Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет42/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   107
ДІЛДƏШТІҢ ДАУЫ
Жайылғанда Жиенқұл дейтін ауқатты адам болады екен. Ол өткен күз
өліп, артында Ділдəш атты жалғыз əйелі қалады екен. Балалары немесе бір
енеден туған аға, інілері болмайды екен. Жиенқұлдан отызға тарта жылқы,
жүзге тарта қой, жиырмаға тарта сиыр қалады. Үй-ішінің мүлкі де көп
болады. Осынша мал-мүлік жалғыз əйелдің қолында қалғаннан кейін
жамағайындарының əрқайсысы да дəулетті даяр үйге ие болуға қызығады.
Ділдəш — ол кезде жасы елуден асқан мосқал əйел. Егер ол заң тəртібін
сақтайтын орыс поселкесінің əйелі болса, жұмысын істейтін адамды
жалдап ап, шаруасына өзі ие боп отыра берер еді ғой. Бағынатын «заңы» —
«қазақшылық» қана, ауылда Ділдəш олай отыра алмайды.
«Қазақшылықтың заңы» бойынша, байы өлген əйел егер қолында
баласы 
болмаса, 
ерге 
шығар 
жастағы 
адам 
болса, 
күйеуінің
туысқандарының біріне тиюі керек те, егер ерге шығар жастан асқан адам
болса, күйеуінің туысқандарының біреуін қолбала қып үйіне енгізіп алуы
керек. Осы екеуінің бірін істемей, баласыз, байсыз əйелдің отыруға еркі
жоқ. Ділдəш — ауыл адамдарының ұғымында ерге шығар жастағы адам.
Ендеше күйеуінің туысқандарының біреуіне тиюге ол міндетті. Бірақ ондай
адам Ділдəшта жоқ.
Ендеше не істеу керек?
Жайылған аталатын ауыл төрт атадан құралады: Кəдірберді, Құмеке,
Мойынсыз, Қара. Жиенқұлдың атасы — Мойынсыз. Бірақ бұл атада
Ділдəшті қоса қоятын лайықты кісі жоқ.
Ділдəштің өз еркіне салса, Садақтың Ғабдолласы деген жігітті қолына
алып отырмақ. Ол со кезде 25 жастар шамасындағы үйленбеген жігіт, өзі
домбырашы, өлеңші. Дəулет жағынан Садақтың үйі — Жайылғанның жуан
ортасы. Ділдəштің айтуынша, Ғабдолланы ол қолбала қып алмақ та, қыз
айттырып əперіп қолында тұрмақ. Жұрттың өсегі бойынша: «Ділдəш —
желіккен қатын. Теңі табылмағандай, оның таңдағаны өзінен жарты есе
кіші Ғабдолла. Оны қолбала қып алам деуі — көптің көзін алдауы. Расында
ол байсырап құмартып отыр оған».
Төрт ата Жайылғанның ішінде ең күштісі — Құмеке. Оның Ділдəшті
қосқысы келетін адамы — Тыңқының Смағұлы. Ол ертеде ауқатты адам
болғанымен, бертінде кедейленген. Мен барған кезде ол үй Жайылғанның
ең кедейінің, бірі екен. Оның үстіне əйелі өліп, артында үйелмелі,
сүйелмелі төрт-бес кішкене балалары жетім қапты.
Кедей кісіге əйел алу оңай боп па, əсіресе, балалары кəп кісіге? Əйел ала
алмаған Смағұлдың үйі мен көргенде өте жүдеген. Балаларының үсті-
бастары алым-жұлым боп кеткен, бастары сыңысқан қотыр... Жұрттың


ұғымында «осы сорлылықты шақырып отырған Смағұлдың өзі, өйткені ол
баяғы мырза күнін көксеп жалшылықта тұрып күн көруге арланады, тек
қана домбырасын тартып, үйінде жата береді. Жалқаулығы шынында рас
Смағұл — былайша өте пысық жігіт. Ол — сөзге де шешен. Қалжыңды
жақсы көретін ол кіммен айтысса да жеңілмейді, өзі — бармақ біткеннің
домбырашысы. Оның денесіндегі айыбы көзінің қылилығы ғана, əйтпесе,
он екі мүшесі балғадай, дені сау, жасы сол кезде отызды орталаған ғана
жігіт, оның үстіне қазақша хатқа жүйрік орысша да «нан алып жерлік»
дейтін сауаты бар.
