3.5.Жүйке-психикалық сырқаттылық, жыныстық қатынастар арқылы таратылатын аурулардың медициналық-әлеуметтік мәселелері.
Ғылым мен техниканың жылдам дамып өркендеуі, әлеуметтік, биологиялық, антропагендік себептердің әсері және экономикалық қатынастардың өзгеруі адамның өмір сүруіне қоятын талаптарды тым қаталдандырып жібереді.Жеке тұлғалардың интеллектуалдық жұмыстарын арттыруды қажет етті.
Ал, аты аталған себептер адам организміне айтарлықтай қатер туғызады және психика жүйесіне түсетін қысымды ұлғайтады.
Психикалық денсаулық жалпы тұрғындар денсаулығына, мемлекеттің жұмыс қолына және экономикалық қуатына қуатты әсерін тигізетін себептің бірі болып есептеледі.Аты аталған мәселелер, психикалық денсаулыққа тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, сонымен қатар, оған қоғам мен үкіметтің де айрықша көңіл бөлуі қажет екенін көрсетеді.
Бүгінгі қалыптасып жатқан жағдай психикалық денсаулықты тек медициналық емес, әлеуметтік өзекті мәселе деп қарастыруды талап етеді.
1991 жылдың желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының қабылдаған Қарарында психикалық патологиялары бар адамдарды қорғаудың және оларға медициналық көмекті ұйымдастыруды жітілдірудің 25 шарты қарастырылған. Осы шарттардың маңызы бүгінгі экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайда одан ары жоғарылап отыр. Қарардағы ең басты шарттардың бірі - әрбір адамның барынша жақсы психиатриялық көмек алуға құқығы бар екендігін көрсетеді.Осы жерде әрбір психикалық ауруы бар адамның қоғамда өзгелермен бірдей еңбек етуіне және өмір сүруіне жағдай туғызу қажеттігі айтылған.
Психикалық денсаулықты қамтамасыз ету және даму бағытын анықтау мәселелерімен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) айналысады.
Осы ұйымның психикалық денсаулық және токсикомания атты бөлімі жер беті тұрғындарының психикалық денсаулық көрсеткіштерін анықтаумен қатар психиатриялық қызметтің психикалық аурулар деңгейі мен құрамына сай ұйымдастырылуын бақылаудың маңыздылығын көрсетті.
Жер беті тұрғындарының көңілін осы мәселелерге аударып, психикалық аурулардан қоғамға әсер ететін зияндылықты азайтуға бағытталған жобалар мен бағдарламалар құрастырады.Әрбір бағдарламаны жеке мемлекеттерде қалыптасқан саяси-экономикалық жағдайға сай қалыптастырады және оның тиімділігін анықтайды.
Сондықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымы (ББҰ) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) құжаттары, қарарлары мен шешімдері әрбір мемлекеттің психиатриялық қызметін ұйымдастыруда, психикалық аурулардың еңбек етуге және өмір сүруге арналған құқықтарын қамтамасыз етуде міндетті түрде қолданылуы тиіс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары мен білікті мамандардың деректеріне қарағанда, жер беті тұрғындарының психикалық және жүйке жүйесі патологияларымен ауыруы соңғы 20 жылда айтарлықтай жоғары деңгейге көтерілді. Әсіресе, Кеңестер Одағының ыдырауы мен осы кеңістіктегі саяси арпалыстың күшейуі, тұрғындар арасындағы жүйке-психикалық және психосоматикалық ауытқулардың артуына алып келді. Осы жерде айта кететін мәселе, психикалық аурулардың құрамы мен деңгейі мүлде өзгеріске ұшырады.
Ресей Федерациясында жарық көрген ғылыми материалдарға қарағанда, психоневрологиялық диспансерлерде бақылауда тұратын тұрғындардың саны жылдан-жылға ұлғаюда. Ал, 2002 жылы психикалық ауытқуы бар аурулар (алкогольдік психозы, алкоголизм, наркомания мен токсикоманиясы барлардан өзге) саны 100 000 адамға балап есептегенде 1338,9 оқиғаны құраған. Тек 2002 жылы диспансерлік бақылауға 120 966 ауру алынған. Осыдан алғаш рет психикалық патология деген диагноз қою деңгейі 100 000 адамға балап есептегенде 83,5 оқиғаны түзеді.
Статистикалық және ғылыми деректерге қарағанда, Қазақстан Республикасы тұрғындары арасындағы психикалық аурулардың таралу деңгейі 100 000 адамға балап есептегенде 1864,3 оқиғаны түзеді. Психикалық аурулар мен жүріп-тұру әдетінің өзгеру оқиғалары бойынша алғаш рет қойылған диагноз 100 000 адамға балап есептегенде 1996 жылы – 143,5 оқиғаны, 2006 жылы – 146,9 оқиғаны, 2008 жылы – 162,1 оқиғаны, 2009 жылы 167,2 оқиғаны, 2010 жылы - 183,9 оқиғаны түзеген. Басқаша айтқанда, есепке алынған жылдары психикалық аурулардың алғаш рет тіркелген диагноздар саны 26 % -ға өскен.
Наркотикалық және психиканы өзгертетін дәрілерді қабылдаудан алғаш рет психикалық ауруларға шалдығу 1999 жылы 380 913 оқиғадан (260,7%0 ) 2009 жылы 419 751 оқиғаға (294,7%0 ) жоғарылады, басқаша айтқанда, бұл патологиялар деңгейі 7,3 % өсті.
Көптеген ғалымдар мен мамандар қоғамның көңілін психикалық аурулардан туындайтын мүгедектік және өлім оқиғаларының артуына аудару керек деп есептейді. Осы қалаптасқан жағдайды экологиялық, әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық және биологиялық себептердің қатерлік қуатының артуымен байланыстырады.
Мысалы, қызметпен айналысатын адамдардың психикалық аурумен ауыру деңгейі жұмыссыздардың аурушаңдығынан төмен екендігі дәлелденді. Жұмыссыздардың 52,6 %-ының психиатрға көрінуді қажет ететін ауытқуы бар екендігі анықталды. Оларға профилактикалық немесе белсенді емдеу шараларын жүргізу қажет болған.Себебі, бұл қоғамдық топта дезадаптациялық және суицидальдық үрдіс белең алған болып шықты.
Ұлтаралық қақтығыстар мен қарулы соғыстар, табиғи апаттар мен экологиялық жайсыз жағдай тұрғындар арасындағы психикалық ауытқу оқиғаларын ұлғайтады. Ал, әлеуметтік-экономикалық, қаржылық жағдайдың күрт нашарлауы жанұяда, еңбек ұжымында, қоғамда психикалық денсаулықтың нашарлауына алып келеді. Адам денсаулығына, әсiресе психикалық денсаулығына әр тараптан шамадан тыс жайсыз, бұрмаланған және агрессивтi хабарлардың көптеп түсуi де зиянды әсерiн тигiзiп, патологиялардың туындауына алып келедi.
Ғылыми зерттеу жұмыстарының деректерiне қарағанда жайсыз хабарлардың тоқтаусыз легi тек психикалық ауруларға алып келмейдi, сонымен қатар, жүрек-қан айналу, ас қорыту, иммундық жүйе ауруларына және онкологиялық патологиялардың өсуiне себеп болады.
60 жастан асқан тұрғындар арасында психикалық ауытқулардың деңгейi арту үстiнде. Мысалы, Ресей Федерациясында олардың аурушаңдық көрсеткiшi 1993-1998 жылдар арасында 9,8%- ға өскен. Болжамды деректерге қарағанда қартайған және кәрi адамдар арасында психикалық аурулар одан ары өсетiндiгi анықталады.
Әлеуметтiк жағдайдың ауырлығына бейiмделе алмау психикалық ауру мен дені сау жағдайының арасында орналасқан адамдардың топтарын туындатты. Оларды айқын психикалық аурулар қатарына да, денi сау адамдар қатарына да қосуға болмайды. Осы адамдарды анықтау және дер кезiнде емдiк-профилактикалық шараларды ұйымдастыру медицина қызметкерлерiнiң маңызды мiндетiне жатады.
Әдеби көздердiң деректерiне қарағанда, психикалық аурулар құрамында психосоматикалық патологиялардың үлес салмағы арта түскендiгi байқалады. Тұрғындардың арасындағы осы ауытқулардың таралуы 15%-дан 50%-ға, ал амбулаторлық аурулардың арасында 30%-дан 57%-ға дейiн жетедi. Олардың таралу деңгейi көп салалы ауруханалар пациенттерi арасында да өте жоғары.
Бұл патологиялар эндокринологиялық, терi-венерологиялық және бронх демiкпесi бар ауруларда, жүрек қан айналу және ас қорыту жүйесiнде патологиялары бар адамдарда, артриттерi, остеохондрозы және басқа патологиялары бар тұрғындарда кездеседi.
Психосоматикалық ауытқулардың клиникалық көрiнiстерi көптеген түрлерден тұрады және олардың негiзгi белгiсi ретiнде психикалық және соматикалық ауытқулар клиникасының өзгеруiн алуға болады. Бұл мәселенiң өзектiлiгi тек медициналық-психологиялық себептермен анықталмайды, сонымен бiрге, қаржылық себептермен де айқындалады. Психикалық ауытқулардың соматикалық аурулар арасында жиi кездесуi психиатрлар мен учаскелiк және стационарлық дәрiгерлердiң тығыз байланыста жұмыс атқаруларын талап етедi. Бұл жұмыстар жалпы медицина мекемелерiнде немесе арнайы психосоматикалық клиникада жүруi тиiс. Бұл ауруларға диагноз қою үшiн қыруар қаржы жұмсалады, көптеген қосымша лабораториялық сынақтар мен тексерулер жургiзiледi.
Осының барлығы қоғамның көп қаржы жұмсауына және экономикалық шығынына себеп болады. Ауруларды өз диагнозына сай емдемеу, емдеу-профилактикалық шараларының тиiмсiздiгiне алып келедi. Сондықтан, соматикалық түрде қалыптасқан психикалық ауытқулар кез келген қоғамның әлеуметтiк-экономикалық мәселесi ретiнде қарастырылады. Психиатриялық қызметтiң көмегiн қажет ететiн аурулардың шынайы санын анықтау, осыған сай медициналық көмектi ұйымдастыруға жағдай туғызады. Психиатриялық көмектi қажет ету ұзақтығы әрбiр патологияның даму бағыты мен клиникалық ерекшелiктерiне және қайта қозу мүмкiндiктерiне байланысты.
Осы қағидаға сай барлық психиатриялық аурулар үш топқа жіктеледi. Аурулардың бiрiншi тобын өмiр бойы бақылауға алу қажет. Екiншi топтағы психикалық ауруларды патологиялары белсендi қозған кезеңде, ал үшiншi топтағы пациенттердi аурудың қауырт кезеңiнде бақылайды. Осы қағиданы бетке ала отырып, Ресей Федерациясының медицина қызметкерлерi тұрғындардың 21 миллионы психикалық аурулардың мәселелiк тобына жататындығын анықтады. Басқаша айтқанда, Ресей Федерациясы тұрғындарының 14%-ы психиатриялық медицина мекемелерiнiң бақылауында болуы тиiс. Көптеген дамыған елдердiң тәжiрибесi қазiргi психиатриялық көмектiң ауруларды және олардың ағайын-туысқандарын динамикалық бақылауға алу жене гуманизациялану бағытында даму үстiнде екендiгiн көрсетiп отыр. Психиатриялық көмектi ұйымдастыру саясаты жер бетiндегi барлық мемлекеттерде тез өзгерiске ұшырауда. Соңғы 20 жылда осы бағытта байқалған өзгерiстердiң ауқымы өте үлкен. Оның барысында психиатрлардың жалпы медициналық көмек беру мекемелерiнiң жұмысына тартылу мәселесi кеңiнен талқылануда және осы бағытта тәжiрибелер жүргiзiлуде. Бiрiншiден, бұл жағдай алғашқы медициналық көмектi ұйымдастыру мекемелерiне бөлiнетiн қаржы көлемiнiң ұлғаюымен тығыз байланысты. Екiншiден, психиатриялық ауруханалардағы төсек-орын санының қысқарып, жалпы медициналық ауруханалардың психиатриялық бөлiмшелерiндегi төсек-орындар санының ұлғайтылуында жатыр.
90-жылдың басынан Германия Федерациялық Республикасында арнайы психиатриялық медицина мекемелерiн қысқартып, көпсалалы стационарлық мекемелер құрамында психиатриялық бөлiмшелер ашу үрдiсi белең алды. Осылайша, 1991 жылы көпсалалы стационарларда 232 психиатриялық бөлiмше ашылып, оларда 27 803 төсек-орын ұйымдастырылды, ал 1995 жылы бөлiмшелер саны 492-ге, төсек-орындарының саны 68 %-ға артты.
Ұлыбританияда психиатриялық ауруханаларды жаңаша құру үрдiсi соңғы 15 жылда кеңiнен етек алды. Ірi ауруханалар жабылып, жалпы медициналық көмек беру мекемелерiнде психиатриялық бөлiмшелер саны мен төсек-орындар саны арта түсуде. Жалпы медициналық бөлiмшелер құрамында балалар мен жасөспiрiмдерге тәулiк бойы психиатриялық көмек көрсету жүйесi ұйымдастырылды. Бұл елде 1999 жылы “Тұрғындардың психикалық денсаулығын қорғау бағдарламасы” енгiзiлдi. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiне сай жергілiктi медициналық және әлеуметтiк қызмет көрсету мекемелерi тұрғындарға алғашқы психиатриялық көмекті ұйымдастыруда мына шарттарды қатаң сақтауы тиiс. Кез келген ауру бiрден психиатрия саласының маманына көрсетiлiп, диагнозы толық анықталып, сапалы медициналық көмекпен және әлеуметтiк қамсыздандырумен қамтамасыз етiлуi керек.
Америка Құрама Штаттарында өкiмет орындарының тiкелей бақылауымен психиатриялық қызметтiң жұмысы ұйымдастырылып, жеткiлiктi көлемде қаржы көзi жұмсалады. Бұл мемлекетте психиатриялық және жалпы медициналық жүйелердiң бiрiгуi жедел жүруде. 2008 жылы психиатриялық көмек жалпы медициналық көмек жүйесiмен толық бiрiктiрiлдi. 1960 жылы Францияда психиатрия саласы бойынша арнайы заң қабылданды. Осы кезеңге дейiн бұл заң үнемi жетiлдiру үстiнде. Бұл мемлекетте де психиатрия мен жалпы медициналық жүйе бiрiктiрiлуде. Қайта құру жұмысының бағыты дәрiгерлердiң күшiн бiрiктiрiп, әрбiр ауруға олардың психикалық статусына сай стационарлық жағдай қалыптастыруға алып келдi. Сонымен қатар, психосоматикалық статусқа қарай өмiр сүру ортасын да өзгеше ұйымдастыру жұмыстары қолға алынуда.
Жалпы, психиатриялық көмектiң сапасын арттыруға тек қайта құру жұмысы алып келген жоқ, сонымен қатар, бұл салаға бағытталған қаржының артуы да дұрыс ықпалын тигiзуде.
1984 жылдан бастап Грецияда психиатриялық қызметтi қайта құру жұмыстары жүргiзіле бастады. Осы мақсатқа европалық қоғамның арнайы бағдарламасы мен қаржысы жұмсалды. Осы кезеңге дейiн психикалық аурулары бар азаматтарға стационардан тыс көрсетiлетiн амбулаториялық-емханалық және әлеуметтiк көмек сапасы күрт жақсарды.
Iрi психиатриялық диспансерлердiң ауруларға көрсететiн көмегi бiрте-бiрте азайып, жалпы медицина жүйесiнiң қызметiмен бiріге бастады. Олардың тұрғындар арасында жүргізілетін профилактикалық жұмысы жақсара түсуде. Психиатриялық стационарда көптеген жылдар бойы емделген аурулар емханалық көмекке шығарылуда.
Психиатриялық көмектi ұйымдастыруда жер бетi мемлекеттерi үкiметтерiнiң барлығы да өз рольдерiн арттыруда. Жергiлiктi психиатриялық қызметтi қаржыландыру жылдан-жылға арту үстiнде. Осындай үрдiс Африка, Латын Америкасы, Европа, Азия мемлекеттерiнде кеңiнен етек алуда. Кеңестер Одағында психиатриялық көмектiң үш кезеңдiк жүйесi жұмыс iстейдi. Олар стационар, диспансер, жартылай стационар жүйесi деп аталды. Бұл жүйенiң жұмысы көбiнесе экстенсивтi жолмен дамыды. Тұрғындарға психиатриялық көмек көрсету көлемi, дәрiгер психиатрлармен және төсек-орынмен қамтамасыз ету деңгейi, аурулар санының өсуi үнемi динамикалық прогрессивтiк қозғалыста болды.
ХХ ғасырдың 80 жылдары Кеңестер Одағындағы психиатриялық қызмет жер жүзiндегi ең дамыған медициналық қызмет болып қалыптасты. Тұрғындардың дәрiгер-психиатрлармен қамтамасыз етiлуi әрбiр 10 000 адамға балап есептегенде 7,7%оо, психиатриялық төсек-орынмен қамтамасыз етілуi 12,0%00 құрады. Орталық аудандық ауруханалардың құрамында арнайы психоневрологиялық кабинеттер жүйесi ұйымдастырылды.Осыған байланысты, тұрғындардың кез келгенi өзiнiң психиатриялық статусына сай амбулаторлық-емханалық немесе стационарлық көмек ала алатын жағдайға келдi. Қызметтiң сапалық және сандық көрсеткiштерi оның қаржыландыру, мамандармен және еңбек ақысымен қамтамасыз ету көлемiмен анықталды. ХХ ғасырдың 90 жылдарында Кеңестер Одағында қалыптасқан әлеуметтiк-экономикалық және саяси тоқырау барлық денсаулық сақтау жүйесiн және психиатриялық қызметтi өте ауыр жағдайға алып келдi. Экономикалық және қаржылық тоқырау, медициналық-әлеуметтiк жүйеде де ауыр орта қалыптастырды. Сондықтан, психиатриялық жүйе жұмысын басқаша құру мәселесi күн тәртiбiнiң маңызды сұрағына айналды.
Қайта құру барысында, ең бiрiншi кезекте психиатриялық қызметтi қаржыландыру, материалдық қорларды жұмсау механизмін анықтау, қызметтiң жұмысын бағалау мәселелерiн шешуге баса көңiл бөлу керек болды. Қазiргi таңда бұл қызметтiң даму бағытын анықтап, ұйымдастыру және басқару жүйелерiн жетілдiру мәселелерiн шешу күттiрмейтiн сұрақтар болып отыр.
Осы сала мамандарының пайымдауынша, психиатриялық қызмет пен жалпы медициналық жүйе мекемелерi мамандарының жұмыстары бiр-бiрiне етене тығыз байланыса бередi. Олардың бiрiге отырып шешетiн мәселелерi профилактика, нозологияға дейiнгi диагностика, сапалы емдеу, реабилитация сияқты маңызды жұмыстарды қамтиды. Осы жағдайда ғалымдар мен медицина тәжiрибесiндегi мамандардың күшi тек психикалық ауруларды емдеуге ғана бағытталмайды, олардың профилактикалық шаралары жалпы тұрғындардың психикалық денсаулығын қамтамасыз етуге арналады. Басқаша айтқанда, психиатрияның профилактикалық, әлеуметтiк және ұйымдастырушылық салаларын дамыту бүгiнгi күннiң маңызды мәселесiне айналады.
Аты аталған бағытта Ресей Федерациясы үкiметiнiң және денсаулық сақтау жүйесiнiң атқарған жұмыстары өте үлкен. 1995 жылы жарық көрген Денсаулық сақтау министрлiгiнiң «психиатриялық және психотерапевтiк көмек» туралы № 294 Жарлығында бұл қызметтiң жұмысын жалпы медициналық жүйе қызметi жұмысымен тығыз ұштастыру қажеттiлiгi баса көрсетiлген. Психиатриялық көмек психотерапевтiк көмекпен толықтырылған. Барлық жалпы медициналық стационарлар мен емханаларда психотерапевтiк көмек кабинеттерi мен бөлiмшелерi ашылды. Мысалы, 1997 жылы Мәскеу қалалық клиникалық ауруханасында ашылған психиатрия бөлiмшесi мынандай мiндеттердi шеше бастады:
а) көпсалалы ауруханада жатқан соматикалық ауруларға арнайы психотерапиялық және психиатриялық кеңес беру, диагностика, профилактика және емдеу шараларын ұйымдастыру;
б) этика мен деонтология мәселелерiн шешу; оның iшiнде (психологтармен бiрге аурулар арасында, медицина қызметкерлерi арасында, аурулар мен медицина қызметкерлерi арасында туындаған келiспеушiлiк пен қақтығыстарды шешу;
в) еңбек ұжымындағы психопрофилактикалық және психогигиеналық мәселелердi шешу.Кабинеттi немесе бөлiмшенi психиатр басқарады. Бұл бөлiмшенiң жұмыс атқарған соңғы үш жылында 4528 ауруға кеңес берiлдi, ал 2915 ауруға психотерапевтiк жәрдем көрсетiлдi.
Ресей Федерациясындағы психиатриялық қызметтiң қайта құрылуы мамандарды даярлау, аурулар диагностикасы және емдеу стандарттарын жаңадан құрастырудан басталды. Жергiлiктi психиатриялық қызметтердiң шаруашылық және өзге жұмыстарын‚ ұйымдастырудың жаңа түрлерi енгiзiлдi.
Психиатриялық қызметтi жетілдiру бағдарламасы жасалып, психикалық ауруларды қорғаудың қоғамдық жүйесi ұйымдастырылды. Алайда, мамандар бұл қызметтi толығынан қайта құрудан сақтандырады. Керiсiнше, бұл қызметтi ұйымдастырудың негiзгi шарттары, оның iшiнде барлық тұрғындарға бiрдей емделуге жағдай жасалу, көмектi кезеңдете көрсету, әр ауруға жекелей және клиникалық көзқарас өзгерiссiз қалуы керек.
Сонымен, Рессейдегi психиатриялық қызметтi жаңаша ұйымдастыру iсi жалғасуда, бiрақ психиатриялық ауруларды емдеу сапасының артуы байқалмайды .
Жеке авторлардың жазуына қарағанда, осы күнге дейiн жетiлмеген Азаматтық Кодекс, мемлекеттiң психикалық ауруларды қорғауға бағытталған жеткiлiксiз қимылдары, бұл саланың мамандарына әлеуметтiк тұрғыдағы көмектiң төмендiгi қызмет сапасының және аурулар жағдайының жақсаруына алып келе қоймайды. Сондықтан, көптеген аурулар еңбек ету құқығынан айырылып, үйсiз-күйсiз қалып отыр. Қайта құрудың барысында Азаматтық соттар құрамына психиатрия саласынан бiлiмi бар судьяларды енгiзiп, психикалық аурулардың құқығын қорғау мәселесiн шешуге бет бұрған ыңғайды ғана байқатып отыр.
Санкт-Петербургта қызмет атқаратын 645 психиатрдың арасында жүргiзiлген сұрақама қорытындысында, жаңа заңда психикалық аурулардың құқығы шамадан тыс кеңейтiлген деп көрсеткен. Ал, психикалық аурулардың құқығы толық қорғалмаған деп респонденттердiң 4%-ы ғана атап өткен. Дәрiгерлердiң 58,3%-ы психикалық аурулар арасында ақылы медициналық көмектi кеңейту керек деп көрсетсе, 30,9%-ы ақылы көмектiң бұл салада болмауын қалаған. Олар психикалық аурулардың әлеуметтiк тұрғыдан мүлдем қорғалмағандығын бетке ұстайды.
Мамандардың 94,8%-ы ауруларға қажеттi күндiзгi стационарларды кеңiнен ұйымдастыру қажет деп есептейдi. Респонденттердiң 74%-ы бұл ауруларға арналған жатақханалар ашу қажеттiгiн атап өткен.
Дәрiгерлердiң 80,2%-ы психотерапевтiк кабинеттердiң ашылуын құптайды және олардың жалпы медициналық емханалар мен стационарлар құрамында болғанын дұрыс деп есептейдi. Сұрақнамаға тартылған мамандардың 57,5%-ы психиатриялық қызмет тәжiрибесiне технологиялық стандарттарды енгiзуге қарсы болды.
Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Ресей Федерациясындағы арнайы өкiлi жасаған 16.06.1999 жылғы “Психикалық аурулармен ауырған азаматтардың құқығын сақтау туралы” баяндамасында бұл саладағы қайта құру жұмыстарын белсендi және жылдам жүргiзу қажеттiгiн атап көрсеттi. Ол өз баяндамасында федералды басқару жүйесiнiң психиатриялық қызметтiң жұмысын жөндi және керектi деңгейде бақыламай отырғандығын айтты. Сонымен қатар, психиатриялық қызмет сапасының айтарлықтай өзгермегендiгiн, ал психикалық аурулар құқығының қорғалу оқиғаларының мүлдем кездеспейтiндiгiн алға тартты. Арнайы өкiлдiң айтуынша, бұл қиыншылықтан шығу үшiн психиатриялық көмек сапасын арттыру және бұл саланы қаржыландыруды жолға қою кажет. Әсiресе, балалар мен жасөспiрiмдерге, қартайған азаматтарға көрсетiлетiн психиатриялық көмектi сапалық тұрғыдан қайта жақсарту, дәрiгерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру және осы мекемелерде қызмет атқаратын қосалқы қызметкерлерге қойылатын талаптарды қатаңдандыру қызметтi жақсартуга өз үлесiн қосады. Соттық-психиатриялық қызметтi жетiлдiруге де баса көңiл бөлу қажет. Ал, жергiлiктi жердегi әкімшiлiктер аумақтық бағытты бағдарламалар жасап, оның құрамына әлеуметтiк-психологиялық және суицидологиялық қызмет көрсету шараларын қосуы тиiс.
Жоғарыда аталған өзектi мәселелерге арналған ғылыми жұмыстар мен арнайы баяндамалар Ресей Федерациясымен қатар, бұрынғы Кеңестер Одағына кiрген, қазiргi дербес мемлекеттерде де жиi жасалып жүр.
1995 жылы Қазақстан Республикасында “Қазақстан халқының психикалық денсаулығы туралы” Заңының жобасы ғылыми журналдарда жарық көрдi. Оның авторы соматикалық, психикалық және әлеуметтiк денсаулықтың тығыз байланыстылығын бетке ұстай отырып, оларды бiрiктiретiн жалпы денсаулық деген категорияны алға тартады. Сондықтан, адам денсаулығын қамтамасыз ету үшiн осы категориялардың барлығына дұрыс ықпал жасау қажет деп көрсетедi. Сонымен, психикалық денсаулық жалпы денсаулықты қалыптастыруға куатты әсерiн тигiзетiн негiзгi категориялардьң бiрi болып табылады .
1997 жылдың 16 сәуiрiнде Қазақстан Республикасының “Психиатриялық жәрдем және оны алудағы азаматтардың құқығын қамтамасыз ету туралы” Заңы күшiне ендi. Бұл заңда республикамыздың психикалық ауытқулары бар азаматтарға психиатриялық көмек беру саласындағы ұстаған саясаты мен негiзгi шарттары айқындалған, олардың қатарында:
1. Зандық, адамгершiлiк және әрбiр адамның құқығын сақтау;
2.Психикалық ауытқулары бар азаматтарды тегiн және толыққанды
медициналық көмекпен қамтамасыз ету;
3.Психиатриялық көмектi беруде азаматтардың әлеуметтiк тұрғыдан
қорғалуы.
Алайда, өткен кезеңдерде жеткен тәжiрибе, бұл заңның
психиатрия саласында қордаланған өзектi мәселелердi толық шеше
алмағандығын көрсеттi. Оның iшiнде, өндiрiс орындарында
психикалық ауруларға арналған квота бөлiнуі, психикалық ауруларға
емдiк-еңбек ету өндiрiстерiнiң ашылуы мен жұмыс iстету мәселелерi
шешiлмей отыр.
Қазiргi тұрмыстық, әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың психикалық денсаулыққа түсiретiн зиянды әсерiне байланысты психосоматикалық аурулар мен ауытқулар санының артуы психиатриялық қызметтің сапасын жақсартуды талап етедi. Осы бағытта атқарылған өте маңызды жұмыстың бiрi соматикалық медицина мен жеке жалпы дәрiгерлiк тәжiрибеге психодиагностиканың ендірiлуi болып табылады. Алайда, жалпы медицина саласында қызмет атқаратын дәрiгерлердiң психодиагностикадан бiлiктiлiктерiнiң төмендiгi ауруларға көрсетiлетiн медициналық көмек сапасына дұрыс ықпал жасай алмауда. Дәрiгсрлiк тәжiрибенi сараптау емханалық және стационарлық жүйедегi дәрiгерлер аурулардың психосоматикалық статусына дұрыс баға бере алмайтындығын, осыған байланысты емдiк шараларды сапалы өткiзбейтiндiгiн анықтады. Ал, жалпы медициналық жүйедегi дәрiгерлерге қаралатын аурулар өз организмiнде психикалық ауытқулардың бар екендiгiне көңiл аудармайды және сенбейдi. Тұрғындар арасында күннен-күнге психиатрлар мен психотерапевтердiң көмегiн алуды қажет етушi адамдардың көбеюi байқалады. Санкт-Петербургтағы жеке бiр емхананың аурулары арасында жүргiзiлген кешендi психиатриялық зерттеу, олардың 87,3%-ында психикалық ауытқудың белгiлерi барын, ал 12,7%-ында психикалық аурудың бар екендiгiн анықтады.
Мәскеу қаласындағы iрi көпсалалы клиникасында емделудегi 1994 ауруға жүргiзiлген клиникалық тексеру, олардың 49,3%-ы психотропты дәрiлермен емделуi қажет екендiгiн көрсеттi. Олардың 19%-ы үнемi психиатрлардың қатысуы арқылы емделуi тиiс болып шықты. Аурулардың 5%-ы арнайы психосоматикалық бөлiмге ауыстырылып, қатаң дәрiгерлiк бақылауға алынуын қажет еттi.
1993-1996 жылдар арасында “Соколов - Сарбай тау-өндiрiсi” бiрлестiгiнiң жұмысшыларына қосымша медициналық - психотерапевтiк көмек берiлдi. Дәрiгерлердiң бақылауына 129 адам алынды. Олардың арасында невротикалық ауытқу, психосоматикалық патология, эмоциялық ауытқу және жүрiс-тұрысының өзгеру белгiлерi болды.
Жүргiзiлген емдiк-профилактикалық шаралар жұмысшылардың психикалық денсаулығын айтарлықтай жоғарылатып, еңбек өнiмдiлiгiн арттырды. Осындай емдiк-профилактикалық шараларды еңбек ұжымдарында кеңiнен қолға алу қажет екендiгiн дәлелдедi. Психикалық ауытқуларды дер кезiнде анықтау немесе ерте басталу (клиникаға дейiнгi кезеңде) алдында анықтау профилактикалық және емдiк шараларды барынша тиiмдi ұйымдастыруға көмектеседi. Жұмысшылардың еңбекке жарамдылығын тез қалпына келтiредi. Осындай медициналық-психотерапиялық шараларды әлеуметтiк- экономикалық жағдайы ушыққан ұжымдарда ұйымдастыру жаппай психоздар мен невроздардың дамуына арналған шаралардың негiзiн құрауы қажет. Осы жағдайда психиатрлар мен психиатриялық қызметте жұмыс атқаратын өзге қызметшiлердiң этика мен деонтология шарттарын қатаң сақтауы керек. Барлық психиатриялық тәжiрибе аурулардың заңды құқықтарын сақтау арқылы жүзеге асырылса, ауруларды емдеуде және еңбекке жарамдылығын қалыптастыруда жақсы табысқа алып келедi. Бұл жерде дәрiгерлердiң осындай аурулармен жұмыс iстеуге психологиялық даярлығы мен олардың организмiне түсетiн ауыртпалықты есепке алмауға болмайды.
Қазiргi ғылыми басылымдарда балалар мен жасөспiрiмдерге және ересектерге арналған жедел психиатриялық жәрдемдi ұйымдастыру мәселелерiн талқылау оқиғалары жиi кездеседi. Оның iшiнде жедел және кеңес беруге арналған психиатриялық көмек айырмашылығы, балаларға көрсетiлетiн жедел психиатриялық және жалпы соматикалық көмектiң бiрiгiп жұмыс атқару меселесi, денсаулық сақтау мекемелерiнiң психиатриялық көмектi ұйымдастырудағы бiрiгiп атқаратын жұмысы талқыланды. Бұл жерде жедел психиатриялық жәрдемнiң эвакуаторлық қызметi, сапалы дәрiгерлiк көмекке бет бұру мәселелерi мен жолдары көрсетiлген. Жедел психиатриялық көмектi ұымдастырудағы жеке дерiгерлердiң аурулармен арақатынасын өзгеше, гуманитарлық және медициналық-реабилитациялық бағытта өрбуiнің қамтамасыз етiлуi бүгiнгi күннiң негiзгi талабы екендiгi дәлелденедi.
Соңғы 20 жылда бұрынғы Кеңестер Одағында және қазiргi Тәуелсiз мемлекеттер достастығы аумағында психиатриялық қызметтi жаңаша құру үрдiсi күшейе түсуде. Әсiресе, төтенше жағдайда көрсетiлетiн психиатриялық және психотерапевтiк көмектi ұйымдастыру өзектi мәселелердiң бiрi болып отыр. Бұл жерде, психиатриялық көмек, клиникалық психиатрия саласында қолданылатын әдiстерден өзгеше жолдармен жүзеге асырылуы тиiс. Оның өзiндiк технологиясы мен құралы және ұйымдастыру әдiстерi бар. Осы жерде адамдардың жалпы психикалық денсаулығы, стрестер мәселесi, адаптация мен тiршiлiктi қамтамасыз ету жолдары жеке өзектi мәселеге айналады.
Психиатриялық көмектi жетiлдiрудiң бiр түрi диспансерлiк-стационарлық бөлiмдер жүйесiн ұйымдастыру болып табылады. Ол кешендi құрылым ретiнде психиатриялық стационардан, ауруларды амбулаторлық қабылдау бөлмесiнен, күндiзгi стационардан және емдеу-еңбек ету шеберханасынан тұратын мекеме. Диспансерлiк-стационарлық бөлiм учаскелiк дәрiгермен, қоғамдық ұйымдармен, еңбекке тарту мекемелерiмен және юристермен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Осының арқасында психикалық ауруларға медициналық әлеуметтiк, құқықтық және тұрмыстық көмектердi түбегейлi қамтамасыз етуге жағдай туады. Осылайша, ұйымдастырылған учаскелiк-психиатрдың жұмысы, олардың жұмысының сапасын арттырады.
Жеке авторлардың ғылыми зерттеулерi көрсеткендей, қазiргi психиатриялық қызмет жүйелерi, оның iшiнде психиатриялық аурухана мен психоневрологиялық диспансерлер аурулардың толыққанды емделуiне және еңбекке кабiлетiнiң қалыпқа келуiне жайлы жағдай туғыза қоймайды. Әсiресе, аурулары айқын емес немесе басқа аурулардың қалқасынан көрiнбейтiн белгiлерден тұратын психикалық ауытқулары бар азаматтардың емделуi толық қамтамасыз етiлмейдi. Ал, жалпы соматикалық ауруханаларда емделетiн пациентгердiң көбiсiнде психикалық ауытқулардың өте жиi кездесетiндiгi анықталып отыр. Соңдықтан, осы ауруларға сапалы көмек көрсету жолдары анықталып, оларды қатарға қосудың, патологияларынан арылтудың және еңбекке жарамдылығын қалыпқа келтiрудiң тиiмдi жолдары жасалуы тиiс. Жалпы соматикалық жүйедегi ауруханалар мен психиатриялық қызмет мекемелерi күштерiн бiрiктiрiп, осы өзектi мәселенi шешудiң бiрiңғай жүйесiн немесе психиатриялық көмектi ұйымдастырудың жетiк моделiн жасауы қажет. Амбулаторлық-емханалық жүйеде, психиатриялық көмектi ұйымдастыру психотерапевтiк кабинеттер арқылы жүруi керек. Бұл кабинеттiң мамандары ауруларға диагностикалық емдiк және кеңес беру қызметтерiн көрсетедi.
Көпсалалы жалпы медициналық ауруханаларда соматопсихиатриялық бөлiмшелер ашылып, оларда ауыр халдегi психикалық және соматикалық патологиялары бар ауруларға арнайы медициналық көмек берiлуi қажет. Бұл жердегi психоневрологиялық көмек санаторлық жағдайға бейiмделген, көңiл-күйге жайлы, сонымен қатар, ауруларға этиопатогенетикалық көмектi қамтамасыз ететiн түрде ұйымдастырылады. Бұл бөлiмшеде невротикалық және шекаралық жағдайдағы психикалық ауытқулары бар аурулар емделедi. Соматопсихиатриялық бөлiмшелер екi түрде ұйымдастырылуы мүмкiн. Бiрiншi түрi, iрi көпсалалы аурухананың жеке кұрылымдық бөлiмшесi ретiнде, екiншi түрi, клиникааралық диагностикалық-емдеу бөлiмшесi ретінде. Сонымен қатар, iрi көпсалалы ауруханада жедел арнайы психиатриялық жәрдем беретiн қызмет ұйымдастырылуы бұл сала қызметiнiң жұмыс тиiмдiлiгi мен сапасын арттырады. Осы арнайы жедел қызметтi қабылдау бөлiмшесiнiң құрамына кезекшi психиатрды енгiзу арқылы жүзеге асырылуы тиiс. Аса ауыр соматикалық патологиялары бар науқастарды ауруханаларда емдеу, қалыпқа келтiру тәжiрибесi жеке авторлардың еңбегiнде келтiрiлген. Осындай бөлiмшелер Мәскеу қаласында орналасқан iрi көпсалалы ауруханаларда ашылған.
Кәрi адамдарға психиатриялық көмектi ұйымдастырудың тиiмдi түрi күндiзгi стационарлар болып табылады. Бұл стационарларда кешенді көмек берiледi және психотерапевтiк дәрiгерлiк көмек пен жалпы соматикалық жәрдем бiрге iске асырылады. Бұл ауруларға медициналық-биологиялық жәрдем, психотерапевтiк және әлеуметiк қатарға қосу шараларымен бiрге жүргiзiледi. Олардың iшiнде топтастыра өткiзiлетiн психотерапия, еңбек терапиясы, мәдени шаралар бар. Осындай стационарда емделу тәулiк бойы жәрдем беретiн стационарда емделуден екi есе арзан.
Организмiнде психикалық ауытқулары бар соматикалық ауруларға көрсетiлетiн көмектi ұйымдастыруды жетiлдiру жолдары өзге де авторлардың еңбегiнде жан-жақты көрсетiлген.
Соңғы он жылда әлеуметтiк психиатрия саласында психикалық аурулардың еңбек ету қабiлетiн қалыпқа келтiру (реабилитация) жеке бағыт ретiнде қалыптаса бастады. Психиатрия саласындағы реабилитация алғаш рет маңызды ғылыми бағыт ретiнде негiзделiп, Америка Құрама Штаттарында, Канадада және Ұлыбританияда тәжiрибеге ендiрiлдi.
Психикалық аурулар арасында медициналық-әлеуметтік жәрдем мен әлеуметтiк терапия жұмысын ұйымдастыру моделдерi жасалды. Осының iшiнде, жеке тұлғаларға арналған және тағамдық ұйымдардың көмегi аясында ұйымдастырылған психикалық-әлеуметтiк реабилитациялық көмек осы аурулар мен қоғам мүшелерiнiң қолдауына кеңiнен ие болып отыр. Қол жеткен тәжiрибе, интеллектуалдық деңгейi жоғары ауруларға осы ұйымдастыру жүйесiнiң тиiмдiлiгiн түсiндiру, олардың жекелей емделуге деген белсендiлiгi мен құштарлығын арттырады. Олардың әлеуметтік-психиатриялық жәрдем беру қызметкерлерiне көрсететiн сенiмiн барынша арттырады. Медициналық-әлеуметтік реабилитацияны психикалық аурулардың қоғамға қауiптi қимылдарының алдын алу шараларының негiзгi бағыты деп қарау керек. Осындай жұмыстар Ресей Федерациясында да жүзеге асырылып, олардың қоғамдық тиiмдiлiгi анықталып отыр.
Экономикасы дамыған елдерде психикалық аурулардың кәсiби реабилитациясы өндiрiс қожалықтарына жүктелетiн арнайы квота арқылы реттеледi. Осы квотаның аумағында жеке кәсiпкерлер психикалық ауруы бар адамдарды денсаулығына сай жұмыспен қамтамасыз етуi қажет. Қазақстанда осындай квоталық тәртiп әлi күнге жүзеге асырылған жоқ. Ал, Кеңестер Одағы тұсында құрылған арнайы емдеу және еңбек ету шеберханалары жаңа экономикалық кезеңдегi бәсекелестiкке төтеп бере алмай жабылып қалуда немесе өдiрiстi бәсеңдетiп, көптеген жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болуда.Сондықтан, республикадағы психикалық аурулардың кәсiби реабилитациясы мемлекеттiк тұрғыдан шешiлуi тиiс. Оны шешуге қажеттi қаржылық-ұйымдастырушылық механизмдердi жетiлдiру және iске қосу кезек күттiрмейтiн мәселе болып отыр. Қоғамда еңбек етпейтiн психикалық аурулардың күн санап артуы әлеуметтiк және саяси жағдайды ушықтырып отыр. Психиатриялық стационарларды басқаруды жетiлдiру, қаржыландырудың тиiмдi жүйесiн жасау және медициналық көмектiң сапасын дұрыс бағалау, жұмыстарын жолға қою клиникалық-статистикалық топтар жүйесiн енгiзу арқылы жүзеге асырған тиiмдi болады. Шет елдерде осындай топтар диагностикалық-байланыстырылған топтар деген атпен белгiлi. Диагностикалық байланыстырылған топтарға ауруларды клиникалық сипаты жағынан бiрыңғай, стационарда емдеу ұзақтығы, тексеру технологиясы, емдеу, реабилитация әдiстерi ұқсас, емделу ақысы бiрдей пациенттер жинақталады.
Ресей Федерациясы Медицина Академиясына қарасты психикалық- денсаулық ғылыми орталығы мамандары клиникалық-статистикалық топтар жүйесiн жасап шықты. Бұл жүйе психиатриялық стационарға жатқызу оқиғаларының барлығын қамтиды. Клиникалық-статистикалық топтар аурудың клиникалық сипаттары және аурудың жасы бойынша ерекшеленген. Клиникалық-статистикалық топтар жүйесi психиатриялық емдеу мекемелерiнiң қаржылық-экономикалық қызметiн және арнайы жердем беру сапасын дұрыс бағалай алатындай етiп құрастырылған. Авторлардың ұсынысы бойынша психиатриялық мекемеде емделiп жатқан, әрбiр ауруға бөлiнетiн қаржы клиникалық-статистикалық жүйе шарты бойынша жүзеге асырылуы қажет. Алайда, бұл жүйе iшiндегi қорларды экономдау көздерi күндiзгi стационарларды көбейту және бос төсек-орындарды қартайғандарға, мүгедектерге медициналық-әлеуметтiк көмек беру мақсатында пайдалану болып табылады.
Психиатриялық көмектiң төмен деңгейде дамуының ең маңызды себебi, медицина мекемелерiнiң материалдық-техникалық қорларының нашарлығы және ауруханадан тыс көрсетiлетiн медициналық көмектiң жеткiлiксiз дамуы болып отыр. 1995-1997 жылдардан бастап Ресей Федерациясында “Психиатриялық көмектi жетiлдiрудiң шұғыл шаралары” бағдарламасының аясында “психиатриялық стационарлық және ауруханалардан тыс көрсетiлетiн көмектiң модульдi жобалар” әдiсi жасалды. Мемлекет шеңберiнде осындай 34 модуль жасалынды. Оларда географиялық-климаттық, демографиялық жағдайлар, әрбiр аймақтағы инфрақұрылымдардың жетiлу дәрежесi есепке алынған. Сонымен қатар, арнайы қызметтiң материалдық-техникалық қоры, даму болашағы, диагностикалық, емдеу әдiстерiнiң жеткен және болашақтағы болжамды деңгейi де қарастырылды. Қызметтiң аурулар денсаулығын қамтамасыз етуге және кәсiби реабилитация жасауға даярлығы да есепке алынды .
Қазiргi психиатрия саласының дамуына мамандар бiлiктiлiгiн арттырудың маңыздылығын есепке алу қажет. Осыған байланысты жоғары бiлiм беру мекемелерiнде психиатриялық бiлiм беру және мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру жұмыстарына баса көңiл бөлiнуде. Осылайша, Женева университетiнде психатриялық бiлiм берудiң жаңа жобасы жасалды. Оны құрастыру барысында көптеген психикалық аурулардың психиатрға бармай жалпы медицина саласының дәрiгерлерiне баратындығы есепке алынды. Психиатриялық бiлiм беру жалпы медициналық бiлiм берумен қатар жүредi және оған даярлық 4 жыл бойы жүзеге асырылады деп шешiм қабылдады. Ал диплом алғаннан сон 1-2 жылдың iшiнде психиатрияның жеке салалары бойынша бiлiмiн жетiлдiрiп, дерiгер “психиатр-психотерапевт” деген дипломға ие болады. Бұл жағдай дәрiгерлердiң тек психотерапиядан емес, сонымен бiрге биология, неироғылым және эпидемиология мен клиникалық ғылымдардан бiлiмi мен бiлiктiлiгi бар деген мағынаны бiлдiредi. Бiлiм берудiң барлық кезеңдерiнде мамандарды аурулармен тiл табысу әдiстерiне, клиникалық диагноз коюға және олармен психологиялық-әлеуметiк тұрғыдан жұмыс iстеуге үйретедi.
Психиатриялық жәрдем сапасы көбiнесе орта буынды медицина қызметкерлерiнiң жұмыс аткару сапасына да байланысты. Психиатриялық жәрдем саласының медицина бикелерi тек сапалы теоретикалық және тәжiрибелiк бiлiм алмауы керек, олар аурулармен жұмыс iстей алуы қажет. Бөлiмшеде жайлы микроклимат қалыптастыра алуы, отбасылық және әлеуметтiк топтарда сенiмге ие болуы тиiс.
Осы қызметтің жұмыс сапасын арттыруда жедел жәрдем беруге қатысатын санитарлық-теоретикалық және тәжiрибелiк дайындық үлкен маңызға ие. Жедел жәрдем бригадаларының қызметкерлерiн үнемi ауыстырып отыру экономикалық және тәжiрибелiк тұрғыдан даярлауда жақсы тиiмдiлiгiн көрсетедi. Бұл жағдай мамандардың бiлiктiлiгiн тоқтаусыз арттыруға көмектеседi. Себебi, өзге бригадаға ауыстырылған маман жедел жәрдем берудiң жаңа түрлерiмен танысады, салыстырмалы түрде жақсы әдiстi таңдауына жағдай туады. Өзi бiлетiн тәжiрибенi жаңа әрiптестерiне үйретуге және қолма-қол беруге алып келедi.
Амбулаториялық және стационарлық көмектiң сапасын қамтамасыз етуде лицензия берушi органдардың ролi өте жоғары. Олар психиатриялық қызметтi аккредитациялап, лицензия шарттарын орындау дәрежесiн бақылап отырады. Аккредитациялау үшiн арнайы бағдарлама қолданылады. Оның негiзгi бөлiмдерi материалдық-техникалық қорлар, медицина мамандары мен олардың бiлiктiлiгiн қамтамасыз ету саясаты, басқару және ұйымдастыру деңгейi, көмек көрсету сапасы сияқты маңызды сұрақтардан тұрады.
“Медициналық талаптар” атты бөлiмде медицина мекемесiнiң диагностикалық және емдеу жұмыстарын ұйымдастыруға даярлығы бағаланады. Бұл бөлiмнiң талаптары Денсаулық сақтау министрлiгiнiң 1999 жылдың 6 тамызында жарық көрген “Психикалық және әдеттер ауытқуларының диагностикасы мен емдеу модельдерi” атты №311 бұйрығы арқылы реттеледi.
Жоғарыда айтылған меселелердiң барлығын қорытындылай келе, психиатриялық қызметтiң қазiргi ұйымдастырушылық, басқару, қаржыландыру және көмек сапасын арттыру жұмыстарында кездесiп отырған қиыншылықтары жалпы денсаулық сақтау саласында қалыптасқан қиыншылықтармен ұштасып жатыр. Осы өзектi мәселелердi шешу ғылыми және тәжiрибелiк тұрғыдан жан-жақты зерттеулер мен сынақтар жүргiзу арқылы жүзеге асырылуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |