Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі: білімді бақылаудың түрлерін, әдіс-тәсілдерін меңгере отырып, білім беру стандартында белгіленген мазмұндық желілерге, білімді бақылаудың іс-әрекеттік негіздегі түрлеріне сүйене отырып «Информатикадан оқушылардың білімін бақылау тапсырмалары» атты электрондық құрал жасау.
Дипломдық жұмыстың құрылымдық мазмұны: Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
1 Оқушылардың білімін бақылау және бағалаудың теориялық аспектілері
1.1 Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін бағалау
Бағалау – бұл оқушының білімін балл жүзінде анықтау немесе көрсету. Бағалау – оқушының білім алу нәтижесінде жеткен жетістігін анықтау болып табылады. Қазіргі даму кезеңінде білім берудің негізгі мақсаты оқушыны жеке тұлға ретінде дамыту болғанына байланысты, мұғалімнің бағалау іс-әрекетінің келесі параметрлері анықталады:
пәндік білім-білік-дағдыны түсінудің сапасы, оның білім беру стандартында көрсетілген талаптарға сай болуы;
мектеп оқушыларының оқу іс-әрекетінің қалыптасу деңгейі;
ойлау іс-әрекетінің негізгі сапасының даму деңгейі (бақылай білу қабілеті, талдай білу, салыстыра білу, оқу міндеттерін шығармашылық түрде шешу және т.б.);
танымдық белсенділігінің, қызығушылығының және оқу іс-әрекетіне деген қатынасының даму деңгейі.
Бірінші параметр оқытудың нәтижесіне байланысты бағамен бағаланады, қалғандары – сөздік пікірмен бағаланады.
Оқушылардың оқу-танымдық жұмыстарын бақылау нəтижесі сол жұмыстарды бағалаудан көрінеді. Бағалау – білім, білік жəне дағдылардың игерілу дəрежесін анықтау болып табылады.
Бағалау қызметтерінің сандық көрсеткіші – баға, яғни баға оқушылардың білім, білік, дағдылар дəрежесінің шартты сан не ұпаймен белгіленуі.
Оқу нəтижесі тек баға емес, басқа да жолдармен анықталуы мүмкін. Мысалы, ол ауызекі қолдау не қолдамау, алғыс жариялау, мақтау қағазы не медальдармен мадақтау жəне т. б.
Білім бағалауда шынайылылық, білім сапасын анықтаудағы бірыңғай талап үлкен маңызға ие. Себебі, білімдік баға оқушыға ықпал жасаудың өте нəзік құралы. Көтеріңкі баға шəкіртті қуантады, қанаттандырады. Əсіресе, болымсыз бағаның əсері күшті: ол баланың оқуға деген ықыласын арттыруы да не тіпті оқудан бас тартуға ықпал жасауы да мүмкін. Сондықтан да, кейінгі жылдары бағалау, баға қою мəселесі үлкен пікірталас туғызып отыр. Педагогтардың бір тобы сыныптан сыныпқа оқушыны білім сапасына қарамастан өткізуді ұсынуда. Осыған байланысты еліміздегі бағалау проблемасының əр кезеңдегі жайы өз алдына қызықты.
1917 жылға дейін оқушылар білімі балдық жүйеде бағаланды. Баға нөлден беске дейінгі алты баллдық жүйеде қойылды. Кейін нөлдік баға жойылып, бес баллдық жүйе қабылданды.
Оқу нəтижесін балл бойынша бағалау əрқилы көзқарастар туындатты. 1917 жылдан соң тіпті оқу жүйесінде бағалау, баға қоюға қарсылықтар да болды. Кеңестік еңбек мектебінің тұжырымдамасына орай оқу іс-əрекеттері шəкірттің қызығушылығына, дербестігіне, ынталылығына, шығармашылық сипатына негізделуі тиіс болды.
1918 жылы Кеңестік өкімет жарлығымен оқушы білімі мен тəртібін балдық жүйемен бағалау мектеп тəжірибесінен мүлде шығарылды, сыныптан сыныпқа өткізу, куəліктер беру оқушылар білімі жөніндегі педагогикалық кеңес шешімі негізінде орындалатын болды.
Емтихан түрлерінің: қабылдау, ауыстыру, бітірту – ешқайсысы да жүргізілмейтін болды. Сабақ барысындағы оқушыны жеке-дара тексеру де орынсыз деп табылды. Аса қажетті жағдайларда жалпылама сынақтау сипатындағы ауызша сұрақтар мен жазба жұмыстарды ғана өткізуге рұқсат берілетін болды. Оқушылармен өтілген тақырыптар бойынша мерзімді əңгіме-сұхбаттар жүргізу, оқыған кітаптары мен мақалалары бойынша баяндамаларын тыңдау ұсынылды. Оқушылардың жеке таңдауымен өз бетінше орындаған жұмыстары дəріптелді. Дəстүрлі бақылау жүйесі өзіндік бақылаумен ауыстырылды, жеке оқушы табыстары еленбей, ұжымдық жетістіктер негізге алынды. Өзіндік бағалауда тестік бақылау формасы жаппай қолданылды.
Бағасыз оқу бір жағынан тиімді де болды, себебі оқушылардың біршамасында дербес, өз бетінше оқу қабілеттерін дамытты. Дегенмен, мұндай оқу көпшілік жағдайларда оқушылар білімінің, тəртібінің құлдырауына алып келді. Оқушылар мектепте, үйде тиянақты білім игеру жұмыстарын тоқтатты, сабақтарға қатыспайтын болды. Сондықтан да, алғашқыда бақылаудың əрқилы формалары біртіндеп енгізіліп, ал 1932 жылдан жеке оқушының білімі оның даралықты ерекшеліктерін ескерумен жүйелі бағалау принципі негізінде орындалатын болды.
1935 жылдың қыркүйек айынан бастап, бес сөздік (вербалды) баға: “өте жақсы”, “жақсы”, “қанағаттанарлық”, “жаман”, “өте жаман” – енгізілді. Бұл жүйе 1943 жылға дейін сақталды. 1944 жылдың қаңтарынан оқушы білімі мен тəртібін бағалаудың сөздік бағамен сандық баға жүйесімен ауыстыру жөнінде шешім қабылданды.
Реттелген тəртіпте білім есебін жүйелі жүргізу өзін ақтады, оқушылардың оқу дайындығы мен мінез құлық сапасынан көтерілуіне ұнамды себебін тигізді.
Оқу іс-əрекеттерінің нəтижесін балл жүйесінде бағалау көптеген кемшіліктеріне қарамастан өз баламасын таппай отыр. Дегенмен, педагог ғалымдардың көбі сауаттылық дəрежесін бағалаудың мұндай жүйесіне қарсы. Олардың дəйегі:
– білімділік іс-жүзінде үш балдық жүйеде бағаланады (“1”, “2” бағалары білімсіздік көрсеткіштері).
– білімділікті бағалаудың шынайылығы кем (“5”, “4”, “3” бағалары гимназиялық сыныптарға да, дарынды оқушылар топтарында да, ақыл-есі кем балалар оқуында да бірдей тең қойылады. Ал аталған оқу түрлеріндегі білім игеру нəтижесіне қойылған талаптар əрқилы болатындықтан бағалардың мəні біркелкілігін жояды).
– оқушылар білімін бағалауда үш балдық өлшем жеткіліксіз (сондықтан да оқытушылар қосымша өлшемдер қолданып жүр: балл жанына “плюс” не “минус” белгілерін қояды).
Ғалымдар он балдық, он екі балдық тіпті жүз балдық та бағалау жүйелерін ұсынуда.
Достарыңызбен бөлісу: |