Жас жағынан теңі болмағанмен, Смағұл Ділдəшті мал-мүлкі үшін
алғысы келеді. Құмекенің еркіне салса, бұған риза, бірақ Смағұлды
кедейсіне ме, немесе балаларын көпсіне ме, Ділдəш оған зырылдап
жоламайды. Оның ынтасы Ғабдоллада. Fабдолланың Мұқтан деген
құрдасы бар, ол менің жездем Болатбайдың немере інісі, Ғабдолла сияқты
ол да серілеу жігіт. Екеуінің жүріс-тұрысы бір. Ойын-той бола қалса, екеуі
домбыраны да қосылып тартады, өлеңді де қосылып айтады...
Бір күні кешке Мұқтан мені үйіне шақырды. Барсам, Ғабдолла екеуі ғана
отыр екен. Қолдарында бір тарақ қағаз.
— Мұнда кеп отыр! — деп қасынан орын көрсеткен Мұқтан маған
күлімсірей қарап алды да:
— Əй, құда бала, сені ептеп өлең шығаратын да өнері бар деседі, сол рас
па? — деп сұрады.
— О неге керек?— дедім мен.
— Керегін артынан айтайын, өлеңді шығара аласың ба, жоқ па?
— Əуелі өзің айт!
Сөзге қосылмай отырған Ғабдолла Мұқтанға бір, маған бір қарап алды
да:
— Осы балаға көрсетсек қайтеді мұны? — деді, бірақ бұл біреуге айтып
қоймас па екен?
— Жоқ айтпайды, — деді Мұқтан.
— Ендеше, мə, оқы! — деп Ғабдолла ұсынған қағазға көз салсам,
əдемілеу подчеркпен арабша жазылған үш ауыз өлең екен:
«Орыстың бір қаласы Кірешуай,
Япырай, Ғабдолланың мынасын-ай!
Тапқаны мөшкедей бір старушка,


Сабаздың тамаша ғып тұрысын-ай!
Орыстың бір қаласы Макаропке,
Үйі тұр Жиенқұлдың жел жақ шетте,
Ғабдолла сол үйменен компаньон,
Ар деген со жігітте бар ма бетте.
Салады кент халқы креставой дом
Сөзімнің қисық емес, бəрі де оң.
Ортадан Жайылған боп сайлап қойдық,
Кіруге кезекпенен торгабой дом».
Өлеңнің аяғына «ұшбу өлеңні шығарғуши бəн талибы» ңыз Исмағил
ғалайһү əссəлəм, забихолла» деп жазыпты.
— Е, бұ қағазды не қыл дейсіңдер маған? — деп сұрадым мен.
— Өлең екенін көрмей отырмысың? — деді Мұқтан.
— Көрдім.
— Көрсең, — деді Мұқтан, — осы өлеңге өлеңмен жауап қайтару керек
еді, соған сөздің қысқасы, — мына Ғабдолла екеуміздің əліміз келмей отыр.
Соны саған шығарып бер дейік деп отырмыз.
— Мен шығара алам ба?
— Жер дүниедегі өлеңнің бəрін білгенде, екі-үш ауыз өлең шығару қиын
боп па, саған? — деді Ғабдолла.
— Даяр өлеңді жаттап ап айтумен, өз жанынан өлең шығару екі басқа
емес пе?
— Айтпақшы мұның бізде өкпесі бар ғой, — деді Мұқтан қуланған
кескінмен, — əнеугүні саған етігін бастатам деп апарған екен тігіп бере
қоймапсың, маған да əкеп еді, менің, де со кезде қолы құрғырым тие
қоймады...
— Ол өкпесін шаю оп-оңай, — деді Ғабдолла, — көңілдегідей өлең
шығарып берсінші, бір етікті мен өз былғарыммен-ақ тігіп берейін, осыған.
Екеуі маған жатты да жалынды.
Менің ол кезде өлең шығаруға əуестеніп жүргенім рас та. Бұл жұмысқа


мен бірінші рет Мұстафаның үйінен бөлініп шыққаннан кейін апам
Ұлтуғанды сағынған күндерде талаптанғам. Со кезде былдырақтатып
шығарған бір-екі ауыз өлеңім, ауыл арасына тараған да. Ол өлеңдерді кейін
ұмыттым. Содан кейін Спандияр Көбеевтен алған «Үлгілі баладағы»
«Жетімнің өлеңі» деген өлеңнің əсерімен мен де:
«Жетімнен ит те жақсы иесі бар,
Иеден басқа тимес киесі бар.
Меңдейді иттен-дағы төмен көріп,
Желкеге кім көрінген түйе шығар»,—
деген өлең шығарған. Құтырлағанда мал бағып жүрген күндерімде де,
апаларымды, туған жерімді сағыну темасына арналған өлеңдерім болатын.
Молдамыз Хабибулла Ғазизуллиннің, алдынан хат танымай кеткенмен,
бертінде қағазды өз бетіммен шимайлап жүріп, өзгелер əрең танитын
дəрежеде болғанмен, өзім танитын хат та біліп алғам.
Мұқтан мен Ғабдолла өлең шығарып бер деп қыстап кеткесін, ақысына
Ғабдолланың етігімді бастап беруіне келістім де, өлеңді шығармақ болдым.
— Бірақ, — дедім мен, — хатқа шалағаймын, менің жазғанымды
ешқайсың танымайсың. Жақсы жаза алсаңдар, өздерің жазыңдар.
— Тек өлеңін тапшы, — деді Ғабдолла, — жазуын мен етіктің қаюындай
қып-ақ тізбектетіп түсірейін.
— Ендеше, қарындашың мен қағазыңды ал!
Қарындаш та, қағаз да оның қалтасында екен. Қалтадан алған қағаз бен
қарындашты ол қасында тұрған қобдидың үстіне қойды да:
— Кəне бастап көр, бала, құдайға сиынып, — деді.
— Домбыраға қосылып, ойланып көрейін, — дедім мен Мұқтанға, — ар
жағыңда тұрған домбыраңды беріп жіберші!
— Домбыра алса-ақ болды! — деп Мұқтан мені мақтауға айналды. Оны
шабыттау екенін көре тұра, мен домбыраны алдым да, күйін дауысыма
келтіріп, ойланып отырып бір ауыз өлең айттым.
«Смағұл көзің қыли ақырайған,
Біреуі біреуіне шақырайған.
Бойыңда бір тиынға татыр құн жоқ,


Қатынның келсін саған сəті қайдан».
— Бəлі, бəлі, —деп ду ете қалды. Мұқтан мен Ғабдолла, түсті сəті,
қатып шықты! Кəне, қайталап айт жазып алайық!..
Қайтадан айтқан бұл өлеңді Ғабдолла жазып алды да, дауыстап оқып
шығып:
— Бұл өлеңді сүмірейтті, бала! — деді санын шапалақтай қуанып.
— Тағы, тағы! — деді Мұқтан.
— Енді не айтайын, — дедім мен.
— Ол қу біздің сілемізді орысша сөздерді араластырған өлеңмен
қатырып отыр ғой, — деді Ғабдолла, — осыған сен орысша сөз араласқан
өлең тапшы.
— Оның реті келер ме екен— дедім мен, — орысшаны шала білем ғой.
— Онысы рас, — деді Мұқтан. Смағұл орысшаға жүйрік антұрған. Оған
ілесе алмаймыз. Құдабала, сен өзің білген күйіңе бас!
Шамамды байқасам, көп өлең шыға қоятын жайы жоқ. Сондықтан
жеңілдеу құтылғым келді де:
— Соның өз өлеңдерін өзіне қарсы жұмсасақ қайтеді? — деп сұрадым.
— Қалай?! — деді екеуі қосынан.
— Мысалы: «Алпамыш батыр» қиссасында Алпамыш Бадамшаға:
«Сен де шаптың бəйгеге, мен де шаптым, жар-жар-ау,
Келіп едім бетімнен иттей қаптың, жар-жар-ау,
Сонша неге мақтайсың Ұлтан құлды шұнақ күң!
Ұлтан құлдан сен қанша опа таптың жар-жар-ау!..»
дей ме?
— Дейді, — деді Мұқтан мен Ғабдолла қосынан.
— Сонда Бадамша Алпамыш айтқан өлеңді өзіне қайталап айтып:
«Сен де шаптың бəйгеге, мен де шаптым, жар-жар-ау,
Келіп едің бетіңнен иттей қаптым, жар-жар-ау.


Мен мақтамай кім мақтар Ұлтан құлды диуана,
Заманымда ділдəдан шашбау тақтым, — жар-жар-ау».
дей ме?
— Ие, ие. Дейді! — десті Ғабдолла мен Мұқтан.
— Ендеше, Смағұлдың өз өлеңін өзіне былайша қайтарсақ қайтеді?
«Орыстың бір қаласы Кірешуай,
Шал бойдақ Смағұл жүр сіресіп-ай,
Соншама шыжалақтап қорығанда,
Ділдəштің алмақ малын үлесіп-ай»,—
деп?
Ғабдолла бұл өлеңді де қуанышпен жазып алды да:
— Ие, тағы да,— деді.
Екінші ауыз өлең өзгергенде былай боп шықты:
«Орыстың бір қаласы Макаропке,
Үйі тұр Смағұлдың жел жақ шетте,
Бола алмай Ділдəшпенен компаньон
Смағүл сол себептен қылады өкпе».
— Бұл да дұрыс келді, — деді Ғабдолла жазып алып, — енді үшінші
ауызын ретте.
Ол өлең былай боп шықты:
«Салады кент халқы креставой дом,
Смағұл өзіңнің жоқ бірінде оң.
Маңыңа сенің Ділдаш жоласын ба,
Мойныңа мəңгі масыл болғаннан соң!»
— Өлтірдің, бала! — деді Ғабдолла, шектен шыға қуанып, — бəлем
бұған не жауап қайтарар екен!..
Ділдəштің дауы ұлғая түсті. Жайылған екіге жарылды: бір жағы


Ділдəшті Смағұлға қоспақ, бір жағы Ділдəштің үйіне Ғабдолланы кіргізбек.
Дау шиеленіскен кезде екі партияның да құрығы Ділдəштің малына түсіп,
тебіндегі жылқысынан да, қорадағы қойы мен сиырынан да жоғала
бастады. Сойып жеушілердің кім екені белгілі бола тұра, олардан теңдік
алуға Ділдəшта күш бар ма?
Өзі білді ме, əлде біреу үйретті ме, — Ділдаш көріп жатқан қиянаттарын
айтып, араша сұрап болысқа арыз берді. Ол жылы болыс — Əлтидің
Садуақасы. Бұл жұмысты тексеріп үкім жасауды, болыс жергілікті ауылнай
мен билердің қарамағына тастайды. Ауылнай мен билер жиналады
дегеннен кейін Ділдəштің малын барымталаушылар тиылды. Бұған шейін
барымталаушылар жаза күтіп қорқуға айналды...
Жайылғанның малы қыстыгүні суды Күдебай көлінің ойығынан ішетін
еді. Бір күні со көлден суғарған Болатбай үйінің сиырларын айдап келе
жатыр ем, Есеней қыстауы жағынан ағызып келе жатқан он шақты шаналы
көзіме ұшырай кетті. Үйге кеп, іштен жақында ғана оралған Болатбайға
айтып ем:
— Болыс пен билер болар,— деді ол киіне бастап, — Ділдəштің дауын
бітіргелі келеді деген.
Болатбайға ере мен де шықтым. Шаналылар ілезде келіп қалды. Ылғи
түлкі тымақты, қасқыр ішіктілер, аттары семіз. Өзге шаналылар ілгері
озғанда, топырыштау торы ат жеккен жалғыз адам Болатбай үйіне көрші
отыратын Қожантай дейтін ағайынды екі шалдың алдына тоқтай қалды.
— Уа, қайдасыңдар, Мырзатай, Қожантай! Үйлеріңе ырыс келді!.. Аруақ
келді!.. Қарсы алыңдар!.. — деп айғай салды ол.
— Құдай оңдады, — деді Болатбай, — шаналыға қарай жүріп, —
Ресейдің, Мұстафасы? Тəңірі мына бейшаралардың көз жасын иген екен!
Қожантай, Мырзатайды Болатбайдың аяйтын себебі: Жиенқұлдың иесіз
малына Жайылғанның əркімдері қызығып талай бастағанда, аш отырған ол
екі үй де дақбыртқа еріп, бір құнажын байталын сойып, бөліп алады.
Бұрын ондай зорлыққа жолап көрмеген момын адамдар, союын сойғанмен
зəресі кетіп қорқады, қалай құтыларын білмейді.
Мұстафаның, таныс айғайын естігеннен кейін Қожантай да, Мырзатай
да жүгіріп шығып, «алда, садағаң кетейін жарықтық-ай, қош келдің!» деп
шанадан көтеріп алғандай қып қолтықтап тұрғызады. Атан түйедей зор,
жуан денелі Мұстафа Қожантайдың үйшіктей үйіне зорға сияды.
Кедейліктен сіңірі шығып отырған Қожантайға төсеніш қайдан келсін!
Құстөсек жастық сияқты көр-жерлерін Мұстафаның астына, арқасына
тастап жатыр.
— Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ! — деді Мұстафа, шешініп


орныққан соң, — менен басқалары жесір қатынның сойылын соқпақ.
Қатынға мал не керек. Ертең байға тиіп кетеді. Садақтың жас жігіт
баласымен көңіл қосыпты ғой. Одан артық не керек. Мал — ағайын сенікі!
Əсіресе Қожантай, Мырзатайдікі. Серіктеріммен араздасып келдім. Нашар
адамға зорлық істемек. Істеп көрсін! Өзім қисайған жақты, құдай бергенін
қайтып алмаса, басып түсетінмін. Салмақтарын салыстырып көрсін.
Көрейік кім жеңгенін. Ал, сорлы Қожантай, сорлы Мырзатай, күтіңдер
мені! Мен сендерге ырыс болғалы келдім! Бірақ менен шындарыңды
жасырмасаңдар болғаны.
Барымталап сойған семіз малдың жарты еті қарға тығылған екен
Мырзатайдың баласы оны қазып əкелді. Ет асылды. Қожантай, Мырзатайға
жаны ашитындар сол үйге жиналды. Олар Мұстафаға риза...
— Бір жолға ерлік істеді. Аяған ғой — деседі олар өзара күңкілдескенде.
Ділдəш жөнінен екі жарылып дауласқан Жайылғанның жылы-жұмсағын
жеп ауылнай мен билер бес-алты күн жатты. Үкім не болары белгісіз.
Мұстафа Қожантай мен Мырзатайды еміп өзгелеріне жоламайды.
— Атымды жек! — депті Мұстафа бір күні Қожантай мен Мырзатайға.
Аты жегіліпті. Мұстафа билер отырған үйге барып түсіпті.
Шақыр Қожантай, Мырзатайды! — депті ол, билерге қосылғасын.
Қожантай, Мырзатай шақырылады.
— Сойдыңдар ма байталды? — деп сұрайды Мұстафа олардан, көптің
көзінше.
— Сойған жоқпыз, — дейді олар, — Мұстафамен уəделесуі бойынша.
— Мəс-саған, соймаған! — деп Мұстафа Қожантай мен Мырзатайды
тура сап текпілейді. Ешкім оларды Мұстафа текпілеп талдырып тастағанша
арашаламайды.
— Бұның не?! — деп таңданғандарға:
— Ендігі кедейдің есінде болсың — дейді Мұстафа. — Мұстафа тірі
тұрғанда, біреудің малына көз алартпасын!
— Ендеше неге түстің оның үйіне? — деген сұрауға:
— Жылы ұшырамасам, маған жөнін айта ма олар? — деп жауап береді
Мұстафа. Іші-бауырына кірдім де, бар сырын білдім. Енді қалай құтылар
екен менен!..
Қожантай, Мырзатай, əрине, құтыла алмайды. Кім жақтайды оларды!..
Мұстафаның оларға қолданған жазасы: «Байталдың төрт сирағы төрт
жылқы, денесі біреу — бесеу». Бес малдың құнына Қожантай мен


Мырзатайдың мал-мүлкі жетпей, үшеуінің құны төленеді де, екеуін төлеу
келесі жылға қалдырылады. Жеген таяқтары бойларына құт!.. Қожантай,
Мырзатайдың төлеген малын ішіне қоса, Ділдəштан ұрланған малдардың
төлеуіне қырық-елу қара жиналады. Оларды ауылнай мен билер бөліп
алады.
Əйел туралы үкім: «Мал-мүлкі Жиенқұлдың ағайындарына бөлініп
берілсін. Өзінің қайда барса да ықтияры, байға тисін, не төркініне кетсін...»
Бұл үкімге разы болмаған Ділдəш «орысқа айтам» деп, бір атқа шана жегіп
жөнелген екен билер ұстатып алып, таяқпен талдырып тастап, «енді айтар
болса, өлтіріп құдыққа тыға салыңдар, жауабын өзіміз береміз» депті...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет