Білек сүйектері (ossa antebrachii)
Білек сүйектерін екі жілік сүйек құрайды – шынтақ жілік және кәрі жілік.
Кәрі жілік (radius) – екі эпифизден және диафизден тұрады. Проксималді ұшы, жіңішке және цилиндртәрізді басымен (caput radii) бітеді. Оның жоғарғы бетінде тоқпан жіліктің басымен қосылатын ойысы бар. Басы денесінен кәрі жілік мойнымен (collum radii) шектеледі. Басының ішкі бетінде шынтақ жілікпен қосылатын буындық айналма (circumferentia articularis) орналасқан. Мойнынан төменрек және алдыңғы медиалді бетінде қәрі жілік бұдырмағы (tuberositas radii) жатыр.
Төменгі ұшы жуан және қалың. Төменгі бетінде білезіктік буындық бет орналасқан, ал оның латералді жиегі бізтәрізді өсіндімен (processus styloideus) аяқталады. Кәрі жілік денесінің (диафиз) үш жиегін (алдыңғы, артқы және сүйек аралық), үш бетін (алдыңғы, артқы және латералді) ажыратады.
Шынтақ жілік (ulna) – екі эпифизден (жоғарғы және төменгі) және диафизден тұрады. Жуандау проксималді ұшында артынан шынтақ өсіндісімен (olecranon) және алдынан тәждік өсіндімен (processus coronoideus) шектелген шығыршықтық тілік (incisura trochlearis) орналасқан. Тәжді өсіндінің астында шынтақ жілік бұдырмағы (tuberositas ulnae), ал шығыршықтық тіліктің сыртында тайыздау кәрі жіліктік тілік жайғасқан. Жіңішке төменгі ұшы шынтақ жіліктің басын (caput ulna) түзеді. Басының артқы – бүйір бетінде кәрі жілікпен қосылатын буындық айналма (circumferentia articularis), ал медиалді жағында біз тәрізді өсінді (processus styloideus) жатыр. Шынтақ жіліктің денесінің (диафиздің) пішіні кәрі жіліктікіне сәйкес келеді.
Қол басы сүйектері
Қол басы сүйектері (ossa manus) – білезік, алақан және саусақтарға бөлінеді. Білезік сүйектері (ossa carpi) төрт сүйектен екі қатар орналасқан сегіз қысқа кеуек сүйектер жиынтығы. Проксималды қатар бас бармақ жақтан алғанда мына сүйектерден түзілген: қайық тәрізді (os scophoidea), ай тәрізді (os lunatum), үшқырлы (os triquetrum) және бұршақ тәрізді (os pisiforme). Алғашқы үш сүйек бір-бірімен қосылып, кәрі жіліктің дисталды шетімен буындасуға арналған эллипс тәрізді білекке қарай
дөңестелген буын бетін түзеді. Бұршақ тәрізді сүйек оны түзуге қатыспайды. Ол білезікті бүгуші шынтақтық бұлшықет сіңірінде дамығандықтан дән тәрізді сүйектер тобына жатқызылады. Білезіктің дисталды қатарына төмендегі сүйектер жатады: трапеция (os trapesium), трапеция тәрізді (os trapezoideum), басты (os capitatum), ілмекті сүйек (os hamatum). Сүйектердің аттары олардың пішіндерін білдіреді. Әр сүйектік беттерінде көрші сүйектермен қосылатын буын беттері болады. Сонымен қатар, білезіктің кейбір сүйектерінің алақан беттерінде бұлшықеттер мен байламдар бекитін анатомиялық түзілстер орналасады. Атап айтқанда: қайық тәрізді және трапеция сүйектерінде төмпешіктер, ал ілмек тәрізді сүйекте ілмек (hamulus), қайық тәрізді және трапеция сүйектерінің төмпешіктерінен білезіктің кәрі жілік жағынан білезік-кәрі жіліктік томпақ, ал ілмек сүйектің ілмегі мен бұршақ тәрізді сүйектер шынтақ жілік жағынан білезік-шынтақ жіліктік томпақ түзеді. Осы екі томпақтың арасындағы шұңқырды білезіктік жүлге деп атайды.
Алақан сүйектері (ossa metacarpi) – бес алақан сүйегінен түзіледі. Түрі жағынан қысқа түтік сүйектерге жатады. Әр алақан сүйегінің негізін (basis), денесін (corpus) және басын (caput) ажыратады. І алақан сүйегінде трапеция сүйекпен қосылатын ертоқым тәрізді буын беті болады, ал Ү алақан сүйегі негізінің латералды жиегінде төмпешік бар. Бастарының бүйір беттерінде байламдар бекитін бұдырлы шұңқыршалар көрінеді. Алақан сүйектерінің ішіндегі ең қысқасы және жуаны - бас бармақтың алақан сүйегі, ал ең ұзыны – ІІ алақан сүйегі, әрі қарай ретімен ІІІ,ІҮ және Ү сүйектер.
Саусақ сүйектері (ossa digitorum manus) – қысқа қуыс сүйектерге жатады. Әр саусақ үш бунақтан (phalanx) тұрады: проксималды, ортаңғы, дисталды; тек бас бармақ қана прокисмалды және дисталды бунақтардан түзілген.
Проксималды бунақтың негізінде алақан сүйектерінің басымен қосылуға бейімделген бір буын шұңқыршасын, ал ортаңғы және дисталды бунақтарда қырлар арқылы бөлінген екі буын шұңқыршаларын байқауға болады. Олар шығыршық тәрізді сәйкес проксималды және дистаалды бунақтардың бастарымен буындасуға арналған. Бунақтардың ұштары алдан артқа қысыңқы, әрі кедір-бұдырлы (tuberositas phalanx distalis). Қол басының алақан-бунақ және бунақаралық буындары аймағында сіңірлер бекитін орындарда дән тәрізді сүйектер жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |