Оқулық Шымкент 2012 жыл удк


Тұрғындарға медициналық көмекті ұйымдастыру



бет51/95
Дата07.01.2022
өлшемі1,99 Mb.
#18029
түріОқулық
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   95
4.1.Тұрғындарға медициналық көмекті ұйымдастыру.



  • Емханалар бір-бірінен қызметті ұйымдастыру ерекшелігімен (стационармен біріктірілген, біріктірілмеген жеке), жергілікті белгілерімен (қалалық немесе ауылдық), көмек беретін тұрғындар топтарының ерекшеліктерімен (ересектер, балалар, жасөспірімдер), мамандандырылу дәрежесі бойынша (стоматологиялық, физиотерапилық, санаторлық, курорттық) өзгеше болуы ықтимал. Емханалардың жұмысы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министірінің 2004 жылы 15 желтоқсанда жарық көрген № 874 «Амбулаторлық-емханалық көмек беру ережелері» бұйрығы арқылы реттеледі.

    Мекеменің қуаты жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің саны емханаға бекітіп берілген тұрғындар саны мен күтілетін тұрғындардың емханаға қаралуға келу саны бойынша анықталады. Бір ауысымдағы дәрігерлерге қаралу санына қарай емханалық мекемелерді 5 топқа жіктейді, мамандардың саны белгіленеді, ұйымдық құрылымы анықталады. Қаржы органдары емхананың жоспарлы жұмыс көлеміне бақылау орнатады. Қалалық емхананың негізгі құрылымдық бөлімдеріне жататындар:



    • емхана әкімшілігі (бас дәрігер, оның орынбасарлары;

    • тіркеу орны мен анықтама столы;

    • емдеу-профилактикалық бөлімдері: терапевтік, цехтық терапевтік, хирургиялық, травматологиялық, стоматологиялық, тісті протездеу, офтальмалогиялық, оториноларингологиялық, невралогиялық, физиатерапиялық бөлімдер (бөлмелер), реабилитация мен емдік физкультура бөлімі, кардиологиялық, эндокриналогиялық бөлмелер, инфекциялық аурулар бөлмесі, әйелдерге кеңес беру бөлмесі, дәрігерлік және фельдшерлік денсаулық бекеттері, диспансерлік бөлім, жедел және күттірмейтін жәрдем бөлімі және тағы басқа бөлімдерден тұрады .

    Көмекші-диагностикалық құрылымдарға рентгенологиялық бөлім, лобаратория, қызметтік диагностика, эндоскопиялық бөлме, есепке алу және медициналық статистика кабинеті, әкімшілік-шаруашылық бөлім және басқалар жатады;

    Емхана әкімшілігінің шешімімен өзге де қосымша құрылымдар ұйымдастырылады. Мысалы, емхана құрамында қысқа мерзімді стационардың орнын басатын бөлімше, күндізгі стационарлар және денсаулық орталықтары жұмыс істеуі мүмкін.

    Қалалық жерде ұйымдастырылған емханалар өзіне бекітіліп берілген аумақ тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Оның жұмысы учаскелік шарт бойынша жүзеге асырылады. Бекітіліп берілген өндіріс, құрылыс ұйымдары мен өндірістері және автокөлік мекемелері жұмысшыларына цехтық шарт бойынша көмек көрсетіледі. Әрбір учаскеге дәрігер мен медицина бикесі бекітіледі. Терапевттер, педиатрлар, акушер-гинекологтар, фтизиатрлар учаскелік шарт бойынша жұмыс атқарады.

    Амбулаторлық-емханалық көмектің кеңінен таралған түрінің бірі, терапевтік қызмет болып табылады. Терапевтік-дәрігерлік учаске медициналық көмек беру жүйесінің ең маңызды звеносы, ал терапевт дәрігерлік учаскедегі медициналық көмекті ұйымдастырушы негізгі маман. Терапевтік учаскедегі ересек тұрғындардың орташа саны 1900-2000 адам, цехтық дәрігерлік учаскедегі жұмысшылардың орта саны 1600 адам болуы тиіс. Алайда өндірістік ортаның еңбек ету жағдайының ауырлығына қарай цехтың дәрігерлік учаскеде 1000 адамнан 2000 адамға дейін болуы мүмкін. Учаскелік терапевт тек қана дәрігер-клиницист емес, сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы. Сондықтан да ол қоғамдық денсаулықты, осы саланың менеджментін, клиникалық медицина, социология мен психология саласын жете меңгеруі қажет. Учаскелік дәрігер тұрғындардың денсаулығын зерттеу және денсаулыққа қауіп туғызатын себептерді анықтау әдістерін жақсы білуі тиіс. Емдеудің, диагностиканың, еңбекті ғылыми тұрғыда ұйымдастырудың ең озық әдістерін тәжірибеде қолдана алуы керек. Сондықтан учаскелік дәрігерді жалпы тәжірибелік дәрігер деп айтуға да болады. Учаскелік дәрігер-терапевт төмендегідей жұмыстарды қамтамасыз етуі тиіс:

    1. Учаске тұрғындарын емханада немесе үйінде дер кезінде білікті терапевтік

    көмекпен қамтамасыз етуі;

    2.Қауырт жағдайға, жарақатқа, улануға байланысты емханаға қаралуға

    келген кез-келген ауыр халдегі ауруға, олардың тұрған жерін есепке

    алмай, жедел медициналық көмек беру;

    3. Терапевтік аурулардың ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылуының

    алдында міндетті түрде толыққанды тексеруден өткізу;

    4. Қажетті жағдайда ауруларды терапевтік бөлім меңгерушісіне немесе

    өзге білікті мамандарға көрсетіп, кеңес алу;

    5. Ауруларды емдеуге диагностиканың, профилактиканың, терапия мен

    реабилитацияның озық әдістерін қолдану;

    6. Аурулардың уақытша еңбекке жарамсыздығын сапалы сараптау ;

    7. Учаскедегі ересек тұрғындардың арасында диспансеризация

    жұмысын ұйымдастыру, кешенді емдеу-профилактика

    шараларын жүзеге асыру;

    8. Учаске тұрғындарының арасында инфекцияларға қарсы егу,

    дегельминтация шараларын ұйымдастыру және жүзеге асыру;

    9. Инфекциялық ауруларды ерте кезеңнен анықтау, диагнозын қойып

    емдеу. Әрбір инфекциялық ауру оқиғаларын немесе инфекциясы

    болуы мүмкін аурулар туралы деректерді терапевтік бөлім

    меңгерушісіне және инфекциялық аурулар бөлмесінің дәрігеріне

    хабарлау.

    Санитарлық-эпидемиологиялық станцияның эпидемиологиялық

    бөліміне учаскеде анықталған инфекциялық ауру туралы жедел

    хабарнама жіберу;

    10. Өзінің дәрігерлік білімі мен біліктілігін және учаскелік медицина

    бикесінің білім деңгейін жүйелі түрде арттыру;

    11.Учаске тұрғындарының арасында жүйелі және белсенді

    медициналық-ағарту жұмыстарын жүргізу, зиянды әдеттерге қарсы

    күресті ұйымдастыру және салауатты өмір сүру салтын насихаттау.

    Учаскелік терапевтің жұмыс кестесін терапевтік бөлім меңгерушісі бекітеді. Оның жұмыс кестесінде амбулаторлық қабылдау, аурудың шақыруы бойынша үйіне барып медициналық көмек беру, профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыру уақыттары нақты етіп көрсетіледі. Егер емханалық мекеме аурухананың құрамында болса, онда учаскелік дәрігер емхана мен стационарда кезектесе жұмыс атқарады.

    Учаскелік дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін жоғары медициналық оқу орындарында (университеттер, академиялар, біліктілікті арттыру институттары) дипломнан кейінгі білім алу факультеттері ашылған, арнайы білім жетілдіру және мамандандырылу курстары ұйымдастырылған.

    Отбасылық дәрігер мен учаскелік терапевт өз білімін 5 жылда бір рет арттырып отыруы қажет.

    Амбулаторлық-емханалық мекеме дәрігерлері профилактикалық жұмысты диспансерлік әдіспен жүзеге асырады. Бұл әдістің көмегімен дәрігерлер денсаулығы дұрыс және созылмалы ауруы бар учаске тұрғындарын динамикалық бақылауға алып, аурудың басталуының алғашқы кезеңінде және созылмалы аурудың қозуының бастапқы белгілерінен анықтап, дер кезінде белсенді емдеу шараларын қолданады. Осының арқасында қауырт басталған аурулардың созылмалы түрге өтіп кетуіне жол бермейді. Сонымен қатар, созылмалы аурулардың одан ары асқынып, науқастың мүгедекке айналмауына немесе ерте жастан өлімге ұшырамауына арналған шараларды жүзеге асырады. Учаскелік дәрігер қызмет көрсететін тұрғындардың тұрмыстық жағдайын, еңбек ету ортасының денсаулыққа қауіпті себептерін, отбасындағы қарым-қатынасты, әр жанұяның қаржылық жағдайын, әдет-ғұрпын, құрамын, өмір сүру салтын жақсы біледі. Сондықтан ауруға алып келетін қатерлі себептерге қарсы профилактикалық шараларды белсенді және толыққанды етіп жүргізе алады. Учаскелік дәрігердің аурулардың денсаулығын бағалау мақсатында білікті маман-дәрігердің кеңесіне жүгінуіне мүмкіндігі бар. Ол әрбір аурудың зерттелу нәтижелерін сараптай отырып, емдеу-профилактика шараларының сапалы жоспарын жасайды. Отбасылық дәрігер учаскедегі эпидемиологиялық жағдайға қатаң бақылау орнатады. Қызмет көрсету аумағындағы санитарлық-гигиеналық ахуалды дұрыс бағалап, инфекциялық аурулардың туындауына алып келу қаупі бар ошақтарды дер кезінде анықтауға толық мүмкіндігі бар. Бұл жұмысты санитарлық-эпидемиологиялық станцияның санитарлық дәрігерлерімен тығыз байланыста жүзеге асыруы қажет.

    Емханаға қаралуға келген учаске тұрғыны бірден тіркеу бөліміне (регистратура) келіп, қажетті дәрігердің қабылдауына жазылады. Бұл бөлімнің қызметкерлері тұрғындарға сапалы көмек көрсетуге дайындалған орта білімді тұлғалардан жасақталады. Ал, бөлім меңгерушісі қызметіне орта медициналық білімі бар аса білікті тұлға тағайындалады. Бөлім қызметкерлері емханаға қаралуға келген әрбір тұрғынның сұранысын мұқият тыңдап, оның ауруына сай қызмет көрсететін маман-дәрігерге қаралуына барынша жайлы жағдай жасауы қажет. Науқастың көңіл-күйін бұзбайтындай етіп қызмет көрсету, аурудың қозу барысына көп ықпалын тигізеді. Сондықтан тіркеу бөлімінде барынша мәдениетті және науқастың көңіліне қаяу түсірмейтіндей етіп қызмет көрсетудің маңызы өте үлкен. Жеке емханаларда науқастардың қажетті дәрігерге өз бітінше жазылу тәжірибесі қалыптасқан. Науқас дәрігердің қабылдау уақытысын өзінің сұранысына сай етіп көрсете алады және белгіленген мезгілде амбулаторлық картасымен дәрігердің қабылдау бөлмесіне келеді. Қабылдау барысында дәрігер науқастың денсаулығына баға беріп, қажетті лабораториялық-диагностикалық сынақтарды және емдік шараларды тағайындайды. Арнайы бөлінген тіркеушілер науқасты цехтың немесе учаске дәрігерлерінің қабылдауына жазып, еңбекке жарамсыздық парақтарын толтырады, дәрігерлерді үйіне шақыру оқиғасын тіркейді. Амбулаторлық науқастың біріңғай медициналық картасында аурулардың диагнозы мен клиникасы жазылады. Тағайындалған зерттеу және емдеу шаралары көрсетіледі. Егер ауру диспансерлік бақылауға алынса, онда оның жоспары мен емдеу-профилактика шараларының жобасы және оны жүзеге асыру кезеңдері белгіленеді. Дәрігерлердің қойған диагноздары амбулаторлық картаның бірінші бетіндегі нақтыланған диагнозды тіркеу парағында, алғаш рет немесе қайта қойылған диагноз деген белгілермен жазылып көрсетіледі. Осының арқасында дәрігер науқастың ауырған кеселдерімен тез танысып, қай бағытта тексеру қажеттігін анықтай алады. Тіркеу бөлімінің жанында емхананың қызмет көрсету аумағының картасы, дәрігерлік учаскелер межесі, дәрігерлерлік бөлмелер мен қызмет көрсететін мамандардың тізімі және дәрігердің қабылдау уақтысы жазылған тақталар ілулі тұрады.

    Үйде көрсетілетін медициналық көмек емханалық мекеме ұйымдастыратын негізгі медициналық көмектердің бірі болып табылады. Бұл көмекті таңғы сағат 900-ден 1900 -ге дейін емхананың учаскелік немесе отбасылық дәрігерлері, ал қажетті жағдайда білікті мамандары беруі тиіс. Тәуліктің өзге уақыттарында жедел және кезек күттірмейтін медициналық қызмет дәрігерлері көрсетеді. Дәрігерлерді аурудың үйіне шақырылуын тіркеу барысында науқастың хал-ахуалы анықталып, қажетті жағдайда жедел кезекші дәрігерлер жөнелтіледі. Аурудың халі өте нашар болса, жедел медициналық көмек шақырылып, науқас ауруханаға жеткізіледі.



    Күндізгі жұмыс уақтысында қалалық емханаға аурулар мен әртүрлі мәселелер бойынша дәрігерлерге қаралушылар келеді. Мысалы, 50 000 адамға қызмет көрсететін емханаға күнделікті 1500 адам қаралады. Адамдардың легін дұрыс жіктеп, керекті дәрігерлерге бағыттау емханаға келген аурулар мен қаралушыларға медициналық көмекті дұрыс ұйымдастырудың кепілі болып табылады. Емханаға келушілердің жыл мезгіліне қарай жіктелуін зерттегенде, оның ең жоғары деңгейі көктемде қалыптасатындығын және жыл бойы келушілердің 30,5 % құрайтындығын

    көрсетті. Осы мезгілде суықтап ауырғандар мен тағайындалған профилактикалық шаралар саны барынша жоғары болып шықты. Осыдан кейін, емханаға қаралушылар санының жоғары деңгейі күзде тіркелді және жыл бойы емханаға келушілер санының 27,2 % құрады. Қыс мезгілінде емханаға қаралушылар саны – 24,4 % түзесе, жаз мезгілінде – 17,9 % ғана болып шықты.

    Екінші бір маңызды заңдылық апта ішіндегі күндерде емханаға қаралу санының қалыптасуында байқалады. (21 кесте)

    Жыл мезгілдерінің барлық кезеңдерінде дүйсенбі күніне емханаға қаралудың ең жоғарғы саны тура келетін болып шықты.

    Оның деңгейі апта бойы қаралудың жалпы санының 17,7 % -нан 21,2 % -на дейін жетеді.

    Бұл күннің ең қауырт кезеңі күз (21,2% ) және көктем айында (20,9 %) байқалады. Ал дүйсенбі күннің емханаға ең аз қаралатын кезеңі жаз айында (17,7 %) анықталып отыр (8 сурет).Сейсенбі күнгі емханаға қаралу саны айтарлықтай төмендеп (17,2 % ), сәрсенбі күні біршама артады (17,6 % ). Ал бейсенбіден бастап (16,9 %) сенбі күніне дейін (11,4 %) емханаға қаралу легі біртіндеп азая береді. Жексенбі күні кезекші дәрігерге қаралу саны жалпы апталық емханаға қаралу санының 0,4 % -ын ғана құрайды. Айта кететін жағдай, қалалық емханалардың жұмысын 6 күндік етіп ұйымдастыру өте тиімді және емдеу-диагностика шараларын сапалы ұйымдастыруға жақсы жағдай туғызатын болып шықты.




    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   95




    ©emirsaba.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет