Қазақстан Республикасының мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінде өнімді міндетті және ерікті сертификаттау сертификаттаудың жалпы ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
Міндетті сертификаттау сертификатталатын өнімнің техникалық регламенттің, стандарттар мен басқа да нормативтік құжаттардың өмір қауіпсіздігін, адам денсаулығы мен дүние-мүлкін, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған міндетті талаптарға сәйкестігін растайды. Міндетті сертификаттауға жататын өнім тізімі бекітілген ретпен қабылданады. Сертификаттау жұмыстары сертификаттау жүйесінде бекітілген сұлбалар бойынша жүргізіледі.
Сертификаттау сұлбасы– өнімнің, көрсетілетін қызметтің, сапа жүйесінің сәйкестігін бағалау кезінде үшінші жақтың іс-әрекетінің құрамы мен реті.
Ерікті сертификаттау кезінде өтінім берішінің таңдауы бойынша алынған стандарт немесе басқада нормативтік құжаттардың талаптарына өнімнің сәйкестігі расталады. Барлығы оншақты сертификаттау сұлбалары бар.
Өнімді сертификаттауда негізгі 8-сұлба және қосымша 9- мен 10-cұлбалар қолданылады. Қолданыста жиі кездесетіні – 2, 3, 7, 9-сұлбалар.
Сертификаттау сұлбаларын қолдануда келесі ұсынысты ескеру қажет:
1-6, 10- сертификаттау сұлбалары сериялық шығарылатын өнімді сертификаттау кезінде, 7, 8, 9-сұлбалар шығарылған өнімді сертификаттау кезінде қолданылады. 1-сұлбаны өнімнің шектеулі, өткізу көлемін алдын ала айтылған кезде қолдану ұсынылады, өнімнің типтік үлгісін аккредиттелген сынақ зертханасында сынау қарастырылады, сериялық шығарылатын өнімді сертификаттауда қолданылады. 2-сұлбаны ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша келіп түсетін импорттық өнімді сертификаттаған кезде немесе жекелеген келісімшарттар бойынша сериялық өнімді тұрақты жеткізген кезде қолдануға болады. Сертификатталған өнімге инспекциялық бақылау, сатушыдан алынған үлгіге сынақ аккредиттелген зертханада жүргізіледі. Сертификат мерзімі − 1 жыл. Сертификат ұстаушы мен өнім өндіруші бөлек тұлғалар. Көбіне, өнім өндіруші басқа мемлекеттікі, ал өтінім беруші отандық тұлға. Міндетті түрде сынақ хаттамасы негізінде беріледі. Өнім графасында келісімшарт нөмірі көрсетіледі. Кейде партия көлемі жазылады. Инвойс (счет-фактура) нөмірі көрсетілмейді, онда ол 7- немесе 9- сұлбаға айналады. 2- сұлба сериялық шығарылатын өнімді сертификаттауда қолданылады. 3-сұлбаны өндірістің тұрақтылығы күмән тудырмайтын сериялық өнімді сертификаттау үшін қолданған жөн. 3- сұлба – сертификатталған өнімге инспекциялық бақылау, өнім өндірушінің дайын тауар қоймасынан, тұтынушыға жіберер алдында алынған үлгіге сынақ аккредиттелген зертханада жүргізіледі. 3- сұлбаны – өндіріс тұрақтылығы еш күман туғызбайтын, өндіріс сапа басқару сертификаты ISO 9001 бар жағдайда сериялық өнімді сертификаттауда қолдану ұсынылады. Сертификат мерзімі — 3 жыл. Сертификат ұстаушы мен өнім өндіруші бір заңды тұлға. Міндетті түрде сынақ хаттамасы негізінде беріледі. 1 жыл өткен сайын сынақ қайталанып тұрады. Өтінім құжаттарын өндіруші береді, ең қымбат сертификаттау түрі, сериялық шығарылатын өнімді сертификаттауда қолданылады.
4-сұлбаны өнімнің сипаттамасының тұрақтылығына жан-жақты және қатаң бақылау қажет болған кезде қолданады. 4-сұлба өнім үлгісіне сынақ жүргізуге (1-3-сұлбалардағыдай) негізделеді, сертификатталған өнімге инспекциялық бақылау сатушыдан да, өндірушіден де алынған үлгілерге сынақ жүргізу жолымен жасалынады. Сертификаттаудың 4- сұлбасы сериялық шығарылатын өнімді сертификаттауда қолданылады. 5- сұлба өнім үлгісіне сынақ жүргізу мен өндірісті сертификаттауға, немесе өнім өндірушінің сапа жүйесін сертификаттауға, сертификатталған өнімге инспекциялық бақылау сатушыдан да, өндірушіден де алынған үлгілерге сынақ жүргізу жолымен және өндіріс жағдайының тұрақтылығы мен сапа жүйесінің қызмет жасауына негізделген. 5- сұлбаны өнімнің жарамдылық мерзімі сынақ жүргізуге қажет уақыттан аз болған; өнімнің түрлері жылдам өзгеріп отыратын жағдайда қолданады.
6- сұлба аккредиттелген орган өндірушінің сапа жүйесін сертификаттау қарастырылған жағдайда қолданады. Берілген өнім өндірісіне қатысты сапа жүйесіне сертификаты бар өнім өндірушіге, сертификат беруге негіз, өнімнің бекітілген талапқа сәйкестігі туралы өндірушінің өтінім-декларациясы. 6- сұлбаны өнімнің жарамдылық мерзімі сынақ жүргізуге қажет уақыттан аз болған; өнімнің түрлері жылдам өзгеріп отыратын жағдайда қолданады. 6-сұлбаны, егер сипаттаманы сертификаттаған кезде расталатын номенклатура мен олардың мәндері Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетін болса, өзінің сапа менеджменті жүйесіне сертификаты бар жеткізушінің (дайындаушының емес) импортталатын өнімін сертификаттаған кезде қолдануға да болады. 5- және 6-сұлбаларды:
сынақтарға арналған іріктеудің нақты көлемі шығарылатын өнімді объективті бағалау үшін жеткіліксіз;
технологиялық процестер сыртқы факторларға сезімтал;
шығарылатын өнім сипаттамаларының тұрақтылығына қойылатын жоғары талаптар белгіленген;
өнімнің жарамдылық мерзімі сынақтарды ұйымдастыру және жүргізу үшін қажетті уақыттан кем;
өнімді түрлендірудің жиі ауысымына тән;
өнім тұтынушыда монтаждан өткеннен кейін ғана сыналуы мүмкін өнімдерді сертификаттаған кезде қолдану ұсынылады.
6-сұлба түпкілікті бұйымды сертификаттауды көздемейтіндігімен ерекшеленеді және жинақтаушы бұйымдарды сертификаттау үшін ұсынылады. Қазіргі кезде 5- және 6-сұлбалар дамыған елдерде кеңінен таралғанжәне сериялық шығарылатын өнімді сертификаттауда қолданылады.
7- сұлба дайын өнім партиясынан таңдап алынған үлгіге, аккредителген сынақ зертханасында сынақ жүргізу қарастырады. 7-сұлба: келісімшарт бойынша көлемді партияны сертификаттау.
8-сұлба әрбір өндірілген өнімді аккредиттелген сынақ зертханасында сынауды қарастырады. 7- және 8-сұлбаларды осы өнімді өндіру мен өткізу бір жолғы сипатқа ие болғанда (партиясы, бірлі-жарым бұйымдар) қолдану ұсынылады. Сертификаттың жарамдылық мерзімі — өнімді сатып біткенше. Сертификат ұстаушы мен өнім өндіруші бөлек тұлғалар. Көбіне, өтінім беруші – отандық, ал өнім өндіруші – шетел кәсіпорны. Міндетті түрде сынақ хаттамасы негізінде беріледі. Өнім графасында келісімшарт, инвойс нөмірі, партия көлемі немесе келісімшартқа сипат тізім бекітілген.
9- және 10-сұлбаларды біртекті өнімдер топтарын: балалар тағамы өнімдерін, ойыншықтарды, автомобиль бензиндерін, дәрілік құралдарды сертификаттаған кезде пайдалануға рұқсат етілмейді. 9-сұлбаны импортталатын өнімдер үшін мынадай жағдайларда:
шағын және орта бизнес және жеке кәсіпкерлер үшін;
жеке мұқтажы және өндіріске арналған өнімдерді әкелген кезде (жинақтаушы, ілеспе өнім, өндіріске арналған шикізат және жартылай фабрикаттар, технологиялық жабдық, өндіріске арналған құралдар мен аспаптар, монтаждауға арналған жабдықтар және т.б.);
өңірде сынақ зертханалары болмаған кезде өзге кәсіпорындардың өткізуі үшін өнімдерді әкелген кезде қолдану ұсынылады.
9-сұлба өндіруші жағынан ілеспе құжаттарға сәйкестігі туралы декларацияны қарастыруға және сертификатты өнімнің жарамдылық мерзіміне, бірақ 12 айдан артық емес мерзімге беруге негізделген. Бұл сұлбаның 7- сұлбадан айырмашылығы – сертификаттауда өнімге сынау жүргізілмейді. Үлкен көлемді партия, кіші көлемді партияны сертификат беруші сарапшы өзі мөлшерлейді.
10-сұлбаны отандық өндірушілердің тұрақты шығарылмайтын немесе шағын көлемде шығарылатын ұзаққа созылған өндірісте өнімдерді сертификаттаған кезде қолдану ұсынылады. 10-сұлбаны шағын кәсіпкерлік субъектілері мәлімдеген өнімдерді сертификаттаған кезде қолданған орынды, сериялық шығарылатын өнімді сертификаттауда қолданылады. 10-сұлба өндірушімен декларацияны ілеспе құжаттарға сәйкестігін қарастыруға негізделген және өндіріс жағдайын талдауды қарастырады.
Сәйкестік декларациясын пайдалану мынадай біртекті өнімдер топтарын – балалар тағамы өнімдерін; ойыншықтарды; автомобиль бензиндерін; қолданыста болған автомобильдерді; дәрілік құралдарды сертификаттауда рұқсат етілмейді. Өнімді сертификаттау жұмыстарына байланысты шығынның бәрін, сертификаттау органы мен өтінім беруші арасында жасалынған келісімшартқа сәйкес, сынақ нәтижесіне қарамастан өтінім беруші көтереді. Ал өнімді сертификаттау жұмыстарына шақырылған қатысушылар шығынын сертификаттау органы өзі көтереді.
Сертификаттау сұлбасын таңдау кезінде өнімді нақты пайдалану, жеткізу, сынақ жіне өндіріс ерекшеліктерін, талап етілетін дәлелдеме деңгейін, өтінім берушінің шығынын ескеру қажет. Қазақстанда қабылданған сертификаттау сұлбалары 10.2-кестеде көрсетілген. Дәлелдеме әдістері ретінде сынау, сәйкестік декларациясын қарастыру, өндіріс жағдайын талдау, инспекциялық тексеру қолданылатынын 10.2-кестеден көреміз.