойын-сауықтың бəрі де үйде өтеді.
Үйде болған қызықты сол үйдің ішіндегі адамдардан басқа ешкім білмейді.
Жайлау кезінде, түн мезгілінде ауылдардың арасына алтыбақан құрылады
да, қыз-бозбала сол араға жиналып, əн айтады немесе жігіттер екіұдай
болып күрес жасайды. Бұлар да, əрине, қызық. Құтырлаған жастарының
ойындарында Жаманшұбар жастарының ойындарынан артық екі жағы бар
сияқты. Бірі — сырнайға қосылып əн салу, бірі жастардың пляскасы.
Қалада неше түрлі сырнайшылар болғанмен, олардың бəрінің ден
қоятыны — Мықтыбайдың Тынымбайы. Бұл — со қаланың жылқысын
бағып отыратын жатақ.
Құтырлағанның жастары Тынымбайды аса қадірлейді. Өйткені оның
сырнайшылығына таласатын бұл қалада бір де жігіт жоқ. Əрбір орыс
поселкесінің жігіттері екіұдай болатын əдеті. Қаланың бір жақ жартысы
мен екінші жақ жартысының жігіттері үнемі бақастасып жүреді. Ойынды
да олар бөлініп жасайды. Өзара төбелесіп алатын уақыттары да аз
болмайды. Міне, сондай екі партия жастардың əр жағы қашан да
Тынымбайдың өз жақтарына алғысы кеп əуре болады... Тынымбай қай
жаққа араласса, со жақтың ойыны да ана жақтан қызық өтеді...
Мейрам күндері күндіз, жай күндері іңірде сырнайлата, əндете көшені
кезген жастар, түн бола бір үйге жиналады да, «вечеринка» жасайды.
Ойынның неше түрлі қызығы осы вечеринкада. Маған əсіресе, қызық
көрінетіні пляскалар. Мен оған сырнайдан да артық қызығам, үйренгім
келеді...
Күн бойы мал бағып, шаршап келгенмен, Қайырке екеуміз Қопабайдың,
«жатсаңдаршы, дамылдасаңдаршы, ертең мал бағасыңдар ғой!» дегеніне
қарамай, кейде, көзіне көрініп кетеміз де егер, Қопабай «кəне, жатпай
керіңдерші, сирақтарыңнан қырқайын» деп ұрсып жатқызса, ол ұйықтаған
кезде ұрланып кетіп қаламыз...
Өйтпегенде ше?.. Сен ұйықтаймын деп жатқанмен, естігің келмей
басыңды қанша жапқаныңмен, іргеде тақалып тұрған қаладағы сырнайдың
биік дауысы мен жастардың шырқай салғам көркем əндері құлағыңа
құйылмай қояр ма?.. Ондай тəтті əн-күйлер құлағына құйылған жастың
жүрегі желпінбей қалай жатар!..
Қала жақтан əн-күй естілсе-ақ Қайырке екеуміз не көрініп, не ұрланып
кететін едік те, жастар жатпай, біз де жатпайтын едік. Кейде баққан
малымызды өріске ұйықтамастан айдап кететін едік!..


Өмірінде осындай қызығы бар Құтырлағанға жаздың ортасына қарай
қара тұман түсе қалды...
Қайырке екеуміз бір күні кешке малды өрістен айдап келсек, бұрынғы
көңілді қала əлем-тапырақ боп қапты. Бұдан бұрынғы кештерде қалаға
жақындаған сиырлардың алдынан бір-бірін қолтықтай ұстап əндеткен қыз-
келіншектер де шығатын еді. Олардың кейбіріне еріп бозбалалар да келетін
еді. Жел өкпелеу кейбір бозбалалар сиырларды да сырнайлатып қарсы алар
еді...
Бүгін соның бірі жоқ. Көп сиырлардың иесі алдынан шыққан жоқ.
Сиырын қарсы алуға шыққан кейбір иелер шал-кемпір сияқты біреулер.
Олардың да көздері талаулап, қызарып, ісіп кеткен. Кейбір кемпірлер
еңіреп жыласып та жүр...
— Бұларға не болған?! — деймін Қайыркеге.
— Бəсе, не болған?! — дейді ол.
Иесіз қалған сиырлардың бірсыпырасын Қайырке екеуміз айдап қалаға
кірдік. Бұл — жұмыстың күні де. Жұмыс күндерінде бұл мезгілде қалада
бейсауат орыс жүрмейтін. Бүгін көрсек олай емес, ең алдымен бүгін көше-
көшенің бəрінде сапырылысқан халық. Олардың ішінде мастар да көп.
Сапырылысқан көпшіліктің ішінде мастардың тұрпайы дауыстарымен əр
жерде жыласқан əйелдердің үндері араласып, көше-көшенің бəрі араның
ұясындай ың-жың...
— Не болған?! — деймін мен.
— Бəсе, не болған? —дейді Қайырке.
Иесіз сиырларды үйді-үйіне бытыратып айрылып кеткен Қайырке
екеуміз ымырт жабыла үйде түйістік. Мен үйге одан бұрын келдім. Үйде
Қопабай мен Бейсембі отыр екен. Алдарында маздаған оттың сəулесімен
айқын көрінген олардың кескініне қарасам, екеуінің де қабағы түсіп
кеткен... «Не болған!»
Не болғанын мен Қайыркеден ғана білдім. Тұнжыраған Қопабай мен
Бейсембінің қасында отыра алмай, далаға шығып, үйдің сыртындағы
ходоктың
55 
үстінде отырдым. Ай со күні сүттей жарық, қала жақ əлі де
азан-қазан. Қала адамдарының, беймазалығына еліктегендей бүгінгі күні
иттер де азан-қазан. Осы беймаза дауыстар өрлеп кетіп, аспандағы сирек
бұлтпен ұштасып жатқан сияқты... Қаланың беймаза дауысына жер-көк те
дауыс қосып, кең дүниенің іші түгел күңіренуге айналған сияқты... «Бұ
не?!..» Қала жақтан біреу келеді. Ол жүгіре басып келеді... Бала...
Қайырке!..
— Ие, не бопты? — дедім мен оның алдынан шығып.


— Соғыс! — деді ол.
— Соғыс?!
— Ие, соғыс!..
— Неғылған соғыс?
Бұл сұрауға Қайырке жауап бермей, үйіне қарай жөнелді. Ол күнгі
іңірдің шайы көңілсіз ішілді. Шайды құятын — Қопабай. Жасайтын —
Кенжебай мен Бейсембі. Кірлеу дастарқанға қаладан əкелетін орысша
пісірілген нан мол төгілетін де, соны жеп отырып əңгіме соғатынбыз. Бүгін
олай емес, дастарқан да жайылды. Нан да туралды, нанды жеп, шайды
ішуге де кірістік бірақ ешкімде де үн жоқ. Осы үнсіздікпен шай ішіліп
болғаннан кейін:
— Ал, енді жатыңдар, балалар! — деді Қопабай. — Ертең забота көп
болады. Сиырлардың көбін өздерің собирайт қыласыңдар. Бұндай беда
болған күні орыстар сиырларын айдап келе қоймас. Пьяный адамнан аулақ
болыңдар. Шорт знайт, сабап кетуі де мүмкін!..
Қопабай жат демесе де, жататын кеш қой, бұл. Бұндай қайғылы кеште
қайда барасың?.. Біз жаттық. Жанып таусылуға айналған шалалардың басы
күлге көмілді. Жыртықтан түскен ай сəулесінен үйдің іші бозамықтау.
Қайырке екеуміз қатар жататынбыз. Бізге деген төсеніш өзіміздің киім-
кешегіміз ғана. Екеуміз бүгін де солай жаттық. Бірақ оның да, мен сияқты
ұйықтамай жатуын аунақшуынан аңғарам. Қопабай да солай. Бейсембі мен
Кенжебай ұйықтап қалды.
— Бұ неғылған соғыс екен? — дедім мен Қайыркеге, сыбырлап, біраз
жатқаннан кейін.
— Ұйықта, əкем ұрсады, — деді ол да сыбырлап, — ертең айтармын.
Аздан кейін Қайырке ұйықтаған сияқтанды. Мен əлі ояу жатырмын.
«Неткен соғыс, бұл?» деген сұрауды əлсін-əлсін өзіме қоям да, жауабын
таба алмаймын. Өйткені менің ұғымымда «соғыс» деген ерте замандарда:
пайғамбар заманында, батырлар заманында болып өткен, бұл кезде жоқ...
«Ендеше, неткен соғыс, бұл?!. Қала халқының мынадай дүрліге қалуына
қарағанда, бұ бір керемет соғыс болу керек... Бірақ кім мен кім
соғысады?..»
Осы ойлармен жатып, мен де ұйқыға кеттім... Біреу түрткенге оянсам,
Қопабай екен... Үй іші қара көлеңке.
— Тұр шырағым, — деді ол, — таң атып келеді, сиырды жинаңдар.
Тұрып далаға шықсам, түндегідей болмағанмен, қала жақтың шуы əлі де
семе қойған жоқ екен. Қаланың əйелдері күндегі дағдымен сиырларын


диірмен түбіне айдап келеді, бірақ кешеден бері жылағанның белгісін
көрсетіп, көздері жұдырықтай боп ісіп кеткен. Сиырлар күндегі дағдымен
өріске беттеген кезде, Қайырке екеуміз де соңына түстік.
— Ие, Қайырке, кім мен кім соғысады екен? — деп сұрадым мен.
— Қаланың білетін адамдарының айтуынша, — деді Қайырке, — орыс
пенен Ерманса
56 
деген ел соғысады дейді.
— Ол неғылған ел екен?
— Кім білсін, неғылған ел екенің əйтеуір, бір айлакер, сиқыршы ел деп
айтады. Оған түртшина
57 
деген ел қосылыпты дейді. Олар пұсырман деген
ел болса керек... «Ермансаның» да, «Түртшинаның» да неғылған ел екенін
Қайырке екеуміз біле алмаймыз. Дегенмен:
— Егер, айлакер ел болса, — деймін мен, — «Сал-салдың» елі емес пе
екен? Қиссада соларда өте сиқыршы, айлакер деуші еді.
— Кім білсін — дейді Қайырке, — бірақ кім де болса, біздің казак-
орыстар оны шыдатпайды, жалғыз Андрей Чемасовтың өзі күрең атымен
ішіне бір кіріп көрсінші, қылышымен жүзін шауып шықсын!..
Географиядан ешбір хабарымыз жоқ Қайырке екеуміз қанша ойлағанмен
бұдан артыққа бара алмаймыз... Біздің естуімізше, қаланың казак-
орыстарынан жиырма бес пен отыз бестің екі арасы соғысқа аттанғалы
жатыр. Менің ендігі арманым — солардың атанғанын көру. Бірақ менің,
естуімше, олар күндіз аттану керек. Біз о кезде далада сиыр бағып жүреміз.
Ендеше мен қалай көрем? Көру үшін не істеу керек?..
Ол айланы мен таптым. Соғысқа баратындар ертең аттанады деген күні
кешке қарай мен ауырдым. Іңірден дөңбекшіп, босағада жатып ыңқылдай
бастаған маған:
— Е, саған не болды? — деді Қопабай.
— Не болғанын білмеймін, ішім əкетіп барады...
Сол дөңбекшумен мен таң білінгенше дөңбекшідім. Көзі ұйқыға
кеткенше, 
Қопабай, 
ыңқылдап 
жатқан 
маған 
«Ақырынырақ!..
Шыдасайшы!..» деген сияқты сөздерді айтып жатты да, біраздан кейін тым-
тырыс болды. Ол ұйықтаған кезде мен ыңқылымды доғардым. Бірақ
ұйықтамадым. Ойым «ұйықтағанымды білсе, Қопабай мені таңертең сиыр
бағуға жіберер...» Біраздан кейін денем маужырап, көзіме ұйқы
тығылғанмен, жаңағы ой басыма келсе, əзімді өзім зорлағандай оята
берем... Күндегі дағдысымен Қопабай қаланың тауығы шақырған кезде
оянды. Оның оянғандық белгісі, — қақырына-түкіріне тұрады. Со кезде,
мен де ыңқылды үдеттім...


— Бала, қалайсың? — деді Қопабай.
— Іші-бауырым удай ашып əкетіп барады, — дедім мен ыңқылдай,
сөзімді бөле сөйлеп.
— Апырау, бұл бейшараға не боп кетті, — деп күңкілдеген Қопабай,
Қайыркені оятты да, — малға бара алмас па екенсің, бала, — деді маған.
Мен жауап берудің орнына ыңқылды күшейте түстім.
— Бейсембі, ə Бейсембі, — деді Қопабай, — ояншы!
— Немене, əке? — деп басын көтерген Бейсембіге:
— Мына бір сорлы бала ауырып қапты ғой, малға мен өзім-ақ барайын,
сен жұмысыңа кеткенде, есікті тиянақтап жап, — деді.
Қопабайдың «жұмыс» дейтіні Бейсембінің етік жамайтын өнері бар да.
Егінге шығуға даярланған орыстар ескі етіктерін жамата бастаған. Кейінгі
бірер жұмада оның кəсібі сол да.
— Жарайды, — деді Бейсембі, — бірақ мына ауру баланы қайтемін?
— Ол Аубакірдің үйінде жата тұрар, сол үйдің кемпірі бар ғой.
Сиырға Қопабай мен Қайырке кетті. Кенжебайды қасына ертіп Бейсембі
қалаға кетті. Мен Аубакірдікінде қалдым. Бірақ ол үйде мен көп жата алған
жоқпын. Өйткені қалада шеркеудің қоңырауы қағыла бастады. Со кезде
ғана оянған Аубакірдің інісі Əлбатыр:
— Солдатқа баратындар жүруге айналған ғой, шеркеуге шоқынуға
жиналған ғой, — деді.
«Көріп келейін» деп Əлбатыр киінді де кетіп қалды. Үйде Ұлданай
екеуміз қалдық. Не істеу керек, əрине, бару керек. Өйткені менің ауырған
себебім де солдаттың қалай жөнелгенін көру ғой. Ұлданайға «Далаға
шығам», — дедім де, кетіп қалдым.
Шеркеуге маңайлап келсем, бықыған адам, байланған ерттеулі аттар! Бұ
қалада неше түрлі сұлу аттар болатын. Солардың бірсыпырасы ерттеулі
аттардың ішінде екен. Жəне казак-орыстың өмілдірікті, құйысқанды,
тебінгілі, былғары ерлері қандай тамаша!.. Бүкіл қазақ атаулыда ондай ерді
мен Əлтидің Сейтағының астында ғана көрдім. Сондықтан, «мұндай ерді
шығаннан шыққан байдың баласы ғана мінеді екен» деп жүрсем, казак-
орыста екінің бірі мінеді екен.
Шеркеудің маңайында мастар да көп екен. Кейбір солдатқа баратын
жігіттерді туысқандары шеркеуге мас қалпымен сүйемелдеп əрең апарады.
Солдатқа бармайтын еркектердің ішінде де, əйелдердің ішінде де мастар аз
емес... Шеркеу маңындағы каланшаның түбіне осы қаладағы жатақтардың


əйелдері жəне бірнеше адам жиналып қалған екен. Мен де соларға
қосылдым.
Аздан кейін шеркеудегі адамдар шыға келді, алдарында поп... Ол
əлденені күжілдеп айтып жүр, мен оған түсінбеймін.
Бұттарында қызыл зампасты көк шалбар, үстерінде кител, бастарында
жасыл жиекті картоздары бар, етіктеріне шпор байлаған, бір жақ
шекелеріне кекілі дударланған казак-орыстардың атқа қонулары маған өте
қызық көрінді. Көп адамның ішінде менің көзіме ерекше аруақты көрінген
— Мəлке. Оның кескіні күндегіден күреңденіп кеткен, үстіндегі киімдері
де өзгелерден өзгеше көркем, кеудесіне жалтыраған əлденелерді қадап
алған.
— Бұлары несі? — деп сұрасам:
— Өткен соғыста ерлік көрсетіп алған наградтары, — дейді, қасымдағы
біреу.
— «Наград» деген не? — десем:
— О, қоя тұршы, — деп сөйлескісі келмеген қасымдағы адам жекіп
тастайды?
Атқа қонғандардың көпшілігі қылжақтаған мас екен. Солар түгел
аттанып болғаннан кейін, Мəлке əлденеменені айғайлай айтып, Кпитан
жолына қарай тарта жөнелді. Олардың артынан өзге салттылар да шұбыра
жөнелді. Со кезде əлгінде жылап айрылысқан əйелдер мен кемпір-
шалдардың шуы азан-қазан боп кетті... Біреулер талып құлап жатысты...
Артында жылап қалып бара жатқан əке-шешелеріне, əйелдеріне, кейбір
салттылар оралып көп аттан қарғып түсіп, қайтадан амандасып кетісті.
Бұлай амандасу жылауды үдете түсті.


БОПАН
Күз загон тарай мен Құтырлағанда қалып қойдым. Іздеп кеп менің
еңбекақымды алған жездем Болатбай ауылға алып қайтайын деп еді, менің
қайтқым келмеді. Мен Токарев Шодырдың (Федорды қазақтар Шодыр
дейді) үйіне жалшылыққа тұрдым. Алты айлық қысқа алатын ақым — елу
сом. Оның үстіне түп-түгел қыс киімдерін береді.
Шодырдың үйінде мен жүре бастадым. Жəмпейістің айтқаны расқа
келді. Бұл үйде жалшылықта тұру, біздің Нұртазаның үйіне жалшылыққа
тұру емес екендігін көзбен көрдім. Нұртазаның үйі жалшыларына қай-
қайдағы өздері киюге жарамай қалған ескі-құсқыларын беруші еді. Шодыр
мені беріктен, тоннаң пимадан бастап түп-түгел қара дүрсін болса да,
жаңадан киіндірді. Нұртазаның үйі жалшыларға асты өз семьясынан бөлек
беруші еді, жəне оларға астық қалған-құтқаны, не құнсыздауы тиюші еді.
Шодырдың үйінде астан қағажау көру жоқ. Тек қана, өздері көбінесе,
шошқа етін жейтін бұл үйдің адамдары, маған деген сиырдың, қойдың не
құстың етін бөлек шөгенге қайнаттырады да, дəмді піскен етті ыдысқа
сорпасымен бөлек құйып береді. Нан дегенді қанша жесең ықтиярың.
Орыстың калашы қандай тəтті болады. Со калашты майлы сорпаға
батырып жесең, аузыңнан дəмі кетпейді.
Нұртазаның жалшыларына ертеден қара кешке шейін дамыл болмайды.
Демалыс дегенді олар білмейді. Ал, Шодыр жұмысты күшің келгенше
істетеді де, шаршағанда тынықтырады жəне жұмасына бір күн демалыс
береді. Нұртазаның жалшыларында төсек орын деген болмаушы еді.
Оларға тозығы жеткен көрпе сияқты шоқпыт бірдемелерді беріп,
жалшылары ұйықтағанда соның арасына қисая кетуші еді. Шодыр мені
флигеліне жатқызғанмен, астыма ағаш кровать, асты-үстіне таза, бүтін
көрпе, басыма жастық берді.
Шодырдың қорасының ішінде моншасы бар. Осы моншаға мен жұма
сайын шомылам да, киімдерімді ауыстырып тұрам. Параша дейтін
Шодырдың кухаркасы мені менсінгісі келмей, киімімді жумаймын десе,
Шодырдың жуан əйелі оған ұрсып тұрып жуғызады. Менің моншаға
түскен-түспегенімді Шодырдың өзі тексеріп жүреді.
Шодыр — о кезде буырыл сақалды орыс. Өзі сөйлесерлік дəрежеде
қазақша біледі. Оның əйелі Полина да беті əжімденіп қалған қартаң кісі.
Бірақ денесі ебедейсіз өте жуаң жүргенде ыңқылдап аяқтарын əрең басады.
Отырыс, тұрысы қиын.
Шодырдың ержеткен төрт баласы болады екен. Біреуі қолында,
өзгелерінің еншісі басқа екен. Бəрі де үйленген. Солдатқа оның қолындағы
баласы жəне еншісі бөлек екі баласы кеткен. Қолындағы келінінің аты —
Марфуша. Бұл — денелі де, көркем де жас əйел. Үй шаруасының міндеті


осы Марфуша екеуміздің мойнымызда.
Бұл үйде он шақты жұмыс аты бар. Он пардай атан өгіз бар. Қырық-елу
қой, ешкі бар. Үлкені, кішісі аралас жиырма шақты шошқа бар. Жиырмаға
тарта қаз бар. Он бес, жиырмадай үйрек бар. Қырық-елудей тауық бар.
Шошқаларды Параша күтеді. Құстарды Полина күтеді. Малдарды күтудің
міндеті Марфуша мен менің мойнымда.
Казак-орыстар үйдегі малдың шөбін даладан тасып жейді. Қораға шөп
үймейді. Далада үюлі тұрған маяларға Марфуша екеуміз кейде үш, кейде
төрт пар атпен кетеміз де, шананы бастырықпен байлап шөпті алып
келеміз, сонда бізге жəрдемдесетін адам — Бопан.
Оқушыларға Бопанды таныстыра кетейін. Бұл — шоқынған қазақ жігіт.
Шыққан тегін сұрастырсам, өзіміздің жаманшұбарлық.
Бір күні Марфуша екеуміз үш пар атты шанаға жегіп ап, шөпке
жөнелдік. Бұл — қардың жаңа ғана жауған, бірақ əлі қатпаған кезі.
Марфуша екеуміз алдыңғы шанадамыз, кейінгі шаналар біздің, шанаға
тіркеулі. Божы Марфушада. Өйткені шөп маясының қайда екенін білетін —
сол.
Біз қаладан шыға, соны қарға біздің шаналар түсірген ізге, кейінгі
жағымыздан екі шанаға жеккен пар атты біреу түсе кетті.
— Иван Никифрыч, — деді Марфуша.
Менің жүрегім қозғала қалды, өйткені «Иван Никифрычы» — Бопан. Ол
мені бірер рет жазықсыз ұрған. Содан бері одан қорқатынмын. Білген
тіліммен Марфушаға Бопаннан қорқатынымды түсіндіріп едім:
— Нешево, нешево! — деді суыққа беті піскен алмадай қызара бөртіп
ажарланған, онсыз да сұлу кескінді Марфуша, қып-қызыл еріндерін аша,
аппақ ұзын тістерін көрсете күліп. — Не бойся, он хороший!..
Қайырке Бопанды — «осы қаланың сұлу келіншектерінің бəрімен
тамыр» дейтін еді, сондайы бар ма, əлде жəрдемдескісі келді ме, — бізді
қуып жеткен Бопан, алдымен біздің үш шананы тиеп, артып, бастырығын
байлап берді де, өз шөбін кейін артты. Оған біз де жəрдемдестік. Күн сайын
шөпті осылай арту біздің дағдымызға айналды.
Маядан шөпті шанаға Бопан айырлап тастайды. Жəне ол денесінің
шағындығына қарамай, өте қарулы. Шөбі жентектеліп қалған тығыз
маяның үстіне айырды түйреп жіберіп, сабын тізеге сап, қайқая көтергенде
үлкен маяның бүйірін солқылдатады. Жəне оның айырына бір іліккенде бір
шөмеле шөп ілігеді...
Шананың үстінде Марфуша тұрады. Сілтесі солай ма, əлде қалжыңдай


ма, — Бапан маялардан түйреп алған шөпті Марфушаға қарай лақтырады.
Бірақ Марфуша оған шанадан құлап түспейді. Бопан шөпті лақтырған
сайын:
— Ты што, сатана! — деп ол күліп қояды да, лақтырған шөпті айырмен
қағып ап, шананың қалаған орнына тастайды. Олар өзара орысшалап
бірдемелерді қалжыңдасады, мен көбіне түсінбеймін...
Алғашқы күндері жұғыса алмай жүргенмен, бірер жолдан кейін мен де,
Бопанға ауыл-үй қонып алдым. Таныса, сөйлесе келе ол кеңесшіл кісі боп
шықты. Оны «қазақтың тілін ұмытып қалды» деген сөз қате екен.
Қазақшаңды ол қазағыңның қайсысынан болса да кем білмейді. Орыстың
тілін аз білетін мен шөпке шыққанда кей кезде Бопанның қасында отырам.
Өйткені Марфушамен сөйлесе алмаймын, Бопанмен сөйлесе алам. Əбден
танысып, бойды үйретіп алғаннан кейін мен одан шоқынған себебін
сұрадым.
— Менің обалым Мəшікке, — деді ол.
— Неге? — дедім мен.
— Неге екенін айтайын: менің əкем Бердіғожа деген кісі — өмір бойы
осы қаланың малын бағып өткен жатақ. Ел ішінде біреуді төмендетіп,
жаман көрсетіп айтқысы келсе «ой, Бердіке!» деп айта ма? — деп сұрады
Бопан.
— Айтады, — дедім мен.
— Сол «Бердіке» деген менің əкем Бердіғожа. Ол — кедейлігінің үстіне
мейлінше ынжық, жуас болған кісі. Жуасты «жаман» дейтін қазақтың əдеті
емес пе?
— Рас?
— Сол жаман əкем өлді де, мен жетім қалдым. Осы қалада жүре бердім.
Əрине, жалшылықта жүрем. Бай орысқа жыл сайын жалданғанда сиырдың
не құнан шықбасын, не дөнен шықбасын алатын болам. Менің осы алатын
ақымды Мəшік жыл сайын келеді де, айдап əкетеді.
— Неге? — деп сұраймын мен.
— Ол ауылнай ғой, — дейді Бопан, — оның списогінде мен үй иесі
саналады екем. Əр үй рамат төлейді екен Мəшік менің малымды сол
раматқа алады екен.
— Таусылмайтын неткен рамат, ол?— деймін мен.
— «Рамат» деп қайбір рамат дейсің, ол. Раматты сылтау қып
ауылнайдың өзі алады да!..


— Сөйтіп, жыл сайынғы ақымды жыл сайын Мəшік раматқа ала берген
соң, — дейді Бопан, күрсініп ап, — бір жылы ақыға алған малымды саттым
да жібердім. Мəшік тағы да келіп еді, «берер малым жоқ» дедім. Ол маған
«қазынаның шығынын төлемейсің, сені соттатам»деп ауылына мені алып
кетті. Сөз түріне қарасам, соттататыны рас сияқты. Не істеу керек?.. Түнде
қаштым да кеттім.
— Қайда бардың?
— Қайда барайын. Осы Құтырлағанға келдім де, өзіңнің қожайының
Шодырға ақылдастым. Ол маған «бұл пəледен шоқынбасаң құтыла
алмайсың» деді. Осы ақылды Чемасов Шодыр да айтты... Содан шоқындым
да кеттім...
Оның айтуынша шоқынған қазақтар толып жатыр.
— Мен сені шоқын деп азғырмаймың — дейді ол, — бірақ, көрерсің,
түбінде сен де шоқынасың?
— Неге?
— Оны кезінде көрерсің...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет